Акционерлік қоғамдар жөніндегі заңнаманы қолдану туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 28 желтоқсандағы N 8 Нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      ХАБАРЛАНДЫРУ
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ерекше талап қоюмен" деген сөздер "талап қоюмен" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 12 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын соттардың біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Акционерлік қоғамды құру, қайта ұйымдастыру, тарату және оның қызметін атқарудың тәртібін сақтау; акционерлердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар; акционерлік қоғам органдарын құру тәртібі және олардың құзыреті мен қызметі; оның лауазымды тұлғаларын сайлау тәртібі және олардың өкілеттігі мен жауапкершілігі туралы дауларды, сондай-ақ аталған қатынастардан туындайтын басқа да дауларды шешу кезінде соттар Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК), "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415-ІІ Заңының (бұдан әрі – Заң) және өзге де нормативтік құқықтық актілердің нормаларын басшылыққа алуы тиіс, олардың ережелерін дау туындаған сәтте қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің ерекшеліктерін ескеріп қолданған жөн.

      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта Заңда көрсетілгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері тікелей қолданылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Өз қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам (бұдан әрі – қоғам), ал акциялардың меншік иесі болып табылатын тұлға акционер деп танылады.

      Қоғамды құру туралы шешім қабылдаған жеке және (немесе) заңды тұлғалар, бірлесіп не жалғыз қоғам құрылтайшылары болуы мүмкін. Құрылтай шартында (жалғыз құрылтайшының шешімінде) Заңның 7-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтер міндетті түрде болуы тиіс.

      Соттар мүліктік жауапкершілік туралы мәселені шешкен кезде қоғам өз меншігіндегі мүлік шегінде жауапкершілік көтеретіндігін және акционерлердің міндеттемелері бойынша жауап бермейтіндігін негізге алуы тиіс.

      Өз тарапынан, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен көзделген жағдайларды қоспағанда, акционер қоғамның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өзіне тиесілі акциялар құны шегінде оның қызметіне байланысты залалдарға тәуекел етеді.

      3. Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес қоғамның заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін жарғы белгілейді, онда Заңның 9-бабының 2-тармағында аталған міндетті ережелер қамтылуы тиіс.

      Заңның 9-бабының 4-тармағына сәйкес қоғам өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен үлгі жарғының негізінде жүзеге асыруға құқылы.

      Заңның және өзге де заңнамалық актілердің нормаларынан туындайтын, атап айтқанда, алдын ала айқындалған кепілді мөлшерде дивидендтер алуға артықшылық берілген акциялардың меншік иелерінің жай акциялардың меншік иелері алдындағы басым құқығын, корпоративтік хатшының міндеттерін және т.б. реттейтін басқа ережелерді Заңның 9-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көзделген өзге ережелер деп түсіну керек.

      Қоғамның қызметі туралы ақпаратты жариялау үшін пайдаланылуы мүмкін бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Заңның 14 және 15-баптарына сәйкес акционер акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқылы, бірақ оған қатысуға міндетті емес. Акционердің жалпы жиналысқа қатыспауы оның өзінің міндеттерін бұзуы деп қаралмауы тиіс.

      Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 317-бабының ережесі бойынша акционердің қоғам істеріне ұзақ уақыт қатыспауына байланысты оны хабар-ошарсыз кетті деп тануға болмайды.

      Акционер қоғамды басқаруға қатыспағанда және оның тұрғылықты жері (тұратын жері) белгісіз болған жағдайларда, қоғам дивидендтерді ол көрсеткен банк шотына не қоғамның дивидендтері бойынша берешегін аудару үшін ашылған акционердің шотына салуы тиіс.

      АК-нің 115-бабына сәйкес акция бағалы қағаз ретінде қаржылық құрал түріндегі мүлікке жатады, демек, оны АК-нің 242-бабының ережесін қолданып, иесіз деп тануға жол берілмейді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Акционерлердің өздерінің құқықтарын жүзеге асыруы жөнінде дауларды шешу кезінде, акционерлердің, оның ішінде ірі акционерлердің Заңның 14-бабында бекітілген құқықтары шектелмеуге тиіс екендігін соттардың ескергені жөн, ал қоғам жарғысында олардың өзге де қосымша құқықтары белгіленуі мүмкін.

      Акционердің тіркеушіге және акцияларды номиналды ұстаушыға акцияларды ұстаушылардың тiзiлiмдері жүйесiн жүргізуге қажетті мәліметтердің өзгеруі туралы он күн ішінде хабарлау міндетін орындамауының салдары үшін қоғам мен тіркеуші жауапты болмайды.

      6. Акция басқа бір тұлғаға ауыстырылған кезде оған деген меншік құқығы мәміле жасалған және ол туралы қоғамға хабарланған кезден бастап емес, қоғам тіркеушісі акцияларды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінде акцияларды сатып алушының жеке шотына енгізген кезден бастап туындайды.

      Акционердің мәртебесі қоғам акцияларын ұстаушылар тізілімдері жүйесіндегі жеке шоттан жасалған көшірмемен расталады.

      7. Корпоративтік дауларға жататын акционерлік қоғамдар органдарының шешімдеріне акционерлердің дау айтуы туралы дауларды талап қоюмен іс жүргізу тәртібінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар қарайды.

      Акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне дау айту туралы арыздарды қарау кезінде, акционердің заңды мүдделерін шектейтін Заңды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді немесе жарғыны бұзушылыққа: акционерге ("алтын акция" иесіне) акционерлердің жалпы жиналысы өткізілетін күн туралы уақтылы хабарламау (хабарламау); жиналыстың күн тәртібінің мәселелері бойынша қажетті ақпаратты (материалдарды) акционерге танысу үшін бермеу; сырттай не қатысып жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді уақтылы бермеу және т.б. жататынын ескеру қажет.

      Акционерлердің жалпы жиналысын шақырудың заңда белгіленген императивтік рәсімдерін, оның ішінде оның алдағы уақытта өткізілетіні туралы хабарлау мерзімдерін, күн тәртібі материалдарының дайын және қол жетімді болуын бұзу акционерлердің Заңның 14-бабында көзделген құқықтарын бұзуға әкеп соғады, бұл акционерлердің жалпы жиналысының шешімін жарамсыз деп тану үшін негіз болуы мүмкін.

      АК-нің 178-бабына сәйкес акционерлердің өздерінің құқықтарын қорғауы туралы дауларды шешу кезінде талап қоюдың жалпы мерзімі қолданылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 12 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Дивидендтер алуға құқылы акционерлердің тізімі дивидендтерді төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуы тиіс.

      Қоғамның берешегінің пайда болу мерзіміне қарамастан акционер алынбаған дивидендтерді төлеуді талап етуге құқылы.

      Дивидендтер белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру ставкасы негізге алына отырып есептелетін өсімақы төленеді (АК-нің 353-бабы, Заңның 22-бабының 1, 6-тармақтары).

      Заңның 22-бабының 1-тармағын қолданған кезде соттар дивидендтерді төлеу акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жататынын ескеруі тиіс, сондықтан, егер ондай шешім қабылданбаса, сот дивидендтерді өндірмейді.

      9. Қоғамның артықшылық берілген акциялары бойынша дивидендтер толық төленбейінше, оның жай акциялары бойынша дивидендтер төленбейді.

      Қоғамның болмаған акционерлердің шоттарына артықшылық берілген акциялары бойынша дивидендтерді аударуы міндеттемені тиісінше орындағаны болып есептеледі.

      Қоғамның өткен қаржы жылындағы таза кірісін бөлу және бір жай акцияға есептелетін дивиденд мөлшерін айқындау тәртібі артықшылық берілген акцияларды иеленген акционердің құқықтарын шектеуі мүмкін, сондықтан осы мәселе Заңның 13-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысында қаралады.

      Қоғам жай акциялар бойынша дивидендтерді төлеу туралы шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде және артықшылық берілген акциялар бойынша дивидендтерді төлеу мерзімі басталғанға дейін бес жұмыс күні ішінде қоғамның атауын, орналасқан жерін, банктік және өзге де деректемелерін, дивидендтер төленетін кезеңді, төлем басталатын күнді, дивидендтерді төлеудің тәртібі мен түрін, сондай-ақ тиісінше бір жай немесе артықшылық берілген акцияға есептелген дивиденд көлемін көрсетіп, дивидендтерді төлеу туралы тиісінше шешімді немесе ақпаратты бұқаралық ақпараттық құралдарында жариялауға міндетті.

      Артықшылық берілген акция бойынша дивидендтің кепілді мөлшері белгіленген ақшалай түрде, сондай-ақ мәні тұрақты және жалпы қолжетімді болған жағдайда қандай да бір көрсеткішке қатысты индекстеу арқылы да белгіленуі мүмкін.

      10. Заңның 25-бабына сәйкес дауыс беретін акциялардың отыз және одан да көп пайызын сатып алу тәртібі сақталмаған кезде, оларды иеленуші тұлға (тұлғалар) өзіне (өздеріне) тиесілі дауыс беретін акциялардың жиырма тоғыз пайызынан асатын акциялардың бір бөлігін аффилиирленбеген тұлғаларға иеліктен шығаруға міндетті. Осы талап сақталмаған жағдайда мүдделі тұлғалар осындай мәмілені жасауға мәжбүрлеу туралы талап арызбен сотқа шағымдануға құқылы. Сатып алушылар болмаған кезде осы акцияларды қоғам сатып алады.

      Акционерлердің акцияларды сатуына қоғамның кедергі жасауына құқығы жоқ, алайда, қоғам оларға акцияларды ұсынылған бағадан жоғары бағамен өзінің немесе үшінші тұлғалардың сатып алуы туралы ұсыныс жасай алады.

      Өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсынысқа жауап ретінде өтініш берген (келіскен) акционер осы ұсынысты жариялаған тұлғаның акцияларды сатып алудан бас тартуына сот тәртібімен шағымдануға құқылы (Заңның 25-бабының 3, 4-тармақтары).

      11. Орналастырылған акцияларды қоғамның сатып алуы акционердің талабы бойынша жүргізіледі, бұл жөнінде Заңның 27-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда, оның ішінде, iрi мәмiле жасасу туралы және (немесе) жасалуына мүдделі болатын мәмiлені жасасу туралы шешiммен келiспеген және жалпы жиналыс жарғыға осы акционерге тиесiлi акциялар бойынша құқықтарды шектейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм қабылдаған кезде (егер акционер осындай шешiм қабылданған жалпы жиналысқа қатыспаса немесе аталған шешiмнiң қабылдануына қарсы дауыс берсе) мәлімденуі мүмкін.

      Заңның 27-бабының 1-тармағында көрсетілген кез келген шешім қабылданған күннен немесе сауда-саттықты ұйымдастырушы акциялардың делистингі туралы шешім қабылдаған күннен бастап акционер отыз күн ішінде жазбаша өтініш жіберу арқылы өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға талап қоюға құқылы.

      Аталған өтініш алынған күннен бастап отыз күн ішінде қоғам акционерден акцияларды сатып алуға міндетті. Осы міндет орындалмаса, акционер қоғамды мәмілені жасауға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.

      Қоғам сатып алған орналастырылған акциялар акционерлердің жалпы жиналысының кворумын анықтау кезінде есепке алынбайды және онда дауыс беруге қатыспайды (Заңның 27-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшалары, 2-тармағы, 28-бабының 2-тармағы).

      Негізгі қызметі жер қойнауын пайдалануға байланысты қоғамдардың акцияларын сатып алудың, оның ішінде мемлекеттің сатып алуының, сондай-ақ банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ сақтандыру және өзге де ұйымдардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың ерекшеліктері арнайы заңдармен, мысалы "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы № 291-IV, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-ІІ заңдарымен және т.б. реттеледі.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы"" Қазақстан Республикасы Кодексінің некелік және отбасылық қатынастарды реттейтінін ескере отырып, соттар акциялармен мәміле жасасудың тәртібі арнайы Заңмен белгіленгендіктен, акцияларды иеліктен шығару жөніндегі мәмілені ерлі-зайыптылардың біреуінің келісімі жоқ деген себеппен жарамсыз деп тануға болмайтынын назарда ұстауы тиіс. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар бір-біріне ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншік құқығына негізделген мүліктік талаптарды ғана қоя алады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Егер Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзге көзделмесе, акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешім қабылдауды қоғамның басқа органдарының, лауазымды тұлғаларының немесе қызметкерлерінің құзыретіне беруге жол берілмейді.

      Егер мәселені шешу акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне Заңмен емес, жарғымен жатқызылса, ал онда осы мәселені шешуді директорлар кеңесіне, басқармаға немесе өзге де органдарға беру мүмкіндігі көзделсе, онда мұндай өкілеттікті беру заңды болып есептеледі.

      Егер жарғыда өзге белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның ішкі қызметіне жататын мәселелер бойынша өзінің өзге органдарының кез келген шешімін жоюға құқылы.

      14. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қоғам органдары осындай жиналысты шақырудың Заңда белгіленген тәртібін бұзған жағдайда кез келген мүдделі тұлғаның талап арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылып, өткізілуі мүмкін.

      Соттар тұлғаның мүддесі жоқ деген себеппен арызды қабылдаудан бас тартуы тиіс емес, мүдделілік дауды мәні бойынша қараған кезде анықталады.

      Егер Заңда белгіленген мерзім ішінде директорлар кеңесі ірі акционердің талабы бойынша акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешімді қабылдамаса, онда ірі акционер осы міндетті қоғамға жүктеу туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы (Заңның 38-бабының 6-тармағы).

      Ірі акционердің кезектен тыс жалпы жиналысты шақыру туралы талабынан бас тарту жөніндегі директорлар кеңесінің шешіміне дау айтылған жағдайда сот істі талап қоюмен іс жүргізу тәртібінде қарайды.

      Заңды тұлға өзінің органдары арқылы құқықтарды иеленіп, міндеттерді қабылдайтындығынан акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы сот шешімін орындау қоғам жарғысының ережелері ескеріле отырып, қоғам органдарының біреуіне жүктелуі мүмкін.

      15. Акционерлерге алда акционерлердің жалпы жиналысы өткізілетіні туралы жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей, ал сырттай немесе аралас дауыс беру жағдайында - күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмей хабарлануы тиіс.

      Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу туралы хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады немесе акционерлердің саны елуден аспаса, хабарлама олардың әрқайсысына жіберілуі тиіс.

      Уәкілетті орган белгілеген баспасөз басылымы таратылатын жерден тыс жердегі акционерлерге хатты алғандығы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен, телефонхатпен немесе жеделхатпен, сондай-ақ хабарлауды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабарлауға болады.

      Соттар Заңның 41-бабының 3-тармағында аталған акционерлердің жалпы жиналысын өткізу туралы хабарламада міндетті түрде көрсетілуге тиісті мәліметтерге назар аударуы тиіс, олар: жиналыстың өткізілетін күні, уақыты және орны, жиналысқа қатысушыларды тіркеудің басталатын уақыты, сондай-ақ жалпы жиналыстың қайта өткізілетін күні және уақыты (Заңның 42-бабының 1-тармағына сәйкес, өткізілмеген жиналыстан кейінгі келесі күннен ерте емес); акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқылы акционерлердің тізімі жасалған күн; акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі; акционерлерді күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдармен таныстыру тәртібі.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Егер акционерлер жалпы жиналыс өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын немесе Заңның 43-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіпте толықтырулар туралы хабарланған болса, қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан көп пайызына дербес немесе басқа акционерлермен жиынтығында иелік ететін акционер немесе директорлар кеңесі күн тәртібін толықтыра алады.

      Заңның 35-бабының 2-тармағында көзделген міндетті тізбедегі мәселе күн тәртібіне қосымша енгізіледі.

      Егер жалпы жиналысқа қатысатын және қоғамның дауыс беретін акцияларының жинақтап алғанда кемінде тоқсан бес пайызын иеленетін акционерлердің (немесе олардың өкілдерінің) көпшілігі күн тәртібіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді жақтап дауыс берсе, олар күн тәртібіне енгізілуі мүмкін.

      Жалпы жиналыс күн тәртібіне енгізілмеген мәселелерді қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға құқылы емес.

      Күн тәртібінің мәселелері жөніндегі материалдарда ақпарат олар бойынша негізді шешім қабылдау үшін жеткілікті көлемде болуы қажет және акционерлердің танысуы үшін қоғамның атқарушы органы орналасқан жерде жиналыс өткізілетін күннен он күн бұрын дайын әрі қолжетімді болуы тиіс, ал акционер сұратқан кезде сұрату алынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде оған жіберілуі тиіс. Егер жарғыда өзге көзделмесе, құжаттар көшірмелерін жасауға және құжаттарды жеткізуге жұмсалған шығындарды акционер көтереді (Заңның 44-бабының 4-тармағы).

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Егер жиналысқа қатысушыларды тiркеу аяқталған кезде оған қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар, дауыс беретiн акциялардың жинақтап алғанда елу және одан да көп пайызын иеленген акционерлер немесе олардың өкiлдерi тiркелсе, акционерлердің жалпы жиналысы күн тәртiбiндегi мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға құқылы.

      Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар акционерлердің тізімін әзірлеу күні жалпы жиналысты өткізу туралы шешім қабылданған күннен ерте белгіленбеуі керек және акционерлерге өздерінің әрекеттерін реттеп, акционерлер тізімін жасауға дайындалуға мүмкіндік берілуі тиіс, бұл үшін оларға жеткілікті уақыт беру қажет (Заңның 39-бабының 1-тармағы, Заңның 45-бабының 1-тармағы).

      Тіркеуден өтпеген акционер (акционердің өкілі) акционерлердің жалпы жиналысына және күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы, бірақ кворумды белгілеу кезінде ол есепке алынбайды және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.

      Жиналыс жұмысы басталғаннан кейін акционерлерді тіркеу аяқталған болып есептеледі, себебі Заңның 48-бабының 2-тармағына сәйкес жалпы жиналысқа келген акционерлерді (олардың өкілдерін) тіркеу жалпы жиналыс ашылғанға дейін жүргізіледі.

      18. Қоғамның лауазымды тұлғалары өздерінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) келтірілген зиян үшін, оның ішінде жаңылысуға әкеліп соқтыратын ақпарат немесе көрінеу жалған ақпарат берудің немесе Заңда белгіленген ақпарат беру тәртібін бұзудың нәтижесінде келтірілген залал үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоғам мен акционерлер алдында жауапты болады.

      Қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде лауазымды тұлғаның қоғамға келтірген зиянын не залалын өтеуі туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      Егер лауазымды тұлғалар қоғамның органы қабылдаған шешімге қарсы дауыс берсе немесе дауыс беруге қатыспаса, олар жауапкершіліктен босатылады (Заңның 63-бабы).

      Қоғам қызметтік немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие қоғам қызметкерлерінің тізімін міндетті түрде жүргізуді қамтамасыз етеді (Заңның 79-бабы 3-тармағы).

      Қоғам және оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоғаммен бәсекелес кәсіпорынға беру фактілері жөнінде акционердің акцияларын орналастыру бағасы бойынша мәжбүрлеп сату арқылы акционерді шығару туралы арызды қабылдаған кезде соттар АПК-нің 148-бабының екінші бөлігі 5) тармақшасының қоғамның тиісті дәделдемелерді беруі туралы талабын сақтауды талап етуі тиіс.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Қоғамның аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен мәмiле жасасу тәртiбiнде Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленген талаптардың сақталмауы кез келген мүдделi тұлғаның талап арызы бойынша мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз бола алады.

      Егер мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап пайдакүнемдік себебімен немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туындаса, аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілені қасақана жасаған не оны жасасу тәртібін бұзған, сондай-ақ ірі мәмілені Заңда және жарғыда белгіленген талаптарды бұзып жасаған тұлғаның мұндай талап қоюға құқығы жоқ.

      Заңнаманың, қоғам жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретін бұзатын, нәтижесінде АК-нің 158-бабына сәйкес мәміленің жарамсыздығына әкеп соқтыратын мәмілені жасасу жөніндегі әрекеттер (мысалы, бағаның өсу жағына қарай өзгеруі және т.б.) пайдакүнемдікті немесе жауапкершіліктен жалтаруды білдіруі мүмкін.

      20. Ірі мәміле ұғымы Заңның 68-бабының 1-тармағында берілген.

      Соттар ірі мәміле нысаны болып табылатын мүліктің, сондай-ақ қоғам активтері құнының нарықтық баға бойынша бағаланатынын ескеруі тиіс (Заңның 69-бабы).

      Жарғымен белгіленген жағдайларда ірі мәмілерді жасасу туралы шешімді директорлар кеңесі немесе жалпы жиналыс қабылдаған болса, онда мәмілелерге дау айтылған кезде, осындай шешімді орындау мақсатында мәміле жасалған қоғам органының шешімін заңсыз деп тану туралы мәселені бір уақытта қою талап етілмейді.

      Қоғамның мәміле жасасу тәртібіне қойылатын заңнамалық талаптарды бұзып мәмілені жасауына мүдделі тұлға қоғамға келтірілген залал көлемінде қоғам алдында жауапты болады. Мәмілені бірнеше тұлға жасасқан кезде, олар қоғам алдында ортақ бірлесіп жауап береді.

      Заңның 70-бабының 1-тармағына сәйкес кредит берушілерге, жұртшылық пен акционерлерге ақпарат беру мақсатында қоғамның iрi мәмiле жасасуы туралы шешiм қабылданғаннан кейiн үш жұмыс күні iшiнде қоғам мәмiле туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тiлдерінде жариялауға мiндеттi.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. Қоғамды қайта ұйымдастыру кезінде миноритарлық акционерлердің құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында соттар дауларды шешкен кезде қоғамның бөлініп шығуы не бөлінуі туралы шешімнің заңдылығын тексергендері жөн, себебі осындай тәсілмен активтердің жаңа компанияларға шығарылуына және кейін қайта ұйымдастырылатын қоғамды мәжбүрлеп тарату үшін оған тек қаржылық міндеттемелердің қалдырылуына жол берілмеуі тиіс.

      Егер соттың шешімімен қоғамды бөліну немесе бөлініп шығу нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілеттік берілген қоғам органдары қайта ұйымдастыруды шешімде белгіленген мерзімде жүзеге асырмаса, сот сенімгер басқарушыны тағайындайды және оған қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруды тапсырады.

      Сенімгер басқарушы тағайындалған сәттен бастап, оған директорлар кеңесі мен жалпы жиналыстың Заңның 84 және 85-баптарында көзделген қайта ұйымдастыру ережелерін белгілеу жөніндегі өкілеттіктері беріледі.

      Сенімгер басқарушы бөлу балансын жасайды және оны бөліну немесе бөлініп шығу нәтижесінде құрылған қоғамдардың жалпы жиналысында бекітілген құрылтай құжаттарымен бірге соттың қарауына береді. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған қоғамдарды мемлекеттік тіркеу сот шешімі негізінде жүзеге асырылады (Заңның 87-бабы).

      22. Заңның 90-бабына сәйкес қоғамды қайта құру нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы шешім шығару кезінде сот Заңның 87-бабына сәйкес қоғамның тиісті органының қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруы үшін ақылға қонымды мерзімді шешімде белгілеуге міндетті, әдетте, ол үш айдан аспайды. Осындай шешім белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, сот банкроттық туралы заңнамаға ұқсас белгіленетін мерзімге сенімгер басқарушыны тағайындайды.

      Қоғамды қайта ұйымдастырудың нәтижесінде пайда болған органдарды қалыптастыру оны құру ережелері бойынша жүзеге асырылады, ал оның шешімдері мен мәмілелерінің заңдылығы қоғамды құру және мемлекеттік тіркеу процесінде оның мүддесін білдіру тапсырылған органдар мен тұлғалардың құқықтық өкілеттігіне байланысты болады (Заңның 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы).

      23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

М. Әлімбеков

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Ж. Бәйішев