Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 21-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу және Республика Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 2 қазандағы № 4097 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 20, 182-құжат; 2009 ж., № 30, 260-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 576 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 20, 182-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 2 қазандағы № 4097 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 828 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 30, 260-құжат).
3. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, мемлекеттік органдар мен ұйымдар осы Жарлық қолданысқа енгізілген күннен бастап екі ай ішінде:
1) өз актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің қолданыстағы актілері мен тапсырмаларын олардың орындалу мерзімдерін осы Жарлыққа сәйкес қайта қарап түгендеуді жүргізсін;
3) осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 27 сәуірдегі
№ 976 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен
тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну,
Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен
тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық
жарлықтарына мониторинг жүргізу
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже):
1) Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну;
2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын орындауын бақылауды жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу тәртібін реттейді.
2. Осы Ереженің мақсаты:
1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын сапалы дайындауды және олардың толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету;
2) барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және мемлекеттің лауазымды адамдарының келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету;
3) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуына өзара жауапкершілігін белгілеу болып табылады.
3. Осы Ережеде қолданылатын негізгі терминдер:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің актілері - Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен өкімдері;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары - Қазақстан Республикасының Президенті халықаралық іс-шаралардың және өңірлік сапарлардың қорытындылары бойынша берген, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін кеңестердің, отырыстардың және қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың хаттамаларында қамтылған тапсырмалары, Қазақстан Республикасы Президентінің жеке тапсырмалары мен Қазақстан Республикасы Президентінің қызметтік құжаттар бойынша тапсырмалары;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау - мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындауын қамтамасыз етуге бағытталған кезең-кезеңмен бақылау іс-қимылдарын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жиынтығы;
4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттар - Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарлары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен бекітілген стратегиялар, тұжырымдамалар, мемлекеттік бағдарламалар мен доктриналар.
2. Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын
дайындау, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі
4. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын дайындауды:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі - Президент Әкімшілігі);
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет);
3) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты;
4) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;
5) Үкімет құрамына кірмейтін Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
6) Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары;
7) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де мемлекеттік органдар және лауазымды адамдар жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын дайындауды тиісті мемлекеттік органдар құзыретіне сәйкес өз бастамашылығы бойынша не жоғары тұрған мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.
6. Үкімет, Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар дайындаған, Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің тиісті бланктердегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жобалары Президент Әкімшілігіне Үкімет қаулысымен немесе Қазақстан Республикасының Президентіне жіберілетін Премьер-Министрдің ілеспе хатымен енгізіледі.
7. Үкімет енгізетін Қазақстан Республикасының Президент актілерінің жобаларына әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет, Қаржы министрліктерінің бірінші басшылары, Премьер-Министр, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы міндетті түрде бұрыштама соғады.
8. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар дайындаған Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің тиісті бланктердегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жобалары Президент Әкімшілігіне осы органдардың бірінші басшылары қол қойған хаттармен енгізіледі.
9. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар енгізетін Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларына әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет, Қаржы министрліктерінің бірінші басшылары және қажет болған кезде Премьер-Министр, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы міндетті түрде бұрыштама соғады.
10. Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасына және оған қосымшаларға жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы, егер акт жобасы екі және одан да көп парақтан тұрса, акт жобасының бірінші парағын қоспағанда, әр парағына алдын ала қол қояды.
11. Енгізіліп отырған Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасына:
1) үш парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша - бес парақтан аспайтын түсіндірме жазба қоса беріледі, онда мәселенің мәні, әлеуметтік-экономикалық және қажет болған кезде саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де негіздемелер, актіні қабылдаудың күтіліп отырған салдарының болжамы, Қазақстан Республикасы Президентінің осы мәселе бойынша бұрын қабылданған актілерінің тізбесі мен олардың орындалуы туралы ақпарат баяндалады.
Үкімет енгізетін Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасына түсіндірме жазбаға - Премьер-Министр, ал Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар енгізетін түсіндірме жазбаға әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы қол қояды;
2) егер Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы салалық мүдделері жобада тікелей қозғалатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындыларының көшірмелері;
3) егер акт Қазақстан Республикасы Президентінің қолданыстағы актілеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін жағдайда әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған және қол қойған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар Қазақстан Республикасының Президенті актісінің қолданыстағы және ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі;
4) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған келісу парағы;
5) Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасымен белгіленетін тікелей құзыреті болған кезде әзірлеуші мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дәйектеген, қабылдануы Қазақстан Республикасының Президенті актісінің енгізілетін жобасын іске асыруға қажетті нормативтік құқықтық актілердің тиісті жобалары;
6) акт жобасында мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін атқарушы адамның бұрыштамасы болған жағдайда, оған осы міндеттердің жүктелгені туралы бұйрықтың немесе өкімнің көшірмесі:
7) өзге қажетті материалдар қоса беріледі.
12. Премьер-Министрдің Кеңсесінде пысықталып Қазақстан Республикасы Президентінің енгізілетін актісінің жобасына бұрын Үкіметке енгізілген әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет, Қаржы министрліктерінің бірінші басшыларының бұрыштамалары бар Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасын қоса беруге жол беріледі.
13. Жобалар (оның ішінде электрондық түрде) Бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі (бұдан әрі - БЭҚАЖ) арқылы беріледі.
14. Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық шарттар туралы актілерінің жобалары Президент Әкімшілігіне халықаралық шарттарға қол қою белгіленген күнге дейін кемінде бес күн бұрын беріледі.
15. Қазақстан Республикасы Президентінің:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Премьер-Министрінің өкілеттігін қозғайтын актілері Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларымен келісіледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін актілерінің жобалары, сондай-ақ Үкіметтің бастамашылығымен дайындалатын актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының қойған қолымен бекітіледі;
2) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттігін қозғайтын актілері осы мемлекеттік органдардың басшыларымен келісіледі.
16. Президент Әкімшілігі Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларына:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ ратификацияланған халықаралық шарттарға сәйкестігі;
2) Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына сәйкестігі;
3) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың талаптарына сәйкестігі;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкестігі;
5) ұсынылатын актіні қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де салдарларын айқындау;
6) барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуі;
7) заң техникасы мен іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкестігі;
8) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндердің дәлме-дәлдігі;
9) осы Ереженің өзге де талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сараптама жүргізеді.
17. Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларына сараптама Президент Әкімшілігінде, егер Президент Әкімшілігінің Басшысы өзге мерзім белгілемесе, олар келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларына сараптама нәтижелері Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің сараптама қорытындылары түрінде ресімделеді.
18. Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бекіту туралы актілерінің жобалары олар Президент Әкімшілігіне келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қаралады.
19. Егер Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасында кемшіліктер анықталған жағдайда немесе олар бойынша жұмыс тәртібімен жөнделуге болатын қарсылықтар болса, онда Президент Әкімшілігі Басшысының немесе оның тиісті орынбасарының шешімі бойынша жоба Президент Әкімшілігінде әзірлеуші мемлекеттік органның қатысуымен пысықталуы мүмкін.
Бұл ретте кемшіліктер немесе қарсылықтарды жою және қажеттілігіне қарай қайта акт жобасын қайта келісу, егер Президент Әкімшілігінің Басшысы немесе оның тиісті орынбасары өзгеше мерзім белгілемесе, он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
20. Егер жоба бойынша кемшіліктер немесе қарсылықтар елеулі болса және оларды Президент Әкімшілігінде қарау барысында жою мүмкін болмаса, онда Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы Президент Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша актінің жобасын енгізген мемлекеттік органға пысықтау үшін қайтарылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы пысықталғаннан кейін Премьер-Министрдің ілеспе хатымен не Үкіметтің құрылымына кірмейтін әзірлеуші мемлекеттік органның хатымен Қазақстан Республикасының Президенті немесе Президент Әкімшілігінің Басшысы белгілеген мерзімде қайтадан енгізіледі.
21. Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізілетін актінің жобасына Президент Әкімшілігінің Басшысы, міндеттерінің бөлуіне сәйкес Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары, Президенттің көмекшілері мен кеңесшілері бұрыштама соғады.
Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасына қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы бұрыштама соғады.
Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, Президент Әкімшілігінің Басшысы оны Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынады.
22. Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін жариялау «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
23. Президент актілері қол қойылған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.
24. Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін ресімдеу (оның ішінде заң техникасы, деректемелер, ішкі құрылымы бөлігінде), оларды тіркеу, тарату, жариялау және сақтау тәртібін Президент Әкімшілігі айқындайды.
25. Актілердің жобаларын дайындау кезінде Қазақстан Республикасының Президенті оларды дайындаудың, келісудің және қол қоюға ұсынудың өзгеше тәртібі мен мерзімдерін белгілеуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының
жобаларын дайындау, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі
26. Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының жобаларын дайындау:
1) өңірлік сапарларды;
2) халықаралық іс-шараларды;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін қоғамдық маңызы бар іс-шараларды және кеңестерді өткізу кезінде жүзеге асырылады.
27. Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін өңірлік сапарларды, қоғамдық маңызды іс-шараларды және кеңестерді дайындау тәртібін Президент Әкімшілігі белгілейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін халықаралық іс-шараларды дайындау ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
28. Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының жобаларын дайындау кезінде көтерілетін мәселелердің пысықталуы және:
1) стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкестігін;
2) нәтижелілігі мен тиімділігін;
3) орындалу мерзімдерінің шынайылығын;
4) экономикалық орындылығы мен ресурстармен қамтамасыз етілуін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, барлық мүдделі органдармен келісілуі ескеріледі.
29. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасы Президенті тапсырмаларының жобасы түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны қарауды және келісуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте іске асырылуы қаржыландыруды талап ететін тапсырмалардың жобалары міндетті түрде Қаржы министрлігімен келісіледі.
30. Мемлекеттік органдар:
1) жергілікті атқарушы органдар - өңірлік сапарлар бойынша;
2) Сыртқы істер министрлігі - халықаралық іс-шаралар бойынша;
3) орталық мемлекеттік органдар - Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін қоғамдық маңызы бар іс-шаралар мен кеңестер бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткізілетін алдағы іс-шаралар шеңберінде Премьер-Министрмен, мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісілген тапсырмалардың жобаларын Президент Әкімшілігіне Қазақстан Республикасының Президентінің қатысуымен іс-шаралар өткізілгенге дейін кемінде он бес жұмыс күні қалғанда ұсынуды қамтамасыз етеді.
31. Егер Қазақстан Республикасы Президенті тапсырмасының жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда, онда Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі Әкімшілік Басшысының жетекшілік ететін орынбасарымен келісім бойынша тапсырманың жобасын жұмыс тәртібімен пысықтауы мүмкін.
Бұл ретте, Президент Әкімшілігінің Басшысы немесе оның тиісті орынбасары өзгеше мерзім белгілемесе, кемшіліктерді немесе қарсылықтарды жою және қажеттілігіне қарай тапсырма жобаларын қайтадан келісу бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
32. Президент Әкімшілігінің жауапты құрылымдық бөлімшесі Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмасының жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен іс-шаралар өткізілгенге дейін кемінде бес жұмыс күні қалғанда Президент Әкімшілігінің Басшысына ұсынады.
33. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының әзірленген жобаларын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, Премьер-Министрмен келісуді қамтамасыз етеді және оны:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін өңірлік сапарлардың, қоғамдық маңызы бар іс-шаралар мен кеңестердің қорытындылары бойынша - он жұмыс күні ішінде;
2) халықаралық іс-шаралардың қорытындылары бойынша он бес жұмыс күні ішінде Президент Әкімшілігіне енгізеді.
34. Президент Әкімшілігі Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмасының жобасы түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қаралуын қамтамасыз етеді және оң қорытынды болған жағдайда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізеді. Теріс қорытынды болған жағдайда ескертулермен қатар қойылған мәселелерді шешудің нақты ұсыныстары мен тетіктері көрсетіледі.
35. Тапсырмалардың жобаларын дайындау кезінде Қазақстан Республикасының Президенті оларды дайындаудың өзгеше тәртібі мен мерзімдерін белгілеуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен
тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі
36. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды:
1) Үкіметке, орталық және жергілікті атқарушы органдарға, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қатысты - Президент Әкімшілігі;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдарға, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қатысты - Үкімет;
3) ведомстволық бағынысты ұйымдар мен лауазымды адамдарға қатысты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
37. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын бақылау объектілері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің актілері не актілерінің тармақтары;
2) халықаралық іс-шаралар мен өңірлік сапарлардың қорытындылары бойынша берген Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары не тапсырмаларының тармақтары;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін кеңестердің, отырыстардың және қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың хаттамаларында қамтылған тапсырмалар не тапсырмалардың тармақтары;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің жеке тапсырмалары;
5) «Бақылауға алынды» деген мөртабан болған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің қызметтік құжаттар бойынша тапсырмалары не тапсырмаларының тармақтары.
38. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылау:
1) қажетті ақпаратты талап ету;
2) атқарылуы туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;
3) тексеру және құжаттамалық тексерудің өзге нысандары;
4) жергілікті жерге барып тексеру жолымен;
5) заңнамаға қайшы келмейтін басқа да тәсілдермен жүзеге асырылады.
39. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыратын субъектілер мынадай лауазымды адамдар болып табылады:
1) мемлекеттік органның және ұйымның бірінші басшысы жалпы басшылық пен Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
2) жауапты хатшы, мемлекеттік орган аппаратының басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын және орындаушылық тәртіптің сақталуын бақылауды ұйымдастырады, мемлекеттік орган бөлімшелерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік органның және ұйымның бірінші басшысының орынбасарлары жетекшілік ететін жұмыс бағыттары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
Көрсетілген лауазымды адамдар Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының уақтылы әрі сапалы орындалуы үшін дербес жауапты болады.
40. Халықаралық іс-шаралардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын орындау үшін жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіруді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.
41. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларында белгіленген тапсырмаларды орындау мерзімі олар мемлекеттік орган мен ұйымға түскен күнінен бастап жұмыс күндерімен есептеледі.
42. Атына тапсырма берілген және өкілдері отырысқа (кеңеске) қатысқан тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдар отырыстан (кеңестен) кейін дереу, отырыс (кеңес) хаттамасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің қол қойылған тапсырмасы өздеріне түскенін күтпестен, тапсырмаларды орындауға кірісуге міндетті.
43. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын орындау Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларында көрсетілген мерзімде қамтамасыз етіледі.
Егер «Бақылауға алынды» деген мөртабаны бар тапсырмаларда мерзімі көрсетілмесе, онда олар Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігінің атына ақпарат енгізіле отырып, бір ай мерзімде орындалады. Өзге жағдайларда ақпарат Президент Әкімшілігінің қосымша сауалына сәйкес белгіленген тәртіпте ұсынылады.
44. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке тапсырмаларын, егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар екі аптадан аспайтын мерзімде орындауға тиіс.
45. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмалары белгіленген орындалу мерзімі ескеріле отырып, бақылаудың мынадай түрлеріне қойылады:
1) шұғыл - «өте шұғыл» деген белгісі барлары үш жұмыс күні ішінде, «шұғыл», «жылдамдатылсын» - он жұмыс күніне дейін;
2) қысқа мерзімді - он жұмыс күнінен бір айға дейін;
3) орта мерзімді - бірден алты айға дейін;
4) ұзақ мерзімді - алты айдан астам.
46. Егер Президент Әкімшілігінен келіп түскен акті мен тапсырмада мәселені мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлесіп қарауы көзделетін болса, онда ақпаратты қорыту мен Президент Әкімшілігіне беру үшін акті мен тапсырмада бірінші немесе атауының жанында «(жинақтау)» белгісі тұрған мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы жауапты болып табылады.
47. Орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) бірінші басшысының шешімімен қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын іске асыру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспары бекітіледі.
48. Егер Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасында «өте шұғыл», «шұғыл» және «жылдамдатылсын» деген белгілер болса, онда Президент Әкімшілігі тез арада (сол күні) оларды орындаушы мемлекеттік органға (ұйымға) және бірлесіп атқарушы мемлекеттік органдарға (ұйымдарға) хабарлайды.
49. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар (ұйымдар) актілер мен тапсырмаларды орындаған кезде жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға (ұйымға):
1) «өте шұғыл» деген белгісі бар шұғыл бақылауға қойылғандары туралы тапсырма түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде, «шұғыл», «жылдамдатылсын» белгісі барлары туралы - егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, үш жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) қысқа мерзімді бақылауға қойылғандары туралы, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, белгіленген орындалу мерзіміне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) орта мерзімді бақылауға қойылғандары туралы, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, ол үшін белгіленген орындалу мерзіміне дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей;
4) ұзақ мерзімді бақылауға қойылғандары туралы, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, ол үшін белгіленген орындалу мерзіміне дейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей өз ұсыныстарын енгізеді.
50. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы есептік ақпарат осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мәліметтерді қамтуға тиіс.
51. Әзірлеуші мемлекеттік орган Президент Әкімшілігіне беретін стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысы туралы есептік ақпарат - осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша, Экономикалық даму және сауда министрлігі беретін есептік ақпарат - осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті беретін есептік ақпарат осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мәліметтерді қамтуға тиіс.
52. Егер Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің және/немесе тапсырмаларының тармақтарын белгіленген мерзімде орындау мүмкін болмаған жағдайда, онда орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы күні бұрын, бірақ белгіленген мерзімге дейін бір күннен кешіктірмей, Президент Әкімшілігіне орындаудың ағымдағы жай-күйін көрсете отырып, орындау мерзімін ұзарту қажеттілігіне дәлел келтірілген негіздемемен не нақты орындалу мерзімін, орындаушы мемлекеттік органның нақты жауапты саяси мемлекеттік қызметшілерін, сондай-ақ бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарды және ұйымдардың жауапты лауазымды адамдарын міндетті түрде көрсете отырып, оны орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру туралы хат енгізеді.
Президент Әкімшілігі орындаушы мемлекеттік органға (ұйымға) үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабарлайды.
53. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері және/немесе тапсырмалары тармақтарының орындалу мерзімін ұзартуға, оның ішінде оларды орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыруға Президенттің немесе Президент Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшесінің сараптамалық қорытындысы негізінде бір реттен асырмай жол беріледі.
54. Актілер және/немесе тапсырмалар тармақтарының мерзімін қайта ұзартуға айрықша жағдайларда Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша, саяси мемлекеттік қызметшілерді және ұйымдардың жауапты лауазымды адамдарын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарай отырып, жол беріледі.
55. Президент Әкімшілігіне Қазақстан Республикасы Президентінің актілері және/немесе тапсырмалары тармақтарының орындалу мерзімін ұзарту туралы екі реттен артық ұсыныс енгізілген жағдайда мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) бірінші басшыларын жазалау туралы мәселе қаралады.
56. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке тапсырмаларының орындалу мерзімін ұзартуды тек Қазақстан Республикасының Президенті ғана жүзеге асырады.
57. Актілердің және/немесе тапсырмалардың тармақтарын бақылаудан алу үшін:
1) олардың толық және сапалы орындалуы;
2) туындаған объективті жағдайларға орай орындаудың мүмкін еместігі негіз болып табылады.
58. Актілердің және/немесе тапсырмалардың тармақтарын бақылаудан алу үшін орындауға жауапты мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы Президент Әкімшілігіне орындаудың нәтижелерін не туындаған объективті жағдайларға орай оны орындаудың мүмкін еместігін көрсетіп хат енгізеді.
59. Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінің және/немесе тапсырмаларының тармақтарын бақылаудан алуды орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) ұсынысы бойынша Президент Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімшесінің сараптамалық қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасының Президенті, Президент Әкімшілігінің Басшысы немесе Президент Әкімшілігі Басшысының ол уәкілеттік берген орынбасары жүзеге асырады.
60. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке тапсырмаларының орындалуын бақылаудан алуды тек Қазақстан Республикасының Президенті ғана жүзеге асырады.
61. Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің және/немесе тапсырмаларының тармақтарын орындаушы мемлекеттік орган (ұйым) оларды Қазақстан Республикасының Президенті, Президент Әкімшілігінің Басшысы немесе Президент Әкімшілігі Басшысының ол уәкілетті берген орынбасары бақылаудан алғаннан кейін ғана бақылаудан алады.
62. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалу жай-күйі және бақылау нәтижелері туралы Президент Әкімшілігінің Басшысы кемінде жартыжылдықта бір рет және жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне баяндайды.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық
жарлықтарына мониторинг жүргізу тәртібі
63. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына (бұдан әрі - жарлықтар) мониторинг Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын анықтау, олардың іске асырылу тиімділігін бағалау мен оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау үшін жүргізіледі.
64. Жарлықтарға мониторингті оларды әзірлеуші болып табылатын мемлекеттік органдар тұрақты негізде жүргізеді.
65. Әзірлеушісі Президент Әкімшілігі болып табылатын жарлықтар бойынша мониторингті оларды тікелей әзірлеген оның құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.
66. Жартыжылдықтың соңғы айының 30-ы күніне дейін мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігіне мониторингтің нәтижелері туралы ақпарат және, қажет болған жағдайда, тиісті жарлықтарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу не олардың күші жойылды деп тану туралы ұсыныстар жібереді.
67. Берілетін ақпаратқа қойылатын талаптар, сондай-ақ жарлықтарға мониторинг жүргізу мәселелері бойынша құрылымдық бөлімшелердің өзара іс-қимыл тәртібі Президент Әкімшілігі Басшысының бұйрықтарымен белгіленеді.
68. Жарлықтарға мониторинг жүргізу үшін пайдаланылатын олар туралы ақпаратты жинақтау, есепке алу және сақтау мақсатында Президент Әкімшілігі жарлықтардың электрондық түрдегі тіркелімін жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының жобаларын
дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну,
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының
орындалуын бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасы Президентінің
нормативтік құқықтық жарлықтарына
мониторинг жүргізу ережесіне
1-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Президенті
Жарлығының, өкімінің жобасын келісу
ПАРАҒЫ
Жобаның атауы: ______________________________________________________
Жобаны кім және қашан енгізді _______________________________________
Әзірлеуші ___________________________________________________________
Осы мәселе бойынша Президенттің бұрын қабылданған актілері (күні және
№): _________________________________________________________________
Жобаны келісу нәтижелері: ___________________________________________
Алынған күні |
Мемлекеттік органдар, басшылар, құрылымдық бөлімшілер |
Нақты кіммен келісілді (тегі, аты, әкесінің аты) |
Келісу нәтижелері (белгі немесе қолы, күні) |
Қайтарылған күні |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
Мемлекеттік құқық бөлімінің қорытындыны табыс еткен күні: _____
Бөлімдердің корытындыларды табыс еткен күні:
________________________________ Қайтарылған күні: ____________
________________________________ Қайтарылған күні: ____________
________________________________ Қайтарылған күні: ____________
Келіп түскен күні: ____________________________________________
редакциялық сараптама жасау үшін
Жалпы бөлімге: _________________ Қайтарылған күні: ____________
Жобаның өтуі туралы ерекше белгілер ___________________________
_______________________________________________________________
Редакциялық сараптама және шешім шығару секторына
келіп түскен күні: _____________ қабылдаған ___________________
Жарлық (өкім) жобасына қоса берілген құжаттардың
ТІЗБЕСІ
Р/с № |
Құжаттардың атауы |
Құжаттың нөмірі мен күні |
Парақ саны |
1. |
Жарлық (өкім) жобасы |
||
2. |
Жобаға түсіндірме жазба |
||
3. |
Жіберу көрсеткіші |
||
4. |
Мемлекеттік органдардың қорытындылары, анықтамалары, ескертулері |
||
5. |
Қол қойылған Жарлықтың (өкімнің) көшірмесі |
||
6. |
Мемлекеттік орган басшысының міндетін уақытша атқару туралы |
||
7. |
бұйрықтың көшірмесі |
||
8. |
|||
9. |
Редакциялық сараптама және шешім шығару секторына қол қойылғаннан кейін барлығы ___________ құжат келіп түсті, оларда ___________ парақ
________________
Қолы_________ күні__________
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының жобаларын
дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну,
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының
орындалуын бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасы Президентінің
нормативтік құқықтық жарлықтарына
мониторинг жүргізу ережесіне
2-ҚОСЫМША
Президент Әкімшілігіне Қазақстан Республикасы
Президентінің актілері мен тапсырмаларының іске асырылу
барысы туралы ақпарат беру
НЫСАНЫ*
1. Тапсырманың деректемелері:
тапсырма қамтылған құжаттың атауы (хаттама, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және т.б.);
құжаттың нөміріне, күніне және тапсырма тармағына сілтеме;
жауапты орындаушы, бірлесіп орындаушылар;
орындаудың бастапқы мерзімі;
ұзартылған орындау мерзімінің күні (егер ол бар болса).
2. Тапсырманың мазмұны:
тапсырманың мазмұны;
тапсырманың маңызы мен күрделілігін мемлекеттік органның (ұйымның) пайымдауы (түсінуі);
тапсырманы іске асыруға бағытталған іс-шаралар тізбесі, олардың орындылығы мен іске асырылу мерзімдерінің (кезеңдер бойынша) негіздемесі.
3. Есепті кезеңде тапсырманы іске асыру қорытындылары:
тапсырманы іске асыруға бағытталған іс-шаралардың орындалу барысы;
өткізілген іс-шаралардан кейін қол жеткізілген нәтиже;
тапсырманы орындау нәтижелері бойынша нақты: «орындалды», «ішінара орындалды», «орындалған жоқ» деген тұжырымдар берілген өзіндік бағалау. Екінші және үшінші жағдайларда ақпаратта Әкімшілік Басшысына жиынтық баяндама дайындау кезінде тапсырманы ішінара орындаудың немесе орындамаудың объективтілігін растайтын ресми құжаттарға сілтемемен бірге себептері міндетті түрде көрсетіледі. Қорытынды ақпаратқа орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы қол қоюға тиіс.
*Іс-шаралар жоспарын жасауды немесе құқықтық акт шығаруды талап етпейтін жедел сипаттағы тапсырмалардан, сондай-ақ стратегиялық және бағдарламалық құжаттардан (стратегиялық жоспарлардан, мемлекеттік бағдарламалардан, стратегиялардан, тұжырымдамалардан, доктриналардан) басқа
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының жобаларын
дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну,
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының
орындалуын бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасы Президентінің
нормативтік құқықтық жарлықтарына
мониторинг жүргізу ережесіне
3-ҚОСЫМША
Президент Әкімшілігіне әзірлеуші орган ұсынатын стратегиялық
және бағдарламалық құжаттың іске асырылу барысы туралы
ақпаратты беру
НЫСАНЫ*
1. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттың деректемелері:
стратегиялық және бағдарламалық құжаттың атауы (қоса берілген тізбеге сәйкес);
құжаттың нөміріне, күніне сілтеме;
әзірлеуші мемлекеттік орган және бірлесіп орындаушылар;
іске асыру мерзімдері (оның ішінде кезеңдер бойынша).
2. Нысаналы көрсеткіштері:
стратегиялық және бағдарламалық құжатқа сәйкес нысаналы көрсеткіштері;
болжанып отырған аралық нысаналы индикаторлар (есепті кезеңге арналған);
нақты қол жеткізілген нысаналы көрсеткіштер.
3. Іс-шараларды орындау (тұжырымдамаларды және стратегияларды қоспағанда):
жоспарланған және орындалған іс-шаралардың жалпы саны;
есепті кезеңге жоспарланған іс-шаралардың саны;
орындалған іс-шаралардың нақты саны;
орындалмаған іс-шаралардың саны (орындалмау себептерін талдаумен қоса).
4. Қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуі және бөлінген қаржы қаражатының игерілуі (тұжырымдамаларды және стратегияларды қоспағанда):
стратегиялық және бағдарламалық құжаттың жалпы құны;
есепті кезеңге жоспарланатын шығындар;
нақты шығындар (қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып);
игерілмеген қаржы қаражаты (игерілмеу көлемі мен себептерін көрсете отырып).
5. Жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы мәліметтер:
аудитті кім жүзеге асырды (ЭДСМ, Есеп комитеті, тартылған жағдайда - аудиторлық компания);
оларды жүзеге асырушы субъектілер бөлінісінде жүргізілген бақылау іс-шараларының саны.
6. Орындалу мерзімдері есепті кезеңге жоспарланған стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, «орындалды», «ішінара орындалды», «орындалған жоқ» деген тұжырымдарымен, тұтастай алғандағы әрбір іс-шарасының нақты орындалу нәтижелері бойынша іске асырылған және іске асырылып жатқан іс-шаралар мен бағдарламалардың тиімділігін ішкі жалпы бағалау. «Ішінара орындалды», «орындалған жоқ» деген тұжырымдары болған жағдайларда ақпаратта Әкімшілік Басшысына жиынтық баяндама дайындау кезінде тапсырманы ішінара орындаудың немесе орындамаудың объективтілігін растайтын ресми құжаттарға сілтемемен бірге себептері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Қорытынды ақпаратқа орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы қол қоюға тиіс.
7. Қорытындылар мен ұсыныстар.
*Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары мен Жалпыұлттық жоспардан басқа.
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының жобаларын
дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну,
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының
орындалуын бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасы Президентінің
нормативтік құқықтық жарлықтарына
мониторинг жүргізу ережесіне
4-ҚОСЫМША
Президент Әкімшілігіне Экономикалық даму және сауда министрлігі
ұсынатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттың іске асырылу
барысы туралы ақпаратты беру
НЫСАНЫ*
1. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттың деректемелері:
стратегиялық және бағдарламалық құжаттың атауы;
құжаттың нөмірі мен күніне сілтеме;
әзірлеуші мемлекеттік орган (ұйым) және бірлесіп орындаушылар;
іске асыру мерзімдері (оның ішінде кезеңдер бойынша).
2. Нысаналы көрсеткіштері:
стратегиялық және бағдарламалық құжатқа сәйкес нысаналы көрсеткіштері;
болжанып отырған аралық нысаналы индикаторлар (есепті кезеңге арналған);
нақты қол жеткізілген нысаналы көрсеткіштер;
қол жеткізілген көрсеткіштердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін талдау.
3. Стратегиялық және бағдарламалық құжатты түзету:
түзетулер саны;
түзетудің мақсаты және негіздемесі;
бағдарламада қандай ұстанымдар өзгертілді.
4. Іс-шараларды орындау (тұжырымдамаларды және стратегияларды қоспағанда):
есепті кезеңге жоспарланған іс-шаралардың саны;
іс-шараларды орындау (орындалмаған жағдайда себептерін көрсете отырып).
5. Тұтастай алғанда стратегиялық және бағдарламалық құжаттың іске асырылған және іске асырылып жатқан іс-шараларының тиімділігін жалпы бағалау.
6. Сыртқы және ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға сәйкес стратегиялық және бағдарламалық құжаттың іс-шараларын, қаржыландырылуын және индикаторларын түзету жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар.
*Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары мен Жалпыұлттық жоспардан басқа
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының жобаларын
дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну,
Қазақстан Республикасы Президентінің
актілері мен тапсырмаларының
орындалуын бақылауды жүзеге асыру және
Қазақстан Республикасы Президентінің
нормативтік құқықтық жарлықтарына
мониторинг жүргізу ережесіне
5-ҚОСЫМША
Президент Әкімшілігіне Республикалық бюджеттің атқарылуын
бақылау жөніндегі есеп комитеті ұсынатын стратегиялық және
бағдарламалық құжаттың іске асырылу барысы туралы
ақпаратты беру
НЫСАНЫ*
1. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттың деректемелері:
стратегиялық және бағдарламалық құжаттың атауы;
құжаттың нөмірі мен күніне сілтеме;
әзірлеуші мемлекеттік орган (ұйым) және бірлесіп орындаушылар;
іске асыру мерзімдері (оның ішінде кезеңдер бойынша).
2. Стратегиялық және бағдарламалық құжатты іске асыру жөніндегі іс-шаралар:
стратегиялық және бағдарламалық құжатты есепті кезеңде іске асыруға бағытталған іс-шаралар;
стратегиялық және бағдарламалық құжат шеңберінде жүргізілген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен басқа мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) бақылау іс-шаралары.
3. Қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуі (тұжырымдамаларды және стратегияларды қоспағанда):
бағдарламаның жалпы құны;
стратегиялық және бағдарламалық құжаттың іске асыру басталғаннан бері және есепті кезеңге жоспарланған шығындар;
стратегиялық және бағдарламалық құжаттың іске асыру басталғаннан бері және есепті кезеңге арналған нақты шығындар (қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, жеке бағдарламалық іс-шаралар бойынша қаржы шығындарымен қоса).
4. Қаржы ресурстарының игерілуін талдау (тұжырымдамаларды және стратегияларды қоспағанда):
көлемін көрсете отырып, қаражаттың игерілуі (орындалмаған жағдайда себептерін көрсете отырып);
қаражаттың мақсатты пайдаланылуын талдау;
іске асырылған іс-шаралардың тиімділігін талдау (оның ішінде көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу бойынша).
5. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы:
бағдарламалық құжатты іске асыру кезінде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша қабылданған шаралар туралы;
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің актісін әзірлеуші мемлекеттік органның (орындаушының) қарау нәтижелері.
6. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттың іске асырылуын жалпы бағалау (қорытындылар) және ұсыныстар.
*Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары мен Жалпыұлттық жоспардан басқа.