Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 201 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 27 тамызда № 8654 тіркелді

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2013 жылғы 22 тамыздан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2013 жылғы 26 шілдедегі
№ 201 қаулысымен
бекітілді

Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды, сондай-ақ ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларында (бұдан әрі – ЕЖЗҚ) салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы жинақтарының есебін жүргізуге салымшыға (алушыға) жеке зейнетақы шотын ашу, салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарын есепке алу, сондай-ақ жеке зейнетақы шотын жабу кіреді.

       2. Жеке зейнетақы шотын ашуға негіздер:

      міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша – салымшының БЖЗҚ интернет-ресурсында орналастырылатын БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша жасалған өтініші;

      міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттің (бұдан әрі – агент) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаның БЖЗҚ интернет-ресурсында орналастырылатын БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша жасалған өтініші;

      ерікті зейнетақы жарналары есебінен – БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ, бір жағынан және зейнетақы жарналарын салымшы, екінші жағынан жасайтын, салымшы өз бастамасы бойынша зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына БЖЗҚ-ға және (немесе) ЕЖЗҚ-ға енгізген ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт, сондай-ақ ЕЖЗҚ ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға берілген лицензияны ерікті түрде қайтарған немесе одан айырылған жағдайда немесе ЕЖЗҚ қосылу нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастырылған кезде салымшылардың (алушылардың) ерікті зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-ға аудару болып табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ бір мезгілде салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарын электрондық нысанда тіркеуді жүзеге асырады.

      4. Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары зейнетақы жарналарының түрлері (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары) бойынша жеке-жеке теңгемен жүргізіледі және:

      міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша – БЖЗҚ салымшының БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша жасалған өтінішін қабылдаған күні;

      міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша – БЖЗҚ агенттің және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаның БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша жасалған өтінішін қабылдаған күні;

      ерікті зейнетақы жарналары есебінен – ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаған күні ашылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Жеке зейнетақы шотының құрылымында мынадай міндетті деректер болады:

      А ВВВВВВ СС DD..., мұндағы:

A

- зейнетақы жарнасы түрінің белгісі

1-цифр

Зейнетақы жарнасының түрін білдіреді, мұндағы
"1" - міндетті зейнетақы жарналары,
"2" - ерікті зейнетақы жарналары,
"3" - міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары

ВВВВВВ

- баланстық шоттың нөмірі

2, 3, 4, 5, 6, 7-цифрлар

Шоттар жоспарының шотын білдіреді

СС

- өңірдің (облыстың) коды

8, 9-цифрлар

Салымшының міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасау туралы өтініші берілген не ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасалған өңірдің кодын білдіреді, мұндағы,
"01" - Алматы қ., Алматы облысы;
"02" - Астана қ., Ақмола облысы;
"03" - Солтүстік Қазақстан облысы;
"04" - Павлодар облысы;
"05" - Қостанай облысы;
"06" - Шығыс Қазақстан облысы;
"07" - Қарағанды облысы;
"08" - Ақтөбе облысы;
"09" - Батыс Қазақстан облысы;
"10" - Атырау облысы;
"11" - Маңғыстау облысы;
"12" - Қызылорда облысы;
"13" - Оңтүстік Қазақстан облысы;
"14" - Жамбыл облысы.

DD

- БЖЗҚ немесе ЕЖЗҚ коды

10, 11-цифр

БЖЗҚ коды – "00" цифрлары;
ЕЖЗҚ коды – ЕЖЗҚ лицензиясының кодтарын білдіретін цифрлар


      6. Зейнетақы жинақтарын есепке алуды БЖЗҚ және ЕЖЗҚ зейнетақы активтері құнының үлес шамасы ретінде айқындалатын шартты бірліктің құнын қайта бағалау арқылы жүзеге асырады.

      7. Салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотына сомалар келіп түскен кезде БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ келіп түскен соманы сомалар келіп түскен күннің басындағы ағымдағы құны бойынша айқындалатын шартты бірліктердің балама санына қайта есептейді. Салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотынан сомаларды есептен шығару бойынша операцияларды БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ есептен шығару күнінің басындағы шартты бірліктің ағымдағы құны бойынша жүзеге асырады.

      8. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ шартты бірліктің ағымдағы құнын Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес формула бойынша есептейді.

      9. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ шартты бірліктің ағымдағы құнын есептеуді күн сайын жүргізеді.

      10. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ шартты бірліктердің күндері мен жиынтық санын көрсете отырып, шартты бірлік құнының күн сайынғы есебін жүргізеді.

      11. ЕЖЗҚ ЕЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар ұйымға басқаруға тапсыру кезінде айына кемінде бір рет зейнетақы активтерінің салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы ретінде есептелген құнын көрсетілген ұйыммен және ЕЖЗҚ кастодиан банкімен салыстырып тексеруді жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.04.2014 № 69 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11-1. Теңгемен және (немесе) шетел валютасымен төлемдерді және (немесе) зейнетақы жинақтарының аударымдарын қайтаруды және (немесе) салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотына есепке жазылуға тиіс емес өзге сомаларды есепке алу үшін салымшыға (алушыға) жеке атаулы шот болып табылатын, теңгемен және (немесе) шетел валютасымен төлемдерді және (немесе) зейнетақы жинақтарының аударымдарын қайтару және (немесе) салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотына есепке жазылуға тиіс емес өзге сомалар түскен күні БЖЗҚ-да немесе ЕЖЗҚ-да ашылатын кредиторлық берешек шоты ашылады.

      Кредиторлық берешек шоты зейнетақы жинақтарын төлеу, қайтару, жеке зейнетақы шотына есепке жазу бойынша жүргізілген операциялар нәтижесінде және (немесе) өзге де есептен шығару операциялары нәтижесінде сомалар толық есептен шығарылған күні жабылуға жатады.

      Кредиторлық берешек шоты бойынша сомаларды есепке жазу және (немесе) есептен шығару тәртібі БЖЗҚ-ның және (немесе) ЕЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында айқындалады.

      Ескерту. Қағида 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы және (немесе) ЕЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоты:

      1) аударылған зейнетақы жинақтары және зейнетақы жарналарының түсімдері қайтарылмаған жағдайда, зейнетақы жинақтары аударылған күннен бастап он бес жұмыс күні өткеннен кейін;

      2) салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотында ақша болмаған жағдайда, зейнетақы жинақтары сақтандыру ұйымына аудару жүзеге асырылған күннен бастап он екі ай өткен соң;

      3) төленген зейнетақы жинақтары және зейнетақы жарналарының түсімдері қайтарылмаған жағдайда, зейнетақы жинақтары төлеу және (немесе) алу жүзеге асырылған күннен бастап он бес жұмыс күні өткеннен кейін;

      4) жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотында зейнетақы түсімдері және жинақтары болмаған жағдайда, жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап отыз алты ай өткен соң;

      5) салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы және (немесе) ЕЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда, зейнетақы жинақтарын аудару жүзеге асырылатын ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы жинақтарын аудару туралы өтініш келіп түскен күні жабылады.

      13. БЖЗҚ-дағы және (немесе) ЕЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоты жабылғаннан кейін жабылған жеке зейнетақы шотының нөмірі басқа салымшыға (алушыға) берілмейді.

      14. Жеке зейнетақы шоты жабылғаннан кейін БЖЗҚ-ға және (немесе) ЕЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары немесе өзге де сомалар келіп түскен жағдайда, бұл сома қайтару себебі көрсетіле отырып, сома келіп түскен күннен кейінгі күннен кешіктірілмей аталған соманың жіберушісіне қайтарылуы тиіс.

      15. Зейнетақы жинақтарының талап етілмеген сомаларын осы соманы алушы немесе оның мұрагері (мұрагерлері) талап еткенге дейін БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ есептен шығаруы тиіс емес.