Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 28 желтоқсандағы № 88 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 18 қаңтарда № 6737 тіркелді

Қолданыстағы

      Азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және өзге заңмен қорғалатын құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды, атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалау тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1118-баптарын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру бойынша нұсқаулық бекітілсін.
      2. (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2169 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетені, 2003 ж, № 14, 837-құжатта жарияланған) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының «Атқару өндірісінің заңдылығын прокурорлық қадағалау туралы» 2002 жылғы 27 желтоқсандағы № 79 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевқа жүктелсін.
      4. Бұйрық Бас әскери прокурорға, Бас көлік прокурорына, облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорларына, қала, аудан, әскери, көлік және мамандандырылған прокурорларға, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы ғылыми және басқа мекемелердің басшыларына жіберілсін.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры                                         Қ. Мәми

      Қазақстан Республикасы  
      Бас Прокурорының    
      2010 жылғы 28 желтоқсандағы
      № 88 бұйрығымен бекітілген

Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық
қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ

1. Жалпы ережелер

      1. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық істер жүргізу кодексіне (әрі қарай - ҚР АІЖК), Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы»«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» (әрі қарай - Заң) заңдарына және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес әзірленген және азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер, қылмыстық істердің мүліктік өндіріп алу бөлігі бойынша, сондай-ақ Заңның 9-бабында көзделген өзге де атқарушылық құжаттар бойынша атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды реттейді.
      2. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалаудың міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және өзге заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, сот актілерінің міндеттілігі принципін бұлжытпай сақтау, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықты алдын алу болып табылады.
      3. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау атқарушылық іс жүргізу органдарының және олардың лауазымдық тұлғаларының, жеке сот орындаушыларының актілері мен әрекеттерін (әрекетсіздігін) тексеру және олар заңсыз болған жағдайда прокурорлық қадағалау актісін енгізу, соттардың атқарушылық іс жүргізу саласындағы азаматтық істерді қарауына қатысу, сот актілерінің заңдылығын тексеру және олар заңсыз болған жағдайда наразылық келтіру арқылы жүзеге асырылады.
      4. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыруда прокуратура органдары қызметінің басымды бағыттары:
      атқарушылық іс жүргізу барысында денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты дербес қорғай алмайтын жеке тұлғалардың және мемлекеттің конституциялық құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қадағалау;
      атқарушылық іс жүргізу органдарымен және олардың лауазымды тұлғаларымен, жеке сот орындаушыларымен атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы дәлме-дәл әрі біркелкі қолдануын қадағалау;
      атқарушылық іс жүргізу органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының, жеке сот орындаушыларының актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы, атқарушылық іс жүргізу саласындағы басқа да істер, оның ішінде сотпен банкрот деп танылған ұйымдардың конкурстық өндірісі шеңберіндегі істер бойынша, сот актілерінің заңдылығын қадағалау.

2. Облыс, Алматы, Астана қалаларының прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру

      5. Атқарушылық іс жүргізу органдары және олардың лауазымды тұлғалары актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігін) заңдылығын тексеру атқарушылық іс жүргізу өндірістерін зерттеу, тікелей атқарушылық іс жүргізу органында, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарда тексеру жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры және оларға бағынышты прокурорлар, табиғатты қорғау прокурорлары, осы прокурорлардың бастамасы бойынша қозғалған азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер, қылмыстық істердің мүлікті өндіріп алу бөлігі жөніндегі соттармен жазылған атқару құжаттары бойынша атқарушылық іс жүргізу органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының актілері мен әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығын тексереді. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалаудың қалған бөлігін аумақтық прокурорлар жүзеге асырады.
      Қадағалау қызметі барысында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың тарапынан заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайда осы тармақта көрсетілген прокурорлар, оларды, сондай-ақ, заңды бұзуға әкелген себептер мен жағдайларды жоюға және кінәлі тұлғаларды заңда көзделген жауапкершілікке тарту туралы шаралар қолданады.
      6. Прокурорлар келесі жағдайларда азаматтық процеске түседі және істер бойынша қорытынды береді:
      прокурордың арызы немесе прокурорлық қадағалаудың басқа да актісі бойынша шығарылған сот актісінің негізінде қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық әрекеттерге дау айтылғанда;
      атқарушылық іс жүргізудің бір жағы денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өзінің құқықтары мен заңды мүддесін дербес қорғай алмайтын жеке тұлға немесе мемлекеттік мекеме болғанда;
      өндіріп алушымен немесе борышкермен, сонымен қатар, үшінші тұлғалармен және прокурормен атқарушылық іс жүргізу органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылғанда.
      Азаматтық іс жүргізудің барлық сатыларында аталмыш істерге қатысқан прокурорлар өздерінің ұстанымын қатаң заң талаптарына, істің материалдарына сәйкес анықтайды, оны, заңдылық, барлығының заң және сот алдында теңдігі принциптерін басшылыққа ала отырып, дәйекті қорғайды.
      Қатысушы прокурор істің материалдарымен танысу нәтижелерін жоғары тұрған прокурорға немесе оның орынбасарына алдын-ала баяндайды, және соңғылар іс бойынша қорытындыны бекітеді.
      Прокурордың қорытындысы жазбаша түрде жасалады, және онда мыналар көрсетіледі:
      істің атауы;
      тараптар;
      мәлімделген талаптардың мәні;
      талапкер мен жауапкер сілтеме жасайтын мән-жайлар;
      прокурордың тараптар ұсынған дәлелдер бойынша олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, растығы және жеткілігі тұрғысынан пікірі;
      қолданылуға жататын материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары;
      мәлімделген талаптардың мәні, сот шығындарын бөлу бойынша прокурордың тұжырымы.
      Сонымен қатар, аппеляциялық, кассациялық, қадағалау тәртібінде қарауға жататын іс бойынша қорытындыда келесі мәліметтер көрсетіледі:
      судья (баяндамашы, алқа құрамы), қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, соттың ұстанымы;
      қатысқан прокурорлар және қорытындылардың қысқаша мазмұны;
      шағым (өтініш) иесінің дәлелдері;
      істі зерделеу нәтижелері;
      шағымның (өтініштің) мәні бойынша тұжырымдар.
      Қадағалау қызметі барысында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, прокурор соттың алдында жеке ұйғарым шығару туралы өтініш жасайды, қосымша тексеру жүргізуге және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту, заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында шаралар қабылдау үшін жазбаша түрде жоғары тұрған прокурорға хабарлайды.
      7. Прокурорлар апелляциялық, кассациялық тәртіпте атқарушылық іс жүргізу немесе азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот шешімін, қаулысын орындау және сотпен банкрот деп танылған ұйымдардың конкурстық өндірісі барысындағы шығарылған заңға сәйкес келмейтін сот актілеріне наразылық келтіреді.
      Осындай істер бойынша апелляциялық наразылық ҚҰ АІЖК-нің 364- бабының бірінші бөлігінде белгіленген сот шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіздер болған жағдайда ғана келтіріледі. Кассациялық наразылық келтіру үшін негіздер болып табылатын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын бұзуы, дұрыс қолданбауы ҚР АІЖК-нің 365366-баптарында белгіленген.
      Аппелляциялық және кассациялық наразылықтар ҚР АІЖК-нің 335, 383-5-баптарының талаптарына сәйкес болуы тиіс.
      Осындай істер бойынша апелляциялық немесе кассациялық наразылықтар соттармен негізсіз қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда, сонымен қатар, істерді қарау кезінде соттар материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын едәуір бұзған жағдайда, облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар жоғарғы тұрған прокурорға ҚР АІЖК-нің 390-бабының талаптарына сай келетін жоғары тұрған сот сатысына наразылық келтіру және істі талап ету туралы ұсыныс енгізеді. Ұсынысқа қадағалау, атқарушылық іс жүргізу (олар болған жағдайда) және іс бойынша шығарылған барлық сот актілерінің, келтірілген наразылықтардың көшірмелері қоса тіркеледі.
      8. Прокурорлар жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (әрі қарай САОК), оның жергілікті органдары лауазымды тұлғаларының, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының актілеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу саласындағы сот актілеріне келтірілген өтініштерін сапалы және заңда белгіленген мерзімде қарайды және шешеді.
      Өтініш атқарушылық іс жүргізуді, қажет болғанда азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді талап етумен шешіледі. Сонымен қатар, заңда белгіленген орындау мерзімі аяқталмаған атқару құжаттары бойынша атқарушылық іс жүргізулер прокуратураға келіп түскен сәтінен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде зерттеледі.
      Прокурор атқарушылық іс жүргізуді зерттеу барысында сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерінің, мемлекеттік бажды, атқарушылық санкцияны бюджетке өтеп алу шараларының заңдылығын, уақтылығын және толықтығын, борышкердің әрекетінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 524-бабында және 29-тарауының басқа да нормаларында белгіленген құқық бұзушылықтар белгілері көрінетін жағдайда сот орындаушысының борышкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғауының, сот шешімін орындаудан қасақана жасырылатын тұлғаларға қатысты материалдарды, қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін қылмыстық қуғындау органдарына берудің заңдылығын, уақыттылығын және толықтығын тексереді.
      Атқарушылық іс жүргізуді (істі) зерттеу нәтижесінде, оны зерттеген прокурор дәлелді қорытынды және арызданушыға жауап дайындайды. Қорытындыны бекіту және жауапқа қол қою тәртібі Бас прокуратураның жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      Сот немесе сот орындаушысының актісіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілген жағдайда атқарушылық іс жүргізу (іс) бойынша қорытынды жасалмайды.
      9. Атқарушылық құжатының орындалу мерзімі аяқталмаған атқарушылық іс жүргізу бойынша өндіріп алушының немесе борышкердің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне едәуір зиян келтірілуі мүмкіндігіне әкеліп соғатын анық заң бұзушылықтары және атқарушылық әрекеттердің толық емес екендігі анықталғанда, мемлекеттік сот орындаушысына немесе сот орындаушыларының аумақтық бөлімінің жетекшесіне прокурор өз құзіретінің шеңберінде заң бұзушылықты жою туралы, ал қажеті болған жағдайда, нақты атқарушылық әрекеттер жасау туралы ұйғарым енгізеді.
      Мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысы заңсыз қаулы шығарған жағдайда прокурор өз құзыретінің шеңберінде тиісінше сот орындаушыларының аумақтық бөлімінің жетекшісіне, жеке сот орындаушысына оны бұзу туралы талаппен наразылық келтіреді. Атқарушылық іс жүргізу заңсыз тоқтатылған жағдайда наразылықта оны тез арада қайта жаңғыртып, атқарушылық құжатын орындауға шара қолдану туралы мәселе қойылады.
      Заңды бір рет дөрекі немесе жүйелі түрде бұзылғандығы анықталған жағдайда прокурор өз құзыретінің шеңберінде облыс, Алматы, Астана қалаларының сот актілерін орындау департаментіне немесе сот орындаушылары аумақтық бөлімінің жетекшісіне, жеке сот орындаушыларының аумақтық алқасына тиісінше мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысы жіберген заңдылық бұзушылықты жою туралы ұсыным енгізеді.
      Мемлекеттік сот орындаушысының, атқарушылық іс жүргізу органының басқа да лауазымды тұлғасының немесе жеке сот орындаушысының тарапынан анық және дөрекі заң бұзушылық анықталған жағдайда прокурор өз құзыретінің шеңберінде кінәлі тұлғаны тәртіптік немесе заңда көзделген басқа да жауапкершілікке тартуға бағытталған шаралар қолданады.
      Прокурорлық қадағалау актісінің орындалуы оны енгізген прокурордың бақылауында болады.
      10. Прокурорлар мемлекеттің пайдасына, денсаулығына немесе жасына байланысты өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін дербес қорғай алмайтын тұлғалардың пайдасына, прокурорлардың талап арыздары бойынша ақшалай және өзге де өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттары бойынша бөлек негіздемелермен республикалық меншікке айналған (түскен) мүлікті, сондай-ақ, сот тәртібімен алынған тыйым салынған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және өткізу қызметін заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға уәкілетті органның, оның филиалдарының және басқа мамандандырылған ұйымдардың қызметінің заңдылығын тексереді.
      11. Облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары кемінде жылына бір рет облыс, Алматы, Астана қалаларының сот актілерін орындау департаментінің және олардың атқарушылық әрекеттерді жасауға уәкілеті бар лауазымдық тұлғаларының қызметінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың қолданылуын тексереді. Тексеру қорытындылары туралы ақпарат Бас прокуратураға тексеру жүргізілген айдан кейінгі айдың 7 күніне дейін тапсырылады.
      Облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары тоқсан сайын аумақта атқарушылық іс жүргізудің заңдылығына прокурорлық қадағалаудың жай-күйін, сот төрелігін жүзеге асыру және атқару құжаттарын орындау кезіндегі заңдылықтықтың жай-күйін талдайды. Талдаудың қорытындылары туралы ақпарат Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 7 күніне дейін тапсырылады.
      12. Облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар жылдың қорытындылары бойынша мемлекеттің табысына ақшалай және басқа да өндіріп алулар туралы атқару құжаттарының, сонымен қатар, прокурорлардың талаптары бойынша шығарылған сот актілерінің орындалу барысындағы заңдылықтың жай-күйін жинақтап қорытындылайды. Жинақтап қорытындылаудың нәтижелері туралы ақпарат Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі жылдың қаңтар айының 7 күніне дейін тапсырылады.

3. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру

      13. Бас прокуратураның департаменті азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша, қылмыстық істердің мүліктік өндірулер бөлігі бойынша атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың өтініштерін, қадағалау тәртібімен наразылық келтіру туралы өтініштерді қарау, Комитеттің қызметін тексеру, атқарушылық іс жүргізудегі заңдылықтың жағдайын талдау арқылы жүзеге асырады.
      14. Заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын Бас прокуратура тексереді.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік және азаматтық істер бойынша қадағалау сот алқасының қарауына тағайындалған азаматтық істерді зерттеудің нәтижелері бойынша департаменттің прокурорлары, Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітетін дәлелді қорытындылар жасайды. Қорытынды осы Нұсқаулықтың 6 тармағында көзделген талаптарға сәйкес жасалады.
      Департамент Жоғарғы Сотпен атқарушылық іс жүргізуге байланысты прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша сот актілерінің, оларды қарау кезінде берілген қорытындылардың, сонымен қатар, жүргізілген тексерулердің, енгізілген және қаралған прокурорлық қадағалау актілерінің есебін жүргізеді.
      15. Департамент САОК-нің атқару құжаттарын орындауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметін; бөлек негіздемелермен республикалық меншікке айналған (түскен) мүлікті, сонымен қатар, сот тәртібімен алынған тыйым салынған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және өткізу қызметін заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға уәкілетті органның және оның филиалдарының қызметін тексереді; мемлекет табысына ақшалай және басқа өндіріп алулар туралы атқару құжаттарының, сондай-ақ, прокурорлардың талаптары бойынша шығарылған сот актілерінің орындалу барысындағы заңдылықтың жағдайын жинақтап қорытындылайды.
      16. Департамент қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу, Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша Парламент палаталары мен комитеттерінің, Үкіметінің, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарының жұмыс топтары құрамына қатысу, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, соның ішінде Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының жобаларына қорытындылар дайындау арқылы норма шығармашылық қызметке қатысады.

4. Қорытынды ережелер

      17. Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау саласындағы прокурорлардың қызметін бағалау өлшемдері іс жүргізуге қабылданған өтініштерді сапалы және уақытылы шешу, мемлекет табысына ақшалай және басқа да өндіріп алулар туралы сот актілерінің нақты орындалу деңгейіне прокурорлық қадағалау актілерінің әсер етуі, прокурорлардың бастамасымен қозғалған істер бойынша сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету, Бас прокуратураның Стратегиялық жоспарының мақсатты көрсеткіштеріне жету болып табылады.
      18. Бас прокуратураның департаменті атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру жөнінде төмен тұрған прокуратуралардың қызметіне басшылық жасауды және бақылауды қамтамасыз етеді, қадағалаудың осы саласындағы жұмыстың тиімділігін көтеруге қолдау көрсетеді; Бас прокуратураның басқа да бөлімшелерімен, Жоғарғы Сотпен, САОК-мен, ғылыми және оқу мекемелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
      19. Бас прокуратураның департаменті қадағалаудың қазіргі заманғы әдістемелерін енгізу, атқарушылық іс жүргізу заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін оларды оқыту және тағылымдамадан өткізу, соның ішінде шет мемлекеттердің оқу орындарында, әдістемелік және практикалық көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді.
      20. Бас прокуратураның департаменті, облыс, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары, ауданаралық, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және өзге де мамандандырылған прокурорлар бұқаралық ақпарат құралдарда заңдылық пен құқықтық тәртіптің жағдайын, қадағалау қызметінің қорытындыларын жариялау арқылы прокуратура органдарының бейнелік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етеді.