Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2021 № 590 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағиданы бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 1125 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағидадағы 6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Ереженің жобасын бекіту мемлекеттік органның заң қызметімен келісілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Ереже жобасының әрбір бетіне мемлекеттік органның кадр қызметінің және құрылған құрылымдық бөлімшенің басшылары (не оның міндетін атқаратын адам) қол қояды.
Ережені:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдарда және олардың аумақтық органдарында – тиісті басшы;
2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, Парламентінің палаталары аппараттарында, Орталық сайлау комиссиясында, Конституциялық Кеңесінде, Жоғарғы Сотында, Қазақстан Республикасы Парламентiнің Шаруашылық басқармасында, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығында – тиісті басшы;
3) орталық атқарушы органдарда (орталық атқарушы органның басшысы немесе оның орынбасары жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерде) – орталық атқарушы органның басшысымен (не оның міндетін атқаратын адаммен) келісім бойынша жауапты хатшы (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды адам);
4) орталық атқарушы органдарда және аумақтық бөлімшелерде (жауапты хатшы жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерде) – жауапты хатшы (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды адам);
5) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда, мәслихаттар мен әкімнің аппараттарында – тиісті басшы бекітеді.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С.Ахметов |