Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 қазандағы № 1143 қаулысы

Жаңартылған

     РҚАО-ның ескертпесі.

     ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Энергетика  министрінің 2016 жылғы 22 сәуірдегі № 172 бұйрығын қараңыз.

      «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 38-6)38-7) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормалары бекітілсін.
      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 628 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. «Отын пайдалану қорының нормасы туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 1996 жылғы 19 желтоқсандағы № 577-ө өкімінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 24 қазандағы
№ 1143 қаулысымен  
бекітілген     

Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде
пайдаланылатын отын қорының
нормасы

      1. Қатты және сұйық отынмен жұмыс істейтін энергия өндіруші ұйымдар үшін:
      1) жеткізу қашықтығы 200 километрге дейін болғанда 10 тәулікке арналған негізгі және резерві отын мөлшері;
      2) жеткізу қашықтығы 200 километрден астам болғанда 20 тәулікке арналған негізгі және резервті отын мөлшері.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2014 № 898 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін энергия өндіруші ұйымдар үшін, оларда мазут:
      авариялық отын, 5 тәулікке арналған отын мөлшері;
      резервтік отын, 10 тәулікке арналған отын мөлшері болып табылады.
      3. Мазут жағатын отын болып табылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін:
      10 тәулікке арналған отын мөлшері, бұл ретте бір мезгілде жағылатын агрегаттар саны:
      номиналды өнімділігінен 30%-ға дейін жүктемесі бар 4х200 мегаватт, 3х300 мегаватт және одан жоғары электр станциясында – блоктарда;
      номиналды өнімділігінен 30%-ға дейін жүктемесі бар жылу электр орталығының екі ең үлкен қазанынан жоғары болмауы тиіс.