Қолданушылардың назарына!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 12-тармақтан қараңыз.
Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы Заң) 34-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде - 4602 нөмірімен тіркелген) 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысында айқындалған ұғымдар пайдаланылады деп бекітілсін.
2. Екінші деңгейдегі банктер, оның ішінде ислам банкі және «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы, банктік заем операцияларын жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, банктің жекелеген операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі - банк) жасасатын банктік заем шарты (бұдан әрі – шарт) шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген талаптардан, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптардан, сондай-ақ мынадай тізбеге сәйкес міндетті талаптардан тұрады:
1) шарттың жалпы талаптары;
2) заемшының құқықтары;
3) банктің құқықтары;
4) банктің міндеттері;
5) банк үшін шектеулер;
6) міндеттемелерді орындамағаны үшін тараптардың жауаптылығы;
7) шарт талаптарына өзгерістер енгізудің тәртібі;
8) синдицилденген банктік займ беру кезінде - әр қатысушы синдикат-банктің заемда қатысу сомасы мен үлесі, оның ішінде заемшының төлем қабілетсіздігі жағдайында синдикаттың әр қатысушысы үшін ықтимал шығындардың үлесін бөле отырып;
9) банктік қарызды ислам банкі берген жағдайда - Банктер туралы заңның 52-8, 52-9, 52-10 және 52-12-баптарында көрсетілген талаптар;
10) ипотекалық тұрғын үй займы бойынша жеке тұлға болып табылатын кепіл берушінің құқы туралы талаптар, міндеттеменің орындалмағаны туралы хабарламаны қолға берген немесе тапсырысты хатпен жіберген күннен бастап күнтізбелік жиырма бес күннің ішінде ипотекалық шарт тіркелген органда тіркелген ипотеканы сот тәртібінен тыс өткізуден жазбаша бас тартуды ұсыну.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.10.2015 № 200 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Шарттың жалпы талаптары:
1) шарт жасасқан күн;
2) 1 (бір) айдан аспайтын мерзімге берілген қарызды, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарызды, овердрафт кредитін, сондай-ақ оның шеңберінде қарыз алу үшін қарыз беру туралы шарт (шарттар) жасау немесе қарыз алушы өтініш (өтініштер) беру қажет болатын кредиттік желіні ұсыну (ашу) туралы келісімді қоспағанда, бизнес-жоспарға немесе қарыздың техника-экономикалық негіздемесіне және (немесе) қарыз алушы берген өтінішке сәйкес келетін банктік қарыздың (бұдан әрі - қарыз) мақсаты.
Осы қаулының мақсаттары үшін
кредиттік желіні ұсыну (ашу) туралы келісім ретінде қарыз алушыға кредиттік желіні ұсыну (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) немесе өтініште (өтініштерде) өзі кредиттің сомасын және алу уақытын, бірақ кредиттеудің осындай нысаны үшін банктің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларында және кредиттік желіні ұсыну (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шеңберінде анықтауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған банктік қарыз шартының түрі түсініледі;
3) қарыз сомасы мен валютасы;
4) заемның мерзімі;
5) сыйақы ставкасының түрі (тіркелген немесе құбылмалы), сыйақы ставкасының мөлшері жылдық пайызбен, шартты жасау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының «Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 нөмірімен тіркелген) 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысына сәйкес сенімді жылдық тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы ставкасының мөлшері;
6) шартта құбылмалы сыйақы ставкасы көзделген болса, құбылмалы сыйақы ставкасын есептеу тәртібі;
7) ислам банкінің коммерциялық кредитті беруі кезіндегі үстеме бағасының түрі (тіркелген немесе тауарды сатып алу бағасының пайыздық мәнімен);
8) өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз);
9) заемды өтеу әдісі: аннуитеттік (теңдей төлемдермен өтеу) немесе сараланған (негізгі борышты теңдей үлеспен өтеу арқылы) не банктің ішкі ережелеріне сәйкес басқа тәсілмен;
10) заем бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
11) негізгі борышы уақтылы өтелмеген және сыйақы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және оның мөлшері. Жеке тұлғаға қарыз беру кезінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) шекті мөлшері, сондай-ақ Банктер туралы заңда көзделген есептеу тәртібі көрсетіледі;
12) қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алынуға тиісті комиссиялардың және басқа да төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшерлері;
13) заемды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтатылған терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша), кезеңділігі;
14) қамтамасыз етусіз берілген заемды қоспағанда, қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);
15) заемшының шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;
16) шарттың қолданылу мерзімі;
17) заемшы - заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;
18) заемшының (тең заемшының) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы банкке кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;
19) банктің пошталық мекен-жайы мен электрондық адресі туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет–ресурсы туралы деректер.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 16.07.2014 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
4. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндіктерді көздейтін талаптардан тұрады:
1) қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын төлемей, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыны төлей отырып, қарызды қайтару шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн ішінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес қарыз алған жеке тұлғаның;
2) негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен жағдайда одан кейінгі жұмыс күні тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын төлемей, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеуді жүргізеді;
3) өтініш бойынша 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде 1 (бір) рет шарт бойынша борышты өтеу есебіне түсетін кезекті ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және басқа да төлеуге тиісті сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда алу;
4) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы өтініш бойынша ақысыз, 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге тиісті сомаларға бөлінген, мерзімі өткен төлемдерді көрсете отырып қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы мәліметті жазбаша нысанда алу;
РҚАО-ның ескертпесі!
5) тармақша 01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 қаулысымен.
5) 1 (бір) жылға дейін мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 1 (бір) жыл өткен соң тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларының түрлерін төлемей, қарызды ішінара немесе толық көлемде мерзімінен бұрын өтеу;
РҚАО-ның ескертпесі!
6) тармақша 01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 қаулысымен.
6) қарыз алушы үшін шарт талаптарының жақсару жағына қарай оларды өзгерту туралы хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн ішінде банк ұсынған жақсартатын талаптардан шартта көзделген тәртіпте бас тартуға;
7) алатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде банкке жазбаша өтініш жасау және жауап алу.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) қаулысымен.
4-1. Жеке тұлғамен жасалған ипотекалық заем шартында жасалған заем шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін заемшының банк омбудсманына Банктер туралы заңға сәйкес жазбаша өтініш беру құқығы болады.
Ескерту. Қаулы 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012 № 372 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5. Мүмкіндіктерді көздейтін банктің құқықтары мынадай шарттардан тұрады:
РҚАО-ның ескертпесі!
1) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1) заемшының жағдайын жақсарту мақсатында шарт талаптарын бір жақты тәртіппен өзгерту;
2) күнтізбелік қырық күннен аса заемның кезекті бөлігі мен (немесе) сыйақы төлемін қайтару үшін бекітілген мерзімді бұзған кезде заем сомасын және ол бойынша сыйақыны мезгілінен бұрын қайтаруды талап ету.
6. Банктің міндеттері талаптарды көздейтін мынадай талаптардан тұрады:
1) шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн ішінде қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын немесе басқа айыппұл санкцияларының түрлерін ұстамай, қарыз берілген күннен бастап есептелген сыйақыны ұстай отырып, осы қаулының 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген қарызды қабылдау;
2) қарыз алушының өтініші бойынша 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде 1 (бір) рет шарт бойынша борышты өтеу есебіне түсетін кезекті ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және басқа да төлеуге тиісті сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда беру;
3) берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы қарыз алушының өтініші бойынша ақысыз, 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге тиісті сомаларға бөлінген, мерзімі өткен төлемдерді көрсете отырып қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы оны хабардар ету;
РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақша 01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 қаулысымен.
4) қарыз алушыны шарт талаптарының жақсару жағына қарай оларды өзгерту туралы шартта көзделген тәртіпте хабардар ету;
5) шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін кешіктіру басталған кезде қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімде, бірақ міндеттемелерді орындау мерзімін кешіктіру басталған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен кешіктірмей, шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар ету. Тараптардың келісімі бойынша шарт бойынша кезекті төлемдер туралы хабардар ету мерзімі мен тәсілдері шартта қарастырылады.
6) «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде қарыз алушының жазбаша өтінішін қарау және оған жазбаша жауап дайындау;
7) шарт бойынша (талап ету) құқығын үшінші тұлғаларға беру кезінде (егер беру құқығы шартта көзделген болса) берілген талап ету құқығының толық көлемде, негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына, айыппұлдарға және басқа да төленуге тиісті сомаларға бөле отырып, ағымдағы және мерзімі өткен берешектің қалдығын, сондай-ақ, банкке немесе талап ету құқығы берілген тұлғаға қарызды өтеу бойынша одан кейінгі төлемдер белгілеу тәртібін көрсете отырып, бұл жөнінде борышкерді (оның уәкілетті өкілін) 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабардар ету.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) қаулысымен.
7. Банк үшін тыйым салуды көздейтін шектеулер мынадай талаптарды қамтиды:
1) қарыз алушы – жеке тұлғамен шарт жасасу күніне белгіленген қарызға қызмет көрсету бойынша комиссиялар мен өзге де төлемдердің мөлшерлерін және есептеу тәртібін бір жақты тәртіппен ұлғайту жағына өзгерту;
2) жасалған шарт аясында комиссияның жаңа түрлерін бір жақты тәртіппен енгізу;
3) қарыз беру туралы шартпен сақтандыру шартын жасасу туралы және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын анықтау мақсатында бағалау жүргізуге талаптар көзделген болса қарыз алушыны, кепіл берушіні сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдау кезінде шектеу, сондай-ақ қарыз алушыға өзінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру міндетін жүктеу;
4) мына жағдайларды қоспағанда, жасалған шарт аясында бір жақты тәртіппен жаңа қарыздар беруді тоқтата тұру:
банктің шартта көзделген жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындаған кезде;
қарыз алушының шарт бойынша банк алдындағы өз міндеттемелерін бұзуы;
халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін Банктің ішкі кредиттік саясатына сәйкес банк жүргізген мониторингтің нәтижесі бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлауы;
банктің шартты тиісінше орындауына ықпал ететін Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының өзгеруі;
5) мына жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен шарт жасасу күніне белгілеген сыйақы ставкасын бір жақты тәртіппен өсіру жағына өзгерту:
шартпен көзделген жағдайларда, қарыз алушының қарыз алу және қызмет көрсетумен байланысты дәйекті ақпарат ұсыну бойынша өз міндеттемелерін бұзуы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – Кодекс) және 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Ерекше бөлім) көзделген жағдайларда, сондай-ақ шартта көзделген мынадай жағдайларда банкте міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап ету құқығының туындауы:
банктің алдын ала жазбаша хабарламасыз, жиынтығында акционерлік қоғамның (шаруашылық серіктестіктің) акцияларының он және одан көп пайызын (қатысу үлесін) иеленетін қарыз алушының қатысушылары (акционерлері) құрамының өзгеруі;
қарыз алушымен және (немесе) кепіл берушімен кепілге қойылған мүліктің құжаттар бойынша және нақты болуын, мөлшерін, жай-күйін және оны сақтау талаптарын, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке кепілге қойылған мүлікке талап етуді беру кепіл ұстаушы болып табылатын банктің тексеру құқығын бұзуы;
РҚАО-ның ескертпесі!
6) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
6) қарыз алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты мерзімінен бұрын толық өтелген немесе мерзімінен бұрын ішінара өтелген жағдайларды қоспағанда, қарызды мерзімінен өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының басқа түрлерін өндіріп алу;
7) негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен болса және қарыз алушы сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі жұмыс күні жүргізген жағдайда тұрақсыздық айыбын немесе басқа айыппұл санкцияларын өндіріп алу.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.02.2013 № 74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
8-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
8. Ипотекалық тұрғын үй займы шартын және жеке тұлғамен шартты жасасқанға дейін банк міндетті түрде заемшыға (тең заемшыға) заемды өтеу әдісін таңдау үшін танысуға бір кезеңділікпен, сараланған төлемдер тәсілімен және аннуитеттік төлемдер тәсілімен есептелген заемды өтеу кестелерінің жобаларын береді, бұл ретте банк банктің ішкі ережелеріне сәйкес сол кезеңділікпен, тәсілдермен есептелген заемды өтеу кестесінің қосымша жобаларын ұсынуы мүмкін.
9. Шартқа тараптардың қолдары қойылған қарызды өтеу кестесі қоса беріледі, онда:
шарттың нөмірі мен жасалған күні;
қарыз сомасы мен валютасы;
өтеу күндері және негізгі борышты, сыйақыны өтеу сомасы және олардың жиынтық мәні көрсетілген кезекті төлемдердің мөлшерлері;
келесі өтеу күніндегі негізгі борыштың қалдықтары;
төленуі тиіс негізгі борыш пен сыйақының жалпы жиынтық сомасы және олардың жиынтық мәні;
қарызды өтеу кестесі жасалған күн көрсетіледі.
Сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі шарт бойынша қарызды өтеу кестесі оның берілу күніне жасалады және одан кейін кезекті төлемдердің мөлшерлері түзетіледі және шартта белгіленген тәртіппен қарыз алушыға (тең қарыз алушыға) жіберіледі.
Егер қарыз алушы (тең қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, қарызды беру күніне жасалған қарызды өтеу кестесінде сондай-ақ қарыз алушының (тең қарыз алушының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар банк ұсынған өтеу әдістерінің тізбесі болады.
Қарызды өтеу кестесінен басқа қарыз алушы – жеке тұлғамен жасалатын шартқа осы қаулының қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаға арналған қол қойылған және банктің мөрі (ол болған кезде) басылған жадынама қоса беріледі.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын қарыз талаптары өзгертілген кезде банк жаңа талаптарды ескере отырып банктік қарыз шарты бойынша жаңа қарызды өтеу кестесін және қарыз алушы – жеке тұлға үшін жадынаманы жасайды және береді.
Қарыз алушының өтініші негізінде кредиттік желі шеңберінде қарыздың кезекті бөлігін беру кезінде қарыз алушыға қарызды өтеу кестесі және осы тармақтың талаптарына сәйкес осы қаулыға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы – жеке тұлға үшін жадынама беріледі.
8-тармақтың және осы тармақтың талаптары 1 (бір) айдан аспайтын мерзімге берілген қарызға, кредиттік желі шеңберінде төлем карточкасы бойынша берілген қарызға, овердрафт кредитіне, сондай-ақ оның шеңберінде қарыз алу үшін қарыз беру туралы шарт (шарттар) жасасу немесе қарыз алушы өтініш (өтініштер) беру қажет болатын кредиттік желіні ұсыну (ашу) туралы келісімге қолданылмайды.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
10. Шарт банк пен қарыз алушының арасында жазбаша нысанда қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасын қоса берумен, қазақ және орыс тілдерінде, ал шетелдік тұлғалармен шарт жасасқан жағдайда – қазақ тілінде және тараптарға қолайлы тілде жасалады.
Кодекстің 388-бабының талабына сәйкес баспада жарияланатын шарттың үлгі талаптарын қоспағанда, шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, «Тimеs New Rоmаn» шрифтінің мөлшері 12-ден кем емес, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегінісін қолдана отырып теріледі.
Осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында және 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген талаптар шарттың бірінші бетінен бастап көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі.
Кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімді, сондай-ақ оның шеңберінде шартты (шарттарды) жасау немесе қарыз алушының кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және соның (солардың) негізінде кезекті қарызды беру жүзеге асырылатын өтінішті (өтініштерді) беруі арқылы кредиттік желі ұсыну кезінде:
кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде кредиттік желінің жалпы сомасы мен жалпы мерзімі көрсетіледі;
осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9), 12) және 16) тармақшаларында көзделген талаптар шартта немесе өтініште көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі;
осы қаулының 2, 4, 4-1, 5, 6 және 7-тармақтарында, 3-тармағының 8), 10), 11), 13), 14), 15), 17), 18) және 19) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда, оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
10-1. 10-тармағының бірінші бөлігін қоспағанда, осы қаулының талаптары шарттың шет мемлекеттің құқығымен реттелетіндігі көзделген, Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын кредитор банктердің қатысуымен синдикатталған қарыз беру жөніндегі шарттарға қолданылмайды.
Ескерту. Қаулы 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.10.2015 № 200 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10-2. Тараптар Кодекстің 381-бабына сәйкес шарттың элементтері қамтылатын аралас шартты жасаған кезде аралас шарт осы қаулының 10-тармағының бірінші және екінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді.
Шарт бөлігіндегі аралас шартта осы қаулының 10-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген талап ескеріле отырып осы қаулының 2-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады.
Егер шартта оның жекелеген талаптары Кодекстің 388-бабына сәйкес оларға сілтеме бар үлгілік талаптармен айқындалатын болса, не Кодекстің 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен шарт жасалған жағдайда, банк пен қарыз алушының қолтаңбалары қамтылатын шарттың (қосылу туралы өтініш) бөлігі осы қаулының 10-тармағының бірінші және екінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді және шарттың бірінші бетінен бастап көрсетілген жүйелілікпен осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9), 11), 12), 13), 14) және 16) тармақшаларында көзделген талаптар қамтылады.
Тараптардың келісімі бойынша банк пен қарыз алушының қолтаңбалары қамтылатын шарттың бөлігінде осы тармақта көзделмеген қосымша талаптар қамтылады.
Ескерту. Қаулы 10-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
11. Агенттік Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде - 4602 нөмірімен тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының актілер жинағы, 2007 жылғы наурыз – сәуір, «Заң газеті» газетінің 2007 жылғы 25 сәуірдегі № 62 (1265) жарияланған) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген, Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесінде:
1-тармақтың 3) тармақшасында «кредит беру туралы шарт» деген сөздер «(банктік заем шарт)» деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кредит беру, кепіл, талап ету құқықтарын беру немесе кредит бойынша борышты аудару туралы шарттардың түпнұсқаларына, оларға қосымша келісімдерге және банк банктің уәкілетті органы бекіткен шарттың үлгілік нысанын қолданусыз не банктің уәкілетті органы бекітусіз осындай үлгілік нысанды өзгертумен кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты жасасатын шарттардың түпнұсқаларына (бұдан әрі – шарттардың түпнұсқалары) банктің заң қызметі басшысының (банктің филиалында – банк филиалының заңгерінің) қолы қойылады және тараптардың қолы қойылады және заемшы - заңды тұлғаның және банктің мөрімен расталады.»;
3-1 және 3-2-тармақтар алып тасталсын;
9-тармақ мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
«9) кредиттік тарих субъектісінің өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге келісімінің көшірмесі (оның түпнұсқасы банктің ішкі құжаттарында бекітілген тәртіпте және шарттармен банк қоймасында сақталуы тиіс);
10) кредиттік тарих субъектісінің кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімінің көшірмесі (оның түпнұсқасы банктің ішкі құжаттарында бекітілген тәртіпте және шарттармен банк қоймасында сақталуы тиіс).».
12. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
13. Қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры (Л.Е. Үсенбекова):
1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап, он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне және, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» және «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестіктеріне және мәлімет үшін жеткізсін.
14. Агенттік Төрайымының Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
15. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары М.Б. Байсыновқа жүктелсін.
Төрайым Е. Бахмутова
«Банктік заем шартының міндетті талаптарының
тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу
мен қадағалау агенттігі Басқармасының
«Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу
ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы
№ 49 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер
енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен
қадағалау агенттiгi Басқармасының
2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына
қосымша
Нысан
Қарыз алушы жеке тұлғаға арналған банктік қарыз шарты бойынша жадынама
Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 16.07.2014 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
___ жылғы ____________ (күні, айы, жылы) № ___________
_____________ жылғы жағдай бойынша (күні, айы, жылы)
1 |
Қарыз сомасы және валютасы |
|
2 |
Қарыз мерзімі |
|
3 |
Төлемдер саны |
|
4 |
Сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайыздармен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері |
|
5 |
Дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері |
|
6 |
Өтелетін жалпы сома |
|
7 |
Сыйақының жиынтық сомасы |
|
8 |
Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері |
|
9 |
Сақтандыру шарттарының мерзімін ұзарту мерзімі |
|
10 |
Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатты пайдаланбағаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және сол сияқты) |
1)___________________________ |
11 |
Банк өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), қолы, банк мөрі (ол болған кезде) |
|
12 |
Қарыз алушы ____ жылғы ______№ ___________ (күні, айы, жылы) банктік қарыз шартының талаптарымен танысқан |
|
13 |
Қарыз алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), қолы |
|
14 |
Күні |
Осы Жадынаманың және _____ жылғы ____________ (күні, айы, жылы) № ___
__________ банктік қарыз шартының мәтіні арасында алшақтықтар немесе қарама-қайшылықтар туындаған жағдайда шарттың мәтініне басымдық беріледі.