РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 мамырда № 18-1/451 бұйрығын қараңыз.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 12-бабының 17-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 6 тамыздағы
№ 1024 қаулысымен
бекітілген
Көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттiк орман қорының учаскелерін пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттiк орман қорының учаскелерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттiк орман қорының учаскелерін пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер – өнеркәсiптiк, энергетикалық, тағамдық және өзге де мақсаттар үшiн қолдан өсiрiлетiн екпелер;
2) жұмыс жобасы – осы салада маманданған жобалау-іздестіру ұйымдары әзірлеген, өнімді өткізуге немесе өңдеуге дейін оны өсіру жөніндегі жұмыстар циклын қамтитын тез өсетін ағаш пен бұта тұқымдыларының плантацияларын немесе орман питомнигін құру жобасы;
3) мемлекеттік орман иеленушiлер – мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк ұйымдар;
4) орман пайдалану – орман ресурстары мен орманның пайдалы қасиеттерiн пайдалану жөнiндегi заңдық және экономикалық жағынан регламенттелген қызмет;
5) орман пайдаланушы – Кодексте белгiленген тәртiппен уақытша орман пайдалану құқығы берiлген жеке немесе заңды тұлға;
6) орман питомнигі – орман қоры аумағының ағаш және бұта тұқымдас екпе материалдарды өсiруге арналған учаскесi.
3. Орман пайдаланушы өсімдіктердің жаңа түрлерін жерсіндіру кезінде карантиндік бақылаудың талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді және өсімдіктердің негізгі байырғы түрлеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
4. Көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерінің пайдаланылуын және орман пайдаланушының ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауын бақылауды Кодексте белгілеген тәртіппен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының лауазымды тұлғалары мен оның аумақтық бөлімшесі, өзге мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттiк орман қорының учаскелерін пайдалану тәртібі
5. Мемлекеттік орман иеленуші, көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелерді қолдан өсіруге болатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан мемлекеттік орман қорының учаскелерін қоспағанда, мемлекеттік орман қоры учаскелерін іріктеуді орман көмкермеген алқаптарда (егістік, тыңайған жерлер, шабындық, жайылым) жүзеге асырады.
6. Орман пайдаланушы көшет материалы мен (немесе) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға мемлекеттік орман иеленушімен шарт жасасқаннан кейін өз қаражаты есебінен қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамтитын жұмыс жобасын әзірлейді, ол мемлекеттік сәулет-құрылыс және экологиялық сараптамадан өтеді.
Көшет материалы мен (немесе) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру жөніндегі жұмыстар жұмыс жобасына сәйкес жүргізіледі.
7. Жұмыс жобасына сәйкес орман пайдаланушы орман питомнигін құрады, онда бірнеше бөлімше, оның ішінде:
1) ағаш пен бұта көшеттерін тұқымдардан өсіру үшін – себу бөлімшесі;
2) ағаш пен бұта екпелерін көшеттер мен қалемшелерден өсіру үшін – үлгілік бөлімше;
3) питомникті бағалы техникалық және сәндік тұқымдыларды көбейту үшін бастапқы материалмен қамтамасыз ету үшін – аналық екпелер бөлімшесін;
4) қазу учаскесін, көң сақтайтын орындарды, жол мен суару желісін, су көздерін, қора-жайы бар усадьбаны, тұқымдар мен көшет материалдарын сақтауға арналған тоңазытқыш-қойманы, қоршау-шарбақты қамтитын шаруашылық және қосалқы учаскелер ұйымдастырылады.
8. Питомниктің құрамында қажет болған жағдайда тамыр жүйесі жабық көшеттер мен екпелер өндіруге арналған жылыжай бөлімшесі құрылады.
9. Көшет материалын өсіру кезіндегі негізгі мақсат жасыл құрылысты (елді мекендерді көгалдандыру, жасыл аймақтар, ландшафттық нысандар құру) ірі көлемді, түрлері бойынша алуан түрлі және сәндік көшет материалымен қамтамасыз ету болып табылады.
10. Плантациялар тұқымнан өсірілген көшет материалынан немесе тамырланған қалемшелерден құрылады. Арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер отырғызу кезінде перспективалы сорттардың, нысандар мен клондардың тез өсетін ағаш пен бұта тұқымдыларының көшет материалдары пайдаланылады.
11. Арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өнеркәсіптік, энергетикалық, азықтық және өзге мақсаттарда өсіріледі.
12. Гербициттер мен қажетсіз өсімдіктермен күрестің өзге химиялық құралдарын пайдалану «Пестицидтер (улы химикаттар) қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 мамырдағы № 515 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
13. Көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру кезінде суару үшін су ресурстарын орман пайдаланушы су заңнамасына сәйкес пайдаланады.
14. Орман пайдаланушы көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде уақытша құрылыстар – күзетші үйлерін, құрал-саймандар, тыңайтқыштар, өсірілген өнімді сақтау үшін қалқалар, су тарату құрылыстарын салады, бұрыннан бар қара жолдарды пайдаланады немесе жекелеген жағдайларда осындай уақытша жолдар тартады.
Көрсетілген құрылыстардың мөлшерлері, түрі және мақсаты, оларды бұзу (алып кету) тәртібі, сондай-ақ тартылатын су таратқыштар мен қара жолдардың бағыты, ұзындығы және мөлшері шартта айқындалады.
15. Орман пайдаланушы көшет материалы мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер өсіру үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалану кезінде Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының сақталуын және жұмыстардың мемлекеттік орман қорына теріс әсер етпейтін әдістермен жүргізілуін қамтамасыз етеді және шаруашылық қызмет салдарынан бүлінген учаскелерді ұзақ мерзімді орман пайдалану шартына сәйкес қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар жүргізеді.