Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының құқықтық сараптамасын жүзеге асыру ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 25 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 қаңтарда № 10169 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 923 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды – ҚР Әділет министрінің 13.06.2018 № 923 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 4-тармағына, сондай-ақ "Әділет органдары туралы" 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының құқықтық сараптамасын жүзеге асыру ережелері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті:

      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін және оны мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы М.Б. Бекетаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Имашев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В.С. Школьник

      23 қаңтар 2015 жыл

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      _____________ Ә.О. Исекешев

      27 қаңтар 2015 жыл


  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2015 жылы 20 қаңтардағы
№ 25 бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының құқықтық сараптамасын жүзеге асыру ережелері
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережелер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларына құқықтық сараптама жүргізу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Ережелерде келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы – құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шарттың жобасы;

      2) жер қойнауын пайдаланушы – осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;

      3) құзыретті орган – егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзгеше белгіленбесе, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жасасуға және орындауға байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган;

      4) құқықтық сараптама — келісімшарт жобасының құрылымы мен мазмұнының құзіретті органымен бекітілген модельдік келісімшартқа (бұдан әрі – модельдік келісімшарт) және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкестігін тексеру мақсатында жүзеге асырылатын талдау және бағалау;

      5) модельдік келісімшарт – келісімшарттардың жекелеген түрлерінің ерекшеліктерін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жекелеген түрлерін жүргізуді қамтитын, сондай-ақ келісімшарт жобасын әзірлеу кезінде негіз ретінде қолданылатын типтік келісімшарт.

      Осы Ережелерде қолданылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Заңда қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келеді.

      3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптаманы Әділет министрлігі, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша сараптаманы облыс, республикалық маңызы бар қала және астананың аумақтық әділет органдары жүргізеді.

      4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптама құжаттар пакеті толық келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.

2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптама жүргізу тәртібі

      5. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге келісімшарттар жобаларына құқықтық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган ҚР Әділет министрлігіне, ал облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті аумақтық әділет органына мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады:

      1) геологиялық ақпаратты сатып алу кезінде құпиялылық туралы келісімнің тарихи шығындар сомасының есебі қоса берілген көшірмесінің қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы;

      2) жұмыс бағдарламасының жобасы;

      3) Заңда белгіленген келісімшартты жасау мерзімнің өту жағдайында, құзыретті органның келісімшарт жобасын қарастыру мерзімнің ұзарту туралы хаты;

      4) келісімшарт жобасының қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы;

      5) келісімшарт түріне байланысты геологиялық немесе тау-кендік бөлу;

      6) конкурстық ұсыныс жасалған немесе тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күнінен бастап келісімшартты бекіту үшін берілген мерзім өткен жағдайда құзыретті органның келісімшарт жобасын қарастыруға берілген мерзімді ұзарту жөніндегі хаты;

      7) қол қойылатын бонусты және геологиялық ақпаратты сатып алу, тарихи шығындарды төлеу туралы түбіртек;

      8) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы;

      9) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың, аукцион жеңімпазының өтінішінің және аукцион хаттамасының құзыретті орган немесе жергілікті атқарушы органның мемлекеттік және орыс тілдерінде куәландырған көшірмесі немесе тікелей келіссөздер хаттамасының көшірмесі.

      6. Осы Ережелердің 5-тармағында көрсетілген құжаттардың болмауы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптама жүргізуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

      7. Пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жобаларына құқықтық сараптама мына талаптар бойынша жүргізіледі:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және ратификацияланған халықаралық шарттарға сәйкестігі;

      2) келісімшарт жобасының құрылымы мен мазмұнының бекітілген модельдік келісімшартқа, сондай-ақ ұсынылған құжаттар пакетіне сәйкестігі.

      8. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобаларына құқықтық сараптаманың нәтижесі болып оң немесе теріс қорытынды табылады, ол құқықтық сараптаманың эксперттік қорытындысы түрінде рәсімделеді.

      9. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптама жүргізу нәтижелері бойынша хатқа уәкілетті адам қол қояды және құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының атына жіберіледі.

      10. Құқықтық сараптамаға қайта ұсынылған кезде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарастырылады. Ережелердің 5-тармағында көрсетілген құжаттар пакеті енгізілмейді.

      11. Заңның 62-бабына сәйкес, құқықтық сараптаманың ескертулерімен келіспеген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға өзінің дәлелді қарсылықтарын құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оларды келісім комиссиясында қарау үшін жіберуге құқылы.