Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 820 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) басым жобаларға кредит беру тетігі;

      2) Ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы (бұдан әрі – Жол картасы) бекітілсін.

      2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар (келісім бойынша) Жол картасында көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі жарты жылдық негізде есепті айдан кейінгі айдың 30-күніне қарай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне Жол картасының 4-тармағын қоспағанда, Жол картасы іс-шараларының орындалу барысы туралы жиынтық ақпаратты ұсынсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2018 жылғы 11 желтоқсандағы
  № 820 қаулысымен
  бекітілген

Басым жобаларға кредит беру тетігі

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібінде және агроөнеркәсіптік кешенде қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ЖКС) қолдау үшін 2018 – 2020 жылдары екінші деңгейдегі банктерді (бұдан әрі – ЕДБ) қаржыландыруының жалпы көлемі 600 миллиард теңгеге дейін құрайды.

      2. ЕДБ-ға қаражат беру шарттары:

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі меншікті қаражаты және өз басқаруындағы қаражат есебінен жылдық 11 %-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесі бойынша өтеу мерзімі 7 жылға дейін 600 миллиард теңгеге дейінгі мөлшердегі қаражатқа ЕДБ облигацияларын сатып алуды жүзеге асырады.

      ЕДБ шығару проспектісінде (облигацияларды шығару талаптары) айқындалатын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген шарттарда өздері шығарған облигацияларды мерзімінен бұрын өтеуге құқылы.

      Әрбір ЕДБ-ға облигацияларды сатып алудың ең жоғары лимиті 70 миллиард теңгеден аспауға тиіс. ЕДБ өз лимиттерін ішінара немесе толық пайдаланбаған жағдайда пайдаланылмаған лимит мүдделі ЕДБ арасында пропорционалды түрде қайта бөлінуі мүмкін.

      ЕДБ-ның тартылған қаражаты мен меншікті қаражаты:

      1) 100 миллиард теңгеге дейін агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу;

      2) 100 миллиард теңгеге дейін агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру;

      3) 400 миллиард теңгеге дейін өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызметтер бағыттары бойынша басым жобаларды қаржыландыруға бағытталуға тиіс.

      Бұл ретте шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) субъектілері іске асыратын жобаларға кредит беруге кемінде 100 миллиард теңге бағытталатын болады. Осы мақсатта әрбір ЕДБ осы Басым жобаларға кредит беру тетігінде (бұдан әрі – Тетік) белгіленген шарттармен берілген кредиттердің жалпы көлемінің кемінде 17 %-ы мөлшерінде ШОБ жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

      ЕДБ үшін қаражатты тарту мөлшерлемесі мен ЖКС кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырмашылық жылдық 4,0 %-дан аспауға тиіс.

      ЕДБ меншікті қаражаты есебінен ЖКС жобаларына қарыз бере алады, сондай-ақ ЕДБ ЖКС қарыздары үшін қорландыруды қамтамасыз ету не қалпына келтіру үшін облигациялар шығара алады.

      Аванстық қорландыруды алған жағдайда облигацияларды орналастырудан алынған қаражатты игеру кезеңі олар ЕДБ шотына түскен күннен бастап 12 айдан аспауға тиіс.

      Бұл ретте ЕДБ айналым қаражатын толықтыру мақсатына қарыз алушының бір жобасы шеңберінде берілетін кредит қаражатының 50 %-дан аспайтын мөлшерін жіберуге құқылы. Бұл шектеу агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс бойынша жобаларды қаржыландыруға қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 941; 04.05.2019 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы Тетіктің шарттары бойынша кредиттер беруді жүзеге асыратын ЕДБ-ға қойылатын талаптар:

      ЕДБ меншікті капиталының ең төменгі мөлшері 60 миллиард теңгеден кем болмауға тиіс;

      ЕДБ:

      1) қарыз алушы бастама жасаған кредит беру шарттарының өзгеруіне байланысты;

      2) қарыз алушы ЖКС кредиттік келісімдер бойынша міндеттемесін/лерін бұзуы салдарынан алынатын;

      3) кепілдің нысанасына тәуелсіз бағалау өткізуге, кепіл шартын тіркеуге және ауыртпалықты алып тастауға байланысты;

      4) есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету бойынша төлемдерді қоспағанда, кредитпен байланысты қандай да бір комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды.

      ЕДБ-ның қаражатты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұған дейін берілген кредиттерді қайта қаржыландыруға, қатысу үлестерін сатып алуға және байланысқан тараптардың арасындағы мәмілелерге жұмсауына рұқсат етілмейді.

      4. Осы Тетік бойынша ЖКС-ні қаржылық қолдау шараларын іске асыратын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы және оның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – қаржы агенттігі) осы Тетік бойынша оператор болып табылады. Қаржы агенттігінің көрсетілетін қызметтерінің ақысын "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган төлейді.

      5. ЖКС қаржыландыру шарттары:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 522 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында айқындалған және осы Тетікке қосымшаға сәйкес Басым жобаларға кредит беруге арналған тауарлар тізбесіне сәйкес экономиканың басым салаларында жобаларды іске асыратын кәсіпкерлер/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері ЖКС-тың нысаналы тобы болып табылады. Бұл ретте, жобаның нысаналы мақсатын растау үшін барлық экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы жiктеуiшiнің (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) нақты бір түріне байланыстырылған Тізбенің кемінде бір тауар түрін шығару жеткілікті. Көрсетілетін қызметтер саласы үшін сәйкестік өлшемшарты ЭҚЖЖ түрлеріне жатқызылады.

      Жобаларға 10 миллиард теңгеден астам сомаға кредит берген жағдайда тиісті салалық орталық уәкілетті органның оң қорытындысы қажет.

      ЖКС үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – кемінде жылдық 15 %.

      ЖКС үшін кредит беру валютасы – теңге.

      ЖКС-ге кредит беру және субсидиялау мерзімі қоса алғанда 7 жылға дейін.

      Бұл ретте:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім (бальзамдардан басқа) шығаруды көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлар шығаруды көздейтін;

      2) кредиттік бюро деректеріне сәйкес кредит беру немесе кредиттік өтінімді беру сәтінде күнтізбелік 90 күннен асатын, мерзімі өтіп кеткен несиелік берешегі бар;

      3) қаржыландыруды жүзеге асыратын ЕДБ-мен ерекше қатынастар арқылы байланысқан тұлғалар болып табылатын;

      4) Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 10 ақпандағы № 52 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6058 болып тіркелген) және (немесе) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, жинақтаушы зейнетақы қорлары мен акционерлік инвестициялық қорлар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі басқармасының 2008 жылғы 2 қазандағы № 145 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5371 болып тіркелген) көрсетілген, оффшорлық аймақтарда тіркелген, сондай-ақ қатысушылары және (немесе) акционерлері оффшорлық аймақтарда тіркелген;

      5) мемлекеттік кәсіпорындар/мекемелер, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей мемлекетке тиесілі ұйымдар (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шарт шеңберінде құрылған ЖКС қоспағанда), олармен үлестес тұлғалар, сондай-ақ меншік нысаны жеке мекеме ретінде ресімделген ЖКС және коммерциялық емес ұйымдар құрылтайшылары (оның ішінде, қатысушылары, акционерлері) болып табылатын ЖКС жобалары қаржыландырылмайды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 941; 04.05.2019 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Қарыз алушыларға қойылатын талаптар:

      қаржы агенттігінің субсидиялау және/немесе кепілдік беру туралы шешімі қабылданған күннен бастап 2 (екі) қаржы жылынан кейін салықтық есептілік деректерінің негізінде жұмыс орындарының орташа жылдық санын сақтау/ұлғайту немесе кірісті 10 %-ға өсіруге қол жеткізу.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 04.05.2019 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. ЖКС жобаларын субсидиялау шарттары:

      Өңдеу өнеркәсібіндегі, көрсетілетін қызметтер бойынша және агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеудегі ЖКС жобаларын субсидиялау шарттары:

      Субсидиялау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 522 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

      ЕДБ-ның ЖКС-ге беретін кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. Қаржы агенттігіне қаражат аударуды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган қаржы агенттігінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған арнайы шотына субсидиялар аудару шартына сәйкес жүзеге асырады. Бұл ретте, алғашқы төлем қаржы агенттігіне тиісті қаржы жылында көзделген қаражат сомасының 50 %-ы мөлшерінде аударылады. Одан кейінгі төлемдер қажеттілігіне қарай қаржы агенттігінің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады.

      Субсидиялау номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15 %-дан аспайтын кредиттер бойынша жүзеге асырылады, оның 8 %-ын ЖКС төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайтын болады.

      Инвестицияларға жұмсалған кредиттерді субсидиялау мерзімі субсидиялау мерзімін ұзарту құқығынсыз 7 жылдан аспайды.

      Айналым қаражатын толықтыруға бағытталған кредиттерді субсидиялау мерзімі субсидиялау мерзімін ұзарту құқығынсыз 3 жылдан аспайды.

      Осы тетік шеңберінде іске асырылатын жобаларды субсидиялау шарттары, тәртібі мен тетігі, сондай-ақ мониторингі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларымен регламенттеледі.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 941 қаулысымен.

      7-1. ЖКС жобаларына кепілдік беру шарттары:

      Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15 %-дан аспайтын кредиттерге кепілдік беруге жатады. Қарыз алушының бір жобасы шеңберінде кепілдік көлемі:

      қоса алғанда 3 млрд. теңгеге дейінгі кредит сомасының 50 %-ынан аспайды;

      3 млрд. теңгеден астам, 5 млрд. теңгеге дейінгі қоса алғанда кредит сомасының 20 %-ынан аспайды.

      Кепілдік мерзімі кредит мерзімінен аспайды.

      Кепілдік беру шарттары, тәртібі және тетігі, сондай-ақ осы тетік шеңберінде іске асырылатын жобалардың мониторингі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша кепілдік беру қағидаларымен регламенттеледі.

      Ескерту. Қаулы 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 04.05.2019 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс бойынша іске асырылатын субсидиялау шарттары, тәртібі мен тетігі, сондай-ақ мониторингтеу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 50 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2017 жылғы 17 ақпанда № 14815 болып тіркелген) бекітілген Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларымен (бұдан әрі – Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидалары) регламенттеледі.

      Осы тармақ шеңберінде ЕДБ беретін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жергілікті атқарушы органдарға ағымдағы трансферттер беру арқылы жүзеге асырылады.

      9. Қаржы агенттігі:

      1) субсидиялау шарты жасалған ЖКС-нің жаңа кредитінің нысаналы пайдаланылуын мониторингтеуді;

      2) ЕДБ-ға ұсынылған қаражатты мақсатты және уақтылы қаржыландыру жөніндегі ақпаратты жинау мен талдауды жүзеге асырады.

      ЕДБ-ға ұсынылған қаражатты мақсатты және уақтылы қаржыландыру жөніндегі ақпаратты жинау мен талдауды ЕДБ есебінің негізінде, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін басым жобаларға кредит беру тетігінің шеңберінде ұсынылған қаражатты ЕДБ-ның мақсатты пайдалануын талдау қағидаларына сәйкес қаржы агенттігі жүзеге асырады.

      Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қаржы агенттігіне ЖКС келісімі болған жағдайда салық құпиясы болып табылатын мынадай:

      салық салуға жатпайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс туралы ақпаратты;

      шетелдік көздерден алынатын, салық салынатын кіріс туралы ақпаратты;

      өткізілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша шығыстар туралы ақпаратты;

      қызметкерлердің есептелген кірісі бойынша шығыстар туралы ақпаратты;

      таза кіріс туралы ақпаратты;

      қызметкерлердің (адамдардың) саны туралы ақпаратты;

      бір қызметкерге шаққандағы орташа айлық жалақы туралы ақпаратты;

      салық төлемдерінің сомалары туралы ақпаратты береді.

      ЕДБ "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларына және Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына сәйкес тұрақты негізде қаржы агенттігіне есеп беріп тұрады.

      Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және ЕДБ-нің ішкі саясатына сәйкес ЖКС кредиттерін мониторингтеуді ЕДБ жүргізеді.

      _________________________

  Басым жобаларға
  кредит беру тетігіне
  қосымша

Басым жобаларға кредит беру үшін тауарлар тізбесі

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 04.05.2019 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Тауарлар тобының атауы

Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің атауы

Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші

Шығарылатын өнімдер мен тауарлардың тізімі

1

2

3

4

5

6

I. АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫ

1

Еттен және құс етінен жасалған өнімдер

1.

Етті өңдеу және консервілеу

1011

Ұша/шағын ұша түрінде жас немесе тоңазытылған етті өндірісі
Тағамдық субөнімдер

2.

Үй құсының етін өңдеу және консервілеу

1012

Қасапханада үй құстарын сою, етті өңдеу немесе өлшеп орау, мүшеленген жас немесе мұздатылған ет өндіріс

3.

Еттен және үй құсының етінен жасалған өнімдер өндірісі

1013

Кептірілген, тұздалған немесе ысталған ет өндірісі, дайын орамалар
Ет өнімдерін: шұжық, салями, қызыл шұжық, сүрленген құрғақ шұжық, сервелат, ысталған болон шұжығы, бас, орамалар, пісірілген ветчина жасау

2

Сүт және ірімшік өнімдері

4.

Сүтті өңдеу және ірімшік жасау

1051

Жаңа сауылған, пастерленген табиғи, зарарсыздандырылған, гомогенделген және/немесе ультра тазартылған сүт өндірісі
Сүт негізіндегі сусындар өндірісі
Жаңа сауылған қаймағы алынбаған, пастерленген, зарарсыздандырылған және гомогенделген сүттен қаймақ жасау
Құрғақ сүт немесе қоюлатылған сүт, қатты түрдегі сүт немесе кілегей өндірісі
Сары май, йогурт, ірімшік және сүзбе, айран, кілегей, сары су, казеин немесе лактоза өндірісі

3

Өзге де тамақ өнімдерінің өндірісі

5.

Қант өндірісі

1081

Қант қызылшасынан қант өндірісі

6.

Какао, шоколад және қантты кондитерлік тағамдар өндірісі

1082

Шоколад және шоколад кәмпиттерінің өндірісі
Қантты кәмпиттер: карамель, какао, нуга, помадка, ақ шоколад өндірісі
Сағыз өндірісі
Қантталған жемістер өндірісі
Шоколадты жаңғақ, цукат өндірісі
Кәмпиттер, жастықша кәмпиттер, қақ өндірісі.

4

Балалар тағамы

7.

Балалар тағамының және диеталық тамақ өнімдерінің өндірісі

1086

Арнайы диеталар үшін пайдаланылатын тамақ өнімдерін: балалар тағамын; қосымша сүт және басқа да тамақ өнімдерін; жасы кіші балаларға арналған тамақ өнімдерін; калориясы аз және калориясы азайтылған өнімдерді жасау

5

Ұн тарту өнеркәсібі өнімдерінің, крахмалдар мен крахмал өнімдерінің өндірісі

8.

Крахмал және крахмалдан жасалған өнімдер өндірісі

1062

Күріштен, картоптан, жүгеріден, бидайдан крахмал жасау
Шикі жүгеріні майдалау
Глюкоза және (немесе) глюкоза-фруктоза шәрбатын, қант шәрбатын, мальтоза, инулин жасау
Дәннің маңызын жасау
Жүгері майын жасау

9.

Ұн-жарма өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

1061

Құрғақ бұршақ дәндерінің, тамырлар немесе сабақтар немесе жеуге жарамды жаңғақтар өндірісі
Құрғақ таңғы ас сияқты дәнді тамақ өнімдерінің өндірісі
Ұн қоспаларының және нанға, тортқа, бәлішке, пирогтар мен бисквиттерге, печеньелерге немесе құймақтарға арналған, дайын ұн қоспалары мен қамырлар өндірісі
Бидай қауыздарының, қара бидай, сұлы, жүгері немесе басқа да дән қауыздарының өндірісі

6

Нан-бөлке және ұннан жасалған өнімдер өндірісі

10

Макарон өнімдерінің өндірісі

1073

Макарондар, кеспелер, кеспе және (немесе) олардан жасалған жартылай фабрикаттар (тез дайындалатын) өндірісі
Қамырдан жасалған консервіленген немесе тоңазытылған өнімдер, оның ішінде макарон өнімдерінің өндірісі

7

Дайын тамақ өнімдері (өндірістік ауқымда)

11.

Дайындалған тамақ өнімдерінің өндірісі

1085

Ет тағамдарының өндірісі
Тартылған балық етін қоса алғанда, балық тағамдарының өндірісі
Көкөністерден жасалған тағамдар өндірісі
Тоңазытылған пицца немесе өзге тәсілмен сақтау үшін дайындалған пицца өндірісі

8

Жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеу

12.

Картопты өңдеу және консервілеу

1031

Өңделген мұздатылған картоп, құрғақ картоп езбесінің, картоптан жасалған басытқы, картоп қытырлақтары, картоп ұны мен түйіршіктерінің өндірісі

13.

Жеміс және көкөніс шырындарының өндірісі

1032

Жемістерден және (немесе) көкөністерден жасалған шырындар өндірісі
Жас жемістерден және көкөністерден жасалған концентраттар қойылтпалар өндірісі

9

Мал азығының өндірісі

14.

Фермаларда ұсталатын жануарларға арналған дайын азық өндірісі

1091

ІҚМ, ұсақ малға, жылқыларға, құстар мен шошқаларға арналған азық өндірісі

10

Ауыл шаруашылығы

15

Көкөністер және бақша өнімдерін, тамыр жемістілер мен түйнек жемістілерді өсіру

0113

Көкөніс, оның ішінде қызанақ, басты пияз, шалот пиязы, сарымсақ, порей пиязы және басқа да пияз тұқымдас көкөністер, қауданды қырыққабат, түрлі-түсті қырыққабат, кольраби, жапырақты қырыққабат, сәбіз, шалқан, тамыр балдыры, шалғам және басқа да осыған ұқсас жеуге жарамды тамыр жемістілер, бұрыш, қияр мен корнишон, қант қызылшасы және асханалық қызылша өсіру. Көкөніс, картоп, қант қызылшасының тұқымдарын өсіру
Бақша дақылдарын, оның ішінде қарбыз, қауын және асқабақ өсіру

16

Талшықты иіру дақылдарын өсіру

0116

Мақта, зығыр өсіру
Мақта тұқымын өсіру

17

Басқа да маусымдық дақылдарды өсіру

0119

Тарна, жемдік қызылша, жем-шөп, беден, жоңышқа, эспарцет, жемдік жүгері және басқа шөптерді, жемдік қырыққабат және қарапайым жемдік өнімдерді өсіру
Қызылша қарақұмық өсіру (қант қызылшасы тұқымдарын қоспағанда) және азықтық өсімдіктер тұқымын өсіру

18

Дәнді және сүйекті жемістер өсіру

0124

Дәнді және сүйекті жемістер: алма, өрік, шие және қызыл шие, шабдалы және тақыр шабдалы, алмұрт және беже, қара өрік және шомырт өсіру

19

Малдың және қодастың басқа да тұқымдарын көбейту

0142

Ет алу үшін ірі қара мал мен қодасты көбейту

20

Малдың сүтті тұқымдарын көбейту

0141

Малдың сүтті тұқымдарын өсіру және көбейту
Шикі сүт алу

11

Ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау

21

Жүкті қоймаға қою және сақтау

5210

Азық-түлік өнімдерін сақтау және сату бойынша көтерме сауда орталықтарын құру

II. АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕН БАСҚА ТАУАРЛАР

1. КИІМ ЖӘНЕ АКСЕССУАРЛАР

12

Сырт киім және аксессуарлар

22

Басқа да тоқылған және трикотаж бұйымдарының өндірісі

1439

Пуловерлер, свитерлер, кардигандар, тоқылған кофталар, жилеттер және осындай бұйымдар сияқты тоқылған немесе трикотаж бұйымдар және басқа да дайын бұйымдар өндірісі

23

Арнайы киім өндірісі

1412

Арнайы киім өндірісі

24

Сырт киім өндіру

1413

Ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған сырт киім: пальто, костюмдер, жакеттер, шалбарлар, белдемшелер, қалпақтар мен баскиімдер өндірісі
Былғарыдан жасалған сырт киімнен басқа, тоқыма, тоқылған немесе тоқыма емес трикотаж маталардан жасалған сырт киімдердің өзге де түрлерінің өндірісі

13

Іш киім

25

Іш киім өндіру

1414

Әйелдер, ерлер мен балаларға арналған тоқыма, тоқылған немесе трикотаж маталардан, шілтерден жасалған іш киімдер және түнгі киімдер: жейделер, футболкалар, кальсондар, келтешалбарлар, пижамалар, түнгі жейделер, көйлектер, блузалар, ішкі белдемшелер, комбинациялар, бюстгальтерлер, корсеттер өндірісі

26

Тоқылған және трикотаж шұлық бұйымдарының өндірісі

1431

Ұйықтарды, триколарды және колготкаларды қоса алғанда, шұлық бұйымдарының өндірісі

14

Тоқыма және былғары бұйымдарын өндіруге арналған материалдар

27

Тоқыма бұйымдарын өңдеу

13

Аралас, жасанды немесе синтетикалық иірілген жіпті (полипропилен) қоса алғанда, мақта-мата, мақта талшығы өндірісі
Шашақ жіп, махер мата, дәке тәрізді тоқылған материалдар өндірісі
Жасанды немесе синтетикалық иірілген жіпті (полипропилен) қоса алғанда, жүн мата өндірісі
Аралас, жасанды немесе синтетикалық иірілген жіпті (полипропилен) қоса алғанда, жібек мата өндірісі
Зығыр мата өндірісі
Басқа да маталар өндірісі, мысалы, қытай қалақайынан, кендірден, жөкеден және арнайы иірілген жіптен
Шыны талшығынан жасалған маталар өндірісі
Карбонидті және арамидті жіптер өндірісі
Тоқу әдісімен жасанды тері өндірісі

15

Аяқ киім және оның жабдықтары

28

Аяқ киім өндірісі

1520

Қалыптауды қоса алғанда, аяқ киімді кез келген материалдардан кез келген тәсілмен жасау
Аяқ киімдердің былғары және резеңке бөліктерін: сыртқы және ішкі бөліктерін, ұлтанын, өкшесін жасау

16

Тұрмыстық химия

29

Сабын мен жуғыш, тазартқыш және жылтыратқыш заттар өндірісі

2041

Органикалық беткі-белсенді препараттар өндірісі
Жуғыш құралдар себілген немесе сіңірілген қағаздар, сулықтар өндірісі
Глицерин өндірісі
Косметикалық сабынды қоспағанда, сабын өндірісі
Беткі-белсенді препараттар: қатты немесе сұйық түрдегі кір жуатын ұнтақтар және басқа да жуғыш құралдар, ыдыс-аяқ жууға арналған препараттар кір жуған кезде қосуға арналған хош иістендіргіш және жұмсартқыш заттар өндірісі
Тазартқыш және жылтыратқыш құралдар: ауа тазартқыштар, жасанды балауыз, былғары бұйымдарды күтуге арналған құралдар, жиһазға және ағаш беттерге арналған полирольдар, шыны және металл беттерге арналған полирольдар, осыларға ұқсас құралдар себілген немесе сіңірілген сулықтарды қоса алғанда, тазартқыш пасталар мен ұнтақтар өндірісі

17

Кілемдер

30

Кілемдер мен кілем бұйымдарын өндірісі

1393

Кілемдер, паластар және төсеніштер, едендік жабындар қамтылатын тоқыма жабындарының өндірісі
Киіз жабындарының өндірісі

18

Үйге арналған тоқыма және басқа да бұйымдар

31

Киімнен басқа, дайын тоқыма бұйымдарын өндірісі

1392

Тоқылған немесе трикотаж маталарды қоса алғанда, кез келген тоқыма материалынан дайын бұйымдар: пледті қоса алғанда, жүн көрпе, төсек-орын, асхана, дәретхана немесе ас үй маталары, сырып тігілген көрпе, мамық көрпе, пуфиктер, жастықтар, ұйықтауға арналған қаптар өндірісі
Дайын жиһаз заттарын: перделер, шымылдықтар, төсек-орын жапқышы, ас үй сүлгілері, ыдыс жууға арналған шүберектер өндірісі

32

Тоқыма жаймаларының өндіру

1391

Тоқылған немесе трикотаж маталар шығару және өңдеу: түкті маталар, тор көзді және шілтер маталар өндірісі

19

Тұрмыстық тауарлар

33

Тауарларға арналған пластик қаптамалар өндірісі

2222

Тауарларды орауға арналған пластик бұйымдар: пластик пакеттер, қаптар, ыдыстар, қораптар, жәшіктер, үлкен бөтелкелер, бөтелкелер өндірісі

34

Өзге де пластик бұйымдар өндіру

2229

Жиһаз фурнитурасының, кеңсе немесе мектеп керек-жарақтарының, киім заттарының (түймелер, сыдырмалар), ас үй және дәретхана керек-жарақтарының, дастархан, пластик бас киімдер (каскалар) және пластиктен жасалған өзге де бұйымдар өндірісі

35

Қуыс шыны бұйымдарын өндірісі

2313

Шыныдан немесе хрустальдан жасалған бөтелкелер, ыдыстар өндірісі
Шыныдан немесе хрустальдан жасалған стақан, фужер, рюмка, бокал, шыныаяқ, тұрмыстық заттар өндірісі

20

Жиһаз

36

Кеңсе және студия арналған жиһазының өндірісі

3101

Орындықтар, отыруға арналған жиһаз өндірісі кеңселерге, студияларға, қонақ үйлерге, мейрамханаларға және қоғамдық орындарға арналған орындықтар мен отырғыштар өндірісі
Театрларға, кинотеатрларға арналған орындықтар мен отырғыштар өндірісі
Зертханалық орындықтар, басқа да зертханалық табуреттер мен өзге де отырғыштар өндірісі

37

Ас үй жиһазын өндірісі

3102

Ас үй жиһазын өндірісі

38

Басқа да жиһаз өндірісі

3109

Дивандар, диван-кереуеттер өндірісі
Бақшаға арналған орындықтар өндірісі
Жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, бақшаға арналған жиһаз өндірісі
Тігін машиналарына, теледидарларға арналған тумбалар өндірісі

21

Жиһаз өңдіруге арналған материалдар

39

Шпон, фанера, жұқа тақтайлар мен панельдер өндіру

1621

Жоңқасы нысаналы бағытталған сүрек-жоңқалы тақтайлар өндіру
Тығыздығы орташа ағаш талшықты тақтайлар және өзге де ағаш талшықты материалдар өндірісі

22

Матрастар

40

Матрастар өндірісі

3103

Матрастар: серіппесі бар немесе тығыздалған матрастар; құрамында серпімділікті ұстап тұратын материалдар бар матрастар; қапталмаған резеңке немесе пластик матрастар өндірісі

23

Тұрмыстық электроника аспаптарын өндірісі

41

Механикалық шамаларды өлшеуге арналған аспаптар өндірісі

2651

Жылыту жүйелеріне арналған температураны бақылау аспаптарының өндірісі
Сұйықтық температурасын өлшеуге арналған шыны және биметалл термометрлер (медициналықты қоспағанда) өндірісі
Тұрмыстық өлшеуіштер өндірісі (мысалы, су өлшегіш, газөлшегіш, электр энергиясын есептегіштер)
Су өлшеуіштер мен есептеу қондырғыларының өндірісі
Қозғалыс детекторларының өндірісі

42

Электр-тұрмыстық аспаптар өндірісі

2751

Өзге де тұрмыстық электр аспаптарының: электр сужылытқыштар, тасымалданатын электржылытқыштар, электрпештер, электрқыздырғыштар өндірісі

43

Батареялар мен аккумуляторлар өндірісі

2720

Бастапқы элементтер: құрамында марганец, сынап, күміс диоксиді бар батарея элементтерінің өндірісі
Бөлгіштер, корпустар, қақпақтар сияқты қосалқы бөлшектерді қоса алғанда, электр аккумуляторларының өндірісі
Қорғасын-қышқылды батареялар өндірісі
Никель-кадмий батареяларының өндірісі
Никель-металлогидридті қуат көзі батареяларының өндірісі
Литий батареяларының өндірісі
Құрғақ батареялар өндірісі
Сұйық электролиті бар батареялар өндірісі

24

Жарықтандыру құралдары

44

Электрмен жарықтандыру жабдықтарын өндірісі

2740

Шамдар (мысалы, карбидті, электр, газ, газoлин) өндірісі
Төбеге ілінетін жарықтандыру аспаптарының өндірісі
Аспашамдар өндірісі
Үстел шамдарының (оның ішінде жарықтандыру аспаптарының) өндірісі

25

Құрылыс материалдары

45

Пластик құрылыс бұйымдарын өндіру

2223

Пластикалық құрылыс бұйымдарының: пластик есіктер, терезелер, жақтаулар, терезе қақпақтарының, жалюзилер, бағыттаушы жұқа тақтайшалар, ыдыстар, пластик жабындар, рулондар түріндегі қабырға мен төбеге арналған қаптауыш, тақтайшалар, пластиналар еден жабындарының өзге де түрлерінің, ванна, душ кабиналары, раковиналар, унитаздар, су ағызатын бачоктар сияқты пластик гигиена заттарының өндірісі
Винил, линолеум сияқты майысқақ төсемдер өндірісі

46

Бастапқы қалыптағы пластмасса өндіру

2016

Полипропилен мен полистирол өндіру

47

Бояулар, лактар және ұқсас бояғыш заттар, типография бояулары мен мастика өндірісі

2030

Бояулар, лактар мен эмальдар өндірісі
Дайын бояйтын заттар мен колерлер өндірісі
Эмальдар, лактар және жағатын құрамдар мен сол сияқты препараттар өндірісі
Мастика өндірісі
Шпатлевка және сол сияқты үстіңгі беттерді тегістеуге арналған препараттар өндірісі
Дайын бояу өндірісі
Типографиялық бояу өндірісі
Органикалық еріткіштер, бояу мен лактарды дайын еріткіштер өндірісі

48

Желім өндірісі

2052

Резеңке желімі мен дайын желімдеу құрамдарын қоса алғанда, желім мен дайын желімдеу құрамдарының өндірісі

26

Есіктер мен терезелер

49

Металдан жасалған есіктер мен терезелер өндірісі

2512

Металдан жасалған есіктер, терезелер мен жақтаулар, терезе қақпалары мен қақпалар өндіру

27

Цементті қоспағанда, әрлеу материалдары

50

Әк және құрылыс гипсінің өндіру

2352

Құрылыс (кальцийлендірілген гипс немесе натрий сульфаты) гипсін өндіру
Сылақ өндірісі

III. ӨЗГЕЛЕР

28

Химия

51

Тыңайтқыштар және құрамында азот бар қоспалар өндіру

2015

Тыңайтқыштар: азот немесе құрамында азоты бар, фосфор немесе калий тыңайтқыштарын, шикі мұнайдан алынған несепнәр, табиғи фосфаттар және табиғи калий тұздарын өндіру

52

Пестицидтер мен басқа да агрохимиялық өнімдер өндіру

2020

Инсектицид/жәндіктерге қарсы заттар, родентицидтер, фунгицидтер, гербицидтер, акарицидтер, молюстицидтер, биоцидтер өндіру
Өсімдіктердің өсуін реттейтін өнімдер өндіру
Дезинфекциялау құралдарын өндіру (ауыл шаруашылығы мақсаттарына және басқа да мақсаттарға пайдалану үшін)
Басқа санаттарға енгізілмеген өзге агрохимиялық өнімдер өндіру

29

Қағаз және қағаз бұйымдар

53

Шаруашылық-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық мақсатқа арналған қағаз бұйымдарының өндірісі

1722

Жеке гигиена және тығыздау мақсатында пайдалану целлюлоза мақтасынан қағаз өнімдерінің өндірісі: қағаз сулықтар, қолорамалдар, сүлгілер, сулықтар дәретхана қағазы, гигиеналық сүлгілер мен тампондар, балалар жаялықтары мен жөргектері, қағаз стақандар, тәрелкелер және подностар, картон және қағаз ыдыс өндірісі
Тығыздау үшін және тығыздалатын гигиеналық сүлгілер, тампондар үшін тоқыма материалдар өндірісі

30

Металдан жасалған бұйымдар

54

Бекіту бұйымдарын өндіру

2594

Тойтарма және бұрандасыз ұқсас өнімдер өндірісі
Бұранда кескіш станокта жасалатын бұйымдар өндірісі
Бұрандамалар, бұрамалар, сомындар, муфталар және бұрандасы бар басқа өнімдер өндірісі

55

Жеңіл металдардан буып-түюге арналған материалдар өндірісі

2592

Тамақ өнімдері үшін консерві банкілерін, шақшалар, қораптар, жәшіктер өндірісі
Тығыздап жабу үшін металл қақпақтар мен өзге де бұйымдар өндірісі

31

Электр өткізгіш өндірісі

56

Электр өткізгіш және кабельдің басқа түрлерінің өндірісі

27320

Алюминийден және мыстан жасалған тоқ жүретін желілері бар өткізгіштер мен кабельдер өндірісі

32

Велосипедтер, арбалар

57

Велосипедтер және мүгедектерге арналған арбалар/креслолар өндірісі

3092

Моторсыз велосипедтерді және үш дөңгелекті велосипедтерді, тандемдерді, балалар велосипедін және үш дөңгелекті велосипедтерді қоса алғанда, өзге де ұқсас көлік құралдарының өндірісі
Велосипедтерге арналған жинақтауыштар және аксессуарлар өндірісі
Қосалқы моторы бар велосипедтер өндірісі
Пластикалық велосипедтерді және үш дөңгелекті велосипедтерді қоса алғанда, жүргізу үшін дөңгелегі бар ойыншықтар өндірісі
Моторлы немесе моторсыз мүгедектер арбасының өндірісі
Мүгедектер арбасына арналған жинақтауыштар және аксессуарлар өндірісі
Балалар арбасының өндірісі

33

Басқа тауар позициялары

58

Басқа да техникалық және өнеркәсіптік тоқыма бұйымдарын өндірісі

1396

Моторсыз велосипедтерді және үш дөңгелекті велосипедтерді, тандемдерді, балалар велосипедін және үш дөңгелекті велосипедтерді қоса алғанда, өзге де ұқсас көлік құралдарының өндірісі
Велосипедтерге арналған жинақтауыштар және аксессуарлар өндірісі
Қосалқы моторы бар велосипедтер өндірісі
Пластикалық велосипедтерді және үш дөңгелекті велосипедтерді қоса алғанда, жүргізу үшін дөңгелегі бар ойыншықтар өндірісі
Моторлы немесе моторсыз мүгедектер арбасының өндірісі
Мүгедектер арбасына арналған жинақтауыштар және аксессуарлар өндірісі
Балалар арбасының өндірісі

34

Білім беру

59

Тұрғын үйдің көрсетілетін қызметтер

5590

Студенттік және мектеп жатақханаларын салу және реконструкциялау

60

Білім беру

85

Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру мекемелерін салу және реконструкциялау

35

Туризм*

61

Қонақ үйлердің қызметтер ұсынуы

5510

Орналастыру орындарын салу (қонақ үйлер, санаторийлер, люкс класты отель, мотельдер)

62

Демалыс күндерінде және қысқа мерзімді тұрудың өзге де кезеңдерінде тұрғын үй беру

5520

Орналастыру орындарын салу (балаларға арналған немесе басқа демалыс үйлері, пәтерлер мен қонақтар үшін бунгалолар, жинау немесе тамақтандыру қызметтерін көрсетпейтін коттедждер мен үйлер, жастар туристік лагерьлері, таудағы турбазалар және т.б.)

63

Кемпингте, рекреациялық автопаркте және трейлерлік парктерде тұру үшін көрсетілетін қызметтер

5530

Орналастыру орындарын салу (кемпингтер, трейлер парктері, ойын-сауық қалашықтары, аң аулау немесе балық аулау үшін пайдаланылатын жерлер, автомобиль демалысына арналған үй-жайлар мен керек-жарақтар)

64

Аурухана ұйымдарының қызметі

8610

Санаторийлік-курорттық мекемелер салу

65

Басқа санаттарға жатқызылмаған жерүсті жолаушылар тасымалдарының басқа түрлері

4939

Тау шаңғысы курорттарын салу, егер қалалық және қалааралық көлік тасымалдары жүйесіне кірмейтін болса, конвейерлерді, аспалы жолдарды, тау шаңғысы көтергіштерін және аспалы көтергіштерді басқару

36

Көлік және қоймалау**

66

Қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі

52

Көліктік транзиттік терминалдар, құрғақ порттар, қойма үй-жайларын салу

      * Алакөл көлі жағалауында (ШҚО, Алматы облысы), Балқаш көлі жағалауында (Қарағанды облысы), Баянауыл курорттық аймағында (Павлодар облысы), Щучье-Бурабай курорттық аймағында (Ақмола облысы), Түркістан және Ақтау қалаларында, Имантау-Шалқар курорттық аймағында (СҚО), Алматының таулы кластерінде (Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек, Қарасай, Нарынқол аудандары) іске асырылатын туризм саласындағы жобалар қаржыландырылады.

      ** Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен шекаралас аумақтары.

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2018 жылғы 11 желтоқсандағы
  № 820 қаулысымен
  бекітілген

Ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің жол картасы

Р/с №

Іс-шараның атауы

Жауапты орындаушылар

Аяқталу нысаны

Орындалу мерзімі

1

2

3

4

5

1

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

ҰЭМ, Қаржымині, Әділетмині, ИДМ, АШМ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша), "Даму" КДҚ" АҚ (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

2018 жылғы желтоқсан

2

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 50 бұйрығымен бекітілген Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

АШМ, ҰЭМ, Қаржымині, Әділетмині, ЖАО, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша), "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы

2018 жылғы желтоқсан

3

Екінші деңгейдегі банктердің Басым жобаларға кредит беру тетігі шеңберінде берілетін қаражатты мақсатты пайдалануына талдау жүргізу қағидаларын бекіту

ҰЭМ, Әділетмині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша), "Даму" КДҚ" АҚ (келісім бойынша)

Ұлттық экономика министрінің бұйрығы

2018 жылғы желтоқсан

4

Басым жобаларға қолжетімді кредит беру міндеттерін шешу үшін ЕДБ-нің ұзақ мерзімді теңгелік өтімділігін қамтамасыз ету

ҰБ (келісім бойынша)

Үкіметке ақпарат

2019 жылғы шілдеден бастап әр жартыжылдық негізінде

5

Басым жобаларға кредит беру тетігі шеңберінде бөлінетін ЕДБ-нің ұзақ мерзімді теңгелік өтімділігінің мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету

Қаржымині, ИДМ, АШМ, "Даму" КДҚ" АҚ (келісім бойынша)

ҰЭМ-ге ақпарат

2019 – 2020 жылдардағы шілде, желтоқсан

6

Ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің жол картасы шеңберінде бөлінетін ЕДБ-нің ұзақ мерзімді теңгелік өтімділігін мақсатты пайдалану жөнінде есеп ұсыну

"Даму" КДҚ" АҚ (келісім бойынша), ЕДБ (келісім бойынша)

ҰЭМ-ге ақпарат

тоқсан сайын

7

"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну бөлігінде 2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау бойынша ұсыныстар

ҰЭМ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша), "Даму" АҚ (келісім бойынша)

Қаржыминіне ұсыныс

2018 жылғы желтоқсан

8

Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелеріне субсидиялар беру бөлігінде 2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау бойынша ұсыныстар

АШМ, ҰЭМ, ЖАО

Қаржыминіне ұсыныс

2018 жылғы желтоқсан

9

Жол картасы іс-шараларының орындалу барысы туралы ақпарат ұсыну

ИДМ, АШМ, Қаржымині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша), "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ (келісім бойынша), "Даму" КДҚ" АҚ (келісім бойынша)

ҰЭМ-ге ақпарат

тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-күніне қарай

10

Басым жобаларға кредит беру тетігі шеңберінде бөлінетін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті ЖКС-нің мақсатты пайдалануын мониторингтеу бойынша есеп беру

АШМ, "Даму" КДҚ" АҚ (келісім бойынша)

ҰЭМ-ге ақпарат

тоқсан сайын

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

АӨК

– агроөнеркәсіптік кешен

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ

– "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы

"ҚазАгро" ҰБХ" АҚ

– "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы

"Даму" КДҚ" АҚ

– "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы

ЕДБ

– екінші деңгейдегі банктер

ИДМ

– Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлiгi

ҰЭМ

– Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

АШМ

– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

Әділетмині

– Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі

Қаржымині

– Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

ҰБ

– Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

ЖАО

– жергілікті атқарушы орган

ЖКС

– жеке кәсіпкерлік субъектісі