Ескерту. Регламент мәтініндегі "Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығы" және "Жарлықтың" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы" және "Конституциялық заңның" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 31.03.2005 N 9-3/I Қаулысымен.
Ескерту. Регламенттің мәтіні бойынша бөлімдердегі «I», «II», «ІІІ» деген рим цифрлары «1.», «2.», «3.» деген араб цифрларымен ауыстырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
Ескерту. Баптардың тақырыптарындағы «бап» деген сөз және баптардың атаулары алынып тасталды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
1-тарау
Конституциялық іс жүргізуді қозғаудың және қарауға берілетін
материалдарды дайындаудың тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабында келтірілген субъектілердің өтініші конституциялық іс жүргізу қозғауға себеп болып табылады.
Өтініш екі тілде (қазақ және орыс) және Конституциялық заңның 22-бабының талаптарына сәйкес ресімделуге тиіс.
Конституциялық іс жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 35 және 36-баптарымен көзделген жағдайларда қозғалуы мүмкін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
2. Келіп түскен өтініштер белгіленген тәртіппен Конституциялық Кеңестің аппаратында тіркеледі.
Конституцияның, Конституциялық заңның және Регламенттің талаптарын бұза отырып келіп түскен өтініштерді Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы кері қайтарады.
Мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың Конституциялық Кеңеске қарасты мәселелер бойынша өтініштері Конституциялық Кеңестің Төрағасына беріліп, олардың арғы қозғалысын Төраға белгілейді. Төраға Кеңес мүшелерінің біріне келіп түскен өтініш бойынша ұсыныс дайындауды тапсырады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
3. Конституциялық Кеңестің Төрағасы түскен өтінішті Кеңестің қарауына енгізеді, оның отырысы, демалыс және мереке күндерін алып тастағанда өтініш түскен күннен бастап үш күн ішінде өткізіледі. Конституциялық Кеңес, өтінішті зерделеп және Кеңес мүшесінің ұсынысын тыңдап, іс жүргізуге қабылдайды немесе қабылдаудан бас тартып "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 25-бабында көзделген негіздер бойынша оны кері қайтарады.
4. Конституциялық Кеңестің Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Кеңестің отырысына материал дайындауды жүзеге асыру үшін Конституциялық Кеңестің мүшесін белгілейді. Кеңестің мүшесін баяндамашы етіп тағайындау туралы Төрағаның өкімі, Кеңестің мүшесі өтінішті алған күні шығарылады. Келіп түскен өтініштің ерекше күрделілігіне не оның аса маңыздылығына, жедел түрде дайындалуы керектігіне қарай, материалдарды дайындау Конституциялық Кеңестің бірнеше мүшесіне тапсырылуы мүмкін. Өзара байланысты бірнеше өтініш келіп түскен жағдайда Конституциялық Кеңес оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктіру туралы шешім қабылдай алады. Өзара байланысты бірнеше өтінішті іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешер кезде, олардың бірі Конституциялық Кеңеске, ал басқалары - өзге мемлекеттік органдарға ведомстволық қарасты болса, Конституциялық Кеңестің өкілеттігіне жататын өтініштер ғана қаралады.
Конституциялық Кеңестің мүшесі, Төраға белгілеген мерзім ішінде, іс жүргізуге қабылданған өтініш бойынша материалдарды Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін дайындауға міндетті, бұл үшін ол:
1) Конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды белгілейді, оларға "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі" туралы Конституциялық заңның 21-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
2) Тиісті органдарға немесе лауазымды адамдарға, Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе Конституциялық Кеңестің мүшесі қол қойған, сұрау салу арқылы өтініштің мәніне қатысты қажетті құжаттар мен басқа да ақпаратты талап етіп алады.
3) Қажет болған жағдайда тиісті лауазымды адамдардан түсініктеме алады, мамандарды, сарапшыларды тартып, зерттеу, сараптау жүргізуді тапсырады.
4) Кеңес аппараты бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлеріне қажетті анықтама-ақпараттық материалдар және қорытынды беруді тапсырады.
5) Отырыс басталардан кем дегенде екі күн бұрын материалдардың көшірмесі Конституциялық Кеңестің мүшелеріне берілуін қамтамасыз етеді. Конституциялық Кеңес шешімінің жобасын әзірлейді. Шешімнің жобасы бойынша өздерінің ескертулерін Кеңес мүшелері баяндамашыға жазбаша түрде береді.
Конституциялық Кеңес іс жүргізуге қабылданған өтінішті қарап, өтініш түскен күннен бастап бір айдың ішінде ол бойынша қорытынды шешім шығарады. Егер мәселені кейінге қалдыруға болмайтын болса, Қазақстан Республикасы Президентінің талабы бойынша бұл мерзім он күнге дейін қысқартылады.
5. Материалдарды дайындайтын Кеңес мүшесі, материалдарды дайындау және оларды Конституциялық Кеңестің отырысында қарау барысында, тиісті ғылыми мекемелерге немесе нақты мамандарға тапсырма бере отырып, ұйғарым шығару арқылы сараптау жұмысын тағайындайды, бұл ұйғарымда сарапшыларға қойылатын сұрақтар тұжырымдалып, сараптау жұмысының қорытындысын тапсыру мерзімі белгіленеді. Ұйғарыммен бірге сарапшылардың қолына сараптама жүргізу үшін қажетті барлық құжаттар беріледі. Қарауға берілетін материалдарды дайындау кезінде Конституциялық Кеңестің мүшесі консультация беру үшін мамандар шақыруға хақылы. Маманның қорытындысы жеке құжат түрінде баяндалып, оған ол қол қояды.
6. Конституциялық іс жүргізу, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 30-бабында көзделген негіздер болған жағдайда, қорытынды шешім шығарылғанға дейін оның кез келген сатысында тоқтатылуға тиіс.
Конституциялық Кеңестің берілген өтініш бойынша конституциялық іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі, дәл осы негіздер бойынша Конституциялық Кеңеске қайтара жүгінуге мүмкіндік бермейді.
2-тарау
Өтініштерді Конституциялық Кеңестің отырыстарында қарау тәртібі
7. Конституциялық Кеңестің отырыстары осы мақсатта арнайы бөлінген, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 44-бабы 2-тармағымен сәйкес рәсімделген бөлмеде өткізіледі.
Конституциялық Кеңес құрамының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және шақырылған адамдардың орналасу тәртібін Конституциялық Кеңестің Төрағасы белгілейді.
8. Қарауға берілетін материалдар дайындалып болғаннан кейін, Конституциялық Кеңестің Төрағасы, ал Төраға болмаған жағдайда - оның міндетін атқарушы Кеңес мүшесі өз өкімімен Конституциялық Кеңес отырысының өткізілу күнін белгілейді.
Конституциялық Кеңес жабық отырыс өткізу туралы шешім қабылдағаннан басқа жағдайларда, өтініш материалдары ашық отырыста қаралады.
Кеңес Төрағасы қабылдаған шешім бойынша, Конституциялық Кеңестің отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
9. Конституциялық Кеңестің отырысы мына жағдайларда кейінге қалдырылады:
1. Өтінішті қарау үшін қажетті кворум болмағанда.
2. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың бірі, Кеңес келуі қажет деп тапқан сарапшылар, мамандар келмегенде.
3. Егер өтінішті қарау үшін айтарлықтай маңызға ие болса, талап етілген материалдар берілмегенде.
4. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың бірінің немесе оның өкілінің, тараптардың бірі ұсынған материалдарды қосымша зерделеу үшін берген өтініші бойынша.
5. Өтінішті белгіленген уақытта қарауға кедергі болатын өзге де жағдайлар туындағанда.
10. Егер, Конституциялық Кеңес қарап жатқан мәселеге тікелей жеке немесе жанама түрде мүдделі болуына байланысты, әділеттілігіне күмән келтірілуі мүмкін болса, онда Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе мүшесі бұл мәселені қараудан бас тартуға міндетті, оны Конституциялық Кеңес қанағаттандыруға тиіс.
Кеңес отырысында Конституциялық Кеңестің Төрағасы немесе мүшесі бұл мәселені қараудан бас тартатындығын мәлімдеген жағдайда, оған анықтау мақсатында сұрақтар беріледі. Бас тарту, ол жөнінде мәлімдеме жасаған адамның қатысуынсыз, кеңесу бөлмесінде қаралады. Бас тарту жөніндегі мәлімдемені қанағаттандыру немесе қабылдамау туралы шешім, жан-жақты талқылаудан соң Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Бас тарту қанағаттандырылған жағдайда, қажетті кворум болса, өтінішті қарау одан әрі жалғастырылады.
11. Конституциялық Кеңестің отырысы хаттамаға, қажет жағдайларда стенограммаға түсіріледі және ілеспе аудармамен қамтамасыз етіледі. Егер отырыста стенограммаға түсіру жүргізілген болса, онда Кеңес отырысының хаттамасы стенограмманың мәтіні негізінде жасалады. Егер отырыс кезінде дыбыс, бейне жазылып, суретке түсірілген болса, онда фонограмма, бейнетаспа, кинотаспа Кеңес отырысының хаттамасына қосып қойылады да, ол жөнінде хаттамада тиісті белгі соғылады. Отырыстың хаттамасын Конституциялық Кеңес аппараты аппараты жүргізеді. Хаттаманы жүргізетін адам, болған отырыстан кейін 7 күн ішінде хаттаманы осы іс жүргізу бойынша баяндамашыға береді. Кеңес мүшесі - баяндамашы хаттамаға бұрыштама қойып, оның шынайылылығына жеке жауап береді.
Конституциялық Кеңес отырысының хаттамаларына Конституциялық Кеңестің Төрағасы, немесе ол болмаған жағдайда, Төрағаның міндетін атқарушы Кеңес мүшесі қол қояды.
Кеңес отырысының хаттамалары мен қаулыларына өтініштердің бір күнтізбелік жыл шеңберіндегі реттік нөмірлері беріледі.
Кеңес отырысының хаттамалары тиісті конституциялық іс жүргізу материалдарына қосып қойылады.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
12. Отырыс залына келген адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Конституциялық Кеңеске, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға, олардың өкілдеріне және бір-біріне қатысты өздерін әдепті ұстауға, отырыс кезінде залда әрі-бері жүрмеуге, Кеңестің және отырысқа қатысушылардың, сарапшылардың, мамандардың атына сөз қыстырмауға, өтіп жатқан отырысты құптайтынын немесе құптамайтынын кез келген бір нысанда білдіру арқылы, қалыпты отырыс барысына қандай да болмасын араласуға жол бермеуге міндетті.
Қатысушылар Кеңес отырысының өткізілу тәртібін бұзған жағдайда, төрағалық етуші тәртіп бұзған адамға ескерту жасайды, ал екінші қайтара тәртіп бұзылған жағдайда ол адамға Конституциялық Кеңестің отырыс залынан шығып кету ұсынылады.
13. Конституциялық Кеңес өтініштерді өзінің отырысында Конституциялық Кеңес Төрағасының, ал ол болмаған жағдайда - Конституциялық Кеңес мүшелерінің ішінен Төраға тағайындаған бірінің төрағалық етуімен қарайды.
Отырысты өткізу үшін белгіленген уақытта отырыс залына Конституциялық Кеңестің мүшелері кіріп, өздерінің орындарына отырады. Төрағалық етуші Конституциялық Кеңестің отырысын өткізу үшін адам санының жеткілікті екендігіне, хаттамаға түсіру қамтамасыз етілгендігіне көз жеткізіп, отырысты ашық деп жариялайды. Содан кейін Төрағалық етуші қаралатын мәселелерді оқып шығып, отырысқа қатысуға шақырылғандардың, мамандардың, сарапшылардың бар-жоқтығы, егер жоқ болса, келмеу себебі туралы хабарлау үшін Конституциялық Кеңестің мүшесі - баяндамашыға сөз береді.
14. Төрағалық етуші конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, отырысқа қатысушылардың өтініштері бар-жоғын сұрап алып, оларды Конституциялық Кеңестің шешуіне қояды.
Өтініш субъектілері, сондай-ақ актілері мен әрекеттерінің конституциялылығы тексеріліп жатқан мемлекеттік органдардың өкілдері және лауазымды адамдар, өз еркімен не, қажет болған жағдайда, Конституциялық Кеңестің талабы бойынша, Конституциялық Кеңестің іс жүргізуге қабылданған өтініш қаралатын отырысына қатысуына болады. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың, сарапшылардың, мамандар мен өзге де шақырылған адамдардың түсініктемелері мен сөздері тыңдалады.
15. Мәселені қарау басталғанға дейін төрағалық етуші мәселенің мән-жайы бойынша өтініш субъектілерінен, олардың өкілдерінен, сарапшылардан, отырыстың басқа да қатысушыларынан, оларда қосымша материалдар талап ету және өтінішті қарауға жаңадан сарапшылар, мамандар жіберу туралы өтініш-тілектері бар-жоғын сұрайды. Мұндай өтініштер жазбаша түрде түскен жағдайда олар Кеңестің отырысында оқылып, қаралатын істің материалдарына қосып қойылады, ауызша өтініш Кеңес отырысының хаттамасына енгізіледі.
Солардың өтініші бойынша конституциялық іс қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі қабылданатын отырысы басталғанға дейін өтініштің негізін өзгертуге, оның көлемін ұлғайтуға немесе азайтуға, өтініштен бас тартуға хақылы. Конституциялық іс жүргізуге тартылған қатысушылар, өз актілерінің немесе әрекеттерінің конституциялылығы туралы дау-таласқа байланысты, өтініште мәлімделген талаптарды толығымен немесе ішінара мойындауға, не болмаса оған қарсылық білдіруге хақылы.
16. Өкілдің өкілеттігі заңға сәйкес рәсімделіп берілген сенімхатпен, немесе тиісті ұйымның осы өтініш бойынша өкілдікті жүзеге асыруға тапсырма бергендігін растайтын өзге бір құжатпен білдірілуге тиіс.
17. Әрбір мәселені қарау Конституциялық Кеңестің мүшесі - баяндамашының сөйлейтін сөзімен басталады, ол мәселенің мән-жайын, оны қараудың негізі мен себебін, қолда бар материалдардың мазмұнын баяндап береді. Конституциялық Кеңестің мүшелері оған нақтылау үшін сұрақтар беруге хақылы.
18. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және олардың өкілдері қаралып жатқан мәселенің мән-жайына байланысты өз қалауы бойынша Конституциялық Кеңестің отырысында сөз сөйлей алады. Бұл орайда, өзінің лауазымы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың мүддесін жақтайтын адамдар, сондай-ақ, егер мұндай құқық сенімхатта көрсетілген болса, Конституциялық Кеңестің отырысында сенімхат бойынша сөз сөйлейтін өкілдер, қаралып жатқан мәселе бойынша өз ұстанымын Кеңес отырысының барысында мәселені қарау нәтижесіне қарай түзетуге хақылы.
Кеңес мүшелері конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға нақтылау үшін сұрақтар қоюға хақылы. Солардың өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, және солардың актілері бойынша іс жүргізу қозғалған қатысушылар, бір-біріне сұрақ қоюы мүмкін.
19. Егер Конституциялық Кеңес, кеңесу бөлмесінде өтініштің дұрыс шешілуі үшін айтарлықтай маңызы бар жаңа мән-жайларды анықтау немесе жаңа құжаттар мен материалдарды зерделеу қажет деп тапса, материалдар қарауды қайтадан бастауы мүмкін.
20. Конституциялық Кеңестің отырысында тек өтініште мәлімделген мәселелер ғана қаралады.
Рәсімдік, ұйымдастыру-басқарушылық сипаттағы мәселелерді, материал дайындау барысында Кеңестің отырысына материал дайындаушы Конституциялық Кеңестің мүшесі, ал қажет болған жағдайда - Кеңестің Төрағасы немесе оның міндетін атқарушы Кеңес мүшесі қарайды.
3-тарау
Конституциялық Кеңестің шешім қабылдауы
21. Конституциялық Кеңес шешімді алқалы түрде өз мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен, ашық дауыс беру арқылы, ал Конституциялық Кеңестің ең болмағанда бір мүшесі талап ететін болса - жабық дауыс беру арқылы қабылдайды.
Конституциялық Кеңес мүшелерінің кеңесуі және қаралып жатқан мәселе бойынша дауыс беруі төрағалық етушінің басшылығымен кеңесу бөлмесінде өткізіледі.
Конституциялық Кеңестің мәжілісі жүріп жатқан кезде, оның отырысына қатысушы мүшелердің ешқайсысы қалыс қалуға немесе дауыс беруге қатыспауға хақылы емес.
Шешім қабылдар кезде Конституциялық Кеңес мүшелерінің даусы тепе-тең екіге бөлінген жағдайда, Конституциялық Кеңес Төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады, ол өз дауысын барлық жағдайда ең соңында береді. Конституциялық Кеңес Төрағасының өкілеттік беруі бойынша, Конституциялық Кеңестің тиісті мүшесі оның орнын басқан кезде бұл ережені қолданбайды. Бұл жағдайда Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе бастапқы дауыс беруге қатыспаған мүшесінің қатысуымен дауыс беру қайта өткізіледі.
Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімдерге алдын-ала, Төраға қол қойғанға дейін, дауыс беруге қатысқан Конституциялық Кеңес мүшелері, соның ішінде қабылданған шешіммен келіспеген мүшелер де қолдарын қояды.
22. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімімен келіспеген Конституциялық Кеңестің мүшесі өз пікірін жазбаша түрде білдіруге хақылы, ол пікір осы өтінішті қарауға қатысты материалдарға қосып қойылады.
23. Жасырын дауыс беру және оның нәтижесін анықтау үшін Конституциялық Кеңес өз құрамынан есептеу комиссиясын сайлайды.
Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді есептеу комиссиясы өзі белгілеген нысанда әзірлейді.
Жасырын дауыс берудің нәтижелері туралы есептеу комиссиясы хаттама жасап, оған комиссия мүшелері қол қояды және Кеңес оны Конституциялық Кеңестің материалдарын қарауға қатысып отырған мүшелер санының көпшілік даусымен бекітеді.
24. Қаралып отырған мәселенің мән-жайы бойынша Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытынды шешімі қаулы түрінде қабылданады.
Конституциялық Кеңестің қаулысын төрағалық етуші Конституциялық Кеңес мүшелерінің және Кеңес отырысына қатысушылардың алдында жариялайды.
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімінің мазмұны "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 37-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешім қабылдауы заңды және жеке тұлғалар үшін, Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 1 және 2-тармақтарымен, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 39-бабымен көзделген заңды салдарға әкеп соқтырады.
Қорытынды шешімде оның ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жататындығы көзделуі мүмкін.
25. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды. Басқа шешімдердің күшіне ену тәртібін Конституциялық Кеңес нақты өтініш бойынша қабылдаған құжатта белгілейді.
26. Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Кеңестің қаулысына толығымен немесе бір бөлігіне келіп түскен қарсылығы, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларсыз, қарсылық келіп түскен сәттен бастап бес күннен кешіктірілмей Конституциялық Кеңестің жабық отырысында қаралады.
Егер Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қаулыны жақтап дауыс берсе, онда қаулы расталды деп есептеледі. Сол өтініш бойынша шешімге Президент қарсылығы білдірілген өтінішті қарауға қатыспаған Кеңес мүшелері де дауыс беруге қатысуға хақылы, бұл орайда, өтініш материалдарымен танысып шығу үшін оларға екі күн берілуге тиіс.
Республика Президентінің қарсылығы Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының үштен екісінің даусымен еңсерілмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестің қаулысы қабылданбады деп есептеледі және конституциялық іс жүргізу тоқтатылады.
27. Конституциялық заңның 35-бабымен көзделген жағдайларда Кеңес Төрағасы Кеңес мүшесіне осы мәселе бойынша үш күн ішінде ұсыныс дайындауды тапсырып, ол ұсыныс Конституциялық Кеңестің отырысында қаралады.
Қосымша шешім қабылдау қажет болған жағдайда Кеңес Төрағасы Конституциялық Кеңестің отырысына материалдар дайындалуын іске асыру үшін өз өкімімен Конституциялық Кеңестің мүшесін және Конституциялық Кеңестің аталған шешімді қабылдау жөніндегі отырысы өткізілетін күнді белгілейді.
Қосымша шешім осы Регламенттің 21-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өтініші келіп түскен күннен бастап, ал Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы тәртібімен Конституциялық Кеңестің өз бастамасымен қосымша шешім қабылданатын жағдайда, іс жүргізу қозғалған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады.
Конституциялық Кеңестің қосымша шешім қабылдау жөніндегі отырысы осы Регламенттің 2-бөлімінде белгіленген тәртіппен өткізіледі.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
28. Қорытынды шешім қайта қаралған жағдайда Конституциялық Кеңестің Төрағасы Конституциялық Кеңестің отырысына материалдар дайындалуын іске асыру үшін өз өкімімен Конституциялық Кеңестің мүшесін, сондай-ақ осы мәселе бойынша жаңа отырыстың өткізілетін күнін белгілейді, оны өткізу тәртібі осы Регламенттің 2-бөлімінде айқындалады.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
29. Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері (қаулылары) қабылданғаннан кейін екі күн ішінде Конституцияның 78-бабымен көзделген субъектілерге немесе олардың өкілдеріне, сондай-ақ барлық жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті Палаталарына, Жоғарғы Сотына, Бас прокурорға, Әділет министріне жіберіледі.
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдері республикалық ресми басылымдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Жаршысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары Жинағында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Басқа шешімдер қабылданғаннан кейін бес күннен кешіктірілмей тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға жіберіледі және қажет болған жағдайда қазақ және орыс тілдерінде ресми басылымдарда жарияланады.
Конституциялық Кеңестің қосымша шешімдері Конституциялық Кеңес белгілеген тәртіппен жан-жаққа жіберіліп, жарияланады.
Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 31.03.2005 N 9-3/I Қаулысымен.
30. Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу тәртібін белгілейді. Шешімді орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Конституциялық Кеңес белгілеген мерзімде Конституциялық Кеңеске хабарлайды. Конституциялық Кеңестің шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар міндетті түрде қарап шығып, қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлауға тиіс.
Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімнің орындалуын бақылау Кеңес отырысына материалдар дайындауды іске асырған Кеңес мүшесіне, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің аппаратына жүктеледі.
Конституциялық Кеңестің аппараты Конституциялық Кеңестің Төрағасына Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы жартыжылдық және жылдық ақпараттық есеп береді.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
31. Конституциялық Кеңестің отырысында:
- Қазақстан Республикасының Президентіне елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы мәлімет беру;
- Конституциялық Кеңестің жыл сайынға жолдауын талқылау және бекіту;
- "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 14, 15-баптарына сәйкес, Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігін тоқтата тұру және тоқтату;
- Конституциялық Кеңестің Регламентін бекіту мәселелері қаралады.
Кеңестің отырысында оның Төрағасының бастамасы бойынша Конституциялық Кеңестің өзге де ұйымдық және қызметтік мәселелері қаралуы мүмкін.
32. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесінің өкілеттігін тоқтата тұру туралы мәселені тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті (Төрағаға қатысты) және Конституциялық Кеңестің Төрағасы (Конституциялық Кеңестің мүшесіне қатысты) қозғайды, бұл туралы оларға жедел түрде хабарланып, осындай мәселенің қойылуына "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 14-бабымен көзделген негіздер байқалған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, бұл мәселе Конституциялық Кеңестің қарауына енгізіледі.
Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесінің өкілеттігін тоқтата тұру туралы мәселе, өзіне қатысты мәселе қаралып жатқан адамның қатысуымен, Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан құрамда қаралады. Ол адам дәлелсіз себептермен отырысқа келмей қалған жағдайда, мәселе оның қатысуынсыз қаралады. Мәселені қарау кезінде Конституциялық Кеңес қажетті құжаттарды тексеріп, аталған мәселелерді қарауға негіз болған жағдайлар туралы куәларды тыңдайды.
Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшелерінің өкілеттігін тоқтата тұру туралы шешім Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігін тоқтату Конституциялық заңның 15-бабына сәйкес іске асырылады.
Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
33. Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауының жобасын Конституциялық Кеңестің мүшелері мен аппараттың тиісті бөлімдері дайындайды.
Конституциялық Кеңес жолдауының жобасын дайындау үшін Кеңес Төрағасының өкімімен жұмыс тобы құрылуы мүмкін.
Жолдаудың жобасын дайындау барысында Конституциялық Кеңес тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті құжаттарды және өзге де ақпаратты талап етіп алуға хақылы.
Конституциялық Кеңестің жолдауы Кеңестің отырысында бекітіліп, оған Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелері қол қояды және Қазақстан Республикасының Парламентіне жіберіледі.
Конституциялық Кеңес Төрағасының шешімімен жолдаудың мәтіні өзге де мемлекеттік органдарға жіберілуі мүмкін.
Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
33-1. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат талап еткен жағдайда Кеңес Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Кеңес мүшесіне материалдар дайындауды тапсырады.
Ақпарат жіберілерден бұрын Конституциялық Кеңестің отырысында талқыланып, бекітіледі.
Ескерту. Регламент 33-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Конституциялық Кеңесінің 08.01.2009 N 2 Қаулысымен.
34. Регламент Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Регламентке өзгерістер мен толықтырулар жоғарыда аталған тәртіппен енгізіледі.