Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 наурыздағы N 238 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңының 7-2-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу ережесі бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Темір жол көлігі, электр және жылу энергетикасы, мұнайды, мұнай өнімдері мен газды тасымалдау, азаматтық авиация, порт қызметтері, телекоммуникация және почта байланысы саласындағы тауар нарықтарында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға түзу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 1286 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 48, 589-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 қаңтардағы N 18 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., N 1, 11-құжат).
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 3 наурыздағы
N 238 қаулысымен   
бекітілген     

Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) бағалардың негізсіз өсуін болдырмау мақсатында "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу тәртібін анықтайды.
      2. Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) баға белгілеу - тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген өнімге, тауарлар мен жұмыстарға, реттелетін нарық субъектілеріне бағаларды қалыптастыру және қарау процесі;
      2) монополиялық өндірілетін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) - тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие реттелетін нарық субъектілері өндіретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер);
      3) негізделген баға - осы Ережеде белгіленген тәртіппен реттелетін нарық субъектісінің негізделген шығындарының және пайдасының негізінде айқындалған баға;
      4) өзіндік құн - уәкілетті орган монополиялық өндірілетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген өнімнің, тауардың және көрсетілетін қызметтің бағасында ескеретін шығындар жиынтығы;
      5) реттелетін нарықтар - реттелетін нарық субъектілері үшін Заңға сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары;
      6) реттелетін нарық субъектісі (бұдан әрі - Субъект) - мыналар:
      реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайларға ие нарық субъектілерінің тізіліміне енгізілген;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген өнімді, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізетін (табиғи, мемлекеттік монополия субъектілерін және энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда) дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      7) уәкілетті орган - табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      Ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолданылады.

2. Субъектілердің өніміне, тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) баға белгілеу тәртібі

      3. Өнімге, тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалар қалыптастыру өнімнің, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) әрбір түрі бойынша шығындарды бөлек есепке алу негізінде жүзеге асырылады.
      Субъектіде өнімнің, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) түрлері бойынша шығындарды бөлек есепке алу болмаған жағдайда, Субъектінің шығындары Субъектінің жалпы шығындарындағы табыстардың үлес салмағы (көлемі, өндірістік персоналға еңбекақы төлеуге арналған шығындар) бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізетін Субъектінің белгілі бір қызмет түріне жататын шығындарды айқындауды көздейтін жанама әдістердің негізінде өткізілетін өнімнің, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) түрлері бойынша бөлінеді.
      4. Негізделген баға қалыптастыру кезінде өнімді, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге (көрсетуге) тікелей жататын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық құжаттар) расталған шығыстар, оның ішінде мыналар өзіндік құнда ескеріледі:
      1) растайтын құжаттарда (шарттарда, шот-фактураларда) көзделген бағаларға және өнімнің, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бір бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығысының қолданылатын нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып, материалдық ресурстардың нақты көлеміне негізделе отырып айқындалатын материалдық шығыстар;
      2) Субъектінің негізгі құралдар құнының өсуіне әкелмейтін ағымдағы және күрделі жөндеуге және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жіберетін қаражаттары, оларды жүргізу қажеттілігін құжаттамалық техникалық растау және жиынтық сметалық есептемелер, объектілік, жергілікті және ресурстық сметалар (әрбір объект бойынша жеке) бар болған кезде;
      3) шығыстарға бағытталған, бағаның шығын бөлігінде ескерілмеген субсидияларды қоспағанда, бағаның шығын бөлігін азайтуда ескерілетін Субъектіге мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлінетін субсидиялар;
      4) еңбек жағдайлары үшін еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалған шығыстар бағаларды қалыптастыру кезінде ескеріледі, бұл ретте, еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды айқындау кезінде персоналдың (әкімшілік-басқару және өндірістік) нақты саны және инфляция деңгейінің болжамды өзгерісін ескере отырып, қолданыстағы бағаларда қабылданған орташа айлық жалақы есепке алынады;
      5) амортизациялық аударымдар Субъектінің есепке алу саясатында көзделген әдісті пайдалана отырып айқындалады және негізгі құралдардың құнын арттыруға алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады;
      6) оларды тарту қажеттілігін құжаттамалық растау, әлеуетті өнім берушілерді, қызметтерді қаржыландыру және қарыз ресурстарын қайтару шарттары болған кезде бағаларда инвестициялық жобаны іске асыруға немесе өнім, тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өндірісінде қолданылған негізгі құралдарды сатып алуға (инвестициялық бағдарлама (жоба) болмаған жағдайда) қарыз қаражаттары үшін сыйақы төлемі ескерілетін шығыстар;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алынатын аудиторлық, консалтингтік, маркетингтік қызметтерге жұмсалатын шығыстар;
      8) Қазақстан Республикасының экология және салық заңнамаларында белгіленген ставкаларға, тәртіп және талаптарға сәйкес айқындалған қоршаған ортаға эмиссия үшін ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
      9) кезең шығыстарында ескерілетін міндетті сақтандыру түрлеріне , салықтарға , алымдарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге жұмсалатын шығыстар Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы және салық заңнамасында белгіленген ставкаларға, тәртіп және талаптарға сәйкес айқындалады.
      5. Субъектінің бағаларын қалыптастыру кезінде өнімді, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге тікелей жатпайтын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық құжаттар) расталмаған шығыстар өзіндік құнда, оның ішінде мыналар:
      1) өнімді, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіру (көрсету) кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
      2) ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары (тастандылары) үшін төлемдер;
      3) үмітсіз борыштар;
      4) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсім, тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлері, сот шығындары;
      5) табысты жасырғаны (кеміткені) үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар;
      6) ұрлықтан келген залалдар;
      7) қызмет көрсетуші шаруашылықтар мен учаскелер өндірісінде тартылмаған активтерді ұстауға арналған;
      8) кәсіптік-техникалық училищелерді қоспағанда, денсаулық сақтау объектілерін, мектепке дейінгі балалар ұйымдарын, оқу орындарын ұстауға арналған;
      9) сауықтыру лагерьлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын ұстауға арналған;
      10) ұйым қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бау-бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға алған несиелерін, пайызсызды қоса алғанда өтеуге арналған;
      11) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған;
      12) бау-бақша серіктестіктерін абаттандыруға (жолдар салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) арналған;
      13) демеушілік көмек көрсетуге арналған;
      14) ақаудан болған ысыраптарға арналған;
      15) өндірісті вахталық ұйымдастыруды қоспағанда, тауар нарығы субъектілерінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлердегі орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға арналған;
      16) мерейтойлар күніне немесе қызметкерлерге ынталандыру түрінде берілетін сыйлықтарды сатып алуға арналған;
      17) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауар-материалдық құндылықтардың, қоймадағы қорлардың бұзылуына және жетіспеушілігіне, басқа өндірілмейтін шығыстарға;
      18) жұмыс қорытындылары бойынша сыйлық беруге және сыйақылардың басқа да нысандарына арналған;
      19) өндірістік қажеттілікке байланысты іс-шараларды қоспағанда, оқытатын курстарды, семинарларды, тренингтерді, лекцияларды, көрмелерді, пікірталастарды, ғылым мен өнер қайраткерлерімен кездесулерді, ғылыми-техникалық конференцияларды өткізуге және ұйымдастыруға арналған;
      20) қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтарға арналған мүшелік жарналарға арналған;
      21) білім беру ұйымында оқитын қызметкерлердің демалыстарына ақы төлеуге арналған;
      22) кәсіптік ауруларды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, Субъектінің қаражаты есебінен қызметкерлердің және олардың балаларының емделуіне, демалуына, экскурсияларына арналған жолдамаларға ақы төлеуге арналған;
      23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндетті сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемдері (Субъект өз  қызметкерлерінің пайдасына жасаған жеке және мүлікті сақтандыру шарттары бойынша Субъект төлеп отыратын жарналар);
      24) қызметкерлерге қосымша берілген демалыстарға ( заңнамада көзделгеннен тыс), оның ішінде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге ақы төлеуге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеу;
      25) заңнамада көзделгеннен басқа, Субъектінің қызметкерлеріне жеңілдіктер;
      26) мектепке дейінгі мекемелердегі, санаторийлердегі және сауықтыру лагерлеріндегі балалардың тамақтану құнын өтеуге жұмсалатын шығыстар;
      27) ұжымдық шартта айқындалған мақсаттарға кәсіптік одақтарға аударымдар ескерілмейді.
      6. Негізделген бағаға енгізілетін пайданың деңгейін айқындау кезінде Субъектілердің тиімді жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ететін қаражат ескеріледі.
      7. Уәкілетті орган осы Ережеге сәйкес бағаға сараптама жүргізеді.
      Бағаға сараптама жүргізу үшін Субъектілер мыналарды:
      1) бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген не өнімнің, тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатураға енгізілген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, баға деңгейін растайтын негіздемелік материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы жазбаша түрде ақпарат;
      2) алдағы уақытта тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалардың өсетіні және өсу себебін растайтын (реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялы жағдайға ие емес бөлшек сауда нарығы субъектілерін қоспағанда) негіздемелік материалдарды табыс ете отырып, олардың өсу себептері туралы кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жазбаша түрде хабарлама береді.
      Бағалардың алдағы көтерілуі туралы хабарламаға мыналар қоса беріледі:
      1) көтеру себептерін растайтын құжаттар (шикізат, материалдар, қызметтер құнының өсуін растайтын тиісті шарттардың көшірмелері);
      2) қызметтің әрбір түрі бойынша баға жобасы;
      3) бухгалтерлік теңгерім;
      4) пайдалар мен залалдар туралы есеп;
      5) еңбек және жалақы жөніндегі есеп;
      6) өндірістік-қаржы қызметі туралы есеп;
      7) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің болуы және олардың қозғалысы;
      8) тұтастай кәсіпорын және әрбір түрі бойынша жеке шығындар баптары бойынша таратып жаза отырып, бағалардың жобасын есептеу үшін қолданылатын табыстар мен шығыстар туралы жиынтықты деректер;
      9) еңбекақы төлеудің қолданылып отырған жүйесі туралы мәліметтер;
      10) шикізат және материалдар шығысының қолданылып отырған нормалары, қызметкерлердің нормативтік саны туралы деректер;
      11) егер бар болған жағдайда есепке алу саясаты;
      12) егер олар бар болған жағдайда инвестициялық бағдарламалар (жобалар);
      13) ағымдағы және күрделі жөндеуге және негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған шығындардың жылдық сметасы;
      14) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған шығындардың жылдық сметасы;
      15) негізгі құралдарды пайдалану мерзімін көрсете отырып, амортизациялық аударымдарды есептеу;
      16) өткізудің жоспарланған көлемін растайтын құжаттар - ниет етілген хаттамалар, шарттар, өндіру (жеткізу) көлемдерінің есептемелері, жобалық қуаттылығы және оны іс жүзінде пайдалану туралы деректер, сондай-ақ өндіріс (жеткізу) көлемін төмендеткен жағдайда Субъектілер негіздеме ұсынады;
      17) дебиторлық және кредиторлық берешектің таратылып жазылуы.
      8. Уәкілетті орган қалыптасқан бағаның негізділігін қараған кезде:
      жоспарланып отырған бағаны сол тауар нарығында немесе салыстырмалы тауар нарықтарында басқа субъектілер, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі, белгілеген ұқсас тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалармен;
      Субъекті қолданатын өнімнің, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бір бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығысының нормаларын және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларын тиісті салалық нормалармен немесе салыстырмалы реттелетін нарықтарда қызметтер көрсететін субъектілер қолданатын нормалармен салыстыру жолымен;
      Субъект персоналына еңбекақы төлеуге арналған шығыстарды салыстырмалы реттелетін нарықтарда қызметтер көрсететін нарық субъектілерінің еңбекақы төлеу шығындарымен;
      Субъектінің бағаларының ұлғаюына елеулі әсер ететін басқа да шығыстарға салыстырып талдау жолымен сараптама жүргізеді.
      9. Уәкілетті орган бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша ақпаратты жазбаша нысанда сұратады, ол Субъект тиісті сұратуды алған күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде табыс етілуге тиіс.
      10. Баға сараптамасының нәтижелері бойынша уәкілетті орган берілетін бағалар туралы хабарламаны немесе ақпаратты алған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей Субъектіге:
      1) бағаны көтеруге тыйым салу;
      2) қолданыстағы немесе жобаланған бағаны баға белгілеу тәртібіне сәйкес негізделген баға деңгейіне дейін төмендету туралы дәлелді қорытынды жібереді.
      Уәкілетті орган дәлелді қорытынды шығару үшін негіздер болмаған жағдайда бұл туралы Субъектіні осы тармақта белгіленген мерзімде хабардар етеді.
      Дәлелді қортынды Субъектіге почта арқылы хабарламамен жіберіледі не оның өкіліне қолын қойғызып табыс етеді.
      11. Субъект алған дәлелді қорытындының негізінде уәкілетті органға жіберілген хабарламада көрсетілген күннен не Субъекті берілетін бағалар туралы ақпаратты табыс еткен жағдайда, уәкілетті орган белгілеген күннен бастап тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тиісті бағаны белгілейді.
      12. Субъектінің осы Ережеде белгіленген баға белгілеу тәртібін сақтамауы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.