Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1090 қаулысы

Қолданыстағы

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 64-бабы 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1090 қаулысымен  
бекітілген  

Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереже

      Осы Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) 2015 жылғы 29 қазандағы  Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын сараптамалық кеңестерді қалыптастырудың және олардың қызметінің тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес):
      1) кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптама қорытындыларын алу;
      2) кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлеу; 
      3) кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші орган.
      2. Сараптамалық кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Сараптамалық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттік органдар әзірлеген және ұсынған, кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын,  Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларын (бұдан әрі – жоба) мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, олар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жарияланғаннан (таратылғаннан) кейін қарайды;
      2) көрсетілген жобаларға сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын жинақтауды жүзеге асырады;
      3) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлейді.

2. Сараптамалық кеңестерді қалыптастыру тәртібі

      4. Сараптамалық кеңестің құрамы Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (бұдан әрі – Ұлттық палата), заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік органның өкілдерінен қалыптастырылады.
      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттiк органдар жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
      5. Сараптамалық кеңестің құрылымы төрағадан, оның орынбасарынан, хатшысынан және кеңестің мүшелерінен тұрады.
      Сараптамалық кеңестің құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі.

3. Сараптамалық кеңестер қызметінің тәртібі

      6. Сараптамалық кеңестің мүшесі:
      1) сараптамалық кеңестің материалдарына қол жеткізуі;
      2) сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін материалдарды талқылауға қатысуы;
      3) мыналарға:
      қаралатын жобалар бойынша сараптамалық кеңестің отырысын өткізуге;
      тиісті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелерді күн тәртібіне енгізуге бастама жасауы;
      4) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуі;
      5) сараптамалық кеңестің ішкі отырысын өткізуді талап етуі мүмкін.
      7. Мемлекеттік органның шешімі бойынша сараптамалық кеңестің тиісті құрылымдық бөлімшесі болып табылатын оның жұмыс органы сараптамалық кеңестің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      8. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы:
      1) сараптамалық кеңес отырыстарының арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады;
      2) жобаларды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға, коммерциялық емес ұйымдарға жібереді және/немесе оларды мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсына орналастырады;
      3) сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін жобалар бойынша материалдар дайындауды жүзеге асырады;
      4) сараптамалық кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттама дайындауды және оған қол қоюды қамтамасыз етеді.
      9. Сараптамалық кеңестің төрағасы сараптамалық кеңестің жұмысына басшылықты жүзеге асырады, сараптамалық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді, қажет болған жағдайда оның отырысын шақырады.
      Сараптамалық кеңестің төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын орынбасар орындайды.
      10. Сараптамалық кеңестің шешімдері осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша төраға және хатшы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
      Хатшы сараптамалық кеңестің мүшесі болып табылмайды және сараптамалық кеңес шешімдер қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы болмайды.
      Бұл хаттама сараптамалық кеңес мүшелеріне жіберіледі және жобаға міндетті қосымша болып табылады.
      11. Сараптамалық кеңестің отырыстары тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
      12. Жобаларды қарауды сараптамалық кеңес осы Ереженің  15-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асыруы мүмкін.
      13. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
      14. Сараптамалық қорытынды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата мүшелерiнiң жинақталған пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және жоба қабылданғанға дейін оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде жобаға мiндеттi қосымша болып табылады.
      Сараптамалық қорытынды қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
      15. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата жоба бойынша ескертулері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптамалық кеңес мүшесі сараптамалық кеңес отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
      Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілу мүмкін.
      16. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен жағдайда, жобаға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
      Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жiбередi. Негіздемесі бар мұндай жауаптар жоба қабылданғанға дейін оған мiндеттi қосымша болып табылады.
      Жобаға Кодекстің 65-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде сараптамалық қорытынды ұсынылмаған жағдайда, жоба ескертусіз келісілді деп есептеледі.

Жеке кәсіпкерлік мәселелері
жөніндегі сараптамалық  
кеңестер туралы     
үлгілік ережеге     
қосымша         

___________________________________________________________________
                 (мемлекеттік органның атауы)
жанындағы жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық
                           кеңестің
                          ХАТТАМАСЫ

№ __________                           _____ жылғы «___» __________

                           Күн тәртібі

      Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік субъектілерінің
аккредиттелген бірлестіктерінің, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер
палатасының _________________________________________________________
          (нормативтік құқықтық акті жобасының атауы немесе қаралып отырған мәселе)
_______________________________________________________қарауы туралы

1. Сараптамалық қорытындыларды ескертулер мен ұсыныстарсыз
ұсынғандар: ________________________________________________________
                             (ұйымның атауы)

2. Сараптамалық қорытындыларды ескертулермен және ұсыныстармен
ұсынғандар:_________________________________________________________
               (ұйымның атауы, ұсынылған ескертулер мен ұсыныстардың
___________________________________________________________________
             жалпы саны, олардың ішінде қабылданғаны/қабылданбағаны*)

3. Сараптамалық қорытынды ұсынбағандар:_____________________________
                                            (ұйымның атауы)
4.__________________________________________________________________
               (ескертулер мен ұсыныстарды қабылдамау туралы ақпарат**)

      Сараптамалық кеңестің төрағасы

      Сараптамалық кеңестің хатшысы

      Ескертпелер:
      *Мысалы: Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық – 10 (7/3)
      **Мұндай жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер
палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген
бірлестігіне жіберілген сараптамалық қорытындымен келіспеу
себептерінің негіздемесі бар хаттың күні мен нөмірі көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1090 қаулысына   
      қосымша     

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. «Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 21, 204-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы  № 477 және 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1513 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 41, 396-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2305 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 4, 54-құжат).
      4. «Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1417 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 77-78, 1148-құжат).
      5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1524 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 78, 1037-құжат).     

___________________