ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі Е.С. Есенеевтің,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – Төрағаның орынбасары С.С. Мүксімовтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Ш.Ж. Манкешовтің,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Заң департаментінің бастығы Қ.С. Дүйсембековтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі И. Момбаевтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Е.С. Есенеевтің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет туралы заң) 16-бабы 3-тармағы 14) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты (бұдан әрі – Конституциялық Сот) азаматтың өтініші бойынша Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағы 14) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін тексерді.
Өтініштен 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен күші жойылған 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 468-бабының бірінші бөлігі, 469-бабы және 471-бабының екінші бөлігі бойынша, сондай-ақ қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері бойынша бұрынырақ өтініш берушінің әкімшілік жауаптылыққа тартылып, ішкі істер органдарының қызметкері деген атқа кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 2009 жылғы 30 қаңтарда жұмыстан шығарылғанын түсінуге болады.
Өтініш субъектісі құқық қорғау органдарындағы қызмет мемлекеттік қызметтің бір түрі болып табылатындықтан Мемлекеттік қызмет туралы заңның азамат құқық қорғау органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезде оның мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз (өмір бойына) тыйым салуды белгілейтін, қазіргі уақытта қолданыстағы 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасы мазмұны және құқықтық салдары бойынша аталған Заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасымен ұқсас деп санайды. Демек аталған шектеу, өтініш авторының пікірінше, азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар (Конституцияның 33-бабының 4-тармағы) деген қағидатты бұзады және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келмейді.
Өтініш беруші мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметтегі белгілі бір лауазымдарға орналасу конкурстарына өзінің қатысу мүмкіндігін түсіндіру мәселесімен бірнеше рет жүгінген, алайда өзіне берілген теріс жауаптарда Мемлекеттік қызмет туралы заңның өзі дау айтып отырған нормасына сілтеме жасалған.
Мемлекеттік қызмет туралы заңның дау айтылып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияның 33-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар деп бекітілген. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және ол заңмен белгіленеді.
Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшалары).
Бұған дейін Конституциялық Сот мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өткен болатын (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы).
Құқық қорғау қызметі жария-құқықтық сипатқа ие және конституциялық маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған, қызметшілерге қойылатын талаптар, қызметке кіру және оны өткеру шарттары, қолданылатын құралдар және басқа да белгілер бойынша оның әскери қызметпен көптеген ортақ ұқсастықтары бар. Азаматтардың мемлекеттік қызметке, оның ішінде құқық қорғау қызметіне қол жеткізуге конституциялық құқығы конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы). Заң шығарушы мұндай шектеулерді белгілеген кезде конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және Конституцияда айқындалған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға тиіс. Адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс.
Конституциялық Сот өзінің қорытынды шешімдерінде азаматтардың жекелеген мемлекеттік лауазымдарға орналасуы кезінде кадр мәселелерін және олармен байланысты өзге де мәселелерді шешу тәсілдерін саралау қажеттігін, мемлекеттік қызметшілердің кейбір санаттарына, атап айтқанда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жоғары талаптардың қойылу мүмкіндігін айтып өткен болатын (2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ және 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулылар).
Конституциялық Соттың осы құқықтық ұстанымдары Конституциялық Соттың жоғарыда аталған нормативтік қаулыларында көрсетілген Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының және өзге де міндеттемелерінің ережелерімен үйлеседі және мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ретінде құқық қорғау қызметіне қолданылады ("Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Құқық қорғау қызметі туралы Заң) 1-бабының 6) және 7) тармақшалары).
2. Бұған дейін Конституциялық Сот мемлекеттік қызметтің жария-құқықтық сипатын және Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктері бар құқық қорғау органдарындағы мемлекеттік қызметшілерге Мемлекеттік қызмет туралы заңның қолданылуын атап өткен болатын.
Қызметкерлер құқық қорғау қызметін өткеру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын, қызметтік және еңбек тәртібін, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексінің талаптарын және өздеріне заңмен жүктелген басқа да міндеттерді сақтауға міндетті (Құқық қорғау қызметі туралы заңның 16-бабының 1 және 2-тармақтары). Қызметкерлердің қызметтік әдебі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттарына және құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттарына негізделеді.
Қызметкердің құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасауы оны құқық қорғау қызметінен теріс себептермен шығаратын негіздердің бірі болып табылады. (Құқық қорғау қызметі туралы заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы, 2 және 3-тармақтары). Құқық қорғау органдарында теріс себептермен қызметті мерзімінен бұрын тоқтату қызметкерлерді әлеуметтік және өзге де кепілдіктерден айыруға алып келеді және мұндай адамдардың құқық қорғау қызметіне қабылдануына мерзімсіз тыйым салумен (Құқық қорғау қызметі туралы заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы) және мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде құқықтарға осыған ұқсас шектеу қоюмен (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасы) байланысты елеулі жалпы құқықтық салдарға әкеп соғады.
Бұған дейін Конституциялық Сот мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылық үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің мөлшерлестігінің болмауына байланысты, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған болатын (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы).
Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасында да құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, судья лауазымынан немесе әскери қызметтен теріс себептермен шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салу белгіленеді. Қаралып отырған жағдайда өтініш беруші ішкі істер органдарының қызметкері деген атқа кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған.
Конституциялық Сот құқықтық табиғат және құқықтық реттеудің жалпы қағидаттары ескеріле отырып, осы негіз бойынша құқық қорғау қызметінің тоқтатылуы азаматты келеңсіз жалпы құқықтық салдарға алып келуі мүмкін және одан әрі мемлекеттік қызметке кіруі кезінде ескерілуі мүмкін деп есептейді. Сонымен қатар, мұндай шектеулер өзара үйлесімді болуға және Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сай келуге тиіс.
Мемлекеттік қызмет туралы заң әкімшілік жаза қолданылған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған, сот белгілі бір мерзімге мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған адамдардың белгілі бір кезең өткеннен кейін мемлекеттік қызмет лауазымдарына орналасуына жол береді (16-баптың 3-тармағының 3), 7) және 9) тармақшалары). Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ нормативтік қаулысында түрлі салалардағы өкілеттіктерді тоқтатудың жекелеген негіздерінің сипаты мен салдарындағы айырмашылықтар құқықтық реттеуде теңгерімсіздікке алып келеді және қажеттілік, әділдік пен мөлшерлестік қағидаттарына сай келмейтін шектеулер белгілеу арқылы еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға байланысты конституциялық құқықтардың бұзылуына жағдай жасайды деп айрықша атап өтілді.
Конституциялық Соттың пікірінше, тәртіптік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін құқық қорғау органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған адамдардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде Мемлекеттік қызмет туралы заңның өтініш субъектісі дау айтып отырған, мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа лауазымдық міндеттердің сипатын ескермей талаптар қоятын нормасы азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығын бұзады және, тұтастай алғанда, әділдік, мөлшерлестік қағидаттарына және нысана тұрғысынан өзара байланысты, әртүрлі салаға тиесілі нормалардың өзара үйлесімділік өлшемшарттарына сай келмейді, осыған байланысты Конституцияның 24-бабының 1-тармағына, 33-бабының 4-тармағына және 39-бабының 1-тармағына қайшы келеді.
3. Конституциялық Сот уақыт жағынан және адамдар тобы бойынша нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын дұрыс айқындау аса маңызды екенін атап өтеді.
Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулыларында Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған заңдардың, егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе қолданысқа енгізу туралы қаулыда бекітілген болса, кері күші болуы мүмкін деп түсіндірілді.
Құқық қорғау органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған адамдардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салу (16-баптың 3-тармағының 14) тармақшасы) белгіленген Мемлекеттік қызмет туралы заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Аталған Заңның (12-тарау) және Құқық қорғау қызметі туралы заңның (84 және 85-баптар) қолданысқа енгізудің тәртібі реттелетін қорытынды ережелерінде жаңа талаптың кері күші туралы нормалар және жұмыстан шығарудың белгілі бір негіздерін теріс себептер (80-баптың 3-тармағы) қатарына жатқызу туралы қағидалар көзделмеген. Бұл ретте "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңда жұмыстан шығарудың теріс негіздерінің ұғымы мен тізбесі болмаған.
Конституциялық Сот бұған дейін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс дегенге назар аударған болатын (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын, 64-бабын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен және 3-тармағымен өзара байланысты болу үшін, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін құқық қорғау қызметінен шығарылған адамдардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасы осы құқықтық шектеудің мөлшерлестігінің болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Соттар мен өзге де құқық қолдану органдарының "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағы 14) тармақшасының конституциялық емес деп танылған ережелеріне негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізсін.
Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.
4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |