Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 қыркүйектегі № 1004 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес құрамда Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 1004 қаулысына 
қосымша      

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейтін комиссияның
құрамы

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.28 № 1221, 2012.03.26 N 353, 2012.11.13 N 1445 Қаулыларымен.

Досаев                      - Қазақстан Республикасының Экономикалық
Ерболат Асқарбекұлы           даму және сауда министрі, төраға

Әбілқасымова                - Қазақстан Республикасының Экономикалық
Мәдина Ерасылқызы             даму және сауда вице-министрi,
                             төрағаның орынбасары

Кереева                     - Қазақстан Республикасы Экономикалық
Гүлбану Мейірғалиқызы         даму және сауда министрлігінің
                              Әлеуметтік саясат және мемлекеттік
                              органдарды дамыту департаменті
                              директорының орынбасары, хатшы

Дүйсенова                   - Қазақстан Республикасы Еңбек және
Тамара Босымбекқызы           халықты әлеуметтік қорғау
                              министрлігінің жауапты хатшысы

Ахметов                     - Қазақстан Республикасының Еңбек және
Серік Әбжәлиұлы               халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

Жарқынбаев                  - Қазақстан Республикасы Статистика
Жасер Әзімханұлы              агенттігі төрағасының орынбасары

Асылова                     - Қазақстан Республикасы Қаржы
Бибігүл Амангелдіқызы         министрлігі Әлеуметтік саланың
                              бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау,
                              орындалуын талдау және іске асыруды
                              бағалау департаментінің директоры

Әбенов                      - Қазақстан Республикасы Экономикалық
Арман Дәулетұлы               даму және сауда министрлігінің
                              Мемлекеттік міндеттемелерді басқару
                              саясаты және қаржылық секторды дамыту
                              департаментінің директоры

Үмбетәлиев                  - "Экономикалық зерттеулер институты"
Мәди Тоқтарұлы                акционерлік қоғамының вице-президенті
                              (келісім бойынша)

Алпысбаева                  - "Экономикалық зерттеулер институты"
Сара Нұрбекқызы               акционерлік қоғамының
                              Макроэкономикалық талдау және болжау
                              орталығының директоры (келісім бойынша)

Хаджиева                    - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі
Мәрия Жамалқызы               Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын
                              бақылау мен қадағалау комитеті
                              төрағасының орынбасары
                            (келісім бойынша)

Шайқақова                  - Қазақстан Республикасы Ұлттық БанкіГүлфайрус                    Зерттеу және статистика департаментінің
Жолболсынқызы                директоры (келісім бойынша)

Әбдірахманов               - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Нұрлан Алмасұлы              Банкі Қаржылық тұрақтылық департаменті
                            директорының орынбасары (келісім
                            бойынша)

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 1004 қаулысымен
бекітілген   

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлейтін комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлейтін комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссия қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін (бұдан әрі - ЗЖ) одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      4. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары:
      1) ЗЖ-ны одан әрі дамыту жөніндегі саясатты қалыптастыру;
      2) зейнетақы заңнамасы саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
      3) ЗЖ-ны дамыту саласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру;
      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, ЗЖ-ны дамыту саласындағы жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдарының бірлескен іс-қимылын перспективалы жоспарлау;
      5) ЗЖ-ны одан әрі дамытуға бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық және ғылыми-техникалық сипаттағы шараларды жүзеге асыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      5. Комиссияны төраға басқарады.
      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, оның отырыстарына төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және оның қызметіне дербес жауапты болады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
      6. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі комиссияның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      7. Комиссия хатшысы Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар, қажетті құжаттар, материалдар дайындауды және оны өткізгеннен кейін хаттама ресімдеуді жүзеге асырады. Хатшы Комиссия мүшесі болмайды.
      8. Жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін отырысқа дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияның әрбір мүшесіне жеткізіледі.
      9. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі және онда Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса заңды болып саналады.
      10. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілігі дауысы берсе қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіру құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және хаттамаға қоса берілуге тиіс.
      Комиссия шешімдері хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

4. Комиссияның қызметін тоқтату

      11. Комиссияның қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негіз болып табылады.