Қолданушылардың назарына!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 12-тармақтан қараңыз.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы Заң) 34-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде - 4602 нөмірімен тіркелген) 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысында айқындалған ұғымдар пайдаланылады деп бекітілсін.
2. Екінші деңгейдегі банктер, оның ішінде ислам банкі және «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы, банктік заем операцияларын жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, банктің жекелеген операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі - банк) жасасатын банктік заем шарты (бұдан әрі – шарт) шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген талаптардан, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптардан, сондай-ақ мынадай тізбеге сәйкес міндетті талаптардан тұрады:
1) шарттың жалпы талаптары;
2) заемшының құқықтары;
3) банктің құқықтары;
4) банктің міндеттері;
5) банк үшін шектеулер;
6) міндеттемелерді орындамағаны үшін тараптардың жауаптылығы;
7) шарт талаптарына өзгерістер енгізудің тәртібі;
8) синдицилденген банктік займ беру кезінде - әр қатысушы синдикат-банктің заемда қатысу сомасы мен үлесі, оның ішінде заемшының төлем қабілетсіздігі жағдайында синдикаттың әр қатысушысы үшін ықтимал шығындардың үлесін бөле отырып;
9) ислам банкінің банктік займ беру кезінде - Банктер туралы Заңның 52-8, 52-9, 52-10-баптарында көрсетілген талаптар;
10) ипотекалық тұрғын үй займы бойынша жеке тұлға болып табылатын кепіл берушінің құқы туралы талаптар, міндеттеменің орындалмағаны туралы хабарламаны қолға берген немесе тапсырысты хатпен жіберген күннен бастап күнтізбелік жиырма бес күннің ішінде ипотекалық шарт тіркелген органда тіркелген ипотеканы сот тәртібінен тыс өткізуден жазбаша бас тартуды ұсыну.
3. Шарттың жалпы талаптары:
1) шарт жасасқан күн;
2) банктік заемның мақсаты (бұдан әрі - заем), бір айдан аспайтын мерзімге берілген заемды, кредиттік желі аясында төлем карточкалары бойынша берілген шарттарды, овердрафт кредитін, сондай-ақ оның аясында займ алу үшін займ беру туралы шарт (шарттар) жасасу қажет болатын кредиттік желіні ашу туралы келісімді қоспағанда, бизнес-жоспарға немесе заемның техника-экономикалық негiздемесiне және (немесе) заемшының өтінішіне сәйкес келеді;
3) заемның жалпы сомасы және валютасы;
4) заемның мерзімі;
5) сыйақы ставкасының түрі (тіркелген немесе құбылмалы), сыйақы ставкасының мөлшері жылдық пайызбен, шартты жасау күніне Агенттік Басқармасының «Қаржылық қызмет бойынша сыйақы шегі туралы ақпаратты тарату кезіндегі сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін есептеу ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде - 4444 нөмірімен тіркелген) 2006 жылғы 23 қыркүйектегі № 215 қаулысына сәйкес сенімді жылдық тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы ставкасының мөлшері;
6) шартта құбылмалы сыйақы ставкасы көзделген болса, құбылмалы сыйақы ставкасын есептеу тәртібі;
7) ислам банкінің коммерциялық кредитті беруі кезіндегі үстеме бағасының түрі (тіркелген немесе тауарды сатып алу бағасының пайыздық мәнімен);
8) өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз);
9) заемды өтеу әдісі: аннуитеттік (теңдей төлемдермен өтеу) немесе сараланған (негізгі борышты теңдей үлеспен өтеу арқылы) не банктің ішкі ережелеріне сәйкес басқа тәсілмен;
10) заем бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
11) уақтылы өтелмеген және сыйақы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және оның мөлшері. Жеке тұлғаға заем беру кезінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) шекті мөлшері, сондай-ақ Банктер туралы заңда көзделген есептеу тәртібі көрсетіледі;
12) комиссиялардың толық тізбесі және олардың заем беруге байланысты алынуға жататын мөлшері;
13) заемды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтатылған терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша), кезеңділігі;
14) қамтамасыз етусіз берілген заемды қоспағанда, қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);
15) заемшының шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;
16) шарттың қолданылу мерзімі;
17) заемшы - заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;
18) заемшының (тең заемшының) ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы банкке кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;
19) банктің пошталық мекен-жайы мен электрондық адресі туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет–ресурсы туралы деректер.
4. Мүмкіндіктерді көздейтін заемшының құқықтары мынадай шарттардан тұрады:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес, тауарларды, жұмысты және қызмет көрсетуді сатып алуға заем алған жеке тұлғаның шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде заемды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын төлеусіз, банктің заем берген күннен бастап есептеген сыйақы төлемін және заемды қайтару;
2) егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түсетін болса, онда заемшы тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын төлеусіз, сыйақыны немесе негізгі борышты төлеуді одан кейінгі жұмыс күні жүргізеді;
3) өтініш бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына бір рет шарт бойынша борышты өтеуге түскен кезекті қаражаттың таралуы (негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге жататын сомалар) туралы жазбаша ақпаратты алу;
4) шарт бойынша ұсынылған ақшаны толық немесе ішінара мезгілінен бұрын банкке қайтару туралы өтініш бойынша – ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге жататын сомаларға бөлінген, мерзімі өткен төлемдер көрсетілген қайтарылатын соманың мөлшері туралы мәліметті жазбаша түрде алу;
5) заем алған күннен бастап бір жыл өткен соң, тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын төлеусіз, заемды ішінара немесе толық көлемде мезгілінен бұрын өтеу;
6) қызмет көрсету бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде банкке жазбаша өтініш жасауға және «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңында бекітілген мерзімде жауапты алу.
5. Мүмкіндіктерді көздейтін банктің құқықтары мынадай шарттардан тұрады:
1) заемшының жағдайын жақсарту мақсатында шарт талаптарын бір жақты тәртіппен өзгерту;
2) күнтізбелік қырық күннен аса заемның кезекті бөлігі мен (немесе) сыйақы төлемін қайтару үшін бекітілген мерзімді бұзған кезде заем сомасын және ол бойынша сыйақыны мезгілінен бұрын қайтаруды талап ету.
6. Талаптарды көздейтін банктің міндеттері мынадай шарттардан тұрады:
1) тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын ұстап қалмай, заем берген күннен бастап есептелген сыйақыны қоса отырып, осы қаулының 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген заемды шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қабылдау;
2) шарт бойынша борышты өтеуге түскен кезекті ақшаның таралуы (негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге жататын сомалар) туралы ақпаратты жазбаша түрде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде айына бір рет ақысыз заемшының өтініші бойынша ұсыну;
3) шарт бойынша ұсынылған ақшаны толық немесе ішінара мезгілінен бұрын қайтару туралы заемшының өтініші бойынша – негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге жататын сомаларға бөлінген, мерзімі өткен төлемдер көрсетілген қайтарылатын соманың мөлшері туралы мәліметті оған ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, жазбаша нысанда хабарлау;
4) заемшыға міндеттемелердің орындалу мерзімінің өткенін және шарт бойынша төлемдер жасаудың қажеттігі туралы шартта көзделген мерзімде және тәсілмен хабарлауға. Шартта тараптардың келісуі бойынша кезекті төлем күнін хабарлаудың мерзімі мен тәсілі көзделуі мүмкін;
5) «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңымен бекітілген мерзімде заемшының жазбаша өтінішін қарауға және оған жазбаша жауап әзірлеу;
6) шарт бойынша (талап ету) құқықтарын үшінші тұлғаға беру кезінде (егер құқықты беру шартта көзделген болса) берілген талап ету құқықтарын толық көлемде, негізгі борыш, сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар және басқа да төлеуге жататын сомаларға бөле отырып, ағымдағы және мерзімі өткен берешектің қалдығын, сондай-ақ, талап ету құқы берілген банкке немесе тұлғаға заемды өтеу бойынша одан арғы төлемдерді тағайындау тәртібін үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабарлауға.
7. Тыйым салуды көздейтін банкке қойылған шектеулер мынадай шарттардан тұрады:
1) заемға қызмет көрсету бойынша заемшы – жеке тұлғамен шарт жасасу күніне бекітілген тарифтерді, комиссиялық сыйақылар мен басқа да шығыстардың ставкасын және есептеу тәртібін бір жақты тәртіпте өсіру жағына өзгертуге;
2) жасалған шарт аясында комиссияның жаңа түрлерін бір жақты тәртіппен енгізуге;
3) заем беру туралы шартпен сақтандыру шартын жасасу туралы және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын анықтау мақсатында бағалау жүргізуге талаптар көзделген болса заемшыны, кепіл берушіні сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдау кезінде шектеуге, сондай-ақ заемшыға өзінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру міндетін жүктеуге;
4) мына жағдайларды қоспағанда, жасалған шарт аясында бір жақты тәртіппен жаңа заемдарды беруді тоқта тұруға:
банктің шартта көзделген жаңа заемдар беруді жүзеге асырмау құқы туындаған кезде;
заемшы шарт бойынша банк алдындағы өз міндеттемелерін орындамаған кезде;
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктерде тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің болуына қойылатын талаптар жөніндегі Нұсқаулықты бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» 2005 жылғы 26 наурыздағы № 116 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3925 тіркелген) 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 359 қаулысына, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» 2005 жылғы 26 наурыздағы № 116 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4580 тіркелген) 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 296 қаулысына, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде - 4602 нөмірімен тіркелген) 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына сәйкес банк жүргізген мониторингтің нәтижесі бойынша анықталған заемшының қаржылық жағдайының нашарлауы;
5) мына жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен шарт жасасу күніне бекітілген сыйақы ставкасын бір жақты тәртіппен өсіру жағына өзгерту:
шартпен көзделген жағдайларда, заемшының заем алу және заемға қызмет көрсетумен байланысты шынайы ақпараттарды ұсыну бойынша өз міндеттемелерін бұзуы;
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен көзделген жағдайларда, сондай-ақ шартта көзделген мына жағдайларда банктің міндеттемелерді мезгілінен бұрын орындауды талап етуге құқының пайда болуы:
банкке алдын ала жазбаша ескертусіз, жиынтығында акционерлік қоғам (шаруашылық серіктестік) акцияларының он және одан көп пайызын (қатысу үлесі) иеленетін заемшының қатысушылары (акционерлері) құрамының өзгеруі;
заемшымен және (немесе) кепіл берушімен кепілге қойылған мүліктің мөлшерін, жай-күйін және оны сақтау шарттарының орындалуын құжат бойынша және нақты тексеруге, сондай-ақ үшінші тұлғалардың заемшы (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке кепілге қойылған мүлікке талаптар қоюы кепіл ұстаушы болып табылатын банктің құқын бұзуы;
6) заем алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борыш мезгілінен бұрын толық өтелген немесе ішінара мезгілінен бұрын өтелген жағдайларды қоспағанда, заемды мезгілінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының басқа түрлерін өндіріп алу;
7) егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен болса және заемшы сыйақыны немесе негізгі борышты төлеуді одан кейінгі жұмыс күні жүргізген жағдайда тұрақсыздық айыбын және басқа айыппұл санкцияларын өндіріп алу.
8. Ипотекалық тұрғын үй займы шартын және жеке тұлғамен шартты жасасқанға дейін банк міндетті түрде заемшыға (тең заемшыға) заемды өтеу әдісін таңдау үшін танысуға бір кезеңділікпен, сараланған төлемдер тәсілімен және аннуитеттік төлемдер тәсілімен есептелген заемды өтеу кестелерінің жобаларын береді, бұл ретте банк банктің ішкі ережелеріне сәйкес сол кезеңділікпен, тәсілдермен есептелген заемды өтеу кестесінің қосымша жобаларын ұсынуы мүмкін.
9. Шартпен бірге тараптардың қолдары қойылған займды өтеу кестесі беріледі, онда шарттың нөмірі мен жасалған күні, кредит сомасы мен валютасы, өтеу күндері және негізгі борышты өтеу, сыйақы сомалары және олардың жиынтық мәні көрсетілген кезекті төлемдердің мөлшерлері, келесі өтеу күніндегі негізгі борыш қалдықтары, сондай-ақ төленуі тиіс кредит пен сыйақының жиынтық сомалары және олардың жиынтық мәні, кредитті өтеу кестесі жасалған күн көрсетіледі.
Сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі банктік заем шарты бойынша кредитті өтеу кестесі кредиттің берілу күніне жасалады және одан кейін кезекті төлемдердің мөлшерлері түзетіледі және кредит беру туралы шартта белгіленген тәртіпте заемшыға (тең заемшыға) мәлімет үшін жеткізіледі.
Егер заемшы (тең заемшы) жеке тұлға болған жағдайда кредит беру күніне жасалған кредитті өтеу кестесінде сондай-ақ заемшының (тең заемшының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар банк ұсынған өтеу әдістерінің тізбесі болады.
Кредиттің кредитті өтеу кестесін өзгертуге алып келетін талаптары өзгерген кезде жаңа талаптар ескерілген жаңа кесте жасалады.
8-тармақтың және осы тармақтың талаптары бір айдан аспайтын мерзімге займ беру туралы шартқа, кредиттік желі аясында төлем карточкасы бойынша берілген шартқа, овердрафт кредитін, сондай-ақ оның аясында займ алу үшін займ беру туралы шарт (шарттар) жасасу қажет болатын кредиттік желіні ашу туралы келісімдерге қолданылмайды.
10. Кредит беру туралы шарт қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады, ал шетелдік тұлғалармен шарт жасасқан жағдайда мемлекеттік және тараптарға қолайлы тілдерде жасалады, «Тimеs New Rоmаn» шрифтінің мөлшері 12-ден кем емес, жол аралығы жалқы және абзац шегінісін қолдана отырып.
Жеке тұлғалар үшін осы қаулының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) тармақшаларында көрсетілген талаптар шарттың алғашқы екі бетінде (немесе шарт бір уақытта екі тілде ресімделетін болса парақты екі бағанға бөле отырып, алғашқы төрт бетте), 3-тармағының 13), 14), 15), 16) тармақшалары және 2-тармағының 6) тармақшасы тікелей олардан кейін көрсетіледі.
Заңды тұлғалар үшін осы қаулының 3-тармағының 1), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) тармақшаларында көрсетілген талаптар шарттың алғашқы екі бетінде (немесе шарт бір уақытта екі тілде ресімделетін болса парақты екі бағанға бөле отырып, алғашқы төрт бетте), 3-тармағының 2), 13), 14), 15), 16) тармақшалары және 2-тармағының 6) тармақшасы тікелей олардан кейін көрсетіледі.
11. Агенттік Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде - 4602 нөмірімен тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының актілер жинағы, 2007 жылғы наурыз – сәуір, «Заң газеті» газетінің 2007 жылғы 25 сәуірдегі № 62 (1265) жарияланған) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген, Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесінде:
1-тармақтың 3) тармақшасында «кредит беру туралы шарт» деген сөздер «(банктік заем шарт)» деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кредит беру, кепіл, талап ету құқықтарын беру немесе кредит бойынша борышты аудару туралы шарттардың түпнұсқаларына, оларға қосымша келісімдерге және банк банктің уәкілетті органы бекіткен шарттың үлгілік нысанын қолданусыз не банктің уәкілетті органы бекітусіз осындай үлгілік нысанды өзгертумен кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты жасасатын шарттардың түпнұсқаларына (бұдан әрі – шарттардың түпнұсқалары) банктің заң қызметі басшысының (банктің филиалында – банк филиалының заңгерінің) қолы қойылады және тараптардың қолы қойылады және заемшы - заңды тұлғаның және банктің мөрімен расталады.»;
3-1 және 3-2-тармақтар алып тасталсын;
9-тармақ мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
«9) кредиттік тарих субъектісінің өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге келісімінің көшірмесі (оның түпнұсқасы банктің ішкі құжаттарында бекітілген тәртіпте және шарттармен банк қоймасында сақталуы тиіс);
10) кредиттік тарих субъектісінің кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімінің көшірмесі (оның түпнұсқасы банктің ішкі құжаттарында бекітілген тәртіпте және шарттармен банк қоймасында сақталуы тиіс).».
12. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
13. Қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры (Л.Е. Үсенбекова):
1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап, он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне және, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» және «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестіктеріне және мәлімет үшін жеткізсін.
14. Агенттік Төрайымының Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
15. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары М.Б. Байсыновқа жүктелсін.
Төрайым Е. Бахмутова