РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі.
2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 15-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.
2. «Шартты түрде сотталған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 542 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 46, 623-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 23 қазандағы
№ 1131 қаулысымен
бекітілген
Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға
әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 63, 69, 169, 172 және 174-баптарын іске асыру мақсатында әзірленді және сот пробациялық бақылау және әкімшілік қадағалау белгілеген адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібін айқындайды.
2. Пробация қызметі есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға жәрдем көрсетеді.
3. Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар пробациялық бақылау белгіленген, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, оған қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамдарға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша пробация қызметі әзірлеген әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасына (бұдан әрі – жеке бағдарлама) сәйкес әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсетеді.
2. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға
әлеуметтік-құқықтық көмек тағайындау
4. Әлеуметтік-құқықтық көмек алуға жәрдем көрсету сот пробациялық бақылау белгілеген, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, оған қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамдарға қатысты жүзеге асырылады.
Оларды есепке қою кезінде пробация қызметі:
1) денсаулық жағдайын анықтай отырып, адамның жеке басын, оның білім деңгейін және еңбекпен қамтылғандығын, тұрғылықты жерінің бар-жоғын зерделейді, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;
2) әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібін түсіндіреді.
5. Пробация қызметінің қызметкері есепке қойғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде адамның жеке басы мен өмір жағдайын зерделеу нәтижелері бойынша жеке бағдарлама жасайды.
6. Жеке бағдарламаға пробация қызметінің есебінде тұрған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қажеттігі туралы ақпарат енгізіледі.
7. Жеке бағдарламаның бір данасы:
1) шартты түрде сотталған адамның бақылау ісіне;
2) бас бостандығын шектеуге сотталған адамның жеке ісіне;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жинақтау істеріне;
4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамның жинақтау істеріне тігіледі.
Жеке бағдарламаның екінші данасы пробация қызметінің есебінде тұрған адамға қол қойылып беріледі.
8. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамға жаза өтеу кезеңінде қосымша немесе өзге көмек алу мүмкіндігі туындаған жағдайда жеке бағдарламаға екі жақты келісім бойынша тиісті түзетулер енгізіледі.
Егер жазасын өтеген адамның баспанасы жоқ болған немесе баспанасынан айрылып қалған жағдайда пробация қызметінің қызметкері адамның келісімімен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін уақытша тұру ұйымдарына орналастыру үшін оны жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.06.2016 № 336 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
9. Бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған немесе сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамдар өзі алатын әлеуметтік-құқықтық көмектің барысы туралы есеп беру үшін айына бір рет пробация қызметіне келеді.
10. Пробация қызметінің есебінде тұрған адам әлеуметтік-құқықтық көмек алудан бас тартқан жағдайда, пробация қызметінің қызметкері қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органмен бекітілген нысан бойынша тиісті акт жасап, оны олардың істеріне тігеді.
11. Пробациялық бақылау, әкімшілік қадағалау мерзімі өткеннен кейін және пробация қызметінің есебінен шығарылғаннан соң мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін әлеуметтік-құқықтық көмек жеке бағдарламаға сәйкес жалғасады.
12. Пробация қызметі сот қаулысын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органға және ұйымға іздестіруге жарияланған, «қамаққа алу» бұлтартпау шарасы тағайындалған адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмекті тоқтату үшін хабарландыру жолдайды.
3. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға
әлеуметтік-құқықтық көмек беру
13. Білім алуға, мамандықты меңгеруге, жұмысқа орналасуға, емделуге, сондай-ақ құқықтық көмекпен қамтамасыз етуге көмек көрсету пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмектің негізгі бағыты болып табылады.
14. Медициналық көмек мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.
Медициналық көмек көрсету үшін пробация қызметі жеке бағдарламаның көшірмесін олардың тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына жібереді.
15. Пробация қызметі аяқталмаған орта білімі бар пробация қызметінің есебінде тұрған адамды тұрғылықты жері бойынша білім беру ұйымына жібереді.
16. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға құқықтық көмек мынадай көрсетілетін қызметтерді көздейді:
1) олардың қаражаты болмаған жағдайда заңнама бойынша тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды, арнайы төлемдерді алуға, жұмысқа орналасуға, оқуға, медициналық көмек алуға құжаттар тапсыру үшін заңдық мәні бар құжаттарды ресімдеу;
2) әлеуметтік көмекке, әлеуметтік қамсыздандыруға заңнамада белгіленген құқықтар мен олардың бұзылуынан қорғау тәсілдері бойынша заңдық консультация беру;
3) өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін жағдай жасайтын мәселелерді шешуге ықпал ететін заңнамада белгіленген жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу.
Құқықтық көмек көрсету үшін пробация қызметі жеке бағдарламаның көшірмесін олардың тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.06.2016 № 336 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
17. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамға жұмысқа орналасуға көмек көрсеткен кезде жергілікті атқарушы органдар мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) жұмыссыздарды өкілетті органның/халықты жұмыспен қамту орталығының бос орындар базасында бар бос жұмыс орындарына жіберу;
2) жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу;
3) жұмыссыздарды олардың келісімі бойынша қоғамдық жұмыстарға жіберу;
4) жұмыссыздарды кейіннен жұмысқа орналастыруға көмек көрсете отырып, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін көтеруге жіберу;
5) жұмыс орындарының квотасы бойынша жұмысқа орналастыру.
18. Жоғарыда аталған санаттағы адамдардың өзге көмек алуға қажеттілігі туындаған жағдайда пробация қызметі жеке бағдарламаның көшірмесін олардың тұрғылықты жері бойынша тиісті ұйымдарға жібереді.
19. Жергілікті атқарушы органдарға, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдарға жеке бағдарламаның көшірмелерін жіберуді пробация қызметі жеке бағдарлама жасалғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
20. Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар жеке бағдарламаның көшірмесін алғаннан кейін пробация қызметін он бес күн ішінде өздері көрсететін көмек туралы немесе оны көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабардар етеді.
21. Пробация қызметі қызметкерлерінің, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
Пробация қызметінің есебінде
тұрған адамдарға
әлеуметтік-құқықтық көмек
көрсету қағидаларына
қосымша
Нысан
____________________________________________________________________
(пробация қызметінің атауы)
Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.06.2016 № 336 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Мен,_________________________________________________________________
(пробация қызметінің атауы
пробация қызметінің бастығы (аға инспекторы, инспекторы)
_____________________________________________________________________
қызметкердің тегі, аты-жөні)
_____________________________________________________________тұратын
(мекенжайы)
_____________________________________________________________________
(тегі, аты-жөні)
денсаулық жағдайы, білім деңгейі және жұмыспен қамтылуы, тұрғылықты жерінің бар-жоғы, сондай-ақ өзге де мәліметтердің (шартты түрде, бас бостандығын шектеуге сотталған, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, оған қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген адам) нәтижелері бойынша әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің (қажетінің астын сызу)
жеке бағдарламасын жасадым, ол мынадай әлеуметтік-құқықтық көмектің көрсетілуіне мұқтаж:
1) медициналық көмек (қажет болған жағдайда):
тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде;
2) құқықтық көмек (қажет болған жағдайда):
пробация қызметінің есебінде тұрған адамның қаражаты болмаған жағдайда заңнама бойынша тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды, арнайы төлемдерді алуға, жұмысқа орналасуға, оқуға, медициналық көмек алуға құжаттар тапсыру үшін заңдық мәні бар құжаттарды ресімдеу;
әлеуметтік көмекке, әлеуметтік қамсыздандыруға заңнамада белгіленген құқықтар мен олардың бұзылуынан қорғау тәсілдері бойынша заңдық консультация беру;
өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін жағдай жасайтын мәселелерді шешуге ықпал ететін заңнамада белгіленген жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу;
3) білім алуына көмек көрсету (қажет болған жағдайда);
4) кәсіпті меңгеруіне және жұмысқа орналастыруға (қажет болған жағдайда);
5) арнаулы әлеуметтік кызметтер көрсететін (егер жазасын өтеген адамның тұрғын үйі болмаған немесе одан айырылған жағдайда) уақытша тұру ұйымына орналастыруға;
6) өзге де көмек алуына (қажет болған жағдайда) көмек көрсету.
Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын
____________________________________________________________________
(пробация қызметінің атауы)
пробация қызметінің бастығы (аға инспектор, инспектор) жасады.
__________________ ________________ _____________________
(атағы) (қолы) (тегі, аты-жөні)
20___ жылғы «___» ______________
М.О.
Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасымен таныстым және келісемін ___________________________ ________________
(тегі, аты-жөні) (қолы)
20___ жылғы «___» _____________