Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1996 жылғы 11 қарашадағы N 3205.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы N 2733 Конституциялық заңы 14 бабының 2)-тармақшасына сәйкес қаулы етемiн:

      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.04.21. N 1556 жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:

      "Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 21 желтоқсандағы N 1469 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 48, 579-құжат);

      "Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ережеге өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 22 ақпандағы N 2856 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 7, 38-құжат).

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының

Президентi





  Қазақстан Республикасы
  Президентiнiң
  1996 жылғы 11 қарашадағы
  N 3205 Жарлығымен
  бекiтiлген

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 12.02.2013 № 501 Жарлығымен.

I. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органы болып табылады, Республика сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне басшылық етеді.

      2. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комиссия мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комиссия азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Комиссия, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комиссия өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаулылар қабылдайды.

      7. Комиссия аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Комиссияның заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік көшесі, 4.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 10.09.2019 № 151 Жарлығымен.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комиссияның құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комиссияның қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комиссияға кәсіпкерлік субъектілерімен Комиссияның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комиссияға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

II. Комиссияның миссиясы, негізгі міндеті, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      13. Комиссияның миссиясы: еркін және әділ сайлау мен республикалық референдумдар өткізу жолымен азаматтардың тікелей немесе өз өкілдері арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету.

      14. Комиссияның негізгі міндеті Қазақстан Республикасында әділ, шынайы және еркін сайлаулар мен республикалық референдумдар өткізу болып табылады.

      15. Комиссия өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында сайлау және республикалық референдум туралы заңнаманың орындалуын бақылауды және оның бірыңғай қолданылуын қамтамасыз етуді;

      2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында міндетті, сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша шешімдер, сондай-ақ өзге де құқықтық актілер қабылдайды;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізуді ұйымдастырады;

      4) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге басшылық етеді;

      5) Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді, Президенттікке кандидатты тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды, Президенттікке кандидаттарды тіркегеннен кейін жетінші күннен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында Президенттікке әрбір кандидаттың тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын (кәсібін), жұмыс және тұрғылықты орнын, сондай-ақ Президентікке кандидаттың қалауы бойынша, оның қоғамдық бірлестікке, ұлтына қатысты мәліметтерді көрсете отырып тіркелгені туралы хабар жариялайды;

      6) Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді;

      7) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, медициналық қорытындыға қойылатын талаптарды және Республика Президенттігіне кандидатты тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың тізбесін белгілейді;

      8) Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы Республика Конституциялық Кеңесінің шешіміне сәйкес Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін белгілеу рәсімін айқындайды;

      9) партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының бір бөлігін және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға саяси партияларды қатыстыруға рұқсат беру туралы мәселені қарайды;

      10) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі партиялық тізімдерді тіркейді және оларды тіркегеннен кейін оныншы күннен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауы мен партиялық тізімге енгізілген адамдар саны, сондай-ақ, партиялық тізімге енген әрбір адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын (кәсібін), жұмыс және тұрғылықты орнын көрсете отырып, тіркеу туралы хабар жариялайды;

      11) Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркейді және оларды тіркегеннен кейін үшінші күннен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы атауын, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған адамдар санын, әрбір ұсынылған адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, лауазымын (кәсібін), жұмыс және тұрғылықты орнын, сондай-ақ кандидаттардың қалауы бойынша ұлтын көрсете отырып, тіркеу туралы хабар жариялайды;

      12) тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының Мәжілісі депутаттығына кандидатқа тиісті куәлік береді;

      13) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды;

      14) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған Мәжіліс депутаттығына кандидатты тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды;

      15) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі партиялық тізімге енгізілген адамды аталған тізімнен алып тастау туралы шешім қабылдайды;

      16) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда Президентті және Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарады, сайланған Қазақстан Республикасы Президентін және Парламентінің депутаттарын тіркейді, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;

      17) Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдері бойынша дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу үшін квота белгілейді;

      18) Республика Парламенті депутаттарын сайлау қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған соң әрбір депутатқа Комиссия белгілеген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні тапсырады;

      19) Қазақстан Республикасының Президентін сайлау кезінде қайта дауыс беру мен қайта сайлауды тағайындайды және өткізілуін ұйымдастырады;

      20) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністе Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын жарамсыз деп таниды, қайта дауыс беруді тағайындайды;

      21) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын қайта сайлауды тағайындайды;

      22) Қазақстан Республикасы Парламентінің шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды тағайындайды;

      23) депутаттарға жазалау шараларын колдануға, олардың Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына, сондай-ақ депутаттың өкілеттіктерін тоқтатуына және өкілеттіктері мен депутаттық қолсұғылмаушылықтан айыруға байланысты мәселелерді қарауға дайындайды.

      Депутаттардың Парламент Палаталарының және олардың органдарының отырыстарына қатысуын, сондай-ақ депутаттың өз дауысын басқа біреуге бермеуін бақылауды Комиссия мүшелері жүзеге асырады.

      Жоғарыда көрсетілген мәселелерді Қазақстан Республикасы Парламентінде қарау және қарауға енгізу тәртібі Комиссия бекітетін тиісті ережемен регламенттеледі;

      24) Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының өкілеттіктерін тоқтатуға әкелетін негіздердің туындау фактісін көрсететін қаулы және тиісті адамның Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты өкілеттіктерін жоғалту фактісін көрсететін қаулы қабылдайды;

      25) таңдаушылардың шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының өкілеттіктерін тоқтату бойынша дауыс беру қорытындыларын белгілейді; таңдаушылардың шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының өкілеттіктерін тоқтату жөніндегі құжаттардың үлгілерін бекітеді;

      26) әкімшілік-аумақтық бөліністер халқының санына сәйкес олардан сайланатын мәслихаттар депутаттарының санын айқындайды;

      27) мәслихаттар депутаттарының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды;

      28) мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары қызметінің "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңында бұзылуы анықталған кезде олардың шешімдерінің күшін жояды;

      29) мерзімді баспа басылымдарының республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен сайлау комиссияларының хабарларын орналастыру тәртібі мен көлемін айқындайды;

      30) Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды науқан барысы туралы сайлаушыларды хабардар етеді;

      31) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;

      32) өзінің Интернет-ресурсында бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған сайлау алдындағы үгітті жүргізу үшін эфирді және баспасөз бетінен орын беру ақысының мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді орналастырады;

      33) сайлауалды пікірталастарды өткізу тәртібі мен шарттарын айқындайды;

      34) Президенттікке кандидаттар, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар үшін теледидарда сайлауалды пікірталастарды ұйымдастырады;

      35) сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      36) Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркейді;

      37) сайлау құжаттарын сақтау тәртібін белгілейді;

      38) Қазақстан Республикасының Президенті мен Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысаны мен мәтінін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, сондай-ақ қорғалу дәрежесін белгілейді;

      39) Комиссия белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізудің кезектілігін белгілеу бойынша жеребе тартуды өткізеді;

      40) Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын сайлау бойынша сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді;

      41) кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу тәртібін айқындайды;

      42) сайлаушылар (таңдаушылар) тізімдерінің, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинауға және Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттығына кандидаттарды қолдайтын таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарының, өзге де сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді;

      43) Республика Парламенті депутатының куәлігі мен омырауға тағатын белгісі туралы ережені, олардың үлгілері мен сипаттамасын бекітеді;

      44) Президент, мәслихаттар депутаттары және өзге жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелері үшін куәлік пен омырауға тағатын белгінің үлгісін белгілейді;

      45) электрондық сайлау жүйесін "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында регламенттелмеген бөлігінде пайдалану тәртібін белгілейді;

      46) электрондық сайлау жүйесі немесе оның жекелеген элементтері пайдаланылатын сайлау округтері мен сайлау учаскелерін айқындайды;

      47) электрондық сайлау жүйесін іске қосу уақытын белгілейді;

      48) Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрондық тізілімін жүргізеді;

      49) сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы электрондық түрдегі мәліметтерді салыстыру мен ұсыну тәртібін айқындайды;

      50) дауыс беру үшін сайлаушылар тізімдерін түзу, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну тәртібін айқындайды;

      51) дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындауды ұйымдастырады, оларды беру және есепке алу тәртібін айқындайды;

      52) сайлау жүйелері саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      53) аккредиттелген байқаушылар үшін куәліктің үлгісін белгілейді;

      54) шет мемлекеттердегі сайлауды байқау үшін Қазақстан Републикасының азаматтарын жіберу жөніндегі тәртіпті айқындайды және жұмысты ұйымдастырады;

      55) Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады;

      56) Комиссияның ресми интернет-ресурсында Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді, сайлауды тағайындау және өткізу, сондай-ақ өткен сайлаудағы дауыстарды санау нәтижелері туралы ақпаратты орналастырады;

      57) субъект заңнамалық акт жобасының заңнамалық бастама құқығын ресми енгізуі үшін сайлау практикасын зерделеу және Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      58) кезең-кезеңімен ақпараттық бюллетень шығарады;

      59) сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және жүргізеді;

      60) саяси партиялардың өкілдерімен және сайлау процесіне басқа қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнінде семинарлар өткізеді;

      61) электрондық сайлау жүйесін пайдалана отырып сайлау өткізу кезінде тиісті сайлау комиссияларының мүшелеріне оны қолдануға оқытуды жүргізеді;

      62) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлауда электрондық сайлау жүйесін пайдалануға халықты оқытуды ұйымдастырады;

      63) Комиссия айқындайтын тәртіппен аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған бюджеттік өтінімдер негізінде сайлау науқанын өткізуге арналған шығыстардың үлгі сметасын жасайды және Республика Үкіметіне ұсынады;

      64) сайлау науқанын өткізуге бөлінген республикалық бюджет қаражатын сайлау комиссияларының арасында бөледі;

      65) арнаулы уақытша шотты ашу, сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртібін және тиісті банктік мекемені айқындайды;

      66) кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін қаражат бөлу тәртібі мен көлемін айқындайды;

      67) сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы, олардың көзі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентін, Парламенті Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

      68) саяси партияларды қаржыландыру тәртібін айқындайды;

      69) сайлау комиссияларының қызметі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлардың жасалуын бақылайды;

      70) мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін жағдайлар жасау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      71) сайлау учаскесінде, дауыс беру пунктінде дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      72) мөлдір материалдан дауыс беруге арналған жәшіктердің нысанын және сайлау комиссиялары мөрлерінің үлгілерін белгілейді;

      73) "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты құру, дамыту, енгізу, сүйемелдеп отыру, әкімшілік ету, пайдалану және жүйелік-техникалық қызмет көрсету және сайлау қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алады;

      74) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау комиссияларына басшылық етеді;

      75) сайлау комиссияларының шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсiздігіне) арыздар мен шағымдарды қарайды;

      76) сайлау комиссиялары шешiмдерiнiң күшiн жояды және оларды тоқтата тұрады;

      77) сайлау комиссиясының қызметін тоқтату туралы сотқа арызбен жүгінеді;

      78) Референдумның орталық комиссиясының функцияларын орындайды;

      79) республикалық референдум туралы заңнаманы бұзушылықтар туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;

      80) азаматтарды референдумға дайындық барысы туралы хабардар етеді;

      81) референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәліктің нысанын бекітеді;

      82) референдумның бастамашыл тобын және оның референдумға ұсынатын мәселесін (мәселелерін) тіркейді және ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабар жариялайды;

      83) бір уақытта қол қою парақтарын бере отырып, референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәлікті береді;

      84) "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда референдумның бастамашыл тобы мүшелерінің қызметін, бастамашыл топтың қызметiн тоқтату туралы және оны тiркеу туралы куәліктi қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды;

      85) "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларда жекелеген учаскелерде (әкiмшілік-аумақтық бөліністерде) референдум өткiзудi жарамсыз деп таниды;

      86) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда референдумның қорытындыларын шығарады, ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар берiлуiн қамтамасыз етедi;

      87) дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң, сайлаушылар тiзiмдерiнiң, қол қою парақтарының, референдум өткiзу үшiн қажеттi өзге де құжаттардың нысандары мен мәтiндерiн; дауыс беру уақытын, сондай-ақ референдум құжаттарын сақтау тәртiбiн белгiлейдi;

      88) қол қою парақтары мен референдумның бастамашыл тобының қол жинау нәтижелерi жөнiндегi қорытынды хаттамаларын сақтаудың тәртiбi мен мерзiмдерiн белгiлейдi;

      89) референдум комиссияларына басшылық жасайды, олардың шешімдерінің күшін жояды және тоқтата тұрады, сондай-ақ олардың арасында референдумды ұйымдастыруға және өткізуге арналған қаражатты бөледі;

      90) референдум комиссияларының материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жай-күйін бақылайды;

      91) консультативтік-кеңесші органдар құрады;

      92) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен.

      16. Комиссия өз құзыреті шегінде мынадай құқықтарға ие:

      1) сайлау мен республикалық референдумдарды әзірлеу мен өткізуге байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың есептерін, сондай-ақ сайлау және республикалық референдум туралы заңдардың сақталуы мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктер органдарының ақпаратын тыңдау;

      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      3) алып тасталды - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен;

      4) Қазақстан Республикасы заңдарында, Президенттің және Үкіметтің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен.

      16-1. Комиссия:

      1) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын сақтауға және Қазақстан Республикасының сайлау жөніндегі заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға;

      2) сайлау комиссияларының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтініштер мен шағымдарды уақтылы қарауға;

      3) мемлекеттік аудит барысында анықталған (анықталудағы) бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауға;

      4) әрбір азаматқа оның құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысуға мүмкіндікті қамтамасыз етуге;

      5) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті.

      Ескерту. Ереже 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен.

III. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      17. Комиссия Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген тәртіппен Төраға және алты мүшеден тұратын құрамда құрылады.

      18. Комиссияның Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      19. Комиссияның мүшелерін екі-екіден тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары тағайындайды.

      20. Комиссия Төрағасының орынбасары мен хатшысы комиссияның бірінші отырысында сайланады.

      Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, мүшелері және оның аппаратының қызметкерлері өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен.

      21. Комиссияға басшылықты Төраға жүзеге асырады.

      22. Комиссияның Төрағасы:

      1) алып тасталды - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен;

      2) Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Президентке Комиссия белгілеген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгіні, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің байрағын және ерекше үлгідегі "Алтын Қыран" ("Золотой Орел") орденін тапсырады;

      3) Комиссия аппаратының құрылымы мен штат кестесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде және еңбекақы төлеу қоры шегінде бекітеді;

      4) Парламенттің бірінші сессиясында, Мәжіліс Төрағасын сайлағанға дейін, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің отырыстарында төрағалық етеді;

      5) сотта және басқа мемлекеттік органдарда Комиссияның мүдделерін білдіреді, сондай-ақ Комиссияның мүдделерін білдіру жөніндегі өкілеттіктерді тиісті сенімхатты беру арқылы басқа адамдарға беруге құқылы.

      Комиссияның Төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 758 Жарлығымен.

      23. Комиссияның отырыстары сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңінде кемінде екі аптада бір рет өткізіледі. Өзге уақытта Комиссияның отырыстары қажеттігіне қарай Комиссия Төрағасының немесе мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша өткізіледі.

      Комиссияның отырыстары, егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында белгіленген өзге жағдайларды қоспағанда, Комиссияның шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      Оның шешімімен келіспеген Комиссияның мүшелері айрықша пікір білдіруге құқылы, ол жазбаша түрде Комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

      24. Комиссия қызметінің ұйымдастырушылық және ақпараттық-құқықтық қамтамасыз етілуін оның аппараты жүзеге асырады.

      25. Комиссияның аппаратын Комиссияның Төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Комиссия аппаратының басшысы басқарады.

IV. Комиссияның мүлкі

      26. Комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комиссияның мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      27. Комиссияға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      28. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Комиссия өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

V. Комиссияны қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Комиссияны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының
қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      Ескерту. Ереже тізбемен толықтырылды - ҚР Президентінің 29.01.2015 № 995 Жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.