Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiн құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 28 наурыздағы N 1050 Жарлығы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасында құқықтық статистика және арнайы есепке алу жүйесiн одан әрi жетiлдiру мақсатында қаулы етемін:

      1. Мемлекеттiк мекеме - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Комитет), оған таратылатын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының функциялары және мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiгi берiле отырып, құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Комитет туралы ереже;
      2) Комитеттiң құрылымы бекiтiлсiн.

      3. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiн одан әрi оңтайландыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 29 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1999 ж., N 1, 2-құжат; 2001 ж., N 4-5, 43-құжат; 2002 ж., N 26, 272-құжат; N 45, 445-құжат) мынадай толықтыру мен өзгерiс енгiзiлсiн:

      жоғарыда аталған Жарлыққа 2-қосымшада:
      мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:
      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
      жөнiндегi комитет                                     107
      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
      жөнiндегi комитеттiң аумақтық органдары               534";
      "Қазақстан Республикасы Прокуратурасының
      қарауындағы мемлекеттiк мекемелер
      Құқықтық статистика және ақпарат орталығы             641"

деген жолдар алынып тасталсын.

      4. Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) өз актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн;
      2) Комитет қызметiн қаржыландыруды республикалық бюджет қаражатының есебiнен қамтамасыз етсiн;
      3) Осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қолдансын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң       
2003 жылғы 28 наурыздағы 
N 1050 Жарлығымен     
БЕКIТIЛГЕН         

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi
комитетi туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құзыретi шегiнде құқықтық статистиканы түзу және арнайы есепке алуды жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк органның функциялары мен өкiлеттiгiн жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына , Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитеттiң облыстарда, Астана және Алматы қалаларында құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi басқармалары және оларға теңестiрiлген әскери басқармасы мен аймақтық көлiк басқармалары (бұдан әрi - аумақтық органдар) болады, олар Комитет Төрағасына бағынады.
      4. Комитет мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғалар болып табылады, оның мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрлерi және мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ бюджеттiк шоттары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген жағдайларда басқа да шоттары болады.
      5. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарға түceдi.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған осы уәкiлеттiк берiлсе, Комитеттiң мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастар тарапы ретiнде қатынасуына құқығы бар.
      6. Комитеттiң құрылымын және штат санының лимитiн Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      7. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
      8. Комитеттiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Сейфуллин көшесi, 73a.
      9. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi" мемлекеттiк мекемесi.
      10. Комитеттi қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      11. Комитеттiң бақылау және қадағалау функциялары болып табылатын мiндеттердi орындауына байланысты кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуiне тыйым салынады.
      Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде кiрiс келтiретiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, одан алынған кiрiс республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударылады.

2. Комитеттiң функциялары мен мiндеттерi

      12. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi болып:
      1) бiрыңғай статистикалық принциптер мен стандарттар негiзiнде елдегi заңдылық пен құқық тәртібiнiң жай-күйi туралы мемлекеттiк органдарды, заңды және жеке тұлғаларды тиiмдi және жеткiлiктi ақпаратпен қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистикалық жүйенi жетiлдiру мен дамыту танылады.
      13. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген мынадай функцияларды:
      1) мемлекеттiк құқықтық статистиканы түзу;
      2) құқықтық статистика ақпаратын жинақтау, жүргiзу және өңдеу;
      3) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есеп жүргізу; V074699
      4) құқықтық статистика мәселелерi бойынша статистикалық байқаулар жүргiзу;
      5) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұрмалаушылықтарды анықтап, жоюға бағытталған кешендi бақылау шараларын қамтамасыз ету;
      6) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында ақпараттық-талдау қызметтi жүзеге асыру;
      7) шаруашылық жүргiзушi субъектiлерде өткiзiлетiн барлық тексерулердiң бiрыңғай статистикалық есебiн жүргiзу;
      8) аумақтық органдар жұмысына басшылық пен бақылау жасау, оларға есепке алу, статистикалық, ақпараттық, талдау және бақылау қызметiн жүзеге асыруға практикалық әрi әдiстемелiк көмек көрсету;
      9) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасау;
      10) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      11) оған Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

3. Комитеттiң құқықтары мен мiндеттерi

      14. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
      1) статистикалық деректер мен арнайы есепке алуды жүргiзу үшiн құқықтық статистика субъектiлерi мен басқа да мемлекеттiк органдардан құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi жөнiнде статистикалық және талдау ақпаратын, құқықтық мемлекеттiк статистикалық есептiлiктi, бастапқы есепке алу құжаттары мен нысандарын өтеусiз алуға;
      2) құқықтық статистика субъектiлерiнен бастапқы есепке алу және есептiлiк актiлерiнiң толықтығы мен сенiмдiлiгiн, олардың Қазақстан Республикасы Бас прокурорының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мерзiмде ұсынылуын талап етуге;
      3) құқықтық статистика субъектiлерi табыс ететiн статистикалық ақпараттың толықтығына, сенiмдiлiгiне және нақтылығына қадағалауды жүзеге асыруға;
      4) статистикалық жинақтардың шығарылуын ұйымдастыруды және құқықтық статистикалық ақпаратты практикалық және ғылыми-зерттеу мақсатында өзгедей пайдалануға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
      15. Комитет Өз құзыретi шегiнде:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдарды статистикалық және талдау ақпаратымен;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген шекте, көлемде және мерзiмде жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi;
      3) мемлекеттiк құпияларды құрайтын алынған мәлiметтердiң және заңмен қорғалатын құпияның сақталуын;
      4) ақпараттық жүйелердiң рұқсатсыз қол сұғудан, құқықтық статистика және арнайы есепке алу объектiлерi туралы мәлiметтердiң бүлiнуден немесе жоюдан қорғалуын;
      5) құқықтық статистиканы түзуде және арнайы есепке алуды жүргiзуде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

4. Комитеттiң мүлкi

      16. Комитеттiң жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болады.
      17. Комитетке бекiтiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      18. Комитеттiң өзiне бекiтiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен айыруға немесе өзге де жолмен иеленуге құқығы жоқ.

5. Комитет қызметiн ұйымдастыру

      19. Комитеттi Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметiнен босататын Төраға басқарады.
      Комитет Төрағасының орынбасарлары болады, оларды Комитет Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Комитет Төрағасы Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады, оған басшылық жасайды, оның аумақтық органдарының қызметiне бақылауды жүзеге асырады, Комитетке жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуы үшiн дербес жауапты болады.
      Төраға осы мақсатта:
      1) өз орынбасарлары мен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң мiндеттерi мен өкiлеттiгiн айқындайды;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитет пен оның аумақтық органдарының қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Комитет пен оның аумақтық органдарының қызметкерлерiн көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету, тәртiптiк жазалар белгiлеу мен алып тастау мәселелерiн шешедi;
      4) Комитеттiң атынан мемлекеттiк органдарда, өзге де ұйымдарда өкiлдiк етедi;
      5) Комитеттiң қызметi туралы Бас прокурорды хабардар етедi;
      6) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық органдарының ережелерiн бекiтедi;
      7) бекiтiлген құрылым мен мөлшер шегiнде штат кестесiн бекiтедi;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      21. Комитет консультациялық-кеңесшi органдарды, соның iшiнде комиссиялар мен жұмыс топтарын құрады.

6. Комитеттi қайта ұйымдастыру мен тарату

      22. Комитеттi қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң      
2003 жылғы 28 наурыздағы
N 1050 Жарлығымен    
БЕКIТIЛГЕН        

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң
құрылымы

      Басшылық
      Ұйымдастыру-кадр жұмысы басқармасы
      Талдау және құқықтық реттеу жұмысы басқармасы
      Құқықтық статистиканы түзу басқармасы
      Арнайы есепке алу басқармасы
      Қаржы және бухгалтерлiк есеп басқармасы