Сенім білдірілген адамдарды тіркеу тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 28 қарашада № 7307 тіркелді

Жаңартылған

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12 және 31-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Осы Нұсқаулық облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберілсін.
      3. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                      Қ. Тұрғанқұлов

      Хатшы                                       Б. Мелдешов

Қазақстан Республикасы     
Орталық сайлау комиссиясының  
2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108
қаулысымен бекітілген      

Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулық

      Ескерту. Нұсқаулық жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулық Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті, мәслихаттары депутаттығына және Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттардың (бұдан әрі - кандидаттар), партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың (бұдан әрі - саяси партиялар) сенім білдірілген адамдарын тіркеуді нақтылайды.
      2. Кандидаттар, саяси партиялар сенім білдірілген адамдарын өздерінің қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және олар туралы тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды.
      Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттар (бұдан әрі - әкімдікке) сенім білдірілген адамдарын өздерінің қалауы бойынша бес адамнан аспайтын санда анықтайды және олар туралы тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды.
      Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың үштен аспайтын сенім білдірілген адамдары болады.
      Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың әрбір ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім білдірілген адамы болады.
      3. Кандидаттар олардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының (бұдан әрі - Конституциялық заң), «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының, «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 Жарлығының (бұдан әрі - Қағидалар) талаптарына сәйкестігін тиісті сайлау комиссиялары анықтағаннан кейін сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.
      Саяси партиялар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына партиялық тізімдерін ұсынғаннан кейін сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.
      4. Кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішке кандидаттардың өздері не сенімхат бойынша олардың уәкілетті адамдары қол қояды.
      Саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішке «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі Заңына және саяси партияның жарғысына сәйкес уәкілетті адам қол қояды.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 26.05.2016 № 36/132 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5. Сенім білдірілген адамдарын тіркеу үшін кандидаттар, саяси партиялар тиісті сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды тапсырады:
      1) сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы қағаз және электрондық түрдегі өтініш. Өтініште азаматтығы, тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), атқаратын лауазымы, туған күні, айы және жылы көрсетіледі;
      2) азаматтың кандидаттың, саяси партияның сенім білдірілген адамы болуға келісетіні туралы өтініші.
      6. Аумақтық сайлау комиссиялары Президенттікке, Парламент Сенатының депутаттығына, әкімдікке кандидаттардың, сондай-ақ саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді жүзеге асырады.
      Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді жүзеге асырады.
      Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді Астана немесе Алматы қаласының сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
      7. Кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы шешімді тиісті сайлау комиссиясы екі күндік мерзімде қабылдайды.
      Сенім білдірілген адамдарды тіркеу не тіркеуден бас тарту тиісті сайлау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.
      Тиісті сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға куәліктер береді.
      8. Тиісті сайлау комиссиясы кандидаттың, саяси партияның сенім білдірілген адамын тіркеуден мынадай жағдайларда, егер ол:
      1) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмаса;
      2) Конституциялық заңға сәйкес сайлау комиссиясының мүшесі болып табылса;
      3) «Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығына сәйкес мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқарса, бас тартады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 26.05.2016 № 36/132 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      9. Сенім білдірілген адамның Конституциялық заңның 31-бабы 4-тармағының, Қағидалардың 35-тармағының талаптарына сәйкестігі осы Нұсқаулықтың 5-тармағына сәйкес кандидат, саяси партия ұсынған құжаттардың негізінде анықталады.
      10. Сенім білдірілген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, өз ұйғарымымен, кандидаттың және саяси партияның шешімімен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тізімді тіркеудің күші жойылған, Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесінен айырылады.