Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.06.2020 № 375 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 47-48, 444-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесінде:
27) және 28) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"27) қаржылық лизинг шарты - осы Ережеге сәйкес лизинг беруші өнім берушіден лизинг алушы көрсеткен лизинг нысанасын өз меншігіне сатып алуға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес осы лизинг нысанасын лизинг алушыға уақытша иеленуге және пайдалануға ақылы түрде беруге міндеттенетін үш жақты шарт;
28) сатып алу туралы шарт - осы Ережеге және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында жасалған, жазбаша нысанда тіркелген, оған барлық қосымшалармен және толықтырулармен, сондай-ақ шартта сілтемесі бар барлық құжаттамасымен тараптар қол қойған шарт;";
13-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) өлшеу құралдарына жататын медициналық техника Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізіліміне енгізілуі тиіс.";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Тендерді ұйымдастырушы дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді алдағы сатып алу туралы тендерлік өтінімдерді қабылдау аяқталатын күнге дейін кемінде күнтізбелік 15 күн бұрын аптасына үш реттен сиретпей шығарылатын және Қазақстан Республикасының аумағында таралатын мерзімді баспа басылымында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялау және ақпаратты тендерді ұйымдастырушының/сатып алуды ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастыру арқылы әлеуетті өнім берушілерді хабардар етеді.";
88-2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Егер:
1) лизингтік төлемдерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен өтеу тетігі болмаса;
2) қаржылық лизинг шарты қаржылық лизинг шарттары мен талаптарына сәйкес келмесе, медициналық техника қаржылық лизинг шарттарында сатып алынбайды.";
88-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"88-3. Медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастырушы қаржылық лизинг шарттарында сатып алынбайтын құны 5000000 (бес миллион) теңгеден 50000000 (елу миллион) теңгеге дейінгі медициналық техниканы, құны 50000000 (елу милион) теңгеден жоғары, сондай-ақ біріздендіруді талап ететін медициналық техниканы осы Ереженің 8-2-тарауына сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейдегі медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен сатып алады. Сұрау салынған медициналық техниканың клиникалық-техникалық негіздемесіне, техникалық сипаттамасына және құнына сараптаманы лизинг беруші жүргізеді.";
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Лизинг беруші техникалық, ұйымдық сараптаманы және құн, сондай-ақ қаржылық лизинг шарттары мен талаптарына сәйкестік сараптамасы жүргізілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде сатып алу жоспарланған медициналық техниканың тізбесін әзірлейді, оны алған сәттен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде медициналық техниканың тізбесін келісуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға саны және жеткізу орны бөлігінде келісуге жібереді.";
төртінші, бесінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
"Өнім берушілерді айқындау қорытындысы бойынша лизинг беруші он бес жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау ұйымдарымен және медициналық техниканы берушімен лизинг беруші айқындаған нысан бойынша қаржылық лизинг шартын жасасады.
Қаржылық лизинг шарты жасалғаннан кейін өнім беруші денсаулық сақтау ұйымына лизинг нысанасын ұсынады, осы шартта көзделген тәртіппен және жағдайларда іске қосу-баптау жұмыстарын, персоналды оқытуды және медициналық техникаға кепілдік берілген сервистік қызмет көрсетуді жүргізеді. Бұл ретте медициналық техникаға кепілдік берілген сервистік қызмет көрсету медициналық техника пайдалануға берілген күннен бастап кемінде отыз жеті айды құрауы тиіс.";
88-7-тармақ алып тасталсын;
93-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Комиссия құру туралы шешім қабылданған кезден бастап ол сатып алу туралы шарт немесе қаржылық лизинг шарты күшіне енгенге дейін жұмыс істейді.";
129-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"129-1. Тендер жеңімпазының қағаз және doc* форматында электрондық түрдегі техникалық ерекшеліктерінің көшірмелерін қоса бере отырып, медициналық техниканы сатып алу бойынша екі кезеңді рәсімдер пайдаланылатын тендер қорытындылары туралы хаттаманың нотариалды куәландырылған көшірмелерін тендердің қорытындысы шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастырушы тапсырыс берушілердің тендер жеңімпаздарымен осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес жасалған медициналық техниканы сатып алу шарттарын (бұдан әрі - сатып алу шарты) немесе қаржылық лизинг шартын жасасуы үшін қабылдау-беру актісі бойынша тапсырыс берушілерге беруге тиіс.";
131-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) өнім беруші жеткізу шартының немесе сатып алу шартының, қаржылық лизинг шартының талаптарын орындамағандықтан, тиісінше орындамағандықтан жеткізу шарты немесе сатып алу шарты, қаржылық лизинг шарты бұзылғанда. Бұл жағдайда бірыңғай дистрибьютор немесе медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастырушы бұзылған жеткізу шартының немесе сатып алу шартының, қаржылық лизинг шартының белгіленген бағасынан аспайтын баға бойынша дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың қалған көлеміне осы Ережеде белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін заңды тұлғадан немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғадан бір көзден сатып алуды жүзеге асыруға құқылы. Егер тендер жеңімпазы отандық тауар өндіруші болып белгіленген жағдайда, аталған тармақтың талаптары қолданылмайды;";
133-тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) жеткізу шарты немесе сатып алу шарты, қаржылық лизинг шарты жасалатын әлеуетті өнім берушінің атауы және орналасқан жері және мұндай шарттың бағасы.";
142-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"142-1. Өнім беруші техникалық ерекшеліктен ауытқитын медициналық техниканы ұсынған және/немесе осы медициналық техниканың жеткізілуі жоспарланған денсаулық сақтау ұйымының бейініне, бағытына және қызмет түріне сәйкес келмеген жағдайда, лизинг берушінің тендер жеңімпазымен қаржылық лизинг шартын жасасудан бас тартуға құқығы бар. Бұл жағдайда лизинг беруші қаржылық лизинг шарттарында медициналық техниканы сатып алатын денсаулық сақтау ұйымының жазбаша хабарламасының негізінде сатып алуды ұйымдастырушыны және тендер жеңімпазын қаржылық лизинг шартын жасасудан бас тартатыны туралы хабардар етеді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |