Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламенті

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген.

Жаңартылған

      Ескерту. Регламент мәтініндегі "Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығы" және "Жарлықтың" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы" және "Конституциялық заңның" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 31.03.2005 N 9-3/I Қаулысымен.
      Ескерту. Регламенттің мәтіні бойынша бөлімдердегі "I", "II", "ІІІ" деген рим цифрлары "1.", "2.", "3." деген араб цифрларымен ауыстырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
      Ескерту. Баптардың тақырыптарындағы "бап" деген сөз және баптардың атаулары алынып тасталды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Регламенттің бүкіл мәтіні бойынша "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы" және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заң" деген сөздер "Конституциялық заң" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Регламенттің бүкіл мәтіні бойынша "Кеңес Төрағасы", "Кеңес мүшесі", "Кеңес отырысы", "Кеңес аппараты" және "осы регламент" деген сөздер тиісінше "Конституциялық Кеңес Төрағасы", "Конституциялық Кеңес мүшесі", "Конституциялық Кеңес отырысы", "Аппарат" және "осы Регламент" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

1-тарау. Конституциялық іс жүргізуді қозғаудың және қарауға
берілетін материалдарды дайындаудың тәртібі

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1 және 2-тармақтарында келтірілген субъектілердің өтініші конституциялық іс жүргізу қозғауға себеп болып табылады.

      Өтініш екі тілде (қазақ және орыс) және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 22-бабының талаптарына сәйкес ресімделуге тиіс.

      Конституциялық іс жүргізу, сондай-ақ Конституциялық заңның 35 және 36-баптарында көзделген жағдайларда қозғалуы мүмкін.

      Конституциялық Кеңестің шешімін түсіндіру туралы өтінішхаттың нысаны мен мазмұны және оны қарау тәртібі өтініштерді қараудың жалпы қағидаларымен айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      2. Келіп түскен өтініштер белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Аппаратында (бұдан әрі - Аппарат) тіркеледі.

      Конституцияның, Конституциялық заңның және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің (бұдан әрі - Регламент) талаптарын бұза отырып келіп түскен өтініштерді Аппарат басшысы кері қайтарады.

      Мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың Конституциялық Кеңеске қарасты мәселелер бойынша өтініштері Конституциялық Кеңестің Төрағасына беріліп, олардың арғы қозғалысын Төраға белгілейді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      3. Конституциялық Кеңестің Төрағасы түскен өтінішті Конституциялық Кеңестің қарауына енгізеді, оның отырысы, демалыс және мереке күндерін алып тастағанда, өтініш түскен күннен бастап үш күн ішінде өткізіледі. Конституциялық Кеңес, өтінішті зерделеп және Конституциялық Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, іс жүргізуге қабылдайды немесе қабылдаудан бас тартып, Конституциялық заңның 25-бабында көзделген негіздер бойынша оны кері қайтарады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      4. Конституциялық Кеңестің Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Кеңестің отырысына материал дайындауды жүзеге асыру үшін Конституциялық Кеңестің мүшесін белгілейді. Кеңестің мүшесін баяндамашы етіп тағайындау туралы Төрағаның өкімі, Кеңестің мүшесі өтінішті алған күні шығарылады. Келіп түскен өтініштің ерекше күрделілігіне не оның аса маңыздылығына, жедел түрде дайындалуы керектігіне қарай, материалдарды дайындау Конституциялық Кеңестің бірнеше мүшесіне тапсырылуы мүмкін. Өзара байланысты бірнеше өтініш келіп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктіру туралы шешім қабылдай алады. Өзара байланысты бірнеше өтінішті іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешер кезде, олардың бірі Конституциялық Кеңеске, ал басқалары - өзге мемлекеттік органдарға ведомстволық қарасты болса, Конституциялық Кеңестің өкілеттігіне жататын өтініштер ғана қаралады.

      Конституциялық Кеңестің мүшесі, Төраға белгілеген мерзім ішінде, іс жүргізуге қабылданған өтініш бойынша материалдарды Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін дайындауға міндетті, бұл үшін ол:

      1) Конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды белгілейді, оларға Конституциялық заңның 21-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.

      2) Тиісті органдарға немесе лауазымды адамдарға, Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе Конституциялық Кеңестің мүшесі қол қойған, сұрау салу арқылы өтініштің мәніне қатысты қажетті құжаттар мен басқа да ақпаратты талап етіп алады.

      3) Қажет болған жағдайда тиісті лауазымды адамдардан жауап алады, мамандар ретінде ғалымдарды, практикалық қызметкерлерді, сарапшыларды тартып, тексерулер, зерттеулер, сараптама жүргізуді тапсырады;

      4) Конституциялық Кеңес аппараты бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлеріне қажетті анықтама-ақпараттық материалдар және қорытынды беруді тапсырады.

      5) Отырыс басталардан кем дегенде екі күн бұрын материалдардың көшірмесі Конституциялық Кеңестің мүшелеріне берілуін қамтамасыз етеді. Конституциялық Кеңес шешімінің жобасын әзірлейді. Шешімнің жобасы бойынша өздерінің ескертулерін Кеңес мүшелері баяндамашыға жазбаша түрде береді.

      Конституциялық Кеңес іс жүргізуге қабылданған өтінішті қарап, өтініш түскен күннен бастап бір айдың ішінде ол бойынша қорытынды шешім шығарады. Егер мәселені кейінге қалдыруға болмайтын болса, Қазақстан Республикасы Президентінің талабы бойынша бұл мерзім он күнге дейін қысқартылады. Бұл ереже осы Регламенттің 27 және 28-тармақтарында қарастырылған жағдайларда да қолданылады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1; 20.02.2018 № 2 Нормативтік қаулыларымен.

      4-1. Келіп түскен өтініштің аса маңыздылығына және шұғылдығына байланысты Конституциялық Кеңес оны жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда баяндамашы Кеңес отырысына материалдар дайындауды Конституциялық Кеңестің Төрағасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

      Ескерту. Регламент 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 11.04.2019 № 3 нормативтік қаулысымен.

      5. Материалдарды дайындайтын Кеңес мүшесі, материалдарды дайындау және оларды Конституциялық Кеңестің отырысында қарау барысында, тиісті мекемелерге немесе нақты мамандарға тапсырма бере отырып, ұйғарым шығару арқылы сараптама, тексеру және зерттеу жұмысын тағайындайды, бұл ұйғарымда сарапшыларға қойылатын сұрақтар тұжырымдалып, сараптама жұмысының өзге де қорытындысын тапсыру мерзімі белгіленеді. Ұйғарыммен бірге сарапшылардың және мамандардың қолына сараптама, тексерулер мен зерттеулер жүргізу үшін қажетті барлық құжаттар беріледі. Сарапшының, маманның қорытындысы және тексеру актілері жеке құжат түрінде баяндалып, оған тиісті тұлғалар қол қояды.

      Конституциялық Кеңес мүшесі – өтініш мәні бойынша баяндамашы тиісті лауазымды тұлғалардан жауап алуға құқылы. Жауап алу нәтижелері Конституциялық Кеңес мүшесі және жауап алынған тұлға қол қоятын анықтама түрінде ресімделеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      5-1. Материалдарды қарауға дайындау барысында конституциялық іс жүргізуге қатысушылар Конституциялық заңның 21-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген өз құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша Конституциялық Кеңес мүшесі – баяндамашыға жүгінеді. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар мәлімдеген өтінішхаттар Конституциялық Кеңес отырысында қаралады.

      Ескерту. Регламент 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      5-2. Конституциялық Кеңестің алдына қойылған мәселелер бойынша маманданған құқық қорғау, ғылыми және өзге де ұйымдар мен азаматтар Кеңеске өз қорытындыларын (пікірлерін) жібере алады. Мәселені заңи талдауға негізделген, қызығушылық тудыратын және өтінішті тиісінше қарауға ықпал ететін қорытындылар іс жүргізу материалдарына қоса тіркелуі және Конституциялық Кеңестің интернет-ресурсында жариялануы мүмкін.

      Ескерту. Регламент 5-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 11.04.2019 № 3 нормативтік қаулысымен.

      6. Конституциялық іс жүргізу, Конституциялық заңның 30-бабында көзделген негіздер болған жағдайда, қорытынды шешім шығарылғанға дейін оның кез келген сатысында тоқтатылуға тиіс.

      Конституциялық Кеңестің берілген өтініш бойынша конституциялық іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі, дәл осы негіздер бойынша Конституциялық Кеңеске қайтара жүгінуге мүмкіндік бермейді.

2-тарау. Өтініштерді Конституциялық Кеңестің отырыстарында
қарау тәртібі

      7. Конституциялық Кеңестің отырыстары осы мақсатта арнайы бөлінген, Конституциялық заңның 44-бабы 2-тармағымен сәйкес рәсімделген бөлмеде өткізіледі.

      Конституциялық Кеңес құрамының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және шақырылған адамдардың орналасу тәртібін Конституциялық Кеңестің Төрағасы белгілейді.

      8. Қарауға берілетін материалдар дайындалып болғаннан кейін, Конституциялық Кеңестің Төрағасы, ал Төраға болмаған жағдайда - оның міндетін атқарушы Конституциялық Кеңес мүшесі өз өкімімен Конституциялық Кеңес отырысының өткізілу күнін белгілейді.

      Конституциялық Кеңес жабық отырыс өткізу туралы шешім қабылдағаннан басқа жағдайларда, өтініш материалдары ашық отырыста қаралады.

      Конституциялық Кеңес Төрағасы қабылдаған шешім бойынша, Конституциялық Кеңестің отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      9. Конституциялық Кеңестің отырысы мына жағдайларда кейінге қалдырылады:

      1. Өтінішті қарау үшін қажетті кворум болмағанда.

      2. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың бірі, Кеңес келуі қажет деп тапқан сарапшылар, мамандар келмегенде.

      3. Егер өтінішті қарау үшін айтарлықтай маңызға ие болса, талап етілген материалдар берілмегенде.

      4. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың бірінің немесе оның өкілінің, тараптардың бірі ұсынған материалдарды қосымша зерделеу үшін берген өтініші бойынша.

      5. Өтінішті белгіленген уақытта қарауға кедергі болатын өзге де жағдайлар туындағанда.

      10. Егер, Конституциялық Кеңес қарап жатқан мәселеге тікелей жеке немесе жанама түрде мүдделі болуына байланысты, әділеттілігіне күмән келтірілуі мүмкін болса, онда Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе мүшесі бұл мәселені қараудан бас тартуға міндетті, оны Конституциялық Кеңес қанағаттандыруға тиіс.

      Кеңес отырысында Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе мүшесі бұл мәселені қараудан бас тартатындығын мәлімдеген жағдайда, оған анықтау мақсатында сұрақтар беріледі. Бас тарту, ол жөнінде мәлімдеме жасаған адамның қатысуынсыз, кеңесу бөлмесінде қаралады. Бас тарту жөніндегі мәлімдемені қанағаттандыру немесе қабылдамау туралы шешім, жан-жақты талқылаудан соң Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Бас тарту қанағаттандырылған жағдайда, қажетті кворум болса, өтінішті қарау одан әрі жалғастырылады.

      11. Конституциялық Кеңестің отырысы хаттамаға, қажет жағдайларда стенограммаға түсіріледі және ілеспе аудармамен қамтамасыз етіледі. Егер отырыста стенограммаға түсіру жүргізілген болса, онда Кеңес отырысының хаттамасы стенограмманың мәтіні негізінде жасалады. Егер отырыс кезінде дыбыс, бейне жазылып, суретке түсірілген болса, онда фонограмма, бейнетаспа, кинотаспа Кеңес отырысының хаттамасына қосып қойылады да, ол жөнінде хаттамада тиісті белгі соғылады. Отырыстың хаттамасын Конституциялық Кеңес аппараты аппараты жүргізеді. Хаттаманы жүргізетін адам, болған отырыстан кейін 7 күн ішінде хаттаманы осы іс жүргізу бойынша баяндамашыға береді. Конституциялық Кеңес мүшесі - баяндамашы хаттамаға бұрыштама қойып, оның шынайылылығына жеке жауап береді.

      Конституциялық Кеңес отырысының хаттамаларына Конституциялық Кеңестің Төрағасы, ал ол болмаған кезде – оның уәкілдік беруі бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының міндетін атқарушы Кеңес мүшесі не отырыста төрағалық еткен Конституциялық Кеңес мүшесі қол қояды.

      Кеңес отырысының хаттамалары тиісті конституциялық іс жүргізу материалдарына қосып қойылады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2; 24.01.2018 N 1; 11.04.2019 № 3 нормативтік қаулыларымен.

      12. Отырыс залына келген адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Конституциялық Кеңеске, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға, олардың өкілдеріне және бір-біріне қатысты өздерін әдепті ұстауға, отырыс кезінде залда әрі-бері жүрмеуге, Кеңестің және отырысқа қатысушылардың, сарапшылардың, мамандардың атына сөз қыстырмауға, өтіп жатқан отырысты құптайтынын немесе құптамайтынын кез келген бір нысанда білдіру арқылы, қалыпты отырыс барысына қандай да болмасын араласуға жол бермеуге міндетті.

      Қатысушылар Кеңес отырысының өткізілу тәртібін бұзған жағдайда, төрағалық етуші тәртіп бұзған адамға ескерту жасайды, ал екінші қайтара тәртіп бұзылған жағдайда ол адамға Конституциялық Кеңестің отырыс залынан шығып кету ұсынылады.

      13. Конституциялық Кеңес өтініштерді өзінің отырысында Конституциялық Кеңес Төрағасының, ал ол болмаған жағдайда - Конституциялық Кеңес мүшелерінің ішінен Төраға тағайындаған бірінің төрағалық етуімен қарайды. Төрағаның өздігінен бас тартуын қанағаттандырған кезде Конституциялық Кеңес мүшелері өз құрамы ішінен отырыста төрағалық етушіні сайлайды.

      Отырысты өткізу үшін белгіленген уақытта отырыс залына Конституциялық Кеңестің мүшелері кіріп, өздерінің орындарына отырады. Төрағалық етуші Конституциялық Кеңестің отырысын өткізу үшін адам санының жеткілікті екендігіне, хаттамаға түсіру қамтамасыз етілгендігіне көз жеткізіп, отырысты ашық деп жариялайды. Содан кейін Төрағалық етуші қаралатын мәселелерді оқып шығып, отырысқа қатысуға шақырылғандардың, мамандардың, сарапшылардың бар-жоқтығы, егер жоқ болса, келмеу себебі туралы хабарлау үшін Конституциялық Кеңестің мүшесі - баяндамашыға сөз береді.

      Осы Регламенттің 4-1-тармағында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңес конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды шақырмай және тыңдаулар өткізбей өтінішті қарауға құқылы. Бұл ереже Конституциялық Кеңес өзінің бұрын қабылданған нормативтік қаулыларында мазмұндалған құқықтық позициялары негізінде мәселе шешілуі мүмкін деген қорытындыға келген жағдайда да қолданылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1; 11.04.2019 № 3 нормативтік қаулыларымен.

      14. Төрағалық етуші конституциялық іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттары бар-жоғын сұрап алып, оларды Конституциялық Кеңестің шешуіне қояды.

      Конституциялық Кеңес барлық өтінішхат бойынша шешімдер қабылдап, олар қаулы нысанында ресімделеді немесе отырыс хаттамасына енгізіледі және жариялауға жатады.

      Өтініш субъектілері, сондай-ақ актілері мен әрекеттерінің конституциялылығы тексеріліп жатқан мемлекеттік органдардың өкілдері және лауазымды адамдар, қажет болған жағдайда, өз еркімен не Конституциялық Кеңестің талабы бойынша, Конституциялық Кеңестің іс жүргізуге қабылданған өтініш қаралатын отырысына қатысуына болады. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың, сарапшылардың, мамандар мен өзге де шақырылған адамдардың түсініктемелері мен сөйлеген сөздері тыңдалады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      15. Мәселені қарау басталғанға дейін төрағалық етуші мәселенің мән-жайы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттары бар-жоғын сұрайды. Мұндай өтінішхаттар жазбаша түрде түскен жағдайда олар Конституциялық Кеңестің отырысында оқылып, қаралатын істің материалдарына қосып қойылады, ауызша өтінішхат Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасына енгізіледі.

      Солардың өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі қабылданатын кеңесі басталғанға дейін өтініштің негізін өзгертуге, оның көлемін ұлғайтуға немесе азайтуға, өтініштен бас тартуға құқылы. Өз актілерінің конституциялылығы даулануына байланысты конституциялық іс жүргізуге тартылған қатысушылар, өтініште мәлімделген талаптарды толығымен немесе ішінара мойындауға, не болмаса оған қарсылық білдіруге құқылы.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      16. Өкілдің өкілеттігі заңға сәйкес рәсімделіп берілген сенімхатпен, немесе тиісті ұйымның осы өтініш бойынша өкілдікті жүзеге асыруға тапсырма бергендігін растайтын өзге бір құжатпен білдірілуге тиіс.

      17. Әрбір мәселені қарау Конституциялық Кеңестің мүшесі - баяндамашының сөйлейтін сөзімен басталады, ол мәселенің мән-жайын, оны қараудың негізі мен себебін, қолда бар материалдардың мазмұнын баяндап береді. Конституциялық Кеңестің мүшелері оған нақтылау үшін сұрақтар беруге хақылы.

      18. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және олардың өкілдері қаралып жатқан мәселенің мән-жайына байланысты өз қалауы бойынша Конституциялық Кеңестің отырысында сөз сөйлей алады. Бұл орайда, өзінің лауазымы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың мүддесін білдіретін адамдар, сондай-ақ, Конституциялық Кеңестің отырысында сенімхат немесе өкілеттігін растайтын өзге де құжат бойынша сөз сөйлейтін өкілдер, егер бұл құжаттарда мұндай құқық көрсетілген болса, қаралып жатқан мәселе бойынша өз ұстанымын Конституциялық Кеңес отырысының барысында мәселені қарау нәтижесіне қарай түзетуге құқылы.

      Конституциялық Кеңес мүшелері конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға нақтылау үшін сұрақтар қоюға құқылы. Солардың өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, және солардың актілері бойынша іс жүргізу қозғалған қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен бір-біріне сұрақ қоюы мүмкін.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      19. Егер Конституциялық Кеңес, кеңесу бөлмесінде өтініштің дұрыс шешілуі үшін айтарлықтай маңызы бар жаңа мән-жайларды анықтау немесе жаңа құжаттар мен материалдарды зерделеу қажет деп тапса, материалдар қарауды қайтадан бастауы мүмкін.

      20. Конституциялық Кеңестің отырысында тек өтініште мәлімделген мәселелер ғана қаралады.

      Рәсімдік, ұйымдастыру-басқарушылық сипаттағы мәселелерді, материал дайындау барысында Кеңестің отырысына материал дайындаушы Конституциялық Кеңестің мүшесі, ал қажет болған жағдайда - Кеңестің Төрағасы немесе оның міндетін атқарушы Конституциялық Кеңес мүшесі қарайды.

3-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімдері

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      21. Конституциялық Кеңес шешімді алқалы түрде өз мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен, ашық дауыс беру арқылы, ал Конституциялық Кеңестің ең болмағанда бір мүшесі талап ететін болса - жабық дауыс беру арқылы қабылдайды.

      Конституциялық Кеңес мүшелерінің кеңесуі және қаралып жатқан мәселе бойынша дауыс беруі төрағалық етушінің басшылығымен кеңесу бөлмесінде өткізіледі.

      Конституциялық Кеңестің мәжілісі жүріп жатқан кезде, оның отырысына қатысушы мүшелердің ешқайсысы қалыс қалуға немесе дауыс беруге қатыспауға хақылы емес.

      Шешім қабылдар кезде Конституциялық Кеңес мүшелерінің даусы тепе-тең екіге бөлінген жағдайда, Конституциялық Кеңес Төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады, ол өз дауысын барлық жағдайда ең соңында береді. Конституциялық Кеңес Төрағасының өкілеттік беруі бойынша, Конституциялық Кеңестің тиісті мүшесі оның орнын басқан кезде бұл ережені қолданбайды. Бұл жағдайда Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе бастапқы дауыс беруге қатыспаған мүшесінің қатысуымен дауыс беру қайта өткізіледі.

      Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімдерге алдын-ала, Төраға қол қойғанға дейін, дауыс беруге қатысқан Конституциялық Кеңес мүшелері, соның ішінде қабылданған шешіммен келіспеген мүшелер де қолдарын қояды.

      22. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімімен келіспеген Конституциялық Кеңестің мүшесі өз пікірін жазбаша түрде білдіруге хақылы, ол пікір осы өтінішті қарауға қатысты материалдарға қосып қойылады.

      23. Жасырын дауыс беру және оның нәтижесін анықтау үшін Конституциялық Кеңес өз құрамынан есептеу комиссиясын сайлайды.

      Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді есептеу комиссиясы өзі белгілеген нысанда әзірлейді.

      Жасырын дауыс берудің нәтижелері туралы есептеу комиссиясы хаттама жасап, оған комиссия мүшелері қол қояды және Кеңес оны Конституциялық Кеңестің материалдарын қарауға қатысып отырған мүшелер санының көпшілік даусымен бекітеді.

      24. Қаралып отырған мәселенің мән-жайы бойынша Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі нормативтік қаулы, қорытынды және жолдау түрінде қабылданады.

      Конституциялық Кеңестің шешімі бойынша оның нормативтік қаулысын, қорытындысын не олардың қарар бөлігін төрағалық етуші Конституциялық Кеңес мүшелерінің, ал қажет болған жағдайда, отырысқа қатысушылардың алдында жариялайды. Бұл ереже осы Регламенттің 27 және 28-тармақтарында көзделген жағдайларда да қолданылады.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімінің мазмұны Конституциялық заңның 37-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешім қабылдауы заңды және жеке тұлғалар үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 1 және 2-тармақтарында және Конституциялық заңның 39-бабында көзделген заңды салдарға әкеп соқтырады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 11.04.2019 № 3 нормативтік қаулысымен.

      25. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      Басқа шешімдердің күшіне ену тәртібін Конституциялық Кеңес заңнамаға сәйкес белгілейді.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1; 20.02.2018 № 2 Нормативтік қаулыларымен.

      25-1. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресімдеген кезде "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде құжаттау және құжаттаманы басқару қағидаларының талаптары ескерілуі мүмкін.

      Ескерту. Регламент 25-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.
      26. Алып тасталды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      27. Конституциялық заңның 35-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңес Төрағасы Конституциялық Кеңес мүшесіне осы мәселе бойынша үш күн ішінде ұсыныс дайындауды тапсырып, ол ұсыныс Конституциялық Кеңестің отырысында қаралады.

      Қосымша шешім қабылдау қажет болған жағдайда Конституциялық Кеңес Төрағасы Конституциялық Кеңестің отырысына материалдар дайындалуын іске асыру үшін өз өкімімен Конституциялық Кеңестің мүшесін және Конституциялық Кеңестің аталған шешімді қабылдау жөніндегі отырысы өткізілетін күнді белгілейді.

      Қосымша шешім осы Регламенттің 21-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өтініші келіп түскен күннен бастап, іс жүргізу қозғалған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады.

      Конституциялық Кеңестің қосымша шешім қабылдау жөніндегі отырысы осы Регламенттің 2-бөлімінде белгіленген тәртіппен өткізіледі.

      Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңес, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өтінішті қарау бойынша оның қорытынды шешімі қабылданған отырысқа қатысқан өзге де адамдарды шақырмай-ақ, қосымша шешім қабылдауға құқылы.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      28. Қорытынды шешім қайта қаралған жағдайда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Конституциялық Кеңестің отырысына материалдар дайындалуын іске асыру үшін өз өкімімен Конституциялық Кеңестің мүшесін, сондай-ақ осы мәселе бойынша жаңа отырыстың өткізілетін күнін белгілейді, оны өткізу тәртібі осы Регламенттің 2-бөлімінде айқындалады.

      Конституциялық Кеңестің шешімі конституциялық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарылған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады. Бұл мерзімді қажет болған кезде Конституциялық Кеңес ұзартуы мүмкін.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      29. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері қабылданғаннан кейін екі күн ішінде Конституцияның 72-бабымен көзделген субъектілерге немесе олардың өкілдеріне, сондай-ақ барлық жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті Палаталарына, Жоғарғы Сотына, Бас Прокурорға, Әділет министріне жіберіледі.

      Конституциялық Кеңес Төрағасының, ал ол болмаған кезде оның уәкілдік беруі бойынша Конституциялық Кеңес Төрағасының міндетін атқарушы Конституциялық Кеңес мүшесінің шешімі бойынша қорытынды шешімдер басқа да мемлекеттік органдарға жолдануы мүмкін.

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері республикалық ресми басылымдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Нормативтік қаулылары жинағында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

      Басқа шешімдер қажет болған кезде жарияланады және тиісті мемлекеттік органға және лауазымды тұлғаға жолданады.

      Конституциялық Кеңестің қосымша шешімдері Конституциялық Кеңес белгілеген тәртіппен жолданады және жарияланады.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      30. Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу тәртібін белгілейді. Шешімді орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Конституциялық Кеңес белгілеген мерзімде Конституциялық Кеңеске хабарлайды. Конституциялық Кеңестің шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар міндетті түрде қарап шығып, қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлауға тиіс.

      Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімнің орындалуын бақылау Кеңес отырысына материалдар дайындауды іске асырған Кеңес мүшесіне, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің аппаратына жүктеледі.

      Конституциялық Кеңестің аппараты Конституциялық Кеңестің Төрағасына Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы жартыжылдық және жылдық ақпараттық есеп береді.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен.

      31. Конституциялық Кеңестің отырыстарында конституциялық іс жүргізу тәртібімен шешілетін мәселелерден басқа, сондай-ақ:

      - Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат беру;

      - Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауын бекіту;

      - Төрағаның және Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтата тұру туралы өтінішхат енгізу;

      - Конституциялық Кеңестің Регламентін бекіту;

      - ведомстволық наградалармен марапаттау туралы мәселелер қаралады.

      Кеңестің отырысында оның Төрағасының бастамасы бойынша Конституциялық Кеңестің ұйымдастырылуы мен қызметінің өзге де мәселелері қаралуы мүмкін.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 14.08.2013 N 3 Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      32. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесінің өкілеттігін тоқтата тұру туралы өтінішхат енгізу жөніндегі мәселе Конституциялық заңның 14-бабында және 18-бабының 2) тармақшасында белгіленген тәртіппен қаралады.

      Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшелерінің өкілеттігін тоқтату Конституциялық заңның 15-бабына сәйкес іске асырылады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      33. Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауының жобасын Конституциялық Кеңестің мүшелері мен аппараттың тиісті бөлімдері дайындайды.

      Конституциялық Кеңес жолдауының жобасын дайындау үшін Кеңес Төрағасының өкімімен жұмыс тобы құрылуы мүмкін.

      Жолдаудың жобасын дайындау барысында Конституциялық Кеңес тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті құжаттарды және өзге де ақпаратты талап етіп алуға хақылы.

      Конституциялық Кеңестің жолдауы Кеңестің отырысында бекітіліп, оған Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері қол қояды және Қазақстан Республикасының Парламентіне жіберіледі.

      Конституциялық Кеңес Төрағасының шешімімен жолдаудың мәтіні өзге де мемлекеттік органдарға жіберілуі мүмкін.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен.

      33-1. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат талап еткен жағдайда Конституциялық Кеңес Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Кеңес мүшесіне материалдар дайындауды тапсырады.

      Ақпарат жіберілерден бұрын Конституциялық Кеңестің отырысында талқыланып, бекітіледі.

      Ескерту. Регламент 33-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Нормативтік қаулысымен.

      34. Регламент Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      Регламентке өзгерістер мен толықтырулар жоғарыда аталған тәртіппен енгізіледі.

4-тарау. Конституциялық Кеңестің халықаралық ынтымақтастығы және ұйымдастырылуы мен қызметінің өзге де мәселелері

      Ескерту. Регламент 4-тармаумен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 13.02.2015 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      35. Конституциялық Кеңес заңнамада белгіленген тәртіппен халықаралық және өңірлік құқық қорғаушы ұйымдармен, шет елдердің конституциялық бақылау органдарымен, заңгерлік құрылымдарымен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен және заңгер-ғалымдарымен ынтымақтасады. Өзара іс-әрекеттің нысанасы мен тетіктерін айқындау үшін ынтымақтастық туралы келісімдер (меморандумдар) жасалуы мүмкін.

      36. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ аппарат қызметкерлері Қазақстан Республикасының Конституциясын және қазіргі заманғы конституционализмнің принциптерін насихаттау, олардың қағидаларын қолданыстағы заңнамада іске асыру мақсатында конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, кеңесулерге, өзге де іс-шараларға, солардың ішінде халықаралық сипаттағысына да қатысады.

      37. Конституциялық Кеңестің мүшелері және аппарат қызметкерлері Республика Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларының, сондай-ақ Мемлекет басшысының құқықтық даму, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мәселелері бойынша өзге де бағдарламалық құжаттарының негізгі қағидаларын түсіндіруге арналған іс-шараларға қатысуға хақылы.

      38. Конституциялық Кеңестің қызметкерлерін мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалармен наградтау қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Наградтау туралы ұсынымдарды Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ Аппарат басшысы енгізеді. Наградтау үшін ұсынылатын кандидатуралар Конституциялық Кеңестің және Конституциялық Кеңестің мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалар жөніндегі комиссиясының отырысында алдын-ала қаралуы мүмкін.

      39. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жанынан Ғылыми-консультативтік кеңес құрылуы мүмкін. Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамы, міндеттері және қызметінің тәртібі Конституциялық Кеңес бекітетін ережемен айқындалады.

      Ескерту. Регламент 39-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      40. Конституциялық Кеңес құрамына қатысты іссапарға жіберу, демалыс беру, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген төлемдерді іске асыру мәселелерін Конституциялық Кеңес Төрағасы шешеді.

      Ескерту. Регламент 40-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.

      41. Конституциялық Кеңес Төрағасының және мүшелерінің төсбелгісі болады, оны олар өздерінің өкілеттік мерзімі ішінде пайдаланады.

      Төсбелгі туралы ережені, оның үлгісін және сипаттамасын Конституциялық Кеңес бекітеді.

      Ескерту. Регламент 41-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 24.01.2018 N 1 Нормативтік қаулысымен.