Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау және қолдану тәртібін белгілеу туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 Қаулысы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 14 наурызда № 8378 тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 17-тармағының 62) тармақшасына және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.02.2018 № 38 және ҚР Қаржы министрінің 07.03.2018 № 343 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы және қаулысымен.

      1. Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – биржа) шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізетін жұмыс күндері, мынадай тәртіппен күнделікті айқындалады:

      1) АҚШ доллары бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы теңгенің АҚШ долларына қатысты Астана уақытымен сағат 15-30-дағы жағдай бойынша қор биржасының екі таңертеңгі (негізгі) және күндізгі (қосымша) сессияларының қорытындысы бойынша қалыптасқан орташа алынған биржалық бағамы ретінде айқындалады.

      2) басқа шетел валюталары бойынша валюталарды айырбастаудың теңгеге қатысты нарықтық бағамы АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамын және осы валюталардың ақпараттық агенттіктердің арналары бойынша алынған сұраныстың баға белгіленімдеріне сәйкес Астана уақытымен сағат 16-00-дегі жағдай бойынша қалыптасқан АҚШ долларына бағамдарын пайдалана отырып есептелген кросс-бағам ретінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі биржада сауда-саттық жүргізілген күні осы тармақта белгіленген тәртіппен айқындалған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7977 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" 2012 жылғы 24 тамыздағы № 242 қаулысына (бұдан әрі – Ресми бағамдар жөніндегі қаулы) қосымшада көрсетілген шетел валюталарының теңгеге қатысты бағамдарын белгілейді және екінші деңгейдегі банктерге және басқа мүдделі тұлғаларға деректерді ресми байланыс арналары (электрондық почта, факс және VIDO бағдарламалық қамтамасыз етуі) арқылы жіберу жолымен хабардар етеді.

      Ресми бағамдар жөніндегі қаулыға қосымшада көрсетілмеген айырбасталатын валюталардың нарықтық бағамдарын ұйымдар осы тармақта белгіленген тәртіппен дербес айқындайды. АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамы белгіленген күні Financial Times газетінде немесе оның интернет-ресурсында, сондай-ақ Bloomberg немесе Reuters ақпараттық порталдарында жарияланған шетел валютасының АҚШ долларына бағамын пайдалануға болады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.10.2015 № 193 қаулысы және ҚР Қаржы министрінің 08.12.2015 № 626 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.02.2018 № 38 және ҚР Қаржы министрінің 07.03.2018 № 343 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы және қаулысымен.

      2. Осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағына сәйкес айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы сессияда сауда-саттық жүргізілген күннен кейінгі жұмыс күні қолданылсын.

      Жұмыс емес күндері жұмыс емес күннің алдындағы жұмыс күні айқындалған бағамдар қолданылады.

      3. Қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, акционерлік инвестициялық қорлар, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар қаржылық есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қайта саналуы тиіс активтер мен міндеттемелерді қайта санауды биржада сауда-саттық жүргізілген күннің соңында осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып жүзеге асырсын.

      Қалған ұйымдар қаржылық есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қайта санауға жататын активтер мен міндеттемелерді қайта санауды осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен, сауда-саттық жүргізілген есепті кезеңнің соңғы күніне айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын жабу бағамы ретінде пайдалана отырып есепті күні жүзеге асырсын.

      Қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, акционерлік инвестициялық қорлар, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып бухгалтерлік есепті жүргізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпарат жүйесі болған жағдайда, бухгалтерлік есепті жүргізу мақсаттары үшін осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын биржада сауда-саттық жүргізілген күні және күннің соңында қайта санауды жүзеге асырмастан келесі жұмыс емес күндері пайдалана алады.

      4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Валютаны айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 36 бұйрығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 4 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5570 тіркелген);

      2) "Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 36 бұйрығына және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 4 қаулысына толықтыру және өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 27 бұйрығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2010 жылғы 27 желтоқсандағы № 106 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6782 тіркелген).

      5. Осы бұйрық пен қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі

____________ Б. Жәмішев

Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің
Төрағасы
____________ Г. Марченко