Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 375 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 4 маусымдағы
№ 375 қаулысымен
бекітіліген

Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары 1-бөлім. Негізгі ережелер 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, арнайы емдік өнімдерді фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді есепке алу ақпараттық жүйесі – амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде рецепттер жазып беруді, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің өнім берушісінің дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды босатуын есепке алу үшін автоматтандыруға арналған денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ақпараттық жүйе;

      2) ауыспалы қалдық – өнім берушілерден бірыңғай дистрибьютордың қоймасына өткен қаржы жылдарында қабылданған, оның ішінде төмендемейтін қордан тапсырыс берушілер өткізбеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;

      3) әлеуетті өнім беруші – осы Қағидаларға сәйкес шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе);

      4) әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасы – әлеуетті өнім берушiнiң шешiмдерiн тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешімдерге, оның iшiнде шартқа немесе өзге де мәмiлеге байланысты ықпал етуге құқығы бар жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты осы әлеуетті өнім берушiнiң осындай құқығы болатын жеке немесе заңды тұлға;

      5) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды жинақтауды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері көрсететін қызметтерді сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      6) бекітілген баға – сатып алу нәтижелері бойынша айқындалған өнім беруші дәрілік затты немесе медициналық бұйымды бірыңғай дистрибьюторға беруге міндеттенетін дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның бағасы;

      7) бірлесіп орындаушы – өнім беруші фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы шартты бірлесіп орындау үшін тартатын денсаулық сақтау субъектілері;

      8) бірыңғай дистрибьютор – қызметін Кодекстің 247-бабына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асыратын заңды тұлға;

      9) бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың тізбесі (бұдан әрі – бірыңғай дистрибьютордың тізбесі) – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін мыналарды:

      дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың сипаттамаларын, отандық тауар өндірушілермен берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкіндігін;

      дәрілік заттар үшін халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын, медициналық бұйым үшін – атауын немесе құрамын;

      медициналық техника, техникалық ерекшелік және жиынтық үшін атауларын, бір бірлігі үшін және жиынтық бөлінісіндегі құнын, әрбір атауы бойынша беру мерзімдерін қамтитын бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың тізбесі;

      10) бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі – бірыңғай дистрибьютордың қызметін автоматтандыратын және дистрибуция процесінің барлық мүдделі тараптарымен электрондық құжат алмасу жүргізуге мүмкіндік беретін бірыңғай дистрибьютор айқындайтын ақпараттық жүйе;

      11) бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағы – бірыңғай дистрибьютор бекітетін, олардың сипаттамалары, өлшем бірлігі, өлшеп-оралуы, өндірушінің атауы, өндіруші елі, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалатын, бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасын ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағадан және саудалық атауына шекті бағадан аспайтын бағалар көрсетілген бірыңғай дистрибьютор сатып алған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі қамтылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың баға ұсынысы;

      12) бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өнім беру шартында көрсетілген, бірыңғай дистрибьютор сатып алатын дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың бағасына үстеме;

      13) дәрілік зат – затты не заттардың құрамасын білдіретін немесе қамтитын, адам организмімен байланысқа түсетін, адамның ауруларын емдеуге, олардың профилактикасына немесе оның физиологиялық функцияларын фармакологиялық, иммунологиялық не метаболизмдік әсер ету арқылы қалпына келтіруге, түзетуге немесе өзгертуге немесе адамның аурулары мен жай-күйінің диагностикасына арналған зат;

      14) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарты – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірыңғай дистрибьютор Қазақстан Республикасының дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндірушісімен немесе Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарттық өндіруге тапсырыс берушімен дәрілік заттар үшін тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына және қолданудың ықтимал тәуекелінің 1 және 2а қауіпсіздік сыныбының медициналық бұйымдарын (стерильдіктен басқа) қоспағанда, медициналық бұйымдар үшін сапаны басқару жүйесінің халықаралық стандартының (ISO 13485) талаптарына сәйкес өндірілген дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беруге; не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дәрілік заттарды өндірушімен дәрілік заттар үшін тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына, ал қолданудың ықтимал тәуекелінің 1 және 2а қауіпсіздік сыныбының медициналық бұйымдарын (стерильдіктен басқа) қоспағанда, медициналық бұйымдар үшін сапаны басқару жүйесінің халықаралық стандартының (ISO 13485) талаптарына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірісін немесе дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың келісімшарттық өндірісін құруға және (немесе) жаңғыртуға ниеті бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектімен он жылға дейінгі мерзімге жасасатын азаматтық-құқықтық шарт;

      15) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарттық өндіру (бұдан әрі – келісімшарттық өндіру) – дәрілік заттар үшін тиісті өндірістік практика (GMP) және медициналық бұйымдарды өндірушілер үшін сапаны басқару жүйесінің халықаралық стандарты (ISO 13485) талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің өндірістік қуаттарында келісімшарттық негізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру;

      16) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталы – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың электрондық қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін беретін ақпараттық жүйе;

      17) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын заңды тұлға;

      18) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы (бұдан әрі – сараптама ұйымы) – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік монополия субъектісі;

      19) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың төмендемейтін қоры – бұл үздіксіз дәрілік қамтамасыз ету үшін қажетті, тиісті қаржы жылына арналған бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің алдын ала есептеуінен дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың жалпы көлемінен жиырма бес процентіне дейінгі көлемде өз қаражаты есебінен бірыңғай дистрибьютор белгілейтін және жоспарлы түрде толықтыратын дәрілік заттар және медициналық бұйымдар;

      20) дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы –Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәрілік заттың атауы;

      21) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      22) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

      23) жылжымалы медициналық кешен – ауылдық жерлердің және шалғайдағы елді мекендердің халқына көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін және тізбесін кеңейтуді қамтамасыз ету үшін не қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мүддесінде пайдаланылатын, қажетті медициналық жабдықпен жарақтандырылған автомобиль көлігі базасындағы мобильді клиникалар (кабинеттер);

      24) инвестициялық жоба – тиісті өндірістік практика стандарттарына (GMP) сәйкес дәрілік заттардың және "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – "Техникалық реттеу туралы" Заң) белгіленген тәртіппен ИСО сапасын басқару жүйесінің стандарттарына сәйкес медициналық бұйымдардың жаңа өндірістерін құруға және (немесе) жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуға инвестицияларды көздейтін іс-шаралар кешені;

      25) индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті орган – индустрия және инфрақұрылымдық даму, жергілікті қамтуды, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      26) келісімшарттық өндірудің тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өндірушімен келісімшарттық өндірісі бар және онымен дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды келісімшарттық өндіруге шарт жасасқан (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) заңды тұлға;

      27) клиникалық-техникалық негіздеме – сұрау салынған медициналық техниканың қажеттілігі мен денсаулық сақтау ұйымының оны қолдануға дайындығы туралы ақпарат қамтылған құжат;

      28) Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімі – халықаралық конвенциялар негізінде нөмірленген және тиісті кестелер мен тізімге біріктірілген, Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізбесі;

      29) медициналық бұйымдар – медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника;

      30) медициналық мақсаттағы бұйымдар – функционалдық мақсатына және өндірушінің нұсқаулығына сәйкес медициналық көмек көрсету үшін пайдаланылатын материалдар, бұйымдар, ерітінділер, реагенттер, жиынтықтар, жинақтар;

      31) медициналық техника – функционалдық мақсатына және өндіруші белгілеген пайдалану сипаттамаларына сәйкес медициналық көмек көрсету үшін жеке немесе өзара үйлесімде қолданылатын аппараттар, аспаптар, жабдық, кешендер, жүйелер;

      32) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары – денсаулық сақтау саласында мемлекеттік саясатты іске асыратын, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының орындалуын қамтамасыз ететін, Кодекстің 13-бабына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;

      33) орфандық (сирек) дәрілік препарат (бұдан әрі – орфандық препарат) – жиілігі Қазақстан Республикасында ресми белгілі бір деңгейден аспайтын, орфандық (сирек) ауруларды диагностикалауға, этиопатогенетикалық немесе патогенетикалық емдеуге арналған дәрілік препарат;

      34) отандық тауар өндіруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға немесе мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын заңды тұлға:

      Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіру жөніндегі фармацевтикалық қызмет "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" Заң) сәйкес алынған фармацевтикалық қызметтер көрсетуге тиісті лицензияның негізінде жүзеге асырылады;

      тұтынуға (қолдануға) дайын дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіркеуіне (тіркеу куәлігіне) сәйкес Қазақстан Республикасында орналасқан өндірістік алаңдарда өндіріледі;

      Қазақстан Республикасының аумағында жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарына сәйкес өндірілген немесе жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған және "Техникалық реттеу туралы" Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында одан әрі айналысқа арналған дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар;

      "Техникалық реттеу туралы" Заңға сәйкес жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтарының аумағында жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған және Қазақстан Республикасының кедендік аумағының қалған бөлігіне әкетілетін дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар;

      35) өндірістік алаң – дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндірушінің дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндірудің бүкіл процесінің бір бөлігін және (немесе) оның белгілі бір кезеңдерін орындауға арналған, аумақтық жағынан оқшауланған кешені;

      36) өнім беруші – осы Қағидаларға сәйкес сатып алуды ұйымдастырушымен, тапсырыс берушімен немесе бірыңғай дистрибьютормен нысанасы дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру, фармацевтикалық қызметтер көрсету болып табылатын шарт (ұзақ мерзімді шарт, келісім, меморандум, өзге де мәміле) жасасқан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда);

      37) беру шарты – осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес бір тараптан бірыңғай дистрибьютор, сатып алуды ұйымдастырушы немесе тапсырыс беруші және екінші тараптан өнім беруші арасында дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуға жасалған, тараптар веб-порталда немесе бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесінде қол қойған және тараптардың электрондық цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылған шарт (ұзақ мерзімді шарт, келісім, меморандум, өзге де мәміле);

      38) фармацевтикалық көрсетілетін қызметке ақы төлеу – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтер үшін іс жүзіндегі шығындарын өтеу;

      39) өтінім – сатып алу туралы хабарландыру немесе шақыру талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес өнім беруші болып танылу мақсатында сатып алуға қатысуға ұсыныс;

      40) сараптамалық бағалау – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамалары мен клиникалық-техникалық негіздемесін сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асыратын бағалау;

      41) сарапшы – тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы не бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілер ұсынатын дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар сипаттамасының немесе техникалық ерекшелігінің бірыңғай дистрибьютордың тізіміне немесе сатып алынатын медициналық техниканың техникалық ерекшеліктері мен осы Қағидаларда белгіленген оларға қойылатын талаптарға сәйкес келуіне қатысты сараптамалық қорытынды беру үшін өтеусіз негізде тартатын арнаулы және (немесе) техникалық білімі, өткізілетін сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталған тәжірибесі мен біліктілігі бар жеке тұлға;

      42) сатып алу – тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының және бірыңғай дистрибьютордың осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен және тәсілдермен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуы;

      43) сатып алу шарты – осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тараптар қол қойған немесе бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған және тараптардың электрондық цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылған дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуға бірыңғай дистрибьютор мен тапсырыс беруші арасында жасалған шарт;

      44) сатып алу шарты – осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тараптар қол қойған немесе тараптардың электрондық цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылған дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуға тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында жасалған шарт;

      45) сатып алуды ұйымдастырушы – осы Қағидаларда көзделген тәсілдермен сатып алуды ұйымдастыратын және сатып алу қорытындысын тапсырыс берушіге сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге шарт жасасу үшін тапсырыс беруші айқындаған адам;

      46) сатып алудың үш жақты шарты – медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шарты шеңберінде бірыңғай дистрибьютор, тапсырыс беруші және өнім беруші арасында жасалатын шарт;

      47) тапсырыс берушілер – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер, ведомстволық бөлімшелер (ұйымдар), сондай-ақ медициналық қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау субъектілері;

      48) тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың үлестес тұлғасы – тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютордың шешімдерін тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) олар қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде шартқа байланысты ықпал етуге мүмкіндігі бар тұлға (берілген өкілдіктер шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ өзіне қатысты тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютордың осындай құқығы болатын кез келген тұлға;

      49) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына шекті баға (бұдан әрі – саудалық атауға шекті баға) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бағасы одан жоғары болса сатып алу жүргізілмейтін дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына арналған баға;

      50) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына шекті баға (бұдан әрі – халықаралық патенттелмеген атауға шекті баға) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бағасы одан жоғары болса, сатып алу жүргізілмейтін дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына арналған баға;

      51) тендер – осы Қағидаларға сәйкес жеңімпазды анықтауға бағытталған әлеуетті өнім берушілер арасында сатып алу тәсілі;

      52) фармацевтикалық көрсетілетін қызмет – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды, тасымалдауды, сақтауды, есепке алуды және өткізуді қоса алғанда, халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етумен байланысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілердің қызметі;

      53) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің өнім берушісі – осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен және тәсілдермен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органымен немесе бірыңғай дистрибьютормен жасалған шарт негізінде рецепттер бойынша халықты дәрілік заттармен және (немесе) медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау субъектісі;

      54) фармацевтикалық қызмет – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру және (немесе) дайындау және (немесе) көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алумен (иеленумен), сақтаумен, әкелумен, әкетумен, тасымалдаумен, сапасын бақылаумен, ресімдеумен, бөлумен, пайдаланумен және жоюмен, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етумен байланысты қызмет;

      55) фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы шарт – осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тараптар қол қойған немесе тараптардың электрондық цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылған сатып алуға тапсырыс беруші мен фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілер арасында жасалған шарт;

      56) халықаралық фармацевтикалық ұйымдар – шетелдік тауар өндірушілердің көтерме жеңілдіктері есебінен дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өңірлік (мемлекеттер деңгейінде) көтерме саудада жеткізуді жүзеге асыратын халықаралық фармацевтикалық нарықтағы ұйымдар;

      57) шетелдік тауар өндіруші – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұтынуға (қолдануға) дайын дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіруді немесе қайта өңдеуді жүзеге асыратын және оларды экспорттаушы елдегі құзыретті органдар берген шығу тегі туралы сертификаттармен расталған, шет мемлекеттің аумағында құрылған және Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын шетелдік заңды тұлға;

      58) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      59) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      60) DDP ИНКОТЕРМС 2010 – тауар тапсырыс берушіге шартта көрсетілген межелі орнына барлық кеден баждары мен тәуекелдерінен тазартылып жеткізілген кезде Халықаралық тауар палатасы әзірлеген және айқындаған халықаралық сатып алу-сату шарттарының стандартты талаптарының халықаралық сауда термині.

2-тарау. Сатып алуға байланысты қағидаттар, тәсілдер мен шектеулер

      3. Сатып алу мынадай қағидаттар сақтала отырып өткізіледі:

      1) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      2) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

      3) сатып алу процесінің жариялылығы мен ашықтығы;

      4) отандық тауар өндірушілерді қолдау.

      4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үшін бөлінетін бюджет қаражатын оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган берген қорытындының (рұқсат беру құжатының) негізінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, сатып алу денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген халықаралық патенттелмеген атауға шекті бағадан, сондай-ақ саудалық атауға шекті бағадан аспайтын бағамен жүргізіледі.

      5. Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы:

      1) тендер;

      2) баға ұсыныстарын сұрату;

      3) бір көзден алу;

      4) осы Қағидаларда көзделген жағдайларда бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу тәсілдерінің бірімен жүзеге асырады.

      6. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде арнайы емдік өнімдерді сатып алуды тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      7. Бірыңғай дистрибьютор сатып алуды:

      1) тендер;

      2) бір көзден алу;

      3) шетелдік тауар өндірушілерде, халықаралық фармацевтикалық ұйымдарда және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдар арқылы, сондай-ақ халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды отандық тауар өндірушілерден сатып алу тәсілдерінің бірімен жүзеге асырады.

      8. Тендер өтпеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 13 немесе 14-тарауларында көзделген тәсілдермен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

      9. Жұмыскерлер, сондай-ақ тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай оператордың үлестес тұлғалары осы Қағидаларда реттелетін сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім берушілер ретінде қатыса алмайды.

      10. Әлеуетті өнім беруші және оның үлестес тұлғасы бір лот бойынша конкурстың қатысушысы бола алмайды.

      11. Әлеуетті өнім беруші, егер:

      1) әлеуетті өнім берушінің бірінші басшыларының және (немесе) әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін сатып алуда тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың өкілі болып табылса;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына не Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім беруші мемлекетінің заңнамасына сәйкес әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің қаржы-шаруашылық қызметі тоқтатыла тұрса, сатып алуға қатыспайды.

      12. Егер әлеуетті өнім беруші:

      1) тендерлік комиссия (комиссиялар) қабылдайтын шешімдерге тікелей және (немесе) жанама түрде шешім қабылдауға және (немесе) ықпал етуге құқығы бар тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың өкілдерімен;

      2) тендерлік комиссия (комиссиялар) мүшелерімен;

      3) тендерлік комиссия (комиссиялар) хатшысымен үлестес болса, әлеуетті өнім беруші осы Қағидалармен реттелетін сатып алуға қатыспайды, ал оның сатып алуға қатысуға өтінімі қабылданбауға тиіс.

      13. Фармацевтикалық қызметтерді көрсету үшін әлеуетті өнім берушінің бірлесіп орындаушыны тартуына жол беріледі. Әлеуетті өнім беруші бірлесіп орындаушының біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы ақпаратты техникалық ерекшелікте көрсетеді.

3-тарау. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

      14. Сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім беруші мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келеді:

      1) құқық қабілеттілігі (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекет ету қабілеттілігі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);

      2) тиісті фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға құқық қабілеттілігі;

      3) тендерлік комиссияның (комиссиялардың) мүшелерімен және хатшысымен, сондай-ақ тікелей және (немесе) жанама түрде шешім қабылдауға және (немесе) тендерлік комиссия (комиссиялар) қабылдайтын шешімдерге ықпал етуге құқығы бар тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың өкілдерімен үлестес болмауы;

      4) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары және (немесе) жарналары бойынша берешегінің болмауы;

      5) банкроттық не таратылу рәсіміне жатпауы.

      Осы тармақтың талаптары шетелдік тауар өндірушілерден, халықаралық фармацевтикалық ұйымдардан және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдар арқылы сатып алуды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.

      15. Сатып алу кезінде осы Қағидаларда көзделмеген талаптар қойылмайды.

      16. Әлеуетті өнім беруші хабарландыру немесе сатып алуға шақыру шарттары бойынша оның жиынтықтылығы талап етілетін жағдайды қоспағанда, бір лот бойынша сатып алу шеңберінде дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның бір саудалық атауын ұсынады.

      17. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар адамдарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне кіретін, бірақ бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне кірмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар үшін;

      2) балаларды қамтамасыз ету мақсатында медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдері туралы нұсқамасы бар дәрілік затты сатып алған жағдайда;

      3) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының шешімі негізінде пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайда фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

4-тарау. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қойылатын талаптар

      18. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін сатып алынатын және босатылатын, оның ішінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде дәрілік заттарға және медициналық бұйымдарға мынадай талаптар қойылады:

      1) Кодекстің ережелеріне сәйкес және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен дәріханаларда дайындалған дәрілік препараттарды, орфандық препараттардың тізбесіне енгізілген орфандық препараттарды, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар құрамына кіретін және дербес бұйым немесе құрылғы ретінде пайдаланылмайтын жиынтықты қоспағанда, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеудің болуы арнайы көлік құралындағы медициналық техниканы сатып алған жағдайда Қазақстан Республикасында бірыңғай жылжымалы медициналық кешен ретінде мемлекеттік тіркеу.

      Жиынтықтаушы медициналық техниканы (жеткізу жиынтығын) тіркеу қажеттілігінің болмауы сараптама ұйымының немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның хатымен расталады;

      2) сипаттаманың немесе техникалық ерекшеліктің хабарландыру немесе сатып алуға шақыру шарттарына сәйкестігі.

      Бұл ретте медициналық техниканың ұсынылатын функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларының техникалық ерекшелік талаптарын арттыруға рұқсат етіледі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасын, хабарландырудағы немесе сатып алуға шақырудағы бағаны ескере отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) сауда атауы (бар болса) бойынша шекті бағаларды көтермеу;

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау қағидаларына сәйкес олардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын сақтауды қамтамасыз ететін жағдайларда сақтау және тасымалдау;

      5) Қазақстан Республикасына тіркелмеген дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды әкелу жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таңбалаудың, тұтыну қаптамасының және қолдану жөніндегі нұсқаулықтың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкестігі;

      6) тапсырыс берушіге өнім берушінің беру күніне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімі:

      қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде елу пайызын (жарамдылық мерзімі екі жылдан аз болса);

      қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде он екі айын (жарамдылық мерзімі екі жыл және одан көп болса) құрайды;

      7) бірыңғай дистрибьюторға өнім берушінің беру күніне сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімі:

      сатып алу жүргізілетін алдағы жылдың қараша, желтоқсан және басталған қаржы жылының қаңтар кезеңінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізген кезде қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде алпыс пайызын (жарамдылық мерзімі екі жылдан аз болса) және қаржы жылы ішінде келесі беру кезінде кемінде елу пайызын;

      сатып алу жүргізілетін алдыңғы жылдың қараша, желтоқсан және басталған қаржы жылының қаңтар кезеңінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізген кезде қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде он төрт айын (жарамдылық мерзімі екі жыл және одан көп болса) және қаржы жылы ішінде келесі беру кезінде кемінде он екі айын құрайды;

      8) жұмылдыру резерві аясында жеткізілетін, сондай-ақ осы тармақтың 9) тармақшасында көрсетілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, тапсырыс берушіге бірыңғай дистрибьютордың беру күніне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімі:

      қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде отыз пайызын (жарамдылық мерзімі екі жылдан аз болса);

      қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде сегіз айын (жарамдылық мерзімі екі жыл және одан көп болса) құрайды;

      9) тапсырыс берушіге бірыңғай дистрибьютордың беру күніне вакциналардың жарамдылық мерзімі:

      қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде қырық пайызын (жарамдылық мерзімі екі жылдан аз болса);

      қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімінің кемінде он айын (жарамдылық мерзімі екі жыл және одан көп болса) құрайды;

      10) жарамдылық мерзімі өткенге дейін мақсаты бойынша пайдалану үшін тапсырыс берушіге ұсынылатын бірыңғай дистрибьютордың дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының ауыспалы қалдықтары үшін осы тармақтың 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген жарамдылық мерзімінен аз құрайды;

      11) медициналық техниканың жаңалығы, оның пайдаланылмағандығы және жеткізу сәтіне дейінгі жиырма төрт ай кезеңінде өндірілуі;

      12) Қазақстан Республикасының өлшем бірлігі туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының өлшем бірлігі мемлекеттік жүйесінің тізіліміне өлшеу құралдарына жататын медициналық техниканы енгізу.

      Медициналық техниканы Қазақстан Республикасының өлшем бірлігі мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізу қажеттілігінің болмауы Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес расталады;

      13) берудің санын, сапасын және мерзімдерін немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуде шарт талаптарын сақтау.

      19. Осы Қағидалардың 18-тармағының 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген талаптарды өнім беруші жеткізу немесе сатып алу шартын орындау кезінде растайды.

      20. Тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға осы Қағидаларда көзделмеген талаптарды белгілемейді.

5-тарау. Отандық тауар өндірушілерді және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілерін қолдау

      21. Егер лот бойынша сатып алуға отандық тауар өндіруші және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушісі болып табылатын, хабарландыру немесе сатып алуға шақыру талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін өтінімді ұсынған бір әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады, ал басқа әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды.

      22. Егер лот бойынша сатып алуға өтінімдері хабарландыру немесе сатып алуға шақыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін отандық тауар өндірушілер және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілері болып табылатын екі және одан да көп әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда, онда олардың арасындағы жеңімпаз ең төмен баға бойынша айқындалады, ал басқа әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды.

      23. Егер отандық тауар өндірушімен ұзақ мерзімді шарт жасасу мүмкіндігі көзделетін тендерге хабарландыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін бір өтінім берілсе, онымен өнім берудің ұзақ мерзімді шарты жасалады.

      24. Сатып алуды өткізу кезінде әлеуетті өнім берушінің отандық тауар өндіруші мәртебесі мынадай құжаттармен расталады:

      1) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіру бойынша фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған лицензия;

      2) Кодекстің ережелеріне сәйкес және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілген, өндіруші ретінде отандық тауар өндіруші көрсетілген дәрілік затқа немесе медициналық бұйымға арналған тіркеу куәлігі.

      Шарт немесе берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісім жасалған кезде отандық тауар өндіруші жеткізілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға "СТ KZ" ішкі айналыс үшін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың шығу тегі туралы сертификатты ұсынады.

      25. Әлеуетті өнім беруші Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өндірушісінің мәртебесі мынадай құжаттармен расталады:

      1) дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіру жөніндегі фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған лицензия;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың тіркеу және сараптама қағидаларына сәйкес келетін тіркеу куәлігі (Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2016 жылғы 3 қарашадағы № 78 және 2016 жылғы 12 ақпандағы № 46 шешімдеріне сәйкес).

6-тарау. Кәсіпкерлік бастаманы қолдау

      26. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шарттар жасау артықшылығына Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес объектінің:

      1) дәрілік заттарды сатып алу және дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу кезінде тиісті өндірістік практика (GMP);

      2) дәрілік заттарды және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде тиісті дистрибьюторлық практика (GDP);

      3) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде тиісті дәріханалық практика (GPP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификат алған әлеуетті өнім берушілер ие болады.

      27. Сатып алу шартын немесе өнім беру шартын жасауға артықшылық алу үшін өтінімге:

      1) отандық тауар өндірушілер дәрілік заттарды сатып алу және дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасау кезінде объекті мен өндірістің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес алынған тиісті өндірістік практикасының (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты қоса береді;

      2) әлеуетті өнім берушілер дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес алынған объектінің тиісті дистрибьюторлық практикаға сәйкестігі (GDP) сертификатын қоса береді;

      3) әлеуетті өнім берушілер және (немесе) олардың бірлесіп орындаушылары фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде объектінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес алынған тиісті дәріханалық практикаға сәйкестігі (GPP) сертификатын қоса береді.

      28. Егер лот бойынша сатып алуға хабарландыру немесе сатып алуға шақыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін өтінімді және тиісті өндірістік практика (GMР) немесе тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификат ұсынған бір ғана әлеуетті өнім беруші қатысса, осындай әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады, ал басқа әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды.

      29. Егер лот бойынша сатып алуға хабарландыру немесе сатып алуға шақыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін тендерлік өтінімдер және тиісті өндірістік практика GMР немесе тиісті дистрибьюторлық практика GDP талаптарына сәйкестігі туралы сертификат ұсынған екі және одан көп әлеуетті өнім беруші қатысса, олардың арасында жеңімпаз ең төменгі баға бойынша анықталады, ал басқа әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды.

      Егер лот бойынша сатып алуға дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінің деректеріне толығымен және дәл сәйкес келетін тіркеу куәлігін немесе дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды Қазақстан Республикасына әкелуге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган рұқсатының (қорытындысының) нөмірін ұсынған екі және одан да көп әлеуетті өнім беруші қатысса, басым құқық дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінің деректеріне толығымен және дәл сәйкес келетін тіркеу куәлігін ұсынған әлеуетті өнім берушілерге беріледі, бұл ретте олардың арасындағы жеңімпаз ең төмен баға бойынша айқындалады, ал басқа әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері автоматты түрде қабылданбайды.

2-бөлім. Тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

7-тарау. Сатып алуды ұйымдастырушыны айқындау тәртібі

      30. Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы және тапсырыс беруші бір тұлға болған жағдайды қоспағанда, тапсырыс беруші шешім қабылдау жолымен сатып алуды ұйымдастырушыны, сондай-ақ алдағы болатын сатып алуда олардың мүдделерін білдіретін тапсырыс берушінің лауазымды адамын айқындайды.

      31. Дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорын өзімен үлестес тұлғалар үшін сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет ете алады.

8-тарау. Тендер өткізу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі 1-параграф. Тендерді ұйымдастыру

      32. Тапсырыс берушілер немесе сатып алуды ұйымдастырушылар тендерді осы Қағидалардың осы тарауының нормаларына сәйкес өткізеді.

      Тендер өткізу тәсілімен дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендерлік өтінімдерді қабылдау аяқталатын күннен кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын, қайталама тендер кезінде кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына орналастыру жолымен әлеуетті өнім берушілерді хабардар етеді.

      33. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалған тендер өткізу тәсілімен дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды өткізу туралы хабарландыру тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына немесе веб-порталына орналастырылады, онда мынадай ақпарат қамтылады:

      1) тапсырыс берушінің немесе ұйымдастырушының атауы және мекенжайы;

      2) сатып алынатын фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің атаулары, сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атаулары, саудалық атаулары – пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайда, сатып алу көлемі, беру орны, әрбір лот бойынша сатып алу үшін бөлінген сомалар;

      3) беру мерзімдері мен талаптары;

      4) тендерлік құжаттаманы беру тәртібі мен көзі;

      5) құжаттарды ұсыну (қабылдау) орны мен тендерлік өтінімдерді берудің соңғы мерзімі;

      6) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты мен орны.

      34. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендер өткізу үшін тендерлік комиссия құрады. Әрбір тендерге бөлек комиссия құрамы бекітіледі.

      35. Тендерлік комиссияның құрамына тендерлік комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары және мүшелері кіреді. Тендерлік комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және кемінде үш адам болуға тиіс.

      36. Тендерлік комиссия оны құру туралы шешім күшіне енген күннен бастап жұмыс істейді және өз қызметін сатып алу шарты жасалған не тендер өткізілмеді деп танылған күні не сатып алу шарты жасалғанға дейін сатып алу өткізу кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайларда қорытындылардың күші жойылғанда тоқтатады.

      37. Тендерлік комиссияның құрамына тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшылары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ бейінді құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен мамандары кіреді.

      38. Тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысы немесе басшының орынбасары тендерлік комиссияның төрағасы болып айқындалады, ол комиссия қызметіне басшылық етеді, жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерін іске асыру үшін жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары жүзеге асырады.

      39. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы басшысының бұйрығымен тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының қызметкерлері қатарынан тендерлік комиссияның хатшысы тағайындалады, ол комиссияның құрамына кірмейді және дауыс беру құқығы болмайды.

      40. Тендерлік комиссияның хатшысы әлеуетті өнім берушілерге тендерлік құжаттаманы ұсынады, олардан тендерлік өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды, тендерлік комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды және басқа да қажетті материалдарды дайындайды, тендерлік комиссия отырысының хаттамасын жасайды, тендерлік өтінімдерді тіркеу журналын жүргізеді, онда оларды ұсыну күні мен уақыты, тендерлік өтінім салынған конвертті ұсынған адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі. Журнал тігіледі, беттері нөмірленеді, соңғы беті тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының уәкілетті адамының қолтаңбасымен куәландырылады.

      41. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы арнайы білімді және (немесе) техникалық білімді талап ететін мәселелер бойынша бейінді мамандықтары бар сарапшыны немесе сарапшыларды тартады.

      42. Сарапшы комиссия шешім қабылдағанға дейін әлеуетті өнім берушілер ұсынып отырған дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сатып алынатын дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарға, тендерлік құжаттаманың ережелеріне сәйкестігіне дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың техникалық ерекшелігі (сипаттамасы) бойынша сараптамалық қорытынды береді.

      43. Сарапшы тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге қатыспайды. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, оған сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.

      44. Сараптамалық қорытындыны комиссия тендерлік өтінімдерді бағалау және салыстырып тексеру, жеңімпазды айқындау кезінде қарайды.

      45. Тендерлік комиссияның отырысы оның жалпы санынан кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі. Тендерлік комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санынан қарапайым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда тендерлік комиссия төрағасы, ал ол болмаған кезде тендерлік комиссия төрағасының орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      46. Тендерлік комиссияның қандай да бір мүшесі болмаған жағдайда отырыс хаттамасында оның болмау себебі және осы фактіні растайтын актіге сілтеме көрсетіледі.

      47. Егер тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу жөніндегі тендерлік комиссияның отырысы кворумның болмауы себебінен белгіленген күні және уақытта өткізілмесе, тендерлік комиссияның хатшысы тендерге ұсынылған тендерлік өтінімдер салынған конверттердің сақталуын қамтамасыз етеді және тендерлік комиссияның өткізілмеген отырысы күнінен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленетін конверттерді ашудың жаңа күні мен уақыты туралы хабарлайды.

      Бұл ретте қайта берілген тендерлік өтінімдер салынған конверттер қабылданбайды.

      48. Егер белгіленген уақытта тендерлік комиссия мүшелерінің қажетті саны қамтамасыз етілмесе, онда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендерлік комиссияның өткізілмеген отырысы күнінен кейінгі үш жұмыс күні ішінде тендерлік комиссияның құрамына өзгерістер енгізеді.

      49. Тендерлік комиссия отырысының хаттамасына оның барлық мүшелері, тендерлік комиссияның төрағасы, оның орынбасары мен комиссия хатшысы қол қояды және әр парағына қолбелгі қояды.

      50. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы осы Қағидаларға сәйкес дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған тендерлік құжаттаманы бекітеді, ол оның интернет-ресурсына орналастырылады және мыналарды қамтиды (сатып алу нысанасына қарай):

      1) әлеуетті өнім беруші өзінің осы Қағидалардың 3-тарауының талаптарына және сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың 4-тарауына сәйкестігін растау үшін ұсынуға тиіс тендерлік құжаттаманың құрамы, құжаттар тізбесі;

      2) техникалық ерекшеліктерді қоса алғанда, сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің техникалық және сапалық сипаттамалары;

      3) сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің көлемі және әрбір лот бойынша оларды сатып алу үшін бөлінген сомалар;

      4) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды беру немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету орны, мерзімі мен басқа да шарттары;

      5) төлем шарттары және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарттың жобасы;

      6) тендерлік өтінімнің, сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарттың тіліне қойылатын талаптар;

      7) тендерлік өтінімді ресімдеуге қойылатын талаптар;

      8) тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу тәртібі, нысаны мен мерзімдері;

      9) тендерлік өтінімді кері қайтарып алу мүмкіндігі мен тәртібін көрсету;

      10) тендерлік өтінімдерді қабылдау орны мен соңғы мерзімі және олардың қолданылу мерзімі;

      11) әлеуетті өнім берушілердің тендерлік құжаттаманың мазмұны қажет болған кезде олармен кездесу өткізу тәртібі бойынша түсініктеме алу үшін жүгіну нысандары;

      12) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні, уақыты мен рәсімі;

      13) тендерлік өтінімдерді қарау рәсімі;

      14) әлеуетті өнім берушілерге – отандық тауар өндірушілерге Қағидаларда айқындалған қолдау көрсету шарттары;

      15) сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу шарттары, нысаны, көлемі мен тәсілі;

      16) дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы, сондай-ақ әрбір лот бойынша техникалық сипаттамалары және халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағалары және (немесе) саудалық атауына шекті бағалары көрсетілген тегін және (немесе) жеңілдікті негізде босатылатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесі және саны (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде).

      Пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайда тапсырыс берушінің дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы негізінде саудалық атауы, сондай-ақ әрбір лот бойынша техникалық сипаттамасы мен халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағалары және (немесе) саудалық атауына шекті бағалары көрсетілген, тегін және (немесе) жеңілдікті негізде босатылатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесі және саны (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде);

      17) медициналық техниканың тізбесі мен саны;

      18) әрбір лот бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың денсаулық сақтау басқармалары айқындаған фармацевтикалық қызмет көрсетілуге тиіс елді мекендердің тізбесі (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде);

      19) осы Қағидалардың 3-тарауында белгіленген фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілеріне, сондай-ақ олардың бірлесіп орындаушыларына қойылатын талаптар (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде).

      51. Тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының біртекті дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды оларды беру орны бойынша лоттарға, ал біртекті дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бірнеше түрін сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және (немесе) беру орны бойынша лоттарға бөлуіне жол беріледі.

      Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде сатып алуды оларды көрсету орны бойынша лоттарға бөледі.

      52. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде тапсырыс берушіге, сатып алуды ұйымдастырушыға тендерлік құжаттама бойынша түсініктеме беруге жүгінеді, оларға тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сұрау салу авторын көрсетпей түсініктеме береді, ол сұрау салу келіп түскен күнге тендерлік құжаттама алған барлық әлеуетті өнім берушілерге жіберіледі.

      53. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмейтін мерзімге тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы қажеттілік болған кезде өз бастамасымен немесе әлеуетті өнім берушілердің сұрау салуларына жауап ретінде тендерлік құжаттамаға өзгерістер енгізеді, бұл туралы тендерлік өтінімдер ұсынған немесе тендерлік құжаттаманы алған барлық әлеуетті өнім берушілерге дереу хабарланады. Бұл ретте тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі кемінде күнтізбелік бес күнге ұзартылады.

      54. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы қажет болған кезде тендерлік құжаттамада айқындалған жерде және уақытта тендер шарттарын түсіндіру үшін әлеуетті өнім берушілермен кездесу өткізеді, бұл туралы кездесудің барысы және мазмұны туралы мәліметтер қамтылатын хаттама жасалады, ол тендерлік өтінімдер ұсынған немесе тендерлік құжаттама алған барлық әлеуетті өнім берушілерге жіберіледі.

2-параграф. Тендерлік өтінімдердің қолданылу мерзімі, мазмұны, оларды ұсыну және кері қайтарып алу

      55. Тендерге қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін тендерлік құжаттама ережелеріне сәйкес жасалған тендерлік өтінімді жабық күйінде тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынады.

      56. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен тендерлік өтінім ашылмайды және әлеуетті өнім берушіге қайтарылады.

      57. Тендерлік өтінім негізгі бөліктен, техникалық бөліктен және кепілдікті қамтамасыз етуден тұрады.

      Бірлесіп орындаушы тартылған жағдайда әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімге, сондай-ақ осы Қағидалардың 58-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса береді.

      58. Тендерлік өтінімнің негізгі бөлігі мыналарды қамтиды:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға арналған өтінім. Электрондық жеткізгіште денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізімдемесі ұсынылады;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі немесе хабарландыру күнінен кейінгі қолданыстағы акция ұстаушылардың тізілімінен үзінді ұсынылады);

      4) заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін, тиісті мемлекеттік орган берген құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      5) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның көшірмелері не электрондық құжат түрінде, олар туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның, медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалардың нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;

      6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес мерзімде "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы арқылы алынған, есепке алу мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;

      7) мынадай:

      объектінің және өндірістің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы;

      объектінің тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкестігі туралы;

      объектінің тиісті дәріханалық практика (GРP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттарының көшірмелері (бар болса);

      8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша баға ұсынысы;

      9) тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізуді растайтын құжаттың түпнұсқасы.

      59. Тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі мыналарды қамтиды:

      1) мәлімделген дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің нақты техникалық сипаттамалары көрсетілген қағаз жеткізгіштегі техникалық ерекшелік (медициналық техниканы мәлімдеген кезде, сондай-ақ docх форматында электрондық жеткізгіште де);

      2) дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу туралы құжаттың немесе Қазақстан Республикасына әкелуге және қолдануға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қорытындысының (рұқсатының) көшірмесі.

      Тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген және өндірілген дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы әкелінгенін, оны әлеуетті өнім берушінің кіріске алғанын растайтын құжаттың көшірмелері; отандық тауар өндірушінің өндіруі, заңнамада белгіленген тәртіппен берілген қауіпсіздік туралы қорытынды ұсынылады;

      3) қажет болған жағдайда, егер әлеуетті өнім беруші тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) немесе тиісті өндірістік практика (GMP) немесе тиісті дәріханалық практика (GPP) сертификатын ұсынбаса, өтінімдер салынған конверттерді ашу күніне дейін бір және одан аз жыл бұрын берілген "салқындату тізбегінің" бар екендігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау актісінің көшірмесі.

      60. Әлеуетті өнім беруші тендерлік өтініммен бірге дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан бір пайыз мөлшерде кепілдікті қамтамасыз етуді енгізеді.

      61. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету (бұдан әрі – кепілдікті қамтамасыз ету) мынадай:

      1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банк кепілдігі түрінде ұсынылады.

      62. Кепілдікті қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушіге бес жұмыс күні ішінде мынадай:

      1) тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін әлеуетті өнім беруші оны кері қайтарып алған;

      2) тендерлік құжаттаманың ережелеріне сәйкес келмеу негіздемесі бойынша тендерлік өтінім қабылданбаған;

      3) басқа әлеуетті өнім беруші тендердің жеңімпазы деп танылған;

      4) сатып алу рәсімдері тендердің жеңімпазын айқындамай тоқтатылған;

      5) сатып алу шарты күшіне енген және тендер жеңімпазы сатып алу шартын орындауды кепілдікті қамтамасыз етуді енгізген жағдайларда қайтарылады.

      63. Кепілдікті қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушіге, егер:

      1) ол тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімді кері қайтарып алса немесе өзгертсе;

      2) тендердің жеңімпазы деп танылғаннан кейін жеңімпаз сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарт жасаудан жалтарса;

      3) ол жеңімпаз деп танылса және сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізбесе не уақтылы енгізбесе, қайтарылмайды.

      64. Әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін оны жазбаша нысанда кері қайтарып алады.

      65. Тендерлік өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімдерге өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      66. Тендерлік өтінім басылып шығарылады не өшірілмейтін сиямен жазылады, тігілген және нөмірленген түрде ұсынылады, соңғы беті әлеуетті өнім беруші өкілінің қолтаңбасымен бекітіледі.

      Грамматикалық немесе арифметикалық қателерді түзету қажет болатын жағдайларды қоспағанда, тендерлік өтінімнің мәтініне жолдар арасына қосымша жазулар, сөздерді өшіруге немесе толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      Техникалық ерекшелік тігілген және нөмірленген түрде ұсынылады, соңғы беті әлеуетті өнім беруші өкілінің қолтаңбасымен бекітіледі.

      Тендерлік өтінімнің техникалық ерекшелігі және сатып алуды кепілдікті қамтамасыз етудің түпнұсқасы тендерлік өтінімге бөлек қоса беріледі және тендерлік өтініммен бір конвертке салынып жабылады.

      Конвертте әлеуетті өнім берушінің атауы мен заңды мекенжайы қамтылады, ол тендерлік құжаттамада көрсетілген мекенжай бойынша тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға жіберілуге тиіс және "_______ (тендердің атауы көрсетіледі) сатып алу жөніндегі тендер" және "_______ (тендерлік құжаттамада көрсетілген конверттерді ашу күні мен уақыты көрсетіледі) дейін ашпаңыз" деген сөздер қамтылады.

3-параграф. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу

      67. Тендерлік өтінімдерді қабылдауды аяқтау мен тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашудың басталуы арасындағы уақыттың ұзақтығы екі сағаттан аспайды.

      68. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді тендерлік комиссия тендерлік құжаттамада айқындалған уақытта және орында аудио және видео тіркеуді қолдана отырып ашады.

      Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсіміне әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері қатыса алады.

      Тендерлік комиссияның хатшысы конверттерді аша отырып, тендерлік өтінімдер келіп түскен әлеуетті өнім берушілердің атауы мен мекенжайын, әрбір лот бойынша мәлімделген бағаларды, беру мен ақы төлеу шарттарын, тендерлік өтінімдерді кері қайтарып алу тәртібін, тендерлік өтінімді құрайтын құжаттар туралы ақпаратты хабарлайды және осы мәліметтерді конверттерді ашу хаттамасына енгізеді.

4-параграф. Тендерлік өтінімдерді бағалау және салыстыру

      69. Тендерлік комиссия тендерлік өтінімдерді бағалау мен салыстыруды жүзеге асырады.

      Әлеуетті өнім берушілердің банкроттық не тарату рәсімдеріне қатыстылығы бөлігінде олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау мақсатында конкурстық комиссия банкроттық немесе тарату рәсімдерінің жүргізілуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылған ақпаратты қарайды.

      70. Тендерлік комиссия мынадай:

      1) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету ұсынылмаған;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама ұсынылмаған;

      3) жарғының көшірмесі немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе акция ұстаушыларының тізілімінен үзінді немесе осы Қағидаларда көзделген жағдайларда құрылтай шарты ұсынылмаған;

      4) тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлғаны құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылмаған (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлға үшін);

      5), "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған, мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның көшірмелері электрондық құжат түрінде не ұсынылмаған не "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның, медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылмаған;

      6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдың ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы арқылы алынған, мемлекеттік кірістер органдарында есебі жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер ұсынылмаған;

      7) тиісті мемлекеттік кірістер органының мәліметтерінде бюджетке берешегі, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары және (немесе) жарналары бойынша берешек (олар бойынша төлем мерзімдері өзгертілген, берешектің жалпы сомасында көрсетілмеген сомаларды қоспағанда) туралы ақпарат болған;

      8) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес техникалық ерекшелік ұсынылмаған;

      9) әлеуетті өнім беруші тендерлік құжаттаманың және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін техникалық ерекшелікті ұсынған;

      10) біліктілік талаптары және осы Қағидалар шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдар мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар бойынша дәйексіз ақпарат ұсыну фактісі анықталған;

      11) банкроттық не тарату рәсіміне қатыстылығы;

      12) ұсынылған дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға сәйкестігін растайын құжаттар ұсынылмаған;

      13) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде әлеуетті өнім беруші – тиісті дистрибьюторлық практика сертификатын (GDP), отандық тауар өндіруші – объектінің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты, тиісті дәріханалық практика сертификатын (GPP) ұсынған жағдайларды қоспағанда, қажет болған кезде "салқындату тізбегінің" болуы туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау актісінің көшірмесі ұсынылмаған;

      14) егер мәлімделген медициналық техниканың техникалық сипаттамасы тіркеу куәлігінде және (немесе) тіркеу деректерінде айқындалған техникалық сипаттамаға және (немесе) жинағына сәйкес келмеген;

      15) осы Қағидалардың 16-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;

      16) осы Қағидалардың 22, 29-тармақтарында белгіленген талаптарына сәйкес келмеген;

      17) егер тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі тендерлік құжаттама шарттарында көрсетілгеннен неғұрлым қысқа болса;

      18) баға ұсынысы ұсынылмаған не баға ұсынысы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанда ұсынылмаған;

      19) әлеуетті өнім беруші тиісті лот бойынша сатып алу үшін бөлінген бағадан және (немесе) халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағадан және саудалық атауы бойынша шекті бағадан жоғары дәрілік зат және (немесе) медициналық бұйым бағасын ұсынған;

      20) тендерлік өтінім тігілмеген түрде, беттері нөмірленбей, қолтаңбамен бекітілмей, конвертте әлеуетті өнім берушінің, тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының атауы немесе заңды мекенжайы көрсетілмей ұсынылған;

      21) әлеуетті өнім беруші және (немесе) бірлесіп орындаушы қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;

      22) осы Қағидалардың талаптарын бұза отырып үлестес болу фактісі анықталғанда тендерлік өтінімді қабылдамайды.

      71. Егер тендер тұтастай немесе оның қандай да бір лоты өткізілмеді деп танылса, тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы осы Қағидалардың 2-бөліміне сәйкес тендердің мазмұны мен шарттарын өзгертеді және тендерді қайтадан өткізеді.

      72. Егер тендер тұтастай немесе оның қандай да бір лоты тендерлік құжаттама талаптарына сәйкес келетін бір ғана өтінімнің берілуі негіздемесі бойынша өткізілмеді деп танылса, онда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы осы өтінімді берген әлеуетті өнім берушіден сатып алуды бір көзден сатып алу тәсілімен жүзеге асырады.

      73. Тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты мынадай негіздемелердің бірі бойынша:

      1) тендерлік өтінімдер болмаса;

      2) әлеуетті өнім берушілердің барлық тендерлік өтінімдері қабылданбаса, өткізілмеді деп танылады.

      74. Тендер жеңімпазы тендерлік өтінімдері тендерлік комиссия ең төмен баға ұсынысы негізінде хабарландыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес деп танылған әлеуетті өнім берушілердің арасында айқындалады.

      Лот бойынша бәсекелестік болмаған немесе лот бойынша бәсекелестердің тендерлік өтінімдері қабылданбаған кезде тендерлік өтінімін тендерлік комиссия хабарландыру шарттары мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін жалғыз өтінім деп таныған әлеуетті өнім беруші тендер жеңімпазы болып танылады.

5-параграф. Тендердің қорытындысын шығару

      75. Тендердің қорытындылары тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде шығарылады, ол туралы хаттама жасалады, оған:

      1) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің атауы және қысқаша сипаттамасы;

      2) сатып алу сомасы;

      3) тендерлік өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары, орналасқан жері және біліктілік деректері;

      4) тендерлік құжаттамаға сәйкес әрбір тендерлік өтінімнің бағасы және басқа да шарттары;

      5) тендерлік өтінімдерді бағалаудың және салыстырудың мазмұны;

      6) тендерлік өтінімдерді қабылдамау негіздемелері;

      7) саудалық атауы көрсетіліп, тендердің әрбір лоты бойынша жеңімпаз(дар)дың атаулары мен орналасқан жері және олар бойынша жеңімпаз айқындалған талаптар;

      8) саудалық атауы көрсетіліп, тендердің әрбір лотының ұсынысы жеңімпаз ұсынысынан кейінгі екінші болып табылатын қатысушысының атауы мен орналасқан жері;

      9) егер тендер жеңімпазы айқындалмаса, негіздемелері;

      10) сатып алу шарты жасалуға тиіс мерзім;

      11) сараптама комиссиясын тарту туралы ақпарат енгізіледі.

      76. Тендердің қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендерге қатысқан әлеуетті өнім берушілерге тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына қорытындылар хаттамасын орналастыру жолымен тендердің нәтижесі туралы хабарлайды.

      77. Тендердің қорытындысы туралы хаттама тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына орналастырылады. Сатып алуды ұйымдастырушы қорытынды шығарылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тапсырыс берушіге сатып алудың қорытындылары хаттамасының куәландырылған көшірмесін және жеңімпаздың дәрілік заттарының және (немесе) медициналық бұйымдарының техникалық ерекшелігін жібереді.

6-параграф. Сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету шартын жасау

      78. Тапсырыс беруші тендердің қорытындылары шығарылған күннен не сатып алуды ұйымдастырушыдан сатып алу қорытындыларын алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде әлеуетті өнім берушіге қол қойылған сатып алу шартын немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша жасалған фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты жібереді.

      79. Шартты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тендердің жеңімпазы оған қол қояды не тапсырыс берушіні оның талаптарымен келіспейтіні немесе қол қоюдан бас тартатыны туралы жазбаша хабардар етеді.

      Көрсетілген мерзімде қол қойылған шартты немесе талаптармен келіспеу туралы хабарламаны ұсынбау шарт жасасудан бас тарту болып есептеледі. Келіспеушіліктерді шешу мерзімі екі жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      80. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарт тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған күннен бастап күшіне енеді.

      81. Егер тендердің жеңімпазы белгіленген мерзімде сатып алу шартына немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа қол қоюдан жалтарса немесе тапсырыс берушіге оның талаптарымен келіспейтіні туралы хабарламаса, онда тапсырыс беруші осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін және баға ұсынысы жеңімпаздың ұсынысынан кейін екінші болып табылатын тендерге қатысушымен шарт жасайды.

      82. Шартқа өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған ұсыныстың мазмұнын өзгертетін қандай да бір өзгерістерді және (немесе) жаңа талаптарды енгізуге (дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бағасын, көлемді азайтуды қоспағанда), оның ішінде шартта көрсетілген саудалық атауды басқа саудалық атаумен ауыстыруға жол берілмейді.

      83. Өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған сапа мен басқа да шарттар өзгермеген жағдайда, жасалған шартқа өзгерістер енгізуге:

      1) дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға бағаны және тиісінше шарттың бағасын азайту бөлігінде тараптардың өзара келісімі бойынша;

      2) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің көлемін азайту бөлігінде тараптардың өзара келісімі бойынша жол беріледі.

      84. Тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының аудио және бейне тіркеуді қолдана отырып, сатып алу шартына және фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа қол қойғанға дейін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайту мақсатында тендер жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізуіне жол беріледі. Әлеуетті өнім беруші қалауы бойынша дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасын азайтуға келісетіні немесе келіспейтіні туралы шешім қабылдайды, бұл тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының тендер жеңімпазы болып танылған әлеуетті өнім берушімен шартқа қол қоюдан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.

7-параграф. Шарттың орындалуын кепілдікті қамтамасыз ету

      85. Сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарттың мазмұнын, нысанын және оны кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу талаптарын (бұдан әрі – кепілдікті қамтамасыз ету) осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы айқындайды және тендерлік құжаттамаға, сатып алу шартына және фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа енгізілуге тиіс.

      86. Кепілдікті қамтамасыз ету сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарттың бағасынан үш пайызды құрайды және:

      1) тапсырыс берушіге қызмет көрсетілетін банкке орналастырылатын ақшалай қаражат түріндегі кепілдік жарна;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес берілген банк кепілдігі түрінде ұсынылады.

      Ақшалай қаражатты кепілдік жарна түрінде кепілдікті қамтамасыз етуді әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің тиісті шотына енгізеді.

      87. Егер сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарттың бағасы тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, кепілдікті қамтамасыз ету енгізілмейді.

      88. Сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарттың орындалуын кепілдікті қамтамасыз етуді өнім беруші, егер өзі өзгешені көздемесе, шарт күшіне енген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.

      89. Сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарттың орындалуын кепілдікті қамтамасыз етуді тапсырыс беруші өнім берушіге мынадай:

      1) өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарт бұзылған;

      2) өнім беру шарты бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған (беру мерзімдерінің бұзылуы, сапасыз дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды беру және шарттың басқа да талаптарының бұзылуы);

      3) орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сатып алу шартында немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шартта көзделген айыппұл санкцияларын төлемеген жағдайларда қайтармайды.

8-параграф. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне шығындарды өтеу тәртібі

      90. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы шартта белгіленген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың құнын және фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы шартта белгіленген пайыздық арақатынаста көрсетілген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу бойынша қызметтер үшін сыйақы мөлшерін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне ай сайын өтейді.

      Бұл ретте дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың құны халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағалардан және саудалық атауына шекті бағалардан аспайды.

      91. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің өнім берушілеріне қамтамасыз етілген тізілімдер (рецепттер тізілімі) туралы ұсынылған деректерді бөлінген қаражат шегінде амбулаториялық қамтамасыз етуді есепке алу жүйесіндегі деректермен салыстырып тексеру негізінде орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес іс жүзінде көрсетілген қызметтер үшін шығындарды өтейді. Шарт сомасы көрсетілетін қызметтердің нақты көлемі есепке алынып түзетіледі.

9-тарау. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу

      92. Егер біртекті дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алудың жылдық көлемі баға тұрғысынан заңнамада тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспаса, сондай-ақ осы Қағидалардың 94-тармағында көзделген жағдайларда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды (бұдан әрі – бағалық сатып алу) қолдануға жол беріледі.

      93. Бағалық сатып алуды қолдану мақсатында бірыңғай дистрибьюторда дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың болмауы жағдайларын қоспағанда, біртекті дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы бойы бөлуге жол берілмейді.

      94. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілегеннен аспайтын бағалар бойынша алпыс күндік қажеттілікке дейін, сондай-ақ фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге тоқсан күндік қажеттілікке дейін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды (осы тармақтың 2) тармақшасын қоспағанда) сатып алуға:

      1) мыналарға:

      бірыңғай дистрибьютор мен тапсырыс берушінің арасында жасалған сатып алу шарты бойынша беру мерзімдерін бірыңғай дистрибьютордың бұзуына;

      осы Қағидаларда айқындалған тәсілдермен бірыңғай дистрибьютор өткізетін дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алудың өтпеуіне байланысты бірыңғай дистрибьютордан алынған хабарламаның негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін тапсырыс берушіде немесе денсаулық сақтау субъектілерінде (амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде) дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қалдықтары болмаған;

      2) медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта (денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен) балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдер бар дәрілік затты бірыңғай дистрибьютор сатып алған;

      3) дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының шешімдері негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болған;

      4) тендерлер өткізілмеді деп танылған және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болған жағдайларда жол беріледі.

      95. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша беру көлемін, орнын және графигін көрсете отырып, кемінде екі үлестес емес әлеуетті өнім берушіден баға ұсыныстарын сұратуды жүзеге асырады.

      96. Сұрау салу баға ұсыныстарын қабылдаудың соңғы күнінен күнтізбелік жеті күн бұрын тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына хабарландыру орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берушінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда хабарландыру облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының интернет-ресурсына орналастырылады. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізу туралы хабарландыру:

      1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен мекенжайын;

      2) сатып алынатын дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауларын (саудалық атауы – жеке өзіне жақпаған жағдайда), медициналық бұйымдардың тауар маркасын және өндірушіні көрсетпей, олардың қысқаша сипаттамасын, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, сатып алу көлемін, беру орнын, әрбір дәрілік зат және (немесе) медициналық бұйым бойынша сатып алу үшін бөлінген соманы;

      3) беру мерзімдері мен шарттарын;

      4) құжаттарды ұсыну (қабылдау) орны мен баға ұсыныстарын берудің соңғы мерзімін;

      5) баға ұсыныстары салынған конверттерді ашу күнін, уақыты мен орнын қамтиды.

      97. Әлеуетті өнім беруші баға ұсыныстарын ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін жабық күйде тек бір баға ұсынысын ғана береді. Конверт денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша баға ұсынысын, тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы белгілеген мерзімде лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдері арқылы рұқсат беру органдары жүзеге асыратын қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға жеке немесе заңды тұлғаның құқығын растайтын рұқсатты, сондай-ақ ұсынылатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы мен көлемін қамтиды.

      98. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын ұсынуы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сұрау салудың және сатып алудың үлгілік шартының немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартының талаптары сақталып, дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды жеткізуді жүзеге асыруға немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге оның келісімін білдіретін нысан болып табылады.

      99. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қорытындылар хаттамасын жасайды, оған:

      1) сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы мен бағасы, олардың саудалық атауы;

      2) баға ұсынысын беру күні мен уақыты;

      3) сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасау болжанатын әлеуетті өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы;

      4) баға ұсыныстары салынған конверттерді ашу рәсімі кезінде қатысқан әлеуетті өнім берушілердің атауы енгізіледі.

      Хаттама тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына орналастырылады.

      100. Ең төмен баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады, бұл туралы оны тапсырыс беруші және (немесе) сатып алуды ұйымдастырушы хабардар етеді.

      Бірдей баға ұсыныстары ұсынылған жағдайда баға ұсыныстарын бірінші болып ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады.

      Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға баға ұсынысы мен құжаттарын осы Қағидалардың 102-тармағына сәйкес ұсынған бір әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы мұндай әлеуетті өнім берушіні сатып алу жеңімпазы деп тану туралы шешім қабылдайды.

      101. Баға ұсыныстары болмаған жағдайда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады.

      102. Жеңімпаз тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға жеңімпаз деп танылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған (жіберілген) медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның көшірмелері не электрондық құжат түрінде, олар туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның, медициналық бұйымдарды көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалардың нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;

      2) заңды тұлғаны құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);

      3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама, жеке куәліктің немесе паспорттың көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);

      4) заңды тұлға жарғысының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, онда акцияларды ұстаушылар тізілімінен үзінді көшірме немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді көшірме немесе сатып алуды хабарлау күнінен кейін берілген құрылтай шартының көшірмесі де ұсынылады);

      5) есепке алу мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін, "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы арқылы алынған берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;

      6) Қазақстан Республикасы салық органының осы әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтыны туралы анықтамасының түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмесе).

      Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде әлеуетті өнім беруші бірлесіп орындаушыға осы тармақта көзделген құжаттарды ұсынады.

      Жеңімпаз біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда баға ұсыныстары тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылады.

      103. Сатып алуды ұйымдастырушы қорытындылар шығарылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қорытындылар хаттамасын тапсырыс берушіге жібереді.

      Тапсырыс беруші біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеңімпаз айқындалған немесе қорытындылар хаттамасын алған күннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалатын қол қойылған сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты әлеуетті өнім берушіге жібереді.

      104. Алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жеңімпаз сатып алу шартына, фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартқа қол қояды не тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны оның шарттарымен келіспейтіні немесе қол қоюдан бас тартатыны туралы жазбаша хабардар етеді.

      Көрсетілген мерзімде қол қойылған сатып алу шартын, фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты ұсынбау оны жасасудан бас тарту болып есептеледі (шарт жасасудан жалтару). Келіспеушіліктерді қарау мерзімі екі жұмыс күнінен аспауға тиіс.

10-тарау. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

      105. Тапсырыс берушілер немесе сатып алуды ұйымдастырушылар сатып алуды осы тараудың нормаларына сәйкес бір көзден алу тәсілімен немесе осы Қағидалардың 15-тарауының 2-параграфына сәйкес веб-портал арқылы жүзеге асырады.

      Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу:

      1) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылғанда;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төтенше жағдайлардың жариялануы салдарынан тендерлер өткізу мүмкіндігін болдырмайтын осы дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға жедел қажеттілік туындағанда;

      3) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютор тендердің қорытындысын шығарғанға дейінгі кезеңге дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болғанда;

      4) сол қаржы жылы дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлеміне қажеттілік болғанда қолданылады. Бұл ретте дәрілік затқа, медициналық бұйымға немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметке баға сол қаржы жылы сатып алынған дәрілік заттың, медициналық бұйымның не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің бағасынан аспауға тиіс. Сол бір өнім берушімен сол қаржы жылы сатып алу немесе фармацевтикалық қызметті көрсетуге арналған шарт жасалған жағдайда, жасалған шартқа тиісті өзгерістер енгізіледі және осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларының талаптарына сәйкес растау талап етілмейді. Фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта көзделген, фармацевтикалық қызмет қосымша көрсетілетін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың санын ұлғайту фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемі деп түсініледі (бағасы, саудалық атауы, дозасы және сапасы өзгермейді);

      5) халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде алпыс күндік қажеттілікке дейін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша тендер бірыңғай дистрибьютордан алынған хабарламаның негізінде өткізілмеді деп танылғанда;

      6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде:

      медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта (денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен) балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдері бар дәрілік затты бірыңғай дистрибьютор сатып алған жағдайда балаларды қамтамасыз ету мақсатында;

      дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының шешімдері негізінде пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайларда фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болғанда;

      7) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілегеннен аспайтын баға бойынша дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу бойынша қызметті алпыс күндік қажеттілікке дейінгі (осы тармақтың 2) тармақшасын қоспағанда) сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігі болғанда, сондай-ақ фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің тоқсан күндік қажеттілігіне дейін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды, сондай-ақ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды есепке алу мен өткізу бойынша қызметтерді сатып алу бойынша тендерлер өткізілмеді деп танылған жағдайда жол беріледі;

      8) Қазақстан Республикасында, сондай-ақ одан тыс жерлерде өндірілген немесе қайта өңделген тұтынуға (қолдануға) дайын дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіретін өнім берушінің немесе оның үлестес тұлғаларының дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар беруі көзделген, жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты болғанда қолданылады.

      106. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіден:

      1) баға ұсынысын;

      2) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 3-тарауында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды;

      3) мәлімделген дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың осы Қағидалардың 4-тарауының ережелеріне сәйкестігін растайтын құжаттарды сұратады.

      107. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде хаттама жасалады, оған:

      1) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды қолдану негіздемесі;

      2) сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы, олардың саудалық атауы;

      3) сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасау болжанып отырған өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы;

      4) осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларында белгіленген талаптарға сәйкестігі енгізіледі.

      108. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу шарты немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шарты осы Қағидалардың 8-тарауының 6-параграфы ережелерінің негізінде жасалады.

      109. Сатып алуды бір көзден сатып алу тәсілімен ұйымдастыру және өткізу мынадай жүйелі іc-шаралардың орындалуын көздейді:

      1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының осы тәсілді қолданудың негіздемесімен бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізу туралы шешім қабылдауы;

      2) тапсырыс берушіні немесе сатып алуды ұйымдастырушыны айқындау және бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу рәсімін өткізу;

      3) әлеуетті өнім берушіге бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыру жіберу;

      4) әлеуетті өнім берушінің шақыртуда көзделген құжаттарды қоса бере отырып, бір көзден сатып алуға қатысу туралы келісім жіберуін;

      5) әлеуетті өнім беруші ұсынған осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды қарау;

      6) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсына орналастыру;

      7) әлеуетті өнім берушімен бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың негізінде сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсету шартын жасасу.

      110. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды өткізу туралы шешімді тапсырыс беруші (сатып алуды ұйымдастырушы) осы Қағидаларда көзделген негіздер бойынша сатып алу өткізілмеді деп танылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші сұратылған құжаттарды ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастырады және интернет-ресурсқа орналастырады.

      111. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші сұратылған құжаттарды ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастырады және интернет-ресурста орналастырады.

      112. Осы тарауға сәйкес жіберілген тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының шақыруына әлеуетті өнім беруші оны алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге, сатып алуды ұйымдастырушыға шақыруда көзделген құжаттарды қоса бере отырып сатып алуға қатысатыны туралы өзінің растауын не себептерін көрсете отырып, сатып алуға қатысудан бас тартатыны туралы хат жібереді. Бұл ретте осы тармақта белгіленген мерзімде жауаптың болмауы сатып алуға қатысудан бас тарту ретінде бағаланады.

11-тарау. Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша сатып алу

1-параграф. Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі туралы

      113. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша сатып алуды жүзеге асыру үшін бірыңғай дистрибьютордың тізбесін бекітеді, ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қамтиды.

      Бірыңғай дистрибьютордың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қорға, бірыңғай дистрибьюторға, тапсырыс берушіге жібереді.

      Бірыңғай дистрибьютор тізбенің сатып алу веб-порталында жариялануын қамтамасыз етеді.

      114. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қажеттілігіне қарай бірыңғай дистрибьютордың бекітілген тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      115. Бірыңғай дистрибьютор мен қордың арасында Кодекстің 69-бабының 3-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен әкімшілік-аумақтық бірлік (облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана) бөлінісінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету шеңберінде сатып алу үшін бірыңғай дистрибьюторға қор ұсынған денсаулық сақтау субъектілерінің жиынтық түзетілген қажеттілігі сомасының шегінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің құнына ақы төлеу шарты жасалады.

      116. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті көрсетуге арналған дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу үшін бөлінетін бюджет қаражатын және (немесе) қор активтерін оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында бірыңғай дистрибьютордың қор ақы төлейтін фармацевтикалық көрсетілетін қызмет шеңберінде дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бағалары осы Қағидалардың 16-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген халықаралық патенттелмеген атауға шекті бағалардан және саудалық атауға шекті бағалардан аспауға тиіс.

      117. Бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Кодекстің 7-бабының 95) тармақшасына сәйкес айқындалады.

      Бірыңғай дистрибьютордың дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға прайс-парағының бағалары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалатын халықаралық патенттелмеген атауға шекті бағалардан және саудалық атауға шекті бағалардан аспайды.

      118. Бюджет қаражатын және (немесе) қордың активтерін оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтерді көрсететін ведомстволық бөлімшелер (ұйымдар) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған, медициналық ұйымдар мәлімдеген дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлеміне мониторингті жүзеге асырады.

      119. Бірыңғай дистрибьютор сатып алудың қорытындылары шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бағаларын көрсете отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша сатып алу қорытындылары туралы есепті ұсынады.

2-параграф. Жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмекті көрсету және аурулардың профилактикасы үшін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу

      120. Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша сатып алуды жүзеге асыру үшін тапсырыс берушілер электрондық құжат түрінде бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған, тапсырыс берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған өтінімдерді бірыңғай дистрибьюторға береді.

      Тапсырыс берушілердің өтінімдері сатып алу шарты жасалатын сәтке дейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сатып алудың үлгілік шартында көзделген талаптарды сақтай отырып, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асыруға олардың келісім білдіруінің нысаны болып табылады.

      121. Тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьютор тізбесінің негізінде жыл сайын бірыңғай дистрибьютор сұрау салуды жіберген сәттен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей бірыңғай дистрибьюторға:

      1) дәрілік заттардың (халықаралық патенттелмеген атаулары немесе құрамы) және медициналық мақсаттағы бұйымдардың атаулары;

      2) мәлімделетін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың техникалық сипаттамасы мен өлшем бірлігі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өлшем бірлігі үшін белгілеген дәрілік зат пен медициналық бұйымның әрбір атауы бойынша халықаралық патенттелмеген атауына шекті баға;

      4) жөнелтудің қажетті графигін көрсете отырып, келесі қаржы жылына дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір мәлімделген атауы бойынша саны;

      5) дәрілік зат пен медициналық мақсаттағы бұйымның әрбір мәлімделген атауы бойынша сомасы және өтінім бойынша жалпы сомасы;

      6) ағымдағы қаржы жылы сатып алу шартында көрсетілген дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша саны;

      7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз бетінше сатып алуды қоса алғанда, алдыңғы қаржы жылы дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша нақты тұтыну;

      8) өтінім берілген күнгі жағдай бойынша дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың әрбір атауы бойынша қалдық;

      9) тапсырыс берушілердің толық атауы;

      10) тапсырыс берушінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      11) деректемелері, мекенжайы (пошталық және заңды), телефонының, факстарының байланыс нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы қамтылатын келесі қаржы жылына арналған бастапқы өтінімді ұсынады.

      122. Тапсырыс берушілерде сол қаржы жылы қосымша қажеттілік туындаған кезде тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьюторға дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың атауын, олардың көлемін және беру графиктерін көрсетіп, сатып алуға арналған қосымша өтінімдер ұсынады.

      Тапсырыс берушілер бастапқы өтінімдерді осы Қағидалардың 121-тармағында белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында бірыңғай дистрибьюторға дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сатып алуға арналған өтінімдерді ұсынады.

      Өтінімге тапсырыс беруші басшысының (оны алмастыратын адамның) атқаратын лауазымын растайтын құжаттың көшірмесі; заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама; шеңберінде сатып алу жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарламаның нөмірі және атауы, төлем деректемелері, дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру орны (мекенжайы) көрсетілген ақпараттық хат қоса беріледі; сұрау салу бойынша жарғының немесе ереженің көшірмесі ұсынылады.

      123. Бірыңғай дистрибьютор ағымдағы қаржы жылы дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қосымша көлемін сатып алуды қосымша өтінімдердің және тапсырыс берушілердің осы Қағидалардың 126-тармағына сәйкес ұсынған өтінімдерінің негізінде тоқсанына кемінде бір рет жүзеге асырады.

      124. Бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушілерден бастапқы өтінімді алғаннан кейін осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес төмендемейтін қорды есепке ала отырып, дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырады.

      125. Сатып алуды өткізгеннен кейін бірыңғай дистрибьютор прайс-парақты бекітеді және оны бекіткеннен кейін үш күн ішінде тапсырыс берушілерге тиісті қаржы жылына арналған бюджетті қалыптастыру (түзету) үшін жібереді.

      126. Сатып алу шартының жобасын ресімдеу үшін тапсырыс берушілер жыл сайын бірыңғай дистрибьютордан прайс-парақты алғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей қаржыландыру көлеміне сәйкес бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағына сәйкес түзетілген өтінімді бірыңғай дистрибьюторға жібереді, ол:

      1) дәрілік заттардың атауларын (халықаралық патенттелмеген атаулары және құрамы) және медициналық бұйымдардың атауларын, сондай-ақ олардың саудалық атауларын;

      2) өлшем бірлігін;

      3) дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың санын қамтиды, ол бастапқы өтінімде көрсетілген санынан он пайызға дейін азайту жағына қарай өзгеруі мүмкін. Өтінімді қалыптастыру кезінде тапсырыс беруші сатып алынатын дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың мөлшерін олардың сапасын сақтау мақсатында жалпы жылдық көлемнен ең кіші қаптамаға дейін дөңгелектейді.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе қормен келісілген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдер болған, қайта ұйымдастыру, тарату және қаржыландыруды қысқарту жағдайларында дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың санын бастапқы өтінімде көрсетілген санынан он пайыздан аса азайтуға жол беріледі;

      4) бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағында белгіленген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағаны және саудалық атауына шекті бағаны;

      5) бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағында белгіленген дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша бағасын және өлшем бірлігін;

      6) алдыңғы қаржы жылы сатып алу шарттарында көрсетілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша санын;

      7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде өз бетінше сатып алуды қоса алғанда, алдыңғы қаржы жылындағы дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша нақты тұтынуды;

      8) дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша түзетілген өтінімді ұсыну күніндегі жағдай бойынша қалдығын;

      9) тапсырыс берушінің толық атауын;

      10) тапсырыс берушінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның) тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

      11) деректемелерін, мекенжайын (пошта және заңды), байланыс телефондары нөмірлерін, факстерді, электрондық пошта мекенжайын;

      12) қормен медициналық көрсетілетін қызметтер шартын жасау нөмірі мен күнін, дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуға бөлінген соманы қамтиды.

      Түзетілген өтінімге тапсырыс беруші басшысының (оны алмастыратын адамның) атқаратынын лауазымын растайтын құжаттың көшірмесі; заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама; шеңберінде сатып алу жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарламаның нөмірі мен атауы көрсетілген ақпараттық хат, төлем деректемелері, дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру орындары (мекенжайы); сұрау салу бойынша жарғының немесе ереженің көшірмесі қоса беріледі.

      127. Тапсырыс берушілер денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша бірыңғай дистрибьютор мен тапсырыс беруші арасында дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алудың үлгілік шартына сәйкес құрылған және жасалған сатып алу шарттарының негізінде бірыңғай дистрибьютордан дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырады. Сатып алу шартын жасауға тапсырыс берушінің түзетілген не қосымша өтінімі негіз болып табылады.

      128. Бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушілерден түзетілген өтінімді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тапсырыс берушілерге қабылдау-беру актісі бойынша не бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде сатып алу шарттарын қол қоюға жібереді.

      129. Тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьютордан сатып алу шарттарын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей оларға қол қояды, мөрмен бекітеді, бірыңғай дистрибьюторға қабылдау-беру актісі бойынша не бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде береді.

      130. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның саудалық атауына шекті бағаны өзгерткен жағдайда бірыңғай дистрибьютор сатып алған дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар тапсырыс берушілерге бұрынғы баға бойынша жеткізіледі.

3-параграф. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді көрсету үшін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу

      131. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін қалыптастырылуы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылатын белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекітеді және қорға, бірыңғай дистрибьюторға және тапсырыс берушілерге жібереді.

      132. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган келесі қаржы жылына арналған белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бекітілген тізбесіне жылына бір реттен асырмай өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      133. Денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бюджеттерінің бөлінісінде бөлінген қаражат шеңберінде бекітілген халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге арналған бірыңғай дистрибьютордың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті есептеуді (алдын ала, түзетілген және қосымша) жүзеге асырады.

      134. Қажеттілік есептерін (алдын ала, түзетілген және қосымша) денсаулық сақтау субъектілері қордың филиалдарына ұсынады.

      Қордың филиалдары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бюджеттерінің бөлінісінде бөлінген қаражат шеңберінде денсаулық сақтау субъектілері қажеттіліктерінің (алдын ала, түзетілген және қосымша) есептерін жинақтауды жүзеге асырады және қорға жібереді.

      Қор республика бойынша қажеттілік есептерінің (алдын ала, түзетілген және қосымша) жиынтығын сатып алу үшін (өтінім мәртебесі бар) бірыңғай дистрибьюторға жібереді.

      135. Тапсырыс берушілер бірыңғай дистрибьютор сұрау салу жіберген сәттен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей қорға облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша жиынтық деректерді қамтитын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша келесі қаржы жылына арналған қажеттіліктің жиынтық алдын ала есептеулерін ұсынады.

      Бұл ретте жиынтық деректерде мыналар қамтылады:

      1) мыналар:

      нозологиялар;

      аурулар;

      халықтың санаттары;

      дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тағайындау үшін көрсетілімдер (дәрежесі, сатысы, ауыр ағымы) бөлінісінде дәрілік заттардың (халықаралық патенттелмеген атаулары және (немесе) құрамы, сипаттамасы), медициналық бұйымдардың атауы (құрамы, техникалық сипаттамасы):

      2) өлшем бірлігі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша халықаралық патенттелмеген атауына шекті баға;

      4) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша келесі қаржы жылына мәлімделген саны;

      5) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша санын көрсете отырып, қаржы жылы ішінде өнім беру графигі;

      6) дәрілік заттың, медициналық бұйымның әрбір мәлімделетін атауы бойынша сомасы және қажеттіліктің алдын ала есебі бойынша жалпы сомасы;

      7) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша белгілі бір ауруы бар, диспансерлік есепте тұрған азаматтардың жекелеген санаттарының қатарынан бекітілген халықтың саны;

      8) сырқаттанушылық динамикасы деректерінің, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың және (немесе) статистикалық деректердің негізінде науқастардың болжамды саны;

      9) есепті ұсыну күніне дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды нақты тұтыну саны;

      10) аяқталған қаржы жылы дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды нақты тұтыну саны (өтінім берілетін жылдың алдындағы жыл);

      11) медициналық-санитариялық алғашқы, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің және (немесе) әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің, ведомстволық бөлімшелердің (ұйымдар) және олардың құрылымдық бөлімшелерінің мекенжайлары;

      12) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша белгілі бір аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған азаматтардың жекелеген санаттарының қатарынан бекітілген халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарының және АИТВ инфекциясының профилактикасы мен оны емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдарының мекенжайлары;

      13) амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде халыққа дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды тегін босататын денсаулық сақтау субъектілерінің мекенжайлары;

      14) дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметті берушілердің немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметті берушілердің қажетті санын көрсете отырып, дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі қызметтер немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетілуге тиіс елді мекендердің тізбесі.

      136. Бірыңғай дистрибьютор қордан алынған қажеттіліктің жиынтық алдын ала есептерінің негізінде оларды алғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу рәсіміне кіріседі.

      Сатып алуды өткізгеннен кейін бірыңғай дистрибьютор келесі қаржы жылына халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы, саудалық атауы, дәрілік нысаны (сипаттамасы), өлшем бірлігі, өлшеп-оралуы, дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың өлшем бірлігінің бағасы, өндірушінің атауы, елдің атауы көрсетілген бірыңғай дистрибьютор сатып алған тізбеден; құрамы (техникалық сипаттамасы), саудалық атауы, өлшем бірлігі, өлшеп-орауы, өндірушінің атауы, елдің атауы көрсетілген медициналық бұйымдардың тізбесінен тұратын прайс-парақты бекітеді және қорға, тапсырыс берушілерге жібереді.

      Бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағындағы дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың өлшем бірлігінің бағалары бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен халықаралық патенттелмеген атауға шекті бағалардан және (немесе) саудалық атауға шекті бағалардан аспайды және бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы ескеріле отырып көрсетіледі.

      137. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды есепке алу мен өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу нәтижелері бойынша бірыңғай дистрибьютор қорға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына сатып алу қорытындыларының хаттамасын жібереді. Бірыңғай дистрибьютор хаттамамен бір мезгілде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бөлінісінде есепке алу мен өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу жеңімпаздары мен олардың бірлесіп орындаушылары туралы ақпаратты жібереді.

      138. Мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарының және АИТВ инфекциясының профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының немесе амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдары мен бірыңғай дистрибьютордың арасында жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қордың активтері есебінен бекітіліген халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін дәрілік заттарды жеткізудің өтеусіз шарттары жасалады.

      139. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау субъектілері амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде халыққа дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды тегін босату мақсатында бірыңғай дистрибьютормен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қордың активтері есебінен сатып алынатын дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды жеткізудің өтеусіз шарттарын жасай алады.

      140. Бірыңғай дистрибьютор түзетілген жиынтық қажеттілікті алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарына және АИТВ инфекциясының профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарына және амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдарына, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне қабылдау-беру актісі бойынша не осындай денсаулық сақтау ұйымдарының электрондық поштасына бір мезгілде хабарламаларды тарата отырып, электрондық құжат түрінде бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы қордың активтері есебінен дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің өтеусіз шарттарын қол қоюға жібереді.

      141. Туберкулезге қарсы мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымдары және АИТВ инфекциясының профилактикасы және емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде таргеттік терапия жүзеге асырылатын онкологиялық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілері бірыңғай дистрибьютордан дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды жеткізудің өтеусіз шарттарын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды, мөрмен бекітеді және оларды қабылдау-беру актісі бойынша не электрондық құжат түрінде бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы бірыңғай дистрибьюторға береді.

      142. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ағымдағы жылғы он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей қорға, бірыңғай дистрибьюторға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, медициналық қызметтерді көрсететін ведомстволық бөлімшелерге (ұйымдарға) келесі қаржы жылы әкімшілік-аумақтық бірлік (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) бөлінісінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде нақтыланған қаржыландыру көлемін жібереді.

      143. Қор бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағына сәйкес жыл сайын бірыңғай дистрибьютордан сұрау салу алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға жиынтық түзетілген есептеме ұсынады.

      144. Тапсырыс берушілердің жиынтық түзетілген есептері тапсырыс берушілердің дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға қажеттілігінің түзетілген есептерінің негізінде қалыптастырылады.

      Дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға түзетілген есептемені ресімдеу кезінде мәлімделетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың санын олардың сапасын сақтау мақсатында жалпы жылдық көлемінің ең төмен қаптамасының еселенген санына дейін дөңгелектейді.

      Түзетілген есептемедегі дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың санын тапсырыс берушілер алдын ала есептерде көрсетілген санынан жиырма бес пайызға дейін азайту жағына қарай өзгертеді.

      Денсаулық сақтау субъектісінің, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің, ведомстволық бөлімшелердің (ұйымдар) бірінші басшысының қатысуымен дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының негізінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдер болған, сондай-ақ пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайда дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың санын жиырма бес пайыздан жоғары, бірақ елу пайыздан асырмай азайтуға жол беріледі.

      145. Дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қажеттіліктің түзетілген есептемелерінде мыналар қамтылады:

      1) мыналар:

      нозологиялар;

      аурулар;

      халықтың санаттары;

      дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тағайындау үшін көрсетілімдер (дәрежесі, сатысы, ауыр ағымы) бөлінісінде дәрілік заттардың (халықаралық патенттелмеген атаулары және (немесе) құрамы, сипаттамасы), медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауын (құрамы, техникалық сипаттамасы):

      2) өлшем бірлігі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағасы;

      4) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша бірыңғай дистрибьютордың прайс-парағы бойынша баға;

      5) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша саны;

      6) есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің өнім берушісінің және оның бірлесіп орындаушысының, елді мекендердің бөлінісінде қаржы жылының ішіндегі санын көрсете отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің бөлу парағын. Жыл ішінде бөлу парағы түзетілген жағдайда тапсырыс берушілер бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органын және бірыңғай дистрибьюторды хабардар етеді;

      7) дәрілік заттың, медициналық бұйымның әрбір атауы бойынша санын көрсете отырып қаржы жылы ішіндегі беру графигі;

      8) мәлімделетін дәрілік заттың, медициналық бұйымның әрбір атауы бойынша сомасы және қажеттіліктің түзетілген есебі бойынша жалпы сомасы;

      9) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен диспансерлік есепте тұрғандардың тізбесі бойынша белгілі аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарының қатарынан бекітілген халық саны;

      10) медициналық-санитариялық алғашқы, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің мекенжайлары;

      11) медициналық-санитариялық алғашқы, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің мамандану саласы;

      12) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша диспансерлік есепте тұрған белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарының қатарынан бекітілген халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүзеге асырылатын мамандандырылған туберкулезге қарсы денсаулық сақтау ұйымдарының және АИТВ инфекциясының профилактикасы мен емдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының мекенжайы;

      13) қормен жасалған шарттың күні, нөмірі, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сатып алуға бөлінген сома;

      14) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді беру қажет болатын елді мекендердің, аудандар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың құрамдас бөліктерінің тізбесі.

      146. Тапсырыс берушілерде сол қаржы жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бюджетінің бөлінісінде бөлінген қаражат шеңберінде дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға қосымша қажеттілік туындаған кезде ағымдағы қаржы жылы ішінде қосымша өтінімдер жинау осы Қағидалардың 142, 143, 144 және 145-тармақтарында көзделген рәсімдерге ұқсас жүзеге асырылады.

      Бірыңғай дистрибьютор ағымдағы қаржы жылы дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қосымша көлемін сатып алуды тапсырыс берушілердің қажеттіліктің қосымша жиынтық есептерінің негізінде тоқсанына кемінде бір рет жүзеге асырады.

      147. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу қорытындылары шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қорға және тапсырыс берушілерге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың бағалары көрсетілген сатып алу нәтижелері туралы есепті береді.

      148. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу қорытындыcы шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі тендер жеңімпазына қабылдау-беру актісі бойынша не фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша тендер жеңімпаздарының электрондық поштасына бір мезгілде хабарлама жібере отырып, бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шарттарды қол қоюға жібереді.

      149. Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі тендердің жеңімпаздары бірыңғай дистрибьютордан фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шарттарды алған күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды, мөрімен бекітеді және қабылдау-беру актісі бойынша не электрондық құжат түрінде бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы оларды бірыңғай дистрибьюторға береді.

      Шарттың сомасы қаржы жылына фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің іс жүзінде көрсетілген көлемі ескеріле отырып түзетіледі.

      150. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті көрсетуге арналған дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сатып алу үшін бөлінетін бюджет қаражатын және (немесе) қор активтерін оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдар және әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері, медициналық қызметтерді көрсететін ведомстволық бөлімшелері (ұйымдар) бар өзге де орталық мемлекеттік органдар қажеттіліктердің (алдын ала, түзетілген және қосымша) есебін, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге бөлінген қаржы қаражатының пайдаланылуына (игерілуіне), рецептілердің жазылуына (тағайындалуына), дәрілік заттардың халыққа қолжетімділігіне мониторингті, әкімшілік-аумақтық бірлік (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана) шегінде қажет болған кезде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды бөлуді (қайта бөлуді) жүзеге асырады.

      151. Бірыңғай дистрибьютор орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес қамтамасыз етілген рецептілер (рецептілер тізілімі) туралы ұсынылған деректерді бөлінген қаражат шегінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді есепке алудың ақпараттық жүйесіндегі деректермен салыстыру негізінде іс жүзінде көрсетілген қызметтер үшін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілерге фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта белгіленген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың құнын және дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы мөлшерін өтейді.

      152. Бірыңғай дистрибьютор фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілерге фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартта белгіленген дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың құнын және фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шарттың талаптарына сәйкес фармацевтикалық қызметтер көрсету туралы шартта белгіленген пайыздық арақатынаста көрсетілген дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы мөлшерін өтейді.

      Бұл ретте дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың құны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағалардан және саудалық атауына шекті бағалардан аспайды.

12-тарау. Медициналық техниканы сатып алуды жоспарлау және ұйымдастыру 1-параграф. Медициналық техниканы сатып алуды жоспарлау

      153. Тапсырыс берушілер осы Қағидалардың 2-бөліміне сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшісімен келісу бойынша жергілікті бюджеттер есебінен клиникалық-техникалық негіздеме және техникалық ерекшелік негізінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізілмеген медициналық техниканы сатып алуды жүзеге асырады.

      154. Тапсырыс беруші тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша медициналық техниканы сатып алуды осы Қағидалардың 18-тарауының 6-параграфына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен келіспей және сараптамалық бағалаусыз бірыңғай дистрибьюторға өтінім беру арқылы жүзеге асырады.

      155. Тапсырыс беруші құны 50000000 (елу миллион) теңгеден жоғары, сондай-ақ бірегейлендіруге жататын медициналық техниканы бірыңғай дистрибьютор арқылы облыстық бюджеттерге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісі сатып алады.

2-параграф. Бірыңғай дистрибьютор арқылы медициналық техниканы сатып алу

      156. Облыстық бюджеттерге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыруды бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 165-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның өтінімі негізінде жүзеге асырады.

      Осы тармақта көзделген сатып алуды бірыңғай дистрибьютор сатып алу веб-порталында жүзеге асырады.

      157. Медициналық техниканы сатып алу осы Қағидалардың 18-тарауының 6-параграфына сәйкес бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша жүзеге асырылады.

      158. Ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 5-күніне дейiнгі мерзімде бірыңғай дистрибьютор республикалық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша сатып алынған медициналық техниканы сатып алуға мониторинг жүргізеді және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша есепті ұсынады.

      159. Тапсырыс берушілер денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға медициналық техниканы сатып алуға өтінім беру үшін құнын, клиникалық-техникалық негіздемесін және оңтайлы техникалық сипаттамаларын сараптамалық бағалауды алу қажет.

      160. Сараптама ұйымы тапсырыс беруші өтінімдерді ұсынғаннан кейін медициналық техниканың әрбір атауы бойынша клиникалық-техникалық негіздеме, оңтайлы техникалық сипаттамалар және құны бөлігінде сараптамалық бағалау жүргізеді, сондай-ақ өтінім тіркелген күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде біріздендіруге жататын медициналық техниканы біріздендіреді.

      161. Жүргізілген сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша сараптама ұйымы клиникалық-техникалық негіздеме, техникалық ерекшелік және құны бөлігінде сараптама қорытындысын шығарады және үш жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      162. Біріздендіруге жататын медициналық техниканы сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша бірыңғай біріздендірілген бір техникалық ерекшелікке әрбір тапсырыс беруші бойынша сараптамалық қорытынды шығарылады.

      163. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган сараптамалық қорытындыны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушілерге техникалық ерекшелікті келісу үшін жібереді.

      164. Тапсырыс берушілер денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органнан техникалық жіктемені алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде медициналық техниканың техникалық ерекшелігін келіседі, ол тігілген және нөмірленген түрде, әр парағына қолбелгі қойылып, тапсырыс берушінің уәкілетті тұлғасының қолтаңбасымен куәландырылады және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.

      165. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде техникалық ерекшелікті бекітеді және оны әрбір атауы бойынша тігілген түрде қағаз жеткізгіште және электрондық жеткізгіште саны, мерзімі, беру шарттары мен орны, медициналық техниканы сатып алуға бөлінген сомасы бойынша өтінімді қоса бере отырып, бірыңғай дистрибьюторға сатып алуды ұйымдастыру үшін жібереді.

      166. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган келіскен, сатып алынатын медициналық техниканың тізбесі, саны, мерзімі, беру шарттары мен орны және сатып алуға бөлінген сомасы, әрбір атауы бойынша техникалық сипаттамалары (техникалық ерекшелігі) көрсетілген өтінімді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 3-бөлімінде көзделген тәртіппен сатып алуды ұйымдастырады.

3-бөлім. Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуды жүзеге асыру тәртібі 13-тарау. Сатып алу веб-порталы арқылы сатып алу 1-параграф. Тендерді жүзеге асыру тәртібі

      167. Тендер жүйелі екі кезеңнен тұрады, олар:

      1) тендерлік комиссияның әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін хабарландыру шарттары мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарауы және кворум негізінде өтінімдерді қабылдамау немесе бәсекелес емес лоттар бойынша тендер жеңімпаздарын айқындау және аукционға жіберу туралы шешімдер қабылдауы, сондай-ақ тендерлік комиссия қабылдаудан бас тартпаған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін, егер олардың бәсекелестеріне лот бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің отандық тауар өндірушілерін және (немесе) өндірушілерін немесе кәсіпкерлік бастаманы қолдау көрсетілетін болса, веб-порталдың автоматты түрде қабылдамауын;

      2) тендерлік комиссия аукционға жіберген әлеуетті өнім берушілер арасындағы аукцион және сатып алу веб-порталының тендер жеңімпаздарын және екінші орын алған өнім берушілерді автоматты түрде айқындауы және қорытындылар шығаруы, ал барлық өтінімдер қабылданбаған немесе лоттар бойынша бәсекелестік болмаған жағдайда веб-порталдың қорытындыларды автоматты түрде шығаруын білдіреді.

      168. Бірыңғай дистрибьютордың шешімімен тендерлік комиссияның құрамына басшыны немесе оның міндетін атқарушы адамды қоса алғанда, жұмыскерлерінің тақ саны кемінде үш адам енгізіледі.

      169. Бірыңғай дистрибьютордың штаттық қызметкері тендерлік комиссияның хатшысы болып айқындалады, ол:

      1) веб-порталда тендер өткізу туралы хабарландыруды жариялауды;

      2) тендерлік комиссия мүшелерін қағаз жеткізгіштегі банк кепілдіктерімен және оларды тіркеу журналымен таныстыруды;

      3) тендерлік комиссия мүшесінің қандай да бір лот бойынша сараптамалық қорытынды беру туралы талабы бойынша тиісті сарапшыға сараптамалық қорытынды беру қажеттілігі туралы хабарлама жіберуді;

      4) тендерлік комиссияның дауыс беру қорытындылары бойынша танысу үшін дауыс беру хаттамасының жобасын қалыптастыруды, ал тендерлік комиссия мүшелерінің бірінің талап етуі бойынша веб-порталда дауыс беруді қайта бастауды;

      5) дауыс беру хаттамасын веб-порталда жариялауды;

      6) тендерді тоқтату немесе жарамсыз деп тану туралы шешім қабылданған жағдайда оның көшірмесін қоса тіркей отырып, тендердің веб-порталында оны тұтастай немесе қандай да бір лоты бойынша тоқтатуды;

      7) шарттар жасасу үшін тендердің қорытындылары туралы хабардар етуді уақтылы қамтамасыз етеді.

      170. Тендер туралы хабарландыру веб-порталда бірыңғай оператордың жұмыс күні ішінде веб-порталда барлық тіркелген әлеуетті өнім берушілерге хабарлама жіберіліп, орналастырылады және:

      1) хабарландырудың атауы, нөмірі және орналастыру уақыты;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, заңды мекенжайы, бизнес сәйкестендіру коды, банктік шоты;

      3) дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның нөмірі, атауы, медициналық техниканың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің техникалық ерекшелігі, өлшем бірлігі, саны, бөлінген бағасы және жалпы сомасы қоса берілген оның сипаттамасы көрсетілген лоттар;

      4) фармацевтикалық көрсетілетін қызметті беру немесе көрсету орны;

      5) фармацевтикалық көрсетілетін қызметті беру немесе көрсету мерзімдері;

      6) қалған уақытты кері есептей отырып, өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу уақыты;

      7) комиссия мүшелерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және лауазымы;

      8) комиссия хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, телефоны мен электрондық поштасын қамтитын ақпарат болып табылады.

      171. Өтінімдерді қабылдау тендер туралы хабарландыру жарияланған күннен кейінгі бірыңғай оператордың жұмыс күні сағат 9.00-де басталады және:

      1) елу және одан көп лоты сатып алу кезінде жеті жұмыс күні;

      2) елуден кем лотты сатып алу кезінде үш жұмыс күнінен бастап бес жұмыс күні;

      3) ерекше сатып алуды өткізу кезінде бір жұмыс күнінен бастап бес жұмыс күні өткен соң бірыңғай оператордың жұмыс күні сағат 10.00-де аяқталады.

      Өтінімдер болмаған кезде веб-порталда автоматты түрде және бір мезгілде ашу және қорытынды хаттамалары жарияланады.

      172. Өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін веб-портал оларды қарауға қолжетімді етеді және:

      1) тендердің нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) хабарландырудағы лоттардың тізбесі;

      4) әлеуетті өнім берушілердің атауы, БСН (ЖСН), ССН, ТЕН, заңды мекенжайлары, өтінімдерді ұсыну уақыты мен күні;

      5) өтінімдер ұсынылмаған лоттар;

      6) баға ұсыныстарының деректері көрсетілген лоттар мен өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары қамтылған ашу хаттамасын оның нөмірін, жариялау уақытын және мәртебесін көрсете отырып, автоматты түрде жариялайды.

      173. Комиссия әлеуетті өнім берушілердің елу лотқа дейінгі тендердегі өтінімдерін бес жұмыс күні ішінде, елу және одан да көп лотты он жұмыс күні ішінде қарайды.

      174. Тендерлік комиссия хатшысы өтінімдерді қарау мерзімі аяқталған уақытқа қарай веб-порталда комиссия мүшелерінің дауыс беруі негізінде дауыс беру хаттамасының жобасын қалыптастырады, онымен танысқаннан кейін тендерлік комиссия оған қол қояды не тендерлік комиссияның хатшысы қабылданған шешімдерді түзету үшін (қажет болған кезде) тендерлік комиссияның барлық мүшелері, дәлелді себептермен дауыс бермегендерді қоспағанда, дауыс беру хаттамасына қол қоймайынша дауыс беруді қайта бастайды.

      175. Тендерлік комиссияның хатшысы веб-порталда дауыс беру хаттамасын оның нөмірін, жариялану уақыты мен мәртебесін көрсете отырып жариялайды, онда мыналар қамтылады:

      Тендерлік комиссияның хатшысы дауыс беру хаттамасын оның нөмірін, жарияланған уақыты мен мәртебесін көрсете отырып веб-порталда жариялайды

      1) тендердің нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) тендерлік комиссияның әрбір мүшесінің өтінімді тұтастай немесе лот бойынша жіберу немесе қабылдамау, отандық тауар өндірушілерге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілеріне қолдау көрсету немесе кәсіпкерлік бастама туралы шешімдерін көрсете отырып, лоттар бөлінісінде тендерлік комиссияның дауыс беру нәтижелері;

      4) тендерлік комиссия хабарландырудың шарттарына немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты өтінімдерін қабылдамаған әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен лоттар;

      5) лот бойынша бәсекелестеріне Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілерін және (немесе) отандық тауар өндірушілерді немесе кәсіпкерлік бастаманы қолдау көрсетілуіне байланысты веб-портал өтінімдерін автоматты түрде қабылдамаған лоттар және әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      6) баға ұсыныстарының деректерін және берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкіндігін егжей-тегжейлі көрсете отырып, бәсекелестігі жоқ лоттар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілері немесе отандық тауар өндірушілер болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      7) тендерлік комиссия өтінімдерін хабарландырудың шарттары мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келеді деп таныған, баға ұсыныстарының деректері егжей-тегжейлі көрсетілген бәсекелестігі жоқ лоттар және әлеуетті өнім берушілердің атаулары.

      176. Бірыңғай дистрибьютор тендерді өткізген және тендерлік комиссияның әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері бойынша ескертулері болған жағдайда дауыс беру хаттамасында осы Қағидалардың 175-тармағының 5), 6), 7) тармақшаларында көзделген деректер көрсетілмейді және әлеуетті өнім берушілерге біліктілік талаптарының сәйкестігін растау үшін және кәсіпкерлік бастаманы қолдау үшін олардың веб-порталдағы парағын құжаттармен толықтыруға немесе өтінімді түзетуге мүмкіндік беріледі.

      177. Ескертулерді жою уақыты дауыс беру хаттамасы жарияланған күннен кейінгі бірыңғай оператордың жұмыс күні сағат 9.00-де басталады және:

      1) елу және одан көп лотты сатып алу кезінде үш жұмыс күні;

      2) елуден кем лотты сатып алу кезінде екі жұмыс күні өткен соң бірыңғай оператордың жұмыс күні сағат 10.00-де аяқталады.

      178. Тендерде әлеуетті өнім берушілердің өтінімдеріне толықтыруларды бірыңғай дистрибьютордың тендерлік комиссиясы:

      елу лотқа дейін – үш жұмыс күні ішінде,

      елу және одан көп лот – бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      179. Ерекше сатып алу мақсаттары үшін тендер өткізу кезінде әлеуетті өнім берушілерге өтінімдерге толықтырулар ұсыну мүмкіндігі берілмейді.

      180. Бірыңғай дистрибьютор тендер өткізген және тендерлік комиссияда әлеуетті өнім берушілердің өтінімдеріне ескертулер болмаған жағдайда, сондай-ақ дауыс беру хаттамасынан кейін рұқсат беру хаттамасы жасалады, ол веб-порталда оның нөмірі, жарияланған уақыты, мәртебесі көрсетіле отырып жарияланады және мыналарды қамтиды:

      1) тендердің нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) тендерлік комиссияның әрбір мүшесінің өтінімді тұтастай немесе лот бойынша жіберу немесе қабылдамау, отандық тауар өндірушілерге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілеріне қолдау көрсету немесе кәсіпкерлік бастама туралы шешімдерін көрсете отырып, лоттар бөлінісінде тендерлік комиссияның дауыс беру нәтижелері;

      4) тендерлік комиссия хабарландырудың шарттарына немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты өтінімдерін қабылдамаған әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен лоттар;

      5) лот бойынша бәсекелестеріне Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілерін және (немесе) отандық тауар өндірушілерді немесе кәсіпкерлік бастаманы қолдау көрсетілуіне байланысты веб-портал өтінімдерін автоматты түрде қабылдамаған лоттар және әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      6) баға ұсыныстарының деректерін және берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкіндігін егжей-тегжейлі көрсете отырып, бәсекелестігі жоқ лоттар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілері немесе отандық тауар өндірушілер болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      7) тендерлік комиссия өтінімдерін хабарландырудың шарттары мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келеді деп таныған, баға ұсыныстарының деректері егжей-тегжейлі көрсетілген бәсекелестігі жоқ лоттар және әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      8) бәсекелес лоттар және аукционның бастапқы бағаларын көрсете отырып, өтінімдерін тендерлік комиссия аукционға жіберген әлеуетті өнім берушілердің атаулары.

      181. Рұқсат беру хаттамасы жарияланған соң бір жұмыс күнінен кейін өтінімдерде ұсынылған бағаларды төмендетуге аукцион өткізіледі.

      182. Өтінімдер болмаған, тендерлік комиссия барлық өтінімдерді қабылдамаған, лоттар бойынша немесе аукцион қорытындылары бойынша бәсекелестік болмаған кезде веб-портал автоматты түрде оның нөмірін, жарияланған уақыты мен мәртебесін көрсете отырып, қорытындылар хаттамасын қалыптастырады және жариялайды, онда:

      1) тендердің нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) "сатып алу өтті" немесе "сатып алу өтпеді" деген мәртебесін көрсете отырып, хабарландыруға сәйкес лоттардың тізбесі;

      4) лоттарды, аукционға қатысушылардың атауларын, аукцион қадамдарын беру уақыты мен мөлшерлерін көрсетілген аукцион нәтижелері;

      5) аукцион нәтижесінде веб-порталда өтінімдері автоматты түрде қабылданбаған екінші орын алғандарды қоспағанда, конкурстық лоттар және әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      6) осы баға ұсыныстарын егжей-тегжейлі көрсете отырып, бәсекелес лоттар мен аукциондағы тендер жеңімпаздары;

      7) баға ұсыныстарының деректерін егжей-тегжейлі көрсете отырып, аукционда екінші орын алған бәсекелес лоттар мен әлеуетті өнім берушілер;

      8) баға ұсыныстарының деректерін және берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкіндігін егжей-тегжейлі көрсете отырып, бәсекелес лоттар және отандық тауар өндірушілер немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілері болып табылатын тендер жеңімпаздарының атаулары.

      183. Веб-порталды пайдалануға мүмкіндік бермейтін немесе қателері бар хаттамаларды қалыптастыратын техникалық ақаулар туындаған кезде бірыңғай оператор бұл туралы хабарландыруды веб-порталдың тиісті бөлімінде дереу жариялайды, ол автоматты түрде барлық тендерге қатысушыларға тиісті хабарламаларды жібереді.

      Бұл ретте тендер мерзімдері техникалық ақаулықтарды жою үшін талап етілген уақытқа сәйкес жылжиды.

      Қателермен жарияланған хаттамаларды бірыңғай оператор веб-порталдан жоймайды және оларға "жарамсыз" мәртебесін береді. Қателерсіз жаңадан қалыптастырылған хаттаманы бірыңғай оператор "жарамды" мәртебесімен веб-порталда жариялайды.

      Хаттама ауыстырылған жағдайда веб-портал автоматты түрде тендерге қатысушыларға тиісті хабарлама жібереді.

      184. Тараптар шарттың бағасын төмендету туралы келіссөздер жүргізген жағдайларды қоспағанда, тендердің қорытындылары бойынша әрбір лот бойынша жеңімпаздармен шарттар жеке-жеке веб-порталда бес жұмыс күні ішінде жасалуға тиіс.

      Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне медициналық ұйымдарды жергілікті деңгейде материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен медициналық техниканы сатып алуды жүзеге асыру кезінде тендер қорытындыларының хаттамасы және жеңімпаздардың техникалық ерекшеліктері тендер қорытындылары шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторларға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендер жеңімпаздарының сатып алу шарттарын жасасуы үшін тапсырыс берушілерге жіберіледі.

      185. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға үміткер әлеуетті өнім беруші тендер нәтижелері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша толтырылатын тендерлік өтінімде объектінің денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен берілген дәрілік заттар үшін тиісті өндірістік практика стандартының (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты немесе медициналық бұйымдарға арналған ИСО 13485 сапа басқару жүйесі стандартының талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты ұсына отырып, берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға дайын лоттарды қосымша көрсетеді.

2-параграф. Әлеуетті өнім берушінің тендерге қатысуы

      186. Әлеуетті өнім беруші тендерлерге қатысу үшін веб-порталда оның пайдаланушысы ретінде тіркеледі және біліктілік талаптарына сәйкестігін растау және кәсіпкерлік бастаманы қолдау мақсатында мыналарды:

      1) веб-порталда көзделген нысан бойынша қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы туралы ақпаратты;

      2) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес алынған фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензияның және (немесе) медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның көшірмелерін;

      3) мынадай:

      объектінің және өндірістің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы;

      объектінің тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкестігі туралы;

      объектінің тиісті дәріханалық практика (GРP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттардың көшірмелері бар болған жағдайда;

      4) өтінім берілген күнге дейін күнтізбелік бір айдың ішінде "электрондық үкімет" веб-порталынан немесе "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасынан алынған, есепке алу мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің бар-жоғы туралы мәліметтерді өз парақшасында орналастырады және қажеттілігіне қарай өзектендіріледі.

      Веб-порталда хронологиялық тәртіппен әлеуетті өнім берушінің осы тармақта көзделген құжаттарды орналастыру уақыты мен күні көрсетіледі және оларды, оның ішінде өзектендірілгеннен кейін жоюға мүмкіндік бермейді.

      187. Тендер шеңберінде әлеуетті өнім беруші хабарландыру шарттарына сәйкес келуге тиіс бір тендерлік өтінімді ұсынады, онда:

      1) веб-порталда көзделген нысан бойынша баға ұсынысы;

      2) банк кепілдігі немесе төлем тапсырмасы түріндегі кепілдікті қамтамасыз ету;

      3) медициналық техниканы немесе фармацевтикалық қызметті сатып алған жағдайда техникалық ерекшелік.

      Фармацевтикалық қызметті көрсетуге бірлесіп орындаушыларды тарту туралы бүкіл ақпарат техникалық ерекшелікте көрсетіледі;

      4) тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі өткен жағдайда – егер тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі өткенге дейін Қазақстанға әкелінсе немесе оның аумағында өндірілген болса, дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның хабарландыруға сәйкес көлемде әкелінгенін немесе өндірілгенін растайтын құжат;

      5) медициналық техниканы беру жиынтығының құрамында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жиынтықтаушы болған жағдайда, тіркеу қажеттілігінің жоқ екенін растайтын сараптама ұйымының немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның хаты;

      6) өлшем құралдарына жататын медициналық техника берілген жағдайда техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган берген сертификаттың көшірмесі, егер медициналық техника өлшем құралдарына жатпайтын болса, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес техникалық құралдардың өлшем құралдарына тиесілігінің анықталғанын растайтын құжат қамтылады.

      188. Әлеуетті өнім беруші дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды беруге арналған баға ұсынысында:

      1) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінің деректеріне толық және дәл сәйкес келетін тіркеу куәлігінің нөмірі немесе дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды Қазақстан Республикасына әкелуге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның www.elicense.kz "электрондық үкімет" ақпараттық жүйесінің деректеріне толық және дәл сәйкес келетін рұқсатының (қорытындысының) нөмірін;

      2) саудалық атауын;

      3) қысқаша сипаттамасын;

      4) өлшем бірлігін;

      5) өндірушіні;

      6) өндіруші елін;

      7) бірлігі үшін бағаны көрсетеді.

      Медициналық техниканы сатып алған жағдайда қысқаша сипаттаманың орнына "қоса беріліп отырған техникалық ерекшелікке сәйкес" деген жазба қойылады.

      189. Жиынтықтағы дәрілік затты және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымды сатып алған жағдайда әлеуетті өнім беруші қосымша дәрілік затқа және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымға баға ұсынысында:

      1) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдардың мемлекеттік тізілімінің деректеріне сәйкес келетін тіркеу куәлігінің нөмірін немесе дәрілік затты және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелуге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның www.elicense.kz "электрондық үкімет" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес келетін рұқсатының (қорытындысының) нөмірі;

      2) саудалық атауы;

      3) қысқаша сипаттамасы;

      4) өлшем бірлігі;

      5) өндіруші;

      6) өндіруші елі көрсетіледі.

      190. Дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды оның белгілі бір санын тегін негізде беру шартымен сатып алған жағдайда әлеуетті өнім беруші қысқаша сипаттамасымен баға ұсынысының жолында осындай беру туралы тиісті жазба жасайды.

      Фармацевтикалық қызметті сатып алған жағдайда оның құны дәрілік заттың бағасына қатысты жеке жолдарда пайызбен және теңгемен көрсетіледі.

      191. Баға ұсынысының деректері бірдей және веб-порталда автоматты түрде жасалатын шарттардағы ашу және қорытындылар хаттамаларында көрсетіледі.

      192. Веб-портал әлеуетті өнім берушіге автоматты түрде:

      1) дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның бірлігі үшін бағаны хабарландырудағы лоттың бағасынан жоғары ұсынуға;

      2) әлеуетті өнім беруші ұсынған бірлік бағасына сүйене отырып, баға ұсынысының жалпы сомасын автоматты түрде есептей отырып, баға ұсынысында дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың санын өзгертуге;

      3) өтінімді ашқаннан кейін оны қайтарып алуға;

      4) хабарландыруда көзделген мерзім өткеннен кейін өтінім беруге мүмкіндік бермейді.

      193. Веб-портал әлеуетті өнім берушіге хабарлама жіберген кезде өтінім берілген болып есептеледі және әлеуетті өнім беруші оны ашқан сәтке дейін өзгертеді немесе кері қайтарып алады.

3-параграф. Кепілдікті қамтамасыз ету

      194. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету әрбір лотқа жеке енгізіледі және хабарландырудағы лот сомасының кемінде бір пайызын құрайды.

      195. Әлеуетті өнім беруші тендерге қатысуға өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді мынадай нысандардың бірінде ұсынады:

      1) төлемнің тағайындалуында тиісті лоттың нөмірін көрсетіп, өтінімге төлем тапсырмасының көшірмесін қоса бере отырып бірыңғай дистрибьютордың банктік шотына ақшалай жарна;

      2) банк денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банктің уәкілетті адамдарының электрондық цифрлық қолтаңбаларының көмегімен тікелей веб-порталда беретін электрондық банк кепілдігі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға өтінімдер берудің соңғы мерзіміне дейін банктік кепілдіктер журналында тіркеу үшін тендерлік комиссияның хатшысына ұсынылатын қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі.

      196. Бұл ретте банк кепілдігінің көшірмесі веб-порталдағы өтінімге қоса тіркеледі.

      197. Осы Қағидалардың 16-тарауында көзделген ерекше сатып алу кезінде өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету енгізілмейді.

      198. Әлеуетті өнім берушінің өтінімін кепілдікті қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі рұқсат беру хаттамасына немесе қорытындыларға сәйкес оны қабылдамаған не сатып алу жеңімпазы жасалған шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шараларын уақтылы ұсынған сәтте аяқталады.

      199. Кепілдікті қамтамасыз ету:

      1) әлеуетті өнім берушінің өтінімі қабылданбаған;

      2) жеңімпаз тендер қорытындысы бойынша жасалған шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шараларын уақтылы ұсынған;

      3) тендер немесе жеке лотты сатып алу тоқтатылған;

      4) тендер немесе жеке лотты сатып алу жарамсыз деп танылған;

      5) тұлға тендерге енгізілген, бірақ қатыспаған;

      6) төтенше жағдай жарияланған жағдайларда қайтарылады.

      200. Әлеуетті өнім берушінің өтінімі қабылданбаған жағдайда:

      1) веб-портал әлеуетті өнім берушіге және бірыңғай дистрибьюторға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ақшаны қайтару туралы хабарламаны веб-портал арқылы автоматты түрде жібереді, ал бірыңғай дистрибьютор бес жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушінің банктік шотына ақша аудару арқылы ақшалай жарнаны қайтаруды жүргізеді;

      2) веб-портал электрондық банк кепілдігін берген банкке және әлеуетті өнім берушіге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оның қолданылуын тоқтату туралы хабарламаны автоматты түрде жібереді;

      3) қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігін қайтаруды бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушінің өкіліне сенімхат және жеке басын куәландыратын құжат негізінде қолма-қол жүргізеді.

      201. Әлеуетті өнім берушінің өтінімін қабылдамау себебі бойынша кепілдікті қамтамасыз етуді қайтару мерзімі тиісті лот бойынша өтінімді қабылдамау туралы шешім көзделетін рұқсат беру хаттамасы немесе қорытындылар жарияланған күннен кейінгі күннен бастап есептеледі.

      202. Егер тендер жеңімпазы осы Қағидаларда көзделген мерзімдерді бұза отырып:

      1) шарт жасасудан бас тартса немесе жалтарса;

      2) шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шарасын ұсынбаса, өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету ұсталады.

      203. Бірыңғай дистрибьютор мына түрдегі кепілдікті қамтамасыз етуді ұстап қалған жағдайда:

      1) ақшалай жарна – веб-портал арқылы тендер жеңімпазына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ақшаны ұстап қалу туралы хабарлама жібереді;

      2) электрондық банктік кепілдік – веб-портал арқылы банкке және тендер жеңімпазына (мәлімет үшін) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оны төлеу туралы талапты жібереді;

      3) банктік кепілдік қағаз жеткізгіште – тендер жеңімпазына (мәлімет үшін) тапсырысты пошта хабарламасы арқылы оны төлеу туралы талапты жібереді.

      204. Банк кепілдігін төлеу туралы талап банкке оны төлеу негізі басталған күннен бастап жиырма банк күні ішінде қойылуы мүмкін.

4-параграф. Сараптама

      205. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган хабарландыруда дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың сипаттамаларға немесе техникалық ерекшеліктерге сәйкестігі тұрғысынан өтінімдерді сараптау үшін жеке қаржы жылына сарапшы немесе бейінді мамандықтар бойынша сарапшылар тізімін айқындайды.

      206. Сарапшылар веб-порталда өтінімдерді ашқанға дейін оны пайдаланушылар ретінде тіркеледі.

      207. Әлеуетті өнім беруші ұсынатын дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның жарнамадағы сипаттамасына немесе техникалық ерекшелігіне сәйкестігін айқындау үшін тендерлік комиссияның мүшесі веб-портал арқылы хатшыға дауыс беру хаттамасын жариялау мерзімі аяқталғанға дейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті лот бойынша сараптамалық қорытынды алу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.

      208. Тендерлік комиссияның хатшысы сараптамалық қорытындыны алу қажеттілігі туралы хабарламаны алғаннан кейін сатып алу веб-порталы арқылы тиісті сарапшыға лот бойынша сараптамалық қорытындыны ұсыну қажеттілігі туралы хабарламаны дереу жібереді.

      Сол лот бойынша тендерлік комиссияның басқа мүшесінен сарапшы қорытындысының қажеттілігі туралы хабарлама келіп түскеннен кейін сарапшыға қайта хабарлама жіберілмейді.

      209. Веб-портал сарапшы қол қойғаннан кейін сараптамалық қорытындыны тендерлік комиссияның мүшелеріне автоматты түрде жібереді. Сараптамалық қорытынды ұсынымдық сипатта болады.

      210. Тендерлік комиссияның мүшесі сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, оны назарға алмайды.

      211. Егер сараптамалық қорытынды әлеуетті өнім берушінің өтінімін қабылдамауға негіз болған жағдайда, оны тендерлік комиссияның хатшысы дауыс беру хаттамасымен бір мезгілде жариялайды.

      212. Тендерлік комиссия қажет болған жағдайда басқа тендерде күнтізбелік он екі ай ішінде ұсынылған сараптамалық қорытындыны пайдаланады.

5-параграф. Тендерлік комиссияның дауыс беру және шешім қабылдау тәртібі

      213. Тендерлік комиссияның мүшелері тендер жарияланған сәтте веб-порталда оны пайдаланушылар ретінде тіркеледі және қағаз жеткізгіште банктік кепілдікті қоспағанда, онда өтінімдерді тікелей қарайды, өтінім қабылданбаған жағдайда, оны осы Қағидалардың нормаларымен негіздей отырып, веб-порталда электрондық цифрлық қолтаңбалардың көмегімен шешім қою арқылы әлеуетті өнім берушінің өтініміне рұқсат беру немесе қабылдамау үшін дауыс береді.

      214. Тендерлік комиссияның мүшелері әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы және отандық тауар өндірушілерді және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілерін немесе кәсіпкерлік бастаманы қолдау туралы шешімдер қабылдау кезінде веб-порталда әлеуетті өнім берушінің парақшасындағы құжаттарды қарайды, ал өтінімнің хабарландыру шарттарына және осы Қағидалардың дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға қойылатын талаптарына сәйкестігі бөлігінде әлеуетті өнім беруші өтінімде ұсынған құжаттарды қарайды.

      215. Веб-портал осы Қағидаларға сәйкес негіздемесі бар өтінімге ескертулерді таңдауды қамтиды.

      Қажет болған жағдайда тендерлік комиссияның мүшесі өтінімге өзінің ескертуін оған веб-портал ұсынатын нұсқаларды пайдаланбай негіздейді.

      216. Комиссия мүшелерінің дауыстары өзара тең.

      Комиссияның шешімі тендерлік комиссияның дауыс берген мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

      Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      217. Дауыс беру хаттамасына қол қою дәлелді себептермен дауыс бермеген комиссия мүшелері есепке алынбай жүргізіледі.

      Дәлелді себеппен дауыс бермеген комиссия мүшесі тендерлік комиссияның хатшысына дауыс беруге қатысудың мүмкін еместігін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады.

      218. Комиссия мүшелерінің бірі оның шешімімен келіспеген жағдайда оның ерекше пікірі қорытындылар хаттамасына қоса беріледі.

      219. Дауыс беру хаттамасында веб-портал мынадай ықтимал мәртебелердің біреуі бойынша тендерлік комиссияның әрбір мүшесінің дауыс беру нәтижелерін автоматты түрде көрсетеді:

      1) "дауыс берген жоқ";

      2) "жіберілді";

      3) "қабылданбады", веб-порталдағы шешімге сәйкес себебі негізделеді.

      220. Комиссия өтінімін хабарландыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келеді деп таныған әлеуетті өнім беруші лот бойынша бәсекелестік болмаған кезде жеңімпаз деп танылады.

      221. Тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты мынадай негіздердің бірі бойынша өткізілмеді деп танылады:

      1) конкурстық өтінімдердің болмауы;

      2) әлеуетті өнім берушілердің барлық тендерлік өтінімдерін қабылдамау.

6-параграф. Өтінімді қабылдамау негіздері

      222. Әлеуетті өнім берушінің өтінімі:

      1) әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 14-тармағында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;

      2) веб-порталда заңды тұлға болып табылатын әлеуетті өнім берушінің парақшасында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша атқарушы органның шешімдер қабылдауына әсер ететін қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы туралы үзінді көшірме болмаған және (немесе) олардың ЖСН немесе БСН көрсетілмеген;

      3) әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптары және осы Қағидалар шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға қойылатын талаптар бойынша бұрыс ақпарат ұсынылған жағдайларда өтінім толығымен қабылданбайды.

      223. Әлеуетті өнім берушінің өтінімі:

      1) веб-порталда әлеуетті өнім берушінің парақшасында дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіру бойынша фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге және (немесе) есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға және (немесе) дәрілік заттарды көтерме саудада өткізуге арналған қолданыстағы лицензияның көшірмесі және (немесе) медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу бойынша қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар болмаған;

      2) баға ұсынысы ұсынылмаған немесе онда:

      баға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен саудалық атауына шекті бағадан асып түскен, ал бірыңғай дистрибьютор сатып алған жағдайда – әлеуетті өнім берушінің бағасына бірыңғай дистрибьютордың бекітілген үстеме бағасының қосылуы ескеріле отырып көрсетілген;

      тіркеу куәлігінің немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның әкелуге немесе өндіруге, оның ішінде жиынтықтағы дәрілік затқа және (немесе) медициналық бұйымға рұқсатының (қорытындысының) нөмірі көрсетілмеген;

      тіркеу куәлігінің немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның хабарландыру шарттарына сәйкес келмейтін әкелуге немесе өндіруге рұқсатының (қорытындысының) нөмірі көрсетілген;

      дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне сәйкес келмейтін немесе мемлекеттік тізілімде жоқ тіркеу куәлігінің нөмірі көрсетілген;

      іздеу жүйесінің көмегімен www.elicense.kz "электрондық үкіметтің" ақпараттық жүйесіндегі рұқсаттар бөлімінде табуға мүмкіндік бермейтін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның әкелуге немесе өндіруге рұқсатының (қорытындысының) нөмірі көрсетілген;

      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның әкелуге немесе хабарландырудағы көлемнен жеткіліксіз өндіруге рұқсаты (қорытындысы) көрсетілген;

      сауда атауы, сипаттамасы немесе өлшем бірлігі хабарландыру шарттарына, оның ішінде сараптамалық қорытындыға сәйкес келмеген;

      саудалық атауы, қысқаша сипаттамасы, өлшем бірлігі, өндірушісі немесе өндіруші елі көрсетілмеген немесе дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінің деректеріне сәйкес келмеген;

      медициналық техниканың немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің техникалық ерекшелігі хабарландырудағы техникалық ерекшелікке, оның ішінде сараптамалық қорытындыға сәйкес ұсынылмаған немесе сәйкес келмеген;

      фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің құны пайызбен немесе теңгемен көрсетілмеген;

      3) өтінімі кепілдікті қамтамасыз ету ұсынылмаған немесе:

      төлем тапсырмасында лот сомасының бір пайызынан кем сома немесе төлем тағайындалуында лоттың нөмірі көрсетілмеген;

      төлем тапсырмасы бойынша ақшалай жарна дауыс беру хаттамасын қалыптастыру кезінде бірыңғай дистрибьютордың банктік шотына түспеген;

      қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынылмаған немесе дауыс беру хаттамасы қалыптастырылғанға дейін журналда тіркеу үшін тендерлік комиссияның хатшысына ұсынылмаған жағдайларда лот бойынша қабылданбайды.

7-параграф. Аукцион

      224. Аукционға өтінімдерге толықтыруларды қарау қорытындылары бойынша дауыс беру хаттамасында тендерлік комиссия қатысуға рұқсат берген әлеуетті өнім берушілер қатысады.

      225. Аукцион өтінімдерге толықтыруларды қарау қорытындылары бойынша дауыс беру хаттамасы жарияланғаннан кейін бір жұмыс күнінен кейін бірыңғай оператордың жұмыс күні сағат 10.00-де басталады және веб-порталда нақты уақыт режимінде қашықтықтан өткізіледі.

      226. Веб-портал автоматты түрде және дереу аукционға қатысушыларға, тендерлік комиссияның мүшелері мен хатшысына аукционның басталғаны туралы хабарламаны жібереді және веб-порталда әрбір лот бойынша аукцион уақытының басталғаны туралы ақпаратты "Аукцион" бөлімінде көрсетеді.

      227. Аукцион аукционға қатысушылардың лот бойынша бағаны бастапқы бағадан бастап әлеуетті өнім берушілердің уәкілетті адамдарының электрондық цифрлық қолтаңбаларының көмегімен біртіндеп төмендету жолымен өткізіледі.

      Әлеуетті өнім берушінің өтініміндегі бағасы ең төмен, ал аукционға жіберілген бірнеше бәсекелестердің ең төмен бағасы сәйкес келген кезде – басқаларынан бұрын берілген өтінімдегі аукционның бастапқы бағасы баға ұсынысы болып табылады.

      Аукцион қадамы лот бойынша бәсекелестің аукцион уақыты басталған немесе бәсекелесі кезекті баға ұсынысын берген сәттен бастап отыз минут ішінде аукционның бастапқы немесе ең төменгі бағаны бір рет төмендету мүмкіндігін білдіреді.

      228. Аукцион қадамының уақытын есептеу бір лот бойынша аукционға жіберілген бәсекелестердің біреуі баға ұсынысын берген сәттен басталады.

      Веб-портал отыз минуттық уақытты аукцион қадамы аяқталғанға дейін минуттар мен секундтарды кері санау арқылы көрсетеді.

      229. Аукцион ең төменгі бастапқы бағадан бастап баға туралы ағымдағы ұсынысты ең төменгі бастапқы бағаның жарты пайызынан (0,5) бес пайызына дейін құрайтын аукцион қадамына төмендету арқылы өткізіледі. Аукциондағы лот бойынша қадамдар саны шектелмейді.

      Веб-портал аукционға қатысушыларға бағаны сәйкес келмейтін шамаға төмендетуге автоматты түрде мүмкіндік бермейді және бағаны төмендету үшін аукцион қадамының мөлшерін пайызбен немесе теңгемен таңдауды көздейді

      Аукционға қатысушы лот бойынша бәсекелестердің бірі баға ұсынысын бермес бұрын кезекті баға ұсынысын бере алмайды.

      230. Аукционды өткізу басталғаннан кейін отыз минут ішінде аукционға қатысушылардың бірде біреуі бастапқы бағаны төмендетуге баға ұсынысын бермесе, осы лот бойынша аукцион аяқталады және баға ұсынысы лот бойынша аукционның бастапқы бағасы ретінде қабылданған әлеуетті өнім беруші аукцион жеңімпазы болып танылады.

      Егер бірнеше әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы бастапқы баға үшін бірдей болса, өтінімі веб-портал арқылы ертерек берілген тұлға жеңімпаз болып анықталады.

      Сатып алу веб-порталы аукцион қорытындысы бойынша ең төменгі баға ұсынысын берген аукцион жеңімпазын автоматты түрде айқындайды.

      Аукцион жеңімпазы тендер жеңімпазы болып табылады.

      231. Веб-портал аукционға іс жүзінде қатысқан жеңімпаз бәсекелестерінің арасынан ғана жеңімпаздың бағасынан кейінгі ең төмен баға бойынша екінші орын алған әлеуетті өнім берушіні автоматты түрде айқындайды.

      232. Егер жеңімпаздың бағасынан кейін лот бойынша бірнеше бәсекелестің бағасы сәйкес келсе, бағаны бәсекелестерінен бұрын төмендеткен әлеуетті өнім беруші екінші орын алған болып анықталады.

14-тарау. Шетелдік немесе отандық тауар өндірушілерден, халықаралық фармацевтикалық ұйымдардан және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу

      233. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды:

      1) шетелдік немесе отандық тауар өндірушіден халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды;

      2) тендер тәсілімен сатып алу өтпеген жағдайда шетелдік тауар өндірушіден;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдар арқылы;

      4) тендер тәсілімен сатып алу өтпеген жағдайда халықаралық фармацевтикалық ұйымдардан сатып алу жүзеге асырылады.

      Кодекстің 246-бабының 1-тармағына сәйкес дәрілік заттардың саудалық атауы бойынша шетелдік тауар өндірушілермен, Халықаралық фармацевтикалық ұйымдармен және (немесе) Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдармен азаматтық-құқықтық шарт жасау жолымен дәрілік заттарды сатып алуға жол беріледі.

1-параграф. Шетелдік немесе отандық тауар өндірушіден халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тәртібі

      234. Шетелдік немесе отандық тауар өндірушіден халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік зат және (немесе) медициналық бұйым) сатып алуды ұйымдастыру және өткізу мынадай жүйелі іс-шараларды орындауды көздейді:

      1) бірыңғай дистрибьютор бірыңғай дистрибьютордың тізбесін алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін растау үшін сараптама ұйымына сұрау салу жібереді;

      2) сараптама ұйымы сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде халықаралық патенттелмеген атауын, дәрілік нысанын (сипаттамасын), өлшем бірлігін, тіркеу куәлігінің нөмірін, саудалық атауын, өндірушісін, мәртебесін (халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары бар немесе жоқ) көрсете отырып, Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін айқындайды және бірыңғай дистрибьюторға жібереді;

      3) бірыңғай дистрибьютор Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасында аналогтары жоқ шетелдік және (немесе) отандық дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндірушінің хабарландыру шарттары мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан өтінімін қарау үшін комиссия құрады және жоспарланатын қаржы жылына Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдерін өткізу туралы хабарландыру орналастырады.

      Бірыңғай дистрибьютордың шешімімен бекітілген жоспарланатын қаржы жылына Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдерін өткізу туралы хабарландыру бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында орналастырылады және мынадай мәліметтерді қамтиды:

      бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;

      халықаралық патенттелмеген атауы, дәрілік нысаны (сипаттамасы), өлшем бірлігі, өлшем бірлігі үшін шекті баға, өлшем бірлігі үшін сатып алу бағасы, сатып алудың көлемі, жалпы сомасы, тіркеу куәлігінің нөмірі, саудалық атауы, өндіруші, беру графигі көрсетілген, Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың тізбесі;

      бір көзден сатып алуға қатысуға өтінімдерді қабылдаудың аяқталатын күні, уақыты және орны;

      өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты және орны;

      4) бірыңғай дистрибьютор жоспарланатын қаржы жылына Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдерін өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде шетелдік және (немесе) отандық тауар өндірушілерді Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды өткізу туралы хабарландыру орналастырылғаны туралы электрондық пошта арқылы хабардар етеді;

      5) шетелдік және (немесе) отандық тауар өндіруші осы Қағидалардың 236, 237-тармақтарына сәйкес сатып алуға қатысу туралы өтінімді он жұмыс күні ішінде жібереді;

      6) комиссия Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың шетелдік және (немесе) отандық тауар өндірушісінің өтінімдерін хабарландыру шарттары мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жиырма жұмыс күні ішінде қарайды;

      7) сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың негізінде комиссия алдыңғы қаржы жылына Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің түпкілікті бағасын айқындау және аудио және бейне тіркеуді қолдана отырып, ақы төлеу шарттары бойынша шетелдік және (немесе) отандық тауар өндірушілермен келіссөздер жүргізеді.

      Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды шетелдік тауар өндірушіден сатып алу туралы шешім шарт шетел валютасында жасалған жағдайда бос ақша қаражаты қорының болуы ескеріле отырып қабылданады;

      8) Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің түпкілікті бағасын айқындау жөніндегі келіссөздер мен сатып алудың қорытындылары туралы хаттамалардың негізінде бірыңғай дистрибьютор берудің азаматтық-құқықтық шартын (келісімді), ал қолданыстағы беру шарты болған жағдайда отандық тауар өндірушімен немесе шетелдік тауар өндірушімен, шетелдік заңды тұлғаның филиалымен не Қазақстан Республикасында заңды тұлға ретінде тіркелген еншілес компаниямен немесе фармацевтикалық компанияның тобына кіретін және Қазақстан Республикасының аумағына дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды экспорттауға уәкілетті заңды тұлғамен үш жылға дейінгі мерзімге жоспарланатын қаржы жылына арналған қосымша келісім жасасады.

      235. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға шығарудың белгілі бір нысаны, белгілі бір дозасы және (немесе) шоғырлануы бар бір халықаралық патенттелмеген атауы бар дәрілік заттар, сондай-ақ белгілі бір сипаттамасы бар бір халықаралық патенттелмеген атауы Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде халықаралық патенттелмеген атауы бойынша тіркелген, оның ішінде бір өндірушінің әртүрлі өндірістік алаңдарында шығарылатын бір (жалғыз) сауда атауы бар медициналық бұйымдар жатады.

      Осы параграфқа сәйкес сатып алынатын, Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қатер төнген жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалардың 18-тармағының талаптарына сәйкес келеді.

      236. Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьюторға:

      1) халықаралық патенттелмеген атауы, дәрілік нысаны (сипаттамасы), өлшем бірлігі, өлшем бірлігі үшін бағасы, саны, жалпы сомасы, тіркеу куәлігінің нөмірі, саудалық атауы, өндірушісі, беру графигі, Инкотермс 2020 халықаралық қағидаларына сәйкес беру шарттары көрсетілген баға ұсынысы;

      2) отандық тауар өндіруші үшін – мемлекеттік тіркеу туралы анықтама, шетелдік тауар өндіруші үшін – шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасы бар шетелдік тауар өндіруші құжатының заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмесі не егер шетелдік тауар өндірушінің Қазақстан Республикасының аумағында өкілдігі (филиалы) болса, онда өкілдікті (филиалды) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік (анықтама) және өкілдік (филиал) туралы ереже;

      3) дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіруге және (немесе) өткізуге шетелдік тауар өндірушінің құқығын растайтын мемлекеттік немесе орыс тіліндегі аудармасын нотариат куәландырған құжаттардың: рұқсаттың (лицензияның), GMP немесе GDP сертификатының (бар болса) заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмелері;

      4) шетелдік және (немесе) отандық тауар өндіруші өкілінің сатып алуға қатысуға және беру шартын (келісімін) жасасуға өкілеттіктері туралы құжат ұсынылады.

      Егер өткен жылы шетелдік және (немесе) отандық тауар өндірушімен шарт қолданылған жағдайда, осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар ұсынылмайды.

      237. Шетелдік заңды тұлғаның филиалынан не Қазақстан Республикасында шетелдік тауар өндірушінің заңды тұлғасы ретінде тіркелген еншілес компаниядан немесе фармацевтикалық компанияның тобына кіретін және Қазақстан Республикасының аумағына дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды экспорттауға уәкілеттік берілген заңды тұлғадан сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдардың шетелдік тауар өндірушісінің шетелдік заңды тұлғаның филиалын не еншілес компаниясын құрғанын растайтын құжаттарды қосымша сұратады.

      238. Шетелдік тауар өндірушімен шетелдік валютада Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру шарты (келісімі) жасалған жағдайда өнім беру шартының бағасы соңғы келіссөздер күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша жоспарланатын қаржы жылы осы валютамен бекітіледі.

      Бұл ретте шарттың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша есептелген ұлттық валютадағы бағасы тиісті лот бойынша сатып алуға бөлінген сомадан және халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайды.

      239. Тапсырыс берушінің қосымша өтінімдері бойынша бір көзден алу тәсілімен сатып алу өнім беру шартында көрсетілген валютада тіркелген баға бойынша шетелдік тауар өндірушіден жүзеге асырылады.

      Бұл ретте тапсырыс берушілер үшін прайс-парақтағы баға валюта бағамына қарамастан тиісті қаржы жылына арналған сатып алу шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін өзгеріссіз қалады.

      240. Шетелдік немесе отандық тауар өндірушімен жасалған Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру шарты (келісімі) мынадай:

      1) халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және сипаттамасы бойынша тиісті қаржы жылы міндеттемелерді орындағаннан кейін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымның аналогтары Қазақстан Республикасында тіркелген;

      2) тараптардың бірі міндеттемелерді орындамаған немесе елеулі түрде тиісінше орындамаған жағдайларда;

      3) дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар бірыңғай дистрибьютордың тізбесінен алып тасталған жағдайларда бұзылуға тиіс.

      241. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру шарты (келісімі) жасалған не сатып алу өткізілмеді деп танылған кезден бастап тоқтатады.

      242. Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу мынадай:

      1) шетелдік және (немесе) отандық тауар өндірушілерден өтінімдер болмаған;

      2) комиссия осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін өтінімдерді қабылдамаған жағдайларда өтпеді деп танылады.

      243. Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 13-тарауына сәйкес сатып алуды жүргізеді.

2-параграф. Шетелдік тауар өндірушілерден және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдардан дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу тәртібі

      244. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу шетелдік тауар өндірушілерден және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдардан жүзеге асырылады және мынадай жүйелі іс-шаралардың орындалуын көздейді:

      1) бірыңғай дистрибьютордың шетелдік тауар өндірушілерге және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдарға электрондық пошта арқылы беру шартын (келісімді) жасасу мүмкіндігі тұрғысынан келіссөздер туралы шақырулар жіберу;

      2) шетелдік тауар өндірушілердің және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдардың шақыруда көрсетілген мерзім ішінде бірыңғай дистрибьюторға баға ұсынысын және техникалық ерекшелікті (өтініш бойынша) жіберу.

      Шақыруда көрсетілген мерзімде жауаптың болмауы сатып алуға қатысудан бас тарту ретінде бағаланады;

      3) бірыңғай дистрибьютордың шетелдік тауар өндірушілермен және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдармен өтінімдерді қарау және келіссөздер жүргізу үшін комиссия құруы;

      4) комиссияның шетелдік тауар өндірушілермен және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдармен баға ұсынысын алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде, ал ерекше сатып алу кезінде – келіссөздер туралы шақыруды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде келіссөздер жүргізуі.

      Келіссөздер, оның ішінде қашықтықтан, беру шартын (келісімін) жасасу мүмкіндігі, беру бағасы, мерзімдері және өзге де шарттары тұрғысынан аудио және бейне тіркеуді қолдана отырып жүргізіледі;

      5) шетелдік тауар өндірушілердің және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдардың осы параграфта көзделген құжаттарды келіссөздерден кейін бес жұмыс күні ішінде, ал ерекше сатып алу кезінде келіссөздерден кейін үш жұмыс күні ішінде ұсынуы;

      6) комиссияның шетелдік тауар өндірушілер және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдар ұсынған құжаттарды қарауы және сатып алу қорытындылары туралы хаттамамен ресімделетін сатып алудың жеңімпазы туралы шешімді құжаттарды алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде, ал ерекше сатып алу кезінде – құжаттарды алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде қабылдауы.

      Бәсекелестік болған кезде сатып алудың жеңімпазы туралы шешімді ең төмен баға және (немесе) қолайлы жеткізу графигі негізінде комиссия қабылдайды;

      7) комиссияның түпкілікті бағаны және берудің қолайлы графигін айқындау бойынша аудио және бейне тіркеуді қолдана отырып, шетелдік тауар өндірушімен және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйыммен сатып алу қорытындылары туралы хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, ал ерекше сатып алу кезінде – сатып алу қорытындылары туралы хаттама ресімделген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде келіссөздер жүргізуі;

      8) халықаралық фармацевтикалық ұйыммен және (немесе) шетелдік тауар өндірушімен, шетелдік заңды тұлғаның филиалымен не Қазақстан Республикасында заңды тұлға ретінде тіркелген еншілес компаниямен немесе фармацевтикалық компания тобына кіретін, Қазақстан Республикасының аумағына дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды экспорттауға уәкілеттік берілген заңды тұлғамен үш жылға дейінгі мерзімге азаматтық-құқықтық беру шартын (келісімін) немесе жеке қаржы жылына үш жылға дейінгі мерзімге жасалған қолданыстағы беру шартына (келісіміне) он жұмыс күні ішінде қосымша келісімді жасасуы;

      9) жасалған беру шарты (келісімі) бойынша міндеттемелерді оның қолданылу мерзімі ішінде орындауы.

      245. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды осы Қағидалардың 16-тарауында көзделген шетелдік тауар өндірушілерден және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдардан ерекше сатып алу кезінде осы Қағидалардың 244-тармағының 2) тармақшасы қолданылмайды.

      246. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьюторға мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) баға ұсынысы, онда:

      тіркеу куәлігінің немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге рұқсатының (қорытындысының) нөмірлері;

      саудалық атауы;

      сипаттамалары;

      өлшем бірліктері;

      саны;

      бірлігі үшін бағасы;

      жалпы сомасы;

      беру графигі;

      Инкотермс 2020 халықаралық қағидаларына сәйкес беру шарттары көрсетіледі;

      2) шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасы бар шетелдік тауар өндіруші және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйым құжатының заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмесі, егер шетелдік тауар өндірушінің және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында өкілдігі (филиалы) болса, онда өкілдікті (филиалды) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік (анықтама) және өкілдік (филиал) туралы ереже;

      3) дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіруге және (немесе) өткізуге шетелдік тауар өндірушінің және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымның құқығын растайтын мемлекеттік немесе орыс тіліндегі аудармасымен нотариат куәландырған құжаттардың: рұқсаттың (лицензияның), GMP немесе GDP сертификатының (бар болса) заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмелері;

      4) шетелдік тауар өндіруші және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйым өкілінің сатып алуға қатысуға және беру шартын (келісімін) жасасуға өкілеттіктері туралы құжат ұсынылады.

      Егер өткен жылы шетелдік тауар өндірушімен және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйыммен шарт қолданылған болса, осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар ұсынылмайды.

      Осы тармақта көзделген құжаттарды ұсынбау беру шартын (келісімді) жасасудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      247. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды тапсырыс берушінің қосымша өтінімдері бойынша сатып алу шетелдік тауар өндірушіден және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымнан бір көзден алу тәсілімен өнім беру шартында көрсетілген валютада белгіленген баға бойынша жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың нормалары осы Қағидалардың 16-тарауында көзделген ерекше сатып алу кезінде қолданылмайды.

      248. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды шетелдік тауар өндірушіден және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымнан сатып алу кезінде беру туралы шартта (келісімде) көзделген сома мөлшерінде алдын ала ақы төлеуге жол беріледі.

      Бұл ретте тапсырыс берушілер үшін прайс-парақтағы баға тиісті қаржы жылына сатып алу шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін валюта бағамына және шетелдік тауар өндіруші және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйым ұсынатын жеңілдікке қарамастан өзгеріссіз қалады.

      249. Шетелдік тауар өндірушімен және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйыммен шетел валютасында беру шарты (келісімі) жасалған жағдайда оның бағасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өнім беру шарты (келісімі) жасалған күнге белгілеген бағам бойынша жоспарланатын қаржы жылына осы валютада тіркеледі.

      Бұл ретте шарттың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша есептелген ұлттық валютадағы бағасы тиісті лот бойынша сатып алуға бөлінген сомадан және бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасын ескере отырып, халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайды.

      250. Шетелдік тауар өндірушімен және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйыммен өнім беру шарты (келісім):

      1) тараптардың бірі міндеттемелерді орындамаған немесе елеулі түрде тиісінше орындамаған;

      2) бірыңғай дистрибьютордың тізбесінен дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар алып тасталған жағдайларда бұзылуға тиіс.

      251. Комиссия өнім беру шарты (келісімі) жасалған не сатып алу өткізілмеді деп танылған сәттен бастап өз қызметін тоқтатады.

3-параграф. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу тәртібі

      252. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйымдар арқылы сатып алуды жүзеге асырады.

      253. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның тапсырмасы бойынша:

      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп туындаған жағдайларда;

      2) орфандық ауруларды емдеу үшін бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне кірмейтін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуға жол беріледі.

      Бұл ретте бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне кірмейтін, осы тармақта көзделген жағдайларда сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді және дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың сипаттамаларын, сондай-ақ дәрілік заттар үшін – халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын, медициналық бұйым үшін – атауын немесе құрамын көрсетуді қамтиды.

      254. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйым арқылы сатып алуды жүзеге асыру кезінде ол дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның бағасын, сондай-ақ беруге байланысты барлық шығыстарды өтеу үшін қажетті, бірақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан аспайтын қосымша алымдарға арналған шығындарды көрсете отырып, баға ұсынысын береді.

      255. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйым арқылы сатып алынған дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беруді жүзеге асыру кезінде осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген талаптар қойылмайды.

      256. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйым арқылы сатып алу кезінде өнім беру туралы шартта (келісімде) көрсетілген сома мөлшерінде алдын ала төлеуге жол беріледі.

      Бұл ретте тапсырыс берушілер үшін прайс-парақтағы баға тиісті қаржы жылына арналған сатып алу шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйым ұсынатын валюта бағамы мен жеңілдікке қарамастан өзгеріссіз қалады.

      257. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық ұйым арқылы беру кезінде берумен байланысты ілеспе қызметтер көрсету үшін үшінші тұлғаларды тартуға жол беріледі.

15-тарау. Веб-портал арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алу 1-параграф. Сатып алу веб-порталы арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру негіздемесі

      258. Дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды бір көзден алу тәсілімен сатып алу өнім берушіден қолданыстағы өнім беру шарты немесе берудің ұзақ мерзімді шарты бойынша сатып алу веб-порталы арқылы:

      1) ағымдағы қаржы жылы ішінде қажеттілік ұлғайған кезде;

      2) төмендемейтін қорды қалыптастыру немесе толықтыру үшін;

      3) инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін;

      4) төтенше жағдайларды болғызбау және олардың салдарын жою үшін жүзеге асырылады.

      259. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық бұйымдар үшін ИСО 13485 сапаны басқару жүйесінің стандартына сәйкес өнім беруші веб-портал арқылы және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарына сәйкес толық өндірілгенін немесе жеткілікті қайта өңделгенін растайтын, сондай-ақ тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес дәрілік заттарды өндіруге арналған сертификатты "СТ-KZ" ішкі айналысы үшін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың шығу тегі туралы сертификатты ұсынған кезде тиісті қаржы жылына арналған беру шарттарын, берілетін дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға медициналық бұйымдарды өндіруге арналған сертификатты бірыңғай дистрибьютор әрбір қаржы жылы дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алуды оның қолданылу мерзімі ішінде тиісті қаржы жылына дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың көлемін, бағасын, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді және беру шарттарын көрсете отырып, сатып алуды жүзеге асырады.

2-параграф. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

      260. Веб-портал арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алу мынадай іс-шараларды көздейді:

      1) бірыңғай дистрибьютордың қолданыстағы өнім беру шарты немесе тиісті негіздемесі бар берудің ұзақ мерзімді шарты бойынша өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдауы;

      2) өнім берушіге бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы хабарламаны және өнім беру шартына немесе өнім берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісімнің жобасын жіберу;

      3) қорытындылар туралы хаттаманы бір көзден алу тәсілімен веб-порталда орналастыру;

      4) өнім берушінің мүмкіндіктеріне сәйкес оның өнім беру шартына немесе берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісімнің жобасына беру бағасы, мөлшері және беру мерзімдері бөлігінде өзгерістер енгізуі;

      5) екінші тарап ұсынған беру талаптарымен келіспеген кезде тараптардың бірінің тиісті негіздемесі бар хабарлама жіберу арқылы беру шартына немесе берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісім жасасудан бас тартуы;

      6) тараптар өнім беру шартына немесе өнім берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісіммен келіскен кезде оған электрондық цифрлық қолтаңбалардың көмегімен қол қою.

      261. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу рәсімін тараптар өнім берушіге бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу туралы хабарлама және өнім беру шартына немесе берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісімнің жобасы жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аяқтауға тиіс.

      Олай болмаған жағдайда сатып алу өтпеген болып есептеледі және уақыт өткен соң веб-портал сатып алуға "өткен жоқ" деген мәртебе береді.

      262. Веб-портал қол қойылған өнім беру шартына немесе берудің ұзақ мерзімді шартына қосымша келісімге автоматты түрде нөмір береді және екінші тараптың қол қою уақыты мен күні бойынша оны жасасу уақытын көрсетеді.

      263. Өнім беру шартына немесе берудің ұзақ мерзімді шартына әрбір қосымша келісім қаржы жылына арналған беру туралы қосымшаның жаңартылған редакциясын көздейді.

16-тарау. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды ерекше сатып алу

      264. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды ерекше сатып алу:

      1) инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу;

      2) төтенше жағдайларды болғызбау және олардың салдарын жою мақсатында жүзеге асырылады.

      265. Ерекше сатып алуды өткізу туралы жазбаша тапсырманы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бірыңғай дистрибьюторға жібереді, онда:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі мен саны;

      2) қаржыландыру көзі айқындалады.

      266. Ерекше сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) өнім берушілерден қолданыстағы шарттар немесе ұзақ мерзімді шарттар бойынша бір көзден алу тәсілімен;

      2) осы Қағидалардың 13-тарауына сәйкес өтінімдерді толықтыру мүмкіндігінсіз тендер тәсілімен өткізіледі.

      Бұл ретте тендерлер шексіз мәрте өткізілуі мүмкін;

      3) осы Қағидалардың 14-тарауының 2-параграфына сәйкес шетелдік тауар өндірушілерде және (немесе) халықаралық фармацевтикалық ұйымдарда жүргізіледі.

      267. Ұсынылатын дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды беру мерзімдері мен саны келіссөздердің нысанасы, ал егер ұсынылатын шарттар комиссияны қанағаттандырмаса, өтінімді қабылдамауға негіз болып табылады.

      268. Өнім беру шарттарында (келісімдерде) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша шарт бағасының жүз пайызына дейінгі мөлшерде алдын ала ақы төлеуге жол беріледі.

17-тарау. Дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту ниеті бар әлеуетті өнім берушілер арасында берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға арналған конкурс

      269. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға конкурс өткізу мақсатында бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілердің дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу жөніндегі өтініштерін ескере отырып, номенклатура жобасын қалыптастырады және оны Кодекстің 264-бабының 2-тармағына сәйкес жұмыс істейтін формулярлық комиссияның қарауына жібереді.

      Формулярлық комиссия мақұлдағаннан кейін бірыңғай дистрибьютор жыл сайын 1 қыркүйектен кешіктірмей номенклатураның жобасын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға келісуге жібереді.

      270. Номенклатура жобасы конкурс өткізілетін жылға қолданыстағы дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің бұрын жасалған ұзақ мерзімді шарттарының болуын немесе болмауын көрсете отырып, әлеуетті өнім берушілердің өтініштерінен дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың атауларын қамтиды.

      Номенклатураға екі және одан да көп отандық тауар өндірушілер тіркеген дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар, сондай-ақ жасалған берудің ұзақ мерзімді шарты бар дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар енгізілмейді.

      271. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган формулярлық комиссия мақұлдаған дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар номенклатурасының жобасын алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын, техникалық сипаттамасын, дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың әрбір атауы бойынша беру кезеңінің ұзақтығын көрсете отырып, номенклатураның жобасын келіседі не тиісті негіздемені көрсете отырып, келісуден бас тартады.

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісілгеннен кейін номенклатураның жобасын бірыңғай дистрибьютор бекітеді.

      272. Берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға конкурс өткізу үшін бірыңғай дистрибьютор конкурстық комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.

      273. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды, кемінде тоғыз адамды құрайды және төрағадан, төрағаның орынбасарынан және мүшелерден:

      1) индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті органның фармацевтикалық өнеркәсіпке жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес қызметкерлерден (келісу бойынша);

      2) инвестицияларды тарту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес қызметкерлерден (келісу бойынша);

      3) сараптама ұйымының дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мамандандырылған сараптамасы мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелердің басшыларынан төмен емес қызметкерлерінен (келісу бойынша);

      4) бірыңғай дистрибьютордың құрылымдық бөлімшелер басшыларынан төмен емес қызметкерлерінен;

      5) "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінен және (немесе) өкілдерінен (келісу бойынша);

      6) денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлерінен және (немесе) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жанындағы арнайы мониторингтік топтардың мүшелерінен (келісім бойынша) тұрады.

      274. Бірыңғай дистрибьютордың басшысы комиссияның төрағасы болып тағайындалады.

      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, оның отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Комиссия төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.

      275. Комиссия өз қызметін берудің ұзақ мерзімді шарты жасалған немесе берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға конкурс өткізілмеді деп танылған кезден бастап тоқтатады.

      276. Комиссия хатшысы бірыңғай дистрибьютор қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады, ол комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.

      Комиссия хатшысы:

      1) әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды;

      2) келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдарын жүргізеді;

      3) комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдарды дайындайды;

      4) комиссия отырысының хаттамаларын ресімдейді.

      277. Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдары тігілуі, беттері нөмірленуі, соңғы парағы бірыңғай дистрибьютордың уәкілетті адамының қолымен расталуы тиіс.

      Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдарында әлеуетті өнім берушілердің өтінімдер салынған конверттерді ұсыну уақыты мен күні, әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің (өтінім салынған конвертті ұсынған және конверттерді ашу рәсіміне қатысатын адамның) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі.

      278. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.

      279. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.

      280. Комиссия арнайы білімді және (немесе) техникалық танымды талап ететін мәселелер бойынша өтінімнің конкурс талаптарына сәйкестігін бағалау үшін тиісті салалардан сарапшыны (сарапшыларды) тартады.

      281. Комиссия шешім қабылдаған кезде сарапшының дауыс беруге құқығы болмайды.

      282. Сараптамалық қорытынды ұсынымдық сипатта болады және өтінімдерді бағалау кезінде ескеріледі.

      Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресімделеді, оған сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.

      283. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілердің өтінімдер берудің соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн қалғанда өзінің интернет-ресурсында берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға конкурс өткізілетіні туралы хабарландыруды мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырады.

      284. Берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;

      2) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы және олардың техникалық сипаттамалары көрсетілген дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың номенклатурасы (лоттың нөмірін көрсете отырып);

      3) берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың аяқталу күні, уақыты және орны;

      4) өтінімдер салынған конверттерді ашу күні, уақыты және орны.

      285. Берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін комиссияның хатшысына мынадай құжаттар тізбесіне сәйкес өтінім береді:

      1) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың атаулары көрсетілген және өтінімге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қоса берілетін құжаттардың тізімдемесі қоса берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша конкурсқа қатысуға арналған өтінім;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      3) заңды тұлға жарғысының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, сондай-ақ құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі ұсынылады);

      4) техникалық-экономикалық негіздеме немесе бизнес-жоспар, ол мынадай бөлімдерден тұрады:

      инвестициялық жобаның мақсаты және операторы туралы ақпарат;

      инвестициялық жобаның құны және қаржыландыру көздері туралы ақпарат;

      Қазақстан Республикасында және (немесе) басқа да елдерде дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды тіркеу туралы ақпарат, сондай-ақ тіркеу куәлігінің нөмірлері мен күндері көрсетілген өндірілетін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың тізімі;

      өндіру жоспарланатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың тізімі;

      өнімді өткізу бағдарламасын қоса алғанда, коммерциялық бөлім; технологияның сипаттамасын қоса алғанда техникалық бөлім мен сипаттамасы бар технологиялық жабдықтың тізбесі;

      экологиялық бөлім;

      қаржы бөлімі;

      әлеуметтік-экономикалық бөлім;

      жобалық тәуекелдер туралы ақпарат;

      дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері және кезеңдері туралы ақпарат;

      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар өндірісін құру және (немесе) жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны іске асырудың тоқсан сайынғы графигі;

      әрбір атауы бойынша дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру кезеңінің басталу күндері туралы ақпарат;

      инфрақұрылым туралы ақпарат;

      5) конкурсты хабарлаған күннің алдында бір айдың ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы арқылы алынған, есепке алу мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің бар-жоғы туралы мәліметтер.

      286. Өтінімдер дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды шығару бойынша әртүрлі өндірістік желілерге ұсынылған жағдайда техникалық-экономикалық негіздемедегі және (немесе) бизнес-жоспардағы ақпарат әрбір өндірістік желі бойынша бөлек көрсетіледі.

      287. Өтінімді әлеуетті өнім беруші екі конвертте – түпнұсқаны және көшірмені жабық күйде, тігілген, беттерін нөмірлеп ұсынады, соңғы бетін әлеуетті өнім берушінің уәкілетті адамы қолтаңбасымен растайды.

      Түпнұсқасы және көшірмесі, әлеуетті өнім берушінің атауы мен заңды мекенжайы көрсетілген конверттер бірыңғай дистрибьюторға хабарландыруда көрсетілген мекенжай бойынша жіберілуге, "Берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурс" және "___________ дейін ашпаңыз (хабарландыруда көрсетілген конверттерді ашу күні мен уақыты көрсетіледі)" деген сөздерді қамтуға тиіс.

      288. Әлеуетті өнім беруші өтінімді ұсыну мерзімі өткенге дейін өз өтінімін өзгерте немесе кері қайтара алады.

      Әлеуетті өнім берушінің өтінімді қайтарып алу туралы хабарламасы бірыңғай дистрибьюторға жазбаша нысанда, бірақ өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімінен кешіктірілмей жіберілуге тиіс.

      289. Комиссия хатшысы:

      1) өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін ұсынылған;

      2) жабылмаған;

      3) бір конвертте ұсынылған өтінімдерді қабылдамайды.

      290. Комиссия хатшысы:

      1) лот нөмірлері көрсетілмеген;

      2) беттері тігілмеген және (немесе) нөмірленбеген;

      3) соңғы парағын уәкілетті тұлға растамаған өтінімдерді қайтарады.

      Өтінімдер табылған (конверттерді ашқан) кезде әлеуетті өнім берушінің уәкілетті тұлғасына қайтарылады.

      Конверттерді ашу рәсімі кезінде әлеуетті өнім берушінің уәкілетті тұлғасы болмаған жағдайда комиссия хатшысы өтінімді пошта жөнелтілімі арқылы қайтарады.

      291. Комиссия түпнұсқа деп көрсетілген өтінімдер салынған конверттерді хабарландыруда көрсетілген уақытта және жерде аудио және бейне тіркеуді қолдана отырып ашады.

      292. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде қатыса алады.

      Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері комиссияға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімін жазу үшін пайдаланатын аудиожазба мен бейнетүсіру техникалық құралдары туралы хабарлайды.

      293. Өтінімдер салынған конверттерді ашқан кезде комиссия хатшысы қатысушы адамдарға конкурсқа қатысып отырған әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен мекенжайын және әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде берілген лоттардың нөмірлерін жариялайды.

      Бұл ақпарат өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасында көрсетіледі, ол конверттерді ашу күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында жарияланады.

      294. Комиссия хатшысы конверттерді ашу рәсімінен кейін үш жұмыс күні ішінде индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті органға өтінімдердің көшірмелерін көрсете отырып, конверттерді жібереді.

      295. Индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті орган өтінімдердің көшірмелерін алған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға инвестициялық жобаның орындылығы немесе орынсыздығы туралы салалық қорытындыны комиссияның қарауы үшін жібереді.

      296. Салалық қорытынды техникалық-экономикалық негіздеме және (немесе) бизнес-жоспар негізінде мынадай өлшемшарттар: жобаны пысықтау дәрежесі, қаржыландыру көздері, тиісті нысаналы мақсаты бар жер учаскесімен қамтамасыз етілуі бойынша беріледі.

      297. Комиссия ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкессіздігін анықтаған жағдайда мұндай әлеуетті өнім берушілерге бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына ескертулер хаттамасы орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінімдерді сәйкес келтіру құқығын береді.

      298. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерге толықтыруларды оларды ашқан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды, қорытындысы бойынша рұқсат беру хаттамасына қол қойылады және жарияланады.

      300. Өтінімдерінде сәйкессіздіктері бар әлеуетті өнім берушілер, сондай-ақ ең жоғары баға жеңілдігін айқындау рәсімін өткізу уақыты мен орны туралы мәліметтерді қамтитын ескертулер хаттамасы индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті органның салалық қорытындысы алынған күннен кейін келесі күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жасалады.

      301. Осы тараудың талаптарына сәйкес кері қайтарылмаған екі және одан да көп өтінім ұсынылған (лотта бәсекелес орта болған жағдайда) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың атаулары бойынша жеңімпазды комиссия балдық жүйемен айқындайды.

      302. Дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар өндірісін құру ниеті бар әлеуетті өнім берушілердің өтініміне мынадай бағалау өлшемшарттары (балдық жүйе) қолданылады:

      1) инвестициялық жобаны іске асыруды толық өтейтін қаржы құралдарының болуын растау:

      инвестициялық жобаның іске асырылуын толық өтейтін өзінің қаржы қаражаты (әлеуетті өнім берушінің шотында тиісті қаржы қаражатының бар-жоғы туралы банктің анықтамасы, актілермен және (немесе) қаржылық құжаттармен расталған мүлікті сатып алу-сату шарты) – 2 балл;

      инвестициялық жобаның іске асырылуын толық өтейтін тартылатын қаражат (қарыз берушінің осындай қаражатының бар екенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, қарыз қаражаты шарты, кредиттік лимит беру туралы шарт) – 1 балл;

      2) дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар өндірісін құру үшін пайдаланылатын жер учаскесінің бар-жоғын растау – 1 балл:

      меншігінде (инвестициялық жобаға сәйкес келетін пайдалану мақсаты көрсетілген жер учаскесіне акт, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және конкурс жарияланған күннен кейін берілген оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама)

      немесе

      жалдауда, сенімгерлік басқаруда, уақытша жер пайдалануда (инвестициялық жобаға сәйкес келетін нысаналы мақсаты көрсетілген жер учаскесіне акт) немесе жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның оң шешімі – 2 балл;

      3) құрылысқа жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптама қорытындысының болуы – 1 балл;

      4) техникалық-экономикалық негіздемеге және/немесе бизнес-жоспарға сәйкес дәрілік заттарды және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге арналған технологиялық жабдықтың бар екендігін растау (технологиялық жабдықтың меншік құқығында (өзге де заттық құқық) болуын растайтын құжат) – 2 балл;

      5) мәлімделген өнімге ғылыми-технологиялық бастаманы растау:

      дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған технологиялар трансфері (қаржылық және коммерциялық бөлікті қоспағанда, технологиялар трансфері туралы шарт) – 2 балл;

      дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың меншікті әзірлемелері (дәрілік заттарға арналған меншікті фармацевтикалық әзірлемелерін растайтын құжат және медициналық бұйымдарға арналған патент) – 3 балл;

      6) ғылыми-зерттеу институттарымен (Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары), зертханалармен, "Ғылым қоры" акционерлік қоғамымен әлеуетті өнім беруші үшін бірлескен әзірлемелерге және (немесе) кадрлар даярлауға арналған келісімнің және (немесе) меморандумның болуы – 1 балл.

      303. Дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар өндірісін жаңғырту ниеті бар әлеуетті өнім берушілердің өтініміне мынадай бағалау өлшемшарттары (балдық жүйе) қолданылады:

      1) инвестициялық жобаның іске асырылуын толық өтейтін қаржы құралдарының болуын растау:

      инвестициялық жобаның іске асырылуын толық өтейтін өзінің қаражаты (әлеуетті өнім берушінің шотында тиісті қаражаттың бар-жоғы туралы банктің анықтамасы, актілермен және/немесе қаржы құжаттарымен расталған мүлікті сатып алу-сату шарты) – 2 балл;

      инвестициялық жобаның іске асырылуын толық өтейтін тартылатын қаражат (қарыз берушінің осындай қаражатының бар екенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, қарыз қаражаты шарты, кредиттік лимит беру туралы шарт) – 1 балл;

      2) әлеуетті өнім берушінің немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) Қазақстан Республикасының аумағында бес жылдан астам фармацевтикалық өндіріс тәжірибесі (дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды өндіруге рұқсат беретін лицензия немесе құжат) – 1 балл;

      3) белгіленген тәртіппен берілген қолданыстағы индустриялық сертификаттың болуы – 0,5 балл

      4) GMP (дәрілік заттар үшін), ISO 13485 (1-2А сыныпты, стерильденбеген медициналық бұйымдар үшін) сертификатының болуы – 0,5 балл;

      5) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген тіркеу куәлігінің болуы – 1 балл;

      6) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың экспортына келісімшарттардың болуы – 1 балл;

      7) мәлімделген өнімге ғылыми-технологиялық бастаманы растау:

      дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған технологиялар трансфері (қаржылық және коммерциялық бөлікті қоспағанда, технологиялар трансфері туралы шарт) – 2 балл;

      дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың өз әзірлемелері (дәрілік заттарға өз әзірлемелерін растайтын құжат және медициналық бұйымдарға патент) – 3 балл;

      8) ғылыми-зерттеу институттарымен (Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары), зертханалармен, "Ғылым қоры" акционерлік қоғамымен әлеуетті өнім беруші үшін бірлескен әзірлемелерге және (немесе) кадрлар даярлауға арналған келісімнің және (немесе) меморандумның болуы – 1 балл.

      304. Балл алу үшін барлық құжаттардың түпнұсқалары немесе нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылады.

      305. Қағидалардың осы тарауының талаптарына сәйкес келетін және осы Қағидалардың 302 және 303-тармақтарында көзделген әрбір бағалау өлшемшарттары бойынша балдарды қосу арқылы өтінімде көрсетілген лоттар бойынша ең көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      306. Бір лот бойынша бірнеше әлеуетті өнім берушінің балы тең болған жағдайда комиссия жеңімпазды ең жоғары бағалық жеңілдік бойынша айқындайды.

      307. Егер ұзақ мерзімді шарттар жасасуға конкурс жарияланғаннан кейін тендер жарияланса және өткізілсе, оның қорытындылары бойынша тендер жеңімпазымен конкурстағыдай дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды берудің ұзақ мерзімді шартын жасау мүмкін болған жағдайда, оған әлеуетті өнім беруші сол бір дәрілік затқа және (немесе) медициналық бұйымға конкурстық өтініммен қатысқан жағдайда, тендер жеңімпазымен ұзақ мерзімді шарт конкурс қорытындылары шығарылғанға дейін жасалмайды.

      308. Конкурс қорытындылары бойынша жеңімпаз анықталған жағдайда конкурс жеңімпазымен ұзақ мерзімді шарт жасалады.

      309. Ұзақ мерзімді шарттар жасасуға арналған тендерден кейін жарияланған конкурстағыдай дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды сатып алуға тендер жарияланған және берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға болатын тендер жеңімпазын анықтаған жағдайда ұзақ мерзімді шарт тендер жеңімпазымен жасалады, ал тиісті лот бойынша бірыңғай дистрибьютор конкурстың күшін жояды.

      310. Ең жоғары шартты бағалық жеңілдікті айқындау рәсімі ескертулер хаттамасында көрсетілген уақытта және орында жүргізіледі.

      Шартты бағалық жеңілдіктің ең төмен қадамы үш пайызды құрайды.

      Әлеуетті өнім берушінің бастапқы бағалық жеңілдігі бірінші басшы немесе осындай бағалық жеңілдікке қол қоюға уәкілетті адам қол қойған лот бойынша бағалық жеңілдікті көрсете отырып, жазбаша ұсынылады.

      Әлеуетті өнім беруші қандай да бір лот бойынша бастапқы бағалық жеңілдікті ұсынбаған жағдайда әлеуетті өнім беруші осы лот бойынша түпкілікті бағалық жеңілдікті ұсыну мүмкіндігінен айырылады және тиісті лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсіміне қатысудан шеттетіледі.

      311. Егер тиісті лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсімінен шеттету нәтижесінде бір ғана әлеуетті өнім беруші қалса, ол жеңімпаз болып танылады.

      Лот бойынша екі және одан да көп бірдей баға жеңілдіктері болған кезде конкурсқа қатысуға өтінімді бірінші болып ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      312. Комиссия хатшысы әлеуетті өнім берушілер ұсынған барлық шартты бағалық жеңілдіктерді, оның ішінде лот бойынша ең жоғары шартты бағалық жеңілдікті хабарлайды және оларға бастапқы шартты бағалық жеңілдікті ұлғайтуды ұсынады.

      Түпкілікті шартты бағалық жеңілдіктерді қабылдау уақыты комиссия хатшысы осындай баға жеңілдіктерін қабылдаудың басталғаны туралы хабарлаған сәтінен бастап бес минутты құрайды.

      313. Егер бастапқы бағалық жеңілдікті ұсынған әлеуетті өнім беруші түпкілікті бағалық жеңілдікті ұсынбаса, комиссия оның бастапқы бағалық жеңілдігін түпкілікті ретінде қабылдайды.

      314. Комиссия:

      1) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін өтінім ұсынылған;

      2) осы Қағидаларда белгіленген инвестициялық жобаны іске асырудың мерзімі асырылған;

      3) индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті органның инвестициялық жобаны іске асырудың орынсыздығы туралы салалық қорытындысы алынған жағдайларда өтінімді тұтастай немесе жекелеген лоттар бөлігінде кері қайтарады.

      315. Берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурс тұтас немесе жекелеген лоттар бөлігінде:

      1) лот бойынша бірде-бір өтінім ұсынылмаған;

      2) лот бойынша барлық өтінімдер кері қайтарылған;

      3) осы тараудың талаптарына сәйкес келген жағдайда онымен конкурс өткізбей, берудің ұзақ мерзімді шарты жасалатын әлеуетті өнім беруші бір ғана өтінім ұсынған жағдайларда өткізілмеді деп танылады.

      316. Комиссия қорытынды шығарады және мынадай:

      1) лот бойынша бір де бір өтінімнің ұсынылмағаны;

      2) өтінім берілген дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар (лоттар көрсетілген), әрбір лот бойынша жиналған балдар саны, бірыңғай дистрибьютор ұзақ мерзімді шарт жасайтын әрбір лот бойынша жеңімпаздар көрсетілген әлеуетті өнім берушілер туралы;

      3) өтінімдері негіздемесі көрсетіле отырып, қабылданбаған әлеуетті өнім берушілер туралы;

      4) осы тараудың талаптарына сәйкес келген жағдайда, онымен конкурс өткізбей берудің ұзақ мерзімді шарты жасалатын әлеуетті өнім берушінің бір ғана өтінім ұсынғаны туралы ақпаратты қамтитын хаттамаға қол қояды.

      317. Қорытындылар хаттамасы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында жарияланады.

      318. Бірыңғай дистрибьютор қорытындылар хаттамасының негізінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қол қойылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде берудің ұзақ мерзімді шартын жасасады. Бұл ретте өтінім берудің ұзақ мерзімді шартының ажырамас бөлігі болып табылады.

      319. Берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру басталғанға дейін бірыңғай дистрибьютор оларды осы Қағидаларда белгіленген тәсілдермен сатып алады.

      320. Ұзақ мерзімді шарт жасалған кезден бастап және берудің ұзақ мерзімді шартында көзделген объектіні пайдалануға беру және (немесе) оны жаңғырту күні арасындағы кезең екі жылдан аспайды.

      Көрсетілген мерзімнен асып кеткен және өнім беруші объектіні пайдалануға беру актісін және (немесе) жаңғырту туралы егжей-тегжейлі есеппен бірге хабарламаны көрсетілген кезең аяқталған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынбаған жағдайда бірыңғай дистрибьютор біржақты тәртіппен берудің ұзақ мерзімді шартын бұзады.

      321. Объектіні пайдалануға беру және (немесе) жаңғырту сәтінен бастап және дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру басталған күнге дейінгі кезең объектіні пайдалануға беру актісі және (немесе) жаңғырту туралы егжей-тегжейлі есеппен бірге хабарлама ұсынылған кезден бастап есептелетін берудің ұзақ мерзімді шартында көзделген үш жылдан аспайды.

      Өнім беруші бірыңғай дистрибьюторды дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беруге дайын екендігі туралы хабардар етеді.

      Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың атауы мен сипаттамасын көрсете отырып, бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізу үшін дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беруге өнім берушінің дайын екендігі туралы ақпаратты жібереді.

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бірыңғай дистрибьютордан ақпаратты алғаннан кейін бірыңғай дистрибьюторға дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды беру бойынша өнім берушімен қосымша келісім жасау үшін бірыңғай дистрибьютордың бекітілген тізбесін жібереді.

      322. Беруді бастау күні бірыңғай дистрибьюторға мынадай құжаттар ұсынылғаннан кейін басталады:

      1) фармацевтикалық қызметке лицензия;

      2) дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға тиісті тіркеу куәліктері;

      3) "СТ-KZ" ішкі айналыс үшін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың шығу тегі туралы сертификат;

      4) дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіру үшін ИСО 13485 сапаны басқару жүйесі стандартының талаптарына сәйкес тиісті өндірістік практика (GМP) стандарттарының енгізілуін растайтын құжат.

      323. Бірыңғай дистрибьютордың дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шартына тіркеу куәлігіне сәйкес дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың техникалық сипаттамасы бөлігінде өзгерістер енгізуіне жол беріледі.

      324. Берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу тиісті қаржы жылына өнім беруші бірыңғай дистрибьюторға жүгінген сәтінен бастап жүзеге асырылады.

      Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алу тиісті қаржы жылына жүзеге асырылған жағдайда, онда берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алу келесі қаржы жылы жүзеге асырылады.

      325. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша олардың қолданылу мерзімі ішінде сатып алу дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың көлемі, бағасы, міндеттемелері мен талаптарының орындалуын қамтамасыз ету көрсетілген тиісті қаржы жылына арналған қосымша келісім жасау арқылы:

      1) дәрілік заттар және (немесе) медициналық бұйымдар бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізілген;

      2) тапсырыс берушілер дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға өтінімдер ұсынған;

      3) өнім беруші осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларының талаптарына сәйкестігін растаған;

      4) "СТ-KZ" ішкі айналыс үшін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың шығу тегі туралы сертификат, сондай-ақ тиісті өндірістік практика талаптарына (GMP) сәйкес дәрілік заттарды өндіруге және (немесе) халықаралық стандарт талаптарына сәйкес медициналық бұйымдарды өндіруге арналған сертификат ұсынылған;

      5) өнім беру графигі ұсынылған кезде тиісті қаржы жылына жүзеге асырылады.

      326. Қосымша келісімге қол қою алдында комиссия бейне және аудио бекітуді қолдана отырып, тиісті қаржы жылына арналған берудің түпкілікті бағасын айқындау жөнінде келіссөздер жүргізеді.

      327. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның тапсырмасы бойынша дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіру үшін шикізаттың қажетті көлемінің болуына кепілдік берілген жағдайда мынадай:

      1) инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу;

      2) төтенше жағдайларды болғызбау және олардың салдарын жою жағдайларында қосымша келісім сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде аванстық (алдын ала) төлемге жол беріледі.

      328. Берудің ұзақ мерзімді шартын бұзуға:

      1) инвестициялық жобаны іске асыру мерзімінің осы Қағидаларда белгіленген мерзімнен асып кетуі;

      2) берудің ұзақ мерзімді шартында көзделген міндеттемелерді бұзу;

      3) беру басталғанға дейін өндіруден және беруден бас тарту не беру басталған күннен бастап қатарынан екі жыл беруден бас тарту;

      4) инвестициялық жобаны іске асыру графигін 12 (он екі) айдан астам мерзімге бұзу;

      5) берудің ұзақ мерзімді шартында ұсынылуы көзделген инвестициялық жобаның іске асырылу барысы туралы жартыжылдық есепті ұсынбау не оны екі және одан да көп айға кешіктіріп ұсыну;

      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның клиникалық тиімділігінің дәлелденбегені туралы құжаты негіз болып табылады.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша берудің ұзақ мерзімді шарты бұзылған жағдайда елеулі бұзылумен берілетін немесе берілмейтін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың жекелеген позициялары бойынша оны ішінара бұзуға жол беріледі.

      329. Берудің ұзақ мерзімді шарты бұзылған жағдайда дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды сатып алуды бірыңғай дистрибьютор осы Қағидаларда көзделген тәсілдермен жүзеге асырады.

18-тарау. Өнім беру шарттарын жасасу және орындау 1-параграф. Веб-портал арқылы өнім беру шартының жобасын қалыптастыру

      330. Қорытындылар хаттамасы жарияланғаннан кейін веб-портал әрбір лот бойынша тендер жеңімпаздары үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шарттың жеке жобасын автоматты түрде қалыптастырады, онда:

      хабарландыруға сәйкес:

      1) дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның халықаралық патенттелмеген атауы, сипаттамасы, өлшем бірлігі және саны;

      2) өнім беру графигі немесе мерзімі;

      3) өнім беру орны немесе орындары;

      әлеуетті өнім берушінің ең төменгі баға ұсынысына сәйкес:

      1) тіркеу куәлігінің немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасына дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды әкелуге рұқсатының (қорытындысының) нөмірі;

      2) сауда атауы;

      3) қысқаша сипаттамасы;

      4) өлшем бірлігі;

      5) өндіруші;

      6) өндіруші ел;

      7) бірлігі үшін бағасы;

      8) жалпы сомасы қамтылады.

      331. Веб-порталда шарт жобасының қалыптастырылғаны туралы веб-портал автоматты түрде шарт тараптарына тиісті хабарлама жібереді.

      332. Веб-портал өнім беру шартының жобасын қалыптастырғаннан кейін бірыңғай дистрибьютор сатып алынатын дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың санын олардың сапасын сақтау мақсатында өз қалауы бойынша (санын ұлғайту не төмендету жағына қарай) қайталама қаптамаға дейін дөңгелектейді.

2-параграф. Өнім беру шартының бағасын төмендету бойынша келіссөздер

      333. Комиссия бейне және аудио тіркеуді қолдана отырып, тендер жеңімпазымен шарттың бағасын төмендету жөнінде келіссөздер жүргізеді.

      334. Шарттың бағасын төмендету туралы ұсыныс қорытындылар хаттамасы жарияланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендер жеңімпазына веб-портал арқылы жіберіледі.

      335. Тендер жеңімпазы шарт бағасын төмендету туралы ұсынысты алған соң:

      1) шарт бағасын төмендету туралы келіссөздерге қатысуға;

      2) келіссөздерге қатысудан және шарт бағасын төмендетуден бас тартуға құқылы.

      336. Тендер жеңімпазы мен комиссия арасындағы шарттың бағасын төмендету туралы келіссөздер олардың арасындағы уағдаластық бойынша, оның ішінде қашықтықтан, шарт бағасын төмендету туралы ұсыныс жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтуі мүмкін.

      337. Шарттың бағасын төмендету туралы келіссөздердің қорытындылары бойынша тендер жеңімпазы бір жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша түпкілікті бағасы бар баға ұсынысын веб-портал арқылы бірыңғай дистрибьюторға жібереді.

      Веб-портал бағасы өзгертілген шарттың жаңа жобасын автоматты түрде қалыптастырады және оны тараптарға қол қою үшін жібереді.

      338. Тендер жеңімпазы келіссөздерге қатысудан және шарттың бағасын төмендетуден бас тартқан жағдайда ол веб-портал арқылы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша бас тартуды тиісті негіздемемен бірыңғай дистрибьюторға жібереді.

3-параграф. Тендердің қорытындылары бойынша өнім беру шартын жасасу

      339. Тараптар тендер жеңімпазы түпкілікті бағасы бар баға ұсынысын жіберген немесе келіссөздерге қатысудан және шарттың бағасын төмендетуден бас тартқан күннен бастап екі жұмыс күні ішінде веб-портал арқылы өнім беру шартына қол қояды.

      340. Шарт жасасудан бас тартылған жағдайда тендер жеңімпазы бірыңғай дистрибьюторға веб-портал арқылы тиісті негіздемемен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шартқа қол қоюдан бас тартуды жібереді.

      341. Тендер жеңімпазы шарт жасасудан бас тартқан немесе осы Қағидаларда көзделген мерзімде шартқа қол қоймаған кезде бірыңғай дистрибьютор веб-порталда шарттың жаңа жобасын қалыптастырады және оны екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге (қорытындылар хаттамасында бар болса) жібереді.

      342. Екінші орын алған әлеуетті өнім берушімен шарт жасасу және шарттың бағасын төмендету бойынша келіссөздер жүргізу рәсімі тендер жеңімпазымен бірдей тәртіппен жүргізіледі.

      343. Бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне сәйкес сатып алу туралы хабарландыруы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкіндігін көздейтін дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның отандық тауар өндірушісі лот бойынша тендердің жеңімпазы болып табылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор веб-порталда осындай шарттың жобасын қалыптастырады және оны тиісті хабарламамен тендердің жеңімпазы – отандық тауар өндірушіге жібереді.

      344. Тендер жеңімпазы – отандық тауар өндіруші берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға келіскен жағдайда бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен берген дәрілік заттар үшін объектінің тиісті өндірістік практика стандартының (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты немесе объектінің медициналық бұйымдарға арналған ИСО 13485 сапаны басқару жүйесі стандартының талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты веб-портал арқылы ұсынады.

      Осы тармақта көзделген құжатты ұсынған кезде бірыңғай дистрибьютор мен тендер жеңімпазы – отандық тауар өндіруші үш жұмыс күні ішінде берудің ұзақ мерзімді шартын жасасады, ал ұсынылмаған жағдайда – шарт жасасу жүргізілмейді.

      345. Жасалған өнім беру шартына тараптардың келісуі бойынша мынадай:

      1) дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бағасы және тиісінше шарттың бағасы төмендеген;

      2) осы Қағидаларда көзделген жағдайларда дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың көлемі өзгерген;

      3) өнім беру шарты бойынша дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның сол саудалық атауы өндірушісі немесе өндіріс орны өзгерген;

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның рұқсаты (қорытындысы) негізінде тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі өткен және дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның қалған партиясын Қазақстан Республикасына әкелген жағдайларда өзгерістер енгізуге жол беріледі.

      346. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган беру шартын орындау барысында дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына шекті бағаны өзгерткен жағдайда, өнім беру шартының қолданылуы тараптар бұрынғы баға бойынша міндеттемелерін толық орындағанға дейін күшін сақтайды.

      347. Беру шартын бұзу үшін:

      1) берудің шартында және (немесе) берудің ұзақ мерзімді шартында көзделген міндеттемелердің бұзылуы;

      2) өнім берушінің қатарынан екі жыл бойы беруден бас тартуы;

      3) өнім берушінің өндірісті тоқтатуы негіз болып табылады.

      Қағидалардың осы тармағында көзделген негіздер бойынша берудің ұзақ мерзімді шарты бұзылған жағдайда елеулі бұзылып берілетін немесе берілмейтін дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың жекелеген позициялары бойынша оны ішінара бұзуға жол беріледі.

4-параграф. Өнім беру шарты бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету

      348. Өнім берушінің өнім беру шарты бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету шарасының мөлшері ақшалай түрде жеке лот бойынша жасалатын шарт бағасының үш пайызын құрайды және веб-порталда тараптар өнім беру шартына қол қойған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың пайдасына ұсынылуға тиіс.

      349. Өнім беруші өнім беру шартын жасасу кезінде шарт бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету шарасы ретінде өнім беру шарты бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етудің мынадай:

      1) бірыңғай дистрибьютордың банктік шотына енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банк ұсынатын электрондық банк кепілдігі;

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша осындай кепіл туралы міндеттемеге веб-портал арқылы қол қою жолымен болашақта өнім берушіге түсетін бірыңғай дистрибьютордың пайдасына ақша қаражатының кепілдігі тәсілдерінің бірін таңдайды.

      350. Егер шартты жасау кезінде бағасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету енгізілмейді.

      351. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету:

      1) өнім беруші беруден бас тартқан;

      2) өнім берушінің шарт бойынша міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы бірыңғай дистрибьютордың шартты бір жақты тәртіппен бұзуына әкеп соққан;

      3) егер өнім берушінің шартта көзделген дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды немесе дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың бірнеше партиясын беру мерзімдерін бұзуы немесе бірнеше бұзуы дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың мерзімінде берілмеген көлемдеріне қарамастан, жиынтық мәнде мерзімін өткізіп алу күнтізбелік тоқсан күнге жеткен;

      4) бірыңғай дистрибьютор өнім берушінің шарт бойынша міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты шартты біржақты тәртіппен бұзған жағдайларда ұсталынып қалады.

      352. Мына түрдегі кепілдікті қамтамасыз ету ұсталынып қалған жағдайда бірыңғай дистрибьютор:

      1) ақшалай жарна – веб-портал арқылы өнім берушіге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ақшаны ұстап қалу туралы хабарлама жібереді;

      2) электрондық банктік кепілдік – веб-портал арқылы банкке және өнім берушіге (мәлімет үшін) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оны төлеу туралы талап жібереді;

      3) қағаз жеткізгіштегі банктік кепілдік – банкке және өнім берушіге (мәлімет үшін) тапсырысты пошта хабарламасы арқылы оны төлеу туралы талап жібереді;

      4) болашақта өнім берушіге түсетін ақшалай қаражат кепілі – веб-портал арқылы өнім берушіге шарт бойынша төлемді және кепіл сомасын есепке алу туралы немесе кепіл сомасын төлеу туралы талап жібереді.

      353. Бірыңғай дистрибьютор банкке шарт бұзылған немесе қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап жиырма банк күні ішінде банк кепілдігін төлеу туралы талап қояды.

5-параграф. Келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерімен бірегей патенттелген дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу

      354. Келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерімен патенттелген дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу мақсатында бірыңғай дистрибьютор бірегей дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу бойынша келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерінің өтініштерін ескере отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның келісуі үшін сатып алуға жататын дәрілік заттардың тізбесін қалыптастырады және жібереді.

      355. Тізбеде дәрілік заттарды берудің бұрын жасалған ұзақ мерзімді шарттарының болуы немесе болмауы көрсетіле отырып, дәрілік заттардың атаулары қамтылады.

      356. Бірыңғай дистрибьютор арнайы білімді және (немесе) техникалық танымды талап ететін мәселелер бойынша бейінді мамандығы бар сарапшыны немесе сарапшыларды тартады. Сарапшы комиссия шешім қабылдағанға дейін ұзақ мерзімді шарттың дәрілік заттардың сипаттамасы бойынша келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушісі ұсынатын дәрілік заттарға сәйкестігіне сараптамалық қорытынды береді.

      357. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган дәрілік заттардың тізбесін алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын, сипаттамасын, он жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттардың әрбір атауы бойынша беру кезеңінің ұзақтығын көрсете отырып, формулярлық комиссия мақұлдаған келісілген тізбені ұсынады.

      358. Бірыңғай дистрибьютор келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушісіне сатып алуға қатысу туралы шақыру жібереді.

      359. Келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерімен дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу үшін бірыңғай дистрибьютор комиссия құрады және оның құрамын бекітеді, оған:

      1) сараптама ұйымының дәрілік заттарды сараптау мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелердің басшыларынан төмен емес деңгейдегі жұмыскерлері (келісу бойынша);

      2) бірыңғай дистрибьютордың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес жұмыскерлері;

      3) "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмыскерлері және (немесе) өкілдері (келісу бойынша);

      4) денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері және (немесе) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жанындағы арнайы мониторингтік топтардың мүшелері (келісу бойынша) кіреді.

      360. Ұзақ мерзімді шарт жасасу үшін келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушісі:

      1) шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын мемлекеттік және орыс тілдеріне аудармасы бар нотариат куәландырған шетелдік тауар өндірушінің құжатының заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмесін, егер шетелдік тауар өндірушінің Қазақстан Республикасының аумағында өкілдігі (филиалы) болса, онда өкілдікті (филиалды) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік (анықтама) және өкілдік (филиал) туралы ережесін;

      2) дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды өндіруге және (немесе) өткізуге шетелдік тауар өндірушінің құқығын растайтын рұқсат (лицензия), GMP немесе GDP сертификаты (бар болса), мемлекеттік немесе орыс тілдеріне аудармасы бар нотариат куәландырған құжаттардың заңдастырылған немесе апостиль қойылған көшірмелерін;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өндірушімен келісімшарттық өндіріске арналған шартты;

      4) жобаны іске асыру мерзімдері мен кезеңдері, дәрілік заттарды беру кезеңін бастау күндері мен құны туралы ақпарат қамтылған бизнес-жоспарды;

      5) өндіру жоспарланған дәрілік заттардың тізімін;

      6) бірегей дәрілік затқа патенттің көшірмесін ұсынады.

      Осы тармақта көзделген құжаттарды ұсынбау өнім беру шартын (келісімді) жасасудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      361. Бәсекелестік болған кезде сатып алу жеңімпазы туралы шешімді ең төмен баға мен берудің қолайлы графигі негізінде комиссия қабылдайды.

      362. Дәрілік заттарды келісімшарттық өндіріс бойынша сатып алу қорытындысы туралы хаттаманың негізінде бірыңғай дистрибьютор бес жұмыс күні ішінде дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шартын жасасады.

      363. Ұзақ мерзімді шарт жасалған сәттен бастап дәрілік заттарды беру күні басталған кезең екі жылдан аспайды. Көрсетілген мерзімнен асқан жағдайда бірыңғай дистрибьютор берудің ұзақ мерзімді шартын біржақты тәртіппен бұзады.

      364. Келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушісі бірыңғай дистрибьюторды дәрілік заттарды беруге дайын екендігі туралы хабардар етеді.

      Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушісінің бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізу үшін атауы мен сипаттамасын көрсете отырып, дәрілік заттарды беруге әзір екендігі туралы ақпаратты жібереді.

      365. Келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерімен жасалған дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша оның қолданылу мерзімі ішінде сатып алуды:

      1) дәрілік заттар бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізілген;

      2) тиісті тіркеу куәлігі ұсынылған;

      3) ИСО 13485 сапасын басқару жүйесі стандартының талаптарына сәйкес дәрілік заттарды өндіру үшін тиісті өндірістік практика (GМP) стандарттарының енгізілгенін растайтын құжат ұсынылған;

      4) өнім беру графигі ұсынылған кезде тиісті қаржы жылына дәрілік заттардың көлемін, бағасын, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді және өнім беру шарттарын көрсете отырып, қосымша келісім жасау жолымен тиісті қаржы жылына жүзеге асырады.

      366. Қосымша келісімге қол қою алдында бейне және аудио тіркеуді қолдана отырып, тиісті қаржы жылына арналған берудің түпкілікті бағасын айқындау жөнінде келіссөздер жүргізіледі.

      367. Келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерімен берудің ұзақ мерзімді шартын бұзуға:

      1) осы Қағидаларда белгіленген жобаны іске асыру мерзімінің асып кетуі;

      2) өнім берудің ұзақ мерзімді шартында көзделген міндеттемелердің бұзылуы;

      3) өнім берушінің өнім беру басталғанға дейін өндіруден және беруден бас тартуы не өнім беруді бастау күнінен бастап екі жыл ішінде беруден бас тартуы;

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бірегей патенттелген дәрілік заттың дәлелденбеген клиникалық тиімділігі туралы құжаты негіз болып табылады.

      Қағидалардың осы тармағында көзделген негіздер бойынша берудің ұзақ мерзімді шарты бұзылған жағдайда елеулі бұзылумен берілетін немесе берілмейтін дәрілік заттардың жекелеген позициялары бойынша оны ішінара бұзуға жол беріледі.

6-параграф. Медициналық техника өндірісі бар әлеуетті өнім берушімен берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу

      368. Берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру мақсатында отандық тауар өндірушілер бірыңғай дистрибьюторға:

      1) өндірілетін медициналық техниканың тізбесі;

      2) өндіріс үшін жеткілікті, бірақ күнтізбелік жүз елу күннен аспайтын беру мерзімдері көрсетілген техникалық ерекшелік және жиынтықталуы;

      3) бірлігі үшін және жиынтықтау бөлінісінде ұсынылатын баға;

      4) лицензиялар (бар болса) қамтылған ақпаратты ұсынады.

      Бірыңғай дистрибьютор медициналық техниканы жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу бойынша әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін ескере отырып, медициналық техниканың алдын ала тізбесін қалыптастырады және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға келісу үшін жібереді.

      369. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган алынған медициналық техниканың тізбесін әрбір атауы бойынша және жиынтық бөлінісінде оңтайлы техникалық сипаттамаларға және құнына сараптамалық бағалау жүргізу үшін сараптама ұйымына жібереді, оның нәтижесі бойынша бірыңғай дистрибьюторға берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алынуға жататын медициналық техниканың техникалық ерекшелігімен келісілген тізбе жіберіледі.

      370. Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға конкурс өткізу мынадай жүйелі кезеңдердің жиынтығын білдіреді:

      1) комиссия құру, комиссия хатшысын айқындау;

      2) конкурс өткізу туралы хабарландыру;

      3) конкурстық өтінімдерді қабылдау және алдын ала қарау;

      4) конкурстық өтінімдерге толықтыруларды қабылдау және қарау, қажет болған кезде сарапшыны (сарапшыларды) тарту;

      5) ең жоғары баға жеңілдігін ұсыну рәсіміне (бұдан әрі – аукцион) жіберілген әлеуетті өнім берушілерді айқындау;

      6) әлеуетті өнім берушілердің баға жеңілдігін салыстыру арқылы аукцион өткізу;

      7) берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу.

      371. Берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға конкурс өткізу, конкурстық комиссияның, сараптамалық комиссияның құрамын бекіту, комиссия хатшысын тағайындау туралы шешім денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органнан берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алуға жататын медициналық техниканың келісілген тізбесін алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың бірінші басшысының (немесе оны алмастыратын тұлғаның) бұйрығымен ресімделеді.

      372. Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды, кемінде бес адамды құрайды және төрағадан, төрағаның орынбасарынан және мынадай:

      1) сараптама ұйымының медициналық бұйымдарды сараптау мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес жұмыскерлері (келісу бойынша);

      2) бірыңғай дистрибьютордың медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесінің басшысынан төмен емес жұмыскерлері;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген фармацевтикалық немесе медициналық өнеркәсіп жөніндегі бейінді қауымдастықтардың өкілдері (келісу бойынша);

      4) "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмыскерлері және (немесе) өкілдері (келісу бойынша);

      5) денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің жұмыскерлері және (немесе) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жанындағы арнайы мониторингтік топтардың мүшелері (келісу бойынша) кіретін мүшелерден тұрады.

      373. Бірыңғай дистрибьютордың басшысы комиссия төрағасы болып тағайындалады.

      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Комиссия төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.

      374. Комиссия медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шарты жасалған немесе берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізілмеді деп танылған сәттен бастап өз қызметін тоқтатады.

      375. Комиссия хатшысы бірыңғай дистрибьютор қызметкерлерінің қатарынан тағайындалады, ол комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.

      376. Комиссия хатшысы:

      1) әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер салынған конверттерді қабылдайды;

      2) келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдарын жүргізеді;

      3) комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдарды дайындайды;

      4) комиссия отырысының хаттамаларын ресімдейді.

      377. Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдары тігілуі, беттері нөмірленуі, соңғы беті комиссия хатшысының қолтаңбасымен расталуы тиіс.

      Келіп түскен өтінімдерді және конверттерді ашу рәсіміне қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілерді тіркеу журналдарында әлеуетті өнім берушілердің өтінімдер салынған конверттерді ұсыну уақыты мен күні, әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің (өтінім салынған конвертті ұсынған және конверттерді ашу рәсіміне қатысатын адамның) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі.

      378. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.

      Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер дауыс берген комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.

      379. Бірыңғай дистрибьютор арнайы білімді және (немесе) техникалық танымды талап ететін мәселелер бойынша бейінді мамандығы бар сарапшыны немесе сарапшыларды тартады.

      380. Бейінді мамандығы бар сарапшыны немесе сарапшыларды бірыңғай дистрибьютор сұратылып отырған медициналық техниканың бейіні бойынша мамандар және (немесе) денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары не медициналық техниканың сараптамасын жүзеге асыруға аккредиттелген ұйымдардың сарапшылары қатарынан денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

      381. Сарапшы комиссия шешім қабылдағанға дейін әлеуетті өнім берушілер ұсынатын медициналық техниканың сатып алынатын медициналық техниканың тізбесіне сәйкес техникалық сипаттамалардың талаптарына сәйкестігі жөнінде сараптамалық қорытынды береді және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.

      Сараптамалық қорытынды ұсынымдық сипатта болады, жазбаша түрде ресімделеді, оған сарапшы қол қояды және комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.

      Комиссия сараптамалық қорытындыны әлеуетті өнім берушінің өтінімін ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберу туралы мәселені шешу кезінде қарайды.

      382. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерді ұсынуының соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын өзінің интернет-ресурсында медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға конкурс өткізу туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарландыру орналастырады.

      383. Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға конкурс өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер:

      1) бірыңғай дистрибьютордың атауы, мекенжайы және банктік деректемелері;

      2) мыналарды:

      сатып алынатын медициналық техниканың атауын;

      медициналық техниканың әрбір атауы бойынша техникалық сипаттамасын;

      медициналық техниканың әрбір атауы бойынша және жиынтықтау бөлінісінде бірлігі үшін ұсынылған бағаны;

      медициналық техниканың әрбір атауы бойынша беру мерзімі және беру кезеңінің ұзақтығын қамтитын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісілген, сатып алуға жататын медициналық техниканың тізбесі.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мәліметтер көлемі ауқымды болған кезінде жоғарыда көрсетілген ақпарат бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында ғана орналастырылады;

      3) конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың аяқталу күні, уақыты және орны қамтылады.

      384. Берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу конкурсына қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін бірыңғай дистрибьюторға өтінімді жабық күйінде ұсынады.

      385. Өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін алынған, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің уәкілетті адамының қолтаңбасымен куәландырылмаған өтінім қабылданбайды және оны ұсынған әлеуетті өнім берушіге кері қайтарылады.

      386. Өтінімді өзгерту немесе кері қайтарып алу үшін әлеуетті өнім беруші өтінімді ұсыну мерзімі өткенге дейін бірыңғай дистрибьюторға жазбаша нысанда өтінімді өзгерту немесе кері қайтару туралы хабарлама жібереді.

      387. Әлеуетті өнім беруші конкурстық өтінімді беттері нөмірленген, тігілген күйде ұсынады және соңғы беті уәкілетті адамның қолтаңбасымен куәландырылады.

      Конкурстық өтінімнің техникалық ерекшелігі (беттері нөмірленген, тігілген күйде, олардың соңғы беті әлеуетті өнім берушінің уәкілетті адамының қолтаңбасымен куәландырылады, конкурстық өтінімге жеке қоса беріледі және конкурстық өтініммен бір конвертке салынып жабылады).

      Әлеуетті өнім беруші өтінімді әлеуетті өнім берушінің атауы мен заңды мекенжайы көрсетілген конвертке салып жабады.

      Конверт бірыңғай дистрибьютордың хабарландыруында көрсетілген мекенжайға жіберіледі және онда "Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурс" және "__________ дейін ашпаңыз (хабарландыруда конверттер ашылатын күні және уақыт көрсетіледі)" деген сөздер болады.

      388. Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға арналған конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші мынадай біліктілік талаптарына сәйкестігін:

      1) заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі;

      2) отандық тауар өндіруші мәртебесінің болуы;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген лицензияланатын қызметті орындауға лицензияның болуы;

      4) міндеттемелерді орындау үшін қажетті қаржылық, материалдық және еңбек ресурстарының болуы;

      5) төлем қабілеттілігін: бюджетке берешектің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоқ екенін;

      6) банкроттық және таратылу рәсіміне жатпауы, оның қаржы-шаруашылық қызметі сатып алуды жүргізу сәтінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тоқтатыла тұрмауға тиістігін растайды.

      389. Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасауға арналған конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім берушілер мынадай құжаттар тізбесіне сәйкес өтінім береді:

      1) медициналық техниканың (лоттардың) атаулары көрсетілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтінім;

      2) әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар:

      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесі;

      заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмеген жағдайда, сондай-ақ құрылтайшылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі немесе конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін қолданыстағы акция ұстаушылардың тізілімінен үзінді ұсынылады);

      заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін тиісті мемлекеттік орган берген құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың немесе паспортының көшірмесі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін);

      фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге арналған тиісті лицензияның мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған электрондық құжат түрінде не медициналық бұйымдарды көтерме бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның көшірмелері. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерге арналған тиісті лицензияның әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;

      конкурс жарияланған күннің алдында бір айдың ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы арқылы алынған, есепке алу мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің бар-жоғы туралы мәліметтер;

      3) қағаз және электрондық жеткізгіштерде (docх форматында) ұсынылатын медициналық техниканың нақты техникалық сипаттамалары мемлекеттік не орыс тілдерінде көрсетілген техникалық ерекшеліктер;

      4) белгіленген үлгідегі "СТ-KZ" ішкі айналыс үшін медициналық техниканың шығу тегі туралы сертификаттың түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі;

      5) медициналық техника өндірісінің ИСО 13485 сапаны басқару жүйесі стандартына сәйкестігін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

      6) ұсынылатын медициналық техниканың осы Қағидалардың 18-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар.

      390. Өтінімдер салынған конверттерді комиссия хабарландыруда көрсетілген уақытта, мерзімде және орында ашады.

      Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері өтінімдер салынған конверттерді ашуға қатыса алады.

      391. Комиссия конверттерді ашу кезінде рәсімдерді өткізу орнын, уақытын және күнін көрсете отырып, регламентті әлеуетті өнім берушілердің назарына жеткізеді, ол бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында да орналастырылады.

      392. Өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде комиссия хатшысы қатысып отырған адамдарға конкурсқа қатысушы әлеуетті өнім берушілердің атауы мен мекенжайларын, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері ұсынылған лоттардың атауларын хабарлайды және осы ақпаратты өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасында тіркейді.

      393. Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашқан сәттен бастап он жұмыс күні ішінде комиссия әлеуетті өнім берушілер ұсынған конкурстық өтінімдерінің біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарайды.

      Комиссия әлеуетті өнім берушілердің банкроттық не тарату рәсіміне қатысы жоқтығы бөлігінде олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау мақсатында комиссия банкроттық не тарату рәсімдерінің жүргізілуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды.

      394. Комиссия регламентке сәйкес күн мен уақыт бойынша, бірақ конкурстық өтінімдерді қараудың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей ашу хаттамасын (отырыс өткізу және бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына орналастыру арқылы) әлеуетті өнім берушілердің назарына жеткізеді, онда мынадай ақпарат қамтылады:

      1) әлеуетті өнім берушілердің әрқайсысы қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген, конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      2) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің мазмұны;

      3) конкурстық өтінімдері толықтырулар мен өзгерістерді талап етпейтін әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      4) конкурстық өтінімдеріне ескертулер бар әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      5) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдеріне ескертулер;

      6) комиссия көрсеткен ескертулерді жою үшін толықтырулар енгізу мерзімі;

      7) екі конкурстық өтінімнен аз өтінім ұсынылған лоттардың нөмірлері.

      395. Комиссия көрсеткен ескертулерді жою мерзімі ашу хаттамасы жария етілген күнді қоспағанда, үш жұмыс күнін құрайды.

      Ескертулер жойылғаннан кейін конкурстық өтінімді беру кезінде қойылатын талаптарға сәйкес ресімделген, толықтырулар түрінде өзгертілген конкурстық өтінім ашу хаттамасында көрсетілген өзгерістер енгізу мерзімдерінде комиссияның хатшысына ұсынылады.

      396. Толықтырулар салынған конверттерді ашуды комиссия ашу хаттамасында көрсетілген мерзімдерде аудио және бейне тіркеуді қолданып жүзеге асырады. Әлеуетті өнім берушілер не олардың уәкілетті өкілдері конкурстық өтінімдерге толықтырулар салынған конверттерді ашу кезінде қатыса алады.

      397. Өзгерістер енгізуге арналған мерзімде ұсынылған конкурстық өтінімдерге толықтырулар зерделенгеннен кейін комиссия регламентке сәйкес күні мен уақытта, бірақ толықтырулар салынған конверттер ашылатын күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберілетін әлеуетті өнім берушілердің тізбесін жариялайды.

      398. Әлеуетті өнім берушілерді ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберу хаттамасына комиссия ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберілген әлеуетті өнім берушілердің тізбесін жариялаған күні қол қояды.

      399. Бірыңғай дистрибьютор рұқсат беру хаттамасына комиссия мүшелері қол қойған күннен кейін келесі жұмыс күні оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады, онда мынадай ақпарат қамтылады:

      1) әлеуетті өнім берушілердің әрқайсысы қатысатын лоттардың нөмірлерін көрсете отырып, конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      2) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерінің мазмұны;

      3) конкурстық өтінімдеріне ескертулер болмаған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      4) конкурстық өтінімдеріне комиссияның ескертулері болған әлеуетті өнім берушілердің атаулары, сондай-ақ өтінімдерге толықтырулар енгізу туралы ақпарат;

      5) комиссияның әлеуетті өнім берушілерді ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне жіберу туралы шешімі.

      400. Комиссия ұсынылған өзгерістерді зерделегеннен кейін, егер:

      1) ұсынылған өтінім осы Қағидалардың 387-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;

      2) әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 388-тармағында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;

      3) әлеуетті өнім беруші ұсынатын медициналық техника осы Қағидалардың 18-тармағында көзделген талаптарға сай болмаса;

      4) сарапшы әлеуетті өнім беруші ұсынған медициналық техниканы техникалық сипаттамалардың (техникалық ерекшеліктердің) талаптарына сәйкес келмейді деп таныса;

      5) ұсынылған медициналық техниканың техникалық сипаттамасы ұсынылып отырған техникалық ерекшелікте сараптама ұйымының сайтында орналастырылған тіркеу куәлігінде және (немесе) тіркеу дерекнамасында көрсетілген техникалық сипаттамаға және (немесе) жиынтықталуына сәйкес келмесе;

      6) әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптары және осы Қағидалар шеңберінде сатып алынатын медициналық техникаға қойылатын талаптар бойынша бұрыс ақпарат ұсынса, конкурстық өтінімді тұтастай не лоттар бойынша қабылдамайды.

      401. Конкурсқа лотта тек қана бір отандық тауар өндіруші қатысқан жағдайда, ол осы тарауда көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде онымен автоматты түрде ұзақ мерзімді шарт жасалады.

      Лот бойынша бәсекелестік орта болған жағдайда комиссия жеңімпазды ең жоғары бағалық жеңілдік рәсімі бойынша айқындайды.

      402. Бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсында рұқсат беру хаттамасы орналастырылған күннен бастап екінші жұмыс күні комиссия ең жоғары бағалық жеңілдік рәсіміне жіберілген әлеуетті өнім берушілерден бағалық жеңілдіктерді қабылдауды бастайды.

      Әлеуетті өнім беруші бағалық жеңілдікті беруге уәкілетті адамның қатысуын қамтамасыз етеді.

      403. Әлеуетті өнім берушінің бастапқы бағалық жеңілдігі бірінші басшының немесе осындай бағалық жеңілдікке қол қоюға уәкілетті адамның қолы қойылған лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдік көрсетіле отырып жазбаша ұсынылады.

      Бағалық жеңілдіктің ең төменгі қадамы бір пайызды құрайды.

      404. Әлеуетті өнім беруші қандай да бір лот бойынша бастапқы бағалық жеңілдікті ұсынбаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші осы лот бойынша түпкілікті бағалық жеңілдікті ұсыну мүмкіндігінен айырылады және тиісті лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсіміне қатысудан шеттетіледі.

      405. Егер тиісті лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсіміне қатысудан шеттету нәтижесінде бір өнім беруші қалса, ол жеңімпаз болып танылады.

      406. Комиссия хатшысы әлеуетті өнім берушілер ұсынған барлық бағалық жеңілдіктерді, оның ішінде лот бойынша ең жоғары бағалық жеңілдікті жариялайды және оларға бастапқы бағалық жеңілдікті арттыруды ұсынады.

      Түпкілікті бағалық жеңілдіктерді қабылдау уақыты комиссия хатшысы осындай бағалық жеңілдіктерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлаған сәттен бастап бес минутқа дейінгі уақытты құрайды.

      407. Егер бастапқы бағалық жеңілдікті ұсынған әлеуетті өнім беруші түпкілікті бағалық жеңілдікті ұсынбаса, комиссия оның бастапқы бағалық жеңілдігін түпкілікті бағалық жеңілдік ретінде қабылдайды.

      408. Ең жоғары бағалық жеңілдікті айқындау рәсімі бір ең жоғары бағалық жеңілдік болған жағдайда түпкілікті болып табылады.

      409. Лот бойынша екі бірдей бағалық жеңілдік болған кезде жеңімпаз "СТ KZ" сәйкес қазақстандық қамтудың ең жоғары үлесі бойынша айқындалады.

      Лот бойынша екі бірдей бағалық жеңілдік және "СТ KZ" сәйкес қазақстандық қамтудың бірдей үлесі болған кезде конкурсқа қатысуға өтінімді бірінші болып ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады.

      410. Бағалық жеңілдігі басқа бағалық жеңілдіктерге қарағанда ең жоғары болып табылатын әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып танылады.

      411. Ұсынылған бағалық жеңілдік ұзақ мерзімді беру шартының қолданылу мерзімі ішінде қолданылады. Бағалық жеңілдік ұлғаю жағына қарай өзгереді және азаю жағына қарай өзгертілмеуге тиіс.

      412. Ұсынылған баға жеңілдігі медициналық техниканың бағасына мынадай формула бойынша қолданылады: сараптамалық қорытындыға сәйкес ұсынылған баға, бағалық жеңілдікті азайтқанда, медициналық техниканың бағасына теңеседі.

      413. Комиссия отырыста қорытынды шығарады және хаттамаға қол қояды.

      Қорытындылар хаттамасында:

      1) ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсімінің күні, басталу және аяқталу, уақыты;

      2) ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсіміне қатысқан әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен орналасқан жері;

      3) лоттардың атаулары мен қысқаша сипаттамасы;

      4) бір де бір әлеуетті өнім беруші шықпаған лоттардың атаулары;

      5) конкурстың қорытындысы бойынша анықталған ең жоғары жеңілдік;

      6) конкурс жеңімпаздарының атаулары және орналасқан жері;

      7) автоматты түрде берудің ұзақ мерзімді шарты жасалатын әлеуетті өнім берушінің бір ғана өтінімді ұсынуы туралы ақпарат көрсетіледі.

      Ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсімі аяқталған сәттен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай дистрибьютор лоттар бойынша медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға арналған конкурс қорытындыларының хаттамасын интернет-ресурста жариялайды.

      414. Медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасуға мынадай:

      1) лот бойынша ұсынылған өтінімдер болмаған;

      2) лот бойынша барлық ұсынылған өтінімдер қабылданбаған;

      3) ең жоғары жеңілдікті айқындау рәсімі кезінде барлық әлеуетті өнім берушілердің бағалық жеңілдіктерді ұсынбаған жағдайларда тұтастай не жекелеген лоттар бөлігінде өткізілмеді деп танылады.

      415. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша медициналық техниканы берудің үлгілік ұзақ мерзімді шартына сәйкес оған қол қойылған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде конкурс қорытындыларының хаттамасы негізінде медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасады.

      416. Бірыңғай дистрибьютор медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасқан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қағаз және электронды түрде (docх форматында):

      1) конкурс қорытындыларының хаттамаларын;

      2) техникалық ерекшеліктердің көшірмелерін;

      3) бірлігі үшін және жиынтықтау бөлінісіндегі құны;

      4) медициналық техниканың әрбір атауы бойынша беру мерзімдерін қоса бере отырып, өткізілген конкурстың қорытындылары мен конкурс жеңімпаздарының тізімі бар ақпараттық хатты денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      417. Ақпараттық хатты алғаннан кейін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуға тиіс медициналық техниканың атауын, бірлігі үшін және жиынтықтау бөлінісіндегі бағасын, медициналық техниканың әрбір атауы бойынша беру мерзімдерін көрсетіп, техникалық ерекшеліктерді қоса бере отырып, медициналық техниканың тізбесін бекітеді.

      418. Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуға тиіс медициналық техниканың тізбесін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      419. Облыстық бюджеттерге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын, берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша отандық тауар өндірушінің медициналық техникаға қажеттілігін айқындау мақсатында тапсырыс берушілер медициналық техниканың тізбесі, саны, техникалық ерекшелігі, клиникалық-техникалық негіздемесі (медициналық техникаға қажеттілік) қамтылған ақпаратты есепті тоқсандық кезеңнің 5-күнінен кешіктірмей сараптау ұйымына жібереді, ол кейіннен бірыңғай дистрибьюторға беріледі.

      420. Тапсырыс берушілер қажеттілік туындаған кезде, оның ішінде сол қаржы жылында бірыңғай дистрибьюторға сатып алуға өтінім береді.

      421. Сараптама ұйымы клиникалық-техникалық негіздеме бөлігінде сараптамалық бағалау жүргізеді және оның нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды шығарады.

      422. Сараптама ұйымы сараптамалық қорытынды шығарылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оны тапсырыс берушіге және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      423. Осы Қағидалардың 420-тармағына сәйкес ұсынылған өтінімде:

      1) сатып алынатын медициналық техниканың атауы;

      2) техникалық ерекшелік, жиынтық, саны, мерзімі, беру шарттары мен орны;

      3) облыстық бюджеттерге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен медициналық техниканы сатып алған жағдайда сараптама ұйымының сараптамалық қорытындысының көшірмесі;

      4) мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманың, жарғының немесе ереженің көшірмесін қоса бере отырып, тапсырыс берушілердің толық атауы, олардың деректемелері, мекенжайы (пошталық және заңды), телефондардың, факстардың байланыс нөмірлері, электрондық поштаның мекенжайы, бірінші басшының немесе оны алмастыратын адамның атқаратын лауазымын растайтын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), сатып алуды жүзеге асыруға жауапты тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), сатып алу шеңберінде жоспарланып отырған бағдарламаның, кіші бағдарламаның, ерекшеліктің атауы, банк деректемелері қамтылады.

      424. Бірыңғай дистрибьютор медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасқаннан кейін жыл сайын тапсырыс берушілердің әрбір алдағы күнтізбелік жылға арналған өтінімдері негізінде сатып алуды жүзеге асырады, ол:

      1) медициналық техника бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне енгізілген;

      2) тапсырыс берушілер медициналық техниканы беру санын (көлемін) айқындаған;

      3) медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартының талаптарында белгіленген медициналық техниканы әлеуетті берушіге қойылатын талаптарға сәйкестігі расталған жағдайларда денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартының ажырамас бөлігі болып табылатын үшжақты сатып алу шартымен ресімделеді.

      425. Бірыңғай дистрибьютор жыл сайын тапсырыс берушілерден өтінімдер алған сәттен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей отандық тауар өндірушіге берудің ұзақ мерзімді шарты шеңберінде сатып алынатын медициналық техниканы сатып алудың үшжақты шартын қол қоюға жібереді.

      426. Отандық тауар өндіруші сатып алудың үшжақты шартына оны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      Бірыңғай дистрибьютор өнім берушіден қол қойылған үшжақты сатып алу шартын алған күннен бастап оны тапсырыс берушіге қол қоюға береді.

      Тапсырыс беруші алған күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей үшжақты сатып алу шартына қол қояды және бірыңғай дистрибьюторға жібереді.

      427. Отандық тауар өндіруші өнеркәсіптік өнімді өндірушілер бағалары индексінің сараптама қорытындысының алдыңғы күнімен салыстырғанда ресми өзгеруін ескере отырып, техникалық сипаттамалары жақсарту және (немесе) бағаны ұлғайту немесе төмендету жағына қарай өзгерген жағдайда, сараптамалық бағалау жүргізілгеннен кейін берілетін медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартына жылына бір реттен жиілетпей бағаларға өзгерістер енгізу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жүгінеді.

      428. Отандық тауар өндіруші құнына сараптамалық бағалауды жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгінеді.

      429. Сараптамалық бағалау ақылы қызмет көрсету туралы жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.

      430. Сараптамалық бағалау денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамаларын және клиникалық техникалық негіздемесін сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес жүргізіледі.

      431. Сараптамалық бағалау жүргізу үшін отандық тауар өндіруші шарт жасалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық бағалауды жүзеге асыратын ұйымға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамаларын және клиникалық техникалық негіздемесін сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесінде көзделген құжаттарды ұсынады.

      432. Сараптама ұйымы ақылы қызмет көрсету туралы шартта белгіленген мерзімде отандық тауар өндірушіге сараптамалық қорытынды ұсынады.

      433. Отандық тауар өндіруші сараптамалық қорытындының түпнұсқасын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      434. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган отандық тауар өндірушіден техникалық ерекшелікпен тігілген сараптамалық қорытындыны алғаннан кейін бірыңғай дистрибьюторға берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алуға жататын жиынтықтау бөлінісінде медициналық техниканың тізбесін жібереді.

      435. Мыналар:

      1) шартта көзделген міндеттемелердің бірнеше рет бұзылуы;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген лицензияланатын қызметті орындауға арналған лицензияның қайтарып алынуы;

      3) қатарынан екі жыл ішінде өнім беруден бас тарту (себептері мен жағдайларына қарамастан);

      4) сапасы лайықсыз медициналық техниканы бірнеше рет беру жағдайлары медициналық техника өндірісі бар өнім берушімен берудің ұзақ мерзімді шартын бұзуға негіз болып табылады.

19-тарау. Бірыңғай дистрибьютордың қоймасында дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың төмендемейтін қорын қалыптастыру және пайдалану тәртібі

      436. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың төмендемейтін қоры бірыңғай дистрибьютордың өз қаражаты есебінен қалыптастырылады.

      437. Төмендемейтін қордың дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бірыңғай дистрибьютор бекітетін төмендемейтін қор тізбесінің негізінде келесі қаржы жылына тапсырыс берушілер мәлімдеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар көлемінің жиырма бес пайызына дейін сатып алады.

      438. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың төмендемейтін қорын бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушінің өтінімі бойынша мынадай жағдайларда:

      1) өнім берушілер бірыңғай дистрибьюторға беру мерзімін бұзған кезде;

      2) өнім берушілер беруден бас тартқан кезде;

      3) өнім берушінің кінәсінан шарт бұзылған кезде;

      4) тапсырыс берушілерден сол қаржы жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың көлемін ұлғайтуға қатысты қосымша өтінім келіп түскен кезде;

      5) осы Қағидаларға сәйкес сатып алу тәсілдерінің бірімен (өз қалауы бойынша) жасалатын шарттар есебінен қалған жарамдылық мерзімін жаңартқан жағдайда тапсырыс берушілерден келесі қаржы жылына өтінімдер келіп түскен кезде пайдаланылады.

      439. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың төмендемейтін қорын осы Қағидаларда белгіленген тәсілдермен (дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қалдықтарын есепке алғанда) бірыңғай дистрибьютор (өз қалауы бойынша) толықтырып отырады.

4-бөлім. Бақылау және шағымдану

      440. Осы Қағидалардың сақталуын бақылауды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.

      441. Сатып алуды ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің және бірыңғай дистрибьютордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағымдануды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары және оның жоғары тұрған органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен қарайды.

      442. Сатып алуды ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің және бірыңғай дистрибьютордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының және оның жоғары тұрған органының шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағымдануға болады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 4 маусымдағы
№ 375 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысы.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 25 ақпандағы № 122 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 26 мамырдағы № 474 қаулысы.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 шілдедегі № 716 қаулысы.

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 27 тамыздағы № 844 қаулысы.

      6. "Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2011 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидасын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 ақпандағы № 163 қаулысының 4-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 және 2009 жылғы 7 желтоқсандағы № 2030 қаулыларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 392 қаулысы.

      8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 және "Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2011 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидасын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 22 ақпандағы № 163 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 маусымдағы № 721 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы.

      9. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 тамыздағы № 983 қаулысы.

      10. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 мамырдағы № 629 қаулысы.

      11. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1415 қаулысы.

      12. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 желтоқсандағы № 1649 қаулысы.

      13. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 қаңтардағы № 15 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы.

      14. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 қаңтардағы № 28 қаулысы.

      15. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 маусымдағы № 582 қаулысы.

      16. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі № 964 қаулысы.

      17. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы № 1363 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 7-тармағы.

      18. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 шілдедегі № 767 қаулысы.

      19. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 229 қаулысы.

      20. "Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 шілдедегі № 515 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы.

      21. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 33 қаулысы.

      22. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы.

      23. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 және "Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 8 шілдедегі № 515 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 8 қарашадағы № 719 қаулысы 1-тармағының 1) тармақшасы.

      24. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 829 қаулысы.

      25. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 347 қаулысы.

      26. "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 6 тамыздағы № 500 қаулысы.