Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 тамыздағы № 1037 Жарлығы

Қолданыстағы

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс        

      «Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығына сәйкес және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің іске асырылуына бақылауды күшейту, халықаралық іс-шараларды дайындауды жүйелеу және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдары Қағидаларда белгіленген тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етсін және Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің және қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына бақылауды күшейтсін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі халықаралық іс-шараларды, шетелдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялар (комитеттер, кеңестер) және олардың шағын комиссиялары (шағын комитеттер, жұмыс топтары) отырыстарын ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру ережесін бекітсін.
      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басшылары Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастарын және мемлекеттік мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша өздерінің көпшілік алдындағы сөздері мен мәлімдемелері Қазақстан Республикасының ресми ұстанымына сәйкес келуіне дербес жауапты болатыны деп белгіленсін.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жарты жылда бір рет Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын Қазақстанның мемлекеттік мүдделерін қозғайтын өзекті халықаралық мәселелер жөніндегі Қазақстан Республикасының ресми ұстанымы туралы хабардар етсін.
      5. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 39, 428-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколында:
      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «24. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылардың құрамы жөніндегі ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі енгізеді және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі - Президент Әкімшілігі) бекітеді.
      Президенттің келіссөздер жүргізу тәртібін Президент Протоколы айқындайды.»;
      42-тармақтың бірінші бөлігінде «, материалдарды және құжаттарды 5-қосымшаға сәйкес қол қоюға дайындайды» деген сөздер алып тасталсын;
      65-тармақтың екінші бөлігінде «5-қосымшаға сәйкес ақпараттық-талдау материалдарын, сондай-ақ шетелдік» деген сөздер «Шетелдік» деген сөзбен ауыстырылсын;
      5-қосымша алып тасталсын.
      6. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен жоғары және үкіметаралық деңгейлердегі кездесулер мен келіссөздер барысында қол жеткен уағдаластықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 9 сәуірдегі № 2940 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 14, 109-құжат; 2004 ж., № 21, 264-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 9 сәуірдегі № 2940 Жарлығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 7 мамырдағы № 1361 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 21, 264-құжат).
      7. Осы Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                    Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2010 жылғы 12 тамыздағы 
№ 1037 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау
ҚАҒИДАЛАРЫ

      Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тәртібін белгілейді.

1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу тәртібі

      1. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік органдар (бұдан әрі - орталық мемлекеттік органдар) «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 20-бабына сәйкес және өз құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасы және Үкімет атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары (бұдан әрі - халықаралық шарттар) бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етеді, осындай халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасына тиесілі құқықтардың жүзеге асырылуын және халықаралық шарттардың басқа қатысушыларының өз міндеттемелерін орындауын қадағалайды.
     2. Орталық мемлекеттік органдар жыл сайын 10 қарашадан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне (бұдан әрі - СІМ):
      1) күшіне енген халықаралық шарттардың ағымдағы жыл ішінде орындалу барысы туралы;
      2) Қазақстан Республикасы уағдаласушы тарапы болып табылатын қол қойылған және күшіне енбеген халықаралық шарттар бойынша мемлекетішілік рәсімдердің орындалу барысы туралы, оның ішінде олардың орындалмау себептері туралы ақпарат береді.
      3. Күшіне енген халықаралық шарттар туралы ақпарат:
      1) халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасына тиесілі құқықтардың жүзеге асырылуын, сондай-ақ халықаралық шарттардың басқа қатысушыларының өз міндеттемелерін орындауын қадағалауды талдауды;
      2) халықаралық шарттардың орындалуы барысында анықталған проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды қамтуы тиіс.
      4. СІМ орталық мемлекеттік органдар ұсынған ақпаратты жинақтап қорытып, талдайды және талдау нәтижелері бойынша сыртқы саяси бағаны қамтитын жиынтық ақпаратты жылына бір рет 10 желтоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне (бұдан әрі - Премьер-Министр Кеңсесі) жібереді. Көрсетілген ақпаратқа халықаралық ұйымдар ұсынымдары болған жағдайда, олардың көшірмелері қоса беріледі.
      5. Премьер-Министр Кеңсесі жыл сайын 25 желтоқсаннан кешіктірмей, ұсынылған ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне (бұдан әрі - Президент Әкімшілігі) жібереді.
      Жіберілетін ақпарат, қажеттігіне қарай, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалған халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі Премьер-Министр Кеңсесінің ұсыныстарымен толықтырылады.
      6. Президент Әкімшілігі Премьер-Министр Кеңсесінің халықаралық шарттар жөніндегі ақпаратын алған күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен ақпаратты талдайды және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізеді.

2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру тәртібі

      7. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымның шешімі (бұдан әрі - халықаралық ұйымның шешімі) деп құрылтай құжаттарына немесе халықаралық ұйым шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық (мемлекетаралық немесе үкіметаралық) ұйымның органы қабылдаған, оның атауына қарамастан шешім (қарар, ұсыным) болып табылады.
      8. Халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобалары Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілуге тиіс. Бұл жобаларды қабылдауда Қазақстан Республикасы қатысуының сыртқы саяси орындылығының мәніне СІМ-мен міндетті түрде келісіледі. Шешімді қабылдау Қазақстан Республикасының бюджетінен қаржы қаражатын бөлуді талап ететін жағдайда, тиісті жобалар Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізіледі.
      9. Халықаралық ұйымдар шешімінің жобасын келісу рәсімін аталған жобаны реттеу мәні құзыретіне жататын орталық мемлекеттік орган жүзеге асырады. Келісу нәтижелері бойынша тиісті халықаралық ұйымға СІМ арқылы хабарланады.
      10. Халықаралық ұйымның шешімін СІМ алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде халықаралық ұйымның шешімін реттеу мәні құзыретіне жататын орталық мемлекеттік органдарға халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру қажеттігі немесе қажеттігінің болмауы туралы ұсыныстарды (бұдан әрі - халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы ұсыныстар) қарау және тұжырымдау үшін жібереді.
      11. Халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы тұжырымдалған ұсыныстарды орталық мемлекеттік органдар он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен, ал қаржы қаражатын бөлу қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен келіседі және халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы келісілген ұсыныстарды СІМ-ге жібереді.
      12. СІМ орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы ұсыныстарды қарайды және халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы өз ұсыныстарын Премьер-Министр Кеңсесінің қарауына енгізеді.
      13. Премьер-Министр Кеңсесі халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы енгізілген ұсыныстарды он жұмыс күні ішінде қарайды және қарау қорытындылары бойынша:
      1) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарына тиісті тапсырмалардың жобасымен қоса енгізеді;
      2) егер халықаралық ұйымның шешімін іске асыру Қазақстан Республикасы Президентінің қарауын талап ететін жағдайда, халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы өз ұсыныстарын Президент Әкімшілігіне енгізеді.
      14. Президент Әкімшілігі Премьер-Министр Кеңсесінің халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы ұсыныстарын оларды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
      Қараудың қорытындылары бойынша Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесінің қорытындысы негізінде Президент Әкімшілігінің Басшысы Қазақстан Республикасының Президентіне халықаралық ұйымдардың шешімдерін іске асыру туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарына тиісті тапсырмалардың жобасымен қоса енгізеді.

3. Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын
дайындау тәртібі

      15. Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шаралары (бұдан әрі - іс-шаралар):
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен - жоғары деңгейде;
      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқа да мүшелерінің, Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларының қатысуымен - үкіметаралық деңгейде;
      3) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары басшыларының және өзге де лауазымды тұлғаларының қатысуымен - ведомствоаралық деңгейде өткізіледі.
      16. Іс-шараларды өткізудің рәсімдік қағидалары «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығымен реттеледі.
      17. Жоғары деңгейдегі іс-шаралардың мазмұндық бөлігі мыналарды:
      1) іс-шараларды өткізу мерзімдерін шетел тарапымен келісуді;
      2) Қазақстан Республикасы делегациясының басшысы мен мүшелері үшін ақпараттық-талдау материалдарын, оның ішінде іс-шаралар барысында талқылануы жоспарланған мәселелер жөніндегі материалдарды дайындауды;
      3) іс-шаралар барысында шетел тарапымен бірге қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркеуді қамтиды.
      18. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жоғары және үкіметаралық деңгейдегі іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтау жөніндегі жұмыстарын үйлестіруді СІМ қамтамасыз етеді.
      19. Жоғары деңгейдегі іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтау тәртібі осы Қағидалармен реттеледі.
      Үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      20. Жоғары деңгейдегі іс-шаралардың мазмұндық бөлігін қамтамасыз ету мақсатында СІМ:
      1) Президент Әкімшілігі жасайтын Қазақстан Республикасы Президентінің жұмыс кестесін ескере отырып, іс-шараларды өткізу мерзімін шетел тарапымен келісуді;
      2) мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың берген ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне ақпараттық-талдау материалдарын дайындауды жүзеге асырады.
      21. СІМ жоғары деңгейдегі іс-шараларға:
      1) іс-шараның тұжырымдамасын;
      2) бағдарламаның жобасын;
      3) делегация құрамының жобасын;
      4) шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге арналған тезистерді;
      5) ел туралы анықтаманы;
      6) елдің ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы анықтаманы;
      7) елдің сыртқы саясаты туралы анықтаманы;
      8) ел басшылығының өмірбаяны;
      9) ел басшылығының саяси портреттерін;
      10) екіжақты қарым-қатынастар туралы анықтаманы;
      11) екіжақты бірлескен комиссияның жұмысы туралы анықтаманы;
      12) келіссөздер процесінде шетелдік тарап көтеруі мүмкін мәселелер бойынша оларға қатысты Қазақстан ұстанымы баяндалған ақпаратты;
      13) қол қоюға жоспарланған құжаттар тізбесін (ағымдағы кездегі құжаттардың жай-күйі туралы ақпаратты, құжаттардың аңдатпасын);
      14) шарттық-құқықтық база туралы анықтаманы (жасалған халықаралық шарттар тізбесін);
      15) бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын талдауды;
      16) Қазақстан Республикасы Президентінің шетелдерге сапары кезінде - баратын ел басшылығының атына алғысхаттардың жобаларын;
      17) мүмкіндігінше баратын елі туралы бейнефильмді;
      18) ұлттық мақалдар, мәтелдер тізімі және осы елдегі белгілі адамдардың ұлағатты сөздері қоса берілген, жоспарланатын сөздер мен тостардың жобаларын;
      19) электрондық жеткізгіште - алғаш рет кездесетін басшылардың суреттері және мүмкіндігінше Мемлекет басшысының кездесу өткізетін және баратын жерлерінің түрлі-түсті суреттерін қамтитын ақпараттық-талдау материалдары пакетін дайындау қамтамасыз етеді.
      Халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-шараларға қажетті материалдар дайындау халықаралық ұйымдардың құрылтайшы органдары қабылдаған рәсімдер қағидалары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      22. СІМ жоғары деңгейдегі іс-шараны өткізуге дейін кемінде екі ай бұрын мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қолда бар құжаттарды, ақпараттық-талдау материалдарын, алдағы іс-шараларға және Қазақстан Республикасы Президенті тапсырмаларының жобасына ұсыныстарды беру туралы сұрату жібереді.
      23. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар сұрату келіп түскен кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде немесе Президент Әкімшілігі белгілеген өзге де мерзімде СІМ-ге қажетті ақпарат пен алдағы іс-шараларға және Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының жобасына ұсыныстар дайындауды және ұсынуды қамтамасыз етеді.
      24. СІМ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, Сыртқы істер министрі бекіткен іс-шара тұжырымдамасын Президент Әкімшілігіне іс-шараны өткізуден кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын енгізеді. Бұл ретте халықаралық шарттарды қол қоюға (жасасуға) дайындау бойынша тиісті мемлекетішілік рәсімдер тұжырымдаманы дайындау сәтіне қарай аяқталған және олардың жобалары контрагенттермен келісілген, қол қоюға (жасасуға) жоспарланған халықаралық шарттар тұжырымдамаға енгізіледі.
      25. Іс-шара тұжырымдамасы, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстары негізінде СІМ Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен іс-шараны өткізуден кемінде он бес жұмыс күні бұрын Президент Әкімшілігіне ұсынады.
      26. СІМ осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген ақпараттық-талдау материалдарының пакетін жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізуден кемінде он бес жұмыс күні бұрын Президент Әкімшілігіне енгізеді.
      Президент Әкімшілігі ақпараттық-талдау материалдарының пакетіне сараптама және қажет болған жағдайда, пысықтау жүргізіп, оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізеді.
      27. Егер іс-шараны өткізу мерзімі осы Қағидалардың 24-тармағын орындау мерзімінен кемінде он жұмыс күні бұрын айқындалса, 24 - 26-тармақтарды іске асыру СІМ ұсынысы бойынша Президент Әкімшілігі белгілейтін өзге де мерзімдерде қамтамасыз етіледі.
      28. Жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізу барысында СІМ қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркеуді қамтамасыз етеді.
      29. Жоғары деңгейдегі іс-шараға СІМ қатыспайтын жағдайларда, қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркеуді Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси қызметті қамтамасыз ететін көмекшісі немесе Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген өзге тұлға жүзеге асырады.
      Қол жеткізілген уағдаластықтар туралы тиісті ақпарат жоғары деңгейдегі іс-шарадан кейін төрт жұмыс күні ішінде СІМ-ге жіберіледі.

4. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру тәртібі

      30. Қол жеткізілген уағдаластықтар деп осы Қағидалардың 28 және 29-тармақтарына сәйкес тіркелген уағдаластықтар, сондай-ақ:
      1) жоғары деңгейдегі іс-шаралар барысында қабылданған бірлескен мәлімдемелерде, декларацияларда, коммюникелер мен басқа да құжаттарда;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша қол қойылған немесе қабылданған ведомствоаралық сипаттағы бірлескен құжаттарда;
      3) жоғары деңгейдегі іс-шаралар нәтижелері бойынша хаттамаларда, меморандумдарда, ноталар мен хаттарда;
      4) шетелдердің, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, шетелдік компаниялар мен фирмалардың басшыларына Қазақстан Республикасы Президентінің жеке жолдаулары мен хаттарында белгіленген ұсыныстар мен міндеттемелер (нормативтік құқықтық сипатта емес) болып табылады.
      31. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсырма береді.
      Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар іс-шара аяқталғаннан кейін төрт жұмыс күні ішінде СІМ-ге тапсырмалар жобасына нақты ұсыныстар береді.
      32. СІМ Президент тапсырмаларын пысықтауды тіркелген уағдаластықтар негізінде Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен жүзеге асырады.
      33. Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар қол жеткізілген уағдаластықтарды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негізінде қабылдайды және тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының алдындағы айдың 25-күніне дейін СІМ-ге Президент тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы есеп береді.
      34. СІМ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынған, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін берілген Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы есепті жинақтап қорытады және талдайды, әрі тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының 5-күніне дейін жиынтық есепті Премьер-Министр Кеңсесіне жібереді.
      35. Премьер-Министр Кеңсесі жарты жылда бір рет 15 маусымнан және 15 желтоқсаннан кешіктірмей, Президент Әкімшілігіне қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін берілген Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиынтық есеп ұсынады.