Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 желтоқсандағы N 2040 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының
Үкіметінің      
2009 жылғы 8 желтоқсандағы
N 2040 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері
жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының атом саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылған.
      2. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары:
      1) атом энергетикасы, өнеркәсібі және ғылым саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
      Қазақстан Республикасының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған атом саласын дамытудың тұжырымдамалық және негізгі бағыттары;
      атом саласының басым бағыттарын дамыту, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерді дамыту;
      атом саласының ұйымдары мен кәсіпорындарын басқару процесін үйлестіру жөніндегі ұсыныстарды қарау және ұсынымдар әзірлеу;
      2) атом энергиясын пайдаланатын объектілердің ядролық, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарау;
      3) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарау болып табылады.

3. Комиссияның негізгі құқықтары

      5. Комиссия өз құзыретінің шегінде:
      1) өз отырыстарында Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларын тыңдауға;
      2) Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ведомстволар мен ұйымдардан қажетті ақпаратты сұрауға;
      3) атом саласының жобаларын іске асырудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерін бағалау, Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделеріне жауап беретін басым жобаларды әзірлеу және таңдау бойынша ұсыныстар енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, кеңесшілерін тартуға;
      4) уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сарапшы және жұмыс топтарын ұйымдастыруға.

4. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссия төрағасы:
      1) оның қызметін басқарады;
      2) күн тәртібін, сондай-ақ Комиссияның отырыстары өткізілетін орын мен уақытты белгілейді;
      3) Комиссияның отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді.
      Төраға болмаған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары атқарады.
      7. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.
      8. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      9. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссия отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.
      Комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      10. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды болып есептеледі.
      11. Дауыс беру парақтарымен қоса, комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

5. Комиссияның қызметін тоқтату

      12. Комиссияның қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 8 желтоқсандағы
N 2040 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі, төраға
      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Атом өнеркәсібі басқармасының басшысы, хатшы
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі
      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы 1-ші департаментінің бастығы (келісім бойынша)
      «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тау-кен-металлургия активтерін басқару жөніндегі директоры (келісім бойынша)
      «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры
      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары