«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12 және 31-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы Нұсқаулық облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберілсін.
3. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Төраға Қ. Тұрғанқұлов
Хатшы Б. Мелдешов
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2011 жылғы 21 қарашадағы
№ 62/108 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті мен
мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың, партиялық
тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірілген
адамдарын тіркеу жөніндегі нұсқаулық
1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың (бұдан әрі - кандидаттар), партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың (бұдан әрі – саяси партиялар) сенім білдірілген адамдарын тіркеуді нақтылайды.
2. Кандидаттар, саяси партиялар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың үштен аспайтын сенім білдірілген адамдары болады.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамы болады.
3. Кандидаттар олардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң), «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының талаптарына сәйкестігін тиісті сайлау комиссиялары анықтағаннан кейін өздерінің сенiм бiлдiрiлген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.
Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына партиялық тізімдерін ұсынғаннан кейін сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішпен жүгінеді.
4. Кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішті Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына, Парламент Сенатының және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың өздері не нотариаттық куәландырылған сенімхаттың негізінде өзге адамдар беріп, қол қояды.
Саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы өтінішті «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі Заңына және саяси партияның жарғысына сәйкес уәкілетті адам беріп, қол қояды.
5. Сенім білдірілген адамдарын тіркеу үшін кандидаттар, саяси партиялар тиісті сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды тапсырады:
1) сенім білдірілген адамдарын тіркеу туралы қағаз және электрондық түрдегі өтініш. Өтініште азаматтығы, тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), атқаратын лауазымы, туған күні, айы және жылы көрсетіледі;
2) азаматтың кандидаттың, саяси партияның сенім білдірілген адамы болуға келісетіні туралы өтініші.
6. Аумақтық сайлау комиссиялары Президенттікке, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың, сондай-ақ саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді жүзеге асырады.
Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді жүзеге асырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеуді Астана немесе Алматы қаласының сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
7. Кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу не тіркеуден бас тарту туралы шешімді тиісті сайлау комиссиясы екі күндік мерзімде қабылдайды.
Сенім білдірілген адамдарды тіркеу не тіркеуден бас тарту тиісті сайлау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.
Тиісті сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға Орталық сайлау комиссиясы белгілеген нысан бойынша куәліктер береді.
8. Тиісті сайлау комиссиясы кандидаттың, саяси партияның сенім білдірілген адамын тіркеуден мынадай жағдайларда, егер ол:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмаса;
2) Конституциялық заңға сәйкес сайлау комиссиясының мүшесі болып табылса;
3) «Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізілімі мен мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы № 317 Жарлығына сәйкес мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқарса, бас тартады.
Парламент Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде, осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында аталғандарға қоса, Қазақстан Республикасы мәслихатының депутаты сенім білдірілген адам болып тіркеле алмайды.
9. Осы Нұсқаулықтың 8-тармағына сәйкестік осы Нұсқаулықтың 5-тармағына сәйкес кандидат, саяси партия ұсынған құжаттардың негізінде анықталады.
10. Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған, Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.