Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу, сақтау және жою қағидаларын және Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттары берілетін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 13 қаңтардағы № 722 Жарлығы

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 27-1) тармақшасына және «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу, сақтау және жою қағидалары;
      2) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттары берілетін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының тізбесі бекітілсін.
      Алты ай ішінде тексеру жүргізіліп, осы тармақта көрсетілген тізбеге кірмейтін адамдарға бұрын берілген Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттары алынсын.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 150 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 54, 763-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 150 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 460 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 9, 182-құжат).
      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2014 жылғы 13 қаңтардағы
№ 722 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу, сақтау және жою
ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік
паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу, сақтау және жоюдың осы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан
Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы
Қазақстан Республикасының Заңына және «Жеке басты куәландыратын
құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының
Заңына сәйкес әзірленді әрі Қазақстан Республикасының дипломатиялық  және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу, сақтау және жою тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты - өзіне
жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасынан шыққан, одан тыс жерлерде тұрған кезде және Қазақстан Республикасына келген кезде Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат;
      2) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты - өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасынан шыққан және келген, одан тыс жерлерде тұрған кезде Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын және оның иесінің ресми мәртебесін растайтын құжат.
      3) уәкілетті адам - паспорт иесі немесе іссапарға жіберуші орган паспортты ресімдеу мен алу жөніндегі іс-қимылдарды жүзеге асыруға уәкілеттік берген осы органның қызметкері;
      4) іссапарға жіберуші орган - өз қызметкерін шетелдік іссапарға жіберетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы немесе ұйымы;
      5) жауапты қызметкер - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) паспортты ресімдеу жөніндегі іс-қимылдарды жүзеге асыратын қызметкері;
      6) өтінімхат - мемлекеттік орган басшысының немесе оның міндетін атқарушы адамның не жауапты хатшының (белгіленген тәртіппен өзіне жауапты хатшының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамның) қолы қойылған іссапарға жіберуші органның фирмалық бланкідегі хаты;
      7) иесі — өзіне дипломатиялық және қызметтік паспорт ресімделген адам.
      3. Қазақстан Республикасының дипломатиялық немесе қызметтік
паспортын (бұдан әрі - паспорт) шетелге жеке сапарлар үшін пайдалануға жол берілмейді.
      4. Паспорт Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады  және тегін ресімделеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әлемнің барлық мемлекеттеріне шығу үшін жарамды болып саналады.
      5. Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін, Қазақстан
Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттары берілетін
Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының тізбесіне (бұдан әрі - тізбе) сәйкес паспортты Министрлік береді.
      Тізбеде көрсетілмеген адамдарға Қазақстан Республикасының Президентімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспортын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің беруіне жол беріледі.
      6. Паспорт бес жыл мерзімге беріледі.
      7. Паспорттардың бланкілері Министрліктің өтінімдері бойынша жасалатын қатаң есептілік құжаттары болып табылады.
      8. Паспорттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, тапсыруды, алып
қоюды, есепке алуды, сақтауды және жоюды Министрлік жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу, сақтау және жою тәртібі

      9. Паспортты ресімдеу үшін іссапарға жіберуші орган уәкілетті адам арқылы Министрлікке мынадай құжаттар ұсынады:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімхат;
      2) іссапарға жіберуші органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) куәландырған іссапарға жіберу туралы бұйрықтың көшірмесі;
      3) паспорт беруге толтырылған өтініш (бұдан әрі — өтініш);
      4) 3,5 х 4,5 мөлшеріндегі түрлі-түсті екі фотосурет. Фотосурет азаматтың құжатты ресімдеу сәтіндегі жасына сәйкес болуы, жарық фонда тікелей алдынан түсірілген болуы тиіс, әрі адамның беті фотосуреттің жалпы ауданының 70-80%-ға жуығын алуы тиіс. Компьютерлік сканерлеу, модельдеу немесе ксерокөшірме әдісімен дайындалған суреттерді пайдалануға жол берілмейді;
      5) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі.
      10. Құжаттарды қабылдаған кезде Министрліктің жауапты қызметкері өтініште көрсетілген деректердің жеке басын куәландыратын құжаттардың деректерімен сәйкестігі тұрғысынан салыстырып тексереді.
      11. Басқа паспорт болған кезде паспорттарды ресімдеуге:
      1) шет мемлекетке кіру үшін кедергі болатындай шетелдік виза болған;
      2) қысқа мерзімде бірнеше мемлекеттің визаларын алу қажет болған;
      3) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің, оның
орынбасарларының немесе Министрліктің жауапты хатшысының жазбаша
нұсқауы болған жағдайларда жол беріледі.
      12. Паспортты ресімдеу мерзімі осы Қағидалардың 9-тармағында
көрсетілген құжаттар түскен сәттен бастап 5 жұмыс күніне дейінгі мерзімді құрайды.
      13. Паспортты уәкілетті адамға беру Қазақстан Республикасы
азаматының жеке куәлігін немесе паспортын көрсеткен кезде паспорттарды беру журналына қол қойғызу арқылы жүзеге асырылады.
      14. Министрліктің мұрағатынан паспорттарды беру уәкілетті адам
арқылы ұсынылған, іссапарға жіберуші органның осы Қағидаларға
1-қосымшада көзделген іссапарға жіберу туралы деректер көрсетілген жазбаша өтініші мен іссапарға жіберуші органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) куәландырған іссапарға жіберу туралы бұйрықтың немесе қызметкердің шетелдік іссапарға жіберілетінін растайтын өзге құжаттың көшірмесі негізінде жүзеге асырылады. Уәкілетті адам паспортты алғаннан кейін оны дереу иесіне береді.
      15. Паспортты ауыстыруды осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген құжаттар ұсынылғаннан кейін Министрліктің жауапты қызметкері жүргізеді.
      Паспортты тапсыру уәкілетті адамның оны Министрлікке ұсынуы жолымен жүргізіледі.
      Паспорт:
      1) онда «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабы 1-тармағының 1)2)5)6)7) және 8) тармақшаларында көрсетілген деректер болмаған;
      2) оның қолданылу мерзімі өткен;
      3) Заңның 7-бабының 1-тармағының 1)2)5)6)7) және 8) тармақшаларында көрсетілген деректерді не құжаттың қорғау дәрежесін сәйкестендіру мүмкін болмаған;
      4) жоғалған, уәкілетті адам Министрлікке паспорттың жоғалғаны туралы тиісті өтініш берген күннен бастап (табылған паспорт Министрлікке тапсырылады және жойылуға жатады);
      5) иесінің құқықтық мәртебесіне сәйкес келмеген;
      6) жынысын өзгерткен жағдайларда жарамсыз болып танылады.
      Жарамсыз паспорттар ауыстыруға жатады.
      16. Паспортты алып қоюды Министрлік жүргізеді. Осы Қағидалардың
15-тармағында көзделген жағдайларда Министрлік паспортты талап етеді.
Паспорт иесіне паспортты мұрағатқа тапсыру қажеттігі туралы ауызша немесе жазбаша хабарлау жолымен талап етіледі. Уәкілетті адам немесе іссапарға жіберуші орган паспортты он күн мерзім ішінде тапсырмаған жағдайда Министрлік Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне паспортты жарамсыз деп тану туралы ақпарат жібереді. Министрліктің жазбаша өтініші негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі паспортты мемлекеттік шекарадан өту кезінде алып қояды, одан кейін паспорт Министрлікке жолданады.
      17. Азаматтар шетелдік сапардан оралғаннан кейін, паспорт иесі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасынан тыс жерге қайта шықпайтын болса, ол он күн мерзімде Министрліктің мұрағатына тапсырылуы тиіс. Паспортты тапсыру негізсіз кідіртілген жағдайда Министрлік оны жарамсыз деп таниды.
      18. Паспорттарды есепке алуды Министрліктің материалдық-жауапты адамы деректерді (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, ұлты, жұмыс орны, лауазымы, шығатын елі, паспорт нөмірі, паспорт түрі, паспорттың тұрған жері, берілген күні, қайта тіркелуі) электрондық базаға енгізу жолымен жүргізеді, бұдан кейін паспорт әліпби тәртібімен Министрліктің мұрағатына орналастырылады.
      19. Паспорт шетелде жоғалған жағдайда оның иесі бұл туралы болу мемлекетінің құқық қорғау органдарына және Қазақстан Республикасының жақын жердегі шетелдегі мекемесіне, ал егер жоғалу, ұрлану Қазақстан Республикасының аумағында орын алса - Министрлікке және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына дереу мәлімдейді.
      Жоғалған, ұрланған паспорттың орнына жаңа паспорт беру жоғалғаны, ұрланғаны туралы ақпарат тексерілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі белгілеген тәртіпте жүргізіледі.
      20. Паспорттарды сақтау Министрліктің мұрағатында жүргізіледі.
Паспортпен бірге паспортты есепке алу карточкасы сақталады, ол паспорт берілген кезде мұрағатта қалады.
      21. Паспорт:
      1) оның жарамдылық мерзімі өткен;
      2) оны ресімдеу кезінде техникалық қателіктер жіберілген;
      3) ол жарамсыз деп танылған жағдайларда жойылуға жатады.
      Паспортты жою туралы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша акт жасалады. Ережесі мен құрамы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бұйрығымен бекітілетін комиссия мүшелері актіге қол қояды.

Қазақстан Республикасының дипломатиялық 
және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру,
ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу,
сақтау және жою қағидаларына      
1-ҚОСЫМША               

Іссапарға жіберуші ұйымның бланкісінде
      паспортты (дипломатиялық, қызметтік) ресімдеу үшін


20_____ ж. "___"_________

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

... (ел) шығу үшін паспорт (дипломатиялық, қызметтік) ресімдеуді/беруді сұраймыз:
Т.А.Ә. - лауазымы
Шығуы жылы/күні/айы,... күн (жыл) мерзімге жоспарланған
Маршруты:
Баратын қалалар:
Сапардың мақсаты:
Шығуының негізі:... (ұйымның атауы) шақыруы бойынша
Сапарды:... (ұйымның атауы) қаржыландырады

Қосымша:
1) іссапарға жіберуші органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) куәландырған іссапарға жіберу туралы бұйрықтың немесе өзге құжаттың көшірмесі;
2) паспорт беруге толтырылған өтініш;
3) 3,5 х 4,5 мөлшеріндегі түрлі-түсті екі фотосурет;
4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен паспортының көшірмесі

Ұйымның басшысы   Қолы   Т.А.Ә._________________/
Мөрдің орны

Орындаушы: Т.А.Ә.
Телефон:

Қазақстан Республикасының дипломатиялық 
және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру,
ауыстыру, тапсыру, алып қою, есепке алу,
сақтау және жою қағидаларына      
2-ҚОСЫМША               

Дипломатиялық/қызметтік паспортты жою актісі

"Бекітемін"   
_______________________
паспортты беруге жауапты
құрылымдық бөлімшенің
басшысы
________________ Т.А.Ә.

      20 ___ ж. "____"________

Қатаң есептіліктегі бүлінген бланкілерді жою туралы
АКТ

Біз, төменде қол қоюшылар
1. ___________________________,
      (лауазымы) Т.А.Ә.
2. ___________________________,
      (лауазымы) Т.А.Ә.
3. ___________________________
      (лауазымы) Т.А.Ә.

№ ____ паспорттардың бланкілері жойылғаны туралы осы актіні жасадық.

Қосымша: жойылған паспорттар бланкілерінің көшірмелері.
_____________________________
      қолы, Т.А.Ә.
_____________________________
      қолы, Т.А.Ә.
_____________________________
      қолы, Т.А.Ә.
      Орынд.: Тегі, аты

Қазақстан Республикасы
      Президентінің   
2014 жылғы 13 қаңтардағы
      № 722 Жарлығымен  
      БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттары берілетін Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының тізбесі

Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты берілетін адамдардың тізбесі

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 21.04.2014 N 807 Жарлығымен.

1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы мен оның
отбасы мүшелері.
2. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасы мүшелері.
3. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.
4. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.
5. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.
6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.
7. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.
8. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы.
9. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы.
10. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы.
11. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
12. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары.
13. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.
14. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының
орынбасарлары.
15. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы.
16. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері, Қазақстан
Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасы
Президентінің кеңесшілері, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілдері, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасарлары.
17. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.
18. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары.
18-1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы және оның орынбасарлары.
19. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалаушы сот
алқаларының төрағалары.
20. Астананың, республикалық маңызы бар қаланың және облыстардың
әкімдері.
21. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары.
22. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
23. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі құрылымдық
бөлімшелерінің басшылары.
24. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжілісінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппарат басшылары.
25. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Сыртқы
байланыстар және протокол бөлімінің меңгерушісі.
26. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі.
27. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы, балалары).
28. Қазақстан Республикасынан жіберілетін халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы, балалары).
29. Әскери атташелер, олардың көмекшілері және олардың отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы, балалары).
30. Ұзақ мерзімді шетелдік іссапарға немесе халықаралық ұйымға Қазақстан Республикасынан жіберілетін қызметкер ретінде жұмысқа баратын Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты иесімен бірге шыққан жағдайда, оның асырауындағы адамдар.

Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты берілетін адамдардың тізбесі

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 21.04.2014 N 807 Жарлығымен.

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес, дипломатиялық паспорт алуға құқығы жоқ мемлекеттік саяси қызметшілер.
3. Дипломатиялық паспорт алуға құқығы бар адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес «А» корпусының лауазымындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілер.
4. Дипломатиялық паспорт алуға құқығы бар адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілер лауазымдары тізілімінің А және В санаттарының, «Б» корпусының С-1, С-2, С-3 санаттарының лауазымындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілер.
5. Аумақтық органдардың қызметкерлерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы "Сырбар" Сыртқы барлау қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) офицер атағы бар қызметкерлері.
6. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің жұмыскерлері, олардың отбасы мүшелері.
7. Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық даму институттары, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер атқарушы органдарының бірінші басшылары.
8. Қазақстан Республикасы ресми делегацияларының халықаралық ұшып өтуін қамтамасыз ету үшін тартылатын қазақстандық авиакомпаниялардың ұшқыш-техникалық персоналы.
9. Осы тізбенің 7-тармағында көрсетілген ұйымдардың шет мемлекеттердегі өкілдіктеріндегі қызметкерлер мен олардың жұбайы/зайыбы, балалары, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдар.
10. Ұзақ мерзімді шетелдік іссапарға немесе халықаралық ұйымға Қазақстан Республикасынан жіберілетін қызметкер ретінде жұмысқа баратын Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты иесімен бірге шыққан жағдайда, оның асырауындағы адамдар.