"Ақпараттық технологиялар паркi" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы N 1166 Жарлығы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына сәйкес және елде ақпараттық технологиялардың жаңа бәсекеге қабілетті саласын құру мен Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетiн неғұрлым толық пайдалану мақсатында қаулы етемін: қараңыз.Z070274
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.09.19 N 657 Жарлығымен.

      1. 2028 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге "Ақпараттық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - AЭA) құрылсын.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен.

      2. Қoca берiлiп отырған АЭА туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi АЭА қызметiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      5. Осы Жарлық 2003 жылғы 1 қазаннан бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2003 жылғы 18 тамыздағы
N 1166 Жарлығымен  
Бекітілген     

"Ақпараттық технологиялар паркi"
арнайы экономикалық аймағы туралы
Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Ақпараттық технологиялар паркi" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - АЭА) қоса берiліп отырған жоспарға сәйкес Алматы қаласының Медеу ауданы Алатау кентiнiң және Алматы облысының iргелес жатқан жерлерiнің аумағында орналасқан.
      АЭА аумағы 163,02 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлiгi болып табылады.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.07.16. N 1617, 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.

      2. АЭА:
      ақпараттық технологиялар саласын дамыту;
      Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдiк шаруашылық байланыстар жүйесiне енуiн жандандыру;
      жоғары тиімділікті, соның ішінде жоғары технологиялық және  бәсекеге қабілетті жаңа ақпараттық технологиялар өндiрiстерiн құру, ақпараттық технологиялар өнiмдерiнiң жаңа түрлерiн шығаруды игеру, инвестицияларды тарту мақсатында құрылады.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.09.19 N 657 Жарлығымен.

      3. АЭА аумағындағы қызметтің негiзгi тyрлерi:
      1) бизнес жоспарларды, жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеудi, құрылыс-монтаж жұмыстарын, АЭА аумағын көркейту жөнiндегi жұмыстарды қамтитын қазiргi заманғы АЭА инфрақұрылымын қалыптастыру;
      2) ақпараттық технологиялар саласында халықаралық стандарттар бойынша жоғары бiлiктi сертификаттары бар мамандар даярлау және қайта даярлау;
      3) мыналар:
      жетекшi өндiрушілердiң бағдарламалық өнiмдерiн мемлекеттiк тiлге аудару және бейiмдеу;
      стратегиялық маңызды салалардағы процестердi математикалық үлгілеу;
      ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерi мен деректер беру желiлерi;
      шешушi салалардағы интернет/интернет жүйелерi;
      ақпараттық қауiпсiздiк жүйелерi;
      өндiрiстегi технологиялық процестердi басқарудың автоматтандырылған жүйелерi бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету мен деректер базасын жобалау, әзiрлеу, енгiзу, үлгi-тәжiрибелiк өндiру және өндiру;
      4) мыналар:
      GPS (global position system), GPNS (global position navigation system) және басқалары негiзiнде ұтқыр жүйелер саласындағы жаңа технологиялар;
      ақпаратты сақтау, өңдеу және беру деңгейiндегi ақпараттық қауiпсiздік;
      ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелер мен деректер беру желiлерi;
      элементтiк база;
      жер аумағын қашықтықтан зондтау жүйелерi бойынша ақпараттық технологиялар аппараттық құралдарын жобалау, әзiрлеу, енгiзу, үлгi-тәжiрибелiк өндiру және өндiру;
      5) жасанды иммундық және нейрондық жүйелердiң негiзiнде жаңа ақпараттық технологиялар құру;
      6) ақпараттық технологиялар саласындағы маркетингтiк зерттеулер;
      7) ақпараттық технологиялар саласында жобалар жасау мен енгiзу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстар жүргiзу;
      8) мәтіндерді өңдеуге арналған машиналарды, көшіру-көбейту жабдығын, мекен-жай машиналарын, калькуляторларды, кассалық аппараттарды, таңбалау машиналарын, билет-касса машиналарын шығару, басқа да офистік машиналар мен жабдықтарды, электрондық есептеу машиналарын және ақпарат өңдеуге арналған өзге де жабдықтарды шығару;
      9) электр және радио элементтерін, таратушы аппаратура, дыбыс пен бейне қабылдауға, жазуға және бейнелеуге арналған аппаратуралар шығару;
      10) тұрмыстық электр құралдарын шығару болып табылады. <*>
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.07.16. N 1617 Жарлығымен.

       4. АЭА қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
      АЭА аумағында акцизделетiн өнiм өндiрумен байланысты қызметке тыйым салынған.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарды арнайы экономикалық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.

2. АЭА-ны басқару және атқарушы органның өкiлеттiктерi

      5. АЭА-ны басқаруды Қазақстан Республикасы Yкiметi белгілейтiн және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын орталық атқарушы орган (бұдан әрi - атқарушы орган) жүзеге асырады. .R1100000076

      6. Атқарушы орган мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оқшауланған мүлкi болады, өз атынан мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды сатып ала алады, сотта талапкер және жауап берушi бола алады, сондай-ақ өз атауы жазылған елтаңбалы мөрi және басқа да қажеттi деректемелерi болады.

      7. Атқарушы орган:
      АЭА аумағында жалпыға мiндеттi күшi бар актiлер шығарады;
      АЭА-ны дамытудың стратегиясы мен бағдарламасын әзiрлеудi және iске асыруды жүзеге асырады;
      мемлекеттiк және өзге де органдардың АЭА-ның аумағындағы өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      АЭА-ны дамыту және оны құрудағы мақсатқа қол жеткiзу үшiн отандық және шетелдiк инвестицияларды, сондай-ақ кредит қаржысын тартуды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. АЭА-ның аумағында салық салу

      8. АЭА-ның аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық  заңдарына сәйкес реттеледi.

4. Кедендік реттеу

      9. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркiн кеден аймағының кедендiк режимi қолданылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағының бөлiгi болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрi бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады.

      10. АЭА-ның аумағында кедендiк ресiмдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      11. АЭА-ны құру мақсатына қол жеткiзу үшiн қажеттi тауарлардың тiзбесi: P090703
      - АЭА-ның аумағында жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес құрылыс салу және объектiлердi пайдалануға беру үшiн қажеттi машиналар, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
      - тауарларды жеткiлiктi өңдеу өлшемдерiне сәйкес қайта өңдеуге арналған (акцизделуге жататын тауарларды қоспағанда) тауарлар;
      - осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген қызметтiң негiзгi түрлерiне сәйкес өндiрiстi қамтамасыз етуге қажеттi машиналар мен механизмдер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автокөлiктер, материалдар, тауарлар мен жартылай дайын өнiмдер;
      - ақпараттық технологиялар саласында ғылыми-зерттеу мен тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзуге және жасауға қажеттi тауарлар мен материалдар.
      Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған тауарлардың номенклатурасын сыртқы экономикалық қызметтiң тауарлар номенклатурасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен:
      тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;
      тауарларды қайта өңдеу;
      осы Ережеге сәйкес негізгі қызмет түрлеріне сай, АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды пайдалану және қолдану;
      тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау;
      құрылыс және өнеркәсіп өндірісі технологиясының талаптарын орындау жөнінде операциялар жүргізуге рұқсат етіледі. <*>
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2005.07.16. N 1617 Жарлығымен.

  5. Шетел азаматтарының АЭА аумағында болу тәртiбi

      12. АЭА аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттармен белгiленген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлiк құралдарының кiру, шығу, транзитi және болу тәртiбi қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      13. Осы Ережемен белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен өзгертiлуi мүмкiн.

      14. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен көзделген негiздер бойынша таратылады.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен.

      15. АЭА-ны тарату рәсiмiн атқарушы орган жүзеге асырады.

      16. АЭА-ны ол арналып құрылған мерзiмнiң аяқталуына байланысты таратқан жағдайда атқарушы орган:
      көрсетілген мерзiмнiң аяқталуына дейiн үш айдан кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тілде және орыс тiлiнде АЭА-ның алда тұрған таратылатындығы, оның таратылуына байланысты өтiнiштер мен талаптарды қабылдаудың тәртiбi мен мерзiмдерi туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендiк режимге қайта ресiмдеу тәртiбiн түсiндiрудi қамтамасыз етедi;
      АЭА таратылғаннан кейiн бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне және Үкiметiне АЭА қызметiнің нәтижелерi туралы есеп бередi.

      17. АЭА-ны Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен мерзiмiнен бұрын тарату осы Ереженің 16-бабында қарастырылған рәсiмдер сақтала отырып, алты ай мерзiмнен кешiктiрілмей аяқталуы тиiс.

      18. АЭА-ың осы Ережемен реттелмеген қызметi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы     
Президентінің         
2003 жылғы 18 тамыздағы   
N 1166 Жарлығымен бекітілген 
"Ақпараттық технологиялар паркі"
арнайы экономикалық аймағы  
туралы ережеге жоспар    

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.

"Ақпараттық технологиялар паркі"
арнайы экономикалық аймағы аумағының жоспары
(Жалпы S = 163,02 гектар)

(Қағаз мәтініне қараңыз)