Сенім білдірілген адамдарды тіркеу тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 28 қарашада № 7307 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12 және 31-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Нұсқаулық облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберілсін.

      3. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Қ. Тұрғанқұлов
      Хатшы

  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2011 жылғы 21 қарашадағы
№ 62/108 қаулысымен
бекітілген

Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ

      Ескерту. Нұсқаулық жаңа редакцияда – ҚР Орталық сайлау комиссиясының 23.08.2018 № 11/194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының (бұдан әрі - Конституциялық заң) 12-бабының 16-9) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 36-1-бабына сәйкес әзірленді және Президенттікке, Парламент және мәслихаттар депутаттығына, аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидаттардың (бұдан әрі - кандидаттар), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың (бұдан әрі - саяси партиялар) сенім білдірілген адамдарын тіркеу рәсімін нақтылайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      2. Кандидаттардың, саяси партиялардың Конституциялық заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес өздеріне сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгітті жүргізетін, кандидаттардың, саяси партиялардың мүдделерін білдіретін сенім білдірілген адамдары бола алады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      3. Кандидаттар, саяси партиялар сенім білдірілген адамдарды өз қалауы бойынша айқындайды және Нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес тиісті сайлау комиссиясына сенім білдірілген адамдарды тіркеу туралы өтініш береді.

      Кандидат, саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өтінішін Нұсқаулыққа 2-қосымшаға сәйкес табыс етедi.

      4. Кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы өтінішке кандидаттың жеке өзі немесе сенімхат бойынша ол уәкілеттік берген адамдар қол қояды.

      Саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы өтінішке саяси партияның немесе оның филиалының (өкілдігінің) уәкілетті адамы қол қояды.

      5. Кандидаттардың, саяси партиялардың тиісті сайлау округіндегі әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда сенім білдірген адамдары бола алады.

      Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың әрбір ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім білдірілген адамы бола алады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      6. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді облыстық (республикалық маңызы бар қалалар және астана) сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді тиісті аумақтық (округтік) сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді тиісті аудандық, қалалық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      7. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар Орталық сайлау комиссиясы олардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін тиісті сайлау комиссияларына сенім білдірілген адамдарды тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.

      Парламент Сенатының депутаттығына кандидат облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиясы оның Қазақстан Республикасы Конституциясының, Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін тиісті сайлау комиссиясына сенім білдірілген адамдарды тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.

      Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат оның Қазақстан Республикасы Конституциясының, Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін тиісті сайлау комиссиясына сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.

      Мәслихат депутаттығына, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдігіне кандидат тиісті сайлау комиссиясы оның Қазақстан Республикасы Конституциясының, Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.

      Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде және аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде партиялық тізімдерді тіркегеннен кейін сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен тиісті аумақтық сайлау комиссияларына жүгінеді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      8. Кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы шешімді тиісті сайлау комиссиясы өтініш келіп түскеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде қабылдайды және сайлау комиссиясының хаттамасымен ресімдейді.

      Тиісті сайлау комиссиясы сенім білдірген адамдарды тіркегеннен кейін оларға куәліктер береді.

      9. Тиісті сайлау комиссиясы мынадай жағдайларда, егер кандидаттың, саяси партияның сенім білдірген адамы:

      1) Қазақстан Республикасының азаматы болмаса;

      2) сайлау комиссиясының мүшесі болса;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығына сәйкес мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқарса;

      4) Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде мәслихат депутаты болса, оны тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 22.06.2021 № 4/408 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркеудің күнін жою туралы шешімді сайлау комиссиясы сәйкессіздік анықталған сәттен бастап күнтізбелік екі күн ішінде қабылдайды және хаттамамен ресімдейді, оны жиырма төрт сағат ішінде кандидаттың, саяси партияның, учаскелік комиссиялардың назарына жеткізеді.

      11. Сенім білдірілген адамның Конституциялық заңның 31-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкестігі кандидаттың, саяси партияның ұсынған құжаттарының негізінде осы Нұсқаулықтың 3-тармағына сәйкес анықталады.

      12. Сенім білдірілген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, өз ұйғарымымен, кандидаттың және саяси партияның шешімімен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тізімді тіркеудің күші жойылған, Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесінен айырылады.

  Сенім білдірілген адамдарды
тіркеу жөніндегі нұсқаулыққа
1-қосымша
  _________сайлау комиссиясына
(комиссияның атауы)
_________________ кандидат
_________________________
(кандидаттың тегі, аты,
әкесінің аты (болған кезде)
саяси партияның атауы)

Сенім білдірілген адамдарды тіркеу туралы өтініш

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарын сенім білдірген адамдарым ретінде тіркеуді сұраймын.

      Қосымша:

      ____________сенім білдірілген адамдардың тізімі______ парақта

      (қағаз түрінде және электрондық жеткізушіде) __________ _____________________

                                                      (қолы) (аты-жөні, тегі)

      20___ жылғы _____ _____________________

      (өтініштің берілген күні)

      Ескертпе: Егер өтініш пен сенім білдірілген адамдардың тізіміне басқа адам нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде қол қойса, онда өтінішке сенімхаттың көшірмесі қоса беріледі.

  Өтінішке
қосымша

Кандидаттың (саяси партияның) сенім білдірген адамдарының тізімі

р/с

Сенім білдірілген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)

байланыс деректері (телефон)

1.



2.



3.



4.



және т.б.



  Сенім білдірілген адамдарды
тіркеу жөніндегі ңұсқаулыққа
2-қосымша

Сенім білдірілген адам болуға келіскені туралы өтініш

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      Мен, Қазақстан Республикасының азаматы,

      _________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде))

      __________________________________________ Қазақстан Республикасының

      (сайлау көрсетілсін)

      ___________________________________________________________ кандидат

      (кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде))

      сенім білдірілген адамы болуға келісімімді беремін.

      Жеке басымды куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса тіркедім.

      Сайлау комиссиясының мүшесі емеспін.

      Саяси мемлекеттік қызметші лауазымын атқармаймын.

      Байланыс деректері:

      __________________________________________ _____________________

      (қолы) (аты-жөні, тегі)

      20___жылғы _____ _______________

      (өтініш берілген күн)

      Ескертпе: Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде кандидаттың сенім білдірілген адамы мәслихат депутаты бола алмайды.