Әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру мәселелерi жөнiнде ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 сәуірдегі № 506 Қаулысы

Жаңартылған

      Әкімшілік заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес құрамда Әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру мәселелерi жөнiндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса берiлiп отырған Комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2012 жылғы 23 сәуірдегі
№ 506 қаулысымен   
бекітілген      

Әкімшілік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі
ведомствоаралық комиссияның
құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі, төраға
      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры, хатшы
      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары
      Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының орынбасары
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
      «Ғ. Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, заң ғылымдарының докторы (келісім бойынша)
      Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастығының сарапшысы (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2012 жылғы 23 сәуірдегі
№ 506 қаулысымен  
бекiтiлген      

Әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру мәселелерi жөнiндегi
ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актілерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актілерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

2. Комиссияның мiндеттерi мен құқықтары

      3. Комиссияның негiзгі мiндеттерi және функциялары:
      1) қолданыстағы әкiмшiлiк заңнаманы талдау қорытындылары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      2) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне енгізу үшiн ұсынылатын өзгерiстер мен толықтыруларды қарау;
      3) мемлекеттiк органдардың әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарын қарау;
      4) әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру жөнiндегі ұсыныстарды әзірлеу және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзу;
      5) Комиссияның құзыретiне кіретін өзге де мiндеттердi және функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
      4. Өзiнiң мiндеттерi мен функцияларына сәйкес Комиссияның:
      1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
      2) әкiмшiлiк заңнаманы жетiлдiру мәселелерi жөнiндегi ұсыныстар мен ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзуге;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының өкiлдерiн (келiсiм бойынша) Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға;
      4) заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттiк және басқа да ұйымдардан Комиссияның мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi материалдарды сұратуға және алуға;
      5) уақытша және тұрақты жұмыс iстейтiн сараптау және жұмыс топтарын ұйымдастыруға;
      6) Комиссияға жүктелген мiндеттердi және функцияларды жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де құқығы бар.

3. Комиссия қызметiн ұйымдастыру

      5. Комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық етедi, отырыстарда төрағалық етедi, жұмысты жоспарлайды, шешiмдердiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
      6. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      7. Жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      8. Комиссияның отырыстары күнтiзбелiк жылғы айдың екiншi жұмасында, қажет болғанда, Комиссия төрағасы белгiлейтiн өзге де күндерде өткiзіледi. Комиссияның отырысы Комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде жартысы қатысқан кезде заңды деп саналады.
      Ескерту. Ереже 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.05.2013 № 541 Қаулысымен.
      9. Отырыстың күн тәртiбiн, сондай-ақ оның өткiзiлетiн орны мен уақытын Комиссия төрағасы Комиссия мүшелерiнiң келiсiмi бойынша белгiлейдi.
      10. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда ол жазбаша түрде баяндалуға және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      11. Комиссияның құзыретiне қатысты қажеттi материалдарды әзiрлеу үшiн ұйымдар, жоғары оқу орындары, сондай-ақ ғалымдар мен бiлiктiлігі жоғары мамандар тартылуы мүмкiн.
      11-1. Дауыс беру парақтарымен қоса Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. Ереже 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      12. Комиссия өз қызметiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негiзiнде тоқтатады.