РҚАО-ның ескертпесі!
Қаулы 2012 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
1992 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi арасындағы сауда өкiлдiктерін өзара құру туралы келiсiмді іске асыру және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сыртқы сауда мүдделерiн бiлдiрудi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкiлдiгi туралы ереже бекiтiлсiн.
2. «Қазақстан Республикасының Үкiметi тағайындайтын немесе онымен келiсiм бойынша тағайындалатын лауазымды адамдар бойынша кадр мәселелерiн шешу тетiгiн жетiлдiрудiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 шілдедегі № 784 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын немесе онымен келісім бойынша тағайындалатын саяси мемлекеттік қызметшілер мен өзге де лауазымды тұлғалар лауазымдарының тізбесі мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілі |
Үкімет |
Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрі |
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрімен |
».
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдiгi туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қаңтардағы № 58 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 қаңтардағы № 58 қаулысы.
4. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгi осы қаулыны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.
5. Осы қаулы 2012 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнің
2012 жылғы 31 шілдедегі
№ 1011 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Pecпубликасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігі туралы ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі (бұдан әрі – Сауда өкілдігі) Қазақстан Республикасы Үкiметінің атынан әрекет ететiн және Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының сыртқы сауда қызметі саласындағы мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттiк мекеме болып табылады.
2. Сауда өкілдігі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, халықаралық шарттарды, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Сауда өкілдігі заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының мемлекеттік тілдерiнде өз атауы жазылған мөрi мен мөртабаны, белгiленген үлгідегi бланкiлерi, сондай-ақ банктерде шоттары болады.
4. Сауда өкілдігi өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Сауда өкiлдiгiне уәкiлеттiк берілген болса, ол Қазақстан Республикасының атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарабы ретiнде әрекет етуге құқылы.
5. Сауда өкiлдiгiнің мiндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi жауапты болады.
Сауда өкілдігі сыртқы сауда қызметiнің қазақстандық қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал сыртқы сауда қызметiнің қазақстандық қатысушылары Сауда өкілдігінің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
6. Сауда өкілдігі өз қызметінде Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу саласындағы уәкiлеттi органына (бұдан әрі – уәкілетті орган) есеп бередi.
Уәкілетті орган Сауда өкілдігінің қызметiн бақылауды, сондай-ақ оны қаржылық және кадрлық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша жыл сайынғы негізде Сауда өкілдігінің Жұмыс жоспарын бекітеді.
7. Сауда өкілдігі Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік субъектілері одақтарының (қауымдастықтарының), бірлестіктерінің коммерциялық емес мүдделерін білдіре алады.
2. Сауда өкілдігінің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
8. Сауда өкiлдiгiнің негiзгi мiндеттерi:
1) Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және кеңейтуге жәрдемдесу;
2) сыртқы сауда-экономикалық қызметтің барлық мәселелері бойынша Қазақстан Pecпубликасының мемлекеттік мүдделерiн Ресей Федерациясында білдiру және оларды қорғауды қамтамасыз ету;
3) Ресей Федерациясындағы сыртқы сауда қызметіне жәрдем көрсету және Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен өзге ұйымдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері одақтарының (қауымдастықтарының), бірлестіктерінің, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің (бұдан әрi – сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушылары) экономикалық мүдделерін қорғау;
4) Ресей Федерациясындағы сыртқы сауда қызметінің жағдайлары мен заңнамасы туралы сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушыларын ақпараттандыру, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы туралы осындай ақпараттарды Ресей Федерациясындағы мүдделi тұлғаларға ұсыну, оның ішінде Сауда өкілдігінің ресми сайты арқылы.
9. Сауда өкiлдiгi өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сыртқы сауда саясатын iске асыруға қатысады;
2) жалпы сауда-экономикалық axуaлды және оның Ресей Федерациясындағы дамуының негiзгі үрдiстерiне, сыртқы сауда байланыстарына, сыртқы сауда қызметi саласындағы заңнамаға, тауарлар мен қызмет көрсету нарығының конъюнктурасына талдау жүргізеді, аталған сұрақтар бойынша Қазақстан Республикасының уәкілеттi органды және қажет болған жағдайда сыртқы сауда қызметiнің қазақстандық қатысушыларын ақпараттандырады;
3) сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушыларына Ресей Федерациясында сыртқы сауда мәмілелерін жасасуына, келiссөздер жүргiзуіне сауда-экономикалық ынтымақтастық орнатуына, сондай-ақ, Ресей Федерациясының нарығында Қазақстан Республикасының экспортқа бағдарланған өнiмдерiн жылжыту мақсатында жәрдем көрсетедi;
4) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда ынтымақтастығына қатысты бөлігінде, оның ішінде Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістігі шеңберіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi үкiметаралық комиссияның, халықаралық сауда және экономикалық ұйымдардың және олардың жұмыс органдарының жұмысына қатысады;
5) Қазақстан Республикасының сауда көрмелерi мен жәрмеңкелерiн Ресей Федерациясының территориясында өткiзуге және сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушыларын халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге тартуға, сондай-ақ Ресей Федерациясындағы өзге де мамандандырылған іс-шараларға жәрдемдеседі;
6) Ресей Федерациясының мемлекеттiк органдары мен iскер топтарын Қазақстан Республикасының территориясында өткiзiлетiн халықаралық көрмелерге және жәрмеңкелерге қатысуға тарту бойынша жұмыс жүргiзедi;
7) сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушыларына, қазақстандық тауарларға, қызметтерге, инвестицияларға қатысты болу мемлекеті өз міндеттемелерін бұзған және кемсіткен жағдайда оларды жоюға жәрдемдеседі;
8) болу мемлекетінде сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушыларына казақстандық тауарлар, қызметтер, инвестициялар, зияткерлерлік меншік объектілерін экспорттауды жүзеге асыруға кедергілерді еңсеруге жәрдемдеседі;
9) мына:
болу мемлекетінің Қазақстан Республикасымен жасаған халықаралық шарттардың талаптарын бұзумен және (немесе) болу мемлекетінің Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларын кемсітетін занңамаларын қолданумен байланысты дауларын реттеуге;
ақпарат және зияткерлік меншік объектілері саудасын қоса алғанда, қазақстандық тауарлардың, қызметтердің, инвестициялардың болу мемлекетінің нарығында қолжетімділігін либерализациялау мақсатында болу мемлекетінің мемлекеттік органдары және ұйымдарымен сауда-экономикалық мәселелер бойынша келіссөздерге қатысады;
10) болу мемлекетінің экономикалық даму перспективасы мен жағдайын, экономиканы реттеу саласындағы заңнаманы және оны қолдану тәжірибесін, тауар, жұмыс, қызмет және инвестиция нарығының конъюнктурасын, Қазақстан Республикасымен, өзге де мемлекеттермен сыртқы экономикалық қатынастарды зерттейді, талдайды және осы мәселелер бойынша ақпаратты Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына, сондай-ақ, сыртқы экономикалық қызметтің қазақстандық қатысушыларына олардың сұрауларына сәйкес ақпаратты жолдайды;
11) болу мемлекетінің сауда саясаты мен сыртқы сауданы мемлекеттік реттеу шараларына қатысты мәліметтерді жинауды және талдауды, ақпараттық, ұйымдастырушылық және конультациялық қолдау көрсету мақсатында сыртқы экономикалық қызметтің қазақстандық қатысушыларына тиісті материалдар әзірлеуді жүзеге асырады;
12) сыртқы сауда қызметiнiң қазақстандық қатысушыларының сұраулары бойынша болу мемлекетінде қазақстандық тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге қатысты әлеуетті сұраныс туралы ақпаратты әзірлейді және сыртқы экономикалық қызметтің мүдделі қатысушыларына тиісті ұсыныстар мен материалдар ұсынады;
13) сыртқы экономикалық қызметтің қазақстандық қатысушыларына болу мемлекетінің территориясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әріптестерді іріктеуде жәрдем көрсетеді;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де функциялар.
3. Сауда өкiлдігiнiң мүлкi
10. Сауда өкiлдігінің мүлкі оған мемлекет берген мүлiк есебiнен құрылады және ол негізгi қорлар мен айналымдық құралдардан, сондай-ақ құны Сауда өкілдігінің теңгерiмiнде көрсетілетiн өзге де мүліктен тұрады.
Сауда өкiлдiгiне бекiтiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
Сауда өкiлдiгiнің бекiтiлген мүліктi дербес иелігінен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
4. Сауда өкiлдiгінің қызметiн ұйымдастыру
11. Сауда өкілдігін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша уәкілетті органының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының Сауда өкілі басқарады (бұдан әрі – Сауда өкілі).
12. Шетелде жұмыс істеу кезеңінде Сауда өкілі және Сауда өкілдігінің қызметкерлері уәкілетті органмен тиісті еңбек және қызметтік қатынастарда болады.
13. Сауда өкілiнің орынбасарын және Сауда өкiлдiгінің өзге де қызметкерлерiн Сауда өкілінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің келісімі бойынша уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы тағайындайды.
14. Мемлекеттік қызметке алғаш тұрған тұлғалар уәкiлеттi органның құрылымдық бөлiмшелерiнде екі жыл жұмыс iстегеннен кейiн ғана, олардың кәсiби бiлімi ескерiле отырып, Сауда өкілдігіне жұмысқа жiберiлуi мүмкiн.
Сауда өкілдігі қызметкерлерінің уәкілетті органының құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеу мерзімі Сауда өкілдегінде жұмыс істеу кезеңі аралығынан бір жылдан кем болмауға тиіс.
15. Қызметкерлердің Сауда өкілдегінде үздiксiз жұмыс істеу мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс.
Көрсетілген мерзiмді қызмет бабындағы қажеттiлiк бойынша және тұлғаның келiсiмімен уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің келісімі бойынша бір жылдан аспайтын уақытқа ұзартуы мүмкiн.
16. Шетелдегi жұмыстан кейiн Қазақстан Республикасына оралған Сауда өкілдігінің қызметкері уәкiлеттi органға Сауда өкілдігіне жіберілгенге дейін атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға жұмысқа қабылданады.
17. Осы Ереженің 14, 15-тармақтарының күшi Сауда өкiлiне қолданылмайды.
18. Қазақстан Республикасының Сауда өкiлi Сауда өкілдігінiң жұмысына тiкелей басшылық жасайды, Сауда өкiлдiгiне жүктелген мiндеттердiң орындалуы және оның функцияларын жүзеге асыруына жеке жауап бередi.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сауда өкілдігінің қызметін үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асырады.
Сауда өкілі Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен өзінің қызметі келіседі және тоқсан сайынғы негізде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне атқарылған жұмыстар туралы есеп ұсынады.
19. Сауда өкілі:
1) Сауда өкілдігінің жұмысына тікелей басшылық етеді;
2) Сауда өкілдігіне жүктелген міндеттердің орындалуына жауапты болады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына, болу мемлекетінің жергілікті жағдайлары мен дәстүрлеріне сәйкес Сауда өкілдігі қызметкерлерінің жұмыс мерзімі мен демалу уақтының режимін анықтайды;
4) Сауда өкілі орынбасарының және Сауда өкілдігінің өзге де қызметкерлерінің міндеттерін анықтайды;
5) Сауда өкілдігі қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
6) Сауда өкілдігінің атынан заңдық әрекеттер жасайды;
7) арнайы байланыс арналары бойынша атқарушы органдарға жолданатын құжаттарға жеке қол қоюға құқылы.
5. Сауда өкiлдігін қайта ұйымдастыру және тарату
20. Сауда өкiлдігін қайта ұйымдастыру және тарату Ресей Федерациясының тиiстi органдарын хабарландыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнің шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.