"Ақпараттық технологиялар паркi" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы N 1166 Жарлығы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына  сәйкес және елде ақпараттық технологиялардың жаңа экспортқа бағдарланған және импорт алмастырушы саласын құру мен Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетiн неғұрлым толық пайдалану мақсатында қаулы етемін:

      1. 2013 жылғы 1 қазанға дейiнгi кезеңге "Ақпараттық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - AЭA) құрылсын.

      2. Қoca берiлiп отырған АЭА туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi АЭА қызметiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      5. Осы Жарлық 2003 жылғы 1 қазаннан бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

      Астана, 2003 жылғы 18 тамыз
      N 1166

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2003 жылғы 18 тамыздағы
N 1166 Жарлығымен  
Бекітілген     

"Ақпараттық технологиялар паркi"
арнайы экономикалық аймағы туралы
Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Ақпараттық технологиялар паркi" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрi - АЭА) қоса берiліп отырған жоспарға сәйкес Алматы қаласының Медеу ауданы Алатау кентiнiң және Алматы облысының iргелес жатқан жерлерiнің аумағында орналасқан.
      АЭА аумағы 340 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлiгi болып табылады.

      2. АЭА:
      ақпараттық технологиялар саласын дамыту;
      Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдiк шаруашылық байланыстар жүйесiне енуiн жандандыру;
      жоғары тиімділікті, соның ішінде жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған жаңа ақпараттық технологиялар өндiрiстерiн құру, ақпараттық технологиялар өнiмдерiнiң жаңа түрлерiн шығаруды игеру, инвестицияларды тарту мақсатында құрылады.

      3. АЭА аумағындағы қызметтің негiзгi тyрлерi:
      1) бизнес жоспарларды, жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеудi, құрылыс-монтаж жұмыстарын, АЭА аумағын көркейту жөнiндегi жұмыстарды қамтитын қазiргi заманғы АЭА инфрақұрылымын қалыптастыру;
      2) ақпараттық технологиялар саласында халықаралық стандарттар бойынша жоғары бiлiктi сертификаттары бар мамандар даярлау және қайта даярлау;
      3) мыналар:
      жетекшi өндiрушілердiң бағдарламалық өнiмдерiн мемлекеттiк тiлге аудару және бейiмдеу;
      стратегиялық маңызды салалардағы процестердi математикалық үлгілеу;
      ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерi мен деректер беру желiлерi;
      шешушi салалардағы интернет/интернет жүйелерi;
      ақпараттық қауiпсiздiк жүйелерi;
      өндiрiстегi технологиялық процестердi басқарудың автоматтандырылған жүйелерi бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету мен деректер базасын жобалау, әзiрлеу, енгiзу, үлгi-тәжiрибелiк өндiру және өндiру;
      4) мыналар:
      GPS (global position system), GPNS (global position navigation system) және басқалары негiзiнде ұтқыр жүйелер саласындағы жаңа технологиялар;
      ақпаратты сақтау, өңдеу және беру деңгейiндегi ақпараттық қауiпсiздік;
      ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелер мен деректер беру желiлерi;
      элементтiк база;
      жер аумағын қашықтықтан зондтау жүйелерi бойынша ақпараттық технологиялар аппараттық құралдарын жобалау, әзiрлеу, енгiзу, үлгi-тәжiрибелiк өндiру және өндiру;
      5) жасанды иммундық және нейрондық жүйелердiң негiзiнде жаңа ақпараттық технологиялар құру;
      6) ақпараттық технологиялар саласындағы маркетингтiк зерттеулер;
      7) ақпараттық технологиялар саласында жобалар жасау мен енгiзу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстар жүргiзу болып табылады.

      4. АЭА қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
      АЭА аумағында акцизделетiн өнiм өндiрумен байланысты қызметке тыйым салынған.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарды арнайы экономикалық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

2. АЭА-ны басқару және атқарушы органның өкiлеттiктерi

      5. АЭА-ны басқаруды Қазақстан Республикасы Yкiметi белгілейтiн және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын орталық атқарушы орган (бұдан әрi - атқарушы орган) жүзеге асырады.

      6. Атқарушы орган мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оқшауланған мүлкi болады, өз атынан мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды сатып ала алады, сотта талапкер және жауап берушi бола алады, сондай-ақ өз атауы жазылған елтаңбалы мөрi және басқа да қажеттi деректемелерi болады.

      7. Атқарушы орган:
      АЭА аумағында жалпыға мiндеттi күшi бар актiлер шығарады;
      АЭА-ны дамытудың стратегиясы мен бағдарламасын әзiрлеудi және iске асыруды жүзеге асырады;
      мемлекеттiк және өзге де органдардың АЭА-ның аумағындағы өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      АЭА-ны дамыту және оны құрудағы мақсатқа қол жеткiзу үшiн отандық және шетелдiк инвестицияларды, сондай-ақ кредит қаржысын тартуды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. АЭА-ның аумағында салық салу

      8. АЭА-ның аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес реттеледi.

4. Кедендік реттеу

      9. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркiн кеден аймағының кедендiк режимi қолданылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағының бөлiгi болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрi бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады.

      10. АЭА-ның аумағында кедендiк ресiмдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      11. АЭА-ны құру мақсатына қол жеткiзу үшiн қажеттi тауарлардың тiзбесi:
      - АЭА-ның аумағында жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес құрылыс салу және объектiлердi пайдалануға беру үшiн қажеттi машиналар, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
      - тауарларды жеткiлiктi өңдеу өлшемдерiне сәйкес қайта өңдеуге арналған (акцизделуге жататын тауарларды қоспағанда) тауарлар;
      - осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген қызметтiң негiзгi түрлерiне сәйкес өндiрiстi қамтамасыз етуге қажеттi машиналар мен механизмдер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автокөлiктер, материалдар, тауарлар мен жартылай дайын өнiмдер;
      - ақпараттық технологиялар саласында ғылыми-зерттеу мен тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзуге және жасауға қажеттi тауарлар мен материалдар.
      Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған тауарлардың номенклатурасын сыртқы экономикалық қызметтiң тауарлар номенклатурасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      АЭА аумағында осы Ережедегi қызметтердiң негiзгi түрлерiне сәйкес, АЭА-ны құру мақсатына қол жеткiзу үшiн қажеттi тауарлар мен жабдықтарды сақтауды, пайдалануды, қайта өңдеу мен қолдануды қамтамасыз ету жөнiндегi операциялар жүргiзiлуi мүмкiн.

5. Шетел азаматтарының АЭА аумағында болу тәртiбi

      12. АЭА аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттармен белгiленген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлiк құралдарының кiру, шығу, транзитi және болу тәртiбi қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      13. Осы Ережемен белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен өзгертiлуi мүмкiн.

      14. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңымен көзделген негiздер бойынша таратылады.

      15. АЭА-ны тарату рәсiмiн атқарушы орган жүзеге асырады.

      16. АЭА-ны ол арналып құрылған мерзiмнiң аяқталуына байланысты таратқан жағдайда атқарушы орган:
      көрсетілген мерзiмнiң аяқталуына дейiн үш айдан кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тілде және орыс тiлiнде АЭА-ның алда тұрған таратылатындығы, оның таратылуына байланысты өтiнiштер мен талаптарды қабылдаудың тәртiбi мен мерзiмдерi туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендiк режимге қайта ресiмдеу тәртiбiн түсiндiрудi қамтамасыз етедi;
      АЭА таратылғаннан кейiн бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне және Үкiметiне АЭА қызметiнің нәтижелерi туралы есеп бередi.

      17. АЭА-ны Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен мерзiмiнен бұрын тарату осы Ереженің 16-бабында қарастырылған рәсiмдер сақтала отырып, алты ай мерзiмнен кешiктiрілмей аяқталуы тиiс.

      18. АЭА-ың осы Ережемен реттелмеген қызметi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.