Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының сараптамасын жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 10 ақпандағы № 118 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 қыркүйектегі № 750 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.09.2015 № 750 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 202 бұйрығын, ҚР Әділет министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 25 бұйрығын қараңыз.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 35) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының сараптамасын жүзеге асыру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2011 жылғы 10 ақпандағы 
№ 118 қаулысымен    
бекітілген       

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар
жобаларының сараптамасын жүзеге асыру қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабының 35) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына экономикалық, экологиялық және құқықтық сараптама жүргізудің тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидада мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы шарттың жобасы;
      2) құзыретті орган - егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзгеше белгіленбесе, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жасасуға және орындауға байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган;
      3) құқықтық сараптама — келісімшарт жобасының құрылымы мен мазмұнының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен модельдік келісімшартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру мақсатында жүзеге асырылатын талдау және бағалау;
      4) экономикалық сараптама - келісімшарт талаптарының конкурста жеңіске жетуге негіз болған конкурстық ұсынысқа немесе тікелей келіссөздер талаптарына сәйкестілігін тексеру мақсатында жүзеге асырылатын талдау және бағалау, жер қойнауын пайдалануға жасалатын келісімшарттың экономикалық тиімділігі мен орындылығын, жер қойнауын пайдаланушының кен орындарын игеру кезінде бекітілген жобалау құжаттарына жоспарланатын салымдар мен шығындардың негізділігін, жобаны жүзеге асырудың әлеуметтік маңыздылығын талдау және бағалау;
      5) экологиялық сараптама - көзделіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған орта сапасының нормативтері мен экологиялық талаптарына сәйкестігін белгілеу, сондай-ақ осы қызметтің қоршаған ортаға тигізуі мүмкін қолайсыз әсерінің және солармен байланысты әлеуметтік зардаптардың алдын алу мақсатында экологиялық сараптама объектісін іске асыруға жол берілуін айқындау;
      6) жұмыс тобы - келісімшарттар жобаларының шарттарын қарау және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу бойынша ережелері мен құрамын мемлекеттік органдар ұсынған ұсыныстар мен кандидатулар негізінде құзыретті орган бекітетін жұмыс тобы.
      Осы Қағидада қолданылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Заңда қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келеді.
      3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына экономикалық сараптаманы экономикалық даму және сауда саласындағы уәкілетті орган, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының тиісті бөлімшесі жүргізеді.
      Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жүргізеді.
      Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптаманы мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті орган, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық органы жүргізеді.
      4. Экономикалық, экологиялық, құқықтық сараптамалар келісімшарт жобасы ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі. Экономикалық және экологиялық  сараптамалар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы үдерісінде тиісінше елдің ұлттық, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету перспективаларына қатысты қорытындыларды қамтуға тиіс.
      5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жобаларына экономикалық, құқықтық сараптамалар құжаттардың толық пакеті түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады. Жер қойнауына пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларына экологиялық сараптама жүргізу мерзімі құжаттардың толық пакеті түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
      6. Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол теріс немесе оң болуы мүмкін.
      Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға мемлекеттік органның сараптамалық қорытындыда жазған ескертулерін жою мақсатында келісімшарт жобасын пысықтайды.
      Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда мемлекеттік орган қайта сараптама жүргізеді. Мемлекеттік қайталама сараптама жобалау және өзге де құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін өзгерістер енгізілген жағдайларда да жүргізіледі.
      7. Құқықтық және (немесе) экономикалық сараптаманың ескертулерімен келіспеген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға өзінің дәлелді қарсылықтарын Заңның 62-бабына сәйкес құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оларды келісім комиссиясында қарау үшін жіберуге құқылы.
      8. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынылған қарсылықтарды қарау үшін қарсылықтар түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясының құрамына құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының, ескертулерді ұсынған мемлекеттік органның және келісімшарт жасауға үміткер тұлғаның өкілдері кіреді. Келісім комиссиясы отырыс нәтижелері бойынша хаттамада көрсетілетін ұсынымдарды әзірлейді. Келісім комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып, келісімшартты қайта сараптамаға жібереді.

2. Келісімшарттар жобаларына экономикалық сараптама жүргізу тәртібі

      9. Пайдалы қазбалардың бекітілмеген қоры бар кен орындары бойынша барлау, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге келісімшарт жобасына экономикалық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган экономикалық даму және сауда саласындағы уәкілетті органға, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының тиісті бөлімшесіне мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады:
      1) тұлғаны конкурс жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екенін көрсететін құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ілеспе хаты;
      2) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы;
      3) келісімшарт жобасы;
      4) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы куәландырған көшірмесі немесе тікелей келіссөздер хаттамасының көшірмесі;
      5) геологиялық және/немесе тау-кендік бөлу;
      6) геологиялық ақпаратты сатып алу кезінде құпиялылық туралы келісімнің тарихи шығындар сомасының есебі қоса берілген көшірмесі;
      7) жұмыс бағдарламасының жобасы.
      10. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша бірлескен барлауға және өндіруге, сондай-ақ өндіруге келісімшарт жобасына экономикалық сараптама жүргізу үшін Қағиданың 9-тармағында аталған құжаттардан басқа:
      1) тау-кендік бөлу;
      2) Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның сараптамалық қорытындысы беріледі.
      11. Жер қойнауы учаскелері, сондай-ақ пайдалы қазбалардың бекітілмеген қоры бар кен орындары бойынша барлау жөніндегі жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар жобаларына экономикалық сараптама:
      1) келісімшарт жобасы ережелерінің Қазақстан Республикасының экономика және қаржы саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді;
      2) келісімшарт талаптарының жұмыс бағдарламасының жобасына, конкурста жеңіске жетуге негіз болған конкурстық ұсынысқа немесе тікелей келіссөздердің шарттарына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының шарттарын талқылау бойынша жұмыс тобы отырысының қорытындысына сәйкестігін бағалауды;
      3) бекітілген жобалау құжаттарына келісімшарт жобасында болжанатын жұмыс көлемі мен тиісті шығындардың экономикалық дәйектілігін бағалауды;
      4) жобаны іске асырудың әлеуметтік маңыздылығын бағалауды қамтиды.
      12. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша өндіру және бірлескен барлау мен өндіруге арналған, өндіру сатысына көшуді көздейтін келісімшарт жобаларының экономикалық сараптамасы 11-тармақта көзделген талаптардан басқа мыналарды қамтиды:
      1) жобаны экономикалық бағалау (қолданылатын технологияны ескере отырып, жоспарланатын табыстар мен шығындарда жобаны іске асырудың экономикалық мақсатқа сай болуы және жобаны іске асырудың әлеуметтік маңызы);
      2) жобаның қаржылық көрсеткіштерін (ақша қаражаты ағынын, ағымдағы таза құнын, пайданың ішкі нормасын, өтелу мерзімін) бағалау;
      3) жобаның бюджеттік тиімділігін бағалау.
      13. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жобаларына экономикалық сараптама жүргізу барысында экономикалық даму және сауда саласындағы уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының тиісті бөлімшесі құзыретті органнан немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органынан қажет болғанда келісімшарт жобасын іске асыру мәселелері бойынша сараптаманы сапалы жүргізуге қажетті қосымша деректер сұрайды.
      14. Экономикалық сараптама жүргізу нәтижелері қорытынды түрінде ресімделеді.
      15. Келісімшарт жобасының қорытындысы мыналарды қамтуға тиіс:
      1) жоба параметрлерінің қысқаша сипаттамасы (жер қойнауын пайдаланушы, келісімшарттық аумақ, жер қойнауын пайдалану жөніндегі жүргізілетін операциялардың түрлері, келісімшарт жасасу үшін негіздемелер, күрделі шығындардың жоспарланған көлемі, болжанатын жобалық қуат туралы мәліметтер);
      2) ұсынылған құжаттар тізбесі;
      3) осы Қағидаға сәйкес келісімшарт ережелеріне жүргізілген талдау мен бағалаудың қысқаша нәтижелері;
      4) тұжырымдар, ескертулер мен ұсынымдар.
      16. Сараптамалық қорытынды мынадай тұжырымдардың бірін қамтуға тиіс:
      1) қарау нәтижесінде жоба бойынша болжанатын шығындар көлемінің негізділігі, оның параметрлерінің конкурстық ұсынысқа (тікелей келіссөздер хаттамасына) және Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкестігі расталғандықтан, оң бағаланған жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасын келісу;
      2) қарау нәтижесі бойынша теріс қорытындының берілуі себепті жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасын келісуден бас тарту. Сараптамада болжанатын шығындардың айтарлықтай ауытқулары (көтерілуі немесе төмендеуі), техникалық параметрлердің бұзылуы, жобалау құжаттарына және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қағидатты түрде сәйкес келмеу және орын алған жағдайда келісімшарт жасасу орынсыз болатын басқа да кемшіліктер анықталды.
      17. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа жүргізілген экономикалық сараптама нәтижесі бойынша қорытындыға уәкілетті адам қол қояды және ол құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органның мекенжайына жіберіледі.
      18. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы экономикалық сараптамаға қайта ұсынылған жағдайда, осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжаттар пакеті енгізілмейді.
      19. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасына қайта сараптама осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі.
      20. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге келісімшарт жобасына жұмыс бағдарламасының жобасы келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңіне жылдар бойынша негізделген және есептелген мынадай көрсеткіштерді қамтуы тиіс:
      1) геологиялық-барлау жұмыстарының көлемі;
      2) орындалатын геологиялық-барлау жұмыстарының түрлері бойынша шығындар;
      3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің техникалық және технологиялық жағдайларын, жабдықтың жалпы сипаттамасын, қосымша және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды негізге ала отырып, амортизациялық аударымдар сомасы көрсетілген күрделі шығындар;
      4) тартылған персоналдың саны ескерілген еңбекақы төлеу қоры;
      5) тарату қорын қалыптастыру бойынша шығыстар;
      6) қазақстандық персоналды оқытуға арналған шығыстар;
      7) қызмет өңірінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қатысу бойынша шығыстар;
      8) ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар;
      9) жанама шығыстар;
      10) өзге де шығыстар;
      11) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша салық және бюджетке төленуге жататын өзге де міндетті төлемдер.
      21. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша өндіруге, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге келісімшарттың жобасына жұмыс бағдарламасының жобасы келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңіне жылдар бойынша негізделген және есептелген мынадай көрсеткіштерді қамтуы тиіс:
      1) өндірілетін пайдалы қазбалардың түрлері бойынша орындалатын жұмыстар мен шығындардың көлемі;
      2) инфляцияны ескере отырып, қолданыстағы бағамен ішкі және сыртқы нарықтарға бөлуді көрсете отырып, пайдалы қазбалардың түрлері бойынша өндіру және өткізу көлемі;
      3) жоба бойынша және өнім түрлері бойынша жалпы жиынтық табыс;
      4) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің техникалық және технологиялық жағдайларын, жабдықтың жалпы сипаттамасын, қосымша және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды негізге ала отырып, амортизациялық аударымдар сомасы көрсетілген күрделі шығындар;
      5) негізгі баптардың мағынасын аша отырып, өндіру мен шикізатты бастапқы қайта өңдеу кезеңдері бойынша пайдалану шығындары;
      6) тартылған персоналдың саны ескерілген еңбекақы төлеу қоры;
      7) тарату қорын қалыптастыру бойынша шығыстар;
      8) қазақстандық персоналды оқытуға арналған шығыстар;
      9) қызмет өңірінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қатысу бойынша шығыстар;
      10) ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар;
      11) жанама шығыстар;
      12) өзге де шығыстар;
      13) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыру шеңберіндегі салық және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдер;
      14) салық төленгеннен кейін жер қойнауын пайдаланушының иелігінде қалатын болжамды таза табыс;
      15) инфляция индексіне түзетілген жоспарланған жылдық ақша ағыны;
      16) дисконттау ставкалары 10, 15 және 20 пайызға тең болған кездегі жобаның ағымдағы келтірілген таза құнының өлшемдері;
      17) жоба бойынша жалпы және жылдар бойынша жоба рентабельділігінің ішкі нормасының көрсеткіші.
      Экономикалық сараптама жүргізу үшін ұсынылған жұмыс бағдарламасының жобасын міндетті түрде құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы растауға тиіс.

3. Келісімшарт жобаларына құқықтық сараптама жүргізу тәртібі

      22. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге келісімшарттар жобаларына құқықтық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органға, ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органының тиісті уәкілетті органына мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады:
      1) тұлғаны конкурс жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екенін көрсететін құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ілеспе хаты;
      2) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы;
      3) келісімшарт жобасы;
      4) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың құзыретті орган немесе республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың органы куәландырған көшірмесі немесе тікелей келіссөздер хаттамасының көшірмесі;
      5) келісімшарт түріне байланысты геологиялық немесе тау-кендік бөлу;
      6) жұмыс бағдарламасының жобасы.
      23. Пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жобаларына құқықтық сараптама мынадай талаптар бойынша жүргізіледі:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және ратификацияланған халықаралық шарттарға сәйкестігі;
      2) келісімшарт жобасының құрылымы мен мазмұнының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауын пайдалануға модельдік келісімшартқа, сондай-ақ ұсынылған құжаттар пакетіне сәйкестігі.
      24. Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жобаларына құқықтық сараптама жүргізу нәтижелері хат түрінде ресімделетін сараптамалық қорытынды болып табылады.
      Сараптамалық қорытынды мынадай тұжырымдардың бірін қамтуға тиіс:
      1) келісімшарт жобасы осы Қағиданың 23-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес болғандықтан, жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасын келісу;
      2) қарау нәтижелері бойынша теріс қорытындының берілуі себепті келісімшарт жобасы осы Қағиданың 23-тармағында көрсетілген талаптарға  сәйкес келмегендіктен, жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасын келісуден бас тарту.
      25. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптама жүргізу нәтижелері бойынша хатқа уәкілетті адам қол қояды және құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атына жіберіледі.
      26. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы құқықтық сараптамаға қайта ұсынылған жағдайда осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжаттар пакеті енгізілмейді.
      27. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасына қайта сараптама осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі.

4. Келісімшарт жобаларына экологиялық сараптама жүргізу тәртібі

      28. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған келісімшарттардың жобаларына экологиялық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға, ал облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы оның аумақтық бөлімшесіне мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады:
      1) тұлғаны конкурс жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екендігін көрсететін құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ілеспе хаты;
      2) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы;
      3) келісімшарт жобасы;
      4) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың құзыретті орган немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы куәландырған көшірмесі немесе тікелей келіссөздер хаттамасының көшірмесі;
      5) келісімшарт түріне байланысты геологиялық немесе тау-кендік бөлу;
      6) жұмыс бағдарламасының жобасы.
      29. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіруге арналған келісімшарт жобаларына экологиялық сараптама мыналарды қамтиды:
      1) жоспарланатын басқару, шаруашылық, инвестициялық және өзге қызметті іске асырудың қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтіруі мүмкін теріс салдарын анықтау және шектеу;
      2) экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғаудың мүдделер теңгерімін сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану үдерісінде үшінші тұлғаларға зардаптың алдын алу;
      3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы талаптарының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына, жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауға қатысты, жер қойнауын пайдалану объектілерін тарату және консервациялау талаптары бөлігінде Заңға, экологиялық сақтандыруға сәйкестігін тексеру.
      30. Сараптама жүргізу кезінде қалыптасқан экологиялық жағдайды ескере отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу ауданына қойылатын талаптар ескерілуі тиіс.
      31. Келісімшарт жобасының қарастырылып отырған бөлімдері бойынша ескертулер қоршаған ортаға да (әуе бассейнін, су ресурстарын, жер ресурстарын, өсімдіктер және жануарлар дүниесін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау), сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтауға да қатысты болу мүмкін.
      32. Сараптамалық қорытынды мынадай тұжырымдардың бірін қамтуға тиіс:
      1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес келетін талаптарды қамтитындықтан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасын келісу;
      2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы ережелерінің Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының, жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау бөлігінде Заңның нормаларына сәйкес келмеуі себепті жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасын келісуден бас тарту.
      33. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына экологиялық сараптаманың қорытындысына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сараптама бөлімшесінің немесе келісімшарт бойынша аумағында көзделіп отырған қызмет жоспарланған оның аумақтық бөлімшесінің басшысы қол қояды. Экологиялық сараптаманың қорытындысы құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органның мекенжайына жіберіледі.
      34. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы экологиялық сараптамаға қайта ұсынылған жағдайда осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжаттар пакеті енгізілмейді.
      35. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына қайта сараптама осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі.