Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қараудың сот практикасы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы № 7 Нормативтік қаулысы.

Қолданыстағы

      Соттардың банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша заңнаманы қолдану практикасын негізге алып және осы санаттағы істер бойынша заңнама нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарды реттейтін азаматтық заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі — Конституция) негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі — АК), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі — АПК), "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы № 2155 (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы заң), "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2723 (бұдан әрі – Ипотека туралы заң), "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 (бұдан әрі – Банктер туралы заң), "Қазақстанның Даму Банкі туралы" 2001 жылғы 25 сәуірдегі № 178-ІІ (бұдан әрі – Даму Банкі туралы заң), "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV (бұдан әрі – Атқарушылық iс жүргiзу туралы заң), "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң), "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" 2013 жылғы 14 қаңтардағы № 67-V (бұдан әрі – Білім беру жинақтау жүйесі туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарынан, "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 (бұдан әрі – Кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережесі), "Банктік заем шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау және "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 (бұдан әрі — Тізбе) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының қаулыларынан және басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      2. Банктік қарыз шарттарынан туындайтын дауларды қарау кезінде соттар осы құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданылатын заңнаманы басшылыққа алуға тиіс.

      Соттардың банктік қарыз шарттарынан туындайтын дауларды шеше отырып, шартты жасасу кезінде қолданылып отырған заңнамада белгіленген тараптар үшін міндетті қағидаларға (императивтік нормаларға) сәйкес келуі тиіс банктік қарыз шартының талаптарын мұқият зерттегені жөн.

      Егер банктік қарыз шарты жасалғаннан кейін заңнамада шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшiн мiндеттi қағидалар белгiленген болса, жасалған шарттың талаптары, егер жаңадан қабылданған заңнамада оның бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылытыны белгіленбесе, өз күшін сақтайтынын ескеру қажет (АК-нің 383-бабы).

      Нормативтік құқықтық актінің немесе бөлігінің кері күші оның өзінде немесе нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу туралы актіде көзделген жағдайларды қоспағанда, банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарды реттеу тәртібіне өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін нормативтік құқықтық акт оны қолданысқа енгізгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      3. Осы санаттағы істерді қарау кезінде соттар АК-нің 727-бабының 1-тармағына сәйкес банктік қарыз шарты бойынша қарыз беруші қарыз алушыға ақшаны қарызға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық талаптарымен беруге мiндеттенетін негізге алуға тиіс.

      Қарыз алушы банктік қарыз жөніндегі шарттық қатынастарды жасай отырып, қарыз ақшаны пайдаланғаны үшін қарыз берушіге шартта айқындалып белгіленген қарыз сомасынан пайыздық мөлшерлемемен сыйақыны мерзімде (мерзімділік) төлеуге (төлемділік) және қарыз қаражатын қайтаруға (қайтарымдылық) міндеттенеді.

      Төлемділік туралы талаптар ислам банкі қарыз беруші болып табылатын банктік қарыз шарты бойынша көзделуі мүмкін емес (АК-нің 727-бабының 1-1-тармағы).

      Ақша түріндегі қарыз нысанасы және төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық талаптары банктік қарыз шартын АК-нің 715-бабында көзделген қарыз шартының бір түрі ретінде қарауға мүмкіндік береді және оны басқа қарыз шарттарынан ерекше етіп көрсетеді.

      Банктік қарыз бойынша міндеттемелердің шарттан туындауына байланысты, соттар кредит берушінің (қарыз берушінің) шартты жасасуға құқығының болуын анықтауға, сондай-ақ банктік қарыз шарттары және оларды жасасатын субъектілер үшін белгіленген ерекшеліктер мен талаптарды ескеруге тиіс (АК-нің 727-бабының 2-тармағы, 728-бабы).

      4. Банктер туралы заңның 30-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес банктік қарыз беру банк операцияларына жатады. Мұндай жағдай банктік қарыз шартын жасасу кезінде қарыз берушіде банктік қарыз операцияларын жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясының болуын білдіреді. (Ерекшеліктер Банктер туралы заңның 6-бабының 2-тармағында, Ұлттық Банк туралы заңның 8-бабының 29) тармақшасында, Даму Банкі туралы заңның 7-бабында және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген).

      5. Соттар банктік қарыз шартында шарттың нысанасы туралы талаптар, заңнамада елеулі деп танылған немесе шарттардың осы түрі үшін қажетті талаптар, сондай-ақ тараптардың мәлімдеуі бойынша келісімге қол жеткізілген сол талаптар қамтылуы тиіс екенін назарға алуға тиіс.

      Банктер туралы заңның 34-бабының 2-тармағына сәйкес банктік қарыз шартында Тізбеде айқындалған міндетті талаптар — жасасу күні, мақсаты, сома мен валюта, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), өтеу кестесі және басқа да міндетті талаптар қамтылуы тиіс.

      Егер қарыз алушы (тең қарыз алушы) жеке тұлға болса, онда қарызды беру күніне жасалған қарызды өтеу кестесі, қарыз алушының (тең қарыз алушының) таңдап алған әдісі (аннуитеттік — теңдей төлемдермен өтеу немесе сараланған — негізгі борышты теңдей үлеспен өтеу не банктің ішкі қағидаларына сәйкес басқа тәсіл) туралы белгісі бар банк ұсынған қарызды өтеу әдістерінің тізбесі қажет.

      Тізбеде келтірілген талаптар банктік қарыз шартының елеулі талаптары болып табылады, өйткені олар заңнамада міндетті болып танылған және шарттардың осы түрі үшін қажетті болып табылады (АК-нің 393-бабының 1-тармағы).

      Соттардың банктік қарыз шартын жасасу кезінде аталған талаптардың сақталуын тексеріп, оларды зерттеуі, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарға баға беріп, ол үшін жауаптылық мөлшерін айқындауы қажет.

      Соттар тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен не дауды шешу үшін төрелікке жүгіну арқылы шешу құқығын және олардың құқықтық салдарларын түсіндіруі қажет (АПК-нің 4, 174-баптары).

      6. Банктік қарыз шартын зерттеу және бағалау кезінде банктік қарыз кімге және қандай негіздер бойынша, қандай валютамен берілгенін, шарт бойынша төлемдерді индекстеу туралы, қарыз алушының міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуі жөніндегі мәселелердің қалай шешілгенін анықтау қажет.

      Қарыз қандай валютада жасалғанын анықтау кезінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 422-V Заңымен (бұдан әрі – Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заң) Банктер туралы заңның 34-бабы жеке тұлға өтініш жасаған күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде шетел валютасында кірісі жоқ жеке тұлғаларға осы валютада ипотекалық қарыз беруге тыйым салатын 3-1-тармақпен (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылатын) толықтырылғанын ескеру қажет.

      Соттар валютаның баламасына таңылып, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейтінін ескергені жөн. Бұл шектеу банктердің арасында жасалатын шарттарға қолданылмайды (Банктер туралы заңның 34-бабының 4-тармағы).

      Банктер туралы заңда тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғаларға банк қарыздарын беруге тыйым салынған (Банктер туралы заңның 34-бабының 5-тармағы).

      Банктік қарыз шарты тараптарының көрсетілген тыйым салуларды бұзуы АК-нің 158-бабы 1-тармағының негізінде осы мәміленің жарамсыздығына (мәніссіздігіне) және тиісті салдарлардың басталуына әкеп соғуы мүмкін.

      7. Банктік қарыз шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы талапты қараған кезде мыналарды анықтау қажет:

      шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше немесе тиісті дәрежеде орындамаудың және осы бұзушылықтардың себептері неден көрінеді;

      өндіріп алынуы тиіс берешек неден құралды (негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы);

      берешекті өндіріп алу туралы талаптар банктік қарыз шартының талаптарына қаншалықты сәйкес келеді;

      міндеттемені орындау кепілмен қамтамасыз етілген бе;

      міндеттемені, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені мерзімінен бұрын орындау және кепілге қойылған мүлік арқылы өндіріп алуды қолдану үшін негіздер бар ма (АК-нің 321, 721, 722-баптары);

      қарыз беруші мен қарыз алушы берешекті өтеуге шаралар қабылдады ма және олар неден көрініс тапты;

      борышкердің жауаптылық үлесін азайтуға мүмкіндік беретін мән-жайлар және істі дұрыс әрі объективті шешуге қажетті басқа да мән-жайлар бар ма.

      8. Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша соттар олардың заңдылығын және негізділігін мұқият тексеруге, негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы бойынша берешек есептерінің дұрыстығын зерттеуге тиіс.

      Қажет болған жағдайда сот арнаулы білiмi бар мамандарды істі сот талқылауына дайындау сатысында да, сот отырысының барысында да тарта алады (АПК-нің 77-бабы).

      Соттардың Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заңмен Банктер туралы заңның 34-бабы белгілі бір талаптар болған кезде банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушының берешегін өтеу кезектілігін белгілейтін 7-1-тармақпен толықтырылғанын (2016 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілгенін) ескергені жөн (олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатыныстарға қолданылады).

      Егер қарыз алушы қайтарған төлем сомасы қарыз алушының міндеттемесін орындауы үшін жеткілікті болса, онда осы сома қарыз алушының берешегін банктік қарыз шартында көрсетілген кезектілікпен өтейді.

      9. Соттар тараптардың уәждерін зерттеу кезінде банктiң, ипотекалық ұйымның немесе агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтiң еншiлес ұйымының басқару органы бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидалардың ережелерін ескеруге тиіс (Банктер туралы заңның 34-бабының 8, 9, 10, 11-тармақтары).

      Аталған Қағидалар банктік қарызды беру шарттарын, оның ішінде банктік қарызды беру үшін қарыз алушының төлемге қабілеттілігінің қажетті өлшемшарттарын, банктік қарызды беруге болатын тұлғалардың санатын, соманы, мерзімді, қарыз беруші берген қарызды қамтамасыз ету, сүйемелдеу, олардың мониторингі жөніндегі талаптарды анықтайды.

      10. Іс үшін маңызды болатын мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтау мақсатында соттар кредит досьесінің құжаттарын зерттеуге тиіс, ол жалпы қағида бойынша кредит беру туралы шартқа қол қойылған күні ашылып, оның қолданылуы тоқтатылған сәтте ғана жабылады. (Кредиттеу жөніндегі құжаттаманы жүргізу ережесінің 5, 8-тармақтары).

      Соттар кредит досьесінің құжаттары бойынша қарыз берушінің қарыз алушының кредит төлеу қабілеттігіне (төлем қабілеттігіне) жан-жақты, толық әрі сапалы бағалауды жүргізгенін анықтауға тиіс. Атап айтқанда, қарыз алушының қарызды, салықтар және бюджетке басқа міндетті төлемдер бойынша, үшінші тұлғалардың алдындағы берешегін өтеу үшін тұрақты әрі жеткілікті кірісінің және өзге табыс көздерінің бар болуы анықталады.

      Сот қарыз алушының кредит төлеу қабілеттігіне бағалауды қарыз берушінің жүргізбегенін немесе тиісті дәрежеде жүргізбегенін, оның қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамауына және (немесе) тиісті дәрежеде орындамауына әсерін тигізгенін анықтаған кезде борышкердің жауаптылығы үлесін (тұрақсыздық айыбын, айыппұлды, өсімпұлды өндіріп алуға қойылған соманы) азайта алады (АК-нің 364-бабының 1-тармағы).

      11. Егер кредит беруші мiндеттеменiң орындалмауынан немесе тиiстi дәрежеде орындалмауынан келтiрiлген залал көлемiнiң ұлғаюына қасақана немесе абайсызда себепкер болса не олардың азаюына ақылға қонымды шаралар қолданбаса, борышкердің жауаптылығының үлесі де азайтылуы мүмкін. Мысалы, қарыз беруші берешекті өндіріп алу, кепілге қойылған мүлік арқылы өндіріп алуды қолдану туралы талап қоюмен сотқа уақтылы жүгінбей, талап қою мерзімін жасанды түрде ұзартса, бұл тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) сомасының, қарыз алушының жалпы берешегі сомасының көбеюіне алып келіп, қарыз берушіге кепілде тұрған мүлік арқылы өндіріп алуды қолдану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге негіз берді.

      Кредит берушінің кінәсі, егер борышкер кредит берушіге берешектің туындау себептері, өзінің берешегінің пайда болуын негіздейтін объективті расталған басқа да мән-жайлар туралы мәліметтерді жазбаша аша отырып, оның ішінде шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішхатпен жүгіну арқылы сотқа дейінгі реттеу шараларын қабылдаған жағдайда, өзіне байланысты залалға жол бермеу немесе оның көлемін шектеу жөніндегі шараларды қабылдамауынан да көрінеді.

      12. Қарыз алушының тарапынан міндеттеменің кез келген орындалмауы немесе тиісті дәрежеде орындалмауы қарыз берушіге банктік қарыз бойынша берешекті өндіріп алуға және кепілге қойылған мүлік арқылы өндіріп алуды қолдануға құқық бере бермейді.

      Жалпы қағида бойынша борышкер кінәлі болған кезде, егер заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, оның міндеттемені орындамағаны және (немесе) тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауаптылығы туындайды. Егер борышкер мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын және міндеттемені орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған тұлға үшін өзге қағидалар белгіленген. Мұндай тұлға, егер тиісті дәрежеде орындау еңсерілмес күштің, яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және алдын алу мүмкін емес мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және сол сияқтылар) салдарынан мүмкін болмағынын дәлелдей алмаса, мүліктік жауаптылықта болады. Заң ондай мән-жайларға, атап айтқанда орындау үшін нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауын жатқызбайды.

      Заңнамада немесе шартта жауапкершiлiктiң және одан босатылудың өзге негiздерi көзделуі мүмкін (АК-нің 359-бабы).

      Соттарға көрсетілген мән-жайларды анықтауға және міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін объективті себептер туралы дәлелдемелермен расталған борышкердің уәждеріне (мысалы, қарыз алушының қарызды қайтару жөніндегі талаптарды бұзуына баланың тууына байланысты ауруханада жатқаны себеп болды, ол туралы медициналық құжаттардың бар болуы және сол сияқтылар) тиісті құқықтық баға беру қажет.

      13. Қарыз алушы қарыз нысанасын қайтаруға және оны пайдаланғаны үшін сыйақыны шартта көзделген тәртіппен және мерзімде төлеуге міндетті (АК-нің 715, 718, 722, 727-бабтарының 1-тармақтары).

      Осы міндеттемелердің бұзылуы АК-нің 728-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, қарыз алушыдан берешекті өндіріп алуға негіз болып табылады (АК-нің 727-бабының 2-тармағы).

      Қарыз алушы шартта көзделген қарыз нысанасының кезекті бөлігін қайтару жөніндегі (егер шартта қарыз нысанасын бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе), сыйақыны төлеу жөніндегі (егер шартта қарыз бойынша сыйақыны қарыз нысанасының өзін қайтару мерзімдерінен бұрын төлеу мерзімі көзделсе) мерзімдерді бұзған кезде, одан берешекті мерзімнен бұрын өндіріп алу үшін қайтару мерзімінің бұзылуы күнтізбелік қырық күннен астам болуы тиіс (АК-нің 722-бабының 3 және 4-тармақтары, 728-бабының 7-тармағы).

      14. Қарыз берушіде қарыз алушыдан қарыз нысанасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету құқығы туындайтын жағдайлар АК-нің 321-бабында, 720-бабының 3-тармағында, 721-бабының 2-тармағында, 722-бабының 3, 4-тармақтарында көзделген.

      Қарыз берушіде қарыз нысанасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету құқығының, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса, кепiл нысанасына өндiрiп алуды қолдану құқығының да туындауы АК-нің 321-бабының 2-тармағында бекітілген.

      АК-нің 321-бабының 2-тармағын қолданған кезде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 17 шілдедегі № 333-V Заңымен осы тармақтың 4) тармақшамен толықтырылғанын соттар ескеруі тиіс. Одан кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені (АК-нің 317, 720 және 722-баптары, Ипотека туралы заңның 20-бабы) бұзған кезде кепіл ұстаушы (қарыз беруші) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені мерзімнен бұрын орындауды талап етуге, ал оның талабы қанағаттандырылмаса, кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдануға құқылы екені көрінеді.

      15. Банктер туралы заңның 36-бабының редакциясы жаңадан жазылған (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген) Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заңға сәйкес банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімінің өтуі басталған кезде, банк қарыз алушыны банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді енгізу қажеттігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдарлары туралы осы шартта көзделген мерзімде, бірақ міндеттемені орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

      Хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған кезде, банк қарыз алушыдан қарыз нысанасын (оның қалған бөлігін) тиесілі сыйақымен бірге сот тәртібімен талап етуге құқылы, бұл Банктер туралы заңның 36-бабына сәйкес келеді.

      Осы санаттағы істерді қарау кезінде соттарға қарыз берушінің қарыз алушыға қарызды мерзімнен бұрын қайтару туралы талабының заңдылығын анықтау, сондай-ақ ол туралы хабарламаны қарыз алушының мекенжайына жіберу рәсімінің сақталуын айқындау қажет.

      Егер сот хабарламаның қарыз алушыға жіберілмегенін не Банктер туралы заңның 36-бабының талаптары бұзылып жіберілгенін анықтаса, онда аталған мән-жайлар орын алған кезде судья талап қою арызын қайтарады, өйткені талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаған және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаған (АПК-нің 152-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасы).

      Егер талап қою сот ісін жүргізуге қабылданса, онда ол қараусыз қалдырылады (АПК-нің 168-бабының бірінші бөлігі, 279-бабының 1) тармақшасы).

      Егер қарыз берушіде аталған құқықтық қатынас бойынша заңды күшіне енген сот шешімі болса, онда тараптардың құқықтық қатынастары банктік қарыз шартынан емес, сот актісінен жалғасады.

      Сот АПК-нің 239-бабының бірінші бөлігіне сәйкес өндіріп алушының арызы бойынша сот шешімімен өндіріп алынған ақшалай сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң сот шешімі орындалған күнгi қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін негізге ала отырып, тиiстi индекстеуді жүргiзе алады.

      16. Банктік қарыз шарты бойынша мiндеттеменi орындау заңнамада немесе шартта көзделген тұрақсыздық айыбы, кепiл, кепiлдiк, кепiлдеме және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн (АК-нің 292-бабының 1-тармағы, Банктер туралы заңның 35-бабы).

      Банктер туралы заңның 35-бабын қолдану кезінде соттар осы нормаға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгенін ескеруі тиіс. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 10 ақпандағы № 406-IV Заңына (бұдан әрі – Ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша заң) сәйкес жоғарыда көрсетілген бап жаңа редакцияда жазылған және 2-тармағында жеке тұлғамен жасалған шарт бойынша (оның ішінде ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс (Банктер туралы заңның 35-бабының 2-тармағы) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу мен өндіріп алуға шектеулер көзделген.

      Бұл ретте Заңның осы нормасы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. Жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарты бойынша Ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге тиіс тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептелуге жатпайды.

      Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заңға сәйкес Банктер туралы заңның 35-бабының 2-тармағы жаңа редакцияда жазылған. Осы нормаға сай жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.

      Заңның аталған нормасы 2016 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген және бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады. Жеке тұлғамен жасалған, аталған Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген банктік қарыз шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептелуге жатпайды.

      17. Банктік қарыз шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы істерді қарау кезінде борышкердің міндеттемелерді бұзуына алып келген себептерді, АК-нің 359-бабында көзделген міндеттемені бұзғаны үшін жауаптылық негіздерінің (борышкер кінәсінің, еңсерілмес күштің және тағы да басқалардың болуы), кредит беруші кінәсінің (АК-нің 364-бабы) және іс үшін маңызды болатын басқа мән-жайлардың бар болуын немесе жоқтығын зерттеу қажет.

      Егер төленуге тиіс тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) кредит берушінің шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болғаны анықталса, сот борышкердің мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышкер мен қарыз берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсiмпұлды) азайтуға құқылы (АК-нің 297-бабы).

      18. Тараптардың жауаптылығын анықтау кезінде соттар Банктер туралы заңның төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шараларды, сонымен қатар банктік қарызды беру мақсаттарына қарай оны қорғау бойынша шараларды да көздейтінін назарға алуға тиіс.

      Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заңмен Банктер туралы заңның 36-бабының редакциясы жаңадан жазылған. Банктер туралы заңның 36-бабының 3-тармағына сәйкес 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлға болып табылатын қарыз алушының берешегінің ұлғаюын болғызбау мақсатында, банк ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша кез келген төлемдерді өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткеннен кейін есептелген сыйақыны, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуді талап етуге құқылы емес.

      19. Берешекті өндіріп алу және кепіл ( кепілге қойылған) мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы дауларды шешу кезінде АК-нің 299-бабына сәйкес кредит берушінің (кепiл ұстаушының) борышкер кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiлге қойылған мүлiк құнынан басқа кредит берушілердің алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар.

      Кредит берушінің (кепіл ұстаушының) осы құқығы өзінің талаптарын борышкердің кепілде тұрмаған өзге мүлкінің есебінен қанағаттандыру мүмкіндігінен айырмайды. Мұндай жағдайда кредит беруші басқа кредит берушілердің алдында өзінің талаптарын артықшылықпен қанағаттандыру құқығынан айырылады.

      АК-нің 299-бабының 2-тармағына сәйкес кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар кепілде (ипотека) болған кезде аталған құқықтық қатынас Ипотека туралы заңмен реттеледi. Ипотека туралы заңда өзге қағидалар белгiленбеген кезде ипотекаға АК-да қамтылған кепiл туралы жалпы қағидалар қолданылады.

      Ипотека туралы заңның 20-бабына сәйкес борышкер негізгі міндеттемені орындамаған жағдайда, кепiл ұстаушы өз талаптарын:

      ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу;

      егер бұл заңнамалық актілерде не ипотека шартында немесе тараптардың кейiнгi келiсiмiнде көзделген болса, ипотеканы сот тәртiбінен тыс өткiзу;

      сауда-саттық өткiзiлмеді деп жарияланған жағдайда, кепiлге салынған мүлiктi өз меншiгiне айналдыру (Ипотека туралы заңның 32-бабы) арқылы қанағаттандыруға құқылы.

      Кепіл мүлкін сот тәртібінен тыс өткізу кредит беруші-кепіл ұстаушының құқығы болып табылады және осы мүлікті соттың шешімімен өткізу мүмкіндігін алып тастамайды.

      Мүлікті соттан тыс өткізу дауды сотқа дейін шешудің міндетті тәртібі болып табылмайтынын ескерген жөн. Сондықтан кепіл ұстаушының кепілге қойылған мүлікті соттан тыс тәртібімен өткізуді қолданбауы, соттың арызды АПК-нің 279-бабының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша қараусыз қалдыруына негіз болып табылмайды.

      20. АК-нің 305-бабының 1-тармағына сәйкес борышкердің өзi де, үшiншi тұлға да кепiл берушi болуы мүмкiн.

      Қарыз алушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етуге өзінің мүлкін кепілге бере отырып, кепіл беруші — үшінші тұлға (зат беруші) (бұдан әрі — зат беруші) қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша тарап болып табылмайды, яғни ол не қарыз берушінің (кредит берушінің), не қарыз алушының (борышкердің) құқықтары мен міндеттемелерін иеленбейді. Сондықтан АК-нің 269-бабының 2-тармағында көзделгендей, зат берушіде қарыз алушымен бірге қарыз берушінің алдында үлестік те, ортақ та, субсидиарлы да міндеттемелер басталмайды, демек тиісті жауаптылықта болмайды.

      Зат беруші өзінің мүлкімен, өзінің жауапкершілігімен және тәуекелдікпен кредит берушінің алдындағы борышкердің міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз етеді (АК-нің 292, 299-баптары), яғни ол өзінің, кредит беруші мен борышкердің арасында жасалған кепіл шартының шеңберінде кепіл берушінің құқықтары мен міндеттерін иеленеді.

      Сонымен қатар, АК-нің 319-бабының 7-тармағына сәйкес зат берушi кепiлге салынған нысана сатылғанға дейiнгi кез келген уақытта одан ақы өндiрiп алуды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өтiп кеткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы. Бұл құқықты шектейтiн келiсiм жарамсыз болады. Мұндай жағдайда кепіл беруші қарыз бойынша орын алған берешекті өз еркімен өтеу негізінде өзіне борышкердің құқықтарын қабылдайды. Осы норманың мағынасы бойынша заң шығарушы зат берушіге кепілге берілген өзінің мүлкін сақтап қалу мақсатында таңдау құқығын ұсынады.

      21. Борышкер (қарыз алушы) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған жағдайда, кепіл шарты бойынша кредит берушіде зат беруші кепiлге салған мүлiк құнынан, АК-да белгiленген ерекшеліктерді қоспағанда, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа кредит берушілерінің алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы туындайды.

      Борышкермен бірге кредит берушінің алдында ортақ жауапты болатын кепілдік берушіге және кредит берушінің алдында субсидиарлы жауапты болатын кепілгерге қарағанда (АК-нің 332-бабы), зат беруші кредит берушінің алдында жоғарыда көрсетілген түрлермен жауаптылықта болмайды. Кепіл берушіге және кепілгерге олар кредит берушінің алдындағы борышкердің міндеттемелерін орындаған кезде кредит берушінің осы міндеттемелері бойынша барлық құқықтары көшсе (АК-нің 334-бабы), зат берушіге осы құқықтардың көшуі қолданыстағы заңнамада көзделмеген.

      Сондықтан, мүлкін заңнамада көзделген тәртіппен кредит беруші өткізген зат беруші борышкерден өткізілген кепілдегі мүліктің құнын одан өтеу жөніндегі талап ету құқығын, егер кепіл шартының тараптары осы құқықты шартта көздемесе немесе мұндай құқық заңнама актілерінде көзделмесе, иеленбейді. АК-нің 344-бабының 3-тармағында көзделген негіздер АК-нің 319-бабының 7-тармағында көрсетілген шарттар болған кезде ғана зат берушi кепiлге салынған нысана сатылғанға дейiнгi кез келген уақытта одан ақы өндiрiп алуды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өтiп кеткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы.

      Егер негізгі шарт бойынша берешекті қайтару борышкердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан мүмкін болмаса, онда берешекті өтеу үшін мүлкі өткізілген зат беруші борышкерден залалды өтеуді талап етуге құқылы.

      22. Банктік қарыз шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы талапты шеше отырып, соттың, егер борышкердің кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы өте болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге қойылған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге қойылған мүлiкке өндіріп алуды қолдану туралы талапты қанағаттандырудан бас тарта алатыны (АК-нің 317-бабының, Ипотека туралы заңның 21-бабының 2-тармақтары) соттарға түсіндірілсін.

      Мынадай жағдайлар бір мезгілде болған кезде кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзу өте болмашы болып және кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге қойылған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес емес деп есептеледі:

      орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге қойылған мүлік құнының он пайызынан кем құраса;

      кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айға жетпесе (АК-нің 317-бабының 2-тармағы).

      23. Егер қарызды банк берген болса, онда шарттың талаптарын бұзатын қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралардың бірі даусыз (акцептсіз) тәртіппен, оның ішінде төлемдік талапты ұсыну арқылы қарыз алушының кез келген банк шоттарындағы ақшаны өндіріп алуды қолдану болатынын (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында көрсетілген болса) соттар ескеруге тиіс. Төлемдер туралы заңның 27-бабының 10-тармағына сәйкес қарыз алушының талабы бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ашылған банк шоттарындағы мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының заңында көзделген тұрғын үй төлемдері, нотариус депозиті талаптарымен салынған ақша және Білім беру жинақтау жүйесі туралы Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау шарты бойынша банк шоттарындағы ақша түрінде қарыз алушы алатын ақша мұндай жағдайларға жатпайды.

      Қарыз алушыға осы ықпал ету шарасы мынадай талаптардың жиынтығымен қолданылады:

      банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімінің өтіп кетуі;

      банктің қарыз алушыны банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді енгізу қажеттігі туралы және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдарлары туралы хабардар етуі;

      хабарламадан туындайтын талаптарды қанағаттандырмау (Банктер туралы заңның 36-бабы).

      Аталған талаптар:

      қарыз алушыға қатысты шараларды қолдану туралы мәселені шешу кезінде (бұл ретте шаралар қолдану туралы шешімді қабылдау банктің Ішкі саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады);

      Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында белгіленген, оның ішінде банктік қарыз шартының талаптары өзгерген, банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті соттан тыс тәртіппен (Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларды қоспағанда) немесе сот тәртібімен өндіріп алу жағдайында кез келген шараларды қолдану кезінде;

      қарыз алушы–жеке кәсіпкерді, заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген кезде сақталуға тиіс.

      Көрсетілген талаптардың бұзылуы талап қою арызын қайтару және оны қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады, өйткені талап қоюшы осы санаттағы істерге заңда белгіленген немесе шартта көзделген сотқа дейінгі дауды реттеу тәртібін сақтамаған және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаған (АПК-нің 8-бабының алтыншы бөлігі, 152-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасы, 158-бабы, 279-бабының 1) тармақшасы).

      24. Борышкердің кез келген банк шоттарындағы ақшаға өндіріп алуды заңнамада белгіленген тәртіппен (оның ішінде төлемдік талапты ұсыну арқылы) қолдану кезінде Конституцияның 28-бабын сақтау қажет, оған сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 115-бабын сақтау қажет, ол бойынша ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері жұмыскерге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс (Атқарушылық iс жүргiзу туралы заңның 95-бабы).

      25. Ақшаға өндіріп алуды қолдануға шектеулер қою кезінде Жұмыс істемейтін кредиттердің мәселелері бойынша заңмен Банктер туралы заңның 36-бабы 2-тармағының 1) тармақшасы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін нормамен толықтырылғаны назарға алынуға тиіс.

      Енгізілетін нормаға сәйкес төлем талабын ұсыну арқылы банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы — жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу оның банк шотындағы ақша сомасының және (немесе) кейіннен қарыз алушының банк шотына түсетін әрбір ақша сомасының елу пайызы шегінде шектеледі және төлем талабын толық орындау үшін қажетті барлық соманың банк шотына түсімдері күтілместен жүзеге асырылады. Көрсетілген шектеу қарыз алушы — жеке тұлғаның жинақ шотындағы ақшаға қолданылмайды.

      Бұл ретте аталған заңның күшіне енгенге дейін банк берген төлем құжаты жасалған қарыз шартына, кредиттік желі ашу туралы келісімге немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатқа сәйкес қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін төлем талабына теңестіріледі және заңда белгіленген тәртіппен орындалуға жатады (Төлемдер туралы заңның 59-бабы).

      26. Міндеттемелерді тоқтату негіздерінің бірі азаматтың қайтыс болуы болып табылады (АК-нің 367-бабының 1-тармағы).

      Қарыз алушының қайтыс болуы оның қарыз бойынша міндеттемелерін, егер АК-нің 376-бабының негізінде орындауды жүргiзу борышкердің жеке өзiнiң қатысуымен ғана мүмкін болатын жағдайда тоқтатады.

      Мұра қалдырушының Банк алдындағы міндеттемелерін сақтау туралы мәселе нотариустың мұра құрамын қалыптастыруы кезінде шешілуге тиіс (АК-нің 1040-бабы).

      АК-нің 1081-бабының талаптарына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлер міндеттемелер бойынша әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышкерлер ретiнде жауап береді.

      Қарыз алушының қайтыс болуы жауаптылығы АК-нің 269-бабының 2-тармағының, 287, 288, 299, 329, 330-баптарының нормаларында көзделген кепілдің, кепілгердің, кепіл берушінің банктік қарыз шарты бойынша міндеттемесін тоқтатпайды.

      27. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ.МӘМИ

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Қ.ШАУХАРОВ