Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1996 жылғы 11 қарашадағы N 3205

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы N 2733  Конституциялық заңы  14 бабының 2)-тармақшасына сәйкес қаулы етемiн:
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.04.21.  N 1556  жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн. 

      2. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын: 
      "Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 21 желтоқсандағы N 1469 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 48, 579-құжат); 
      "Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы Ережеге өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 22 ақпандағы N 2856 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 7, 38-құжат).

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң   
1996 жылғы 11 қарашадағы 
N 3205 Жарлығымен  
бекiтiлген     

  Қазақстан Республикасының Орталық сайлау
комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ

       Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша "Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар Жарлығына", "Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар Жарлығы", "Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар Жарлығында" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына", "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы", "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 2005.04.21.  N 1556  жарлығымен.

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан былай - Ортсайлауком) Қазақстан Республикасының тұрақты жұмыс iстейтiн мемлекеттiк органы болып табылады және Республика сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiне басшылық етедi. 

      2. Ортсайлауком өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады және өз жұмысын ашық, жариялы және алқалы негiзде құрады. 

      3. Ортсайлаком құрамында Төраға, Төрағаның орынбасары, хатшы мен төрт мүше болады. Оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуы бойынша Парламент Мәжiлiсi қызметке сайлайды және қызметтен босатады. 

      4. Ортсайлаукомның Төрағасы, Төрағаның орынбасары, хатшысы және мүшелерi өз функцияларын "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Ортсайлауком Төрағасы белгiлеген мiндеттер бөлiсiне сәйкес жүзеге асырады. 

      5. Ортсайлауком құрамына Қазақстан Республикасының Президенттiгiне кандидаттар, Парламент депутаттары, сонымен бiрге кандидаттардың жақын туыстары (ата-аналары, жұбайлары, аға-iнiлерi, апа-қарындастары, ұлдары, қыздары, сонымен қатар жұбайының аға-iнiлерi, апа-қарындастары, ата-аналары және балалары), оларға тiкелей бағынысты, немесе олар бақылау жасап және есеп алатын адамдар ене алмайды. Тиiстi кандидат тiркелген күннен бастап аталған адамдар Ортсайлаукомдағы мiндеттерiнен босатылған болып саналады. 

      6. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен хатшысының жоғары заң бiлiмi болуға тиiс. 

      7. Ортсайлаукомның өз құзыретi шегiнде қабылданған шешiмдерi оған көмек көрсетуге және оның жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етуге тиiс мемлекеттiк органдар, сайлау комиссиялары, ұйымдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сонымен бiрге ондағы лауазымды адамдар үшiн мiндеттi. 

  II. Орталық сайлау комиссиясының құқықтық
мәртебесi мен өкiлеттiктерi

      8. Ортсайлауком: 
      1) Республиканың аумағында сайлау және республикалық референдум туралы заңдардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады; олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi; өзiнiң құзыретi шегiнде бүкiл Республика аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды. 
      2) Қазақстан Республикасы Президентi мен Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастырады; Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын және республикалық референдумдарды ұйымдастыру мен өткiзуге басшылық етедi; 
      3) Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау округтерiн құрады, олардың бiрыңғай нөмiрлерiн белгiлейдi және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
      4) сайлау науқанын және республикалық референдум өткiзуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлi сметасын жасап, Республика Үкiметiне ұсынады; 
      5) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламент депутаттарын сайлауды өткiзу кезiнде аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларына басшылықты жүзеге асырады; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және тоқтата тұрады; сайлау науқанын және республикалық референдумды өткiзуге арнап бөлiнген республикалық бюджеттiң қаражатын олардың арасында бөледi; сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдайлар жасалуын бақылайды; аумақтық және округтiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) түскен арыздар мен шағымдарды қарайды; саяси партиялардың өкiлдерiмен сайлауды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде семинарлар өткiзедi; сайлау жүйелерi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      5-1) Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекеттердегi сайлауды байқау үшiн жiберу тәртiбiн айқындайды және ол жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      6) Қазақстан Республикасы Президентiн сайлау жөнiнде дауыс беруге арналған бюллетеньнiң нысаны мен мәтiнiн, Парламенттiң мәслихаттардың депутаттарын және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiнде дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысанын, оларды жасау тәртiбiн, сондай-ақ қорғалу дәрежесiн, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiнiң, Қазақстан Республикасы Президенттiгiне кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинауға және Сенаттың депутаттығына кандидаттарды қолдайтын таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарының, өзге сайлау құжаттарының нысандарын, мөлдiр материалдан жасалған, дауыс беруге арналған жәшiктердiң нысанын және сайлау комиссиялары мөрлерiнiң үлгiлерiн, сайлау құжаттарын сақтау тәртiбiн белгiлейдi; Президенттi және Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау бюллетеньдерiн дайындауды қамтамасыз етедi;
      7) сайлауды және республикалық референдумды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есебiн, сондай-ақ сайлау және республикалық референдум туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы; 
      8) Қазақстан Республикасы Президенттiгiне кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi, кандидаттарды тiркеу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды; 
      9) Қазақстан Республикасы Президентiн және Парламент депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау алдындағы науқанның барысы туралы сайлаушыларды хабарландырып отырады; 
      10) Республика бойынша тұтас алғанда Қазақстан Республикасы Президентiн және Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарады; сайланған Президенттi және Парламент депутаттарын тiркейдi, бұл туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, ақпарат бюллетенiн мерзiмдi шығарып тұрады; 
      11) Қазақстан Республикасының Президентi қызметiне кiрiскен кезде Ортсайлауком төрағасы Президентке тиiстi куәлiгi мен Ортсайлауком белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң байрағын және ерекше үлгiдегi "Алтын қыран" орденiн тапсырады; 
      11) Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсiн тапсырады. Олар туралы ережелердi, үлгiлерi мен сипаттамасын Ортсайлауком бекiтедi; 
      12) Қазақстан Республикасы Президентiн сайлау кезiнде қайта дауыс беру мен қайта сайлауды тағайындайды және өткiзiлуiн ұйымдастырады; 
      13) Парламент депутаттарының қайта сайлауын тағайындайды; 
      14) шығып қалғандардың орнына Парламент депутаттарының сайлауын тағайындайды; 
      15) мәслихаттар депутаттарының кезектi және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; 
      16) мәслихаттар депутаттары мен өзiн-өзi басқару органдарын сайлауды ұйымдастыру мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты және олардың қызметінің "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы  Конституциялық заңының  талаптарына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асырады; Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының бұзылуы анықталған кезде тиiстi сайлау комиссиясының қызметiн тоқтату туралы өтiнiшпен сайлау комиссиясын құратын органға немесе сотқа жүгінедi; 
      17) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс халқының мөлшерiне сәйкес олардан Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттарға сайланатын депутаттардың санын анықтайды; 
      17-1) Орталық сайлау комиссиясының ресми web-сайтына сайлау заңдары жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi, сайлауды тағайындау мен өткiзу туралы, сондай-ақ болып өткен сайлаудағы дауыстарды есептеу нәтижелерi туралы ақпаратты орналастырады;
      17-2) Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының бiрыңғай электрондық Тiркеу тiзiлiмiн жүргiзедi;
      17-3) электрондық сайлау жүйесiн пайдалана отырып сайлау өткiзу кезiнде тиiстi сайлау комиссияларының мүшелерiне оны қолдануды үйретедi;
      17-4) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа сайлауда электрондық сайлау жүйесiн пайдалануды үйретудi ұйымдастырады;
      18)  (алып тасталды)
      19)  (алып тасталды)
      20) Қазақстан Республикасы Президенттiгiне кандидаттың оған Конституция және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қоятын талаптарға сай келуiн анықтайды. 
      Конституцияның 41-бабының 2-тармағының ресми түсiнiгi туралы Республика Конституциялық Кеңесiнiң актiсiне сәйкес кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгеруiн анықтау рәсiмiн қаулымен белгiлейдi; 
      21) депутаттық қызметке байланысты шектеулердiң, депутаттық этика ережелерiнiң сақталуы туралы мәселелердi қарауға дайындайды, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтату, оларды өкiлеттiгiнен және депутат ретiндегi қол сұғылмайтындығы құқынан айыру мәселелерiн қарайды. 
      Парламент Палаталары мен олардың органдарының отырыстарына депутаттардың қатысуын, сондай-ақ депутаттардың өз даусын басқалаларға беруiне жол бермеуiн бақылауды Орталық сайлау комиссияларының мүшелерi жүзеге асырады. 
      Жоғарыда аталған мәселелердi Парламенттiң қарауына енгiзу мен қарау тәртiбi Ортсайлауком бекiтетiн тиiстi ережемен реттеледi; 
      22) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттіктердi жүзеге асырады.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.04.21.  N 1556 , 2006.08.31. N  171  жарлықтарымен.   

      9. Ортсайлауком Қазақстан Республикасының заңдары белгiлеген өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру мақсатында сайлауды ұйымдастыру және өткiзу мәселелерi жөнiнде шешiмдер, қаулылар, нұсқаулықтар және өзге актiлер шығарады; сайлау тәжiрибесiн зерделеу және сайлау туралы заңдарды жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргiзедi; заң бастамашылығы құқығының субъектiсi заң актiсiнiң жобасын ресми енгiзуi үшiн сайлау туралы заңдарға жасалатын өзгерiстер бойынша ұсыныстар дайындайды. 

      10. Ортсайлаукомның өз құзыретi шегiндегi сайлау күнi және оның алдындағы күнi мемлекеттiк органдарға және ұйымдарға, олардың лауазымды адамдарына жасаған өтiнiшi дереу қаралуға тиiс, ал басқа мерзiмде бұларға жауап үш күннен кешiктiрiлмей берiлуi керек. 

      11. Ортсайлаукомның ашық отырыстарына мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және тiркелген бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатыса алады. 

  III. Ортсайлаукомның жұмысын ұйымдастыру және
қызметiн қамтамасыз ету

      12. Ортсайлаукомның бiрiншi отырысын комиссия Төрағасы комиссия сайланғаннан кейiн он төрт күн мерзiм iшiнде шақырады. 

      13. Сайлау науқанын әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде Ортсайлаукомның отырысы кемiнде екi аптада бiр рет өткiзiледi. Өзге уақытта Ортсайлаукомның отырысы қажетiне қарай, Төрағасының немесе Ортсайлауком мүшелерiнiң кемiнде үштен бiрiнiң ықтиярымен өткiзiледi. 
      Егер Ортсайлауком мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, Ортсайлаукомның отырысы құқылы болады. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгiленгендегiден өзге жағдайларда, Ортсайлаукомның шешiмi оның мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. 
      Шешiм қабылдау кезiнде, "жақтап" және "қарсы" дауыс бергендердiң саны тең болған жағдайда, Ортсайлауком Төрағасының дауысы шешушi болып саналады. Оның шешiмiмен келiспеген Ортсайлаукомның мүшелерi айрықша пiкiр бiлдiруге хақылы, ол жазбаша түрде Ортсайлауком отырысының хаттамасына қоса тiркеледi. 

      14. Ортсайлауком қызметiнiң ұйымдастырушылық және ақпараттық-құқықтық жағынан қамтамасыз етiлуiн оның аппараты жүзеге асырады. 

      15. Ортсайлауком аппаратының құрылымы мен штат кестесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде және еңбекақы төлеу қоры шегiнде Ортсайлауком Төрағасы бекiтедi. 

      16. Орталық сайлау комиссиясы аппараты қызметкерлерiнiң мемлекеттік қызмет өтеуiнiң шарттары мемлекеттік қызмет туралы, еңбек туралы заңнамада, осы Ережеде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленедi.
       Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.04.21.  N 1556  жарлығымен.   

      17. Ортсайлауком қызметiне байланысты шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджетке жекеше қосылады. 

      18. Ортсайлауком заңды тұлға болып табылады, оның елтаңбалы мөрi, штамптары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi және банк мекемелерiнде есеп-шоттары болады.