Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағиданы бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 1125 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағида (бұдан әрі – Қағида) бекітілсін.
      2. Мемлекеттік органдар осы қаулы қабылданғаннан кейін бір ай ішінде өздерінің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін Қағидаға қоса беріліп отырған үлгі нысанға сәйкес келтірсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2011 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 1125 қаулысымен   
бекітілген       

Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағида

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағидасы (бұдан әрі – Қағида) мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді біріздендіру және осы ережелерде қамтылуға тиіс нормаларды белгілеу мақсатында әзірленді.
      2. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі – мемлекеттік органның ресми бөлінген бөлігі, оған қызметінің нақты бағытын іске асыру мақсатында оның міндеттерінің, функциялары мен жауапкершілігінің бір бөлігі жүктеледі.
      Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жауапкершілігі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарымен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен регламенттеледі.

2. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту тәртібі

      3. Мемлекеттік органның жаңа құрылымдық бөлімшесі құрылған кезде нормативтік құқықтық актілерге мемлекеттік органның құрылатын құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыруы тиіс функцияларды айқындау мәніне талдау жүргізіледі.
      Талдауды құрылымдық бөлімше құрылғанға дейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның кадр қызметі жүргізеді.
      Талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің құрылымы, міндеттері мен функцияларының тізбесі айқындалады, олардың негізінде одан әрі осы Қағиданың қосымшасына сәйкес үлгі нысан бойынша Құрылымдық бөлімше туралы ереженің жобасы әзірленеді.
      4. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені (бұдан әрі – Ереже) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі құрылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның салалық құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп (құрылымдық бөлімшенің міндеттері мен өкілеттіктеріне байланысты), кадр қызметі әзірлейді.
      5. Ереженің әзірленген жобасы үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның заң қызметімен келісіледі, ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда екі жұмыс күні ішінде пысықталады.
      6. Ереженің жобасын бекіту мемлекеттік органның заң қызметімен келісілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      Ереже жобасының әрбір бетіне мемлекеттік органның кадр қызметінің және құрылған құрылымдық бөлімшенің басшылары (не оның міндетін атқаратын адам) қол қояды.
      Ережені:
      1) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдарда және олардың аумақтық органдарында – тиісті басшы;
      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, Парламентінің палаталары аппараттарында, Орталық сайлау комиссиясында, Конституциялық Кеңесінде, Жоғарғы Сотында, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасында, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығында - тиісті басшы;
      3) орталық атқарушы органдарда (орталық атқарушы органның басшысы немесе оның орынбасары жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерде) – орталық атқарушы органның басшысымен (не оның міндетін атқаратын адаммен) келісім бойынша жауапты хатшы (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды адам);
      4) орталық атқарушы органдарда және аумақтық бөлімшелерде (жауапты хатшы жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерде) – жауапты хатшы (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды адам);
      5) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда, мәслихаттар мен әкімнің аппараттарында – тиісті басшы бекітеді.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.09.2013 № 932 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.12.2016 № 886 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      7. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылғанда не құрылымдық бөлімшенің функциялары өзгерген жағдайда:
      1) Құрылымдық бөлімше туралы ережеге өзгерістер осы Қағидада белгіленген талаптарға сәйкес бес жұмыс күні ішінде енгізіледі;
      2) Ережеге өзгерістер енгізілген кезде Ереже жобасының әрбір бетіне кадр қызметі, сондай-ақ тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы қол қояды.

       Мемлекеттік органның  
құрылымдық бөлімшесі туралы
ережені әзірлеу және бекіту
жөніндегі қағидаға  
қосымша        

Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережесінің үлгі нысаны

1. Жалпы ережелер

      1. (Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің атауы) (мемлекеттік органның атауы) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
      2. Құрылымдық бөлімше өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Құрылымдық бөлімшенің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамы бекітеді.
      4. Құрылымдық бөлімше*:
      1)___________________________________________________;
      2)___________________________________________________;
      3)____________________________________________ тұрады.

      ________________________
      * бұл тармақты мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелері бар құрылымдық бөлімшелер толтырады.

2. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

      5. Міндеті:
      Функциялары:
      1)___________________________________________________;
      2)___________________________________________________.
      6. Міндеті:
      Функциялары:
      1)____________________________________________________;
      2)____________________________________________________.

      7. Міндеті:
      Функциялары:
      1)____________________________________________________;
      2)____________________________________________________.
      8. Құқығы және міндеттері:
      1)____________________________________________________;
      2)____________________________________________________.    

3. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің қызметін ұйымдастыру

      9. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.
      10. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басшы басқарады.
      11. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі басшысының орынбасары (орынбасарлары) болады.
      12. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің басшысы  құрылымдық бөлімшенің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесіне жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.
      13. Құрылымдық бөлімшенің басшысы мемлекеттік органның басшысына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.
      14. Басшы осы мақсатта:
      1) өзінің орынбасары (орынбасарлары) болған жағдайда, олардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      2) құрылымдық бөлімшенің құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      15. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі басшысының орынбасары (орынбасарлары):
      1) өз өкілеттіктері шеңберінде құрылымдық бөлімшенің қызметін  үлестіреді;
      2) құрылымдық бөлімшенің басшысы болмаған кезде құрылымдық бөлімшеге жалпы басшылықты жүзеге асырады және құрылымдық бөлімшеге жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;
      3) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің басшылығы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      16. Құрылымдық бөлімшенің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға құрылымдық бөлімшенің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.