Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып, мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін және олардың алып отырған жер учаскелерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 наурыздағы № 243 Қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.08.2013 № 884 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы және «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.10.06 № 1141 Қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып, мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін және олардың алып отырған жер учаскелерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру ережесі бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.08.2013 № 884 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін кейіннен меншікке өтеусіз беру құқығымен мүліктік жалға алуға (жалға беруге) немесе сенімгерлік басқаруға беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 сәуірдегі № 327 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 15, 156-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 сәуірдегі № 327 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 шілдедегі № 765 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 30, 406-құжат).
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн еткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 30 наурыздағы
№ 243 қаулысымен  
бекітілген     

Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып, мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін және олардың алып отырған жер учаскелерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру ережесі

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.08.2013 № 884 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы, «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы заңдарына сәйкес әзірленген және сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік меншіктегі пайдаланылмайтын ғимараттарды, құрылыстарды, көлік құралдары мен жабдықтарды (бұдан әрі – объектілер) және ғимараттар мен құрылыстар алып отырған жер учаскелерін меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып, мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.08.2013 № 884 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен меншікке өтеусіз бере отырып, бір жыл мерзімге мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға бір жылдан астам уақытта мақсаты бойынша пайдаланылмаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің (бұдан әрі - ұйымдар) объектілері беріледі.
      3. Объектілерді беру тендер негізінде жүзеге асырылады.

2. Пайдаланылмайтын объектілер тізбесін қалыптастыру

      4. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендерге (бұдан әрі - тендер) қойылатын пайдаланылмайтын объектілердің тізбесі ұйымдардың бір жылдан астам мақсаты бойынша пайдаланылмаған мемлекеттік меншіктегі (ғимараттар, құрылыстар, көлік құралдары және жабдықтар), оның ішінде ұйымдар мүлкінің мақсатты пайдаланылуына тексеру барысында айқындалған мүлкінің ішінен қалыптасады:
      республикалық мемлекеттік меншікке қатысты - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - аумақтық бөлімшелер);
      коммуналдық мемлекеттік меншікке қатысты - әкімдіктер коммуналдық мемлекеттік меншікке билік етуге өкілеттік берген, тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер (бұдан әрі - атқарушы орган).
      5. Объектілерді тендерге қою аумақтық бөлімшенің (атқарушы органның) шешімі негізінде жүзеге асырылады және ұйымдардың мемлекеттік басқару органымен келісуге жатады.
      Республикалық мемлекеттік меншіктегі объектілерге қатысты аумақтық бөлімшелер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен қосымша келіседі.
      6. Қалыптастырылған тізбенің негізінде аумақтық бөлімшелер (атқарушы органдар) тендерлер өткізу кестесін жасайды.
      7. Ұйымдар объектілер шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілгенге дейін олардың сақталуын қамтамасыз етеді.

3. Тендер өткізуге дайындық

      8. Тендер өткізу үшін тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар құрылады.
      Республикалық мемлекеттік меншіктегі объектілер бойынша комиссияның құрамына аумақтық бөлімшелер мен мүдделі министрліктердің, агенттіктердің, ведомстволардың немесе олардың аумақтық органдарының өкілдерінен басқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енгізілуі тиіс. Аумақтық бөлімшенің өкілі комиссия төрағасы болады.
      Коммуналдық мемлекеттік меншіктегі объектілер бойынша комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен басқа министрліктердің, агенттіктердің, ведомстволардың немесе олардың аумақтық органдарының (келісім бойынша) өкілдері енгізілуі мүмкін. Атқарушы органның өкілі комиссия төрағасы болады.
      Комиссияның құрамына шағын кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің өкілдері (келісім бойынша) енгізіледі.
      9. Комиссия:
      1) өз жұмысының регламентін әзірлейді және бекітеді;
      2) тендер шарттарын айқындайды;
      3) тендер өткізеді;
      4) тендер жеңімпазын айқындайды;
      5) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      10. Егер комиссия отырыстарына, егер комиссия мүшелерінің кемінде 2/3-сі қатысса, олар заңды болып табылады.
      Комиссия шешімдері қатысып отырған комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      11. Тендер өткізуге дайындықты аумақтық бөлімшелер (атқарушы органдар) жүзеге асырады, олар:
      1) объектілердің техникалық жай-күйіне қарай, шарттың түрін (мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру) айқындайды;
      2) жалдау ақысының мөлшерін (объектілерді мүліктік жалға (жалдауға) беру кезінде) айқындайды;
      3) кепілдік жарна мөлшерін айқындайды;
      4) тендер өткізу күнін айқындайды;
      5) тендер өтетіні туралы хабарламаны уақтылы жариялауды жүзеге асырады;
      6) тендерге қатысушылардың өтінім білдіру шамасына қарай оларға беру үшін тендер құжаттамасы жиынтығын дайындауды жүзеге асырады;
      7) барлық тілек білдірушілерге тендер объектілері және өткізу шарттары туралы ақпаратқа еркін қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
      8) қатысушылардың өтінімдерін қабылдау мен оларды тіркеуді жүргізеді;
      9) түскен материалдарды комиссияның қарауына береді;
      10) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

4. Тендер құжаттамасы

      12. Объектілер бойынша ақпараттық хабарламалар мерзімді баспасөз басылымдарында тендер өткізу жарияланған күнге дейін 15 күн бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануға және мынадай мәліметтерді:
      1) тендердің шарттары мен жеңімпазды таңдау өлшемдерін;
      2) тендер объектісінің қысқаша сипаттамасын;
      3) тендер өткізу күнін, уақытын және орнын;
      4) тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімдерін;
      5) жалдау ақысының мөлшерін (мүліктік жалға (жалдауға) беру кезінде);
      6) тендерге қатысуды ресімдеу тәртібін;
      7) кепілдік жарнаның мөлшерін және оны енгізу үшін банктік деректемелерді (кепілдік жарнаның мөлшерін ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін өзгертуге болмайды) қамтуы тиіс.
      13. Тендер құжаттамасы мынадай негізгі бөлімдерді:
      1) тендер объектісі туралы мәліметтерді;
      2) өтінімдер мен онымен бірге ұсынылатын құжаттардың мазмұны бойынша талаптарды;
      3) тендер өткізу тәртібі мен шарттарын;
      4) мүліктік жалға (жалдауға беру) немесе сенімгерлік басқару шартының жобасын;
      5) тендерге қатысуға өтінімнің нысанын қамтуы тиіс.

5. Тендер өткізу

      14. Тендерге қатысушыларды тіркеу тендер өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер өткізуге дейін бір күн бұрын аяқталады.
      15. Тендерге қатысуға ниет білдірген шағын кәсіпкерлік субъектілері белгіленген мерзімдерде:
      1) үміткердің тендерге қатысуға келісімі мен оның тендер шарттарын орындау және тиісті шарт жасасу жөніндегі міндеттемелерін қамтитын тендерге қатысуға арналған өтінімді;
      2) осы объектіде өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету жөніндегі бизнес-жоспарды;
      3) заңды тұлғалар - мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, құрылтай құжаттарының (құрылтай шарты мен жарғы) және салық төлеуші куәлігінің (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмелерін; жеке тұлғалар - дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың және салық төлеуші куәлігінің (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмелерін;
      4) салық берешегінің жоқтығы туралы салық органының анықтамасын;
      5) кепілдік жарнаның енгізілуін растайтын төлем құжатының көшірмесін;
      6) қолдаухат берілген жыл алдындағы қаржы жылында, сондай-ақ жыл басынан бергі ағымдағы кезеңде қызметі түрлерінің тізбесін, шағын кәсіпкерлік субъектісі өндірген және (немесе) өткізген өнім түрлерінің атауларын, өнім көлемін;
      7) қолдаухат берілген күн алдындағы соңғы есепті күнгі жағдай бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісінің бухгалтерлік теңгерімді не егер шағын кәсіпкерлік субъектісі салық органдарына бухгалтерлік теңгерімі табыс етпейтін болса, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де құжаттаманы;
      8) шағын кәсіпкерлік субъектісімен бір адамдар тобына кіретін адамдардың тізбесін ұсынады.
      16. Өтінімдерді қабылдау және тендерге қатысуға ниет білдірген адамдарды тіркеу талап етілетін құжаттардың толық пакеті болған кезде жүргізіледі.
      17. Тендерге қатысуға ниет білдірген шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуден бас тарту үшін мыналар:
      1) талап етілетін құжаттар пакетін толық ұсынбау;
      2) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің болуы;
      3) белгіленген талаптарды бұзып ұсынылған құжаттар негіздеме болып табылады.
      18. Тендерге қатысушы:
      1) тендерге жеке өзі немесе тиісті түрде ресімделген сенімхаттың негізінде өзінің өкілдері арқылы қатысуы;
      2) тендерге қойылатын объект бойынша қосымша мәліметтерді, нақтылауларды тегін алуы;
      3) объектіні алдын-ала қарауы;
      4) оның құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгінуі;
      5) өзінің тендерге қатысуға арналған өтінімін бұл туралы комиссияға оны өткізгенге дейінгі 3 күннен кешіктірмей жазбаша хабарлай отырып, қайтарып алуы мүмкін.
      19. Егер өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған сәтте (үшінші және келесі тендерлерді қоспағанда) бір ғана өтінім тіркелген болса, тендер өтпеді деп танылады.
      20. Тендер өткізілетін күні отырыста комиссия мүшелері тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттерді ашады және олардың ұсыныстарын жариялайды. Конверттерді ашу алдында комиссия мүшелері олардың бүтіндігін тексереді, бұл комиссия отырысының хаттамасында тіркеледі.
      Конверттерді ашқан және ұсыныстарды жариялаған кезде тендерге қатысушылардың немесе олар уәкілеттік берген өкілдердің қатысуы мүмкін.
      21. Конверттерді ашқаннан және ұсыныстарды жариялағаннан кейін комиссия ұсыныстарды талқылау және бағалау үшін кеңесуге кетеді.
      Тендерге қатысушылар (олардың өкілдері) ұсыныстарды талқылау және бағалау кезінде қатыспайды.
      22. Комиссияның шешімі бойынша ұсыныстары тендер құжаттамасындағы барлық талаптарға жауап беретін және тендер шарттарын орындау бөлігінде үздік болып табылатын қатысушы тендер жеңімпазы деп танылады.

6. Тендер нәтижелерін ресімдеу және шарттың мазмұны

      23. Тендер қорытындылары бойынша тендер жеңімпазын айқындайтын комиссияның қорытындысы немесе өзге шешім комиссияның барлық қатысып отырған мүшелері қол қоятын хаттамамен тендер өткізілген күні ресімделеді.
      Тендер жеңімпазын айқындайтын хаттамаға тендерді жеңіп алған тұлға да қол қояды.
      Тендер нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі міндетті түрде барлық тендерге қатысушыларға, сондай-ақ жеңімпазына жіберіледі және мүліктік жалға беру немесе сенімгерлік басқару шарты соған сәйкес жасалатын құжат болып табылады.
      24. Хаттамада мынадай деректер:
      1) комиссияның құрамы;
      2) тендер шарттары;
      3) тендерге қатысушылар мен олардың ұсыныстары туралы мәліметтер;
      4) мүлікті пайдаланғаны үшін ұсынылып отырған төлем ставкалары (мүлікті жалға (жалдауға) берген кезде);
      5) тендер жеңімпазы;
      6) тараптардың мүліктік жалға беру немесе сенімгерлік басқару шартына қол қою жөніндегі міндеттемелері қамтылуға тиіс.
      25. Аумақтық бөлімше (атқарушы орган) қорытынды жасалғаннан кейінгі 3 жұмыс күні ішінде тендерге қатысуға өтінішті, тендер жеңімпазын анықтайтын хаттаманы және осы Ереженің 15-тармағында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға (бұдан әрі - монополияға қарсы орган) тендер қорытындысы бойынша жеңімпаз болып табылатын шағын кәсіпкерлік субъектісіне объектіні беруге келісім беру туралы қолдаухат жібереді.
      26. Монополияға қарсы орган қолдаухатты және құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мұндай қолдаухат бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісіне объектіні беруге келісім беру туралы немесе келісім беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      27. Шағын кәсіпкерлік субъектісіне объектіні беруге келісім беруден бас тарту үшін мыналар:
      1) «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мақсаттарға сәйкес келмеуі (іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау);
      2) егер оның берілуі бәсекелестікті жоюға немесе шектеуге әкеп соғуы мүмкін болса негіз болып табылады.
      28. Мынадай:
      1) өтінім берушілерден қолдаухатты қайтарып алу туралы хабарламалар түскен;
      2) егер мұндай ақпараттың болмауы қолдаухатты қарауға кедергі болса, өтінім беруші осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген ақпаратты 5 күннен аспайтын мерзімде бермеген;
      3) өтінім беруші қолдаухатты объективті қарауға ықпал ететін дұрыс емес ақпарат ұсынған жағдайларда шағын кәсіпкерлік субъектісіне объектіні беруге келісім беру туралы қолдаухатты қарау тоқтатылады.
      29. Қолдаухатты қарау барысында монополияға қарсы орган қажет болған кезде қажет болғанда аумақтық бөлімшеден (атқарушы органнан) және тендер қорытындылары бойынша жеңімпаз болып табылатын шағын кәсіпкерлік субъектісінен қолдаухатты қарау үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратады. Қолдаухатты қарау мерзімі қосымша ақпаратты беру кезеңіне тоқтатыла тұрады, бұл туралы монополияға қарсы орган қолдаухатты берген тұлғаны жазбаша түрде хабардар етеді.
      30. Тендер нәтижелері туралы хаттаманың және монополияға қарсы органның объектіні шағын кәсіпкерлік субъектісіне беруге келісімі негізінде тендер жеңімпазымен тендерге қатысу кезінде мәлімделген ұсыныстарға жауап беретін шарттарда мүліктік жалға беру немесе сенімгерлік басқару шарты (бұдан әрі - шарт) жасалады.
      31. Жеңімпаз тендерге қатысу кезінде мәлімделген ұсыныстарға жауап беретін талаптарда шарт жасасудан бас тартқан жағдайда, комиссия жеңімпазды тендерге қатысушылардың қалғандарының ішінен (егер қалғандарының саны екеуден кем болмаса) анықтайды не жаңадан тендер өткізу туралы шешім қабылдайды.
      32. Кепілдік жарна:
      1) егер тендерге қатысушы өзінің ұсынысынан осы Ереженің 18-тармағының 5) тармақшасында көзделген мерзімнен кейін бас тартса;
      2) тендер жеңімпазына тендерге қатысу кезінде мәлімделген ұсыныстарға жауап беретін талаптарда тиісті шарт жасасудан бас тартқан жағдайда қайтарылмайды.
      Барлық қалған жағдайларда кепілдік жарналар тендер аяқталған күннен бастап 10 банктік күннен кешіктірмейтін мерзімде қайтарылады.
      33. Тендер жеңімпазымен шартты монополияға қарсы органның шағын кәсіпкерлік субъектісіне объектіні беруге келісімін алған күннен бастап 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей бір жылдық мерзімге аумақтық бөлімшенің (атқарушы органның) басшысы не оның міндетін атқаратын тұлға жасасады.
      33-1. Белгіленген тәртіппен үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға тапсырылған жағдайда, 52-бапта белгіленген ережелер бойынша және 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодекснің 43-бабында белгіленген тәртіппен олармен бірге көрсетілген мүлік алып отырған және белгіленген нормаларға сәйкес оны пайдалану үшін қажет жер учаскесі жалға беріледі.
      Ескерту. Ереже 33-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 29.08.2013 № 884 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      34. Шартта міндетті түрде мынадай қағидалар:
      1) шағын кәсіпкерлік субъектісіне берілетін объектінің техникалық сипаттамалары туралы деректер;
      2) объектіні пайдаланғаны үшін төлемақы енгізу тәртібі мен мерзімдері (мүліктік жалға (жалдауға) берген кезде);
      3) бизнес-жоспарға сәйкес алынған шағын кәсіпкерлік субъектісінің міндеттемелері;
      4) жалдаушының (сенімгерлік басқарушының) есеп беру мерзімдері мен нысандары;
      5) шартты мерзімінен бұрын бұзу негіздемесі мен талаптары қамтылуға тиіс. Шартта міндетті түрде, егер өндірістік қызмет және халыққа қызметтер көрсету шарт жасалған күннен бастап алты ай ішінде ұйымдастырылмаған жағдайда, оның бұзылуға жататындығы көзделуі тиіс.
      35. Шартқа қол қойылғаннан кейін 10 күннен кешіктірмей теңгерім ұстаушы объектіні тендер жеңімпазы тіркеу есебінде тұрған салық комитетін бір уақытта хабардар ете отырып, аумақтық бөлімше (атқарушы орган) бекітетін объектіні мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы қабылдау-беру актісі бойынша тендер жеңімпазына беруге тиіс.
      Ғимарат пен құрылысты мүліктік жалға (жалдауға беру) шарты мемлекеттік тіркелуге жатады және осындай тіркелген сәтінен бастап жасалған деп саналады.
      Мүліктік жалға (жалдауға беру) шарттарын мемлекеттік тіркеу шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Тендер жеңімпазының кепілдік жарнасы мүліктік жалға беру шарты бойынша тиесілі төлемдердің есебіне жатады.

7. Шарт талаптарының орындалуын бақылау және объектіні
меншікке беру тәртібі

      36. Шарт жасасқан сәттен бастап алты ай өткеннен кейін аумақтық бөлімше (атқарушы орган) жергілікті жерге шыға отырып, шағын кәсіпкерлік субъектісінің өндірістік қызметті жолға қою (халыққа қызмет көрсету) туралы шарттың талаптарын орындауын тексеруді жүзеге асырады.
      Тексеру қорытындылары бойынша аумақтық бөлімше (атқарушы орган) комиссияға ақпарат жібереді.
      37. Шарттың талаптары орындалмаған кезде аумақтық бөлімше (атқарушы орган) Қазақстан Республикасындағы азаматтық заңнамаға сәйкес шартты бұзады және комиссияға алдын ала хабарлама жібере отырып, объектіні тендерге қайта қояды.
      38. Шарт бұзылған жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектісіне жалға алынған объект үшін зиян келтірместен бөлінбейтін, ол өз қаражаты есебінен жүргізген жақсартулардың құны өтеледі.
      39. Объектінің сақталуын қамтамасыз етпеу, оны мақсатты пайдаланбау және т.б. салдарлардан зиян келтірілген жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасындағы азаматтық заңнамаға сәйкес келтірілген материалдық залалдың орнын толтырады.
      40. Шарттың мерзімі аяқталғанда және оның талаптары толық орындалған кезде аумақтық бөлімше (атқарушы орган) объектінің шағын кәсіпкерлік субъектісінің тіркеу есебінде тұрғанын салық органына хабарлай отырып, оны шағын кәсіпкерлік субъектісінің меншігіне өтеусіз беру туралы шешім қабылдайды.
      Объект алып отырған жер учаскелерін өтеусіз беру жөнінде шешім қабылдау 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.08.2013 № 884 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      41. Объектіні шағын кәсіпкерлік субъектісінің меншігіне беру қабылдау-беру актісімен және объектіні өтеусіз беру туралы шартпен ресімделеді.
      Мәмілені тіркеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      42. Аумақтық бөлімше (атқарушы орган) объектіні шағын кәсіпкерлік субъектісінің меншігіне өтеусіз беру туралы шарт жасалған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде салық төлеуші - шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеу есебінде тұрған салық органын объектіні шағын кәсіпкерлік субъектісінің меншігіне өтеусіз беру туралы хабардар етеді.

8. Қорытынды ережелер

      43. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне объектілерді кейіннен меншікке өтеусіз бере отырып, мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.