Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қазандағы N 919 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару ережесі бекітілсін.

      2. "Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі N 833 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 25, 260-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану ережесінде:
      мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:
      "1-1. Осы Ереженің әрекеті мүлікті есептеу, сақтау және бағалау бөлігінде сот шешімімен республикалық меншікке түскен деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарға қолданылмайды.
      1-2. Республикалық меншікке айналдырылған иесіз қауіпті қалдықтарды есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.".

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2007 жылғы 8 қазандағы
N 919 қаулысымен
бекітілген   

Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару ережесі сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

      2. Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады. Иесіз қауіпті қалдықтарды (бұдан әрі - қалдықтар) республикалық меншікке уәкілетті орган қабылдайды.

  2. Қалдықтарды есепке алу және сақтау

      3. Қалдықтарды есепке қою тиісті сот актісінің негізінде жүзеге асырылады.

      4. Жергілікті атқарушы орган қалдықтарды республикалық меншікке беру үшін құрамына жергілікті атқарушы органның, уәкілетті органның не оның аумақтық бөлімшесінің өкілдері, мүдделі тұлғалар кіретін комиссия құрады.

      5. Қалдықтарды республикалық меншікке беру осы Ережеге Қосымшаға сәйкес иесіз қауіпті қалдықтарды республикалық меншікке беру туралы акт жасау жолымен жүзеге асырылады.

      6. Қалдықтар республикалық меншікке берілгеннен кейін алты айдан кешіктірмей уәкілетті орган қауіпті қалдықтардың паспортын әзірлеп әрі Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізе отырып, қауіпті қалдықтарды есепке қою тиіс.

      7. Республикалық меншікке түскен қалдықтар туралы мәліметтер Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізіледі. Уәкілетті орган қалдықтардың есебін жүргізеді (түрі, саны және шығу тегі, қауіпті қасиеттері).

      8. Қауіпті қалдықтар республикалық меншікке берілгеннен кейін уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен халықтың қауіпті қалдықтарға қол жетімділігін, олардың таралуын болдырмау, топырақ жамылғысына, су ресурстары мен атмосфералық ауаға кері әсерін азайту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.

3. Қалдықтарды бағалау

      9. Қалдықтарды одан әрі пайдалану, оның ішінде сату үшін бағалау (қайта бағалау) бағалау қызметі туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Бағалаушыны таңдау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      10. Республика меншігіне түскен қалдықтарды бағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды уәкілетті орган жүргізеді.

4. Қалдықтарды одан әрі пайдалану

      11. Қалдықтарды одан әрі пайдалануды, оның ішінде сатуды уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі N 833 қаулысымен бекітілген Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану ережесіне сәйкес жүзеге асырады.

5. Қорытынды ережелер

      12. Қалдықтарды сатудан түскен қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен толық көлемде республикалық бюджеттің кірісіне есептеледі.

      13. Республикалық меншікке түскен қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу үдерісінде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген барлық қажетті талаптар сақталуға тиіс.

      14. Уәкілетті орган жылына бір рет Қазақстан Республикасының Үкіметіне республикалық меншікке түскен қауіпті қалдықтардың көлемі, түрлері, орналасқан жері мен жай-күйі және оларды басқару жөніндегі қолданылатын шаралар туралы ақпарат жібереді.

Ережеге қосымша

Иесіз қауіпті қалдықтарды республикалық меншікке беру туралы
акт

20__жылғы "___"  _______                     ___________________
      (жасалған күні)                        (акт жасалған орын)

_________________________________________________________________
құрамындағы комиссия ______ жылғы "____" __________ N ___________
сот шешімінің негізінде мынадай құрамдағы иесіз қауіпті қалдықтар республикалық меншікке қабылданған туралы осы актіні жасады:

Қалдық
түрі

Саны
(тонна, м 3 )

Коды
(қалдықтар
жіктегіші
бойынша)

Орналасқан
орны

Қалдықтардың
жай-күйі
туралы
түсініктеме


























        Комиссия мүшелері:

      Мөр орны: