Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 563 Жарлығы.

Жаңартылған

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
(үзінді)

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына және "Прокуратура туралы" 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 43-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы туралы ереже;

      2) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымы;

      3) сыныптық шендер берілетін прокуратура органдары жүйесі лауазымдарының, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендердің тізбесі ("Қызметтік пайдалану үшін" деген белгісімен);

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 13 қазандағы
№ 563 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы (бұдан әрі - Бас прокуратура) – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік құқық қорғау органы.

      Бас прокуратура өз өкілеттіктері шегінде, Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін (бұдан әрі – прокуратура органдарының жүйесі) басқаруды жүзеге асырады, мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

      2. Бас прокуратураның ведомствосы – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет, мекемелері, білім беру ұйымы, сондай-ақ облыс прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралары (республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының прокуратуралары, бас әскери және көлік прокуратуралары), аудандық және оларға теңестірілген қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған прокуратуралары (әскери, табиғат қорғау, көлік, арнайы объектілердің прокуратуралары) бар.

      3. Бас прокуратура өз қызметін Конституцияға, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, осы Ережеге, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бас прокуратура мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік тілде және орыс тілінде өз атауы жазылған мөрлері және өз атауы бар мөртабандары болады, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Бас прокуратура азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Бас прокуратура, егер заңнамаға сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Бас прокуратура өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен, берілген өкілеттіктері шегінде Бас Прокурордың бұйрықтарымен және заңнамада көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бас прокуратураның құрылымын Бас Прокурордың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      Бас прокуратура құрылымдарының құрамын, олардың штат санын, сондай-ақ прокуратура қызметкерлерi мен жұмыскерлерінің штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін прокуратураның жалпы штат саны шегінде Бас Прокурор айқындайды.

      9. Бас прокуратураның заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 14.

      10. Бас прокуратураның толық атауы – "Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Бас прокуратураның құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Бас прокуратураның қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Бас прокуратураның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында Бас прокуратураға кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Бас прокуратураның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Бас прокуратураның миссиясы: мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыру, сотта мемлекет мүддесiн бiлдiру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру.

      15. Бас прокуратураның негізгі міндеттері:

      заңда белгіленген шекте:

      адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді;

      заң бұзушылықты, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтауды және жоюды;

      құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша қызметін үйлестіруді;

      заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

      16. Бас прокуратураның негізгі функциялары:

      1) заңда белгіленген шекте және тәртіпте:

      мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің;

      заңды күшіне енген сот актілерінің;

      атқарушылық іс жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің;

      құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі, қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының сақтау салаларындағы қызметінің;

      мемлекеттік құқықтық статистиканың және арнайы есепке алудың;

      заңда айқындалатын өзге де бағыттардың заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асыру;

      2) қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген негізде және тәртіпте сотта мемлекет атынан өкілдік ету;

      3) қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру;

      4) құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету, өзара ақпарат алмасу және олардың әрекеттерінің үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында, заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша осы органдардың қызметін үйлестіру;

      5) Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің, Бас прокуратура алқасының, Бас прокуратура жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың, сондай-ақ прокуратура органдарының қызметі мәселелері жөніндегі комиссиялар мен жұмыс топтарының жұмысын ұйымдастыру;

      6) "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайлардағы өтініштерді, сондай-ақ Заңның 6-бабының 4-тармағында және 7-бабының 1-тармағы 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайлардағы заң бұзушылықтар немесе олардың болу қаупі туралы өтініштерді қарау;

      7) прокуратура органдары жүйесінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      8) прокуратура органдары жүйесінің іс-қимылын басқару, үйлестіру, бақылау, олардың үйлесімділігін қамтамасыз ету, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсету;

      9) өз құзыреті шегінде заңдылықтың сақталуына тексерістер жүргізу;

      10) заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау;

      11) Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, сондай-өзге де ұйымдардың заңды күшіне енген актілері мен шешімдерінің Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне сәйкестігі тұрғысынан бағалау;

      12) заңдарды қолдану, заңдылықтың жай-күйін талдау, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен біріктірілген ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып, қадағалау практикасын талдау;

      13) прокуратура органдары жүйесінің қызметін жетілдіру;

      14) прокуратура органдарының жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы, қылмыстық, әкімшілік, сондай-ақ құқық қорғау қызметі туралы заңнамада және өзге де заңнамада белгіленген шектеулер мен талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

      15) жүктелген міндеттерді шешу үшін прокуратура органдары жүйесінің бірыңғай кадр саясатын әзірлеу және іске асыру;

      16) норма шығармашылық қызметіне қатысу;

      17) прокуратура органдары қызметкерлерінің бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру және жүргiзу;

      18) ұстап беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, сотталғандарды және психикасының бұзылуынан азап шегетін адамдарды беру туралы, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын заңнамада белгіленген тәртіппен жасасу және іске асыру;

      19) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары жобаларын әзірлеуге, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық, мемлекетаралық және өзге де ұйымдардың жұмысына қатысу;

      20) халықаралық ынтымақтастық саласында прокуратура органдарының атынан өкiлдiк ету, прокуратура органдары жүйесінің құзыретіне қатысты қызмет саласындағы шет елдердің және халықаралық ұйымдардың құзырлы органдарымен халықаралық ынтымақтастық жасау;

      21) прокуратура органдары жүйесіндегі қару-жарақ, оқ-дәрілер және арнайы құралдар айналымын, жұмылдыру дайындығы және арнайы есепке алу жөніндегі қызметті ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау;

      22) прокуратура органдары жүйесі қызметкерлерінің кәсіби қызметтік, дене шынықтыру және арнайы даярлығын ұйымдастыру;

      23) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін уақтылы тағайындауды, қайта есептеуді, индексациялауды қамтамасыз ету, жерлеуге арналған жәрдемақыларды заңнамада көзделген жағдайлар басталғанда прокуратура органдарының жүйесі зейнеткерлерінің отбасы мүшелеріне өтемақы тағайындау;

      24) құзыреті шегінде прокуратура органдарының жүйесінде қауіпсіздікті, террорға қарсы қорғалуды, рұқсаттама және объектіішілік режимдерді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;

      25) құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру, оларды үйлестіру және мониторингтеу;

      26) прокуратура органдары жүйесін техникалық, материалдық, қаржылық және қамтамасыз етудің басқа да түрлерін, оның ішінде күрделі құрылысты және реконструкциялауды, ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуді ұйымдастыру;

      27) прокуратура органдарының жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану саласын кеңейту және дамыту бойынша жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      28) прокуратура органдары жүйесінің бірыңғай ақпараттық саясатын жүргізуді, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету;

      29) Бас прокуратураның ресми интернет-ресурсының жұмыс істеуін және оның Қазақстан Республикасының "электрондық үкімет" құрылымына қатысуын қамтамасыз ету, прокуратура органдарының Бас прокуратураның ресми интернет-ресурсын ақпараттық материалдармен толтыру бойынша қызметін ұйымдастыру және үйлестіру, ақпараттандыру туралы заңнамаға сәйкес ақпараттық жүйелерді қолданып электрондық қызметтер көрсету;

      30) прокуратура органдары жүйесінде өз құзыреті шегінде дағдарыс жағдаяты қаупі және қылмыстар туралы, оның ішінде терроризм актісінің болу қаупі жөнінде ақпаратты мониторингтеуді ұйымдастыру;

      31) прокуратура органдары жүйесінде ақпараттық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету;

      32) прокуратура органдары жүйесінде ішкі аудитті жүзеге асыру;

      33) Бас Прокурор қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді есепке алуды және жүйелеуді жүргізу, олардың бақылау даналарын жүргізу;

      34) прокуратура органдары жүйесінде мемлекеттік сатып алуды жүргізуді ұйымдастыру;

      35) прокуратура органдары қызметінің тиімділігін және халықтың сенімін арттыру мақсатында, оның ішінде жобалық басқару құралдарын пайдалана отырып, прокуратура органдарының қызметін жетілдіру;

      36) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындау.

      17. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің негізгі функциялары:

      1) мемлекеттік құқықтық статистиканы түзу;

      2) құқықтық статистика ақпаратын теру, жинақтау, жүргiзу және өңдеу;

      3) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есеп жүргізу;

      4) құқықтық статистика мәселелерi бойынша статистикалық байқаулар жүргiзу;

      5) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыру;

      6) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында ақпараттық-талдау қызметті жүзеге асыру;

      7) шаруашылық жүргiзушi субъектiлерде өткiзiлетiн барлық тексерулердiң бiрыңғай статистикалық есебiн жүргiзу;

      8) тексеру тағайындау туралы актілерді тіркеуді жүзеге асыру барысында бақылау және қадағалау органдары жүзеге асыратын заңсыз тексерулерден тексерілетін субъектілер, соның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілері құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету;

      9) аумақтық органдар жұмысына басшылық пен бақылау жасау, оларға есепке алу, статистикалық, ақпараттық, талдау, қадағалау және бақылау қызметін жүзеге асыруға практикалық әрі әдістемелік көмек көрсету;

      10) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi жөнiнде мемлекеттік органдармен өзара iс-қимыл жасау;

      11) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      12) мемлекеттік органдарға жасалған өтініштерінің қабылдану, тіркелу, қаралу және шешілу сатысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;

      13) оған Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      18. Бас прокуратураның негізгі құқықтары мен міндеттері:

      1) құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізу;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан қажетті ақпарат пен материалдар сұрату және алу;

      3) заңда көзделген тәртіппен тексерістер жүргізуге қатысу және қорытындылар беру үшін мамандарды тарту;

      4) прокуратура органдарының жүйесі қызметінің мәселелері бойынша құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу;

      5) прокуратура органдары жүйесі қызметінің негізгі бағыттары бойынша басқа мемлекеттік органдармен, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3. Бас прокуратураның қызметін ұйымдастыру

      19. Бас прокуратураны басқаруды Бас Прокурор жүзеге асырады, ол Бас прокуратураға жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады. Бас Прокурор Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің және Бас прокуратура алқасының төрағасы болып табылады.

      20. Бас Прокурорды Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының келісімімен бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және Қазақстан Республикасының Президенті лауазымынан босатады.

      21. Бас Прокурордың орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары бар. Бас Прокурордың бірінші орынбасарын және орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.

      22. Бас Прокурордың негізгі өкілеттіктері:

      1) Бас прокуратураның жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне және төмен тұрған прокуратуралардың қызметіне басшылық етеді;

      2) мемлекет атынан заңда белгіленген шекте және нысанда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Республика ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетін нормативтік және өзге де құқықтық актілерге наразылық енгізеді, сотта мемлекет мүдделерін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады;

      3) Бас прокуратураның, ведомстволардың, облыс прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың алқасын құру туралы шешім қабылдайды;

      4) Бас прокуратура алқасының Жұмыс регламентін бекітеді және алқаның құрамын айқындайды;

      5) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Бас прокуратураның атынан өкілдік етеді;

      6) тоқсанына бір реттен сиретпей Қазақстан Республикасы Президентінің алдында елдегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдарының қызметі туралы есеп береді;

      7) Қазақстан Республикасының Президентіне прокуратураның ережесін, құрылымын және жалпы штат санын бекіту туралы ұсыныстар енгізеді;

      8) Қазақстан Республикасының Президентіне Бас Прокурордың бірінші орынбасарын, орынбасарларын, прокуратураның ведомствосының және білім беру ұйымының басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымынан босату туралы ұсыну енгізеді;

      9) Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша облыс прокурорларын және оларға теңестірілген прокурорларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      10) Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне прокуратура органдарын ұйымдастырушылық-штаттық, кадрлық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;

      11) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындайды;

      12) Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн нормативтiк және өзге де құқықтық актiлерге және мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіреді;

      13) Бас прокуратураның лауазымды адамдарының ұйымдастыру, кадр, қаржы, шаруашылық мәселелерін шешудегі өкілеттіктерін айқындайды. Мұндай шешімдер заңнамада белгіленген тәртіпте уәкілетті лауазымды адамдардың бұйрықтарымен ресімделуі мүмкін;

      14) Бас Прокурордың заңнамалық актілерде және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде тікелей көзделген өкілеттіктерін қоспағанда, прокуратура органдары жүйесінде өз өкілеттіктерін беретін лауазымды адамдарды айқындайды;

      15) прокуратура органдарының, ведомствосының, мекемелерінің және білім беру ұйымының барлық қызметкерлері мен жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті актілер шығарады, прокуратура органдары жүйесінде қабылданған актілердің күшін жояды;

      16) өз құзыретi шегiнде:

      қылмыстық-процестік заңнама, жедел-iздестiру қызметі туралы заңнама нормаларын қолдану мәселелерi бойынша;

      құқықтық статистиканың барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша;

      құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінде мәліметтерді қалыптастыру, оларға қол жеткізу, оларды пайдалану, сақтау, қорғау және жою мәселелері бойынша;

      прокуратура органдары лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау тәртібін айқындайтын;

      прокуратураның білім беру ұйымына оқуға қабылдау тәртібін айқындайтын;

      құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу, оларды үйлестіру және мониторингтеу тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер;

      заңнамаға сәйкес басқа да нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;

      17) заңда көзделген жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел- іздестіру және қарсы барлау қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді келіседі;

      18) мемлекеттік органдардан келіп түсетін прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттарын қозғайтын заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі;

      19) қарсы барлау қызметінде заңдылықтың сақталуын жүзеге асыру тәртібі туралы Бас Прокурордың және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерін қабылдайды;

      20) наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін наразылық келтірілген құқықтық актінің немесе егер оларды орындау адамның өмірі мен денсаулығы үшін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін қайтымсыз салдарларға әкелетін немесе әкелуі мүмкін іс-әрекеттердің орындалуын тоқтата тұруға құқылы;

      21) Бас прокуратураның Регламентін бекітеді;

      22) облыстардың, аудандар прокуратураларының, оларға теңестірілген прокуратуралардың, прокуратураның мекемелері мен білім беру ұйымының ережесін (жарғысын) бекітеді;

      23) құрылымдық бөлімшелердің, ведомстволардың, мекемелердің, білім беру ұйымының, сондай-ақ облыстар прокуратураларының және оған теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының, бас әскери және көлік прокуратураларының), аудандық және оларға теңестірілген қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған прокуратуралардың (әскери, табиғатты қорғау, көлік, арнайы объектілердің прокуратуралары) құрылымы мен штаттарын бекітеді, прокуратураларды, прокуратура органдарының мекемелерiн құрады, қайта құрады және таратады.

      Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының прокуратурасы жанынан ведомстволарды және білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныс енгізеді;

      24) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен прокуратураның жалпы штат саны шегінде прокуратура органдары жүйесі қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің және жұмыскерлерінің штат санын айқындайды;

      25) заңға сәйкес еңбек қатынасы мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, мекемелердің басшыларын, ведомстволардың, мекемелердің және білім беру ұйымы басшыларының орынбасарларын, облыс прокурорларын және оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарларын, сондай-ақ аудандардың прокурорларын және оларға теңестірілген прокурорларды лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      26) прокуратура органдары жүйесінің лауазымды адамдарын лауазымға тағайындау және лауазымынан босату тәртібін белгілейді;

      27) Бас прокуратурадағы еңбек тәртібінің қағидаларын бекітеді;

      28) Бас прокуратураның жұмыс уақытын есепке алу нысанын және тәртібін айқындайды;

      29) прокуратура органдары көрсететін мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттерін бекітеді;

      30) Қазақстан Республикасының Президентіне жоғары басшылық құрамның сыныптық шендерін беру және жоғары офицерлік құрамның әскери атақтарын беру үшін кандидатуралар ұсынады;

      31) заңнамада белгіленген тәртіпте прокуратура органдарының қызметкерлеріне сыныптық шендер мен әскери атақтар береді;

      32) прокуратура органдарының қызметкерлері, әскери қызметкерлері мен жұмыскерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттауға және құрметті атақтарын беруге ұсынады, ведомстволық наградалармен марапаттайды;

      33) Прокуратура органдары жүйесі қызметкерлерінің санаттар бойынша лауазымдары тізілімінде көрсетілген лауазымдарға теңестірілген прокуратура органдары жүйесі қызметкерлерінің типтік емес лауазымдарының тізбесін бекітеді;

      34) прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелері мен білім беру ұйымында қару, оқ-дәрілер мен арнайы құралдар сатып алу, есепке алу, сақтау, ұстау, беру, тасымалдау тәртібін айқындайды;

      35) заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасайды;

      36) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығы тұрғысында тексеріс жүргізу туралы төмен тұрған прокурорларға тапсырмалар береді;

      37) Заңға сәйкес төмен тұрған прокурорларға тексеріс жүргізу мерзімін ұзартуға келісім береді;

      38) заңдылықтың жай-күйін талдау, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен біріктірілген ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қолжетімділікті пайдалана отырып талдау жүргізудің тәртібін айқындайды;

      39) прокуратура органдары символдарының сипаттамасын бекітеді;

      40) Бас прокуратура жанынан консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ прокуратура органдары жүйесінің мәселелері жөніндегі комиссиялар мен жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылдайды, олардың құрамын, қажет болған жағдайда, ережесін және (немесе) міндеттерін айқындайды;

      41) прокуратура органдарында құжаттама жасау мен құжаттаманы басқарудың, іс қағаздарын жүргізу мен ұйымдастырудың, архив ісін ұйымдастырудың тәртібін белгілейді;

      42) заңнамаға сәйкес мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу туралы шешім қабылдайды;

      43) Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесінің әкімшілік ғимараттарындағы рұқсаттама және объектішілік режимдердің тәртібін белгілейді;

      44) әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды прокуратура органдары жүйесіне арнайы есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды;

      45) прокуратура органдары жүйесінде атыс дайындығын ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

      46) жұмылдыру дайындығы бөлінісін құрады не жұмылдыру жұмысы бойынша жекелеген бір қызметкерді тағайындайды;

      47) Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, сондай-өзге де ұйымдардың заңды күшіне енген актілері мен шешімдерінің Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне сәйкестігі тұрғысынан бағалауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;

      48) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      23. Бас Прокурор орнында болмаған кезеңде, оның міндеттерін Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша Бас Прокурордың бірінші орынбасары немесе орынбасарларының бірі атқарады.

      24. Бас Прокурор бірінші орынбасарының, орынбасарларының және Бас Прокурордың Аппараты басшысының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

      25. Бас Прокурордың Аппаратын заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын Аппарат басшысы басқарады.

4. Бас прокуратураның мүлкі

      26. Бас прокуратура заңнамада көзделген жағдайларда, жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікті иелене алады.

      Бас прокуратураның мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      27. Бас прокуратураға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      28. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Бас прокуратураның өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Бас прокуратураны қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Бас прокуратураны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың (республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының прокуратуралары, бас әскери және көлік прокуратуралары) тізбесі

      Ескерту. 6-тарау жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 07.08.2018 № 727 Жарлығымен.

      1) Ақмола облысының прокуратурасы;

      2) Ақтөбе облысының прокуратурасы;

      3) Алматы облысының прокуратурасы;

      4) Атырау облысының прокуратурасы;

      5) Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы;

      6) Жамбыл облысының прокуратурасы;

      7) Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы;

      8) Қарағанды облысының прокуратурасы;

      9) Қостанай облысының прокуратурасы;

      10) Қызылорда облысының прокуратурасы;

      11) Маңғыстау облысының прокуратурасы;

      12) Павлодар облысының прокуратурасы;

      13) Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы;

      14) Түркістан облысының прокуратурасы;

      15) Астана қаласының прокуратурасы;

      16) Алматы қаласының прокуратурасы;

      17) Шымкент қаласының прокуратурасы;

      18) Бас әскери прокуратура;

      19) Бас көлік прокуратурасы.

7. Бас прокуратура қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі

      1) "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы" мемлекеттік мекемесі;

      2) "Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы" мемлекеттік мекемесі;

      3) "Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 13 қазандағы
№ 563 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ҚҰРЫЛЫМЫ

      Басшылық

      Қылмыстық қудалау қызметі

      Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі

      Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі

      Арнайы прокурорлар қызметі

      Аппарат

      Ішкі тергеп-тексеру департаменті

      Кадрларды дамыту департаменті

      Стратегиялық дамыту департаменті

      Халықаралық ынтымақтастық департаменті

      Қаржы департаменті

      Норма шығармашылық қызметін үйлестіру басқармасы

      Мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасы

      Ішкі аудит басқармасы

      Ақпараттық қауіпсіздік басқармасы

      Өтініштер және іс жүргізу басқармасы

      Құқық қорғау қызметтері орталығы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 13 қазандағы
№ 563 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 29 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 1, 2-құжат):

      2-қосымша осы Жарлықтың 1-қосымшасына сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. "Мемлекеттiк билiк органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат):

      Жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттiк саяси қызметшiлер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын және бекiтетiн немесе оның келiсуiмен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың лауазымдар тiзбесiндегі:

      мына жол:

"Бас Прокурордың орынбасарлары

Президент

Бас Прокурор

Комиссия*"

      мынадай редакцияда жазылсын:

"Бас Прокурордың бірінші орынбасары, орынбасарлары

Президент

Бас Прокурор

Комиссия*".

      3. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiн құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 28 наурыздағы № 1050 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 12, 130-құжат):

      1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қоса берiлiп отырған Комитет туралы ереже бекiтiлсiн.";

      2) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi туралы ережеде:

      6-тармақ алып тасталсын;

      13-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) құқықтық статистика ақпаратын теру, жинақтау, жүргiзу және өңдеу;";

      13-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыру;";

      3) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің құрылымы алып тасталсын.

      4. "Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері, арнаулы мемлекеттік органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызметі мен прокуратура органдарының қызметкерлері лауазымдарының санаттары бойынша тізілімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қаңтардағы № 1283 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 19, 234-құжат) ("Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісімен).

      5. "Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы № 68 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 37, 439-құжат):

      1) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Прокуратура туралы" 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:";

      2) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережеде:

      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) туралы осы ереже "Прокуратура туралы" 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 20-бабының негізінде әзірленді.".

      6. "Жоғары офицерлік және басшы құрамның адамдары атқаратын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары лауазымдарының тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 5 мамырдағы № 470 Жарлығына:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Жоғары офицерлік және басшы құрамның адамдары атқаратын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары лауазымдарының тізбесінде:

      "4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы" тарауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы

1.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры

жоғары сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

2.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары

1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

3.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары

2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

4.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі - Академия) ректоры

2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

5.

Бас әскери прокурор

әділет генерал-лейтенанты

6.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

7.

Академияның бірінші проректоры

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

8.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының:
қылмыстық қудалау;
заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау жөніндегі;
қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі;
сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі бастығы

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

9.

Астана, Алматы қалаларының, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының прокурорлары, Бас көлік прокуроры

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 13 қазандағы
№ 563 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
1999 жылғы 22 қаңтардағы
№ 29 Жарлығына
2-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы прокуратурасының ЖАЛПЫ ШТАТ САНЫ 

Қазақстан Республикасының прокуратурасы, оның ішінде:
Бас прокуратура, Құқық қорғау органдары академиясы, прокуратура органдары, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің аумақтық органдары

5636

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 13 қазандағы
№ 563 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының рәмізі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 ақпандағы № 1159 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 20, 235-құжат).

      2. "Сыныптық шендер берілетін Қазақстан Республикасы прокуратура органдары лауазымдарының тізбесін және соларға сәйкес шекті сыныптық шендерді бекіту туралы" 2012 жылғы 10 қыркүйектегі № 376 қбп Жарлығы.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы № 15 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 29-30, 184-құжат).

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 158 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 11 және 12-тармақтары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 77-78-79, 575-құжат).

      5. Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 5 мамырдағы № 470 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 17, 116-құжат).