Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне сату Ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Жоғары Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының 2009 жылғы 1 шілдедегі N 259-п Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 30 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5839 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 15 қазандағы № 281 Бұйрығымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 2010.10.15 № 281 (ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      2008 жылғы 10 желтоқсанда бекітілген "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 618-бабына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы N 471 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеті туралы Ережесінің 17-тармағының 7) тармақшасына, БҰЙЫРАМЫН: қараңыз.U101039
      1. Осы бұйрыққа тіркелінетін Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне сату Ережелері бекітілсін.
      2. Атқару өндірісін ұйымдастыру департаменті (Б.Ә. Жоламанов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуді қамтамасыз етсін.
      3. Бұйрықтың орындалуын қадағалау Комитеттің Атқару өндірісін ұйымдастыру департаментіне (Б.Ә. Жоламанов) жүктелсін.
      4. Осы Бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      ҚР Жоғарғы Соты жанындағы
      Сот әкімшілігі жөніндегі
      комитет Төрағасы                                   И. Елекеев

      "Келісілді"
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі
      ___________ Б. Жәмішев
      2009 жылғы 29 қыркүйек

Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Соты жанындағы Сот әкімшілігі
жөніндегі комитет Төрағасының
2009 жылғы 01 шілдедегі   
N 259-П бұйрығымен бекітілді 

Салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне сату
ЕРЕЖЕЛЕРІ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережелер салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне сату тәртібін анықтайды (бұдан әрі – билік етуі шектелген мүлік).
      2. Осы Ережелерде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      аукцион – билік етуі шектелген мүлкін сату үшін алдын ала анықталған орын және уақыттағы жария конкурстық сауда-саттық;
      сауда-саттықтың ағылшын әдісі – сауда-саттықтың арнайы әдісі, мұнда бастапқы құн алдын ала жарияланған қадаммен ең жоғары баға ұсынған жалғыз қатысушы қалғанға дейін көтеріледі;
      сауда-саттықтың голланд әдісі – сауда-саттықтың арнайы әдісі, мұнда бастапқы құн қатысушылардың бірі сауда-саттық затын жарияланған бағамен сатып алуға келісім бергенге дейін жарияланған қадаммен төмендейді;
      кепілдік жарна – салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкін өткізу үшін жарияланған сауда–саттыққа қатысуға ниет білдірген тұлғалардан немесе олардың атынан бюджетті орындайтын орталық органның жазбаша рұқсатымен Соттар әкімшісіне ашылған қолма-қол ақшаның бақылау шотына уақытша енгізілген қаражат;
      мүлік – салық берешегі шотына өндіріп алынатын салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкі;
      лот – тұтас бөлінбейтін аукцион заты болып табылатын заттар жиынтығы (немесе бір зат);
      лоттың ең төменгі бағасы – лот осы бағадан төмен бағамен сатылмайды;
      ұйымдастырушы – сауда-саттықты және басқа да арнайы шараны ұйымдастырушы мамандырылған ұйым, осындай ұйымдастырушының заңнамада белгіленген тәртіппен сауда-саттық жүргізуге құқығы бар, Соттар әкімшісі осы ұйыммен сауда-саттық жүргізу үшін келісім-шарт жасасқан;
      жеңімпаз – сауда-саттықты жеңген тұлға, яғни сауда-саттық затының ең жоғарғы бағасын ұсынған аукционға қатысушы, немесе тауарды (голланд әдісі бойынша өткізілген сауда-саттықта) аукционшы жариялаған бағамен сатып алуды ең бірінші болып ұсынған, сауда-саттықты жүргізу хаттамасына қол қайған тұлға;
      сатып алушы – сауда-саттықты жеңген тұлға, сатып алу-сату шартына қол қойған және мүлікті сатып алу құнымен сатып алған тұлға;
      мүлікті сатып алу құны – сауда-саттық жеңімпазы мүлікті сауда-саттық хаттамасына сәйкес осы бағамен сатып алуға ниет білдірген және міндеттенген құн;
      өнім беруші – жеке кәсіпкер, уәкілетті органмен (Соттар әкімшісімен) (меншікті бағалау, тасымалдау, сақтау, өткізу және т.б.) қызмет көрсету жөніндегі келісім-шарт жасасып, оның келесім шарт агенті болып табылатын заңды тұлға;
      аукцион заты - сауда-саттыққа шығарылатын барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
      мүлікті сатуға шыққан шығындар – меншікті сақтау, тасымалдау, бағалау, өткізу және меншікті өткізуге қажетті басқа да қызметтерді жүзеге асырғаны үшін өнім берушіге төленетін ақша сомасы;
      бастапқы құн – сауда-саттықта лотты сату осы бағамен басталады;
      қатысушы - сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген және осы Ережелердің 20-тармағында көрсетілген шарттарды орындаған жеке немесе заңды тұлға;
      бағаның өзгеру қадамы – меншікті сату құнының көтерілуі немесе төмендеуі.

2. Мүлікті сатуға тапсыру

      3. Мүлікті сатуға тапсырудың басты негізі – салық органының салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін өндіріп алу туралы қаулысы, мүліктің билік етілуін шектеу туралы салық органы шешімінің көшірмелері және тізімдеме актісі болып табылады.
      4. Салық органы Соттар әкімшісіне осы Ережелердің 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады, мұнда салық органының өкілдері мен Соттар әкімшісі салық төлеушінің алдында (салық агенті) мүлкінің сақталғандығы тексеріліп, мүлік болуы туралы актісі жасалады. Салық төлеуші келмеген немесе қол қоюдан бас тартқан жағдайда, кем дегенде екі куәгердің қатысуымен жоғарыда аталған мүлік болуы туралы актісі жасалады.
      5. Мүлік болуы туралы актісіне қол қойылғаннан кейін, Соттар әкімшісі салық төлеушіге (салық агентіне) мүлікті сақтауды тапсырады немесе оны алып қою актісі арқылы алып, оны тиісті қызметпен қамтамасыз етушіге тапсырады. Мүлікті бағалау оны алу-тапсыру күнінен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
      6. Мүлікке бағаны жеке және заңды тұлға белгілейді, ол үшін осы тұлғалардың (баға беру туралы заңнамасына сәйкес) баға белгілеу қызметін жүзеге асыруға лицензиясы болуы тиіс. Мүлікті бағалау жөніндегі актінің көшірмесі салық органының өзіне жіберіледі немесе Соттар әкімшісі оны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тапсырыс хаты нысанында жіберіледі. Мүлікті бағалау жөніндегі актінің көшірмесі салық органына жіберілгеннен кейін Соттар әкімшісі он күнтізбелік күн ішінде мүлікті сауда-саттыққа шығарады.
      7. Мүлікті сауда-саттыққа шығару өтінімді ұйымдастырушы тұлғаға салық органының билік етуі шектелген мүлікті сату жөніндегі қосымша қаулысының көшірмесінен қоса мүліктің билік етілуін шектеу туралы шешімінің көшірмесі, меншікті бағалау жөніндегі актінің көшірмесін жіберу жолымен жүзеге асырылады.
      8. Егер баға белгілеуші тұлғаның қорытындысына сәйкес мүлікті сату мүмкін емес болса немесе оны сатудан түскен кіріс сомасы жоспарланған кіріс сомасынан кем болса, Соттар әкімшісі мүлікті бұнан әрі сатуды жүзеге асырмайды. Осындай жағдайда салық органы салық төлеушіге хабарлама жіберіп, мүлік салық төлеушіге (салық агентіне) қайтарылады.

3. Мүлікті өткізуге дайындық

      9. Мүлікті өткізу әуелі ағылшын әдісі бойынша өткізілген сауда-саттықтарда аукцион нысанында жүргізіледі. Мүлікті ағылшын әдісі бойынша сауда-саттыққа шығару кезіндегі бастапқы құн бағалау құнына тең болуы тиіс.
      10. Алдағы сауда-саттық жөніндегі хабарландырулар ресми хабарландыруларды басуға құқығы бар жергілікті мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай–ақ, қажет болса, басқа бұқаралық ақпарат құралдарында сауда-саттық өткізуге дейін он күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде басылады.
      11. Сауда-саттықты өткізу жөніндегі хабарландыруларда келесі мәліметтер берілулері тиіс:
      1) лот (мүлік) атауы, оның сипаттамасы (қысқаша сипаттамасы);
      2) лоттың бастапқы құны;
      3) сауда-саттықты өткізу күні, уақыты және орны;
      4) сауда-саттықты өткізу әдісі;
      5) сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарнаның мөлшері және кепілдік жарна аударылуы тиіс ақшаны уақытша орналастырудың Соттар әкімшісінің қолма қол ақшаның бақылау шотының деректемелері.
      6) сауда-саттыққа қатысуға тапсырыстарды қабылдау мекен-жайы, уақыты және мерзімдері;
      7) аукцион затымен танысу күні, уақыты және тәртібі;
      8) ақпарат алу телефондары мен мекен-жайы;
      9) Соттар әкімшісі және ұйымдастырушының қарауына байланысты басқа да мәліметтер.
      12. Сауда-саттыққа қатысуға берілетін өтінімде қатысушының барлық мәліметтері (тегі, аты-жөні, жеке куәлігі мәліметтері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, идентификациялық нөмірі (ЖСК/БСН) болған кезде; ал басқа тұлғалардың мүддесін білдіретін тұлғалар үшін: Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасына сәйкес берілген сенімхат, ал заңды тұлғаның өкілдері үшін көрсетілген мәліметтермен қоса: заңды тұлға немесе органның толық атауы, мекен-жайы және деректемелері) көрсетілуі тиіс.
      13. Сауда-саттыққа қатысуға берілетін өтінімдерді ұйымдастырушы және (немесе) сол үшін уәкілетті Соттар әкімшілігі қызметкері қабылдайды. Сауда-саттыққа қатысуға берілетін өтінімдерді қабылдау сауда-саттықтан 24 сағат бұрын тоқтатылады.
      14. Алдағы сауда-саттық жөніндегі хабарландыру басылғаннан кейін, ұйымдастырушы және Соттар әкімшісі әлеуетті сатып алушыдан (жұмыс барысында) неғұрлым бөгетсіз және үздіксіз өтінім қабылдауды қамтамасыз етулері тиіс.

4. Сауда-саттыққа қатысу шарттары және қатысушыларды тіркеу

      15. Соттар әкімшісі қызметкерлері, сондай-ақ олардың жақын туыстары (ата-анасы, балалары, асырап алушы, асырап алынғандар, толықтай және толықтай емес ағайындар мен апалылар, аталары, әжелері, немерелері, зайыптары) мүлікті сату жөніндегі сауда-саттыққа сатып алушы ретінде қатыса алмайды.
      16. Бір-бірімен жақын туыстық қатынастарда болатын тұлғалар (ата-анасы, балалары, асырап алушы, асырап алынғандар, толықтай және толықтай емес ағайындар мен апалылар, аталары, әжелері, немерелері, зайыптары) бір лотты сату жөніндегі сауда-саттыққа қатысуға рұқсат етілмейді.
      17. Сауда-саттыққа қатысуға ниет білдірген тұлғалар сауда-саттыққа қатысушы ретінде келесі құжаттарды ұсынуы қажет:
      1) сауда-саттыққа қатысуға өтінім;
      2) осы Ережелердің 15 және 16 тармақтарында көрсетілген сауда-саттыққа қатысуға еш бөгет жоқ екенін растайтын өтініш;
      3) Қатысушының жеке басын растайтын куәлік және жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымын растайтын құжаттың түпнұсқасы;
      4) Кепілдік жарнаның енгізілгендігін растайтын төлем құжаты;
      5) Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жоғарыда көрсетілген құжаттармен қоса салық төлеушінің (салық агентінің) куәлігі, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу куәлігі – көшірмелері және түпнұсқалары, оларды салыстыру мақсатында ұсынулары тиіс;
      6) шетелдік заңды тұлғалар жоғарыда көрсетілген құжаттармен қоса құрылтайшы құжаттар мен олардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармаларын ұсынулары тиіс.
      18. Сауда-саттыққа қатысу үшін енгізілетін кепілдік жарнаның мөлшері мүліктің бастапқы бағасының 5%-ға тең және ол ақшаны уақытша орналастырудың Соттар әкімшісінің қолма-қол ақшаның бақылау шотына төленеді.
      19. Барлық жеке және заңды тұлға немесе оның өкілі, сонымен қатар басқа да заңды және жеке тұлғалар қатысушының атынан кепілдік жарна енгізе алады.
      20. Сауда-саттықты жеңген тұлғаның кепілдік жарнасы мүлікті сатып алу құнының есебіне қосылады. Сауда-саттыққа қатысқан басқа тұлғалардың кепілдік жарнасы қайтарылуы тиіс.
      21. Кепілдік жарна енгізген тұлғаларға кепілдік жарна келесі жағдайларда қайтарылмайды және мемлекеттік кірісіне түседі:
      1) егер сатып алушы осы Ережелермен бекітілген мерзімнің ішінде мүліктің сатып алу құнын енгізбесе;
      2) егер сатып алушының сауда-саттыққа қатысуға құқығы жоқ екені анықталса;
      3) егер сатып алушы сауда-саттықтың басталуына дейін 24 сағаттан кем уақытта сауда-саттыққа қатысудан бас тартса.
      22. Сауда-саттыққа қатысушылардың:
      1) сауда-саттыққа олардың өздері немесе өкілдері арқылы қатыса алады;
      2) мүлік жөнінде тегін қосымша ақпарат ала алады;
      3) сауда-саттықта сатылатын мүлікті алдын ала көре алады;
      4) сауда-саттыққа дейін 24 сағаттан кешіктермей өтінішін кері қайтарып ала алады;
      5) құқықтары бұзылған жағдайда сотқа жүгіне алады.
      23. Ұйымдастырушылар сауда-саттыққа қатысушыларға мынадай мәліметтерден тұратын билеттер дайындайды:
      1) сауда-саттыққа қатысушының сауда-саттыққа қатысатын нөмірі;
      2) өтінім берілген лоттың атауы және нөмірі;
      24. Тіркеуден өткен тұлғаға сауда-саттыққа қатысушының билеті беріледі, осы билет сауда-саттық өтетін күні аукцион нөміріне айырбасталады. Сауда-саттық процесі кезінде басқа тұлғаға осы аукцион нөмірін пайдалануға жол берілмейді.

5. Сауда-саттықты өткізу тәртібі

      25. Сауда-саттықты өткізуге ұйымдастырушының басқарушысы арнайы уәкілет еткен тұлға (аукционшы) ғана сауда-саттықты өткізуі тиіс.
      26. Соттар әкімшісінің мүлікті сату жөніндегі өкілі сауда-саттыққа қатысуы тиіс, сонымен қатар салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлікті сатуға қаулы шығарған салық органының өкілі де қатыса алады. Ұйымдастырушы салық органына, Соттар әкімшісіне және салық төлеушіге (салық агентін) мүліктің сауда-саттық арқылы өткізілу уақыты мен орны жөнінде сауда-саттықты өткізу күнінен үш күн бұрын хабарлайды.
      Салық төлеушінің (салық агентінің) және салық органының сауда-саттыққа келмей қалуы сауда-саттықты өткізуге бөгет жасамайды және оның нәтижелеріне әсер етпейді.
      27. Сауда-саттық оны өткізудің тәртібін жариялаудан басталады.
      28. Сауда-саттықтың барлық қатысушылары бір-бірінен түзу көрерлік қарсысында орналасады.
      29. Әр лот бойынша сауда-саттық лотының атауын, қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткізу әдісін, бастапқы құнын аукционшының жариялауымен басталады.
      30. Сауда-саттықта бағаның өзгеру қадамы, бағаның көтерілуі мен төмендеуіне қарай мүліктің бастапқы бағасының 5%-на тең етіп белгіленеді.
      31. Алғашқы сауда-саттықтар ағылшын әдісі бойынша өткізіледі, егер бастапқы бағадан кейін қатысушылардың ешқайсысы бастапқы немесе неғұрлым жоғарғы бағаны ұсынбаса, сауда-саттық өткізілмеген болып есептелінеді, сол сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамада жазылады. Бірінші сауда-саттықтан өтпеген мүліктер осы ереженің 3-тарауының талаптарын сақтай отырып голланд әдісі бойынша қайта сауда-саттыққа түседі.
      32. Аукционшы лоттың бастапқы бағасын хабарлаған кезде, аукционға қатысушылар нөмірді көтеру арқылы мүлікті сатып алу туралы өзінің ниетін білдіреді.
      33. Бірден артық нөмір көтерілсе, бастапқы баға жарияланған бағаға дейін көтеріледі. Сол үшін аукционшы аукционға қатысушылардың нөмірлерін жариялап, бағаны бекітіп, оны көтеруді ұсынады. Неғұрлым жоғарғы баға ұсынған аукционға қатысушы – жеңімпаз аталады.
      34. Аукционшы лоттың ең соңғы бағасын үш рет қайталайды және басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде, балғаны ұру арқылы лоттың құрамына кіретін мүліктің сатылғандығы туралы хабарлайды.
      35. Сауда-саттықты өткізу күнінен бастап үш күн ішінде Соттар әкімшісінің қолма қол ақшаның бақылау шотына мүліктің сатып алу құнын енгізбеген сауда-саттық жеңімпазы осы лот бойынша басқа сауда-саттыққа қатысу құқығынан айырылады. Осындай жағдайда, сауда-саттыққа үш не одан да көп тұлға қатысқан болса, мүлік кері кезекте соңғы сәйкес ең жоғары бағаға ұсынылған сауда-саттыққа көрсетілген қатысушыларға ұсынылады. Бұл қатысушылар да бас тартқан жағдайда, Соттар әкімшісі қызметкерімен сауда-саттықтың өтпегені туралы акт жасақталып, мүлік келесі сауда-саттыққа шығарылады.
      36. Сауда-саттық өтпеді деп танылады, егер:
      1) лотты сату жөніндегі сауда-саттыққа екеуден кем сатып алушы келсе;
      2) сауда-саттық барысында қатысушылардың барлығы мүлікті сауда-саттықта ұсынылған бағамен сатып алуға ниет білдірмесе.
      37. Сауда-саттықтың голланд әдісі бойынша лоттың ең төмен бағасы 50%-дан аукцицондағы бастапқы құннан төмен болмауы керек.
      38. Жарияланған баға бойынша нөмірін бірінші болып көтерген қатысушының аты аталады, лоттың бағасы үш рет қайталанып, басқа қатысушылар бұдан жоғары бағалар ұсынбаса, аукционшы балғаны ұрып, қатысушы осы лот бойынша жеңімпаз аталады.
      Егер қатысушылардың барлығы мүлікті сатып алуға ниет білдірмесе және аукционшы лот бағасын жариялаған кезде, аукцион нөмірі көтерілмеген жағдайда, сауда-саттық әрі қарай жалғасады.
      Егер лот үшін ең төменгі баға жарияланып, нөмірлер көтерілмесе, аукцион тоқтатылып, сауда-саттық өтпеді деп танылады.
      39. Қайталанған сауда-саттыққа қатысушы тұлға мүлікті сатып алуға келіскен болса, ол ұйымдастырушыға қатысушының аукцион нөмірін ұсынып, сауда-саттық хаттамасына қол қоюы тиіс.
      40. Сауда-саттық нәтижелері бойынша міндетті түрде хаттама құрастырылады да, оған аукционға қатысушылар, аукцион жеңімпазы, сауда-саттықты ұйымдастырушы (аукционшы) және Соттар әкімшісінің өкілі қол қояды. Хаттаманың түпнұсқасы сауда-саттықты ұйымдастырушыда, ал көшірмелері қатысушыларда, сауда-саттықтың жеңімпазы, салық органының өкілінде және Соттар әкімшісінің өкілінде қалады. Қатысушылардың өтініші және Соттар әкімшісі өкілінің өтінімі бойынша, сауда-саттықты таспаға түсіру рұқсат етіледі.
      Хабардар етілген салық органының өкілі сауда-саттыққа келмеген кезде, мүлікті сату жөніндегі сауда-саттық хаттамасының көшірмесі, осы хаттама толтырылған кезден кейін үш жұмыс күні ішінде салық органының өзіне немесе тапсырыс хат ретінде салық органына жіберіледі.
      41. Сауда-саттық жеңімпазы сауда-саттық өткен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде Соттар әкімшісінің қолма қол ақшаның бақылау шотына сатып алу құнын енгізуі қажет.
      42. Сатып алушы мүліктің сатып алу құнын толығымен енгізгеннен кейін Соттар әкімшісі өткен сауда-саттық жөнінде акт шығарып, мүлікті сатып алу-сату шарты дайындалады.
      43. Мүлікті сатып алу-сату шартына сатып алушы және салық төлеуші (салық агенті) қол қояды. Соттар әкімшісі салық төлеушіге (салық агентіне) мүлікті билік етуді шектеу туралы шешімде көрсетілген заңды мекен-жайы бойынша сатып алу-сату шартына қол қоюы жөніндегі хабарлама жібереді.
      44. Соттар әкімшісі салық органына сатылмаған мүлікті қабылдау-тапсыру актісі бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) өз қолына немесе тапсырыс хаты ретінде хабарлап, қабылдау-тапсыру актісі жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қайтарады.
      45. Мүлікті сауда-саттықтан алу салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкін билік етуді шектеу жөніндегі салық органының хаты негізінде сауда-саттықты өткізуге дейін жүзеге асырылады.

6. Мүлікті сату және қызметпен қамтамасыз етушінің қызметін қайтарудан алынған соманы бөлу

      46. Билік етуі шектелген мүлікті сатудан алынған сома, ең алдымен, мүлікті сатудан, сонымен қатар мүлікті бағалау, сақтау, тасымалдау бойынша қызмет көрсетушілерге төлем жасаудан алынған шығысты өтеу үшін пайдаланылады. Қалған соманы бөлу кезінде салық бойынша пайда болған салық төлеушінің (салық агентінің) берешегі есебіне бюджетке аударылады.
      47. Салық органы мүліктің сатып алу құнын ақшаны уақытша орналастырудың Соттар әкімшісінің қолма-қол ақшаның бақылау шотына толығымен аудару жөніндегі Соттар әкімшісінен жазбаша хабарлама алғаннан кейін, үш жұмыс күні ішінде Соттар әкімшісіне мүліктің сатып алу құнынан алып өтелуі тиіс салық берешегі жөнінде ақпарат береді және салық берешегі сомасын аудару үшін деректемелер ұсынады. Салық органы ұсынған осы деректемелер негізінде, Соттар әкімшісінің уәкілетті қызметкері үш жұмыс күні ішінде мүлікті өткізуден түскен соманы бөлу жөнінде өтінім құрастырып, оны қолма-қол ақшаның бақылау шоты үшін жауапты Соттар әкімшісі қызметкеріне жібереді. Өтінімді Соттар әкімшісі басшысының орынбасарымен және бас есепшімен мақұлданады. Қолма-қол ақшаның бақылау шоты үшін жауапты Соттар әкімшісі қызметкері тиісті өтінім алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде барлық соманы аударады.
      48. Салық төлеуші (салық агенті) салық берешегін толығымен өтеген жағдайда немесе салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкі екі сауда-саттықтан кейін сатылмай қалған немесе барлық шығындарды өтеуге түскен ақшаның жеткіліксіз болған жағдайда, Соттар әкімшісі салық төлеушіге (салық агентіне) оның барлық мүлкін сатудан алынған барлық шығындарды сонымен қатар бюджет шығындарын өтеуі қажет жөнінде хабарлама жібереді. Егер салық төлеуші (салық агенті) одан бас тартса, Соттар әкімшісі оған сот тәртібімен барлық шығындарды өтеу міндеттемелерін жүктейді.

7. Қорытынды ережелер

      49. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкін сату кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Соттар әкімшісіне бөлінетін бюджеттік қаражат пайдаланылуы мүмкін.
      50. Осы Ережелерде көрсетілген мерзімдер ала-ауыздық туындаған кезде немесе басқа негізді себептермен Соттар әкімшісі және салық органы арасындағы жазбаша келісім бойынша тоқтатылады.
      51. Осы Ережелерде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес шешілуі тиіс.