Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президенті мен
Үкіметі актілерінің жинағында   
және республикалық баспасөзде   
жариялануға тиіс          

      Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі бекітілсін.
      2. Өздеріне қатысты олардың қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін мынадай мемлекеттік органдар айқындалсын:
      1) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес орталық мемлекеттік органдар;
      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар).
      3. Бағалау 2010 жылдан басталуы керек пилоттық екі орталық мемлекеттік орган мен облыстың бір жергілікті атқарушы органын қоспағанда, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу 2011 жылдан бастап жүзеге асырылсын.
      4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бір ай мерзімде 2010 жылы бағалауға жататын мемлекеттік органдардың тізбесін бекітсін.
      5. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне тиісті бағыттар бойынша бағалауға жауапты мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша үш ай мерзімде тиісті қорытындылар дайындауды қамтитын бағалау жүргізу әдістемесін әзірлесін және бекітсін.
      6. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша үш ай мерзімде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындының форматын әзірлесін және бекітсін.
      7. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі:
      2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізудің кестесін бекітсін;
      кестеге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізілетін жылдың алдындағы жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмей жүзеге асырсын.
      8. Алып тасталды - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      9. Алып тасталды - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      10. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 қаңтардағы № 273 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 1, 5-құжат; 2008 ж., № 2, 22-құжат; 2009 ж., № 35, 330-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) мемлекеттік басқару органдары қызметінің тиімділігін кешенді бағалау;»;
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында:
      7-тармақта:
      «және оның аудиті» деген сөздер алып тасталсын;
      «Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар» деген сөздер «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар» деген сөздермен ауыстырылсын.
      11. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      12. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен   
бекітілген      

Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары
қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi

      Ескерту. Жүйе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.12.23 № 1125 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалаудың осы жүйесi (бұдан әрi – Жүйе) орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi – бағаланушы мемлекеттік органдар) қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында әзiрлендi.
      2. Жүйе бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудың (бұдан әрі - тиімділікті бағалау) негізгі ережелерін, қағидаттарын, бағыттарын белгілейді, органдар жүйесін, тиімділікке бағалау жүргізу мен олардың нәтижелерін айқындау әрі нәтижелерге шағымдану тәртібін, сондай-ақ тиімділікті бағалауға қатысушылардың жауапкершілігін айқындайды.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.05 № 277 Жарлығымен.
      3. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалаудың мақсаты оларға жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылу тиімділігін айқындау болып табылады.
      4. Тиімдікті бағалау үшін ақпарат көздері болып табылатындар:
      1) мемлекеттiк органдардың есептi кезеңде жүргiзген қызметi туралы есебі;
      2) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi және бағалау жүргізуге уәкілетті органдар жүргiзген тексерулер нәтижелерi;
      3) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнің Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң актiлерi мен тапсырмаларының орындалуын бақылау нәтижелерi;
      4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларының орындалуын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесi бақылауының нәтижелерi;
      5) мемлекеттік органдардың бақылау актілері;
      6) ресми статистикалық мәліметтер;
      7) тәуелсіз сарапшылар қорытындылары;
      8) тиімділікті бағалаудың белгілі бір бағыты бойынша әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерi;
      9) тиімділікті жалпы бағалауды дайындау кезіндегі коммерциялық емес ұйымдардың ақпараты;
      10) мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпарат көздерінен алынатын өзге де ақпарат.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      5. Тиімділікті бағалауды осы Жүйенің 10-тармағында айқындалған бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар (бұдан әрі – бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар) жүргізеді.
      6. Тиiмдiлiкті бағалау жыл сайын бағалау жүргізу кестесіне сәйкес есептi (күнтiзбелiк) жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      7. Тиімділікке бағалау жүргізу кестесі:
      1) бағаланушы мемлекеттік органдардың тиісті бағыттар бойынша бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарға есепті жылдың қорытындылары бойынша есепті ақпаратты;
      2) бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардың бағаланушы мемлекеттік органдарға бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;
      3) бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға (бұдан әрі - мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) шағымдану рәсімдерінен кейінгі тиімділікті бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;
      4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның Сараптамалық комиссияның жұмыс органына бағыттар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды;
      5) Сараптамалық комиссияның Қазақстан Республикасының Президентіне тиімділікті бағалау нәтижелерін ұсыну мерзімдерін қамтиды.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.05 № 277 Жарлығымен.
      8. Тиімділікті бағалау жүргiзу кестесiн мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгі бекiтеді.

2. Тиiмдiлiкті бағалау қағидаттары

      9. Тиiмдiлiкті бағалау қағидаттары:
      1) заңдылық қағидаты – тиiмдiлiкті бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестiкте жүргiзу;
      2) әдiлдiк қағидаты – жан-жақты және толық тәуелсіз бағалау жүргізу, мүдделер қақтығысын болдырмау;
      3) дәйектiлiк қағидаты – тиiмдiлiкті бағалаудың нәтижелерiн тиiстi құжаттармен растау;
      4) ашықтық қағидаты – ақпарат көздерінің шығу тарихын тексеру мүмкіндігі;
      5) жариялылық қағидаты – құпиялылық режимiн және қызметтiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етудi ескере отырып, тиiмдiлiкті бағалаудың нәтижелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау болып табылады.

3. Тиiмдiлiкті бағалау органдарының жүйесi

      10. Тиiмдiлiкті бағалау органдарының жүйесiн бағалауға уәкілетті мынадай мемлекеттік органдар:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi;
      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi;
      3) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      4) мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      5) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган (бұдан әрi - бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган);
      6) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган;
      7) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі;
      8) өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган құрайды.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.
      11. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы Жүйенiң 16-тармағында көрсетiлген бағыттарға сәйкес бағалауға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар беретiн қорытындылар негiзiнде бағаланушы мемлекеттік органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалауды жүзеге асырады.
      12. Бағыттар бойынша тиiмдiлiкті жалпы бағалау нәтижелерi туралы сараптамалық қорытынды қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының шешiмiмен Президент Әкiмшiлiгi мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң лауазымды тұлғалары қатарынан Сараптама комиссиясы құрылады. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнің Басшысы сонымен қатар Сараптама комиссиясының жұмыс органын айқындайды.
      13. Сараптама комиссиясы өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкiмшiлiгi Басшысының бұйрығымен бекітілетін Ережені басшылыққа алады.
      14. Президент Әкімшілігін және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесін қоспағанда, бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін әдіснамалық үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      15. Өздеріне қатысты тиiмдiлiкті бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi атқарушы органдарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

4. Тиiмдiлiкті бағалау бағыттары

      16. Тиiмдiлiкті бағалау бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің мынадай бағыттары бойынша жүзеге асырылады:
      1) қадағаланатын аяда/салада/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесінің актiлерi мен тапсырмаларын орындау;
      3) бюджет қаражатын басқару;
      4) мемлекеттiк қызметтер көрсету;
      5) персоналды басқару;
      6) ақпараттық технологияларды қолдану;
      7) мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.
      17. Осы Жүйенiң 16-тармағында көрсетiлген қызметтің әрбір бағыты бойынша бағалауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар оларда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемдері мен көрсеткіштері айқындалатын Сараптама комиссиясымен келісілген тиісті әдістемелерді әзірлейді және бекітеді.
      18. Мынадай ережелер тиiмдiлiк өлшемдері мен көрсеткiштерiне қойылатын міндетті талаптар болып табылады:
      1) өлшемдер мен көрсеткіштер ресми статистикалық деректерге, мемлекеттік органдардың деректері мен басқа да ресми ақпаратқа негізделуі тиіс;
      2) шығыс ақпаратты жинақтау және өңдеу тәсілі алынған деректердің дәлдігін тексеру мүмкіндігіне жол беруі тиіс;
      3) көрсеткішті айқындау оны бағалайтын да, сондай-ақ бағаланатын мемлекеттік органның да, бір мәнді түсінуін қамтамасыз етуі тиіс;
      4) қажетті деректерді алу мүмкіндігінше аз уақыт және ресурстар шығындарымен жүргізілуі тиіс;
      5) өлшемдер мен көрсеткіштер деректерді үздіксіз жинақтау қажеттілігін және жеке кезеңдер үшін олардың салыстырмалығын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып айқындаған жөн;
      6) өлшемдер мен көрсеткіштер мемлекеттік органның барлық қызметін қамтуы және барлық мемлекеттік функциялардың сапалы орындалуына бағытталуы тиіс.
      19. Тиімділіктің өлшемдері мен көрсеткіштері ретінде халықаралық тәжірибеде қолданылатын өлшемдер мен көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін.
      20. Өлшемдер мен көрсеткіштер нақты мемлекеттік органның тікелей қызметін көрсетуі тиіс.

4.1. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңiрдегi стратегиялық
мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу және іске асыру
тиімділігін бағалау

      21. Осы аталған бағыт бойынша бағалау бағаланатын мемлекеттік органдардың қадағаланатын саладағы/аядағы/өңiрдегi тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
      22. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық атқарушы органдарды «Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру» бағыты бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бағалайды.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.03.2013 N 529  Жарлығымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
      22-1. Жергілікті атқарушы органдарды «Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру» бағыты бойынша өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган бағалайды.
      Ескерту. 4.1-кіші бөлім 22-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.03.2013 N 529  Жарлығымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
      23. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның осы бағыт бойынша тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
      24. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн орталық мемлекеттiк органдарды осы бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi бағалайды.
      25. Қадағаланатын аяда/салада/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру тиімділігін бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеу мен бекіту және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган өңірлік даму жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.

4.2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы
Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесінің актiлерi мен
тапсырмаларын орындау сапасын бағалау

      26. Осы бағыт бойынша бағалау Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің актілері мен тапсырмаларының сапасын, толықтығы мен орындалу уақтылығын айқындау мақсатында жүргізіледі.
      27. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
      28. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      29. Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және бекітуді және оны әдiснамалық сүйемелдеудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесімен бірлесе отырып жүзеге асырады.

4.3. Бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау

      30. Осы аталған бағыт бойынша бағалау бюджет қаражатын пайдаланудың нәтижелілігі мен тиімділігін қамтамасыз ету шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      31. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      32. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органды осы бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi бағалайды.
      33. Бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау әдiстемесiн әзiрлеу мен бекітуді және оны әдiснамалық сүйемелдеудi бюджеттің атқарылуы жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

4.4. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау

      34. Осы бағыт бойынша бағалау жеке және заңды тұлғаларды қолжетімді және сапалы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      35. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      36. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органды осы бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi бағалайды.
      37. Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      38. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк қызметтердi электрондық форматта көрсетуін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
      39. Электрондық форматта мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау нәтижелерi туралы қорытынды мемлекеттiк қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органға енгiзiледi.
      40. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау әдiстемесiн әзiрлеу мен бекітуді және оны әдiснамалық сүйемелдеудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесiп жүзеге асырады.
      41. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүзеге асыру мақсатында қосымша әлеуметтік зерттеулер жүргізілуі мүмкін.

4.5. Персоналды басқару тиімділігін бағалау

      42. Осы бағыт бойынша бағалау мемлекеттік органда персоналды басқару шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
      43. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      44. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органды осы бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi бағалайды.
      45. Персоналды басқаруды бағалау әдiстемесiн әзiрлеу мен бекітуді және оны әдiснамалық сүйемелдеудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

4.6. Ақпараттық технологияларды қолдану тиімділігін бағалау

      46. Осы бағыт бойынша бағалау үрдістерді оңтайландыру және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық технологияларды қолдану тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
      47. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      48. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органды осы бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi бағалайды.
      49. Ақпараттық технологияларды қолдану тиімділігін бағалау әдiстемесiн әзiрлеу мен бекітуді және оны әдiснамалық сүйемелдеудi ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

4.7. Мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету тиімділігін бағалау

      Ескерту. Жүйе 4.7-кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.

      49-1. Осы бағыт бойынша бағалау мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      49-2. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жүзеге асырады.
      49-3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігін осы бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі бағалайды.
      49-4. Мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеуді және бекітуді, оны әдіснамалық сүйемелдеуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жүзеге асырады.

5. Бағаланатын мемлекеттiк органдардың тиiмдiлiгiне
бағалау жүргiзу тәртiбi

      50. Бағаланатын мемлекеттік органдар бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарға жыл сайын бағалау жүргізу кестесінде бекітілетін мерзімдерде, бағалауға уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіпте мұның алдындағы жылдың қорытындылары бойынша есептік ақпарат ұсынады.
      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      51. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде айқындалған, бағаланатын мемлекеттік органдардың есептік ақпаратындағы деректерді қайта тексеру бойынша кешенді ұйымдастыру шараларын қабылдауға міндетті.
      Есептік ақпараты тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде қайта тексеруге жататын мемлекеттік органдарды айқындау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      52. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар тиімділікті бағалаған кезде есепті кезеңдегі басқа да бақылау органдарының тексеру нәтижелерін есепке алады.
      53. Алып тасталды - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      54. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар бағалау үрдісінде алынған мәліметтердің сақталуына және құпиялығына жауап береді.
      54-1. Бағаланушы мемлекеттік органдар тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды тиімділікті бағалаудың әрбір бағыты бойынша қызмет тиімділігінің көрсеткіштерін жақсарту жөнінде шаралар кешенін іске асыру арқылы орындайды.
      Ескерту. 5-бөлім 54-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.03.05 № 277 Жарлығымен.
      55. Бағалау жүргізу кестесіне сәйкес бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар тиісті бағыттар бойынша қорытындыларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және бағаланатын мемлекеттік органдарға, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша жергілікті атқарушы органдардың қорытындыларын ақпарат үшін өңірлік даму жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
      Ескерту. 55-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.
      56. Қызмет бағыттары бойынша тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындылар тиімділікті бағалау туралы қорытынды есепті, тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтуға тиіс.
      Ескерту. 56-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.05 № 277 Жарлығымен.
      57. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды қалыптастыру кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіпте коммерциялық емес негізде коммерциялық емес ұйымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
      Ескерту. 57-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      58. Бағалау жүргізу кестесіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бағыттар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелерін бағаланатын мемлекеттік органдарды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарды бағалау бөлігінде өңірлік даму жөніндегі уәкілетті органды бір мезгілде хабардар ете отырып, Сараптамалық комиссияға енгізеді.
      Ескерту. 58-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.
      59. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мен Сараптамалық комиссияға ұсынылатын бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар қорытындыларының форматтарын Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнің келісімі бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      60. Сараптамалық комиссия мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы негiзiнде тиімділікті жалпы бағалаудың нәтижелерi Қазақстан Республикасының Президентiне енгізіледі.
      61. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тапсырмалары мен ұсынымдары бар жалпы бағалаудың нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдардың басшыларына жіберіледі.
      Ескерту. 61-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.05 № 277 Жарлығымен.
      62. Бағалау қорытындылары бойынша нәтижелерді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарында құпиялылық режимiн және қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етудi ескере отырып жариялайды.
      62-1. Егер бағалау қорытындылары бойынша бағаланып отырған мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiк көрсеткiштерi төмендегені, сондай-ақ сеніп тапсырылған саладағы (қызмет саласындағы) ахуалдың нашарлағаны анықталса, Сараптама комиссиясы істің жай-күйіне бағалау жүргізілген бағаланатын мемлекеттік органның тиiстi мемлекеттiк саяси қызметшiсiнің жауаптылығы туралы мәселені қарауға ұсыныс енгізеді.
      Ескерту. 5-бөлім 62-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.11.16 N 435 (қолданысқа енгізілe тәртібін 3-т. қараңаз) Жарлығымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      62-2. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың бірінші жарты жылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда аталған органды бағалау құқықтық мирасқор - мемлекеттік органды бағалау шеңберінде жүзеге асырылады және есептеу кезінде құқықтық мирасқор - мемлекеттік органды бағалаудың қорытынды балы ескеріледі.
      Ескерту. 5-бөлім 62-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.
      62-3. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың екінші жарты жылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде аталған органды бағалау жүзеге асырылмайды. Бағаланатын жылдың екінші жарты жылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған мемлекеттік органның қызметін талдау құқықтық мирасқор - мемлекеттік органды бағалау шеңберінде ескеріледі және ұсынымдар ретінде пайдаланылады.
      Ескерту. 5-бөлім 62-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.
      62-4. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын кезеңнен кейінгі жылдың басынан бастап, мемлекеттік органдардың есепті деректерді беру мерзімдері бағалау кестесінде белгіленгенге дейінгі кезеңде қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде аталған мемлекеттік органды бағалау бағаланатын кезеңдегі нәтижелер ескеріле отырып жүзеге асырылады. Берілген функциялар мен өкілеттіктер бойынша бағалау нәтижелері құқықтық мирасқор - мемлекеттік органға ұсынымдар ретінде беріледі.
      Ескерту. 5-бөлім 62-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 529 Жарлығымен.

6. Тиімділікті бағалау нәтижелеріне шағымдану тәртібі

      Ескерту. 6-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.05 № 277 Жарлығымен.

      63. Тиімділікті бағалау нәтижелерін алған сәттен бастап бағаланушы мемлекеттік орган тиімділікті бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бес жұмыс күні ішінде тиісті бағыттар бойынша бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарға дәлелді құжаттарымен бірге қарсылығын жіберуге құқылы.
      64. Қарсылықтар дәлелді құжаттары бар болған жағдайда ғана қаралады.
      65. Тиімділікті бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қарсылықтарды қарау үшін бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарда арнайы комиссиялар қалыптастырылады, олардың құрамына мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға қатысқан қызметкерлер кіре алмайды.
      66. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар он бес күнтізбелік күн ішінде Сараптамалық комиссияның жұмыс органы мен бағаланушы мемлекеттік органдарға қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы негізделген қорытындылар жібереді. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органның қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы қорытындылары шағымдануға жатпайды.
      Ескерту. 66-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      67. Қарсылықтар қабылданған жағдайда бағалауға уәкілетті мемлекеттік орган тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындыларға тиісті түзетулер енгізеді.
      68. Сараптамалық комиссияның жұмыс органы тиімділікті бағалау үдерісінде тиімділікті бағалаудың түпкі нәтижесіне әсер өткен бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарын тарта отырып, бағалаудың жекелеген нәтижелеріне қайта тексеру жүргізуге дербес бастамашылық етуге құқылы.

7. Бағалауға қатысушылардың жауаптылығы

      70. Осы Жарлық ережелерінің уақтылы және сапалы орындалуына саяси мемлекеттік қызметшілер дербес жауап береді.
      71. Бағалануға жататын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары есепті кезеңге берілетін есептердің және олардың қызметін регламенттейтін құжаттардың дұрыстығына, толықтығына және уақытында берілуіне дербес жауап береді.
      Ескерту. 71-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      72. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардың тиімділікке бағалау жүргізуге жауапты мемлекеттік саяси қызметшілері тиімділікті бағалау рәсімдері мен нәтижелерінің бекітілген әдістемелерге сәйкес келуіне және тиімділікті бағалау жүргізу кестесімен бекітілген мерзімдердің сақталуына дербес жауапты болады.
      Ескерту. 72-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.
      73. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар бағалау жүргізу барысында алынған мәліметтерді жария еткені үшін олардың саяси мемлекеттік қызметшілері дербес жауап береді.
      74. Осы Жарлықтың бұзылуы айқындалған жағдайда Сараптау комиссиясының жұмыс органының тиісті лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы ұсыныс енгізу құқығы бар.

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығына   
ҚОСЫМША       

Өздеріне қатысты қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін
орталық мемлекеттік органдардың
ТІЗБЕСІ

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.

      Құқық қорғау қызметін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі
      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі
      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі
      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі
      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі
      Құқық қорғау қызметін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі
      Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі