Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу Ережесін бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының 2011 жылғы 20 маусымдағы N 28-8 шешімі. Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Күршім аудандық әділет басқармасында 2011 жылғы 11 шілдеде N 5-14-130 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 97 бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 «Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Күршім аудандық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу Ережесі бекiтiлсiн.
      2. Күштерi жойылды деп танылсын:
      Күршім аудандық мәслихатының 2008 жылғы 18 сәуірдегі № 5-4 «Тұрмысы төмен азаматтарға үйді ұстауға және үй-коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру Ережесін бекіту туралы» (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2008 жылғы 7 мамырда № 5-14-67 санымен тіркелген, 2008 жылдың 7 маусымында аудандық «Рауан» газетінің № 23 санында жарияланған) шешімі;
      Күршім аудандық мәслихатының 2009 жылғы 24 шілдедегі № 15-13 «Тұрмысы төмен азаматтарға үйді ұстауға және үй-коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру Ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 18 сәуірдегі № 5-4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2009 жылғы 7 тамызда № 5-14-89 санымен тіркелген, 2009 жылдың 29 тамызында аудандық «Рауан» газетінің № 35 санында жарияланған) шешімі;
      Күршім аудандық мәслихатының 2009 жылғы 29 қазандағы № 16-8 «Тұрмысы төмен азаматтарға үйді ұстауға және үй-коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру Ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 18 сәуірдегі № 5-4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2009 жылғы 19 қарашада № 5-14-97 санымен тіркелген, 2009 жылдың 5 желтоқсанында аудандық «Рауан» газетінің № 49 санында жарияланған) шешімі.
      3. Осы шешім ол алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
 

      Сессия төрағасы                           С. Ақанов
 

      Аудандық мәслихаттың хатшысы              Қ. Әбілмәжінов

Күршім аудандық мәслихатының
2011 жылғы 20 маусымдағы № 28-8
шешімімен бекітілген

Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй
көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу
Ережесі

1. Жалпы ережелері

      1. Осы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңына, «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, «Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілейді.
      2. Күршім ауданының аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсету Ережесінде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi - телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттік төлемақының, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде отбасының бiр айда кондоминиум объектiлерiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге және (немесе) күрделi жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға жұмсалған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң отбасының орташа айлық жиынтық кiрiсiне пайызбен қатынасы;
      отбасының жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
      уәкілетті орган - тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ауданның атқарушы органы;
      кондоминиум объектiсiн басқару органы - кондоминиум объектiсiн күтiп ұстау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
      3. Тұрғын үй көмегі - сол жерде тұрақты тұратын және тұрғын үйдің иесі немесе оның жалдаушысы (жалгері) болып табылатын азаматтарға (отбасыларға) көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің бір түрі болып табылады.
      4. Тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметті тұтыну ақысының рұқсат етілген шекті шығын үлесі отбасының жиынтық табысының 15 пайызы (%) мөлшерінде белгіленеді.
      5. Тұрғын үй көмегі:
      осы елді мекенде тұрақты тұратын және тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (жалгерлері) болып табылатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға);
      жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге және (немесе) күрделi жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
      коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлем ақысына ақы төлеуге беріледі.
      Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      6. Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер уәкілетті органға табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген коммуналдық қызметтерге тарифтерді, олардың өзгерістерін ұсынады. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде қызмет көрсетушілермен ұсынылған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормалары шегінде есепке алынады.

2. Тұрғын үй көмегін беру шарттары

      7. Тұрғын үй көмегі отбасының тұрғын ауданды ұстау мен коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеудің нақты шығындары, осы мақсаттарға шекті жол берілетін шығыстар үлесінен артқанда тағайындалады. Сондағы отбасының нақты шығындары әлеуметтік нормалардың шегінде есепке алынады.
      8. Тұрғын үй көмегі - аз қамтамасыз етілген отбасыларға жылына бір рет беріледі.
      9. Тұрғын үй көмегін алуға құқықтары жоқ отбасылар:
      1) жеке меншігінде бір бірліктен артық үй-жайы (пәтер, үй) бар немесе тұрғын үй-жайды жалға беретіндердің;
      2) отбасы құрамында жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын, әскер қатарында жоқ, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелмеген жұмысқа жарамды адамдары бар отбасылар:
      бірінші, екінші топтағы мүгедектерден және 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың күтімімен айналысатындар, 80 жастан асқандарды күтетіндерден;
      үш жасқа дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын аналар, сонымен қатар төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатындардан басқа;
      3) отбасы құрамында заңды некеде тұратын адамы бар болса, бірақ зайыбының қазіргі тұрғылықты жерін білмегендердің (көрсетпесе) және құқық қорғау органдарына бұл туралы мәлімдемегендердің;
      4) егер ата-аналары ажырасқан болса, өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы өтініш бермегендердің тұрғын үй көмегін алу құқықтары жоқ.
      10. Ұсынылған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан себепсіз бас тартқан және өз еркімен қоғамдық жұмысқа қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан жұмыссыздар тұрғын үй көмегін алу құқығынан алты айға дейін айырылады.
      11. Тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн азамат (отбасы) уәкiлеттi органға өтiнiш бередi және мынадай құжаттарды ұсынады:
      өтiнiш берушiнiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      тұрғын үйге құқық беретiн құжаттың көшiрмесi;
      азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесi;
      отбасының табысын растайтын құжаттар;
      кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшерi туралы шот;
      жергiлiктi атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келiсiлген, пәтерлердiң меншiк иелерi мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекiтiлген кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеудiң жекелеген түрлерiн жүргiзуге арналған шығыстар сметасы негiзiнде кондоминиум объектiсiн басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектiсiн басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күрделi жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшерi туралы шот;
      коммуналдық қызметтердi тұтыну шоттары;
      телекоммуникация қызметтерi үшiн түбiртек-шот немесе байланыс қызметтерiн көрсетуге арналған шарттың көшiрмесi;
      тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жергiлiктi атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшерi туралы шот.
      12. Тұрғын үй көмегін алушылар өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға отбасының табысын растайтын құжаттарды, коммуналдық қызметтер жөніндегі түбіртектерді әр тоқсан сайын тапсырады.
      13. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй көмегін тағайындаудың негізі болып табылады (Ережеге қосымша).
      14. Электр жүйесімен, газбен, канализациямен, жылумен, қоқыс шығару, су құбырымен қамтамасыз ету және үй-жайды ұстау шығындары коммуналдық қызметтер туралы түбіртектер бойынша өтініш жасағанның алдындағы тоқсандағы орташа есеппен есептелінеді. Электр жүйесімен, газбен, канализациямен, жылумен, қоқыс шығару, су құбырымен қамтамасыз ету қызмет көрсетушілердің тарифтері бойынша алынады.
      15. Үйде орталықтандырылған жылу жүйесі болмаған жағдайда жылу және ыстық су ақыларының мөлшері электроэнергияға есептелген сомадан әлеуметтік нормаға сәйкес есептеледі.
      16. Жалғыз басты зейнеткерлерді, мүгедектерді, бірге тұратын жалғыз басты зейнеткерлерді, бірге тұратын зейнеткер мен мүгедекті және жалғыз тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлерді және мүгедектердің отбасыларын, сондай-ақ құрамында жетім балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында, тұрғын үй көмегін есептегенде және құқығын анықтаған кезде, олардың табыстары Қазақстан Республикасының сол уақыт кезеңіне сәйкес бекітілген заңнамалық актілерімен екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (шегеріледі).
      17. Тұрғын үй көмегіне үміткер отбасыларына тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде келесі шектеулер есепке алынады:
      1) өтініш беруші заңды некеде болса, бірақ зайыбы сол мекенжай бойынша тіркелмеген болса, ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және жәрдемақы өтініш берушінің мекенжайы бойынша тағайындалады;
      2) өтініш берушінің үйінде 18 жасқа дейінгі бала тіркелген болса, ал ата-анасы басқа мекенжайда тіркелсе.
      18. Тұрғын үй көмегі барлық қажетті құжаттарымен өтініш берген айдан бастап тағайындалады. Толық емес айға тұрғын үй көмегін алу құқығы туындаған кезде, тұрғын үй көмегі сол айдан кейінгі айдан бастап тағайындалады. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-жұлдызына дейін қабылданады.
      19. Уәкілетті орган арызданушының құжаттарын қабылдаған күннен бастап, 15 күн ішінде қарайды және тағайындау немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды, ол туралы арызданушыны жазбаша хабардар етеді, бас тартқан жағдайда-себебін көрсетеді. Басқа субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу немесе арызданушының мекен жайына барып, тексеру жүргізу қажет болса, тұрғын үй көмегі 30 күн ішінде тағайындалады.
      20. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 күн ішінде алынатын жәрдемақының мөлшеріне және тағайындау құқығына әсер ететін кез-келген өзгерістер туралы уәкілетті органға хабарлауы тиіс.

3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері

      21. Тұрғын үй көмегінің мөлшері меншік иесінің (жалгердің) өтемдік шараларымен қамтамасыз етілетін нормалар шегінде тұрғын үйді ұстау мен коммуналдық қызметтерді тұтынғаны үшін төленген нақты және осы отбасының осы мақсаттарға арналған рұқсат етілген шекті шығындар мөлшері арасындағы айырымы ретінде есептеледі.
      Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеу формуласы:

      П = ТҮТЕЖӘТ -(t x д),

      П - тұрғын үй көмегінің мөлшері;
      ТҮТЕЖӘТ - тұрғын үйге төленетін ең жоғарғы әлеуметтік төлем;
      t - тұрғын үй төлемінің нормативтік шығыны (= 15%);
      д - отбасының жиынтық табысы.

4. Тұрғын үйді ұстау және коммуналдық
қызметтерді пайдалану нормативтері

      22. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде келесі әлеуметтік норма қолданылады:
      1) аудан нормасы:
      жалғыз тұратын азаматтар үшін - 30 ш.м.;
      2 адамнан тұратын отбасылар үшін - 30 ш.м.;
      3 немесе одан да көп адамдардан тұратын отбасылар үшін - әр адамға 15 ш.м., бірақ 38.5 ш.м. аспауы керек;
      2) көгілдір отын шығындарының нормасы - 8,2 кг;
      3) электр энергиясы жүйесін пайдалану нормасы бір адамға - 45 кВт.
      Тұрғын үйді қамтамасыз етуге қажетті су, жылу, қоқыс шығару шығыстарын пайдалану нормалары мен тарифтерін қызмет көрсететіндер ұсынады.

5. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер
азаматтардың (отбасылардың) жиынтық табысын есептеу

      23. Отбасының жиынтық табыстарын есептегенде табыстардың келесі түрлерінен басқа барлық түрлері есептеледі:
      1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
      2) 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы;
      3) тұрғын үй көмегі;
      4) қайтыс болған адамды жерлеуге төленетін бір жолғы жәрдемақы;
      5) бала тууына байланысты төленетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы;
      6) есептік кезеңдегі белгіленген жалпы күн көріс сомасы мөлшерінен төмен ақшалай және заттай қайырымдылық көмек көрсету;
      7) кездейсоқ жағдайлар салдарынан отбасы адамдарының денсаулықтарына және мүліктеріне келтірілген шығынды өтеу мақсатында отбасына көрсетілген көмек, жергілікті өкілетті органдарының шешімдерімен жеке санаттағы азаматтарға әлеуметтік төлемдер;
      8) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендерге бір жолғы ақшалай өтемақы;
      9) білім беру туралы заңнамаға сәйкес білім беру ұйымдарында көрсетілетін тегін тамақ және көмек;
      10) асырап алушылардың табыстары асырап алынушылардың табыстарына қосылмайды.
      Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың табыстары жазбаша мәлімдеумен дәлелденеді. Табыс өтініш берушінің өз еркімен мәлімденеді, бірақ, заңнамамен белгілеген ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.
      24. Отбасы құрамында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының күндізгі нысанында шарт негізінде оқитын студенттері бар отбасыларына тұрғын үй көмегін есептеу кезінде, оқуға ай сайын төленетін ақы мөлшері отбасының жиынтық табысынан кем болмауы тиіс.
      25. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде келесі жағдайларда алименттер есептелмейді:
      1) жұмыс істемесе және алименттер төлеу бойынша қарыздары болса немесе тұрғылықты жері белгісіз болса;
      2) бас бостандығынан айыру орындарында немесе уақытша ұстау изоляторында болса;
      3) туберкулез немесе психоневрологиялық диспансерлерде (стационарларда), емделу-еңбек алдын-алуда (ЕЕАА) емделіп жатса немесе есепте болса;
      4) Қазақстан Республикасына тиісті келісімі жоқ мемлекеттерге үнемі тұруға кеткен жағдайларда.
      26. Әділет ұйымдарының тұрақты тұрғылықты жерлері жөніндегі қолданыстағы заңнамаларына сәйкес тіркелген тұлғалар отбасы құрамында есептеледі. Отбасының жиынтық табыстары өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасының барлық мүшелерінің және осы мекенжай бойынша тіркелген басқа да адамдардың табыстарын қосу жолымен есептеледі.
      27. Бір тоқсаннан көп мерзімге төленетін бір жолғы төлем алған кезде, жиынтық табыста, алынған барлық табыс сомасын алынған айлар санына бөліп және 3 айға көбейтілген табыстың жиыны есепке алынады.
      28. Ауылдық жердің тұрғындары үшін қосалқы шаруашылықтан түскен табыс: айына әр бір ересек мал басынан (ірі қара, жылқы) болған жағдайда үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, екі бас мал болған жағдайда төрт айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, үш және одан да көп бас мал болған жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, әр бір ересек ұсақ мал бас (қой-ешкі) 0,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есепке алынады.

6. Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік
үй-жайларда тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларына
(азаматтарға) тұрғын үй көмегін беру тәртібі

      29. Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік үй-жайларда тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) арналған тұрғын үй көмегі тұрғын үйдің меншік иесіне, егер тұрғын үйді жалға алу шарты болса жалдаушыларға беріледі.
      30. Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын, жеке меншік үй-жайларда тұратын отбасыларға тұрғын үй көмегін есептеген кезде тұрғын үй-жайдың тұрғын ауданының 1 шаршы метріне 129,8 кг., алайда бір үйге 5000 кг. мөлшерінен аспайтын көмір шығынының әлеуметтік нормасы есептеледі.
      31. Көмір құнын есептеу үшін қала бойынша облыстық статистика басқармасы ұсынған орташа баға және тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдаймен алынған ақпарат қолданылады (наурыз, маусым, қыркүйек желтоқсан).
      32. Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік үй құрылыстарында қолданылатын басқа отын түрлерінің құны мен шығын нормасы, тұрғын үй көмегін есептегенде көмірдің құны мен шығын нормасына балама ретінде есептеледі.
      33. Көмір сатып алудың маусымдылығына байланысты тұрғын үй көмегін есептеген кезде тұрғын үйге арналған көмір шығынының барлық әлеуметтік нормасы өтініш берілген тоқсандағы үш ай үшін бір рет есептеледі.
      34. Тұрғын үй көмегін есептеген кезде жеке меншік үй құрылысында тұратын отбасының орташа табысы өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептеледі.
      35. Бір үйдің бірнеше иесі болған жағдайда, онда тұрғын үй көмегі әр үй иесіне (отбасына) тағайындалады, сонымен қатар бір үйге әлеуметтік көмір нормасы әр отбасына алып отырған ауданына байланысты сайма - сай бөлінеді.

7. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу

      36. Тұрғын үй көмегі аудандық бюджет қаражаттарының есебінен беріледі және ақшалай төлем түрінде тағайындалады.
      37. Тұрғын үй көмегінің төлемі осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттар есебінен азаматтардың салымы бойынша шоттарына есептеу жолымен екінші деңгейдегі банкілер арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй көмегі төлемінің тәртібі мен шарты «ШҚО Күршім ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ және екінші деңгейдегі банкілер жасаған агенттік келісімімен белгіленеді.
      38. Тағайындалған соммалар алушылардың жеке шоттарына қаржының түсу мүмкіндігіне байланысты аударылады, бірақ қаржы түскен мерзімнен бір айдан артық кешіктірмей төленеді.

Аз қамтамасыз етілген
отбасыларға (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсетудің
мөлшері мен тәртібін
белгілеу Ережесіне
қосымша

Тағайындалған тұрғын үй көмегінің мөлшері жөніндегі
№ _______ШЕШІМ (көшірмесі)
20__ жылғы «___»______________________істің № ___________
 

1. Тұрмысы төмен азаматтарға үйді ұстауға және үй-коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін тұрғын үй жәрдемақыларын беру тәртібі туралы Ережеге сәйкес тағайындалсын

ТЕГІ______________________________________________________

АТЫ_______________________________________________________

ӘКЕСІНІҢ АТЫ______________________________________________

Отбасы мүшелерінің саны___________________________________

Туған күні __________________________Жынысы_______________

Тұрғылықты жердің мекен жайы (нақты)______________________

Жеке куәлігінің №__________ _____ жылғы «___»_____________

Берген жері_______________________________________________

Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН) _____________________

Өтініш жасаған уақыты ____________________________________

Төленетін тұрғын үй көмегінің мөлшері 20__жылғы «__»______

«____»___________

____________________________________________________сомада

            (санмен және жазбаша сома)

Қызмет көрсететін банкідегі жеке шоттың № _______________

2. Тұрғын үй көмегін көрсетуге бас тартылсын_____________

_________________________________________________________

              (себебі көрсетілсін) 

Бас маман ________________________________________(А.Ж.Т)


Күршім аудандық жұмыспен
қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің бастығы