Банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 23 ақпандағы N 49 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 5 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4602 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      Екінші деңгейдегі банктердің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесі осы қаулының  1-қосымшасына  сәйкес бекітілсін.

      2. Осы қаулының  2-қосымшасына  сәйкес нормативтік құқықтық кесімдердің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2007 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.

      4. Банктерді қадағалау департаменті (Раева Р.Е.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде
мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күн мерзімінде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне және»Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.

      5. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі
(Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.

       Төраға

Қазақстан Республикасы Қаржы 
нарығын және қаржы ұйымдарын 
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының         
2007 жылғы 23 ақпандағы    
N 49 қаулысына       
1 қосымша          

  Банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттамасын
жүргізу ережесі

      Осы Ереже 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы  банктер және банк қызметі  туралы", 2003 жылғы 4 шілдедегі " Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау туралы " Заңдарына сәйкес банктердегі кредит тәуекелін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленді және банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу тәртібін белгілейді.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1.   Осы Ережелердің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) инвестициялық заем (кредит) - бұл мынадай талаптарға сәйкес келетін заем (кредит):
      заем мерзімі бес және одан астам жылдар;
      заем шартының талаптарымен мерзімнен бұрын толық өтеуге тыйым салу белгіленген. Заемның ішінара өтелуі заемшының бизнес - жоспарында белгіленген мерзімде және тәртіпте жүзеге асырылуы мүмкін;
      материалдық өндірісті, өндірістік және көлік инфрақұрылымын құруға, кеңейтуге және жетілдіруге бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды қарастыратын заңды тұлғаға оның бизнес - жоспарына сәйкес беріледі;

      2) кредит - банктің заем, лизинг, факторинг, форфейтинг операцияларын, сондай-ақ вексельдердің есебін жүргізуді жүзеге асыру шеңберінде заемшыға берген мүлік;

      3) кредит беру туралы шарт - банктің заем, лизинг, факторинг, форфейтинг, есебін жүргізу операцияларын жүзеге асыру шеңберінде тиісінше кредит беру шарты;

      4) кредит бойынша сыйақы - берілген кредиттің негізгі кредит сомасына қатысына қарай банкке тиесілі ақшаның жылдық мөлшерінен есептеп шығарылған, процентпен көрсетіліп белгіленген ақысы;

      5) кредиттік желі - банктің қарыз алушыға кредит алу уақытын өзі белгілеуге мүмкіндік беретін талаптар негізінде, бірақ кредиттеудің мұндай формасы үшін банктің ішкі кредиттік саясатымен және шартпен белгіленген сома және уақыт шегінде заемшыны кредиттеу міндеттемесі;

      6) кредитті өтеу - кредиттің және сол бойынша сыйақы мөлшерлемесі сомасының қайтарылуы;

      7) кредит сомасы - банктің кредитке берген ақша сомасы;

      8) кредиттік скоринг - заемшыны жеке тұлғаның кредит алу қабілетін сапалық және сандық сипатқа негізделген математикалық немесе статистикалық моделдің көмегімен, не оның ішінде заемшының тұрақты және жеткілікті кірісін, жұмыс орнының және қызметін, ағымдағы кәсібі бойынша жұмыс ұзақтығын, кепіл түріндегі қолайлы жылжымайтын мүлікті, оның ішінде банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар немесе басқа банктер алдындағы несиелік берешекті, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың немесе банктердің кредиттері бойынша кредит беру жөніндегі төлем тәртібін, кредиттік тарихты қосқандағы бағалау жүйесі;

      9) кредиттің шарттары - кредит беру шарттары, бұған сыйақының мөлшері, қарыз алушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету туралы шарттар, кредитті өтеу мерзімі, сондай-ақ осыларға сәйкес әрбір жеке кредит бойынша тәуекелді төмендетуге бағытталған айрықша шарттар жатады;

      10) тұтынушы кредиті - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес жеке тұлғаларға тауарларды, жұмысты және қызмет көрсетуді сатып алуға берілген кредит;

      11) уәкілетті орган - қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      2. Банк кредит беруді өзінің ішкі кредиттік саясаты туралы ережелерге және заем операцияларын өткізудің жалпы ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.
      Банктің талап ету құқығы болған немесе құқығы бар әрбір кредит бойынша құжаттаманың есебі кредиттің түріне, заемшының санатына, талап ету құқын иелену әдісіне қарамай осы Ережелерге сәйкес жүргізіледі.

      3. Кредит беру шартында міндетті түрде мыналар болуға тиіс:
      1) кредиттің мақсаты, заемшы берген тиісті бизнес-жоспарға немесе заемның технико-экономикалық негіздемесіне және/немесе заемшының өтінішіне сәйкес;
      2) берілетін кредиттің жалпы сомасы;
      3) кредиттің валютасы;
      4) кредитті өтеу мерзімі және ол бойынша сыйақы;
      5) кредитті өтеу әдісі;
      6) қамтамасыз ету (түрі, сомасы), қамтамасыз етусіз берілген кредиттерді қоспағанда;
      7) сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшері;
      8) заемшы - заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;
      9) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;
      10) заемшының ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға беру келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуы туралы нұсқау.

      4. Банкпен шарттың үлгі нысанын пайдаланбай жасалатын кредит беру, заемшының міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуі, кредит беру бойынша борышты талап етуді немесе аударуды басқаға беру жөніндегі банктің уәкілетті органы оның ішкі кредит саясатына сәйкес не осы үлгі нысанның өзгеруіне сәйкес бекіткен шартқа банктің заң қызметінің басшысы (ол болмаған жағдайда банктің заң қызметкері) оның Қазақстан Республикасының заңдар актілерінің талаптарына сәйкестігін растау мақсатымен қол қояды.
      Кредит беру шарттарының өзгеруі (қайта құрылуы) кредит беру туралы шартына, кепіл шартына, кредит беру шарты бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты басқа шарттарға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қосымша келісімге банктің уәкілетті органының шешіміне сәйкес қол қою жолымен жазбаша ресімделуге тиіс. Бұл өзгерістерге банктің заң қызметінің басшысы (ол болмаған жағдайда - банктің заң қызметкері) қол қояды.

  2-тарау. Берілген кредит бойынша құжаттама
жүргізу тәртібі

      5. Берілген әрбір кредит бойынша банкте кредит досьесі арналуға тиіс, ол кредит беру туралы шартына қол қойылған немесе оны бекіткен күні ашылып, осы Ережелерде көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданылуы тоқтатылған сәтте ғана жабылады.

      6. Банк өзінің ішкі құжаттары талаптарына сәйкес кредиттер беру туралы шарттардың, кепіл шарттардың, оларға қосымша келісімдердің, кепілге берген мүлікке кепіл берушінің меншік құқығын растайтын құқық белгілейтін құжаттардың сақталуын, сақтау шарттарын және түпнұсқаларын пайдалануын қамтамасыз етеді.
      Кредит досьелерін жүргізу, сондай-ақ ондағы құжаттардың толықтығын қамтамасыз ету банктің жауапты қызметкеріне жүктеледі.

      7. Кредит досьесі жеке тарау бойынша қалыптасады. Әрбір кредит досьесінде кредит досьеде тұрған құжаттардың жеке тізбесі болуға тиіс. Кредит досьедегі құжаттар, ол жабылғаннан кейін нөмірленіп тігілуге тиіс.

      8. Кредиттер бойынша кредиттік досьеде (оның ішінде бланктік), осы Ережелердің 9 тармағын қоспағанда мынадай негізгі құжаттары болуға тиіс (төмендегілермен шектелмейді):
      1) кредитті пайдалану мақсаты мен ықтимал кепіл затының сипаты, заемшының банк алдындағы міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін ұсынылатын басқа қамтамасыз етуі көрсетілген, заемшының қол қойған өтініші;
      2) заемшы заңды тұлғаның уәкілетті органының кредит алуға шешімі;
      3) кепіл беруші заңды тұлғаның уәкілетті органының заемшы
міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуге кепіл затын беруге шешімі;
      4) егер қарыз алушы заңды тұлға болса, оның құрылтайшы құжаттарының нотариат куәландырылған көшірмесі (олар банкте болса - осы құжаттардың көшірмесі);
      5) заңды тұлғаның қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар нотариалды куәландырылған карточка, сондай-ақ банк талаптарына сәйкес расталған заемшы атынан кредиттік және кепіл құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі. Банкте аталған құжаттар болған жағдайда - осындай құжаттардың көшірмелері;
      6) жасалған кредит беру туралы шартының түпнұсқасы;
      7) заемшының бизнес-жоспарының немесе кредит беруді техникалық-экономикалық негіздеудің түпнұсқасы;
      8) заемшы заңды тұлғаның салық декларациясының көшірмесі қоса берілген соңғы есепті жылдағы қаржылық есебі және/немесе банктің заемшы заңды тұлғаның қаржы жағдайына талдау жасауға мүмкіндік беретін WЕВ-сайтта орналасқан ақпарат;
      9) заемшының бизнес-жоспарында белгіленген мақсаттар мен міндеттердің іске асыру мүмкіндігі туралы баға берілген банктің қорытындысы;
      10) банктің уәкілетті органының кредитті мерзім бойынша және басқа шарттар бойынша берілуін мақұлдау жөніндегі шешімі;
      11) кредитті пайдалану мақсатын растайтын құжаттар, айналымдық капиталды толықтыруға берілген кредиттерді қоспағанда;
      12) жеке кәсіпкерлер үшін мемлекеттік тіркеуден өткен (қайта тіркелгені) жөніндегі фактіні растайтын салық қызметінің органы берген, белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі (патент);
      13) шетел валютасында берілген кредиттер бойынша - қаржылық есептің және/немесе заемшының келіп түсетін түсімдердің валютасын және валюталық тәуекелді хеджирлеу құралдарын анықтауға мүмкіндік беретін басқа есептілігінің болуы;
      14) заемшының (тең заемшының) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      15) заемшы жеке тұлғаның еңбекақысын және басқа кірістерін көрсететін құжаттар;
      16) заемшыны (тең заемшыны) салық есебіне қою фактісін растайтын салық қызметі органы берген белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі.
      Борышкердің бизнес-жоспары немесе кредиттің техникалық-экономикалық негіздеуі, немесе заемшының кредит қабілеттілігіне баға беруге мүмкіндік беретін басқа құжаттар, төмендегілермен шектелмей мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
      кредитті пайдалану мақсатын көрсетуімен қызметінің сипаты;
      өткізу рыноктары және заемшының маркетингтік стратегиясы;
      тәуекелдерді бағалау және оларды басқару;
      жылдар бойынша жан-жақты қаржы жоспары (жылдар бойынша бизнес-жоспарын іске асырудағы қаржы көрсеткіштері және бизнес-жоспарды қаржыландыру көлемі мен инвестициялық кредитті өтеу) және шығыстар сметасы.
      Уәкілетті органымен бекітілген активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резерв) құру тәртібіне сәйкес бірыңғай кредиттер портфеліне енгізілген заңды тұлғаларға берілген кредиттер бойынша досьеде осы тармақтың 1), 4)-6), 8), 10), 12), 16) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың, жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша - осы тармақтың 1), 6), 10), 15), 16) тармақшасында көрсетілген құжаттардың болуы міндетті. Аудит міндетті жүргізілетін заемшыға берілген кредиті бойынша кредит досьесіне аудиторлық есеп қоса беріледі.

      9. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген кредиттер бойынша кредит досьесінде мынадай құжаттар болуға тиіс:
      1) заемшы қол қойған, кредитті пайдалану мақсаты көрсетілген өтініш;
      2) заемшының құрылтай құжаттарының (заңды тұлға үшін) немесе жеке басын куәландыратын құжаттың (жеке тұлға үшін) нотариалды куәландырылған көшірмелері, немесе мемлекеттік тіркеудің (қайта тіркеу) (дербес кәсіпкерлер үшін) жасалған фактісін растайтын уәкілетті орган белгіленген нысанда берген құжаттың көшірмесі;
      3) заңды тұлғаның қол қою үлгілері және мөр таңбасы бар нотариалды куәландырылған карточка, сондай-ақ банк талаптарына сәйкес расталған заемшы атынан кредиттік және кепіл құжаттарына қол қоюға уәкілетті тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі. Банкте аталған құжаттар болған жағдайда - осындай құжаттардың көшірмелері;
      4) жасалған кредит беру туралы шартының түпнұсқасы;
      5) соңғы есепті жылдағы заемшы заңды тұлғаның қаржылық есеп беруінің көшірмесі және/немесе заемшы заңды тұлғаның қаржылық жай-күйі туралы талдау жасауға мүмкіндік беретін WЕВ-сайттағы ақпарат;
      6) заемшының (тең заемшының) салықтық есепке қойылу фактісін растайтын салық қызметі органы берген белгіленген нысандағы құжаттың көшірмесі.
      Бухгалтерлік есепті жүргізудің жеңілдетілген нысанын қолданатын және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен қаржылық есеп беруді жасайтын шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заемшылар арасында банк жылына бір реттен кем емес деңгейде айналым капиталын толықтыру үшін берілген кредиттерді қоспағандағы, сондай-ақ берілген кредиттің мақсаткерлікпен тағайындалғандығы тексерілгенін қоса алғандағы қаржылық жай-күй мониторингін өткізеді.

      10. Егер берілген кредит жылжымайтын мүлік түріндегі кепілмен қамтамасыз етілсе, осы Ереженің 8-тармағында көрсетілген негізгі құжаттаманың тізбесіне қосымша ретіндегі кредиттік досьеде мынандай құжаттар болуы тиіс:
      1) оның мемлекеттік тіркеу белгісі бар жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы шарттың түпнұсқасы;
      2) банктің ішкі құжаттарымен белгіленген талаптарға сәйкес кредитті беру сәтінде (оның рыноктық құнын анықтайтын және дәлелдейтін) жылжымайтын мүлікті бағалау жөніндегі банк қорытындысы;
      3) жылжымайтын мүлікке құқықты растайтын, мемлекеттік тіркеу белгісі бар құжаттар;
      4) барлық кәмелетке толған меншік иелерінің мүлікті кепілге беру келісімін растайтын нотариатта куәландырылған құжат.

      11. Осы Ереженің 8-тармағында көрсетілген негізгі құжаттаманың тізбесінен басқа, жылжитын мүлікті кепілге қою нысанындағы заемшының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету талабын ұсынған кредиттер бойынша кредиттік досьеде мыналар болуы тиіс:
      1) кепілдік туралы шарттың түпнұсқасы (Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда - оның тиісті уәкілетті органда тіркелгендігі туралы белгісі бар);
      2) мүліктің кепілдікке берілгендігі туралы - кепілдік берген заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімі;
      3) банктің ішкі құжаттарымен белгіленген талаптарға сәйкес кредитті беру сәтінде (оның рыноктық құнын анықтайтын және дәлелдейтін) жылжымайтын мүлікті бағалау жөніндегі банктің қорытындысы.

      12. Кепілдік туралы шартқа сәйкес заемшының меншігіне өткеннен кейін кепілдіктің мәні болып отырған жылжитын мүлікті сатып алуға берілген кредиттер бойынша кредиттік досьеде осы мүліктің сатып алу бағасын растайтын құжаттар болуы тиіс.

      13. Егер кредит заемшыға құрылыс саласында пайдалануы үшін, оның ішінде жылжымайтын мүлікті қайта құрастыру немесе басқа құрылыстық жетілдірулер үшін берілген болса, кредиттік досьеге жоспарланып отырған жұмыс бойынша жобалау-сметалық құжаттама және банк дайындаған тексеру туралы есеп немесе кредит берілген жұмыстың орындалуын растайтын заемшының қабылдау-өткізу актісі, құрылыс-монтаж жұмыстары өндірісіне берілген тиісті рұқсат қоса беріледі.

      14. Міндеттемелерінің орындалуы кепілдік немесе кепілдеме бойынша қамтамасыз етілген кредит бойынша, оның ішінде кредит жөніндегі негізгі құжаттаманың тізбесіне қосымша ретінде банк кепілдігіне немесе банк кепілдемесіне, кредиттік досьеге мынадай қосымша құжаттар қосылады:
      1) жіберілетін хабарламаның шынайылығы мен түпнұсқалығын растауды қамтамасыз ететін байланыс арнасы бойынша алынған және халықаралық банк практикасында қолданылатын электронды құжат түрінде берілген кепілдік, кепілдеме шарттары немесе кепілдік, кепілдеме шарттарының түпнұсқалары;
      2) заңды тұлғаның кепілдік иесінің немесе кепілдеме иесінің уәкілетті органының кредитор банкке заемшының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдік немесе кепілдеме беру туралы шешімі;
      3) кепілдік иесі атынан кепілдік шартына қол қоюға немесе кепілдеме иесі атынан кепілдеме шартына қол қоюға тұлға өкілеттігін растайтын тиісті дәрежеде қол қойылған құжаттар;
      4) заңды тұлғаның кепілдік иесінің немесе кепілдеме иесінің қаржылық жай-күйін талдауға мүмкіндік беретін WEВ-сайтта орналасқан ақпарат және/немесе заңды тұлғаның кепілдік иесінің немесе кепілдеме иесінің салық декларациясының көшірмесімен қоса берілген заңды тұлғаның кепілдік иесінің немесе кепілдеме иесінің қаржылық есеп беруінің көшірмесі.

  3-тарау. Кредит бойынша талап ету құқығын иелену
жөніндегі құжаттаманы жүргізу тәртібі

      15. Егер банк кредит жөніндегі талаптарды иеленген болса, ақшалай талап етуге (факторинг) не ипотекалық куәлік құқығын беру фактісін тіркеуді басқаға бере отырып, қаржыландыру шартына қол қою сәтінен бастап банк бастапқы кредитордың кредиттік досьесін беру сәтіндегі бар барлық құжаттардың түпнұсқасын қосқандағы осы Ереженің талаптарына сәйкес ресімделетін кредиттік досьені ашады. Досьеге бастапқы кредитордың келісімі қоса берілуі тиіс.

      16. Кредит бойынша талап ету құқығын басқаға берген банктің кредиттік досьесінде осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа мыналар болуы тиіс:
      1) кредитті өтеу жөніндегі уақтылылығы және толықтығы туралы талаптар құқығын басқаға берген банктің жан-жақты есебі;
      2) кредиттік қызмет көрсету талаптары туралы ережені (кредитті өтеу жөнінде төлемдер алу), сондай-ақ кредитті өтеу жөніндегі төлемдер туралы мәліметтерді және жазбаша құжаттарды өзара айырбастауды не ипотекалық куәлікті қосқандағы кредит бойынша (факторинг) ақшалай талаптарды басқаға беру бойынша қаржыландыру шарты;
      3) кепіл, кепілдік, заемшының осы кредит бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы кредитордың өзге талаптарын басқаға беру туралы шарттар.
      Банк ипотекалық куәлікпен индоссамент негізінде кредит бойынша талап ету құқығын иеленген жағдайда, банк осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген талаптарға қатысты ол бойынша құқығын иеленген жағдайда осының алдындағы кредитормен жасалған жеке келісімді тиісті кредиттік досьеге қосады.

  4-тарау. Банк басқаға берген талаптар
бойынша құжаттама

      17. Банк кредит бойынша талаптарын басқаға берген жағдайда осы кредитке байланысты міндеттемелер бойынша ақшалай талап етуді басқаға беру (факторинг) бойынша барлық жасалған қаржыландыру шарттарын кредиттік досьеге қосады.

      18. Банк кредит бойынша талаптарын басқаға берген жағдайда кредитті сенімгерлік басқару шарты бойынша кредитті жасау жөніндегі қызмет көрсетуді жалғастырады, осы банк кредит беру жөніндегі шарттың көшірмесін және кредитті одан әрі жасауға қызмет көрсету үшін қажетті басқа да құжаттарды досьеде қалдырады.

  5-тарау. Заемшыларды ауыстыру жөніндегі құжаттама

      19. Заемшыларды ауыстыру бастапқы заемшының өз борышын басқа тұлғаға - жаңа заемшыға ауыстыру жөніндегі шарт арқылы, сондай-ақ кредит беру жөніндегі шартқа тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы ресімделеді.

      20. Заемшылары ауысқан кредит бойынша кредиттік досьеде осы Ереженің 8-тармағында көрсетілген негізгі құжаттаманың тізбесінде толықтыру ретінде мынадай құжаттар болуы тиіс:
      1) банктің борышты аударым жасауға келісім беру туралы заемшының және болжалданып отырған жаңа заемшының өтініші;
      2) банктің борышты аударым жасауға келісімі және заемшылар ауысуына байланысты кредит беру жөніндегі шартқа тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      3) борышты аудару жөніндегі банктің жазбаша келісімі, сондай-ақ осының алдындағы және жаңа заемшылар арасында жасалған жазбаша келісім;
      4) осының алдындағы және жаңа заемшы қол қойған кредит беру жөніндегі шартқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;
      5) борышты басқа тұлғаға аударым жасау негіздемесі.

      21. Банк борышты аударым жасауға келісу туралы шешімді қабылдау үшін жаңа заемшының міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге қатысты талаптарға байланысты кредиттік досьеге осы Ереженің 10-14-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес жаңа заемшының атына ресімделген тиісті қосымша құжаттар қосылады.

  6-тарау. Банкке берілген кепілдіктер мен
кепілдемелер бойынша құжаттар

      22. Банк кепілдіктерді немесе кепілдемелерді борышкердің міндеттемелерді орындамау жауапкершілігі туралы кредиторға жазбаша хабарлама жібере отырып, жазбаша нысандағы кепілдік немесе кепілдеме шарты түрінде ұсынады.

      23. Борышкер өз міндеттемелерін орындамауына байланысты кепілдік иесінің немесе кепілдеме иесінің міндеттемелерін орындаған банк кепілдіктер немесе кепілдемелер бойынша кепілдіктерді немесе кепілдемелерді берген тұлға борышын өтегенге дейін жүргізілетін кредиттік досьені ашады.

      24. Кепілдік иесі немесе кепілдеме иесі болып табылатын банктің алдындағы борышкердің міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету жағдайында кредиттік досьеде осындай кепілдіктер мен кепілдемелер бойынша осы Ереженің 10-14-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес ресімделген құжаттар болуы тиіс.

  7-тарау. Кредиттік мониторинг бойынша құжаттама

      25. Банк әрбір заемшы бойынша кредиттік досьеге мынадай құжаттарды қосады:
      1) банк пен заемшы арасындағы жазысқан хаттар;
      2) заемшының (тең заемшының), кепілдік иесінің немесе кепілдеме иесінің заемшы заңды тұлғаның қаржылық жай-күйін талдауға мүмкіндік беретін WЕВ-сайтта орналасқан ақпарат және/немесе салық декларациясының көшірмесі қоса берілген соңғы есепті жылдағы қаржылық есеп берудің көшірмесі;
      3) уәкілетті орган белгілеген активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құру тәртібіне сәйкес заемшының (тең заемшының), кепілдік иесінің (кепілдеме иесінің) қаржылық жай-күйін анықтау жөніндегі банктің ішкі әдістемесіне сай ұсынылатын заемшының (тең заемшының) қаржылық жай-күйін айқындауға мүмкіндік беретін қажетті құжаттар мен өзге ақпарат тізбесі;
      4) уәкілетті орган белгілеген активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құру тәртібіне сәйкес банктің басқару органы бекіткен осы әдістемемен белгіленген, бірақ тоқсанына бір реттен сирек емес мерзімде ұсынылатын тиісті коэффициенттер жиынтығы негізіндегі негізгі көрсеткіштер есебі бойынша, заемшының, кепілдік иесінің (кепілдеме иесінің) қаржылық жай-күйіне баға берген банк қорытындысы;
      5) кредитті қайтару жөніндегі төлемдердің тұрақтылығы мен толықтығын көрсететін құжаттар;
      6) растаушы құжаттарды, оның ішінде тәуелсіз дерек көздерінен алынған, банктің ішкі саясатында көзделген мерзім мен тәртіп бойынша, бірақ жарты жылда бір реттен кем емес құжаттарды қоса отырып, кепілдіктің рыноктық құнын анықтау жөніндегі мониторингтік есеп. Кредиттік досьеде кепілдік негізі болып табылатын құрылыстар мен ғимараттарға, аяқталмаған құрылыс объектілеріне қатысты фото және бейне суреттерді қосқандағы оларды қарау құжаттарының болуы қажет;
      7) мыналарды көздейтін заем ақшасын мақсаткерлікпен пайдалану жөніндегі мониторингтік есеп:
      заемшының тауарларды (жұмыс, қызмет) алуын және кредит беру жөніндегі шартта көзделген басқа мақсаттарға жетуін растайтын тиісті құжаттармен (шарттар, қабылдау актілері, шот фактуралар, ілеспе құжат және басқалар) бекітілген заем ақшасын пайдалануды талдау;
      басқа банктерден алынған кредиттерді заемшының берешегін қайта қаржыландыруға жіберген жағдайда кредиттердің мақсаткерлікпен пайдаланылғандығын растайтын құжаттарды талдау. Осы талдауда қайта қаржыландырылып отырған кредитті пайдалану, кредиттің қайтарымдылығына болжал жасау, қайта қаржыландырудағы мақсаткерлік тиімділігі болуы тиіс;
      8) кепілдікке алынған мүлікті сатқан сәтке дейін тоқсан күннен аспайтын мерзімде жасалған кепілдікке алынған мүлікті бағалау жөніндегі (оның рыноктық құнын анықтайтын және дәлелдеп беретін) есеп.
      Банк жеке досьесінде бағалау критерийлерін ашу арқылы ай сайынғы негізде уәкілетті орган белгілеген активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құру тәртібіне сәйкес уәкілетті органның активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құру тәртібіне сәйкес банктің тиісті бөлімшесінің заемның жіктелім санатын анықтау туралы дайындаған қорытындысын сақтауды қамтамасыз етеді.
      Егер кепілдік иесі немесе кепілдеме иесі Standart & Poor's агенттігінің "А"-дан төмен емес рейтингі немесе басқа халықаралық рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар халықаралық қаржы ұйымы болып табылатын болса, салық декларациясының көшірмесін ұсыну талап етілмейді.

      26. Ақшалай талаптарды басқаға беру (факторинг) бойынша қаржыландыру шартының талаптарына сәйкес кредиттік қызмет көрсетіп отырған банктің кредитті қайтару жөніндегі төлемдерінің реттілігі мен толықтығын көрсететін құжаттаманы жүргізуі міндетті.

      27. Банктің жауапкершілік әлі алынбаған кепілдіктері бойынша осы ереженің 8-тармағының 4), 12), 16) тармақшаларында және 25-тармақта (осы тармақтың 6-8-тармақшаларын алып тастағанда) көрсетілген құжаттама жүргізілуі тиіс.
      Осы Ереженің 25-тармағында белгіленген талаптар борышкердің міндеттемесін орындамағаны үшін жауапкершілік алған банктің кепілдіктері немесе кепілдемелері бойынша құжаттама жүргізу тәртібіне толық көлемде таратылады.

      28. Уәкілетті органның активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құру тәртібімен белгіленген нормативтік құқықтық кесіміне сәйкес бірыңғай кредиттер портфеліне біріктірілген кредиттер мониторингі тиісті белгілері бойынша топталған бірыңғай кредиттер портфелінің әрбір түрі бойынша жүзеге асырылады. Банк тоқсанына бір реттен кем емес ретпен досьеге, мынадай есептері бар бірыңғай кредиттер портфелінің әрбір түрі бойынша портфельге талдау жасалғандығы туралы ақпаратты шектеусіз енгізеді:
      1) осы портфель түрі бойынша есептелген провизиялар мөлшерінің өлшемін анықтау жөніндегі банктің уәкілетті органының негізді және дәлелді шешімі;
      2) кредитті қайтару жөніндегі төлемдердің тұрақтылығын және толықтығын көрсететін портфель бойынша есептер;
      3) заемшылардың өз міндеттемелерін орындамаған және тиісінше орындамаған жағдайындағы банк қабылдаған шараларды куәландыратын есептер, құжаттар;
      4) уәкілетті органның активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құру тәртібімен белгіленген нормативтік құқықтық кесіміне сәйкес бірыңғай кредиттердің жіктеу санаты туралы мәліметтер;
      5) портфельдің осы түріне енгізілген заемшылар тізімі;
      6) банктің ішкі кредиттік саясатымен белгіленген басқа да құжаттар, есептер.

Қазақстан Республикасы Қаржы 
нарығын және қаржы ұйымдарын 
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының 2007 жылғы 23 
ақпандағы N 49 қаулысына   
2 қосымша            

Күші жойылды деп танылатын нормативтік құқықтық
кесімдердің тізбесі

      1.   Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережелерін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы  N 276  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 904 тіркелген).
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережелерін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 276 қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережелеріне өзгерістер мен толықтыруларды бекіту туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 31 қаңтардағы  N 15  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1424 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқару және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2001 жыл, N 19, 389-құжат).
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережесі туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 276 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2002 жылғы 1 тамыздағы  N 279  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1965 тіркелген).
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 904 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктерді кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережелерін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 276 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2003 жылғы 21 сәуірдегі  N 130  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2344 тіркелген).
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 904 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережелерін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 276 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" 2003 жылғы 4 тамыздағы  N 287  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2476 тіркелген).
      6. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 904 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережелерін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 276 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2004 жылғы 21 тамыздағы  N 248  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3065 тіркелген).
      7. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде N 904 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредит беру жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 1999 жылғы 16 тамыздағы N 276 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2004 жылғы 25 қыркүйектегі  N 269  қаулысы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3193 тіркелген, 2005 жылғы 9 қыркүйекте "Юридическая газета" газетінде жарияланған N 165-166 (899-900)).