Кітапхана қорларын сақтау және пайдалану жөніндегі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2007 жылғы 25 мамырдағы N 152 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 19 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4748 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  24-бабына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса беріліп отырған Кітапхана қорларын сақтау және пайдалану жөніндегі Ереже бекітілсін.
      2. Тарихи-мәдени мұра департаменті белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      4. Осы бұйрық оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

                                         Қазақстан Республикасы
                                   Мәдениет және ақпарат министрінің
                                          міндетін атқарушының
                                        2007 жылғы 25 мамырдағы
                                      N 152 бұйрығымен бекітілген

Кітапхана қорларын сақтау және пайдалану жөніндегі ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже 2006 жылғы 15 желтоқсандағы»"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік кітапханаларда сақталатын құжаттардың сақталуы мен тиімді пайдалануын ұйымдастырудың тәртібін анықтайды. 

      2. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кітапханаларының кітапхана қоры мемлекеттің меншігі болып табылады және оның қорғауында болады.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кітапханаларының кітапхана қоры мемлекет қарамағынан алынуға және жекешелендіруге жатпайды. 

      4. Мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қоры баспа басылымдарын (кітаптар, кітапшалар, газеттер, журналдар) (бұдан әрі - баспа басылымдары) және материалдарды (CD-дискілер, дискеттер, флэш-порттар, микрофильмдер, аудио және видеобасылымдар) (бұдан әрі - материалдар) құрайды.

  2. Қордың сақталуын оны жинақтау және қолдану барысында қамтамасыз ету

      5. Кітапханалық өңдеуден өткен баспа басылымдары мен материалдар кітапхана қорына жіберіледі. Қорды орналастыру кезінде баспалардың сақталу және жайғастыру тәртібі сақталуы тиіс. Өңделмеген баспа басылымдары мен материалдар қолдануға берілмейді.
      Қорларды кітапханалық өңдеу процесіне кітапхана қорларын қорғауды қамтамасыздандыратын штрихкодтау жүйесі немесе электромагниттік технологиялардың басқа жүйелері енгізіледі.

     6. Бөгде адамдардың қор сақталатын бөлімдерге кіруіне жол берілмейді. Ашық қорларға кіруге оқырмандар басылымдарды беру үшін және кітапханашының қатысуымен ғана жіберіледі. Кітапханада баспа басылымдары мен материалдардың алып кетуін бақылайтын тексеру-өткізу тәртібі қамтамасыздандырылады.

      7. Жинақтау, өңдеу, сақтау бөлімдері және қосалқы қорлар бөлмелерінде көпшілік іс-шаралар өткізуге жол берілмейді.

      8. Кітапхана басылымдарды жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстарын (түсіп қалған парақтарды жапсыру, жыртылған жерлерді жапсыру, мұқабаны, қатырма бетті желімдеу) ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

      9. Оқырмандардың жоғары сұранысына ие жұмсақ мұқабалы немесе мұқабасыз, сондай-ақ тұрақты және ұзақ сақталымға арналған баспа басылымдарын қайта мұқабалап отыру керек.
      Қолдану мүмкіндіктерін кеңейту үшін жоғары сұранысқа ие жеке басылымдар немесе олардың бөлімдері түрлі әдістермен көшіріледі. Грампластинкалар, аудио және видео басылымдар, CD-дискілер де сандық көшіру процестерінен өтеді.
      Ұзақ және тұрақты сақтау мақсатында ғылыми, тарихи және көркемдік тұрғыдан құнды басылымдардың сақтандыру сандық қоры (электрондық көшірмелері) құрылады. Сақтандыру қоры ақпараттық қорғау және қауіпсіздендіру технологияларымен қамсыздандырылған депозитарлық электрондық сақтау қоймасында сақталуға тиіс.

      10. Кітапхана салаға қатысы жоқ және артық дублетті әдебиетті басқа кітапханаларға сұранысы бойынша олардың ведомстволық бағыныштылығына қарамастан бере алады.

      11. Көнерген, дублеттік, жоғалтып алынған, мазмұны бойынша ескірген баспа басылымдары мен материалдар 2000 жылғы 1 қарашадағы N 470 Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің  бұйрығымен бекітіліп, N 1291 нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркелімі Реестрінде тіркелген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен республикалық мемлекеттік мекемелерге бекітілген мүлікті есептен шығарудың тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес есептен шығарылады.

      12. Кітапхана қорын қайта түгендеуге (жаңа инвентарлық нөмір беруге) жол берілмейді. Айрықша жағдайларда (табиғи апат, өрт) сол кітапхана тікелей құзырына кіретін жоғарғы тұрған ұйымның рұқсатымен қайта түгендеу жұмысы жүргізілуі мүмкін.

      13. Кітапхана қорында сақталатын баспа басылымдары мен материалдар оқырмандардың қолданысына абономентте, оқу залдарында, арнаулы қызмет көрсету бөлімдерінде, страционардан тыс қосындарда, кітапханааралық абономент бойынша беріледі.

      14. Кітапхана қызметкерлері оқырмандық берешіктерді болдырмау және жою бойынша тұрақты жұмыстар жүргізеді.