Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-ө-м бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 16 тамызда № 8624 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 11.08.2021 № 284 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 9) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 29.04.2020 № 153 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 11.08.2021 № 284 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Оралмандар мәртебесін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2010 жылғы 15 қарашадағы № 476 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6698 болып тіркелген, 2011 жылғы 12 қаңтарда № 78 "Казахстанская правда" газетінде жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті (А.Ә. Сарбасов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Қ. Егембердіге жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Т. Дүйсенова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2013 жылғы 22 шілдедегі
№ 329-Ө-М бұйрығымен
бекітілген

Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 11.08.2021 № 284 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабының 9) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және қандас мәртебесін беру немесе ұзарту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) қандас - бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;

      3) этникалық қазақ - ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

      4) "бір өтініш" қағидаты – бір өтініш негізінде көрсетілетін бірнеше мемлекеттік қызметтер жиынтығын көздейтін мемлекеттік қызметті көрсетудің нысаны.

2-тарау. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазақтарға қандас мәртебесін беру тәртібі

      3. Қандас мәртебесін беруге өтінішті (бұдан әрі - өтініш) қандас мәртебесін алуға үміткер этникалық қазақ (бұдан әрі - өтініш беруші) жергілікті атқарушы органға не Мемлекеттік корпорацияға осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі - Стандарт) мемлекеттік қызметін көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша береді.

      Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.

      4. Құжаттарды қараудың және қандас мәртебесін берудің жалпы мерзімі төрт жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Өтініш берушінің жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН) болған жағдайда құжаттарды қарау және қандас мәртебесін беру жалпы мерзімі үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.

      5. Құжаттарды қабылдайтын жергілікті атқарушы органның не Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаған күні ұсынылған құжаттардың толықтығын және қолданылу мерзімін тексереді.

      Өтініш беруші осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес құжаттарды ұсынған кезде жергілікті атқарушы органның не Мемлекеттік корпорацияның қызметкері осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама береді.

      Бұл ретте өтініш беруші Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш берген кезде өтініш берушінің құжаттары "электрондық үкімет шлюзі" арқылы жергілікті атқарушы органға беріледі.

      6. Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда жергілікті атқарушы органның не Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаған күні осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      7. Құжаттар келіп түскен, оның ішінде "электрондық үкімет шлюзі" арқылы келіп түскен күннен бастап жергілікті атқарушы органның қызметкері өтінішті "Қандас" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – "Қандас" ААЖ) тіркейді, тіркеу өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері (бар болса) осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасының талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана жүзеге асырылады.

      8. Жергілікті атқарушы орган өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) деректерін "Қандас" ААЖ арқылы оның (олардың) басқа өңірдің жергілікті атқарушы органында тіркелуі тұрғысынан тексереді.

      Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) басқа өңірде тіркелгені анықталған жағдайда жергілікті атқарушы орган "Қандас" ААЖ жазбасына тиісті түзетулер енгізеді.

      9. Өтінішті "Қандас" ААЖ-да тіркеген кезде жергілікті атқарушы орган өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) деректерін "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқоры (бұдан әрі – "Жеке тұлғалар" МДҚ) арқылы оның (олардың) ЖСН-дарының болуын тексереді.

      ЖСН бар екені анықталған жағдайда жаңа ЖСН генерациясы жүзеге асырылмайды, жергілікті атқарушы орган тіркеу кезінде қолда бар ЖСН-ді пайдаланады.

      "Жеке тұлғалар" МДҚ-да ЖСН болмаған кезде жергілікті атқарушы орган өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) деректерін өтініш беруші ұсынған құжаттардың негізінде қолмен енгізу жолымен "Қандас" ААЖ-ға енгізеді және ЖСН генерациялау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Көші-қон полициясы" ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - ІІМ "Көші-қон полициясы" АЖ) электрондық сұрау салу жібереді.

      10. "Қандас" ААЖ-дан алынған дербес деректер негізінде ІІМ "Көші-қон полициясы" АЖ нақты уақыт режимінде ЖСН-ні генерациялау рәсімін жүзеге асырады және оны "Қандас" ААЖ-ға жібереді.

      Деректер өзгерген жағдайда ("Қандас" ААЖ-ға қате деректерді енгізген немесе мәліметтерді жойған кезде) жергілікті атқарушы орган ІІМ-нің "Көші-қон полициясы" АЖ-ында дербес деректердің жүргізілген өзгерістері туралы хабарлама жібереді.

      11. Қандас мәртебесін беру не одан бас тарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды және жергілікті атқарушы орган өтінішті тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес ресімделеді.

      Жергілікті атқарушы орган:

      1) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері (бар болса) осы Қағидалардың 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес келмеген;

      2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері (бар болса) осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасына сәйкес келмеген;

      3) ұсынылған құжаттардың дәйексіздігі фактісі анықталған кезде қандас мәртебесін беруден бас тартады.

      12. Көрсетілетін қызметті берушінің ұсынылған құжаттар бойынша дәлелді ескертулері болған кезде көрсетілген қызметті берушінің орындаушысы Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73- бабына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушының ұстаным танытуына мүмкіндік беру үшін тыңдау өткiзілетін уақыт пен орын туралы хабарлама жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушының алдын ала шешім бойынша қарсылығын көрсетілелетін қызметті беруші оны алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      Тыңдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту қалыптастырады.

      Бұл ретте өтініш беруші Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш бергенде жергілікті атқарушы орган мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей "электрондық үкімет шлюзі" арқылы Мемлекеттік корпорацияға жібереді.

      13. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану кезінде шағым жергілікті атқарушы орган, Мемлекеттік корпорация басшысының атына беріледі.

      Жергілікті атқарушы органның, Мемлекеттік корпорацияның мекенжайына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

      Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда өтініш беруші мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.

      Кодекстің 91-бабының 4-тармағына сәйкес шағым түскен жағдайда көрсетілетін қызметті беруші шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны шағымды қарайтын органға жібереді. Шағымды көрсетілетін қызметті беруші шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылданған, әкімшілік әрекет жасалған жағдайда, шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

      Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда өтініш беруші халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

      14. Жергілікті атқарушы органның не Мемлекеттік корпорацияның қызметкері қандас деп танылған өтініш берушіге осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қандас куәлігін береді, ал қандасдар деп танылған оның отбасы мүшелері (бар болса) өтініш берушінің куәлігіне жазылады.

      15. Қандас куәлігін жоғалтқан жағдайда өтініш беруші жергілікті атқарушы органға не Мемлекеттік корпорацияға еркін нысандағы өтінішпен жүгінеді. Жергілікті атқарушы органның не Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өтінішті қабылдағаннан кейін қандас куәлігінің телнұсқасын береді.

      Мемлекеттік корпорация 1 (бір) жыл ішінде құжаттардың Мемлекеттік корпорацияның ақпараттық жүйесінде сақталуын қамтамасыз етеді.

      Өтініш берушінің сұрауы бойынша Мемлекеттік корпорацияның қызметкері жергілікті атқарушы органнан бұрын алынған қандас куәлігін мемлекеттік корпорацияның ақпараттық жүйесінен жүктеп береді.

      Көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызмет "бір өтініш" қағидаты бойынша "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу", "Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру" және "Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды, қалпына келтіруді және одан шығуды тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен бірге осы бұйрыққа 2-қосымшаға (бұдан әрі – "бір өтініш" қағидаты бойынша қызмет) сәйкес көрсетіледі.

      "Бір өтініш" қағидаты бойынша қызметті көрсету мерзімдері:

      Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту – 4 (төрт) жұмыс күні;

      Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу – 14 (он төрт) жұмыс күні;

      Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру – 45 (қырық бес) күнтізбелік күн;

      Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды, қалпына келтіруді және одан шығуды тіркеу – 30 (отыз) жұмыс күні.

      Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.

3-тарау. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері арқылы қандас мәртебесін беру тәртібі

      16. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын этникалық қазақ осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының мемлекеттік қызметін көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелеріне жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беруге келісімін алу туралы өтініш береді.

      17. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері өтініш берушіге осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қандас мәртебесін беруге жергілікті атқарушы органның келісімін алу туралы оның өтінішін кіріс хат-хабар ретінде тіркеу туралы жазбаша хабарлама береді және өтініш пен құжаттарды Заңның 20-бабына сәйкес шешім қабылдау үшін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      18. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беруге келісу туралы не себептері дәлелді түрде негізделген бас тарту туралы шешімін өтініш берушіге жіберу үшін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне жібереді.

      19. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беруге келісімін алғаннан кейін бір ай ішінде оны өтініш берушіге жібереді не бас тарту туралы хабарлайды.

      20. Қандас мәртебесін алуға жергілікті атқарушы органның келісімін алған өтініш беруші және оның отбасы мүшелері (бар болса) қандас мәртебесін алу үшін тұрғылықты жеріне келгеннен кейін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының мемлекеттік қызметін көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік корпорацияға не жергілікті атқарушы органға жүгінеді.

      21. Жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беруге келісімін алған этникалық қазақтардың құжаттарын тіркеу және қарау осы Қағидалардың 5-15-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

4-тарау. Қандас мәртебесін ұзарту тәртібі

      22. Қандас мәртебесін ұзарту үшін оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мақсатында Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтар мемлекеттік корпорацияға не жергілікті атқарушы органға осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының мемлекеттік қызметін көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес бұдан бұрын берілген қандас мәртебесін ұзарту туралы өтініш береді.

      Қандас мәртебесін ұзарту туралы шешімді Заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган алты айдан аспайтын мерзімге бір рет қабылдайды.

      23. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтардың қандас мәртебесін ұзарту үшін ұсынған құжаттарын тіркеу және қарау осы Қағидалардың 5-8 және 12, 13-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      24. Жергілікті атқарушы орган өтініш берушінің деректерін "Қандас" ААЖ арқылы өтініш берушіде Қандас мәртебесін тоқтату және оның Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы туралы мәліметтердің болуы тұрғысынан тексереді.

      25. Жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қандас мәртебесін ұзарту туралы не қандас мәртебесін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      "Қандас" ААЖ арқылы өтініш берушінің Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын растау, осы Қағидалардың 22-тармағында көзделген өтініш беру мерзімінің өтуі Қандас мәртебесін ұзартудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Бас тарту үшін негіз табылған болған кезде көрсетілген қызметті берушінің орындаушысы Кодекстің 73-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушының ұстаным танытуына мүмкіндік беру үшін тыңдау өткiзілетін уақыт пен орын туралы хабарлама жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушының алдын ала шешім бойынша қарсылығын көрсетілелетін қызметті беруші оны алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      Тыңдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылдайды немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту қалыптастырады.

5-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      26. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына не мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2) тармақшасына сәйкес оның тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымның тіркелген күні оны қараудың мерзіміне кірмейді.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілген қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің қызметті көрсету кезіндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым оның басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.

      27. Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз тасымалдағышта берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

      28. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шағымдануға Кодекстің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

  Қандас мәртебесін беру немесе
ұзарту қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

      ________________________________________________________________

      (жергілікті атқарушы органның атауы) кімнен __________________________________________________________

      (өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) ________________________________________________________________

      (мекенжайында тұратын)

      Қандас мәртебесін беру туралы

      ӨТІНІШ

      _______________ облысында (республикалық маңызы бар қалада, астанада) тарихи отанымда тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келуіме/келуді жоспарлауыма байланысты маған және менің отбасы мүшелеріме (бар болса) қандас мәртебесін беруді сұраймын.

      Отбасы мүшелері:

      1) жұбайы (зайыбы)_____________________________________________;

      2) өтініш берушінің және жұбайының (зайыбының) ата-аналары _______;

      3) балалары (оның ішінде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелері _________________________________________________________;

      4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) _________________________________________.

      Өтінішке мынадай құжаттарды:

      ______________________________________________________________

      ______________________________________________________________

      __________________________________________________ қоса беремін.

      Жергілікті атқарушы орган менің және/немесе менің отбасы мүшелерімнің (бар болса) "Қандас" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде басқа облыстың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарында тіркелуін анықтаған жағдайда, менің қолда бар құжаттарымды __________________________ (аталған өтініш енгізілетін жергілікті атқарушы органның атауы) жіберуді, сондай-ақ "Қандас" ақпараттық жүйесіндегі тиісті жазбаны осы өтінішті беретін орын бойынша жаңартуды қамтамасыз етуді сұраймын.

      Осы арқылы қандас мәртебесін беру бойынша қызмет көрсетуге қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      20 ___ жылғы "__"__________

      _____________________________

      (өтініш берушінің қолы)

      Құжаттарды қабылдаған:_______________________________________

      (Құжаттарды қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы)

      20 ___ жылғы "__" _________ __________________________________

      (құжаттарды қабылдаған адамның қолы)

  Қандас мәртебесін беру
немесе ұзарту қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

"Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары көрсетеді.

2

Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының ЖАО, Мемлекеттік корпорация және Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері арқылы жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар үшін).

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Қызмет көрсету мерзімі - 4 жұмыс күні ішінде.
Этникалық қазақтың жеке сәйкестендіру нөмірі болған жағдайда құжаттарды қараудың жалпы мерзімі және қандас мәртебесін беру 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті берушіде құжаттардың топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 30 минут, Мемлекеттік корпорацияда - 15 минут;
көрсетілетін қызметті берушіде көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 30 минут, Мемлекеттік корпорацияда - 20 минут, мемлекеттік қызмет "бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетілген жағдайда – 60 минут.

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Қағаз түрінде/"бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетілген.

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі: қандас мәртебесін беру кезінде - қандас куәлігін беру, қандас мәртебесін ұзартқан жағдайда - осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес жергілікті атқарушы органның шешімі.
Мемлекеттік корпорация 1 (бір) жыл ішінде құжаттардың Мемлекеттік корпорацияның ақпараттық жүйесінде сақталуын қамтамасыз етеді.
Өтініш берушінің сұрауы бойынша Мемлекеттік корпорацияның қызметкері жергілікті атқарушы органнан бұрын алынған қандас куәлігін Мемлекеттік корпорацияның ақпараттық жүйесінен жүктеп береді не өтініш беруші қандас куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы өз бетінше алады.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан өндіріп алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға тегін көрсетіледі.

7

Жұмыс кестесі

Жұмыс кестесі:
1) көрсетілетін қызметті берушіде - www.enbek.gov.kz интернет - ресурсында, "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінде орналастырылған.
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру: сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін.
Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек тәртібінде көрсетіледі;
2) Мемлекеттік корпорацияда - Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда, түскі үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Мемлекеттік қызмет көрсетілетін қызметті алушының тіркелген жері бойынша, жеделдетіп қызмет көрсетусіз электрондық кезек тәртібінде көрсетіледі, портал арқылы электрондық кезекті броньдауға болады.
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру: сағат 13.00-ден 14.00-ға дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.00-ға дейін.
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары Мемлекеттік корпорацияның www. gov4c. kz интернет-ресурсында орналастырылған.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) өмірбаян (еркін нысанда);
2) өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары және үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттар);
3) осы қағиданың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттарға сәйкестігін белгілейтін құжаттардың көшірмелері.
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы қандас мәртебесін беруге жергілікті атқарушы органның келісімін алған өтініш берушілер өтінішке бұрын берілген қандас мәртебесін беруге келісім туралы шешімнің көшірмесін қоса береді.
Өтініш берушілер қандас мәртебесін ұзартқан кезде Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен алу мақсатында өтінішті және бұрын берілген қандас мәртебесінің көшірмесін береді.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары (өмірбаянды қоспағанда) өтініш берушіге қайтарылады.
Көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

Қандас мәртебесін беру не одан бас тарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды және өтінішті жергілікті атқарушы орган тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес ресімделеді.
Жергілікті атқарушы орган:
1) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері (бар болса) осы Қағидалардың 2-тармағы
2) тармақшасына сәйкес келмеген;
2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері (бар болса) осы Қағидалардың 2-тармағы
3) тармақшасына сәйкес келмеген;
3) ұсынылған құжаттардың дәйексіздігі фактісі анықталған кезде қандас мәртебесін беруден бас тартады.
Сонымен қатар, "Қандас" ААЖ арқылы өтініш берушінің Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын растау, Қағидалардың 24-тармағында көзделген өтініш беру мерзімінің өтуі қандас мәртебесін ұзартудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

10

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Заңнамада белгіленген тәртіппен өзіне-өзі қызмет көрсету, өз бетінше жүріп-тұру, бағдарлану, қабілетін толық немесе ішінара жоғалту мүмкіндігі бар көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызметті көрсету үшін құжаттарды қабылдауды Мемлекеттік корпорация қызметкері "1414", 8 800 080 7777 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы өтініш жасау арқылы тұрғылықты жеріне барып жүргізеді.

  Қандас мәртебесін беру
немесе ұзарту қағидаларына
3-қосымша
Нысан

Қандас мәртебесін беруге немесе ұзартуға өтінішті қабылдау туралы ХАБАРЛАМА

      Осы арқылы этникалық қазақ __________________________ (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)) оған және оның отбасы мүшелеріне (бар болса) қандас мәртебесін беру немесе ұзарту туралы өтініші ______________________(жергілікті атқарушы органның атауы) қабылданғанын және заңда белгіленген тәртіппен және мерзімде қаралатынын хабарлаймыз.

      Құжаттарды қабылдаған___________________________________________

      (Құжаттарды қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы).

      _________ (қолы) / _________ (күні)

  Қандас мәртебесін беру немесе
ұзарту қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

      _______________________________________________________________

      (көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))

      _______________________________________________________________

      (мекенжайы)

Құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының № ____ бөлімі (мекенжайын көрсету) Сіздің мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын, атап айтқанда:

      құжаттардың атауы:

      1) ________________________________________;

      2) ________________________________________;

      3) ….

      ұсынбауыңызға және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуыңызға байланысты _______________________________ мемлекеттік қызметті көрсетуге құжаттарды қабылдаудан бас тартады.

      Осы қолхат әрбір тарап үшін бір-бірден 2 данада жасалды.

      _________________________________________________________ ______

      (Мемлекеттік корпорация қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Орындаушы: ____________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Телефон _________________

      Алдым: __________________________________________________ ______ көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) / қолы

      20 __ жылғы "___" _________

  Қандас мәртебесін беру немесе
ұзарту қағидаларына
  5-қосымша
  Нысан

Жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беру немесе ұзарту (бас тарту) туралы
20 __ жылғы "___" ________№_____
ШЕШІМІ

      _________________________________ (жергілікті атқарушы органның атауы) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қандас мәртебесін беру немесе ұзарту (бас тарту) туралы _________________________(өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)) ______________________________________________________ өтінішін қарап,_________________________________________________________________________ туралы шешім қабылдады.

      Басшы ________ __________________________________________

      (қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      ______________________________________________________________

      (жергілікті атқарушы органның атауы)

  Қандас мәртебесін беру немесе
ұзарту қағидаларына
6-қосымша
  Нысан

      ҚАНДАС КУӘЛІГІ УДОСТОВЕРЕНИЕ КАНДАСА

      № _________

      ______________________________________________________________

      (Жергілікті атқарушы органның атауы/наименование местного исполнительного органа)

____________________ (Тегі/Фамилия, Аты/Имя, Әкесінің аты (бар болса)/ Отчество (при его наличии)) Туған күні, айы, жылы/Дата рождения месяц год "__"______20_ж./г.

Жынысы/Пол ________ Туған жері (елі)/Место рождения____________ Азаматтығы/ Гражданство_________________

      Қандас куәлігінің қолданылу мерзімі

      Срок действия статуса кандаса с "_"___20__ж./г. бастап по "__"____20__ж./г. дейін



      Қандастың кәмелет жасқа толмаған отбасы мүшелері

      Несовершеннолетние члены семьи кандаса

р/с № п/п

Тегі/Фамилия, Аты/Имя, Әкесінің аты (бар болса)/ Отчество (при его наличии)

Туған күні, айы, жылы/ Дата рождения месяц год

Жынысы/ Пол

Туыстық қатынасы/Родственное отношение

ЖСН/ ИИН

1.






2.






3.






….






      Ескертпе/Примечание:

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес қандас куәлігінің мерзімі қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн немесе қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады.

      В соответствии со статьей 25 Закона Республики Казахстан "О миграции населения" срок действия удостоверение кандаса прекращается после получения кандасом гражданства Республики Казахстан или по истечении одного года со дня получения статуса кандаса.

Жергілікті атқарушы орган басшысының (міндетін атқарушы адамның) электродық-цифрлық қол таңбасы
Электронно-цифровая подпись руководителя местного исполнительного органа (лица исполняющего обязанность) ________________________________

Қандас мәртебесі берілген күн
Дата присвоения статуса кандаса
20____ жылғы "___" _________
"____" ___________20____ года

  Қандас мәртебесін беру немесе
ұзарту қағидаларына
7-қосымша
  Нысан

Қандас мәртебесін беруге өтінішті кіріс хат-хабар ретінде тіркеу туралы
ХАБАРЛАМА

      Осы арқылы этникалық қазақтың _____________________________(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)) тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасының аумағына _________________________________ (облысына, республикалық маңызы бар қалаға және астанаға) келуді жоспарлаған оған және оның отбасы мүшелеріне (бар болса) қандас мәртебесін беру туралы өтініші _______ (тіркелген күні) № ______________ кіріс хат-хабар ретінде_____________________ (Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінің атауы) тіркелгенін және заңда белгіленген тәртіппен және мерзімде қаралатынын хабарлаймыз.

      Құжаттарды қабылдаған ___________________________________________

      (Құжаттарды қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы).

  Қандас мәртебесін беру немесе
ұзарту қағидаларына
8-қосымша
  Нысан

      ___________________________________________________

      (жергілікті атқарушы органның атауы)

      кімнен _____________________________________________

      (өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      ___________________________________________________

      (мекенжайында тұратын)

Қандас мәртебесін ұзарту туралы
ӨТІНІШ

      Қандас мәртебесінің тоқтатылуына байланысты және Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен алу мақсатында маған және менің отбасы мүшелеріме қандас мәртебесінің мерзімін заңнамада белгіленген мерзімге ұзартуды сұраймын.

      Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын отбасы мүшелері:

      1) жұбайы (зайыбы) ______________________________________________;

      2) өтініш берушінің және жұбайының (зайыбының) ата-аналары

      ________________________________________________________________;

      3) балалары (оның ішінде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелері

      ___________________________________________________________;

      4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары ___________________________________________.

      20__ жылғы "__" ________

      _______________________

      (өтініш берушінің қолы)

      Құжаттарды қабылдаған: __________________________________________

      (құжаттарды қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы)

      20__ жылғы "__" _________ _______________________________________

      (құжаттарды қабылдаған адамның қолы)