Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1090 қаулысы.

Жаңартылған

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 64-бабының 9-тармағына, 98-бабы 1-тармағының 23) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы
28 желтоқсандағы
№ 1090 қаулысымен
бекітілген

Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереже

      Осы Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын сараптамалық кеңестерді қалыптастырудың және олардың қызметінің тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес):

      1) кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан (бұдан әрі – Ұлттық палата) міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардан және өзге де коммерциялық емес ұйымдардан сараптама қорытындыларын алу;

      2) кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлеу;

      3) кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші орган.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Сараптамалық кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Сараптамалық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік органдар әзірлеген және ұсынған, кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларын (бұдан әрі – жоба) мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, олар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жарияланғаннан (таратылғаннан) кейін қарайды;

      2) көрсетілген жобаларға сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын жинақтауды жүзеге асырады;

      3) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлейді.

2-тарау. Сараптамалық кеңестерді қалыптастыру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Сараптамалық кеңестің құрамы Ұлттық палатаның, міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың, заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және коммерциялық емес өзге де ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік органның өкілдерінен қалыптастырылады.

      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттiк органдар жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Сараптамалық кеңестің құрылымы төрағадан, оның орынбасарынан (орынбасарларынан), хатшысынан және кеңес мүшелерінен тұрады.

      Сараптамалық кеңестің құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Сараптамалық кеңестер қызметінің тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Сараптамалық кеңестің мүшесі:

      1) сараптамалық кеңестің материалдарына қол жеткізуі;

      2) сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін материалдарды талқылауға қатысуы;

      3) мыналарға:

      қаралатын жобалар бойынша сараптамалық кеңестің отырысын өткізуге;

      тиісті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелерді күн тәртібіне енгізуге бастама жасауы;

      4) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуі;

      5) сараптамалық кеңестің ішкі отырысын өткізуді талап етуі мүмкін.

      7. Мемлекеттік органның шешімі бойынша сараптамалық кеңестің тиісті құрылымдық бөлімшесі болып табылатын оның жұмыс органы сараптамалық кеңестің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      8. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы:

      1) сараптамалық кеңес отырыстарының арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады;

      2) сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы сараптамалық кеңеске және Ұлттық палатаға хабарлама жібереді және нормативтік құқықтық актінің жобасын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырады*;

      3) сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін жобалар бойынша материалдар дайындауды жүзеге асырады;

      4) сараптамалық кеңес отырысының қорытындылары бойынша хаттама дайындауды және оған қол қоюды қамтамасыз етеді;

      5) сараптамалық кеңес өткізілгенге дейін кемінде он жұмыс күні қалғанда сараптамалық кеңестің мүшелеріне сараптамалық кеңестің өткізілетін жері, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен қамтамасыз етеді*;

      6) сараптамалық кеңес отырысының шешімдері бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық кеңестің мүшелеріне хаттама көшірмесін жолдайды*.

      Ескертпе:

      * Сараптамалық қорытынды алу үшін кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасын ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы хабарламаны сараптамалық кеңеске және Ұлттық палатаға жіберуді және осы жобаны мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастыруды, сондай-ақ сараптамалық кеңестің отырысына шығарылатын жобалар бойынша материалдарды дайындауды жүзеге асыруды әзірлеуші жұмыс органының құрылымдық бөлімшелері жүзеге асыруы мүмкін.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8-1. Нормативтік-құқықтық актіні бірнеше мемлекеттік орган бірлесіп қабылдаған жағдайда, сараптамалық қорытынды алу үшін сараптамалық кеңестерге және Ұлттық палатаға кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын тиісті бірлескен нормативтік құқықтық акт жобасының ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлама жіберуді, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актінің бірлескен жобасын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастыруды осы нормативтік құқықтық актіні әзірлеуге бастамашылық жасаған әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 8-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Сараптамалық кеңестің төрағасы сараптамалық кеңестің жұмысына басшылықты жүзеге асырады, сараптамалық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді, қажет болған жағдайда оның отырысын шақырады.

      Сараптамалық кеңестің төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын орынбасар орындайды.

      10. Сараптамалық кеңестің шешімдері осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша төраға және хатшы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

      Хатшы сараптамалық кеңестің мүшесі болып табылмайды және сараптамалық кеңес шешімдер қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы болмайды.

      Бұл хаттама сараптамалық кеңес мүшелеріне жіберіледі және жобаға міндетті қосымша болып табылады.

      11. Сараптамалық кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Жобаларды қарауды сараптамалық кеңес осы Ереженің 15-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асыруы мүмкін.

      13. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.

      14. Сараптамалық қорытынды сараптамалық кеңес мүшесінің және Ұлттық палатаның жазбаша ұстанымын бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, қабылданғанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір кейінгі келісу кезінде жобаға мiндеттi қосымша болып табылады.

      Сараптамалық қорытынды қазақ және орыс тілдерінде беріледі.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата жоба бойынша ескертулері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптамалық кеңес мүшесі сараптамалық кеңес отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.

      Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде бейнеконференция байланысы немесе интернет-конференциялар өткізу арқылы жүргізілуі мүмкін.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен жағдайда, жобаға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындыны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптамалық кеңес мүшесіне және Ұлттық палатаға келіспеу себептерін негіздей отырып, жауап жiбередi. Негіздемесі бар мұндай жауаптар жоба қабылданғанға дейін оған мiндеттi қосымша болып табылады.

      Жобаға Кодекстің 65-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде сараптамалық қорытынды ұсынылмаған жағдайда, жоба ескертусіз келісілді деп есептеледі.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Сараптамалық кеңес мүшелерінің және Ұлттық палатаның нақты орналасқан жері, сондай-ақ олардың байланыс деректері (пошталық мекенжайы немесе электрондық поштасының мекенжайы немесе телефон нөмірі және басқалары) қайта аталған, өзгерген жағдайда сараптамалық кеңес мүшелері және Ұлттық палата осы жағдай басталған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде жұмыс органын хабардар етеді.

      Ескерту. Ереже 17-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Жеке кәсіпкерлік мәселелері
жөніндегі сараптамалық
кеңестер туралы
үлгілік ережеге
қосымша

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.11.2018 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      ___________________________________________________________________
                                                      (мемлекеттік органның атауы)

жанындағы жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің ХАТТАМАСЫ

      № __________ _____ жылғы "___" __________ Күн тәртібі

      Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі - Сараптамалық кеңес) мүшелерінің

      ____________________________________________________________

      (нормативтік құқықтық акт жобасының атауы немесе қаралып отырған мәселе)

      ____________________________________________________ қарауы туралы

      1. Ескертулерсіз және ұсыныстарсыз сараптамалық қорытынды бергендер:

      _______________________________________________________________________

                                                                  (ұйымның атауы)

      2. Ескертулермен және ұсыныстармен сараптамалық қорытынды бергендер:

      _______________________________________________________________________

                        (ұйымның атауы, ұсынылған ескертулер мен ұсыныстардың

      _________________________________________________________________________

                        жалпы саны, олардың ішінде қабылданғаны/қабылданбағаны*)

      3. Сараптамалық қорытынды ұсынбағандар: _______________________________

                                                                                          (ұйымның атауы)

      4.____________________________________________________________________

      (ескертулер мен ұсыныстардың қабылдағаны және қабылданбағаны туралы ақпарат**)

      Сараптамалық кеңестің төрағасы Сараптамалық кеңестің хатшысы Ескертпелер: *Мысалы: Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық – 10 (7/3) **Бұл жағдайда ескерту мәні қысқаша көрсетіледі. Ескерту қабылданған жағдайда олардың қабылдануы туралы ақпарат көрсетіледі. Келіспеген жағдайда, Сараптамалық кеңес мүшелеріне жіберілген сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар хаттың күні мен нөмірі.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1090 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 21, 204-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 477 және 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1513 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 41, 396-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2305 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 4, 54-құжат).

      4. "Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1417 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 77-78, 1148-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1524 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 78, 1037-құжат).

      ___________________