Ескерту. Тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Темiр жол көлiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 16) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса берiлiп отырған Экспедитор қызметтерін ұсыну ережесі бекiтiлсiн.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнің Темiр жол көлiгi комитетi (Н.Т.Байдәулетов) осы бұйрықты мемлекеттiк тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне ұсынуды қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар бiрiншi вице-министрi Ю.И.Лавриненкоға жүктелсiн.
4. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Министр
"Экспедиторлардың темiр
жол көлігінде қызмет ету
ережесiн бекiту туралы"
Қазақстан Республикасы
Көлiк және коммуникациялар
министрiнiң 2004 жылғы
28 шілдедегі N 296-І
бұйрығымен бекiтiлген
Экспедитор қызметтерін ұсыну ережесi
Ескерту. Ереженің тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Экспедитор қызметтерін ұсыну ережесi (бұдан әрi - Ереже) «Teмip жол көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзiрленген және экспедитордың қызметтерді ұсыну тәртiбiн белгілейді және экспедиторлық қызметтердi тұтынушы экспедиторларға, тасымалдаушылар мен клиенттерге қолданылады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Ережеде мынадай түсiнiктер қолданылады:
1) темiр жол көлiгiндегi экспедиторлық қызмет - тасымалдауға байланысты қызмет көрсетулерге сұранысты қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
2) экспедиторлық құжаттар - клиенттiң құқықтары мен мiндеттерiн экспедиторға тапсырғанын растайтын құжаттар, сондай-ақ халықаралық құжаттар, соның iшiнде Халықаралық Экспедиторлық қауымдастықтар федерациясы қабылдаған, Халықаралық Сауда-өнеркәсiп палатасы таныған құжаттар.
Осы Ережеде қолданылатын өзге түсiнiктер Қазақстан Республикасының темiр жол көлiгi саласындағы заңнамамен анықталған ұғымдарда пайдаланылады.
2. Экспедитор мен клиенттiң өзара қарым-қатынасы
3. Экспедитор мен клиенттiң қарым-қатынастары жазбаша нысанда жасасатын көлiктiк экспедиция шартының ережелерi негiзiнде құрылады.
4. Темiр жол көлiгiндегi экспедиторлық қызмет мынадай қызметтердi көрсету арқылы жүзеге асырылады:
1) клиент атынан немесе өзiнiң атынан тасымалдау шартын жасасу;
2) жүк тасымалын жөнелту орнынан жеткiзу орнына дейiн ұйымдастыру;
3) көлiктiк темiр жол жүкқұжатын және (немесе) тасымалдау құжаттарының жинағын, соның iшiнде бiрыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарын ресiмдеу;
4) жүктi басқа мекен-жайға жiберуге өтiнiмдi ресiмдеу;
5) жүктi тасымалдауға беру;
6) жүктi қабылдау;
7) жүктi клиенттiң қоймасынан темiр жол станциясына дейiн және темiр жол станциясынан клиенттiң қоймасына дейiн жеткiзу;
8) темiр жол станциясында және клиенттiң қоймаларында жүктi тиеудi (түсiрудi), қайта тиеудi ұйымдастыру;
9) жүктi сорттау;
10) жөнелтулердi жинақтау (жүктi шоғырландыру/тарату);
11) жүктi таңбалау, қайта таңбалау, орау;
12) көлiктiк ыдыс пен орамды жөндеу;
13) жүктiң жөнелтiлуi, қозғалысы (соның iшiнде жүктiң шекарадан өтуi), келуi және берiлуi туралы, сондай-ақ жүк аудару пункттерiнде жүктiң басқа көлiк құралдарына қайта тиелуi туралы клиенттерге хабарлау;
14) жүктiң жол бойымен қозғалысын бақылау;
15. клиенттері жүктерді тасымалдау үшін қажет вагондармен, контейнерлермен және алмалы-салмалы жабдықтармен қамтамасыз ету (пайдалануға беру).
16) клиенттер мен тасымалдаушыға бекiту-пломбылау құрылғыларын беру;
17) тасымалдау төлемдерiн, алымдар мен айыппұлды, тиеу-түсiру, қоймалық және өзге жұмыстарды есептеу және төлеу;
18) коммерциялық актiге қол қою;
19) коммерциялық актiлер және өзге құжаттардың негiзiнде талап-арыздарды ресiмдеу;
20) жүктi тиеу және бекiтудiң техникалық шарттарын әзiрлеу және тасымалдаушымен келiсу;
21) жүктердi сақтау, қоймалау;
22) жүкке жол бойында iлесiп жүру және/немесе күзетудi ұйымдастыру;
23) жеткiзу мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн жоғалған жүктi iздеу;
24) жүктi тасымалдау саласындағы консультациялық қызметтер көрсету;
25) кедендiк құжаттарды ресiмдеу;
26) жүктi тасымалдауға байланысты өзге қызметтер көрсету.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.07.24 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
5. Егер көліктік экспедиция шартында өзгеше көзделмесе, экспедитор клиенттің нұсқауларынан, ол клиенттен іс жағдайлары бойынша осындай ауытқуға келісімін сұрай алмағанда немесе өз сұрауына тәулік ішінде жауап алмағанда ауытқиды.
Егер клиенттің нұсқаулары дәл емес, толық емес немесе дәйекті емес немесе шартқа сәйкес емес болса және экспедитордың іс жағдайлары бойынша клиенттің нұсқауларын нақтылауға мүмкіндігі болмаса, экспедитор клиенттің мүдделері тұрғысында іс-қимыл жасайды.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
6. Егер шартта өзгесi көзделмесе, экспедитop клиенттiң мүдделерi тұрғысынан, өз пайымдауынша, тасымалдың көлiгiн және маршрутын, жүктi тасымалдау тәртiбiн, сондай-ақ экспедиторлық қызметтердiң көрсетiлу тәртiбiн таңдайды немесе өзгертедi.
7. Экпедитор клиент берген ақпараттың, сондай-ақ жүктің сипаттары туралы ақпараттың, оны тасымалдау мен экспедитор көлік экспедиция шартында көзделген міндеттемелерін орындауы үшін қажет өзге де ақпараттың шынайылығын тексереді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.07.24 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
8. Көлiк экспедициясы шартының талаптарымен экспедитордың клиент атынан үшiншi тұлғалармен шарт жасасуы, сондай-ақ клиент атынан көлiк экспедициясы шартын орындауға байланысты басқа да мiндеттердi орындауы көзделген жағдайда клиент экспедиторға сенiмхат бередi.
Көлiк экспедициясының шартын орындау бойынша немесе оны орындағанға дейiн көлiк экспедициясы шартын тоқтату кезiнде экспедитор қолдану мерзiмi өтпеген сенiмхатты клиентке қайтарады.
9. Экспедитор клиент атынан оның берген сенiмхаты негiзiнде экспедитор жасаған шарттардың түпнұсқаларын клиентке ұсынады.
10. Егер көлiк экспедициясы шартынан экспедитор өз мiндеттерiн жеке орындауға тиiстiлiгi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тарта алады.
11. Көлiктiк экспедиция шартында жүктердiң жүйелi тасымалдарымен байланысты экспедиторлық қызмет көрсету көзделуi мүмкiн.
12. Халықаралық қатынаста тасымалдарды ұйымдастыру барысында көлiктiк экспедиция шартына қосымша ретiнде экспедиторлық құжаттар қолданылуы мүмкiн.
3. Экспедитор мен тасымалдаушының өзара қарым-қатынасы
13. Экспедиторлық қызметті ұсынуды жүзеге асыру үшін экспедитор тасымалдаушымен тасымалдарды ұйымдастыру туралы және көрсетілетін қызметтердің түрі бойынша шарттарды жасасады.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.07.24 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
14. Экспедитор тасымалдаушымен өзара қарым-қатынаста:
1) тасымалдаушыға тиесілі барлық тасымалдау төлемдері мен алымдарының уақытында және ақшамен толық төленуін қамтамасыз етеді;
2) жүк жөнелтушінің тасымалдаушы құжаттарын төлеуші туралы белгі енгізу жөніндегі нұсқаулықпен қамтамасыз етеді;
3) егер көліктік экспедициясының шартында мұндай міндеттер оған жүктелсе, жүкке және тасымалдау құжаттарына тасымалдаушының талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
4) егер мұндай міндеттер оған көліктік экспедициясының шартында жүктелсе, жүкке және ілеспе құжаттарға кедендік органдар, фитосанитарлық, карантиндік, шекаралық және өзге де бақылау тарапынан қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді;
5) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тасымалдау туралы шартта өзгесі көзделмесе, тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартты орындамау немесе тиісті орындамау салдарынан тасымалдаушыға құжаттамалық расталған шығындарды өтейді;
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.07.24 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
15. Тасымалдаушы экспедитормен қарым-қатынаста:
1) егер шартта өзгесi көзделмесе, тасымалдау төлемi мен алымын алғанға дейiн жүктi тасымалдауға қабылдамайды;
2) мемлекеттiк органдардың (кеден, шекара, фитосанитарлық және басқаларының) бақылауымен жүктi кедергiсiз тасымалдау үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдегенге дейiн тасымалдауға жүк қабылдамайды;
3) экспедитор баратын станциясында, ал транзиттiк тасымал кезiнде жүру жолында тасымалдау төлемдерi мен алымдарын төлемеген жағдайда жүктi ұстап қалады;
4) жүктi тасымалдау кезiнде кедергiлер туындаған жағдайда экспедиторды хабардар етедi;
5) экспедиторды Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің (халықаралық шарттарға сәйкес) темір жол көлігімен жүк тасымалдарын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерінің өзгеруі туралы, соның ішінде тасымалдардың тарифтері мен шарттарының өзгеруі туралы, Қазақстан Республикасының магистральдық темір жол станциясының ашылуы, жабылуы және қайта аталуы туралы хабардар етеді;
6) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта өзгесi көзделмесе, тасымалдарды ұйымдастыру туралы шартты тиесілі орындамау салдарынан экспедиторға келтірілген құжаттамалық расталған шығындарын өтейді.
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.24 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрықтарымен.
16. Темір жол көлігімен жүк тасымалдау кезінде қызмет көрсету туралы шарт жасасу үшін экспедитор тасымалдаушыға мыналарды ұсынады:
1) тасымалдаушының атына өтініш;
2) жеке тұлғалар үшін - жеке куәліктің, жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері, Қазақстан Республикасы салық төлеушісінің куәлігі жеке сәйкестірілген нөмірі (ЖСН);
3) заңды тұлғалар үшін - жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері, Қазақстан Республикасы салық төлеушісінің куәлігі бизнес сәйкестірілген нөмірі (БСН).
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2012.07.24 № 446 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
17. Осы Ереженiң 16-тармағында белгiленген барлық құжаттар бар болған кезде, тасымалдаушы отыз күнтiзбелiк күн iшiнде тасымалдарды ұйымдастыру туралы шартқа қол қояды.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.06.20 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.