"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 5-тармағының жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау тура

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 22-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 5-тармағының жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі С.А. Курбановтың,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – судья А.С. Стыбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің өкілдері – Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Н.О. Сисенованың және аппарат басшысының орынбасары Л.С. Құрмантаеваның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі М.Т. Кемаловтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – төраға орынбасары С.С. Мүксімовтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында С.А. Курбановтың "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 34-бабы 5-тармағының жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваның хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына, халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Конституциялық Сотқа С.А. Курбановтың Конституциялық заңның 34-бабы 5-тармағының жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініші келіп түсті.

      Өтініштен және ұсынылған материалдардан өтініш берушінің судья ретіндегі өкілеттігі Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның оның кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымға сай келмейтіні туралы шешімі негізінде (Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) тармақшасы) тоқтатылғанын түсінуге болады.

      Конституциялық заңның 34-бабының 5-тармағына сәйкес судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың осы баптың 1-тармағының 5), 11) және 11-1) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер деп танылады.

      Өтініш субъектісі "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (16-баптың 3-тармағының 14) тармақшасы, бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет туралы заң), "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (6-баптың 2-тармағының 9) тармақшасы, бұдан әрі – Құқық қорғау қызметі туралы заң) және "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (7-баптың 2-тармағының 9) тармақшасы, бұдан әрі – Арнаулы мемлекеттік органдар туралы заң) императивтік нормаларына сілтеме жасай отырып, судьяның өкілеттігін теріс себептермен тоқтату еңбек ету бостандығы, қызмет және кəсіп түрін еркін таңдау конституциялық құқығын іске асыруына кедергі келтіреді және құқықтарының өмір бойы шектелуіне әкеп соғады деп пайымдайды.

      Конституциялық заңның 34-бабы 5-тармағының аталған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).

      Адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес оларды тану мен олардың кепілділігі туралы; оларды абсолютті және ешкім айыра алмайды деп тану, әркімге тумысынан тиесілі болу; заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындау туралы ережелердің (Конституцияның 12-бабы) іргелілігімен қамтамасыз етіледі.

      Қазақстан Негізгі Заңның 4-бабы 1-тармағының негізінде қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі болып табылатын ратификацияланған халықаралық шарттар шеңберінде адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау жөніндегі міндеттемелерді ұстанады.

      Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 21 қарашадағы Заңмен ратификациялаған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге (бұдан әрі – Халықаралық пакт) сәйкес мемлекеттер Пактіде жарияланған құқықтардың қандай да болмасын кемсітусіз жүзеге асырылатынына және заңнамалық шаралар қабылдауды қоса алғанда, барлық тиісті тәсілдермен танылатынына кепілдік беруге міндеттенеді.

      Еңбек ету бостандығы, қызмет және кәсіп түрін еркін таңдау құқығы іргелі конституциялық құқық болып табылады (24-бап). Ол еңбекті еркін таңдау немесе қандай да бір кемсітусіз және мәжбүрлеусіз еңбек етуге еркін келісу құқығын, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік ету, кәсіп және қызмет түрін таңдау құқығын қамтиды (2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 5-бабы). Бұл Халықаралық пактінің 6-бабы 1-тармағының ережелерімен үйлеседі, онда осы құқық өмір сүру үшін ақша табу мүмкіндігі ретінде, яғни өмірлік қажетті шарт ретінде тікелей қарастырылады.

      Еңбек ету бостандығы, қызмет және кәсіп түрін еркін таңдау құқығы азаматтардың мемлекеттік қызметке (оның жекелеген түрлеріне) қол жеткізуге тең құқығын іске асыруға, сондай-ақ судья лауазымдарына орналасуға тікелей байланысты (Конституцияның 33-бабының 4-тармағы, 79-бабы).

      Еңбек қызметінің барлық осы түрлері кәсіби болып табылады, олар адамның еңбек тиімділігін қамтамасыз ету және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін арнайы білімінің, икемінің, дағдылары мен басқа да қажетті қасиеттерінің болуын көздейді.

      2. Республикада сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды (75-баптың 1-тармағы, 76-баптың 1-тармағы).

      Судья Конституцияда және Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болып табылатын, мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады (Конституциялық заңның 23-бабының 1-тармағы). Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады (Конституцияның 77-бабының 1-тармағы).

      Сот билігінің конституциялық мақсатын тиісінше іске асыруды қамтамасыз ететін сот төрелігін жүзеге асыру судьяларға, оларды тағайындау тәртібіне және сот қызметіне, сондай-ақ өкілеттіктерін тоқтатуға қойылатын ерекше талаптар белгілеуге себепші болады.

      Республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар Конституциялық заңда айқындалады (Конституцияның 79-бабының 3-тармағы). Конституциялық заңда судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар көзделген (29-бап). "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі өлшемшарттары ретінде жоғары білім деңгейі, биік моральдық-адамгершілік қасиеттер және мінсіз бедел белгіленген (18-баптың 2-тармағы).

      Судьяларды тағайындауды Қазақстан Республикасының Президенті бірқатар рәсімдер өткізілгеннен кейінгі Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша жүзеге асырады. Құқықты білу мен қолдануға қойылатын елеулі талаптар, тәуелсіздік пен бейтараптық қағидаттарын ұстану, судья әдебі нормаларын сақтау судьялардың мансаптық өсуі үшін қажет.

      Конституцияның 79-бабының 1-тармағына сәйкес судья өкілеттігі тек қана заңда белгіленген негіздер бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін, бұл, Конституциялық Соттың пікірінше, сот қызметінің өзіндік ерекшелігімен және судьяның ерекше мәртебесімен алдын ала айқындалған (2023 жылғы 21 сәуірдегі № 10 нормативтік қаулы).

      Конституциялық заңның 34-бабының 5-тармағында төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкілеттіктерін тоқтатудың теріс себептеріне Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіби жарамсыздығына байланысты судьяның атқаратын лауазымына сай келмейтіні туралы шешімі жатқызылған (34-баптың 1-тармағының 11) тармақшасы). Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 29 қарашадағы 40/32 және 1985 жылғы 13 желтоқсандағы 40/146 қарарларымен мақұлданған Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаттарымен үйлеседі, оларға сәйкес судьялар өз міндеттерін орындай алмауына байланысты немесе атқаратын лауазымына сай келмейтін мінез-құлқы үшін ғана лауазымынан шеттетілуі немесе жұмыстан шығарылуы мүмкін (18-тармақ).

      Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін бағалау туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша шығарылады (Конституциялық заңның 44-бабының 1-тармағы).

      Судьяның кәсіби қызметін бағалау деп оның кәсіби білімінің деңгейін және оны сот төрелігін іске асыру кезінде қолдана білуін, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік пен адамгершілік қасиеттерін және оның Конституциялық заңда және Судья әдебі кодексінде қойылатын талаптарға сай келуін бағалау танылады. Судьяның кәсіби қызметін бағалау судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілікті бағалау және оның өсуін ынталандыру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауапкершілікті арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүдделерін қорғау мақсатында жүргізіледі (Конституциялық заңның 30-1-бабының 1-тармағы).

      Судьяның кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сай келмейді деп танылуы сот төрелігін іске асыру сапасының төмен көрсеткіштеріне, судья әдебі нормалары мен еңбек тәртібінің сақталмауына байланысты (Конституциялық заңның 30-1-бабының 2-тармағы).

      Конституциялық Сот заң шығарушының Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіби жарамсыздығына байланысты судьяның атқаратын лауазымына сай келмейтіні туралы шешімін судья өкілеттігін тоқтатудың теріс себептеріне жатқызуы судьяның кәсіби қызметін бағалаудың белгіленген мақсаттарын көздейді және тек дербес мәнге ие деп пайымдайды. Мәселен, осы негіз бойынша өз өкілеттігін тоқтатқан судьялар судья лауазымдарына, олар үшін аударылған қосымша міндетті зейнетақы жарналарын алуға және басқа да артықшылықтарға қайта үміткер бола алмайды (Конституциялық заңның 29-бабы 2-тармағының 7) тармақшасы, 35-1-бабының 2-тармағы). Тұтастай алғанда, мұндай тәсіл негізді және Конституцияға қайшы келмейді.

      3. Конституцияның 33-бабының 4-тармағында Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар деп белгіленген.

      Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардағы, Қарулы Күштердегі, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардағы қызмет мемлекеттік қызметтің ерекше түрлері деп танылады (Арнаулы мемлекеттік органдар туралы заңның 1-бабының 6) тармақшасы, Құқық қорғау қызметі туралы заңның 1-бабының 6) тармақшасы және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 16) тармақшасы, бұдан әрі – Әскери қызмет туралы заң).

      2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысында Конституциялық Сот мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өтті.

      Конституциялық Сот сот жүйесінде қолданылатын кадрлық және өзге де олармен байланысты мәселелерді шешу тәсілдерін мемлекеттік қызмет саласында автоматты түрде қолдануға болмайды деп есептейді. Судьяларға ғана қолданылатын арнайы әдістеме бойынша бағалау жүргізу кезінде анықталған судьяның кәсіби жарамдылығының жеткіліксіздігі, басқа да кедергі келтіретін мән-жайлар болмаған кезде, алдағы уақытта өзге қағидаттарды негізге алатын және өзіндік ерекшеліктері бар мемлекеттік қызметке кіру кезінде шартсыз және мерзімсіз кедергі болмауға тиіс. Судьялар мен мемлекеттік қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптарын теңдестіру Конституцияның 33-бабы 4-тармағының мазмұнынан туындамайды, оған сәйкес мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді.

      Бұл тұжырым қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың ережелерінен де туындайды, онда мазмұны жағынан ұқсас, бірақ салдары бойынша айырмашылығы бар талаптар мен рәсімдер көзделген.

      Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы үшін негіз болатын аттестаттаудың теріс нәтижелері және олардың қызметін бағалаудың қанағаттанарлықсыз нәтижелері теріс себептер ретінде танылмайды. Бұлар мемлекеттік қызметке қайта кіруге кедергі болмайды (Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабының 3-тармағы, 61-бабы 1-тармағының 19) және 20) тармақшалары және 3-тармағы). Өзінің лауазымдық өкілеттігін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сенім жоғалтуына байланысты Республика Президентінің шешімімен, яғни теріс себептермен жұмыстан шығарылған мемлекеттік саяси қызметшілер үш жылдан кейін мемлекеттік қызметте қайтадан лауазымдарға орналаса алады. Мемлекеттік қызмет туралы заңда әкімшілік жаза тағайындауға негіз болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған, сот белгілі бір мерзімге мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған адамдардың мемлекеттік қызмет лауазымдарына орналасуына белгілі бір кезең өткеннен кейін жол беріледі (16-баптың 3-тармағы, 59-баптың 15-1) тармақшасы, 60-баптың 5-тармағы).

      Жұмыстан шығарудың теріс себептерінің түрлі тізбелері Құқық қорғау қызметі туралы заңда (80-баптың 3-тармағы), Арнаулы мемлекеттік органдар туралы заңда (51-баптың 14-тармағы) және Әскери қызмет туралы заңда (26-баптың 2-тармағы) көзделген.

      Түрлі салалардағы өкілеттіктерді тоқтатудың жекелеген негіздерінің сипаты мен салдарындағы айырмашылықтар құқықтық реттеуде теңгерімсіздікке алып келеді және қажеттілік, әділдік пен мөлшерлестік қағидаттарына сай келмейтін шектеулер белгілеу арқылы еңбек ету бостандығына, қызмет және кәсіп түрін еркін таңдауға байланысты конституциялық құқықтардың бұзылуына жағдай жасайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабының 5-тармағы төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сай келмейді деген теріс себеппен өкілеттіктің тоқтатылуы лауазымынан босатылған судья үшін құқықтық салдарға әкеп соғу "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы шеңберінде ғана болуға тиіс;

      көрсетілген себеппен судья лауазымынан босатылған азамат өзге де салаларда, оның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын іске асыра алады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда қамтылатын құқықтық ұстанымдарына сәйкес, кәсіптік жарамдылықты бағалаумен байланысты, мемлекеттік қызмет түрлеріне қол жеткізу бойынша шектеулер мөлшерлестігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты