Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2723 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша сөздер ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N  427 , актінің нысаны мен тақырыбына өзгерту енгізілді, бүкіл мәтін бойынша сөздер алмастырылды - 2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.
      

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар

      Осы Заңда қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi: 
      1) сенiм бiлдiрiлген тұлға - соттан тыс тәртiппен ипотеканы өткiзудi жүргiзетiн тұлға;
      2) кепiл берушi - жылжымайтын мүлкi немесе ондағы үлесi ипотеканың мәнi болып табылатын тұлға;
      3) кепiл ұстаушы - негiзгi міндеттеме бойынша мүдделерi ипотекамен қамтамасыз етiлген тұлға;
      4) жылжымайтын мүлiк ипотекасы (ипотека) - кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiк немесе ондағы үлесi кепiл берушiнiң немесе үшiншi тұлғаның иелiгi мен пайдалануында қалатын кепiл түрi; 
      4-1) ипотекалық ұйым - қызметінің айрықша түрі осы Заңда көзделген қызмет болып табылатын заңды тұлға;
      5) ипотекалық шарт - тараптардың негiзгi мiндеттеменi қамтамасыз етуде ипотеканы белгiлеу туралы келiсiмi; <*>
      5-1) ипотекалық қарыз - жылжымайтын мүлiк ипотекасымен қамтамасыз етiлген банк қарызы; <*>
      5-2) ипотекалық тұрғын үй қарызы - тұрғын үй салу не оны сатып алу және (немесе) жөндеу мақсатында берiлетiн ипотекалық қарыз.
      6) жылжымайтын мүлiк - жер учаскелерi, сондай-ақ үйлер, ғимараттар және жермен берiк байланыстағы өзге де мүлiктер, яғни ауыстырылуы олардың мақсатына шектен тыс зиян келтiрусiз мүмкiн болмайтын объектiлер; 
      7) негiзгi мiндеттеме - ипотекамен толық немесе iшiнара қамтамасыз етiлген борыштық немесе өзге де мiндеттеме; 
      8) ипотеканы өткiзу - ипотеканың мәнi болып табылатын мүлiктi өткiзу;
      9) уәкілетті орган - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. 
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N  427 , 2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен. 

       2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заңмен мiндеттемелердi қамтамасыз ету жолы ретiнде мүлiк ипотекасын қолдану кезiнде туындайтын қатынастар реттеледi. Егер осы Заңмен өзге ережелер белгiленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көрiнiс тапқан кепiл туралы жалпы ережелер мүлiк ипотекасына қолданылады. Осы Заң пен басқа да заң актiлерi арасында мүлiк ипотекасын реттеу бөлiгiнде қайшылықтар туындаған жағдайда осы Заңның нормалары қолданылады. 
      2. Шартқа байланысты туындайтын ипотека туралы осы Заңның ережелерi тиiсiнше заң актiсiнiң негiзiнде туындайтын ипотекаға қолданылады. 
      3. Жер учаскелерiнiң ипотекасы мен оларға құқықтардың ерекшелiктерi жер туралы заңдарда көзделуi мүмкiн.
      4. Ипотекалық ұйымдарға осы Заңда көзделген банк операцияларын жүзеге асыру үшін лицензия алуға, сондай-ақ олардың қызметін реттеуге байланысты қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
       Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

       3-бап. Негiзгi мiндеттеменi ипотекамен қамтамасыз
             етудiң шектерi

      1. Ипотека ипотекалық қарыз шарты немесе өзге де мiндеттеме бойынша кепiл ұстаушыға қарыздың негiзгi сомасының толық немесе ипотека шартында көзделген бөлiгiнде төленуiн қамтамасыз етедi. 
      Егер шартта өзгеше көзделмесе, ипотекалық қарыз шартын қамтамасыз етуге белгiленген ипотека, сол сияқты кредиторға кредиттiң пайдаланылғаны үшiн өзiне тиесiлi сыйақының (мүдденiң) де төленуiн қамтамасыз етедi. <*>
      2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ипотека кепiл ұстаушының талаптарын оларды қанағаттандыру сәтiндегi көлемiне қарай: 
      1) негiзгi мiндеттеменiң орындалмауынан, мерзiмi кешiктiрiлуiнен немесе өзге де тиiсiнше орындалмауынан келтiрiлген шығындарды өтеудi; 
      2) негiзгi мiндеттеменiң орындалмауы, орындалу мерзiмiнiң кешiктiрiлуi немесе өзге де тиiсiнше орындалмауы үшiн айып (айыппұл, өсiм) төлеудi; 
      3) негiзгi мiндеттемеде не заң актiлерiнде көзделген бөгде адамның ақшаны заңсыз пайдаланғаны үшiн айыпақыны қоса қамтамасыз етедi. <*>
      3. Ипотека сонымен қатар: 
      1) сот шығындарын және кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға байланысты өзге де шығыстарды өтеудi; 
      2) ипотеканы өткiзу жөнiндегi шығыстардың өтелуiн қамтамасыз етедi. 
      4. Егер ипотека шартында ипотекамен қамтамасыз етiлген кепiл ұстаушының талаптарының жалпы нақты сомасы көрсетiлсе, борышқордың кепiл ұстаушы алдындағы осы сомадан асатын бөлiгiндегi мiндеттемелерi, осы Заңның осы бабының 3-тармағында және 4-бабында көзделген талаптарды қоспағанда, ипотекамен қамтамасыз етiлген болып саналмайды. 
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N  154 , 2003.06.03. N  427  Заңдарымен.

       4-бап. Кепiл ұстаушының қосымша шығыстарын ипотекамен
             қамтамасыз ету

      Кепiл ұстаушы ипотека шартының ережелерiне сәйкес немесе кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету қажеттiгiне орай, оны ұстау және күзету не осы жылжымайтын мүлiкке байланысты салықтар, алымдар немесе коммуналдық төлемдер бойынша кепiл берушiнiң берешегiн өтеу жөнiнде шығыстар тартқан жағдайларда кепiл ұстаушының мұндай қажеттi шығыстарын өтеу кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң есебiнен қамтамасыз етiледi. 

       5-бап. Ортақ меншiктегi жылжымайтын мүлiк ипотекасы

      1. Бiрлескен ортақ меншiктегi жылжымайтын мүлiкке ипотека бұған барлық меншiк иелерiнiң жазбаша келiсiмi болған жағдайда белгiленуi мүмкiн. 
      2. Ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ мүлiктегi өз үлесiне құқығын басқа меншiк иелерiнiң келiсiмiнсiз кепiлге бере алады.

       1-1-тарау. Ипотекалық ұйым

       Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2005.12.23. N  107  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.  

        5-1-бап. Ипотекалық ұйымды құру

      1. Ипотекалық ұйым Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес акционерлік қоғам нысанында құрылады.
      2. Ипотекалық ұйымның атауында "ипотекалық ұйым" деген сөздер болуға тиіс.
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ипотекалық ұйым ретінде тіркелмеген заңды тұлға ипотекалық ұйым деп аталына алмайды.
      3. Ипотекалық ұйым уәкілетті орган берген лицензияның негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын коммерциялық ұйым болып табылады.

       5-2-бап. Ипотекалық ұйымның қызметі

      1. Ипотекалық ұйым қызметінің негізгі түрі банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға уәкілетті орган берген лицензияның негізінде ипотекалық қарыз беру болып табылады.
      2. Ипотекалық ұйым мынадай қосымша операцияларды:
      1) сенімгерлік операцияларды: сенім білдірушінің мүддесіне орай және оның тапсырмасы бойынша ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын басқаруды;
      2) факторингтік операцияларды: тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушыдан төлемеу тәуекелін қабылдай отырып, төлемді талап ету құқығын сатып алуды;
      3) форфейтингтік операцияларды (форфетингтеу): тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемелерін сатушыға айналым түспейтін жолмен вексель сатып алу арқылы төлеуді;
      4) лизинг қызметін жүзеге асыруға құқылы.
      3. Ипотекалық ұйымға лицензия беру, оны тоқтата тұру және одан айыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      4. Ипотекалық ұйым мынадай қызмет түрлерін:
      1) осы баптың 6-тармағында көзделген шектеулерді ескере отырып, инвестициялық қызметті;
      2) кез келген ақпарат тарату түрлерінде ипотекалық кредит беру мәселелері жөніндегі арнайы әдебиетті сатуды;
      3) өз мүлкін сатуды;
      4) кепілге салынған мүліктерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатуды;
      5) өз қызметіне байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызмет көрсетуді;
      6) бағалы қағаздарды, оның ішінде облигацияларды шығару мен орналастыруды;
      7) ипотекалық ұйымдардың қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді іске асыруды;
      8) ипотекалық кредит беру саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастыру мен жүргізуді жүзеге асыруға құқылы.
      5. Ипотекалық ұйым өз қызметін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландыру көздерін пайдалануға құқылы.
      6. Ипотекалық ұйымға:
      1) қаржы ұйымдарының;
      2) акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғарғы санаты бойынша енгізілген, қаржылық ұйымдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың;
      3) ипотекалық ұйымдардың қызметін автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алудан басқа жағдайларда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
       Ескерту. 5-2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының   2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       5-3-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган ипотекалық ұйымдарға қатысты мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) ипотекалық ұйымдарға осы Заңда көзделген банк операцияларын жүзеге асыруға лицензиялар береді;
      2) ипотекалық ұйымдардың тізілімін жүргізеді;
      3) пруденциялық нормативтерді және ипотекалық ұйымдар сақтауға міндетті басқа нормалар мен лимиттерді белгілейді;
      4) ипотекалық ұйымдар орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
      5) ипотекалық ұйымдар есептілігінің тізбесін, нысандарын, табыс ету мерзімдері мен тәртібін белгілейді;
      6) ипотекалық ұйымдардың қызметіне дербес не басқа ұйымдарды тарта отырып тексеру жүргізеді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

       5-4-бап. Ипотекалық ұйымдарға қолданылатын ықпал ету
               шаралары және оларды қолдану негізі

      1. Ипотекалық ұйымдар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда оларға осы бапта белгіленген ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. Ықпал ету шаралары деп ықпал етудің шектеулі шаралары мен санкциялар түсініледі.
      2. Уәкілетті орган ықпал етудің шектеулі шаралары ретінде, ипотекалық ұйымға:
      1) міндеттеме-хатты талап ету;
      2) орындауға міндетті жазбаша нұсқама беру шектеулі шараларын қолдануға құқылы.
      Ипотекалық ұйымның міндеттеме-хатында орын алған кемшіліктерді мойындау фактісі және ипотекалық ұйым басқармасы басшысының жоспарланған іс-шаралар тізбесін көрсете отырып, кемшіліктерді қатаң белгіленген мерзімде жоятындығы туралы кепілдігі болуға тиіс.
      Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасы - бұл анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоюға бағытталған түзету шараларын қабылдау туралы ипотекалық ұйымға нұсқау. Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
      Ипотекалық ұйым міндеттеме-хаттың немесе жазбаша нұсқаманың құжатта көрсетілген мерзімде орындалғаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
      3. Ықпал етудің шектеулі шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      4. Уәкілетті орган ипотекалық ұйымға қатысты санкция ретінде:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл салу және оны өндіріп алу;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша лицензияны тоқтата тұру не одан айыру;
      3) мынадай:
      осы Заңда көзделген қызметті жүзеге асыруға байланысты міндеттемелерді тиісінше орындамау;
      уәкілетті органның міндеттеме-хатын және жазбаша нұсқамасын орындамау;
      уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзу негіздері бойынша ипотекалық ұйым басқармасының бірінші басшысын қызметтік міндеттерін орындаудан ипотекалық ұйымның тиісті органы осы мәселені қарағанға дейін уақытша (үш айдан аспайтын мерзімге) шеттету шараларын қолдануға құқылы.
      5. Уәкілетті орган бұзушылықтың сипатына қарай банк операцияларының барлық не жекелеген түрлерін жүзеге асыруға берілген лицензияны тоқтата тұрады не одан айырады.
      Уәкілетті орган қабылданған шешім туралы ақпаратты мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.
      6. Уәкілетті органның осы бапта көзделген ықпал ету шаралары